Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Жәди Шәкенұлы. Кітап таралымы: екі мың ба, екі жүз бе?

Дата: 14 марта 2011 в 03:20

Бұл  күнде не көп, кітап көп. Сапасына емес, санына қарап жұбанасың-ау. Дегенмен де талайдың табан ет, маңдай тері арқылы өмірге келген осы кітаптардың оқырман қолына тиюі қалай дегенге келсек, көбіміз-ақ жалтақтаймыз. Сыннан сылтау көп. Ең соңында кінәні оқырманның өзіне артып құтыламыз: «Жұрт кітап оқымайды!» — деп. Сонымен не керек, бәріміз судан ақ, сүттен таза сыңаймен айналамызға паңдана қараған боламыз. Бұл бейшаралығын жасырған міскін жанның дәрменсіз тәкаппарлығы екенін қу ішіміз сезсе де, түк білмегенсиміз. Ендеше, шындық қалай?

Мынау жарнамалы жаһанға, жасқаншақ қоғамға, жалтақшыл жастарға шындықты айтудың өзі қиын. Шындықтың бетіне тура қарауға көбіміздің жүзіміз шыдамайды. Өйткені ол — ащы, тосын, ерсі. Алды-артын ойламайтын одағай жанның ожар мінезіндей тентек! Шошына қараймыз.

Ал, мүбада, тыңдауға келіссеңіз, былай: жаңадан шыққан кітаптардың шекесіне «мемлекеттік тапсырыспен 2000 дана таралыммен шықты» деп жазылғанмен, бәрі өтірік. Не бәрі 500 немесе 200 данамен шығады. Шындық осы. Жағаңыз барыңыз жағаңызды, жағаңыз жоғыңыз кеңірдегіңізді ұстаңыз. Олай болса, алдаған кім, алданған кім?

Мәселе — Мәдениет министрінде ме? Байланыс және ақпарат министрінде ме? Жоқ, екеуінің де кінәсі жоқ. Олар мемлекеттік бағдарламадағы 2000 данаға тиісті қаржысын бөледі. Ендеше... Кітапты қой десек, қойшы көбейген мына заманда баспагер де, айлакер де, арада жүрген делдал да аз емес. Қой арам өлсе, кінәлі шопан ба, молда ма?!

Мысалды өзгеден емес өз басымнан айтайын. «Қытайдағы қазақтар», «Балқаймақ» атты екі кітабым Мәдениет және Ақпарат министрлігінің бағдарламасымен жарық көрді. Екеуіне де жаңағы «2000 дана таралым» деген айдай таңба басылған. Алдыңғысының 500 данамен шыққанына куә болдым. Соңғысын мен де, баспадағылар да таппай қалдық. Шамасы 200-300 ден аспаса керек.

Біраз жыл Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығында қызмет атқардым. Менен бұрынғы дәстүр бойынша, мен барғаннан кейінгі кітап таралымы да 500 данамен жарық көріп тұрды. Көне жүйені бұзуға дәрменсіз болдық. Басшы, бухалтер, баспахана дегендей, бәрінің ымы-жымы бір. Қай жағынан қарасаңда 2000 данамен шыққандығын растайтын құжаттар дайын. Ал шындық әлгіндегідей. Біздегі осы жайды өзгелердің басынан да іздедім. «500» данамен шыққан біздікі «мұсылмандығымыз» екен. 200 данамен шығып жатқан кітаптарды естігенде құлап қала жаздадым.

Мұндайды былайғы жұрт қайдан білсін. Әсіресе, маңдайының соры бес елі қаламгер қауымға жаның ашиды. Кітабын шығарып берген баспаға мың алғысын айтып, қаламақы есебінде қолына тиген бес кітабын көтеріп, мақтанышпен лепіріп жүреді. Шамасынша «жуып та» жатады. Араға аз уақыт салып сол кітабын сұрай қалсаң: «Өзім де таппай жүрмін» дейді мүсеуреп. Тіпті кейбіріне баспагердің: «Сіздің кітабыңыз өте өтімді болып, тез таусылып кетті» дегенін де құлағыңыз шалады. Сөйтіп «Рухани азаттық алдық» деп марсиып жүрген қаламдастарымыздың өз кітабына өзі жарымай, мәдениетті қайыршыға айналғанын көріп ішіңіз удай ашиды. Тіпті өз басым осы сұмдықтарға куә болғасын, «мемлекеттік тапсырыспен шығады» десе зәрезап болып,  кітабымды өзім шығарып, өзім саудалайтын болдым.

Өз кітабымды өзім сату барысында байқағаным — сөз басындағы «Жұрт кітап оқымайды!» дегеніміздің нағыз сандырақ екенін тіпті де растау болды. Халық шөлдеп отыр. Алматыда жарнамасы жасалып, тойы тойланып жататын кітаптар ауылға мүлдем жетпейді. Малшы да, егінші де кітап оқығысы келеді. Менің «Қаралы көш» кітабымды іздеп қанша оқырман қоңырау шалды. Қаншасы оқығанын айтып ой бөлісті. Екі рет екі мың данадан басылса да жұрт сұранысын қанағаттандыра алмай әуремін. Солардың бірімен сырласа қалсаңыз: «Баяғыда трактористтің қолында да кітап жүретін еді. Қазір таппаймыз. Кітапханада әбден сары тап болған жарықтық Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов, Қадыр... ескі дүниелер» деп мұң шағады.

Туған ұл-қызына «Іштен шыққан шұбар жылан ғой» деп ыстық мейірмен қарайтын халық болғанымыз себепті кітабымызды да перзентімізден кем көрмейміз. Тіпті жаңағы «500 шыққан» деген сөзімізді ғайбатқа баласақ та, 2000 дананың өзі республика күйінше алғанда өте төмен таралым есептеледі. Қазақстан бойынша ауылды жерлерді қосып есептегенде 5000 ға жақын кітапхана бар екен. Егер үкімет қаламгер қауымға жомарттық танытып, баспагердің бәрі періштеге айналып, кітаптар бес мың данамен шықса да, жұртқа жетуі екіталай. Олай болса, жаңалыққа жатырқай қарайтын ауылдастарымыздың үмітшең ұрпағы оқитын кітабын қайдан табады? Кімді, нені оқиды? Ауылдағы шежіреші шалдың аталарын таратқан рулық шежіресін бе, әлде қалтасы тоқ, ақшасымен «ақын» болған арзан жазғыштарды ма? Ұлт өркениетінің болашық иесі болған ұл-қызымыздың рухани шөлін қандыра алып отырмыз ба? Олар ертең кім болғысы келеді? Отанын, ұлтын, елін, жерін жан-тәнімен сүйетін аты-затына сай тәрбиеленетін жас қазақтар қалай өсіп келеді? Ел ертеңін, ұлт болашағын, мемлекет тізгінін  олардың қолына қалай тапсырамыз!?

Осы жолдарды оқи бастаған редактор мырза, қалай, шындық ащы ма екен? Мақаланы қысқартсам, жұмсартсам деп қолыңыз қыши бастаған жоқ па? Оқырманның айызы қанып отырғанына шүбәм жоқ. Ал мен айтарымды айтсам да амалым таусылып отыр. Қайтейін, алдаған да қазақ, алданған да қазақ. Осыны айтып зарланған да қазақ.

Кітаптың кілті аспанда, біз жердеміз. Алла Тағала сол алтын кілтімізді алақанымызға салған күні күніміз күліп, айымыз жарқырып ұрпақ алдында алаңсыз ұйқыға кететін боламыз. Қазірше, ішкенің ірің, жегенің желім, ұйқың үрей... «Кітап, кітап» деп ұйқысыраймыз. Сөз осы!

«Абай-ақпарат»

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы