Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Бақтыбай Айнабеков. Елбасына хат жаздым, құлағдар бол жамағат

Дата: 10 марта 2011 в 06:20 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

ҚР Президенті Н.Назарбаевқа Ашық Хат

Бисмиллаһир Ирахманир Рахим

Аса қадірлі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мырза!

Сіз білесіз, қазір Ислам әлеміндегі бірсыпыра мемлекеттерде толқулар мен төңкерістер орын алып отырғанын барша халық көгілдір экран арқылы көріп-біліп, көп нәрсеге көздері жетіп отыр. Басты себеп — Ислам мемлекеттері бола тұра ол елдерде айтуға ауыр имансыздықтың өріс алуы.  Ал имансыздық сыбайлас жемқорлықты өрістетудің төте жолы. Діні мен иманы мықты елде еш уақытта мұндай жаппай бас көтерулер мен масқара көріністер болмаған...

Менің Сіздің атыңызға бұл хатты жазуыма себеп болып отырған, елдегі Республика мұсылмандары дініи басқармасын дінсіз(!) адам Ә.Дербісәлінің  басқаруынан  еліміздегі Ислам дінінің бетімен кетуі, дін басшысыз болған соң, басқа діни ағымдардың орасан зор мүмкіндікке иелік етіп, еліміздің тағдырына қауіп төндіріп отыруы. Құран — өзі жазған жақсылықтың бәрінен өнеге алуға үйретеді. «Патша Алланың жердегі көлеңкесі» деген де айтылады... Сіз діннің құдіретін, қадірі мен қасиетін құрмет тұтатын жансыз. Оны тікелей өзіңіздің ұйымдастыруыңызбен Астанада өткізіліп жүрген Әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер лидерлерінің басын қосып, жүйелі түрде  өткізіп жүрген сьездермен толық мойындаттыңыз.   Бұған қосарымыз, кезінде Алланың бұйыртуымен екі патшаның бірінің қолы жете бермес бақ, Мәдинедегі пайғабарымыз Мұхаммед (Ғ.С.) сүйегі жатқан жерге кіріп, зиярат жасап қайттыңыз. Еліңізге, халқыңызға имандылық тіледіңіз. Біз ойлаймыз, Алла тағалам ешкімнің араласуынсыз, егемендігін өзі сыйға тартқан  елдің Елбасы болған соң, осы бір кеңшілігімен, Сізге соңғы пайғамбарымызбен шүйіншілеген Исламға жанашырлық етсін деген ишара да жасаған  болар...

Әңгіме былай, өткен жылы  «Орда-kz» (№3, 30.07.2010 ж.) газетінде «Діни басқарманы тарату керек» деген тақырыппен   Жамбыл облысы Қордай аудандық мәслихатының депутаты, дәрігер Біржан Әлімбетовтың жан-айқайы сұхбаты жарияланды.   Оқыған адамның құйқа тамыры шымырлайтын бұл  жанайқай-сұхбатта өткен жылдың 22 маусымында Ақтау қаласы маңындағы қатаң тәртіпті режимдегі түрмеден қашып шықан 21 тұтқынның құқық қорғаушыларға көрсеткен қарулы қарсылығын, бірнеше күнге созылған әбігерден кейін олардың басым бөлігінің қаза тапқанын, солардың арасында Біржанның өз ұлы Дәурен Әлімбетовтың қайдағы бір жат дін содырларының насихатына еріп  қыршын жасында тектен-текке «шаһит» болып, оққа ұшқандығын әңгімеге өзек етіпті. Әрине, жан түршігерлік аянышты да қайғылы жәит...

Басты ұйымдастырушысын таппай, болған оқиға төңірегінде ғана шыққан соттың  шолақ үкіміне соқтықпай,  осы бір қанды оқиғаға байланысты, газет тілшісінің сұрағына орай,  қайғыдан қан жұтқан әке шашыраңқылау айтса да,  өз  әңгімесінде  бұрыннан да ел біліп жүрген, бүгінгі таңда ешкімнен жасыруға болмайтын күрделі екі мәселенің басын  ашып көрсетіпті.

Бірінші, қаралы әкенің сөзіне илансақ, баласы «Аллаһу акпарлап» өзін-өзі жарып жіберген. Өйткені, денесінің бәрі күл талқан болып шашылып кеткен. Әдетте, жәй оқ тиген адамның денесі бұлайша шашылып кетуі мүмкін емес қой. Қисынды уәж. Сонда бұл жігіт кім үшін, не үшін, қандай мақсатпен жас жанын «шаһит» құрбандыққа тігіп, өзін-өзі жарып жіберіп отыр? Бұлардың артында қандай күш, қандай саясат  тұр?..

Екінші, сұхбат тақырыбында айқайлап тұрғандай қаралы  депутат өзі діндар болмаса да, ел сенім артып келген ұйым Республика мұсылмандары діни басқармасын таратуды талап етеді. Неге?..

 

БІЗГЕ ЖАТ ЖҰРТТЫҚ ДІНИ АҒЫМДАР  ЕМЕС

ДӘСТҮРЛІ ӨЗ ИСЛАМЫМЫЗ КЕРЕК

Құрметті Елбасы!

Әңгімені алғашқы «Аллаһу акпарлап» өзін-өзі жарып жіберген мәселеден бастайық. «Жау жоқ деме, жар астында» деген емес пе?  Біз ойлаймыз, «елімізде бәрі тыныш, жұрт жаппай мешітке барып жатыр ...» деп. Соңғы жылдары  мешіттер көптеп салынғандықтан, елдің иманы күшейіп келе жатыр деп елдің иманын мешіттің санымен, салынып жатқан құрылысымен өлшейтініміз де жасырын емес. Сонда өз жандарын көзсіздікпен құрбан еткен жастарымыздың мына «шаһит» жарылыстарын елге қалай түсіндіріп, олардың  үрейін басуға болады? Бұрын мұндай «шаһит» жарылыстар шет елдерде орын алып жататынын БАҚ-тар арқылы ғана білуші едік, енді өз елімізде, тіпті ұрықсатсыз жан баласының аяғы жете бермейтін қапастағы түрмеміздің төрінде орын алуын кім қалай  ұғынады?..

Біз соңғы жылдары түрмелерде мешіттер ашып, қылмыскерлерді имандылыққа  шақырып тәрбиелейміз деп жүргенде, ондағы жатқан жанкештілер осылайша   бастарын қосып, «мақсатты сабақтарын» жетілдіріп, өз білгендерін қапаста отырып-ақ жүзеге асыруға  дайындалып жатса,  сойқанның көкесі  төбесін көрсетіп тұрғаны емес пе?  Бұл бұрынғы бас муфти Рәтбек Нысанбайұлы дін басынан аластатылған он жылдың көлемінде қалыптасқан жағдай. Осы уақыт аралығында діни басқарма дәрменсіздігінен, елімізде бұрын соңды атын естімеген, жер әлемде бастары симай қуғында жүрген, діни лаңкестік қаупі бар ағымдар көбейіп кетті. Қазіргі таңда соның ең бастылары болып уахабилер, құраниттер, салафилер... тіпті таяуда Ресейде экстремистік ұйым ретінде танылып, тиым салынған «Таблиғи жамағат» діни бағытын ұстанғандар т.б. саналып отыр. Қазір қай мешітке барсаң да «сенікі бұрыс, менікі дұрыс» деп бірімен-бірі таласып, айтысып-тартысып, кейде бас жарысып  төбелесіп жатқандарды көресің.  Бұларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа болар» имамдарымыздың өздері діннен сауаты шамалы дүмшелер болып отыр. Олар бес-алта сүрені жатқа білгендері болмаса, діни ағымдар жұмысын таразыламақ түгілі Исламның осы ғасырдағы болмысынан мақұрым жандар. Осының салдарынан бетімен кеткен бұл діни ағымдар соңғы кезде, ел ішінде ылаң салудың небір айла шарғысын көрсетіп үлгерді. Мәселен, 2005 жылы А.Миронов деген біреу Атыраудың әкімшілігін, 2007 жылы енді біреулері Степагорск қаласы әкімдігін жарып жібермекші болды, ал Мақұлбеков бастаған топ тіпті Шымкенттегі Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті ғимаратының күлін көкке ұшыруға тырысты. Орал қаласындағы Аймұқанбетовтың лаңкестік тобы бірнеше қарақшылық оқиғалар ұйымдастырса, 2008 жылы Маңғыстаудағы бес уахабшының ісі полиция қызметкерлерінің өлімімен аяқталды. Дәл осындай  полиция майорының қазасы таяуда Жамбыл ауданынының орталығы Ұзынағаш елді мекенінде де орын алды. Ал, топалаңы шығып жатқан  Қырғыз елімен көршілес   Жамбыл облысында Бішкектен келген «тәкпіршілер жамағаты» мен  уахабиттері қаншама уақыттан бері өз білгендерін айылдарын жинамастан  ашық жүзеге асыруда. Осы облыста  2008 жылы Қордайдағы Жанғожаевтың үйінен бірнеше «Калашников» автоматы мен түрлі жарылғыш қарулардың тәркіленуі бізге әлі күнге сабақ болмай отыр. Бұл — есте қалған үрейлі кейінгі деректер. Бұдан бұрын да  мүбарак дініміз Исламды қару етіп, «Халифат орнатамыз!» — деп елімізге алғаш ылаң алып келген  «Хизбут Тахрир»  экстремистерінің алды сотқа тартылған болатын. Қарап отырсақ қылмыс үстінде ұсталғандар сотталған, ал сол содырларды елге кіргізіп, жұмысына басшылық етіп отырған ел ішіндегі басшыларын тауып, оларды қылмысты жауапкершілікке тартуы әлі күнге қолға алынған емес. Ал осы діни саяси топтың ел үшін де, дін үшін де қаншалықты үрейлі екенін біле тұра біздің Республика мұсылмандары  діни басқармасының жұмған ауыздарын ашпай келуі, тіпті кейбірін өз қолтықтарының астына алуы әрине жақсылық емес. Осыны біле тұра Үкімет тарапынан да осы мәселеге нақтылы назар аударылмай отыр. Оған басты себеп, өз жұмыстарын осылайша қиналмай ұйымдастырып отырған, аталынған діни ағымдардың соңында олардың қолтығынан дем берер, жоғарғы орындарда қамқоршы саяси күштер мен жетекшілердің болуы. Мысалы, шетелдіктердің қаржыландыруымен жұмыс жасап отырған Құраниттер ағымын баласы үшін Президент Әкімшілігінің басшысы,  салафилерді Республика Мұсылмандыры діни басқармасының төрағасы Ә. Дербісәлінің  тікелей өзі желеп-жебеп жүргенін БАҚ-тар жамырай жазуда. Өткен жылы дін төрағасы Ә.Дербіәлінің екі-үш Парламент Мәжілісі депутаттарын қасына ертіп Сарыағаштағы осы күнге дейін бой тасалап жұмыс жасап келген салафилік жүйедегі медіресенің салтанатты  ашылу рәсімін өткізіп қайтқанын «Асыл арна» телеарнасынан көрдік...

Қазір мемлекет қызметкерлері арасында кландық топтардың қылмыстары әшкереленіп, ел іші дүрліге бастады. Әрине, мұндай  кландық кадрларды ауыздықтау заң орындары үшін пәлендей қиындыққа соқпайды. Олар билікте отырғанымен саусақпен санарлық аз. Ал діни ағымдар көзсіз сорақылыққа баратын болса, бұл — ел егемендігі мен халыққа үлкен набыт алып келеді.  Осы орайда көрші Тәжікстанда өткен жылдың 8 қаңтарында  Бас прокуратураның талабымен салафизмнің ел аумағында таралуына тыйым салған Тәжікстан Жоғары Сотының шешіміне назар аудартқым келеді. Бізден гөрі  «дін тазалығы» жолындағы бітіспес соғыстың ащы дәмін ертерек тартқан көрші ағайынның  бұл «ілімсымақтан» өз бойларын ертерек аулаққа салуы бізге неге сабақ болмайды? Біздегі құзырлы орындар осындай лаңкес ағымдарға тоқтау салу орынына Алланың адамзат баласына сыйлаған ең ұлы кітабы — Құранның кейбір сүрелерін экстремистік бағытта деп айыптап, сот шешімімен оқуға және таратуға тыйым салып, әлем жұртшылығы алдында масқара болып отыр. Осыны көріп біле отырып не діни басқарма, не дін зиялылары ауыздарын ашқан емес. Сайып келгенде мұның өзі де  еліміздегі  дәстүрлі Ислам дініне еге болатын зиялы дін қайраткерлерінің жоқтығын көрсетеді. Дәл осы  дәрмесіздік  еліміздегі кірме діни ағымдардың көбеюіне және олардың еркін күш алуына жол ашуда. Қазір өз қатарларын  күшейткен аталынған діни кірме  ағымдар өзімен-өзі бітіспес кикілжіңге түсіп, жасаған қылмыстарын бір-біріне аударып салып, бірімен-бірі қырқысып бағуда. Осы ретте БАҚ беттерінде оқыс оқиға ретінде көрсетілген «Сенім. Білім. Өмір.» республикалық қоғамдық бірлестігі жетекшілерінің жаппай аяқ астынан  тұтқындалуы да ойландыратын жағдай. Бұл бірлестік соңғы он жыл көлемінде мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп, тіпті көптеген облыстық әкімшіліктер және құқық қорғау органдарымен қоян қолтық  араласып  «Діни экстремизмнің алдын алу және оны түпкілікті жою» тақырыбында біріккен жоспарлы түрде конференциялар мен дөңгелек столдар өткізіп жүргенін бұхаралық БАҚ беттерінен талай рет оқыдық қой. Сонда бұл не «жұмбақ»?.. Ел ішінде жүрген экстемистік топ жетекшілерін таппаймыз, құқық қорғау органдарымен  біте қайнасып жұмыс жасап жүрген қоғамдық бірлестік жетекшілерін тұтқында ұстаймыз. Жоқ бұл әлде республика  мұсылмандары діни бірлестігінің  құрылтайы алдындағы ұйымдастырған «спектакелі» ме?    Бұл тіршілік одан әрі жалғаса берсе, мұндай  қырқысулардың соңы ел егемендігіне қатер болып тиер қанды қырғынға ұласуы да бек мүмкін ғой. Біздің пайымдауымызша бұл берекесіздік, Сіздің сара саясатыңыздың арқасында қалыптасқан  бүгінгі өнегелі де өркенді ел қадамын көре алмай отырған дұшпандарымыздың қимылы. Олар  сүттей ұйыған көп ұлтты,  ел ынтымағын бұзар  соғыс отын тұтандыру үшін ештеңеден аянбайды. Елімізде дін зиялыларының жоқтығынан  кірме діни ағымдарға ерген жастарымыз қазір осыны ұғына алмай отыр. Әйтпесе «Алаһу ақпарлап» өзін-өзі жарып жіберу деген не деген сұмдық?!  Өмір — Алланың адамға берген ең басты сыйлығы. Мұны әр пенде қадірлей білуі керек.  Аллаға адамнан ештеңе керек емес. Алла алдында өтейтін бес парызымыз да Алла үшін емес, өзіміз үшін.  Біздің, күні кешеге дейін басқа діни ағыдарсыз да таңымыз атып, тауығымыз шақырған.  Сонда, тыныш елдің шырқын бұзар мұндай бұзақы  діни ағымдар кімге қажет?  Еліміз  үшін дәл қазір ешбір Ислами діни ағымның қажеті жоқ! Кірме діни ағымдарға заң жүзінде де, діни жолмен де жедел тоқтау салуымыз керек. Исламның атын жамылған мұндай жағымсыз экстремистік күштермен Үкімет те, заң орындары да қатаң күрес жүргізуі тиіс. Бұлардан да бұрын өзіміздің дәстүрлі қазақы Ислам  өзін-өзі көрсете білуі керек. Кейбір дін дүмшелері «Ислам діні ұлтқа түспеген, жалпы әлем жұртшылығына түскен» деп дінді ұлттан қашқақтатқысы келеді. Бұл дұрыс емес. Дін деген — сенім. Ал сенімі болмаса ел бірлігі, ұлт бірлігі туралы, оның іргесінің мықтылығы туралы әңгіме де айтуға болмайды. Бұл пікірге  Ислам да  қарсы емес. Құран да; «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» («Хұжырат» 49 — 13). деп үйретеді. Демек, жаратушымыз ұлт етіп жаратқан соң, оның дербестігі мен бірлігін сақтау әрбір ұлт азаматының ғана емес, дін иелерінің де абройлы борышы.

 

ЕЛДІ ДІНДІ ДІНСІЗДЕРДІҢ БАСҚАРҒАНЫ ШАРШАТТЫ

Құрметті Елбасы!

Енді республика мұсылмандары діни басқармасы таратылуы тиіс деген одағайлау естілер екінші мәселеге ойысайық. Әрине, діни басқарманы жою туралы талапты есіту Сізге де оңай емес. Дегенмен, шындықтың бетіне тура қарағанымыз дұрыс болар. Біз әлем мойындаған, өзіңіз негізін қалаған құқықтық мемлекетпіз.  Республика мұсылмандары діни басқармасының 23 мамыр 1996 жылы Әділет министрлігіне тіркелген Жарғысының 9 тарау 4-ші тармағында «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас муфти жоғары діни білімі бар, араб тілін жетік білетін және дін басқару жұмысында кемінде 10 жылдық тәжірибесі бар, денсаулығы шариғат үкіміне сәйкес келетін адам болуы қажет» деп жазылған. Солай бола тұра  2000 жылғы маусым айында өткізілген Құрылтайға    сол кездегі Республика Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, марқұм Алтынбек Сәрсенбаев мырза қатынасып, Жарғы талаптарын белден басып, бірнеше қайтара сөз сөйлеп,  басқарма төрағалығына  жоғары діни түгілі, арнайы орта білімі де жоқ, діни басқару жұмысында он жыл түгілі, он күн де жұмыс жасамаған, (денсаулығы шариғат үкіміне сәйкес келетін-келмейтінін айтпай-ақ қояйын, «сай емес деп» айтамын деп діни басқарманың бұрынғы тексету комиссиясының төрағасы С.Жаңабаев деген азамат жазықсыз сотты болып, аяғында сол сот әділетсіздігінен сырқатқа ұшырап, марқұм болып кетті) діни ортаға бейтаныс, өзінің коммунистігін қасақана жасырған — атейст, филолог-ғалым Ә.Дербісәліні  зорлағандай етіп сайлаттырды. Бұл — әрі заңсыздық, әрі дініміздің өркендеуін он жылға тұралатқан үлкен қателік болды және  мұндай әділетсіздік еш уақытта ешкімге аброй берген емес. Артынша-ақ діннен құқ етпейтін  жаңа дінбасы  айт,  жұма намаздарын өткізе алмай діннің де, елдің де абройын түсіргені жалпақ жұртқа жария болды. Тірінің намазана, өлгеннің жаназасына иелік ете алмаған жаңа дінбасының бұл діни сауатсыздығына ашынған республиканың он екі имамы «Жаңа Төраға жағдайды жақсартты ма? Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев мырзаға Ашық хат», «Қазақ Елі» №7, 2001 жыл/ деген мақала жариялап, Мұсылмандар діни басқармасында орын алып отырған осы олқылықты Өзіңіздің назарыңызға салуға талпыныс жасады. Хаттың Сізге жеткен-жетпегендігінен хабарымыз жоқ.  Дегенмен, бұл мақаладан кейін дін түгілі кеудесінде иманы бар адам бұл орында отырмақ түгілі, діни ортадан кешірім сұрап, әлде қашан өз жөнін тапқан болар еді. Бірақ, имансыз жанға шара бар ма?...  Дүбірлі дабыл аяқсыз қалды. Қысқасын айтқанда, құдайдан қорықпаған «құдай жолында» қалып, құдай деген «арызқой имамдар» қуғынға ұшырап, имамдық қызметтерімен қоштасты. Ислам діні жолындағы діндарларды дінсіздер айдың, күннің аманында осылайша дегеніне көндірді. Дініміз тұралады. Діндарларымыз дәрменсіз болып шықты...

Бұл сұмдықтың басы ғана екен. Тереңірек зерттеп қарасақ дін төрағасы Ә. Дербісәлі болмысынан Исламның дұшпаны болғандығы анықталды. Бұған  жауапты Әбсаттардың  1982 жылы «Мектеп» баспасынан жарық көрген «Араб әдебиеті» кітабынан табуға болады. Кітаптан үзінді келтірелік;

»...Ислам негізін салушы Мұхаммед алланың әмірін, тілегін жердегі  адамдарға жеткізуші пайғамбар деп есептелінеді. Жалпы ислам оқуы бойынша адамзат тарихында Адам, Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса, Мұхаммед сияқты алты  пайғамбар болған. (Құрандағы аты аталған пайғамбарлардың да санын білмегені ме? Б.А.). Ал  енді осы пайғамбарлардың оқуы мен ісін жалғастырушы екінші кезектегі (Ол қандай және кім шығарған кезек? А.Б.).  пайғамбарлар қатарына Мұхаммед Библияның кейіпкерлері Лұт, Айиуб, Қарун, Дауд, Сүлейман, Иляс, Исхақ, Иакуб, Иунис, Идрис,Иусуф, Закария, Иахия, Мариямды(?) (124 мың пайғамбардың ішінде әйелден пайғамбар болған емес. Б.А.) жатқызған. Өзін ұлы пайғамбарлардың кішісі әрі соңғысы деп жариялаған...«(?)

...Құран суралары төрт топқа бөлінеді. Біріншісіне Мухаммедтың өзі құрастырып (?!), құдай сөзі деп жариялаған(?!) суралар (Мына сөзімен таза кәпір болды емес пе?.. Пайғамбарымыз бірде-бір сүрені ойдан құрастырған емес. Автор пайғамбар өтірік айтады деп отыр. Астапыр Алла! Бұл туралы «Нақыл» сүресінің 36 аятында «Жердің жүзін кезіңдер де Пайғамбарды өтірікке шығарушылардың соңы не болғанын көріңдер«-деп ескерту жасайды. Өйткені, ол елге өте ауыр зілзала әкелуі мүмкін. Б.А.)  екіншісі жаңа дін насихаттала бастаған тұстағы, үшіншісі болашақ өмірді суреттеуге арналған, ал соңғысы медициналық кезеңге жататын суралар кіреді...

... Құранда композициялық тұтастық жоқ(?!). (Құран — мұғжиза. Мұғжизаға қандай композиция қажет? Б.А.). Мұхаммедтың уағыздары, діни жарлықтар, дұғалар және күнделікті тірлікке байланысты заңдар жүйесіз орналастырылған. Сондай-ақ мұндағы сан салалы және түрлі материялдардың ішінде иуда, християндық парыздар (?!)  мен мұсылмандық праволар және  арабтың фольклорына (?!)  да көп орын берілген...»

Кітап осылай кете береді...

Міне,  еліміз сенім артып отырған Мұсылмандар діни басқармасы қандай «ғұламаның» және кімнің қолына өтіп кеткен. Бұл  деген сұмдық қой! Осыны біле тұра,  қазіргі имамдарымыз нәпақа етіп отырған қызметінен айырылып қалмауы үшін Алладан бұрын Әбсаттардың атын ұлықтайтын дәрежеге жетті.  Дінде бұдан артық бейшаралық болушы ма еді. Өте аянышты жәйт!..

Әлбетте, діни басшысы осындай елде, дінді еріккеннің ермегі жасағысы келетін, атағын шығару үшін еш нәрседен тайынбайтын, иманы әлсіз жалақорлар мен мұнафықтардың бой көрсетпей қалуы мүмкін емес. Сондайлардың бірі, алпыстан асқан жасында алжасып Мұхаммед пайғамбарымыз туралы хикаят жазған жазушымыз Дүкенбай Досжанов. Ол өзі жазған хикаятында күллі мұсылман қауымына қастерлі есім — Айша анамыздың (Ғайша хазіретінің) есімін қорлап, оны өзінің нәпсісі мен сезіміне ие бола алмайтын жеңілтек, ұшқалақ әйел етіп көрсетті. Осыған орай бір топ қайраткерлер Дін басына емес Елбасы Өзіңіздің атыңызға Ашық Хат жариялады. «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті»,«Түркістан», «Ана тілі» тағы басқа газеттерде дінтанушыларымыздың, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің Ашық хаттары мен ашулы, ызалы пікірлері жарық көрді. Одан әріге баруға ол пақырлардың да діни сенімдері әлсіз болды. Осы хаттарға орай Дүкенбай Досжан баспасөз бетінде өзінің артық кеткенін мойындап, күллі мұсылман бауырларынан кешірім өтініп, Айша анамыздың рухынан кешірім сұрады.

Артынша ҚМДБ-нің төрағасы Әбсаттар Дербісәлінің көсемсініп; «Дүкенбай бауырымыздың қателігі өзгелерге ғибрат болса екен дейміз» — деген тақырыппен айтыс-тартысты тоқтатуға бәтуаға шақырған бір-екі басылымда төрелігі жарияланды. Ол өз төрелігінде, »...жазушы Дүкенбай Досжан өзі біле бермейтін тақырыпқа барып (Әбсаттардың өзі дінді  білсе жоғарыдағыдай еңбек жаза ма? Б.А.), нәтижеде от басып, опық жеді» — деп өкінген болып, бұдан әрі, »...бұл күндері, жасырып жабары жоқ, тисе терекке, тимесе бұтаққа дейтін кейбір жазғыштар діни сауатының шамалы екеніне қарамастан, дінімізге қатысты өзі озық деп ойлайтын мешеу ойларын тықпалап, мақаласымақтарын жазып жатыр. Өкінішке қарай, мұнысы керісінше шығып, өзін ғана ұятқа қалдырумен қоймай, дінімізге «пайдасы» емес, зияны көбірек тиеді. Осы жайтты мұсылман буырларымыз, әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мықтап ескерсе». («Жас Алаш» №82, 12.10.2006 ж.) — деп сыпайылап БАҚ — тарға тапсырма береді.

Дін төрағасы мұнымен не айтпақ болды екен? Мен осы сөзді соңғы уақытта діни тақырыпта ащырақ сын жазып, «Аллаға сенеміз бе, әлде Әбсаттарға сенеміз бе?«-деп ашық мәселе көтеріп  жүрген журналист ретінде ең алдымен өзімнің атыма қабылдадым.  Рас, мен алып бара жатқан діндар жан емеспін, тек атадан өзімізге өнеге болып қалған дәстүрлі дініміздің жанашыры, қарапайым намазхан ретінде  осы ойларымды таразылап, алдымен «Аллаға сенеміз бе, әлде Әбсаттарға сенеміз бе?...» деген тақырыпта мақала жазып «Заң газетіне» (№158, 01.09.2006 ж.) бастырдым.

Осы мақаламды оқыған қарапайым намазхан оқырман түгілі, «дін жанашырымыз» деп көкірегіне нан пісіп жүрген діндарлардың өзі  жұмған ауыздарын ашпады. Өйткені, қазір елімізде  «Аллаһ!» — деудің орнына алдымен аузына Әбсаттар түсетін, дін атын жамылып, дінді саудаға  салып жүрген дүмшелер, дін билігін өз қолдарында ұстап отыр.  Сондықтан жоғарыда аталынған  мақаламның негізінде  «Дін — халыққа қажет» және «Аллаға сенеміз бе, әлде Әбсаттарға сенеміз бе?..»  атты үлкен екі тараудан тұратын «Есігіңді аш, Өкімет пен Үкімет, дін келіп тұр.  Елбасы Н.Назарбаевтың пайымдауына» — деген атпен 180 беттік кітап жазып, оның алғашқы даналарын  Сізге, Сенат пен Мәжіліс Төрағаларына, Үкімет басшысына тапсырысты хатпен жолдадым. Осы мақалам мен кітабымды оқыса, кеудесінде иманы болса Әбсаттар Дербісәлі — бүкіл намазхандар мен  қазақ халқының алдында жауап беруі керек еді ғой. Сонда автордың кітабындағы мұсылман баласы кешіруге болмайтын осындай сорақы діни қылмыстарын айтқанымыз үшін, біз «мешеу ойларымызды тықпыштаған», «діни сауатымыз кем», «өзіміз білмейтін тақырыпты қаузаған жан» болып шығамыз ба?!...

Міне,  біз кімді дәріптеп, кімді дін қайраткері тұтып жүрміз.

Дүние жүзі  мұсылмандарының ашу ызасын тудырған, содан бергі жиырма үш жыл (1988ж.) көлемінде өзі де өң мен түс, өлі мен тірінің ортасында күн кешіп келе жатқан   «Сайтани жырлар» атты  тексіздіктен туған аты шулы романның авторы, тегі үнділік жазушы Салман Рушдидтің  кітабы жарық көргеннен соң, бір жылдан кейін 1989 жылдың 14 ақпанында Иран Ислам Республикасының рухани басшысы Аятолла Хомейни «фатуа» жариялап, Англияға жасырынған жазушының сыртынан өлім жазасын кесіп, басын бес миллион АҚШ долларын бағалаған еді. Осылайша өз басына өлім тілеп алған жазушы өз романында  Құдай ілімін түсіндіріп кеткен пайғамбарымызға жала жауып, «мүміндердің анасы» атанған Айша, Зейнеб, Мария т.б. аналарымыздың аттарын өзгертпей «Джаһилия шаһарының жезөкшелері» деген ат таңады. Бұл кітабтың толық мазмұнын айтудың өзі тәрбиесіздік болар. Дегенмен, жазушының өлімге кесілгендегі басты кінасы осы -жалған  жаласы. Аты өшкір сол Салман Рушдидке осындай діни жаза қолданылған кезде, сол жазушыдан бес жыл бұрын дәл сондай пікірмен кітап жазып, оны ширек ғасыр бойы жоғары оқу орындарында оқытуға ұсынып келген Әбсаттарды да діни жауапқа тарту орынына, Республика Мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы етіп ұстап отыру қай ақылға саяды? Әбсаттардан да діни жауапкершілік сұрап, кітабын ел алдына шығарып масқаралап өртеуіміз керек емес пе? Бәлкім, Иран Ислам Республикасының рухани басшысы Аятолла Хомени мырзадан бізге де фатуа сұрау қажет болар.

Осы оймен өткен жылы «Иран Ислам Республикасының рухани басшысы Аятолла Хомейниге хат. Елбасы Н.Назарбаевтың пайымдауына» деген 210 беттік кітабымды шығарып, Сізге және осы елдің еліміздегі елшілігі арқылы Иранның рухани көсемі атына жолдауға тура келді. Жауап болмай тұр... Кітапта дүние жүзі мұсылмандарының ашу ызасын тудырған  «Сайтани жырлар» атты аты шулы кітабына орай сыртынан фәтуа шығарылып,  өлім жазасына кесілген Салман Рушдидтен бес жыл бұрын, одан да зор күнәға батқан, еліміздегі  Республика мұсылмандары діни басқармасына кездейсоқ төраға болап сайланып алған мұнапық Әбсаттар Дербісәліге де мүбарак дініміз Исламға қарсы жазған еңбектері үшін  фәтуа жаза шығарып беруі талап етілгенді...

Ойланайықшы, мұндай сорақы кітап жазған адамнан  дәстүлі дінімізге жанашырлық  күтуге бола ма? Әрине болмайды. Соның нақтылы дәлелі қазір оның басшылығындағы  Республика мұсылмандары діни басқармасы басылым беттерінде айтылып жүргендей уахабилер мен салафилердің шаңырағына айналды. Осыны көріп біліп жүрген біздің діндәрларымыз бен зиялырымыз, діни бірлестіктеріміз бен дін ғұламаларымыз  неге дәрменсіздік танытып отыр?

Жасыратын дәнеңе де жоқ, қазіргі таңда елімізде атадан қалған дәстүрлі Ислам діні бұрын соңды болмаған мүсәпір халді басынан кешуде.  Бұл  жұмысқа жетекшілік етер Республика мұсылмандары діни басқармасы ел-елде бизнесмен бауырларымыз  өз туған жерлеріне салдырған жаңа мешіттерін тіркеттіріп, шапан киіп, ат мінгеннен басқа, исламды өркендетуде ештеңе де тындырып отырғаны байқалмайды. Қазір, бетін аулақ етсін, жер-жердегі имамдардың біразы  мешіттен жаназаны бөле қалса, құттықана мешітті тастап, жаназа маңына ойысып кетіп қалатын  қайыршыларға айналған. Діндарларымыздың осы дүмше дәрменсіздігінен елдегі  Исламның өзі өз ішінде бірнеше секталар мен ұйымдарға бөлінумен қатар, кейбір мешіттер мен бірлестіктер Республика мұсылмандары діни басқармасы құрамына енуден ашықтан-ашық бас тартуда. Осы алауыздықтан   қазір әлемде жоқ жасанды діндер біздің елімізде емін еркін  тіркеліп, өз жұмыстарын өрбітумен бірге дін билігіне ұмтыл бастады. Мұндай аты мен заты  белгісіз есепсіз діни ағымдарды үкімет еш уақытта тоқтата алмайды.  Дінді — дін ғана тоқтатады. Ол үшін еліміздегі дәстүрлі дін Ислам күшті де, қуатты болуы керек. Біздегі қазіргі Ислам осы қуатынан айырылған. Елді дінді дінсіздердің басқарғаны әбден шаршатып отыр.

Дінімізде орын алып отырған мұндай келеңсіздіктерге ендігі жерде еш келісуге болмайды.  Бір ұлттың әлденеше дін мен сектаға бөлінуі аса ауыр қасірет. Тарихқа үңілсек, мұндай жағдай ұлттың да, мемлекеттің де тұтастығын жойып, түбіне жетіп тынған. Сондықтан жақын арада кезектен тыс  құрылтай шақырып, еліміздегі Ислам жұмысына баға беріп,  дінімізді өз атымен атап, Республика   Ислам діни басқармасы етіп қайта құрумыз керек.  Ол үшін Бас муфтиден бұрын муфтият құрамы сайланып, оның құрамына дін қайраткерлері мен зиялыларын тарта білу шараларын қарастыру керек. Бас муфти мен оның сайлану мерзімін және құқықтарын Сіз бен осы муфтият келісіп белгілегені мақұл.  Бұл жұмыста таза дін жанашырлары мен зиялылары өздерін таныта білулері керек. Олай болмаған жағдайда дініміз тағы да бір алаяқ топтардың қолында кетуі ғажап емес.

Қазір; «құранның екі-үш сүресін толық жатқа білмейтін Әбсаттар он жыл дінді басқарғанда он-он бес сүрені жатқа білетін біз неге муфти болмаймыз?» деген діннің не екенін сезінбейтін оншақты атаққұмар «діндарлар» бас муфти болуға шімірікпестен жоғары жақтың есігін жағалап жүргенін байқап отырмыз. Олар; » мен осы орынға сайлануға ылайықтымын ба, діни білімім, ұйымдастыру қабілетім жете ме, құдайдан қорқайын-ау?» — деп ойлана да бермейтін, Жаратушының ісіне араласып, Әбсаттар сияқты өзін-өзі қажы атап жүрген дүмшелерден шыққан шолақ белсенділер.  Бүкіл діндарлар болып сақтанатын үрейлі қозғалыс!   Бұл ретте тура жолдан жаңылсақ дәстүрлі дінімізден түпкілікті айырыламыз...

Кенияның тұңғыш президенті Джумо Кеньятаның «Миссионерлер Африкаға келгенде, біздің жеріміз бар еді, ал олардың «Інжілі» болды. Олар біздің көзімізді жұмып қойып табынуға көндірді. Ақырында көзімізді ашқан кезде біздің жеріміз олардың иелігінде, ал «Інжіл» бізде қалды» деген сөзі біздің де басымызға төніп келеді. «Дін басшысы»  сөзіне сенсек қазірдің өзінде жарты миллион қазақ Ислам ағымдарынан басқа діннің ықпалында кетіпті. Әрине, бұл жалған дерек. Алла бетін аулақ қылсын..

Ислам бірлігі — ел бірлігі. Қазіргідей қазақ халқы ұлт болып бірігіп жатқан кезде елімізде Әділет министрлігіне тіркеліп жұмыс жасап жатқан барлық Ислам діни бірлестіктері де өзара бірлікке келіп, Елбасымыз Сіз ұстап отырған еліміздің біртұтастығын сақтап қалу жөнінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ел тағдырын шешуде Өзіңізбен ынтымақтасып жұмыс жасауға күш біріктірулері керек. Бұл орайда бізге жыл сайын Меккеде өтетін қажылықтағы әлем мұсылмандарының намазда құбылаға бірігіп бір кісідей сап түзеп,  бет бұрған сұлу ынтымақтастығы өнеге болса жарасар еді...

 

СӨЗДЕН ІСКЕ КӨШЕТІН КЕЗ КЕЛДІ

Құрметті Елбасы!

Әңгіме соңында мен бұл хатты неге Сіздің атыңызға жазғаныма тоқтала кеткім келіп отыр. Біздің ел зайырлы мемлекет. Дін мемлекеттен бөлінген. Бұл заң жүзінде ғана. Әлем халықтыры бізді Ислам мемлекеті ретінде таниды. Сол үшінде де біз Ислам конференциясы ұйымына мүше ғана емес, биылғы жылдың екінші жартысынан бастап осы ұйымға төрағалық еткелі отырмыз. Осыған орай кешегі президент әкімшілігінің қолдауымен жасырын өтіп, біраз басылым беттерінде «Муфи де «мәңгілік» болды ма?», «Дербісәлінің дегені болды», «Невеселые думки о вечном» т.б. тақырыптармен БАҚ беттерін шуылдатқан құрылтайдың алдында, Сіздің атыңызға жазып отырған осы деректерді үтірін қалдырмай толық қамтыған, 24 маусым 2000 жылы Алматыда өткен, сол кездегі Президент Аппаратының басшысы Сарыбай Қалмырзаев, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбаев және Үкімет жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс Кеңесі Төрағасының орынбасары Тельман Сауранбеков мырзалар қатынасқан  Қазақстан мұсылмандары ІІІ Құрылтайында, қазақстанның тұңғыш муфтиі ретінде, бір ауыздан «Қазақстанның Құрметті муфтиі» мәртебесі  берілген, бұл мәртебеге сол жиынға қатысқан 138 делегат бір ауыздан дауыс берген, Рәтбек Нысанбаевқа Ашық хатым алдымен «Абай.kz», соңынан біраз БАҚ беттерінде жарияланды.  Мақсат — осы мәртебесі мен абыройын пайдаланып, Сізге жолығып пікірлесуге  моральдық құқығы барлығын есіне салу еді.   Бізге бұдан басқа елдегі дін жағдайын айтып Сізге шығудың ешбір жолы қалмады.  Cіздің атыңызға жазылған хаттар мен кітаптар  еш уақытта қолыңызға тимейтін сияқты .  Өз атыңызға жазылған хатқа Мәдениет минстрлігінің Діни істер жөніндегі комитет төрағасы немесе  орынбасары жаттанды,  шығарып салма жауабын береді. Мен Рәтбекке жазылған БАҚ-тағы Ашық хаттың бірін Сіздің атыңызға салғанмын.  Келген жауап мынау;

Құрметті Бақтыбай Айнабеков!

ҚР Мәдениет министрлігінің Діни істер комиеті (бұдан әрі — Комитет) Сіздің ҚР Президентінің атына жолданған хатыңызды мұқият қарап, келесіні хабарлайды.

Қазақстан Республикасының «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңының 4 бабында «Діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген. Барлық діндер мен діни бірлетіктер заң алдында бірдей. Ешбір дін немесе діни бірлестіктер басқаларға қарағанда ешқандай артықшылықтарды пайданланбайды. Діни бірлестіктер қандай да болсын мемлекеттік қызметтер атқармайды, мемлекет те діни бірлестіктердің қызметіне, егер ол заңға қайшы келмесе, араласпайды» де, көрсетілген.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (әрі қарай — ҚМДБ) төрағасын сайлау Қазақстан мұсылмандары құрылтайының айырықша құзырына жатады. Құрылтайды өткізу тәртібі мен мерзімі ҚМДБ-ның Жарғысында көрсетілген.

Жоғарыдағының негізінде, ҚМДБ-ның төрағасын сайлау немесе қызметтен босату мемлекеттік органдардың құзырына жатпайтындығын хабарлаймыз.

Құрметпен, Төраға          А. Досжан.

17 11 2010ж.

Мен, Сіздің шақыртуыңызбен 2000 жылы төрт жыл жабылып қалған Үкімет жанындағы Діни істер жөніндегі хатшылықта, қайта ашылғанда қызметте болғанмын. Маған беріп отырған жауаптың сыйқы мынау. Мемлекеттік органдар араласпаса діни құрылтайда Сіздің құттықтау хатыңыз неге оқылады, Президент Аппараты басшысының орынбасары М.Әшімбаев пен бөлім бастығы Д. Мыңбай діни құрылтайға неге қатысады?.. Барлық діни бірлестіктер заң алдында бірдей болса, басқа діни бірлестіктерге неге мұндай қамқорлықтар болмайды?..   Құрылтайдың алдында « тағдырым не болады?..» деп толғатып жүрген Ә.Дербісәлі мырза осы жиын қорытындысымен желкесіне жал бітіп, кезінде «Халық қаһарманы» Роза Бағланова әнші апамыз бастаған, дінге еш қатысы жоқ зиялылардың  Өзіңізге жазған Ашық  хатымен, бес жыл үзілістен соң Есіктегі мешітке имамдыққа қолын әзер жеткізген Рәтбекті қайта орынынан алып тастады. Енді сол Ашық хатты жазған мені, хатта;  «Имансыз деп айтып абройымды төктің» — деп Жетісу-2 аудандық сотына беріп тұқыртып алғысы келіп отыр. Екі діни бірлестік арасындағы бұл пікір  таласқа білек сыбанып кірісерлік соттың не қатысы бар? Әбсаттарда иман болса алдымен жазылған хатқа өзін ақтап жауап жазбай ма?.. БАҚ-тар жазылған жауапты  заң бойынша басуы тиіс. Бірақ, Әбсаттар жаза алмайды.   Мақала басында дәлелі  келтірілгендей Құранды жоққа шығарып, пайғамбарға  тіл  тигізген мұндай  мұнапық жанды имансыз демей иманды жан деу керек пе?..Әбсаттар екі дүниеде де имансыз! Сот соттағыш болса Құранды жоққа шығарып, пайғамбарға тіл тигізсе де, он жыл заңсыз дінді басқарып отырған Әбсаттарды соттап берсін...   Бір қызығы біздің елде діни мәселені қарайтын сот жоқ, бірақ жоғарыдан болған қысым арқылы әділдікті айтар дін жанашырларын соттайтын судьялар баршылық. Оны көргенбіз. Сізден осындай қиянатқа барушы судьялар жолына тосқауыл қоюды сұраймыз?

Жоғарыдағы келтірілген жауап хат Діни комитет пен оның бүгінгі таңдағы қызмет істеу қабілет дәрежесін көрсетсе керек. Сіз өткен жылы Діни агенттік ашу жөнінде өте орынды ұсыныс айттыңыз. Бұл ұсынысты  2000 жылы, қазір өзгеріп кетпесе, Үкіметтің 06.05.2000 жылғы діни ұйымдармен байланыс жөніндегі Кеңес хатшылығы Ережесіндегі «Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар әзірлеу талабын» басшылыққа алып, сол кездегі Кеңес хатшылығы Төрағасының орынбасары Т.Сауранбековтың атынан Діни Агенттік ашу жөніндегі барлық сметалық шығындарын жазбаша көрсетіп Президент Әкімшілігінің сол кезегі жетекшісі  С.Қалмырзаевтың алдына шығарған болатынбыз. Бүгінгі Діни комитетте отырғандар тым болмаса  Сіз айтқан осы ұсынысты қолдап кетуі керек еді. Ондай қимыл көрінбейді. Комитеттегілер бір министрліктің қолтығында тығылып алып  күндерінің өткеніне мәз.  Ал бізге бүгінгі таңда ел тағдыры үшін жұмыс жасайтын Діни агенттік ауадай қажет. . Қазір еліміздегі тіршілік ана сүтіндей ақ, ана тілегіндей таза болып тұрған жоқ.  Ішкі діни ақуал ел егемендігін барынша қауіпті жағдайға әкеліп тіреп отыр. Бұл жағдайды қазір кім жөнге сала алады, мұнымен түпкілікті кім айналысуы тиіс?.. Ендігі жерде  Республика мұсылмандары діни басқармасының қазіргі бетімен кеткен жайына, Елбасы ретінде өзіңіздің тікелей араласуыңызға тура келетін сияқты...

«Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айырылыпты» демекші, кезінде Үкімет діни басқарма Жарғысы талаптарын бұза отырып, бұл діни ұйымға дінсіз адамды басшы етіп қойып, қазір соның барынша зардабын тартып отыр деп білемін.  Бұған қосымша жоғарыда айтып кеткеніміздей дәл қазір, шолақ ойлы оншақты дін дүмшелері таныс-тамырларын салып Өзіңіздің маңыңызды орағытып жүргенін де  көріп біліп отырмыз. Дінді саясатқа айналдырғысы келетін бұл «белсенділердің» екі-үшеуінің шет елден қаржыланып отырғанын БАҚ беттері күн құрғатпай сөз етуде. Мен білетін бұл «белсенділердің» ішінде дәстүрлі Ислам дінінің қамын жан-тәнімен ұғынатын жан байқалмайды. Бірі Құдайдан қорықпай, жай ғана Әбсаттар құсап  атақ қуаласа, екіншісі дінді бизнес көзіне айналдырып, байығысы келетін діннен мүлдем сауатсыз мұнапықтар.  Дін — Алланың ісі, саясат — адамның ісі. Саясат — сағат сайын өзгеруі мүмкін, дін — мәңгілік. Осылардың арқасында бұрын үш жүзге, руға бөлінсек, енді түрлі дін мен ағымға бөліне бастадық.   Дін мен саясатты қосқысы келіп  жүргендердің бұл мақсаты үрей тудырады. Бұл өте қатерлі қадам, қоғамға бүлік салады. Мұндай қауіп қатерді көре біле тұра үнсіз қалсақ, Алла алдында да, Отан алдында да қылмыс болып саналады. Бұл ретте қазіргі араб елдерінде орын алып отырған толқулар мен қабат көрші қырғыз, өзбек елдерінде орын алған қанды қырғындардан да  сабақ алуымыз керек.

Құрметті Елбасы Н.Назарбаев мырза!

Сіздің бақытыңыз, Алла егемендік алған  еліміздің билігін, өзгеге емес өзіңізіздің қолыңызға  берді. Сол абройды  еліңіздің, халқыңыздың, дініңіздің игілігіне жарату үшін берген болар.  Ендігі жерде еліміздегі  өзіңіз негізін қалған мемлекеттік құрылымының ішкі діни  жұмысына жанашырлық танытады деген оймен осы хатты өз атыңызға жазып отырмын. Артық әбес сөзім кетсе кешіріммен қарарсыз. Алла Сіздің имани қадамыңызға сәттілік берсін. Атадан қалған дәстүрлі Исламымызға құдай қуат берсін.

Сәлеммен,  Бақтыбай АЙНАБЕКОВ

«Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы

«Абай-ақпарат»

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы