Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Қазбек Құттымұратұлы: «Нарын» деп өткен нар ана

Дата: 12 марта 2011 в 15:10 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Қайран біздің аналар...

Біздің қазақ ақын-жазушыларының арасында аңызға айналған үш Ана бар: бірі — Әбіш Кекілбайдың анасы Айсәуле, екіншісі — Асқар Сүлейменовтың анасы Айтоты, енді бірі — Қайрат Жұмағалиевтің анасы Жаңылғаным. Қазақ жерінің әр пұшпағынан келсе де, Алматыдағы қаламгер қауымның ортақ Анасына, қамқор да қадірлі қазына-қариясына айналған осы бір жандар туралы қанша айтса да артық емес.
Сонымен, бүгінгі әңгіме Құм Нарынның қайсар қызы, отызға толар толмас жасында жесір қалып, Құдайдан сұрап алған Жалғызын жетілдіргенше жарғақ құлағы жастыққа тимеген; отағасынан өлі айрылса, кір жуып, кіндік кескен Отанынан тірідей айырылған; 1952 жылы туған жерін ту-талақай еткен әскерилердің тепкісіне қалдырып, Оңтүстік Қазақстан өлкесіне жер аударылған; жалғыз-жарым жалаңаяқ жылап-еңіреп кетіп, шолақ белсенді басшыларға өкпелеп жүрген Ұлын ғана емес, жеті бірдей немересін Нарынға қайта табыстырып, атамекенге сүйіспеншілікке баулып кеткен Жаңылғаным Өкенқызы туралы болмақ.
Ақ Мамасы, Анасындай болған Аяулы Жан туралы келіні, Қайрат Жұмағалиевтің жары София Нығметоллақызы ой толғайды.

Нарынның ар жағына барғаным жоқ,
Бұл жалған өтер десе нанғаным жоқ.
Құрбыммен өзім теңдес өстім қатар,
Сын артар ата-анама арманым жоқ!
(Жаңылғаным Өкенқызының өлеңінен)
«Мамам 1908 жылы Бөкейлікте дүниеге келіпті. Әкесі Өкен — шеркеш руының белді де беделді, шаруасы шарықтаған отағасы болса керек. Қазір Көктерек деген елді мекен аймағында «Өкен ашығы» деп аталатын жер атауы әлі күнге бар дейді. Сол — біздің анамыздың әкесінің атынан қалған. Кейін жалғыз ұлы ортаға қосылып, Мамамыз туған жеріне мәртебесі биік болып оралып жүрген шағында Әкесіне арнайы құлпытас қойыпты...
Мамамыз шаңырақтың кенже қызы болып, еркін өскен. «Сағат түскі ондарда оянам, анадай жерде үлдірікте өзімнің кішірек тостағаным — татауыма жеңешем қойдың қатығын құйып қояды. Ұйып тұрған сол қатықты қасықпен жалап тауысам» деп әңгімелейтін маған сол бір мұңсыз шақтарын...
Мамам көпшіл, ортаның адамы еді. Ешкімді жатсынбайтын. Кез келген адаммен тең дәрежеде сөйлесіп кете беретін.

Мамамның бір апасы дуды көрсе өзін ұстай алмайтын арқалы жан болса керек. Бір жерде той болады дегенді естісе, өзін байлатып тастайды екен. Әйтпесе, өзін ұстап отыра алатынына сенімді болмағаны ғой. Үйдің сыртына келіп әу дегендерге киіз үйдің ішінде отырып-ақ өлеңмен жауап қатып, айтысады екен.
Мамам өзі таза әрі әдемі киінетін. Біреулер шешеме деп мата әкелсе, дереу көйлек тіктіріп алады, немесе өзі тігіп алады, соны қастерлеп киеді. Және ұмытпай, «мынау пәленнің кигізген көйлегі» деп айтып отыратын. Маған: «Бауырларыңның бергенін қастерлемейсің, әкенің дәулеті деген ерекше болады, ондай дәулетті ешқашан еш жерден көрмейсің», — дейтін.

Бұл Орда — Бөкейліктің бас қаласы,
Басқарған бес жүз мың жан астанасы.
Ел аман, жұрт тынышта жер аударып,
Зарлады-ау Құм Нарынның жас баласы!
(Жаңылғаным Өкенқызының өлеңінен)
1952 жылы, жалғыз ұлы Қайрат Азғырдағы мектептің 8 класын бітіре салысымен елде сүргін басталыпты. Теректі ауыл кеңесіне қарасты бес колхоз түгел таратылып, Оңтүстік Қазақстан облысына жер аударылған. Сол кездегі Ильич ауданының Тельман колхозына қоныс тепкен бөкейліктердің жағдайы өте қиын болыпты. Әсіресе жас балдар, мектеп жасындағы оқушылар жаппай қырылған. Зорлықпен көшірілген халықтың бүкіл құжатын тартып алған үкімет адамдары жаңа мекенді жерсінбей, кейін қарай үдере көшкен елді қайта қуып әкеледі екен. Тіпті құжатсыз жүрген жанды ұстап алса, соттап жіберген.
Алайда, қылышынан қан тамған кеңес те туған жерге деген Махаббатқа тосқауыл бола алмаған. Мамамыз өле өлгенше Құм Нарынын аузынан тастамай кетті. Жыл сайын, ең ұзағанда жыл аралатып Сайхынға, Ордаға, Бисенге келіп кететін. Міндетті түрде ұлы мен келінін, немерелерін ертетін. Тіпті біз жұмыстан босай алмасақ, балаларды алып Өзі кететін. Ең соңғы рет 1991 жылы, дүниеден өтерінен бір жыл бұрын, 85 жасында келіп кетті. Алматыда, асфальтта туған, ауылдан жырақ өскен жеті немересінің бойына Нарынға, қызыл құмға, құмаршыққа... деген сүйіспеншілік дәнін егіп кеткен де Асыл Ана. Нарынға жер теңгермей, «қып-қызыл құмның үстіне ақ жібек көйлекпен төселе отырып, орныңнан тұрғанда, етегіңді қағып жібересің, аппақ көйлекке бір дақ түспейді-ау» дейтін...

Ана тау, мына таумен төтелейін,
Сары інген салып сандық жетелейін.
Құдайдан сұрап алған Қайратжаным,
Құдайдан сенен артық не тілейін?!
(Жаңылғаным Өкенқызының өлеңінен)
Анамыз бір бала деп өмір сүрген адам ғой. Сол үшін тұрмысқа да шықпаған. Өте әдемі кісі болған, суреттерінен де көрініп тұр ғой. Өле өлгенше шашын алты тарам қылып өретін. 86 жасында дүниеден өткенде шашы әлі қап-қара еді, әредік-әредік қана ақ болды. Қайрекеңнің шашы анасына тартқан.
Мамамыздың ұлы үшін көрмегені жоқ. Тамақ жоқ, қиын уақыттарда сауыншы болып жүріп, Қайрекеңе сиырдың үшінші иірімін жасырып береді екен. Оңтүстікке барғанда, ауырып өлім аузында жатқан ұлына бас есепші Әбдіғаппардың боз биесінің сүтін кеселеп сатып әкеліп беріп аман алып қалғанын Қайрат естелік етіп жазды да. Қайрекең әлі күнге дейін сүтті, көжені, жалпы ақты жақсы көреді...
Қайрекең айтады, анасын Оңтүстік Қазақстаннан Алматыға көшіріп алған соң түрлі пәтер жағалап, жиі көшіпті. Сол кезде бұл пәтер иелерімен келісе алмай, күйіп-пісіп жүрсе, Мамам ән айтып жүреді екен. «Оның не?!» — деп сұраса, «Сен менің қасымда болсаң, не көрсем де менен бақытты адам жоқ!» — дейді екен.
Біз орысы бар, батысы бар, ақын-жазушылар туралы оқып, естіп жүрдік. Ал Мамамыз кітап оқымаса да творчество адамына қалай жағдай жасау қажеттігін ерекше білетін. Жалғыз ұлының шығармашылық талабы, қабілеті барын жасынан сезген ғой.
Мен келін болып түскенде байқағаным, Қайраттың үстеліне бөтен нәрсе қойғызбайды, төсегіне ешкімді отырғызбайды. «Шайтан аралап кетеді» дейтін. Қандай тар үйде тұрсақ та, бір бөлмені Қайратқа арнап, өзі жоқта жан кіргізбей жауып қоятынбыз. Мамам титімдей қағаз жатса да қыртысын жазып, Қайраттың үстеліне апарып қояды екен. Мен де кейін солай үйрендім ғой. Кейде маған айтады: «бұлар керегі жоқ деп лақтырып жібереді, бірақ соны алып қойсам, «Ой, Мама, қандай жақсы болды тастамағаның! Мынау маған керек қағаз екен!» — деп қуанады. Сен де тастап қойма!» — деп үйрететін.

 

«Еркекке сенгенше екі босағаңа сен», мен Қайратжанға бір шеге қақтырған жоқпын ғой» дейтін. Екеуміз әңгімелесіп жүріп, ауланың қарын тазалайтынбыз, құлап тұрған жерін жіппен байлап, жөндейтінбіз. «Сен еркек үйде жоқта бар шаруаны істеп қой» деп үйрететін. Үйге қонақ келсе, шауып кететін. Екеуміз қатар жүгіріп жүретінбіз. «Тек баламен кетіп қалма, шаруаң қалып қояды. Бәріне үлгере біл» дейтін. Өзі жалғыз бала өсірсе де бәрін біліп, ақыл-кеңесін аяған емес.

Қайтейін, Жиекқұмнан аса алмадым,
Алшаңдап бөлтектерін баса алмадым.
Сарғайып сағынғаннан бауырларды,
Егіліп, екі көзден жас алғаным.
(Жаңылғаным Өкенқызының өлеңінен)
Мамамның бауырмалдығында шек жоқ еді. Көшеде кез келген адаммен таныса кететін. Сол кісілердің бәрімен кейін туысқандай болып араласамыз. Әсіресе елдің адамдарын бірден танитын қасиеті бар еді. Кейде көшеде келе жатамыз. «Осы кісі Оралдікі болуы керек» дейді де, амандасып, сөйлесе кетеді. «Оны қалай білесіз, мама?!» — деймін. «Өй, орамал тартысынан, сөйлеген сөзінен-ақ танимын ғой» — дейді. Сөйтіп, бірден үйге жүр дейді. Кейбір шешелер айтады: «Келіні жақтырмай қала ма деп іштей уайымдап келіп едім» деп. Үйдің тәрбиесі солай, менде үлкен кісінің бетінен алу, қарсы келу, сөз қайтару деген мүлде болған жоқ. Әкем «алдыңдағы оқуыңды біл, сөзге құлақ аспа» дейтін. ҚызПИ-дің физика-математика факультетін бітірген 1966 жылы келін болып түстім. Мамам кейде ақылын қаттырақ айтып, жөн көрсетіп отырғанымен, келген жұртқа сыртымнан «Ай, біздің Софияжан...» деп ылғи да мақтап отыратынын құлағым шалатын...
Үйімізден қонақ арылған жоқ. Жұмекен, Әбіш, Марат Отарәлиев келетін. Алматының шетінде, СМУ-15 деген жердегі үйімізге сыймай, шарбаққа, шие ағашының саясына кілем төсеп жататын. Елден келген, танитын-танымайтын жандардың да іздеп келіп саялар шаңырағы біздің үй болатын...

Қарағым, айналайын, құмда өскенім,
Қиюлап қызыл мақпал тон пішкенім.
Жаманмен ғұмырымды зая еткенше
Жақсымен бір-екі ауыз тілдескенім!
(Жаңылғаным Өкенқызының өлеңінен)
Мамамның сауықшыл, көптің адамы болғанын айттым. Пәлендей сауаты болмаса да, өз құқығын жақсы білетін өжет, қайратты адам еді. 1943 жылы үздік еңбегі үшін партия қатарына да алынған ғой.
Алматыда араласқанмен араласып, еркін жүріп тұрдық. Машина да жоқ қой. Мамам балалармен жүруге қиынсынбайтын еді. Олардың қалай жыламайтынын білмеймін. Киіндіріп, өзімен бірге алып кетеді. Театрға барамыз. Ол кезде әр елден концерт жиі келеді, үлкен жазушылар келеді. Қайрекең кейде болады, кейде болмайды. Ал біз соның барлығына дерлік қатыстық қой. Кейде өзімнің қолым тимесе, «Демалып келіңіз» деп Мамамның өзін жіберем. Театрдан көңілденіп, жасарып келетін Жарықтық. «Пәленшекеңді көрдім, түгенді көрдім» деп.
Театрлардың премьераларынан да қалған жоқпыз. Пікірлесіп отыратынбыз. Ол кезде театрға үлкен кісілер сирек барады. Анда-санда Әбіштің мамасы барады. Асқар Сүлейменовтің анасы да ерекше адам болды. Бірақ біздің мамамыз бәрінен жеңіл еді. Аппақ болып, жаулығы жарқырап отыратын. Сол кездер ең бақытты шақтары еді деп ойлаймын.
Айтысқа барамыз. Айтыс шіркін алғаш шыққанда керемет болды ғой. Анау Жүрсіндер туған шешесіндей еркелеп келетін. Қалижан аға, Хамит аға бәрі Мамамды жақсы көретін. Кезінде мен келін болып түспей тұрып, Қайрекеңдер пәтерден пәтерге қаңғып жүргенде Қалижан аға біраз паналатқан екен. Хамит аға Мамамды «алтын етек жеңешем» дейтін.
Мамам 1992 жылы 86 жасында қайтыс болғанда, үйімізге адам сыймай кетті. Тіпті бұрын танысақ та араласа қоймаған белгілі адамдар — Әбу аға Cәрсенбаев, Асқар Тоқпанов, Әзілхан Нұршайықов, Тұрсынхан Әбдірахманова, бәрі келді. Небір белгілі кісілер «тәбәрік» деп, Мамамның тұтынған заттарын, кимешегін, тіпті еден жуатын швабра таяғына дейін қалап алып кетті...

Нарынның іші — пана, сырты — дала,
Ат міндім, өзі — ақ моншақ, көзі — қара.
Жігіттер, жалғызбын деп мұңаймаңыз,
Болғанмен өзің жалғыз, Құдай — пана.
(Жаңылғаным Өкенқызының өлеңінен)
Мамамыз балаларымызды балабақшаға бергізбеді. «Онда барса ауырады, біреуі ауырса бәрі ауырады. Ауру баланы баққанша, сау баланы бағайын» дейтін. Балалардың тәрбиесін түгел мойнына алды. Дастархан басында қазақша сөйлетті. Түгел қазақ мектебіне бердік.
Бір жылы әдеттегідей Мамамыз балалардың бір тобын алып елге кеткенде, екі кішкентайы үйде қалды. Бірі үш жарымда, кішісі бір жарым жаста-тұғын. Екеуміз де жұмыстамыз, екі баланы үйге қалдырамыз. Телефонмен сөйлесем, түсте барып қайтамын. «Қой, болмас» деп балабақшаға бердік. «Мамам да үлкейіп келе жатыр, ол кісі де демалсын» дейміз өзімізше. Қайда?! Келгесін бәрін алып алды қайтадан. Балдар да «бізді қайта-қайта дәрігерге апарды, үйтті, бүйтті» деп арыздаған ғой. «Оларың не сендердің?» деп бізге ұрысты.
Жарықтық, жеті бала көрсек те азсынып отыратын.
...1975 жылы жаңа пәтерге көштік. Менің алтыншы балама аяғым ауыр кезім. Төрт бөлмелі тұтас пәтер болмай, көрші тұрған үш және бір бөлмелі пәтер тиді. Қайрат бір бөлмелі пәтерді Мамамның атына толтырып, тосын сый жасады. «Енді Көкемнің өз шаңырағы бар, аруағы аунап түскен болар» деп, Мамам жас баладай қуанды. Сол бір бөлмеде барлық баланы қасына алып жататын. Бізге біреуін де бермейді. Біз әке-шеше болғанмен, балаларымызды қатты айналып-толғана алған жоқпыз. «Немене, емешегің үзіліп бара ма?» — дейтін. Именеміз. Тек кенже баласын ғана Қайрекең кейде сұрап алып, қасымызға алып жататынбыз...

Қарағым, айналайын, кекілдім-ай,
Сұңқардай үш түлеген секілдім-ай!
Нарыннан өлі айрылмай, тірі айрылдық,
Қайтейік, жылай жүріп жетілдік-ай...
(Жаңылғаным Өкенқызының өлеңінен)
Мамамыз балаларды күй, қазақша ән-жыр тыңдатып өсірді. Марал атты үлкен қызымызға «Қазақстан» дүкенінен домбыра сатып әперіп үйге келе жатқанда, алдынан Ғарекең кездесіп, бата беріпті. Мамам сол қызды ұл балаша киіндіріп, ерке өсірді. «Тәйтік болмағанымен, қызым өр болсын» дейтін. Марал домбыраны жақсы тартты, №12 мектепте оқыды, оған қоса музыка мектебінде Карима Сахарбаеваның 4 класын бітірді. Консерваторияға барамыз деп тұрып, журналистикаға түсті. Самал деген қызымыз, Айбас деген жалғыз ұлымыз өлең жазатын. Біз қолдаған да жоқпыз, тиым да салған жоқпыз. Бекзат деген қызымыз көркем суретке бейім еді.
Кенже қызымыз Жадыраның есімін әжесі қойды. Біз «қыз көбейіп кетті» деп қабағымызды шытсақ, «Менің қыздарым — қызыл алтын, жұрттың он ұлына бермеймін, сендер сандалмай отырыңдар, қайырды қыздан көресің бе, ұлдан көресің бе?!» — дейтін...
...Баяғыда, Мамам жұмысқа кеткенде етіктің ішіне тығып қойған шырпыны тауып алған кішкентай Қайрат «мамама құмаршық қуырып қоям» деп от жағып, шошаланы өртеп жіберіпті. Сонда өрттің ішінен Мамамның бұрышына иіссу түйген ақ жаулығы аман қалыпты. Осыны көрген әлдекім: «Жаңылғаным, қайда жүрсең де басың аман болады екен» деп жорыған екен.
Сол сөз айнымай келді, өзі айтқандай, Мамамыз жылап жүрсе де жетілді, жалғыз ұл мен жеті немересін туған жерге жеткізді. Енді міне, біз — Қайрат екеуміз Ақ Жайықта, Орал шаһарында тұрып жатырмыз...

Орал қаласы

«Үш қиян» газеті

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы