Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Депутат ұлттық тәрбиедегі проблемалар туралы айтты

Дата: 05 марта 2011 в 16:25 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Депутат ұлттық тәрбиедегі проблемалар туралы айтты

Біздің қоғамда және ұлттық санамызда ананың алатын рөлі ерекше. Халқымыз қасиетті мекенімізді Отан — Ана, Жер — Ана деп тегін айтпаған. Ана ұғымына айрықша мән берген.

Өйткені өмірдің бастауы да, тәлім-тәрбиенің қалыптасуы да ана арқылы жүзеге асады. Мәжіліс депутаты Людмила Хочиева 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өз ойларымен бөлісті.

— Людмила Хисақызы, анаға бас имейтін адам жоқ. Өмірде ананың орны бөлек. Ұлттық тәрбиеде қызды, ананы қалай қадірлей білу керектігі жөнінде қалыптасқан салт-дәстүр бар. Жалпы, анаға қатысты ойларыңызды ортаға салсаңыз?

— Ана деген сөздің өзі құдіретті. Ол адамды толғандырып, сезімін оятады. Ана — адамзат өмірінің бастауы. Өйткені ана балаға қандай тәрбие берсе, ертеңіне ол азаматтың солай қалыптасқанын көреміз. Ана тілінде тәрбие берсе, оның бойға сіңуі ғажап болады. Талбесікті тербете отырып, бесік жырын айтады. Сонда анасы бүкіл жүрегіндегі ізгі тілегін бесік жырмен жеткізеді. Баласына батасын бергендей, Алладан тілеу тілейді. Түнгі ұйқысын төрт бөлген ананың еңбегін ешқандай қызметіңмен қайтара алмайтындығың жөнінде көптеген халықтарда айтылатын мақал-мәтелдер бар. Мәселен, «Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да, қарызынан құтыла алмайсың», — дейді. Мен өткен үшінші сессия барысында Кәрім Мәсімовке бір депутаттық сауал жолдаған едім.

Бірқатар елдерде ана күні бар. Біз Қазақстанда осындай бір күнді атап, ана күні десек, барлық ұрпаққа үлгі-өнеге болар еді. Ол күні ұлттық тәрбиеге қатысты іс-шараларды өткізуге болады.

Бүгінгі алаңсыз өсіп келе жатқан қыздарымыз ертеңгі күні ана болады. Сондықтан олар қалай лайықты ана атануға болатынын ойланып, қадірлі жан болуға ұмтылуы керек. Ешқашан ана өзінің баласына жаман бол деп үйретпейді. Ешбір ана өз баласы түгілі, өзге адамға да жамандық тілемейді. Ананың балаға деген махаббаты кейде шектен тыс болады. Ол баласының оғаш қылықтарын көрмеуі мүмкін. Халықта «кірпі де баласын жұмсағым деп еркелетеді» деген сөз бар ғой. Ана мен бала махаббаты жеке бір тақырып. Оны әрбір қоғам қорғай білуі қажет. Міне, ананың рөлі осыдан келіп шығады.

Қазақ тәрбиесінде ананың орны ерекше

Қазақ тәрбиесінде ананың орны ерекше. Ғасырлар тарихында ананы жоғары құрметтеген. Айталық, Жер-ана деген ұғым бар. Барша тіршілікке өмір нәрін сыйлайтын Жердің өзін де анаға теңейді. Өмірдегі құндылықтардың барлығы ана арқылы беріледі. Мысалы, өсімдіктің бір дәні топыраққа түссе, Жер-ана оған өмір беріп, өсіріп шығарады. Тіпті тастың арасынан да тіршілік жарып шығып жатады. Мұның бәрі — Жер-ананың күші.

Ана мейірімді, түсінігі мол, баласын тәрбиелеп, күйеуіне қолдау жасап, отбасының ырыс-берекесін кіргізеді.

Сол арқылы мемлекеттің тұтастығына, салауатты өмірді қалайтын ұрпақтың өсіп-өнуіне өлшеусіз үлес қосады.

— Өмір болған соң, адамдардың түсінігі де әр түрлі болады ғой...

— Иә, күйеуі әйелін кекетіп, мұқатып отыратын кейбір отбасылары болады. Дегенмен де балалары анасын қорғауға тырысады. Өйткені қалай болса да, ол балалардың анасы.

Кейде жас аналар да жаза басып жатады. Мысалы, Алтынбек Қоразбаевтың «Бозторғай» әнінде жетім баланың зары жүрегіңді ауыртады. Торғай да баласын тастамайды, менің анам неге тастап кетті деген мағынадағы жолдар жан-жүрегіңді тебірентеді. Халықта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Егер тәрбиеге баса көңіл бөлінсе, обал мен сауапты, қиянат пен күнәні балаларға жасынан ұғындыра білсек, біздің қоғамда жетім балалар да, тастанды сәбилер де болмас еді. Өйткені бойында ұлы сезімі бар қыз ана болғанда баласын тастамайды. Бізде материалдық көмек беріледі. Сонымен бірге қоғамда ананы рухани жағынан қолдау қажет. Осы орайда ана күні болғаны жөн деп есептеймін. Сонда әр адам өзінің үйінде анасы бар екенін еске алып, оған айрықша құрмет жасайды. Міндетті түрде құттықтайды. Ал 8 наурыз халықаралық әйелдер мейрамы барша нәзік жандыларға арналған.

— Өзге елдерде қандай тәжірибелер бар екен?

— Мен осыдан 10 жыл бұрын Америкада болып едім. Сонда олардың анаға арналған күніне тап болдым. «Бұл қандай керемет мейрам? Біздің елімізде неге жоқ?» деген ойға қалдым. Америкалықтар Ана күнінде тек өз анасын ғана емес, енесін де құттықтайды. Енесіне беретін құттықтау хаттың басында «Менің анама» деп жазылады екен. Яғни, бәрі де адамды дұрыс тәрбиелеуге бағытталған. Бұл отбасы, әулет арасындағы өзара байланысты нығайта түседі. Сондай-ақ ана күні болса, өз ата-аналарын қариялар үйіне тапсырғандар ойланар. Айналасындағы жолдастары анасына құрмет көрсетіп жатқанда, кейбір тасбауыр болып кеткен адамдардың мүмкін ұяты оянар.

Ананың деңгейі жоғары болса, отбасының деңгейі де көтеріледі. Әйел, отбасы, қоғам — үшеуі тығыз байланысты. Отбасы мықты болса, қоғам да нығая түседі.

Менің енем Балқарлардың бір мысалын айтқан еді. Қызға тәрбие бергенде былай дейді. Диірменнің екі тасы болады. Астындағы тас — әйел, үстіндегі тас — ер азамат. Астындағы тас дұрыс тұрса, мықты орныққан болса, үстіндегі тас айналады-айналады, яғни, ер адам бәрібір үйінде қалады. Екеуінің тапқан табысы ұн секілді жиналады. Яғни, отбасының негізі әйел екенін көрсетеді.

Сондықтан әйел әр уақытта тұрақты, төзімді болуы керек.

Ерлі-зайыптылар арасында махаббаттары қаншама берік болса да, бір күні ренжісіп қалатын уақыттары бар ғой. Сондайда төзімділік танытып, бір-біріне жол беріп, кешіріммен қарауды үйренуі керек. Халықта «Қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» деген сөз бар. Қыз бала тұрмысқа шығарда қандай маңызды шешім қабылдаса, отбасылы кезінде де өз ошағының жарығын сөндірмеу үшін көп ойланып, толғануы қажет.

Сондай-ақ ер азамат та өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінуі тиіс

Сондай-ақ ер азамат та өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ер адам әйелді ұруға болмайтынын ұғуы қажет. Балқарларда «Есекті ұрып, ат ете алмайсың» деген әзіл-шыны аралас мақал бар. Бүгінгі таңда жауапкершілігі аз азаматтар кездесіп жүр. Үйленгеннен кейін жараспай қалса, «үйіңе бара бер, басқа біреуін аламын» дегендей айырылыса салады.

Ажырасушылар қатары азаймай тұр.

Мұның артында қаншама қайғы-қасірет жатыр?! Ал екеуінің арасында дүниеге келген сәбидің тағдырын ондайда ешкім ойламайды. Баланың тағдыры анасын ойлантуы керек. Осы орайда жас отбасының ата-енелері ақылды болса, келіні мен немересін қаңғытып жібермейді. Ұлына тоқтау салып, келіннің білмегеніне кешіріммен қарап, жаңа ортаға бейімделіп кетуге үйретеді. Өзінің қызын ешбір ана далаға жібермейді ғой. Сол секілді келінін де өзінің қызындай санағаны жөн.

Келін де жаңа ортаға үйреніп, «тастай батып, судай сіңіп кетуі» керек. Балқар халқында «Кімнің арбасына мінсең, соның жырын жырла» деген мақал бар. Яғни, келін болып түстің бе, сол әулеттің абыройын сақта, сол отбасымен өміріңді жалғастыра бер деген ұғымды білдіреді. Әрине, өмір өте күрделі. Балаға берген тәрбие құр ақылмен емес, салт-дәстүрмен қоса берілуі керек.

— Енеңіз Сізге қалай ақыл айтушы еді?

— Енем «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген қағиданы ұстанған адам. Маған тікелей айтпайды, жанамалап ұғындырады. Бір жолы Балқар халқының керемет мысалын айтып берді.

Бұрын бір елге қызын ұзатқанда ақылды анасы оған кәдімгі жастықты беріпті. «Міне, мен саған мына жастықты беремін, қызым. Сен барған жеріңде үйдің ішінде болған оқиғаларды өзге адамдарға айтпа. Отауға кір де, қиналғаныңды, көрген оқиғаларыңды тек қана осы жастыққа айт. Содан соң үйге келген кезде жастықты маған бересің. Мен жастыққа қарап, сенің қандай күй кешкеніңді содан білемін», — депті. Қыз бір жылдан кейін жастықты алып, төркіндеп келеді. Шешесі жастықты ашып қараса, ішінің бәрі қап-қара болып кетіпті. Неге десеңіз, көп жылаған ғой. Көздің жасынан жастықтың мамығы шіріп кеткен. Соны көрсете отырып анасы: «Сен мынаның бәрін ішіңде ұстасаң, өзің құрып кететін едің, жұртқа айтсаң, шаңырағың шайқалар еді. Жастықтың ішінде сақталғаны қандай жақсы болған. Бұл сенің осы уақытқа дейін төзімді болуыңа ықпал етті. Құдайға шүкір, сенің аяғың ауыр, балаң болады. Сол бала әрі қарай өміріңді жалғастыра береді», — деп ақылын айтып, жастықтың ішіндегі қарайып кеткен мамығын төгіп, жаңасын салып, қайтадан үйіне жібереді. Бұл да бір ақыл.

Үй деп неге айтылады? Өйткені бар әңгіме үйдің ішінде қалады дейді. Біреулердің келіні жас болған соң, кемшілігі болып жатса, енді бір үйдің енесі ақылды анаға лайықты болмауы мүмкін. Кейбір енелер баласын қызғанады, «Мені балама қарсы қоюы мүмкін» деп күдіктенуі мүмкін. Қызды жасынан ақылды шешесі мейірімді, саналы етіп тәрбиелеп, жаңа ортаға барғанда өзін қалай ұстау керектігін айтқан болса, оның бойында төзімділік қасиет орнығады. Ақылды, төзімді келіндер барған әулетінің де бағын ашады деп ойлаймын. Олар тәрбиелеген балалар да өнегелі болып өседі. Перзентінің бойына ұлттық салт-дәстүр мен тәрбиені қатар сіңіре білген ананың балалары кеңпейіл, өзін емес, елін ойлап тұратын азамат болып қалыптасады.

— Отбасының ынтымағына әсер ететін тағы да қандай жағдайлар болуы мүмкін?

— Қазақта «Күйеу — жүзжылдық, құда — мыңжылдық» деген керемет қанатты сөз бар. Бұлай деуі құдалардың қарым-қатынасы жақсы болуы керек. Екі жақтың ауызбіршілігі сақталуына кім ықпал етеді десек, тағы да келінге байланысты. Егер келін: «Папа, мама, сендер туралы былай деп жатыр», — деп өз үйінде естігенін әке-шешесіне айтып келіп жүрсе, не болар еді?! Өз үйінде де, құдалар арасында да берекет болмайды. Ал ақылды адам айтатын сөзін ойланып алады. Жалпы, әр адам сөз сөйлерде «Осы сөзім арқылы біреулерге залалым тимейді ме?» деген ойға жауап беріп алуы қажет-ау деп есептеймін.

Ұлтымыздың ежелгі дәстүрі бойынша біз әр қадамымызды ойланып басамыз.

«Бұл ісім абыройымызға нұсқан келтірмей ме? Әке-шешеме ұяты келмесін, дүниеден озған ата-бабаларымыздың атына кір келмесін, өмірге келген бала-шағамның болашағына зияны тимесін», — деп ойланып-толғанып барып, нақты шешім қабылдаймыз. Әр ісіңді салмақтап алуың қажет. Отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілігіңді сезінуің тиіс. Міне, біз өмірдің өткелдерінде осылай әрекет жасасақ, әрине, мәдениет те басқаша болмақ.

— Ұрпақ өсіруде әкенің де тағылымы мол. Ел басқаруда, ғылым мен білім жолында өзінің парасатымен танылған азаматтар бар. Бір ақылды адам «Мен әр әйелдің жүзіне қарап, оның күйеуінің қандай екенін біле аламын» деген екен. Сол сияқты Сіз де еліміздің азаматтарына қарап, олардың анасының қандай болғанын, баласына қандай тәрбие бергенін біле аласыз ба?

— Әрине, білуге болады. Неге десеңіз, бала барлық тәрбиені анадан алады. Анасын құрметтеген адам өз жарын да, басқа әйелдерді де сыйлайды. Өйткені әр адам өзге әйелді өз анасындай көреді. Мысалы, сіз мені ана ретінде сыйлап отырсыз. Оның бәрі неге байланысты десек, сіздің анадан алған тәрбиеңізден деп ойлаймын. Анаңызға көрсеткен құрметіңіз. «Ата — асқар тау, ана — бауырындағы бұлақ, бала — жағасындағы құрақ» дейді ғой. Әке — әулеттің қорғаушысы, ана — нәр береді. Ананың берген нәрімен, тәрбиесімен бала жақсы жетіледі.

Ананың берген нәрімен, тәрбиесімен бала жақсы жетіледі

Бүгінгі таңда саясатта беделге ие болып, жоғары лауазымға тағайындалған әйелдер бар. Медицина университетінде «Әйел. Отбасы. Қоғам» деген атпен пікірталас өтті. Сонда сөз сөйлеген жастардың бірі маған сұрақ қоя келіп: «Алдымен карьераны жасауымыз керек. Сіз секілді деңгейге жетуіміз қажет», — деді. Мен оған жауап бердім. Біздің аналарымыздан жеткен мынадай сөз бар: «Алдымен ет ұршықты аяқтандырып ал, содан кейін жүн ұршықты иіресің». Яғни, ет ұршық дегені әуелі балаңды туып, тәрбиелеп өсір, содан кейін тұрмыстағы қызметтеріңді атқарасың дегені. Қазіргі күнде бірнеше бала табу әйелдердің негізгі міндеті болу керек. Өзімнің үш балам болса да, одан да көбірек таппаған екенмін деп қазір өкінемін. Бүгінде бала табатын әйелдерге барлық жағдай жасалған. Үй ішінде кір жуатын машина, ыдыс-аяқ жуатын аппарат бар. Ыстық су мен салқын су қатар ағып тұр, көгілдір отын жанып тұр, дүкенде адамға қажеттінің бәрі толып тұр. Тіпті памперстің түр-түрі бар. Керек десеңіз өзі шайқап, музыкасы шырқалып тұратын қазіргі заманғы бесік те шықты. Бірақ кәдімгі бесікке салып, өзің тербетіп, бесік жырын айтқаның балаға мол тәрбие береді. Бесік тербеткен ананың баласына құдайдан тілеген тілегі қабыл болады.

— Бесік жырының құдіреттілігі неде деп ойлайсыз?

— Адамға бесік жыры сәби кезінде айтылатыны анық. Баланың есі үш-төрт жаста кіретіні белгілі. Кішкентай сәби анасының айтқан бесік жырын есінде сақтай алмағанмен, ол баланың санасында мәңгілік құйылып қалады. Сөзі де, әуені де, мидың бір қыртыстарында сақталады. Мен немеремді тербетіп, бесік жырын айтып, құдайдан тілеу тілеп отырып, онымен «сөйлесетінмін». Яғни, «Сен өскенде азамат боласың, ақылды, қайырымды, мейірімді жігіт бол», — деймін. Осы секілді басқа да тілектерімді айтамын. Ол кішкентай нәресте болса да, тыңдап жататын.

— Ана ретінде айтсам-ау деген тағы да қандай ойыңыз бар?

— Медицина уинверситетінде болғанымызда соңғы жылдары қыздардың аборт жасатыны туралы мәселе қозғалды. Кейбіреуі бұл әрекетке әке-шешесінен қорыққанынан барады. Бірақ әкесі қатал болса да, шешесі қызының жанын қашанда түсінуге тырысады ғой. Бар көмегін аямайды. Ешқандай ана қызының жаза басқанын қаламайды. Бүгін түсік тастаған қыз ертеңіне ана болу бақытынан айырылуы мүмкін. Олай болмаған күннің өзінде бойына біткен алғашқы нәрестесінің ғұмырын қиғанына өмір бойы өкініп өтетіні сөзсіз. Мұндай жағдайға түсіп, жүкті болып қалған қыздар, міндетті түрде алдымен анасымен ақылдасуы керек. Немесе жасы үлкен жанашыр әйелден кеңес алғаны жөн. Сонымен қатар ер азаматтардың да жауапкершілігі жоғары болуы тиіс. Егер, балабақшадан, үйден бастап, ұлттық салт-дәстүр бойынша тәрбие алса, әлгіндей қате басқан қадамдардың алдын алуға болады.

Бүгін түсік тастаған қыз ертеңіне ана болу бақытынан айырылуы мүмкін

Әрине, бұл өте қиын мәселе. Бізде «Төрт аяқты ат та абынады» (қазақшасы — «Төрт аяқты ат та сүрінеді») деген сөз бар, өмірде әр түрлі жағдай болады. Қыздың оң жақта отырып, екі қабат болуы бүкіл әулетке ұят келтіретіні анық. Дегенмен жасанды түсік тастатып, баланың өмірін қиғаннан жақсы ғой.

Қазақ халқы қыздың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Қызға қырық үйден тыйым» деп бекер айтпаған. Қатал тәрбиелей отырып, қызды еркін ұстаған. Төріне шығарып, сыйлап, құрметтей білген.

Балқарда «Қыз төркіндеп келгенде босаға дірілдейді» деген ұғым бар. Яғни, қыз келгенде үйі де қуанады дегені.

— Ал қазақта «Қыз төркіндеп келгенде, босағада тұрған сыпырғыш та қалтырайды», — дейді. Бұл жерде сыпырғыш «мені де алып кетеді-ау» деп қалтырайтын көрінеді.

— Е, солай ма?! Ол да дұрыс екен. Менің келінім солай істейді. Үйіне барса, бір нәрсені ала келеді. Бірнеше күннен соң құдағиыммен телефон арқылы сөйлескенімде ол қызының қылығын айтып, екеуміз күліп, қалжындасамыз. Қызы үйіне барғанда шешесіне: «Мынау сізде бостан босқа жатыр екен, бізге керек болуы мүмкін» деп алып кетеді екен.

— Ананы құрметтеу, келін мен қызды тәрбиелеу, отбасы бірлігін сақтау туралы келелі ойларды ортаға салғаныңыз үшін көп рақмет. Бақытты ана болып, өнегелі ұрпақтың қуанышына бөлене беріңіз.
 

 

По сообщению сайта Nur.kz