Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Айсұлу Тайжан: «Қазақ лағынет айтатын адамдарды Бөкең білген еді...»

Дата: 12 марта 2011 в 14:40 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Ол әкеме ұқсайтын

— Айсұлу апай, Болатхан аға­ның көзі кеткенмен, көкіре­гі­ңізде өзі, ел ішінде сөзі қалған арда азамат еді, есімі жаңғыра жүрсін деп, сізден естелік-әңгіме тыңдағымыз келеді...

— Рақмет! Маған ол кісі жайында естелік айту қиын... Дегенмен халық­тың ұлы болған Бөкеңнің сөзін халқына, қазағына жеткізуді артында қалған жесірі ретінде өзіме парыз санаймын.

— Ұлт үшін ұмытылмас қызмет қылған азаматтың 70 жыл­ды­ғына орай Сыртқы істер ми­нистрлігі мен ел үкіметі тарапынан қандай да бір игі шаралар атқарылуы керек еді...

— Жоқ, ондай шаралар туралы сөз естімедім. Билік тарапынан ешқандай ықылас-пейіл байқалмайды. Біз де олардан еш нәрсе дәметпейміз. Бар­лық шаруаны ұлы Мұхтар жасап жатыр. Мен шамамның келгенше кө­мек­тесіп жүрмін.

— Бұлары абырой болмаған екен... Басқа еңбегін былай қойғанда, Бөкең тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліне еселі еңбек еткен азамат еді ғой?

— Ол еңбекті елеген ешкім болмай тұр емес пе. Расында, құлаған КСРО-дан Қазақстан өз еншісін бөліп алар кезде, Болатханның жар құлағы жас­тыққа тимей, мемлекетаралық келіс­сөздердің ортасында жүріп еді.

Әсіресе Ресеймен жағаласып, қа­зақ елінің несібесін даулап алу оңай болмағанын білемін. Енді оны кім ескеріп жатыр дейсіз?! Біз­де бір адамнан басқаның еңбегі еш болған заман орнады ғой, қалқам... Өкінішті-ақ!

— Әңгімені әріден бастасақ, Болатхан ағамен алғаш қалай танысқан едіңіз?

— Ол бір бақытты кезіміз екен ғой. Естен қалай кетсін?! (Көзіне жас алды). 1984 жыл болатын. Ол кезде мен 37-де, Бөкең 43 жаста болатын. Біздің таны­суымызға менің құрбым, Бөкеңнің туыс­қан қарындасы себепкер болды. Сол күні оның туған күні еді. Ол кез, Бөкең сияқты, менің де отбасылық өмірде жолым болмай жүрген уақыт еді...

Сол жылы мен докторлық жұмы­сымды қорғау үшін Мәскеуге бардым. Мен диссертация қор­ғайтын күні Бөкең артымнан іздеп келіп, ғалымдар кеңе­сінде отырып, басынан-аяғына дейін қа­тысты. Сөйтіп, біз Мәскеуде табыстық, содан жиырма бес жыл бойы бірге тұрдық. Бұрын мен күйеуімнің әкем сияқ­ты турашыл болғанын қалайтын едім. Әкем салауатты, әділдікті жақ­тайтын адам болатын. Бөкең де сондай адам болып жолықты. Ол кісі кездеспегенде, еркек біткеннен көңілім қалып, өмірден жал­ғыз өтуге бел буып жүрген едім...

— Болатхан аға сияқты үлкен азаматқа жар болудың жауапкершілігі де оңай болмаған шығар?

— Әрине! Бөкең — біртуар жан еді. Адал жар, сенімді жолдас, білікті азамат болатын. Бүгінде ол кісіні баласы Мұх­тар екеуміз қатты сағынамыз... Бойында туа біткен мәмілегерлік қасиет бар еді. Сол қасиеті дипломаттық қызметте көп көмегін тигізді. Кәсіби елші ретінде әріптесімен қалай сөйлесуді, өзін қалай ұстауды, қалай жүріп-тұруға дейін мә­де­ниет ретінде қабылдайтын. Көп оқитын.

Бөкең көзі тірісінде зиялы қауыммен көп араласып тұрды. Сондағы әңгіме­лері қазақ мүддесі, ұлт тағдыры туралы болушы еді. Көзі тірісінде билікте де, оппозицияда да жүрген біраз азаматтарды бөле-жармай, жақсы бағалайтын. Мысалы, Жармахан Тұяқбайды, Дос Көшімді, Сергей Дувановты білікті азаматтар деп айтып отыратын. Оның өмір­дегі ең бір қастерлі арманы — тәуелсіздік еді. Ол соны көріп қана қойған жоқ, елдің еркін тірлігіне өз үлесін қосып кетті.

— Бөкеңнің аяқасты жүрек ауруынан кеткені белгілі. Дегенмен оқыс қазаға күдікпен қарайтындар да бар...

— Жұрт арасында алуан түрлі әңгі­мелер айтылады. Мәселен, Болатхан­ның өлімін құпия немесе ол өз ажалынан өлген жоқ деген сияқты сөздерді біз де естідік. Әрине, ондай әңгімелердің тууы — заңдылық. Өйткені Бөкең қайтқан жылдары қазақтың үлкен азаматтары сая­саттың құрбаны болып жатты. Әке­жан Қажыгелдиннің көмекшісінің де Бөкең сияқ­ты кенет қайтыс болғанын естідік. Нұр­болат Масановтың қазасы да қапыда болды.

Ал мен өзім дәрігермін ғой, Бө­кең­нің қазасы туралы бөтен сөз айта алмаймын. Ол кісінің бұрыннан жүрегі ауыратын. Бірақ оған мән бермейтін, емделуге уақыт таппады. Ол кісі жүре­гінің ауыратынын бізге сездіргісі кел­мей­тін, бірақ мен біліп жүрдім.

Бөкең өте сезімтел еді ғой. Қазақ мүд­десі дегенде, түн баласы кірпік іл­мейтін. Қайтыс болатын түні ертеңгі жұ­мыс жоспарын қойын дәптеріне түртіп қойыпты. Сөйтсек, ол кісі жүрегі тоқтап қалмағанда, қираған Шаңыраққа бар­мақ екен ғой...

«Шевроннан» ши шыққан

-Жалпы, Бөкең қызметтен шеттетілген соң, ол кісіні не билік партиясы, не оппозиция, не ұлт патриоттары түсінбеді. Яғни ол өз ойын не өткізе, не жеткізе алмаған сияқты. Жүрегіне осы мәселе де күш түсірген жоқ па?

— Иә, ол кісі қатты өкініп жүретін. Бас­қалардың оның ойын қабылдай алмай­ты­нын айтып қамығатын. Мысалы, «Отан» партиясына барды, бірақ онда­ғылар Бөкеңнің ұлттық бағыттағы көз­қарасын қабылдай алмады. Кейіннен Тұяқбайға — «Әділетті Қазақстан» қоз­ғалысына барды. Оппозиция мен ұлт патриоттарының арасын жақындас­тыруға күш салды. Бірақ Бөкеңнің ойын екі жақ та түсінбеді. Соның бәрін жүре­гімен қабылдады. Бірақ ол бәрінен түңі­ліп жүрсе де, еш нәрседен үміт үзбейтін. Маған: «Қазақстан түптің түбінде сали­қалы ел болады!» — дейтін...

Бөкең елін, ұлтын шексіз сүйді. Мәс­кеуде, не басқа шетелдерде қалу — оның ойында ешқашан болған емес. Дипломатиялық шеберлігіне қызыққан Мәскеу мамандары оны алып қалу үшін, бір мәскеулік қызға үйлендіруге тырыс­қан қызығы да бар... Бірақ Бөкең: «Орысқа қызмет етіп, қазаққа қастық жасай алмаймын», — дейтін.

— Қателеспесек, Бөкең дипломаттық қызметін өтеп, елге соңғы рет Малайзиядан қайтты ғой. Ол жұмыстан өз еркімен кетті ме, жоқ әлде билік кетуге мәжбүрледі ме?

— Өз еркімен кетті деп айта алмаймын, жасы зейнеткерлікке толуға үш жыл уақыт бар болатын. Соған қара­ғанда, билік оны кетуге мәжбүр еткен сияқты. Бөкеңнің ұлттық мемлекет құру жөніндегі идеясы Ақордаға жақпаған-ау.

Қазір, жасыратыны жоқ, парламентте жасы жетпістен асқан адамдар да отыр. Өйткені олар билікке мынауың қисық деп айтпайды. Сондықтан отыра береді. Олармен салыстырғанда, Бө­кең­нің ұлтқа қызмет етер мүмкіндігі көп еді.

Қазақстанның Сыртқы істер минис­трлігі Бөкеңді отставкаға кетірген соң, министрдің орынбасары Ерлан Ыдырысов қабылдады. Бөкең елші болып жүргенде, Ерландар бала еді ғой. Ол Бөкеңе биліктің қиянатын жуып-шай­ғысы келді ме: «Бөке, егер жұмыс керек болса, хабарласарсыз», — дегендей ишара жасаған екен. Оған Бөкең: «Рақ­мет! Мен жұмыссыз қалмаймын және сендерден жұмыс сұрамаймын!» — деп кесіп айтыпты.

Бір жылдары Дипломатиялық акедемия деген ашылды. Сонда: «Дипломатия саласында Бөкеңнен артық қандай маман бар еді», — деп ойладым. Ол — кәсіби елші, ондай маман біздің елде қазірдің өзінде аз. Бірақ олар Бөкеңді жұмысқа шақырмады. Әйтпесе ол кісінің артынан ерген жас мамандарға беретін білімі, тәжірибесі мол болатын. Амал қанша, ешкім керекке жаратпады. Бөкең араб елдерінің біраз мемлекет­терінде — Мысыр, Алжир, Тунис, Иордания, Марокко, Ливия, Малайзия және Ислам конфедеранциясы ұйымында елші болды. Бұл аз тәжірибе ме еді?

— «Кесіп айтты» дегеннен шығады, Болатхан аға КСРО мен Қазақстан арасындағы бөлістің біраз құпиясын білген екен, бәлкім, соның да әсері болды ма екен?

— Әбден мүмкін! Совет Одағы ыды­рағанда, әркім өз меншігін бөліп алып жатты. Мәселен, мұнайдағы, сыртқы экономикадағы, саудадағы үлестерді бөлі­су оңай болған жоқ. Бөкең сол талас-тартыстың ортасында жүрді. Сондай тартысты әңгімелердің бірі — Теңіз мұнай кенішіне ауыз салған Американың «Шеврон» компаниясына қатысты болды. Бұл арада Ресейдің де көздеген мүддесі бар-тын. Кенішті Қазақстан «Шев­ронға» бергенімен, Бөкең бұл жекешелендіруге де қатты қарсылық білдірді. Бәлкім, осы «Шев­ронға» қатысты қарсылығы билік ба­сының жүрегінде қалып қойған сияқты. Себебі, кейіннен Қазақстан билігі Бө­кеңді комиссия құрамынан шығарып тас­тады. Кенішті «Шевронға» беру жө­нін­­дегі келісімдерге кімдердің қол қой­ғаны қазір белгілі. Қол қоймағандар — Бөкең мен Халық Абдуллаев қана.

Кейінде Бөкеңнің маған бірде: «Айке, мынадай сұмдықты жа­сағандарға қазақ кейін лағынет айтады!» — деп айтқаны бар. «Ол кезде мен тірі боламын ба, болмаймын ба, білмеймін, бірақ осы жағдай ашылар күн туғанда, қазақ осы келісімді жасағандарға қарғыс жаудырады», — деп күрсінді. Осы күні ойлаймын, Бөкеңді зейнетке ерте шығаруы — осындай мемлекеттік көптеген құпия­ларды білгендігінде екен ғой. Тәуел­сіздіктен кейін Оңтүстік Азия елдеріне Қазақстанның капиталы ағыла бастады. Соның бәрін Бөкең көріп-біліп жүрді.

— Иә, билік басындағылардың капиталы сол елдердің банктері арқылы кейіннен аты өзгерген компания болып, Қазақстанға қайта оралды. Бұл елді талан-таражға түсірудің бір амалы еді. Болатхан аға осы құпиялар туралы сізге ештеме айтқан жоқ па?

— Шынымды айтайын, ондай құпияларды Бөкең біле жүрсе де, маған еш нәрсе айтпады. Бірақ Қазақстанға Малайзиядан бір компания инвестор болып келсе, бұның иесі пәленбай деп, билік басындағы бір дөкейді атайтын.

— Айтпақшы, Болатхан ағаның дипломатиялық қызметі қалай басталған еді?

— Бөкеңнің ең алғашқы елшілік қызметі 1963 жылы Мәскеудегі Халық­аралық қарым-қатынастар институтында оқып жүргенде-ақ басталған. Сабақ­ты үздік оқитын студенттердің арасынан Мәскеудегі КСРО-ның Сыртқы істер министрлігі өз штатына алып, Болатханды Мысырға кіші дипломат қызметіне жібереді. Сол кездің өзінде студент Болатхан халықаралық жоғары мәртебелі қонақтардың арасында тілмаштық қыз­мет атқарған.

Тіпті Мысыр президенті Галаль Абдель Насыр мен СОКП-ның бас хатшысы Никита Хрущевтің арасындағы келіссөздерін, баяндамаларын аудар­ған. Бір жылға Мысырға жұмысқа жіберілген Болатханды Совет елшісі келер жылы тағы да жұмысқа қалдырғысы келіп: «Сені жібермеймін, өзім кеткенде бірге қайтамыз», — дейді екен. Сол жылы Хрущевтің Мысырға келген сапары сәтті болып: «Болатхан, қандай өтінішің бар?» — деп, әңгіме барысында сұрайды. Сонда Бөкең: «Елші мені Мәскеуге қайтарсыншы, оқуымды жал­ғас­тырып, дипломымды алайын, сонан соң қанша уақыт қал десе де, бас тартпаймын!», — деген. Сонда Хрущев сырт­қы істер министрі Громыкоға: «Андрей, жігітті босат, оқуын бітірсін!» — депті.

Мұхтар әкесіне жете туды

-Бөкеңнің ұлы Мұхтар осы күні тәуелсіз ойлы азаматтардың ішінде білімі де, білігі де, ұлтшылдығы да оқ бойы озық көрініп жүр. Онысы Мұхтардың әкеге тарта туған тектілігінен бе, жоқ әлде Еуропалық білімінің нәтижесі ме?

— Қазір Еуропада кім оқымай жатыр? Ақшасы бар адамдардың бәрінің балалары Еуропада оқып жүр. Бірақ араларында ауызға аларлық кім бар? Ал Мұхтар Еуропада білім алғандығынан ғана білікті боп жүрген жоқ. Оған алдымен әке бойындағы тектілік, сонан соң әке тәрбиесі әсерін тигізді деп ойлаймын. Мұхтар бала күнінен әкесімен дос болды, үнемі пікірлесіп отыратын. Бірде теледидарға қарап отырып: «Осы біз қашан басқа ұлттарды (орыстарды айтады. — Авт.) тек теледидардан ғана көре аламыз, сондай уақыт туа ма?» — дейді. Біз күлдік. Айтайын дегенім, Мұхтар жасынан ойлы бала болатын.

Бөкең 14 балалы отбасының кенжесі болыпты. Оған анасы: «Білім ізде, ақи­қат­ты жақта, жаның күйіп кетсе де, шын­дыққа күйе жақпа», — дейді екен. Қандай дана адамдар десеңізші! Анадан сіңген қасиет балаға, немереге жетті! Ал Бө­кеңнің өз кіндігінен бір ұл, бір қыз бар.

Осы күндері Болатхан жазған кітап­тарды қарап отырсаңыз, бүгінгі күннің бет-бейнесі көрініп тұрады. Кейде кеше кешкісін ғана жазып тастап кеткен сияқты сезіледі. Мысалы, тіл мәсе­лесін айтсақ, бұ­рын­ғыдан кері кетпесе, ілге­рілеген жоқ қой. Ол Назарбаевтың шетелдерге бар­ғанда орыс тілінде сөйлей­тініне қатты қамығатын.

— Әңгімеңізге рақмет!

Жұқамыр ШӨКЕ,

Айсұлу Тайжан, медицина ғылымдарының докторы:

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 09 (92) 09 наурыз 2011 жыл

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы