Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Сұлтан Хан Аққұлұлы: «Әлихан қазақты болашағы зор, өте дарынды халық деп сүйген»

Дата: 05 марта 2011 в 16:13 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

— Сұлтан Хан аға, біраз уа­қыт­тан бері Әлихан Бөкейхан мұ­расын зерттеумен айналысып келесіз. Еңбегіңіздің нә­ти­жесі деуге болар, Алаш көсемі ең­­бектерінің 7 томдық толық шығар­ма­лар жинағын шығару үстіндесіз. Жалпы, белгілі бір тұл­ғаның өмірін зерттеп, мұ­ра­­сын жинастыру барысында ға­­лым­­дар сол адамды жаңа қырынан тани түскендей болады. Мұны, бәлкім, жаңа де­ректердің табылуынан, мәлі­мет­тердің толығуынан десек те болар. Осы тұрғыдан ал­ған­да, ХХ ғасыр­дың басында ұлт­тық Тәуелсіздікті мақсат тұт­қан, қазақтың саяси ойы мен іс-әре­кетінің жетекшісі болған шоқтығы биік тұлғаны сіз қай қырынан тани түс­тіңіз?

— ХХ ғасыр басындағы қазақ­тың ұлт-азаттық Алаш қозға­лы­сының саяси жетекшісі Әлихан Бө­кей­хан — ұлт-азаттық қоз­ға­лы­сының жетекшісі ғана емес, осы қоз­ға­лыстың теориялық негізін қа­лаушы. Жал­пы, сол Алаш қоз­ға­лысының саяси стра­тегиясын бастан-аяқ анықтап, өзінің үзең­гілестерін осы жолға салған ең алдымен Әлихан болатын. Әлекең Ресей Думасы арқылы қазақтың мұң-мүддесіне қа­жетті, қазақтың жерін сақтауға қажетті заң жо­ба­ларын әзірлеп, сол Дума ар­қылы өт­кі­зуге барлық күшін салды.

Әлихан бастаған Алаш қозға­лысы өкіл­де­рінің мені таңдан­дыр­ған дүниесі олар­дың халыққа кір­шіксіз көңілі мен көз­қа­расы, сүйіспеншілігі еді. Бұлар осы қа­сиет­терімен өздерінен кейінгілерге үлгі-өне­ге көрсетті. Мен жа­қында тарихшы, Жа­пониядағы Хок­кайдо университетінің про­фессоры Томохико Уямамен әң­гі­ме­лес­тім. Ол қазақтың ХХ ғасыр басындағы Ала­шорда автоно­мия­сының тарихын зерттеп жүр. Сол кісінің айтуынша, ХХ ғасыр ба­сындағы Алаш зиялыларының ке­йін­гілерден айырмашылығы сол — олардың ұстанған позициясы, идео­логиясы халыққа қызмет ету болды. Міне, Әлекең бастаған Алаш арыстары осы қырымен ерек­шеленеді.

Қазіргі қазақ тарихшыларында әлі де ке­ңес дәуірінен қалған жасқаншақтық сақ­та­­лып, ұлт тарихына біржақты қарау көз­қарасы қалып отыр. Зерттеулерінде өзі­нің ашық, сыни көзқарасын көрсете алмай­ды. Ал бірақ та сол қазақтың басына қанқұйлы заман орнаған жиырмасыншы жылдардың ба­сын­да-ақ Әлекеңнің қа­зақ­қа жа­саған жақсылығына, сіңірген ең­бе­­гіне, қосқан үлесіне мейлінше әділ бағасын бер­гендер болды. Мә­селен, жазушы-драматург, жиыр­­­масыншы ғасыр басындағы көр­некті қо­ғам қайраткері Қош­мұ­хаммед Ке­мең­гер­ұлы өзінің «Қа­зақ тарихынан» атты тари­хи очер­кінде Әлекең туралы былай деп жазды: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күн­­дерінде, айдауына да, абақтысына да шы­дап, ел үшін басын құрбан қылған ат тө­бе­лін­дей ғана азамат тобы болды, бұл топ­ты баулыған — Әлихан. Оның қазаққа іс­­теген тарихи қызметі  әдеби тіл тууына се­беп болды. Өзіне ерген топты діни фана­тизм­­ге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып та­тар­дан іргесін аулақ салған қазақ ұлты ту­ды».

1922 жылы Әлекең Мәскеудегі КСРО ха­лықтары кіндік баспасының (Күншығыс баспасы деп те аталды) Қазақ секциясында әдеби қызметкер болып істеп жүрген кезінде Қошке Кемеңгерұлы осы кітабын жазып болып, алып келеді. Оны 1924 жы­лы жарыққа шығар­ған. Осы кітабында Қош­ке ұлт кө­се­мі деп атамаса да, оқыр­манын Әли­хан қа­зақтың атасы, көсемі деген ойға жетелейді. Міне, осылай ХХ ға­сырдың басында зиялылар ұлт көсемінің ең­бегіне әділ бағасын бе­руге тырысты. Ал одан кейінгі та­рих­ты өзіңіз де жақсы бі­ле­сіз. Алаш көсем­де­рінің, оның ішінде Әли­хан­ның тіпті атын атауға тыйым сал­ды, оның қазаққа жасаған қыз­метіне әділ тари­хи, лайықты саяси баға беру мүмкін бол­май келді. Әлиханды біз ең алдымен қа­зақ ұлтының көсемі деп айтуға мін­дет­тіміз.

1886-1890 жылдары Омбы техникалық училищесінде оқып жүріп, «Дала уәлаяты» газетіне жазған орысша-қазақша мақа­ла­ла­рынан аңғарғаным, Әлихан қазақты бо­ла­шағы зор, келешегі жарқын, өте дарынды халық деп сүйіспеншілікпен қарап, қа­лың қазағына тек Еуропа деңгейіндегі бі­­лім беру керек деп есептеген.

— Сіздің қолыңызда Әлиханның Ом­бы қаласында тұрған 1900-1906 жыл­дарға қатысты тың деректер бар екенін естіп қалдық.

— Ия, қазіргі Ресей мұрағаттарынан ондай тың деректерді тапқаным рас. Осы уақытқа дейін біз Әлекеңнің Омбыда бірден 3 газет шығарғанын білмедік, білге­німіз оған онша мән бермей келдік. Оған үш газеттің де орыс тілінде шығуы себеп болуы ғажап емес.

Әлекең Бірінші Мемлекеттік Дума күштеп таратылғаннан кейін, 1906 жылдың шілдесінде Омбыда «Иртышъ» газетінің бас редакторы болып шығара бастайды. Алайда сол 1906 жылғы қараша айының ортасында Дала генерал-губернаторының жарлығымен бұл басылым жабылады. Бірақ та келесі күннен, қараша айының 16-сынан, бастап, Әлекең «Омичъ» деген газет шығарды. Жыл соңына қарай ол да қысыммен жабылған соң, 1907 жылдың басынан бастап «Голосъ степи» газетін шығарып тұрады. Соңғы мерзімді басы­лымның алғашқы бетінде «Газеттi жаздырып алушылар ендi «Иртышъ» пен «Омичъ» газеттерінің орнына «Голосъ степидi» алатын болады» деп жазады. Бұл бар­лық газеттi бiр адам шығарып отырғанын бiлдiредi. Бір қызығы, осы үш газеттің де бас редакторы ретінде басқа кісілердің аты-жөн­де­рі көрсетіледі. Бірінші газетке — «В.В.­Ки­­­­рьяновъ», екіншісіне   «И.­А.По­­­­­­­­­­­­­­­­­ва­ренных» де­ген ер кісілердің, ал үшін­­­­­шісіне «В.И.Ве­ре­денко» деген әйел адам­ның есімі жа­зыл­ған. Үшеуі де Омбыда тұрған, өмірде бар кісілер болған. Олар­дың ішінен адвокат Иван Поваренных қа­зақтардың құқын қорғауға көп кө­мек­тескен.

Бұл газеттерде Әлиханның аты-жөнінің көрсетілмеу себебі — 1906 жылы Бірінші Мемлекеттік Дума күштеп қуылған соң, 200-ге жуық депутат Финляндияның Выборг қаласының түбіндегі Териоки елді мекенінде әйгілі «Выборг үндеуіне» қол қойған. Бұл үндеуде депутаттар бұқара ха­лықты пат­шаның бірде-бір бұйрық-жар­лы­ғын орын­да­мауға, азаматтық қарсылық көр­­сетуге, бей­біт наразылық шерулеріне шы­­ғуға ша­қырған. Содан реакцияшыл пре­­мьер-ми­нистр П.А.Столыпин осы үн­деу­ге қол қойған депутаттардың барлығын жа­заға тартып, олардың саяси партияларға не­месе тіпті қоғамдық ұйымдарға мүше бо­луына, мерзімді басылым шығаруға немесе тіпті мақала жазуға да шектеу қоя­ды.

Сондықтан да Әлихан газеттерді осы үш адамның атынан шығаруға мәжбүр бол­ды. 1917 жылға дейін Санкт-Петербор­да «Жаңа энциклопедиялық сөздік» шығып тұрды. Сөздіктің 8-томында Әлихан Бөкейханның 1906-1907 жылдары «Иртышъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттеріне редактор болғаны айтылады. Сондықтан да бұған күмән келтіруге бол­майды.

— Аталмыш басылымдарда Әле­кеңнің қандай материалдары жа­рия­лан­ған? Газет бетінде қандай мәселе көтерген?

— Бұл жерде мына жайтқа баса назар аударған жөн. Әлихан осы басылым беттерінде тек Ресей империясының қарама­ғындағы бұқара халықтардың мәселесін ғана көтерген жоқ. Әрине, ең бірінші қа­зақ­тардың, сосын атты казактардың құқын қор­ғаған.

Әлекең Алаш партиясының страте­гия­лық мақсат-мүдделерін басылым бетінде кө­теріп отырған. Сондай-ақ қазақ жігіт­те­рінің заңды түрде әскери борышын өтеу, қа­зақтың өзіне тиесілі тұрғылықты жерін же­кеменшігіне беру мәселесін Дума ар­қылы заң жүзінде бекітуге тырысты. Бүкіл Қа­зақ өлкесіне «земство» немесе же­ріне жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ен­гізу жолында күресті.

— Баспасөзге берген бір сұхба­ты­ңызда Әлихан Мәскеуде тұрып жатқан кезінде қазақ тілінде «Темір­қазық» деген журнал шығарған деген ой айтыпсыз. Сонда бұл журналдың Петерборда құрылған «Полярная звезда» масондық ұйымына қатысы бар ма?

— Әлекең бұл журналды 1923 жылы Мәскеуде КСРО халықтары кіндік бас­па­сының Қазақ секциясында әдеби қыз­меткер болып жұмыс істеп жүрген кезінде шы­ғарды. Әлекең журналдың үш-ақ санын шығарып үлгерді. Одан кейін оны да жа­уып тастады. Бірақ та бұл журналдың «По­лярная звезда» масондық ұйымына еш қатысы жоқ. Тек атаулары бір. Сол журнал­ды шығарып тұрған кезінде Әлекең «Алқа» атты қоғамдық ұйым құрмақшы болды. Масондық ұйымның үлгісімен. Дүние­жүзіндегі алдыңғы қатарлы Еуропа елдерінде орны болған масондардың алға қойған басты мақсаты адамзат баласының рухани байлығын арттыру болған. Адамзат баласының рухани дүниесін, білімін жетілдіріп, бәріне ортақ «бақыт шіркеуін» тұр­ғызу. Алайда ХХ ғасырдың басында Ресейде бірінші орыс төңкерісінің же­ңі­лісінен кейін пайда болған мәскеулік «Возрождение», санктпетерборлық «Полярная звезда» сияқты масон ұйымда­рының көздегені рухани, мәдени мүдде емес, тікелей саяси билік еді. Оған орыс профессоры Максим Ковалевскийдің 1906 жылы Парижден Ресейге оралған кезде «самодержавиені тек масондық қана жеңе алады» деген сөзі дәлел бола алады. ХХ ғасыр басындағы орыс масондығы империядағы барлық ілгерішіл зия­лы­лар­дың, самодер­жавияға қарсы оппо­зи­ция­лық, демокра­тиялық пар­тия кө­сем­дерін, ық­палды мү­ше­лерінің басын қосып, олардың іс-әре­кет­терін үй­лес­тіре отырып, са­модер­жа­вия­ны құла­туға жұ­­мыл­дыру болатын. Әлихан сол үшін ғана масондық ұйым­ға кі­р­іп отыр.

— Демек, Әлиханның «Полярная звезда» масондық ұйымына мүше бол­ғандығын тарихи құжаттар ай­ғақ­тайды ғой?

— Алаш ардақтысы масон бауыр­лас­ты­ғы­ның қатарына шамамен 1907-1908 жылдары Санкт-Петерборда қабылданса керек. Ол 1908-1917 жылдары Самара қаласында саяси қуғында болды. Сол Самарада жүрген 1914-1915 жылдары Әли­хан Төртінші Мемлекеттік Думаның мү­шесі, кейіннен Уақытша Үкіметтің төр­ағасы болған Александр Керенский мен жергілікті саяси партиялардың көсемдерін губерниялық масон ұйымының қатарына қабылдаған. Ол туралы Самар қаласынан алынған деректер де кездеседі. Және де Қазан төңкерісінен кейін Еуропа, Аме­ри­каға қашып кеткен орыс эмигрант­тарының естеліктерінде Әлиханның масондық ұйым­­ға қалай қабылданғаны жайлы мә­ліметтер көп кездеседі.

1895-1906 жылдары Омбыда тұрып, Қазақ өлкесі мен Сібірдегі төңкерісшіл қоз­ға­лыста үзеңгілес болған әрі ғылыми әріп­тесі Лев Чермак деген қайраткер осы күні Ресейдің Мәскеудегі мемлекеттік кітап­ха­насының қорында сақталған қолжазба ес­те­лігінде де Әлиханның масон ұйымына мү­ше болғанын жазады.

— Алашорда — Ұлт кеңесінің тұңғыш төрағасы Әлихан Бөкейхан зайырлы мемлекет құруды қалады. Дінді билікке араластырғысы келмеді. Бұл жерде Әлихан исламнан бас тартып отырған жоқ па?

— Рас, Әлихан діннің мемлекетке араласқанын қаламады. Өйткені дін билікке бағынса, онда ол мемлекеттік идеоло­гияның, ресми саясаттың жетегінде кетеді деп есептеді. Мұндай жағдайда ислам діні өзінің дербестігінен, шариғи заңдылық­та­рынан айырылады, тұнығы лайланады деп ұқты. Діннің тазалығын сақтауға тырысты. Кадет партиясы басшыларымен көзқарасы бір жерден шықпай, 1917 жылы шілдеде оның орталық комитеті мен жалпы партия қатарынан шығып кеткен себебі де осы болатын. Дінді мемлекеттен бөлу керек деген өзінің ұста­ны­мынан айнымады. Ол туралы «Мен Кадет партиясынан неге шық­тым?» деген ма­қаласында жазады. Сөйтіп, өзінің Алаш пар­тиясын құрды.

— Бір қызығы, бұл жағдайды біздегі тарихшылар «Әлихан Орта Азиядағы мұсылман елдері біздің аяғымызға тұсау болады, дінді құбыжық көрді деп ой­лады» деген түсінікпен сабақ­тас­ты­рады ғой...

— Жоқ, Әлекең ислам дініне қарсы бол­ған жоқ. Бұны біз оның «Мұсылман сиезі» деген айдармен берілген тізбекті мақа­ла­сынан анық аңғарамыз. Осы мақаладан Алаш ары­­сының ислам дініне, жалпы, дін атау­лыға деген көзқарасын байқауға болады. Әлихан дін атаулыға асқан тө­зім­ділікпен, кең таныммен қараған. Ол 1900 жылы Лев Толстойдың «Дін таласы» («Сурат кафеханасы») атты шағын әңгі­ме­сін қазақшаға аударып, «Дала уәлаяты» және кейінірек «Қазақ» газеттеріне жа­рия­лаған. Сол ша­ғын әңгімені оқысаңыз, Әле­кеңнің арғы ата­сы Шыңғысхан тәрізді бар­лық дінге бірдей қарағандығына көз жеткі­зесіз. Өзінің әйелі Елена Севостьянованың христиан дінінің өкілі екенін білеміз. Елена 1921 жылы кенеттен сырқаттанып, дүние сал­­ғанда Әлекең марқұмның өтініші бо­йын­ша христиан дінінің барлық рәсімін сақ­тай оты­рып жерлеген. Көзі тірісінде жарын ис­лам­ға өт деп күштемеген. Міне, бұл жағдай Әлекеңнің дін атаулыға үлкен тө­зім­ділікпен қарағандығын аңғартса керек.

— Көп жұрт Әлихан мен Шәкәрім қажының бөле болғандығын, туыс екенін біле бермейді. Екеуі де қазақтың мұңын мұңдаған ұлы тұлғаға айналды. Екеуінің сыртында қазақтың ұлы Абайы тұр. Сонда бұл үш тұлғаның тығыз қарым-қатынаста болғаны анық қой.

— Иә, Әлиханның шешесі Бегім ханым мен Шәкәрімнің анасы апалы-сіңлілі болған екен. Ол Абай ауылымен жақсы араласқан. Абайдың ұлы Тұрағұлмен, Шәкәріммен, Кәкітаймен жақын дос болған. 1906 жылы Бірінші Мемлекеттік Думаға сайланар алдында Павлодар, артынан Омбы түр­месінде отырады. Сол Павлодар түрмесінде отырған кезде оған Кәкітай, Шәкәрім, Тұрағұлдар келіп тұрыпты. Және де бір өте қызық мә­лі­мет бар. «Выборг үндеуіне» қол қойғаны үшін Санкт-Петербордың арнайы сотының үкімі бойынша Әлиханды жазалап, Семей түр­месіне жабады. Ең қызығы, Әлекең 1907 жылы Омбыдан Семейге өз ын­тасымен келіп, түрмеге өзі отырған. Бі­рақ сот үкімі бо­йын­ша абақтыда үш ай оты­руы керек еді. Алай­да отаршыл биліктің біз­дің елдегі сілімтіктері оны үш ай емес, сегіз ай ұстайды. Ол аздай, түрмеден босатысымен Самар гүбернесіне бір-ақ айдайды.

Ал Семей түрмесінде отырған күн­де­рінде Шәкәрім, Кәкітайлар келіп, «Әлеке, сіз қашыңыз. Біз бәрін дайындап қойдық» дегенде, ол көнбей қояды. «Мен түрмеден қашсам, қырға қарулы әскер шығып, қа­лың елді босқа әуреге салады. Халқымды сорлатқанша, осында жалғыз өзімнің отыра бергенім дұрыс» деген уәжін айтады.

Болмаған соң, үш досы мен інісі Смахан төре Әлекеңді ауырып жатыр деп, Семейдің түбіне бір үйір құлынды бие байлап, оны күн сайын қымыз, етпен қамта­ма­сыз етіп отырған. Бұл туралы да Әлиханның інісі Смахан төре қолжазба естеліктерінде «Семейдің түрмесінде отырғанда сегіз айын сегіз күндей өткізіп бердік» деп жазды. Сосын Екінші Мемлекеттік Думаға қазақтан депутат сайлау кезінде өзі сайлауға түсуден бас тартып, Семей облысы қазақтарынан бес адамды ұсы­нады. Соның екеуі Кәкітай мен Шәкәрім болатын.

Ал Абайға қатысты айтарым, ХХ ға­сырдың басында Семейде «Семипалатинские областные ведомости» атты газет шығып тұрған. Сол газетке Семей облысы статистика комитетінің 1903 жылы атқар­ған жұмыстарының есебі шыққан. Есептің соңында облыстық статистика комитетіне мүше болған кісілердің аты-жөндері де жарияланыпты. Тізімнің ішінде Ибраһим Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов деген есімдер бар. Соған қарағанда Әлихан мен Абай кездесуі мүмкін. Дегенмен де нақты кесіп айту қиын. Бір анық дүние, бұл — Әлиханның Абай шығармашылығымен жақсы таныс болғандығы, бала кезінен жаттап өскендігі.

— Сұлтан Хан аға, сіз жоғарыда Әли­хан Лев Толстойдың әңгімесін қа­зақ­шаға аударған дедіңіз. Демек, байланысы болған-ау. Және де кейіннен Шә­кәрім осы орыстың ұлы жазушысымен хат алысады. Дін жайлы ой бө­ліседі. Тіпті Толстой қатты сырқаттанып жүр­ген кезінде қазақ даласына келіп, қы­мыз ішіп, сауығып қайтуын да сұ­ранады. Бәлкім, Шәкәрімнің Толстоймен таныстығы Әлихан арқылы өрбіген шығар?

— Бұл ойыңыздың жаны бар. Өйткені Әлекең Санкт-Петербордағы Импера­тор­лық университеттің заң факультетін бітіріп, Омбыға оралғаннан кейін қуғында болған, саяси айдауда жүрген орыстың талай классик жазушыларымен, ақындарымен ты­ғыз байланыста болған. Ол Чеховтың, Ко­ро­лен­ко­ның, Мамин-Сибиряктың, Толс­той­дың шығар­ма­ларын көптеп аударған. 1906 жылы ол «Иртышъ» газетінде Семей облысы қазақтарына бір үндеу жариялайды. Үндеуде Рамазан деген қазақ баласының ақшасы жетпей оқуынан қалып қойғандығын айтып, соған ел болып ақша жинап беріңіздер дейді. Жи­налған ақшаны Санкт-Петербордағы Сергей Ольденбург деген кісіге жолдауға болатындығын жазады. Ал Сергей Ольденбург кеңес үкіметі орнамай тұрып-ақ шығыстанушы, үндітанушы болып танылған үлкен ғалым болған. Бұл кісімен Әлекең кейін де байланысын үзбеген, жақын араласып тұрған. Мен 2009 жылы Санкт-Петерборға барып, С.Ольденбургтың жеке мұрағатын ақтарып отырып, оның Ахмет Байтұрсынұлымен және қазақтың бір топ зиялы азаматымен түскен екі суретін тауып алдым. Ахаңды Ольденбургпен таныстырған — Әлихан. Бұған ешбір күмән болмау керек. Сол сияқ­ты Шәкәрімді Толстоймен таныстырған Әлекең болуы да әбден мүмкін. Өйткені ол Толстойдың жал­ғыз «Дін таласы» әңгімесін ғана емес, «Қа­жы­мұ­рат» повесін тағы бірнеше әйгілі деген шығар­ма­сын қазақшаға аударып, Мәскеуден басып шы­ғар­ған.

— Сұлтан Хан мырза, 5 жылдан кейін — Алаш ары­сының 150 жылдық мерейтойы. Жос­па­ры­ңыз қандай?

­ — Құдай қаласа, биыл Әлекеңнің 7 томдық мұ­расын баспадан толық шығарамын. Ең өкініштісі, Алаш көсемінің талай шығармасы бұған сыймай қал­ды. Әлі екі томдай дүниесі бар. Қазір мен Байланыс және ақпарат министрлігімен Әлекеңнің алтыншы және жетінші томдарын шығару туралы келісіп жатырмын. Ал енді Алаш арысының 150 жыл­дық мерейтойында оның 10 томдық толық шығармалар жинағын шығарсам деген жоспарым бар. Және де Әлиханның әлі табыла қоймаған бірнеше құнды дүниесі бар. Оның ішінде қазақтың жылқы тұқымдары мен жылқы шаруашылығы туралы қомақты еңбегі болыпты. Ол туралы 1928 жылы Әлекеңе жазған мінездемесінде Сергей Швейцов деген академик атап көрсетеді. Міне, менің таба алмай жүргенім — осы, қазақтың жылқы түрлеріне қатысты еңбегі. Ол Мәскеуде тұрған кезінде де бүркеншік есімдермен газет-журналдарға талай мақаласын шығарып тұрған. Оның ішінде қазір елдің жадынан өшкен «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі», «Бостандық туы» сынды басылымдар бар. Бұлардың кейбірі сақталмаған, Қазақстанда жоқ. Енді Әлекеңнің 150 жылдығында осы басы­лым­дардағы материалдарын тауып, 10 томдыққа хро­нологиялық тәртіппен енгізсем деген мақсатым бар.

— Әңгімеңізге рақмет.

Алашқа айтар датым...

Әлихан 1913 жылы «Қазақ» газеті алғаш жарық көре бастаған тұста «Қазақтың тарихы» деген мақаласын «Түрік баласы» деген бүркеншік есіммен жариялайды. Әлекең сол тізбекті мақаласында «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туашағына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады... «Тарих не айтады?» десеңіз, оның айтатыны мынау: біздің бұрынғы бабаларымыздың кім екендігі; олардың дүниеде не істеп, не бітіргендігі; қандай қуаты барлығы, ол қуатты не орынға жұмсағандығы; істеп жүрген ісінің қайсысынан пайда, қайсысынан зарар көргендігі; бұрынғы бабаларымыздың досты-дұспаны кім екендігі; не себеппен бағы тайғандығы және соған ұқсас істердің барлығын тарих сөйлеп, түсіндіріп тұрады», — деп жазады. Біз өткен тарихымызды толық зерттеп, жете меңгермесек те, күні кешегі Алашорданың, арыстарымыздың тарихын жақсы білуіміз керек. Бүгінгі ұрпақ ХХ ғасыр басындағы қазақтың Тәуелсіз ел болып, еңсе түзеуі жолында қанын қиып, жанын берген тұлғаларымызды көбіне білмейді. Болашағы зор ел боламыз десек, осындай ұлағатты істі ұрпақ жадында мәңгіге қалдыруымыз керек.

Сұлтан Хан Аққұлұлы, «Азаттық» радиосының веб-редакторы, әлихантанушы-ғалым:

Сұхбаттасқан Дархан Бейсенбекұлы

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы