Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Серік Боқан. Тамыршы билiк пен дерттенген халық

Дата: 10 марта 2011 в 06:00

Бiз ертеңге соқыр сенiммен өмiр сүрiп келемiз. Бiз жасап отырған қоғамда соғыс болмағанымен, жүрек пен жүйкенi қысымдайтын писихологиялық жарылыс болып жатқандай...

Сол жылдар iзгi едi ғой... Балалықты айтам! Кiлкiген үмiт пен шаттықтың толқынында ойнайсың... Бұл күнде бәрi басқа. Бiр ұлттың болашағы бұлыңғыр, ертеңi күңгiрт, өмiрiмiз жолсыз құм құрсауы сияқты. Уақыт ағысы осылай кете берсе, iзгiлiгi жалған тегi жауыз адам қолымен ақырзаман күйi тартылып бүкiл бостандығымыз асқазанның шыңырауынан құлап өлерi шындық.

Бүгiн бiз адам ақыл-ойынан белгiлi жақтан зиян тартып келемiз. Адамдықты ту еткен ақыл тұрлаулы болса ешқашан олай болмас едi. Әр адам өз тағдырының жазушысы. Өз тағдырының бiр сөйлем сөзiн дұрыс жазу өз қолында дей тұрғанымен оған бiздегi билiк пен қоғам мүмкiндiк берер ме? Демек әдiлет пен кiсiлiктiң жолында өлiм болса да қаймықпайтын, иманы тастай емес, бiздiң халық өз еркiндiгiн жазуға өте дәрменсiз. Бiр сөзбен айтқанда, мұндай қоғамда шаттығы — көзге тамызғандай бiр тамшы, қасiретi — теңiз...

Тексiз күндер мен қаншама мағынасыз жылдар өтпедi. Даңғаза ұраншыл көпшiлiк көңiлдiң тере­зесiн сындыруға құмар, бүлiнген орнын қайта жамауға тура келедi. Итқорлық күнiне шүкiршiлiк ете беретiн қазақ құлданбағанда несi қалды? Әсiресе, биылғы жылдың толқыны тентек. Сужүректiлiктiң символы — қоянның өзi бiздi қор­қыта келдi. Бiз неден қорықпадық, бәрiнен қорқамыз. Әсiресе, нарықтың өрлiгiмен қорқытты. Базардан қымбатшылықтың ызғары есiп тұр, түбi дауылға айналмаса игi едi. Жабайы капитализм еңсемiздi езiп, рухымызды жоғалтқан. Физикалық соғыс жүрмегенiмен жүрек пен жүйкенi қысымдайтын писихологиялық жарылыс болып жатқандай... Отандық басылымдар мен телеарналарда Еуродаққа төрағалық ету, мемлекеттiң дамып кетуi, халықтың байып кетуi т.б жалған ақпараттардан шаршағамыз. Бас­қаны айтпағанда, бiр тал сiрiңке өндiре алмай, Қытайдан импорт ететiн Қазақстан қалай өркениеттiң биiгiне шыққан батыс елдерiне төрағалық етедi. Бұл тек жалған бет­пердеге әуестiк.

Жапонның жазушысы Кобе Абэның «Бөтен бет» деген әйгiлi романы бар. Бұл — адам психологиясын аяусыз ашқан шығарма. «Мен» атты бас кейiпкердiң басындағы драмматизмiмен боздап, трагедиясымен қозданып сөнедi. Бiр жолғы лабораториялық зерттеу кезiндегi химиялық жарылыстан бетi адам танымастай зақымдалады. Өзiнiң жанкештiлiгiмен ауыр операция арқылы бет жасайды. Адамдардың екi беткейлiгiн жалған бетпен өмiр сүру арқылы мейлiнше сезедi. Және адамдардың шынайы кеспiрiн көрiп жүрегi ұстарамен тiлгiлегендей аяу­сыз шырқырайды. Оның өксiкке толы монологында: «Барлық адам бетпердемен өмiр сүредi. Олар қан­ша жүз рет құбылады. Ал   менiң жасанды бетiм бiрде өзгермейдi, шынайы өмiр сүредi. Жеке бетперделер бiрiгiп алып бетперденi құрайды, мемлекет деге­нiмiз — сол», — дейдi. Сол алып бетперденiң иесi — бiздiң елде де ұлттың обалы, азаматтардың құқы қорғалмайды. Мұның бәрi дәлел­деу­дi қажет етпейтiн — аксиома. Телеарналар мен отандық басылымдарда тiлден сурет, сөзден сарай салған. Ақ сарай жақтан жұмақтың исi аңқиды. Ержетпеген қазаққа бiрдеме емiзе тұру керек... Айтпақшы оларға қазақ тiлi керек екен. Өз майын — өзiне қуыру үшiн.

Қазақ рушылдықтан, жершiл­дiктен, жағымпаздықтан құрып барады. Тiзiп айтпасам да сезiп отырған шығарсыздар, алтау ала болып ауыздағыдан айырылдық. Халық байлығы ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кеттi.

Шөккен түйеге iлбiп әрең мiнiп жатып рушыл, жершiл...

Бас қосулар мен қонақасыларда баяғы таптаурын болған әңгiме. Қытайдың сапасыз тауарлары, онан қалса кәрiс пен түрiктiң махаббат сериясындағы, тойып секiр­ген қыз-жiгiттiң махаббаты туралы жанды жейтiн қысыр кеңесiмен өтедi. Тоңып секiрген өздерiмен, құм құрсауындағы тағдырын iлуде бiреу ауызға алса, саясатты бiл­мей­мiз ғой деп бойын алып қашады. Бiр бейуазды алдап соғып тақыр жерге отырғызған, алаяқ бiреудiң жеңiсiне тамсанып, айыздары қанады. Тiптi әлгi бейбақты жаламадан шыңырауға итерiп жiбергiсi келедi. Бiз адам танымастай жұртқа өзгергемiз. Бiз осындай қоғамда өмiр сүрiп келемiз. Бiр данышпанның «жер бетiнде жан саны көбейiп, адам азайып барады», — дегенi бiздiң халыққа келiңкiрейтiн сияқты.

Iшкен асымыздың тұз­дығы қашанда өзiмiздi — кемсiту. Әлеу­мет­тiк жерлерде қазақша сөйлей қалсаң, қазақ бiткен демiн iшiне тартып, жерге кiрердей болады. Солардың өтiрiгiн айтып ұрлығын iстегендей... Дәл осындай халықты қалай жан-жүрегiңмен сүйесiң. Алтынбек Сәрсенбайұлы, Заманбек Нұрқадiловтер қыршын жандарын ұлт мүддесi жолында қиды. Сонда халық солардың өлiмiне үреймен, таңғалумен қарады да қойды. Абай мен Шәкәрiмнiң елi деп құрметпен қарайтын халықтың сиқы не болды? Алғашқылардың бiрi болып, Шығыс Қазақстанда акция көтерген тобырдың кеспiрi ұйқымыздан оятты. Айқай мен дабылдан сана дертте­нiп, құлақ кереңге айналды. Мейлi, белгiлi қысыммен болсын, елбасының президенттiк өкiлеттiгiн ұзарту үшiн ай бойы плакаттар көтерiп ұран сал­ған халық өзiн шексiз сүйген перзенттерi үшiн бiр күн қайғырып әдiлет iздедi ме? Жоқ. Әдiлеттiлiкке де, әдiлетсiздiкке де көз жұмып отырғаннан басқаны бiлдi ме? Тек үнсiз қарағаннан басқаны бiлген емес. Қызығы сол акция барысында қатардағы бiр мұғалiмнiң: «Аш тұрып тойған адамның рөлiнде көз бояушылықпен ел басын ұлықтау, менi қатты азаптады», — дегенi ар сотынан аттай алмағанының белгiсi. Соншалық жанына не зорлық келдi? Құны не болды? Бұл күнде, мұндайлар жыртылып айырылады. Демек, шенеунiктер мен депутаттардан басталған жағымпаздық, желтоқсанның желiмен осылай таралып едi.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтiң с.у.с ( Алланың игiлiгiмен оған сәлемi болсын) бiр хадисiнде: «Мейiрiмдiлiк — жүректен, бауырмалдық — бауырдан», — делiнген. Бiздiң жүрегiмiз берiш, бауырымыз тасқа айналған. Өзге халыққа ләппайшылда, бiр-бiрiне кеудемсоқ, тәкаппар. Өзгеге қор да, өзiне зор. Кешегi көшпен­дiлер жыры қалай едi?

Кектенсе жел тынып,

Шаттанса мұз дала ертiлiп,

Шайқалып астында қара жер,

Ерлiгi жататын шертiлiп., -

деп аузын айға бiлеген кiм? Ал бүгiн келiп, малым жанымның, жаным арымның садағасы дегенге неге түкiрдiк?

Жау жүрек азаматтарын айтпағанда, қолаң шашын найзамен тараған аспан елiнiң аруы не болды бүгiн? ... Бетiн басып жылап тұрған жалаңаш көшелер қандай болашаққа бара жатыр?

Билiк пен ақшаның алдында аласарып кетемiз. Өйткенi билiк пен қоғам ергежейлi адамдарды сүйедi. Тiрi өлiктердiң тасы өрге домалайды. Сәулелi тiрiлер мен алтындар көмiледi. Бүгiнгi абақтыға айналған адамдар санасындағы таным баяғы — құлдық. Бостандық алмаған жаны — бәрiбiр тұтқын. Әйтеуiр, қолында тiзгiнi бар ауқаттылау адамдармен сапарға немесе қонақ асында бiрге бола қалсақ, қарадай мысымыз басылып, иiнiмiз түсiп сөзiмiздiң берекесi қашады. Соған ықтай жалдап, борышкер адамдай қарадай құл боламыз. Айта берсек таусыла ма... Жыртық күркеде жатып, хан сарайына шекесiнен қарайтын Жиренше шешеннiң дүниеге пысқырмайтын өрлiгiн бiз түсiмiзде көрмеспiз.

Бүгiн бiз жаһанданудың жел ­өтiнде, экономикалық дағдарыстардың кезеңiнде, бiрiккен одақтық экономикалық кеңiстiк құру алдында тұрмыз. Бұл бiздiң рухани ма­териалдық, саяси өмiрiмiзге бел­гiлi жақтан ауыр әсерiн тигiзуi мүм­кiн. Түрлi соққыларға төтеп беру үшiн қазаққа жетпейтiнi — әдi­лет­тiлiк пен махаббат, бiрбеткейлiк.

Бiздiң тағы бiр дертiмiз — ұмытшақтық. Ұмыту мен табудың арасында бiз оңбай ұтылғанбыз. Тағы бiр қорқыныш, бiз ертең белгiлi ұлт болғанымызды ұмытып кетуiмiз мүмкiн...

«Жас Алаш» газеті

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы