Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Мұхан Исахан. Нұх пайғамбар тойлаған Әз-Наурыз Хақ дінге қайшы емес

Дата: 15 марта 2011 в 09:50 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Көшпенді Қазақ өркениетінің ұлы нышандарының бірі ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі екені баршамызға аян. Алайда, соңғы жылдары Наурыз мерекесі жөнінде кейбір фундаментальді түсініктегі діни оқымыстылар ел ішінде жағымсыз пікір қалыптастырып отыр. Олардың пікірінше Наурыз мерекесі бүгінгі күнге үзіліп-талып жеткен көне зороастризм сенімінің сарқыншағы-мыс. Ал, зороастризм — отқа табынуға үндейтін бұзылған сенім болғандықтан, бұл діннің ритуалдары хақ сенімге қайшы екені айтпаса да түсінікті. Расында да Наурыз мерекесі зороастризм сенімінің сынығы болса, онда бұл сыни пікірдің шынайылығына шүбә келтіре алмаймыз. Бірақ, Наурыз мерекесі шын мәнінде зороастризмнің сарқыты ма, жоқ әлде, Хақ діннің төл мерейлі мерекесі ме? Біз бүгінгі шығармамызда осы түйінді мәселенің басын ашуды көздеп отырмыз.

Наурыз зороастризмнің қалдығы емес

Наурыз сөзі — зороастризм сенімінің отаны болған парсы жұртының тілі бойынша «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Бұл сенімде жақсылық жарықтан, жамандық атаулы қараңғылықтан бастау алады. Наурыз мерекесі осы айдың 22-ші жұлдызында тойлануының себебі, осы күні жамандықтың қайнар-көзі түнгі түнектің жіңішкеріп, күндізгі жарықтың ұзаратындығы, зороастризмдегі жарықты ізгіліктің бастауы ретінде бағалайтын сенімімен үйлесім тапқан. Ал, зороастризм сенімінде отқа ерекше құрмет көрсетілуінің себебі, от  — жарықтың бастау-көзі саналады (Бачинин В.А. Религиоведение. Энциклопедический словарь. 56 стр. Изд-во Михайлова В.А., 2005).

Ертеде шығыс халықтары Наурыздың 21-ші күні түнде отты алаулатып жағып, жаңа жылды жарықпен қарсы алатын болған. Әлі күнге дейін парсы тектес ұлыстар Наурыз мерекесінде отты маздатып жағып, үстінен секіріп, өздерін пәле-жаладан тазартып жатады. Ал, қазір ұлтымыздың Наурыз мерекесінде отты алаулатып жағуды үрдістен үзген себебі, отқа табыну ислам сенімі бойынша Ұлы Жаратушыға серік қосқандық саналады. Дегенмен, дәстүрге берік ауылды жерлерде әлі де от ананы шақырып «алас, алас» деп жын-шайтанды қуу, жаңа түскен келіннің босағадан оң аяғымен аттарында отқа май тамызу, өлген адамның басына шырақ жағып қою секілді салттар сақталған. Зороастризм сенімінің мұндай сарқыншақтарының мәдениетімізге сіңісті болып кеткендігін салт-ғұрыптарымызға жіті назар аударғанда ғана бажайлай аламыз. Тегінде, қазір, қазақтар отқа май тамызғанда, отқа табынып жатырмын деп ойлаймайды, тек салтты орындаумен ата-бабаның ризашылығын алуды көздейді.

Десек те, «Наурыз» сөзінің парсы тілінен шыққанына қарап, ғажайып бұл мерекені зороастризм сеніміне телуге бола ма?

Әдебиетші ғалымдар мен өнертанушылар Әз-Наурыз мерекесін қазақ халқы ислам дінін қабылдамастан бұрын тойлағанын айтады. Олардың пікірінше Наурыз мейрамы қазақ халқының көшпелі тұрмысының қуанышты кездерін бейнелейтін ұлық мереке. Қыстоқсанның ішінде мал-жанын шүберекке түйіп, әупірімдеп көктемге әзер шыққан ел — өрістегі малдың аузы көкке ілініп, арқа-басының кеңігенінің құрметіне ұлыстың ұлы күнін ат шаптырып, аударыспақ ойнап, жамбы атып, балуан күрестіріп,  ұлан-асыр той жасайтын болған (Б.Кенжебаев. Қазақ әдебиеті. І том. Алматы 1949, Ш.Хұсайнов, Ы.Дүйсембаев. Қазақ ауыз әдебиеті және халық ойындарындағы театр-драмалық элементтер. Қазақ ССР Ғылым академиясының хабарлары. № 78. Алматы 1950).

Белгілі әдебиеттанушы ғалым Мекемтас Мырзахметовтің пікірінше Наурыз мерекесін көшпелі түркі жұрты зороастризм сенімінен бұрын тойлаған. Оған дәлел ретінде көне «Афрасиаб» жырын мысалға келтіреді. «Афрасиаб» жырында көшпелілер көктем шыға ұлыстың ұлы күнін тойлаған. Ал, «наурыз»  — Иран мәдениетінен Тұран мәдениетіне сіңіскен термин. Яғни, көшпелі түркі жұртының ұлыстың күнін тойлауы «наурыз» терминімен бекітілгенмен, мазмұн тұрғысынан алып қарағанда ұлыстың ұлы күнін тойлау ежелден түркі жұртында бар дәстүр деп біледі.

Наурыз мерекесінің отқақұлдыққа еш қатысы жоқ екенін Жағда Бабалық та өз зерттеулерінде дәлелдеуге тырысады. Абыздың айтуына қарағанда қытай жылнамаларында арғы ата-бабаларымыз саналатын ғұндардың Наурыз мерекесін тойлағаны жазылған. Ғұн қағандары күн мен түн теңелген 22 наурыз күнi таң алаугемде таудың басына шығып, көкке қолын жайып, Тәңiрден тiлек тiлеп, «Әумин» дескеннен кейін, абыздар қобызбен аңыратып тұрып 9 қоңыр күй тартып, іле-шала 365 жiгiт қолдарындағы қобызбен 365 күй тартады. Яғни, әр күнге бiр күйден арнайды. Осылайша Наурыз мерекесі басталып, түрлі дан-дақылдан наурыз көже жасалып, салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындар өткізіліп, ат шаптырып, көкпар тартылып, мерекені мәре-сәре болып тойлайды екен (Жағда Бабалық. Наурыз — мұқым ғаламның жыл басы мерекесі. Қазақстан-Заман газеті. № 11. 2010).

Наурыз мерекесінің түркінің төл мерекесі екенін зерттеуші Бақыт Әбжет те дәлелдеп жазды. Оның жеткізуіне қарағанда көне түркінің мифі бойынша жерді өгіз көтеріп тұр деп есептелінеді. Жерді бір мүйізіне салып көтеріп тұрған көк өгіз мүйізі талғанда екінші мүйізіне қарай ауыстырады. Жерді жылына бір рет қана екінші мүйізіне аударады, осы кезде жер қайта жаңарып, тіршіліктің ояна бастауы жаңа жылдың келгенін білдіреді. Халық өгіз белгі бергеннен халық Наурыз мейрамын тойлауға кірісетін болған. Мысалы, әзірбайжандар Көк Тәңірінің құрметіне жұмыртқаны көкке бояп, оны айнаның үстіне қояды. Жұмыртқа тербеле бастаған кезде өгіз жерді екінші мүйізіне ауыстырды деп, жаңа жылды тойлауға кіріседі екен (Бақыт Әбжет. Наурыз мерекесінің тойлану кезеңдері. Қазақстан-Заман газеті. № 11. 2010).

Ашура мен Әз-Наурыздың аталуы басқа болғанмен...

Зерттеушілердің жоғарыда келтірген деректері Наурыз мерекесінің шығу тарихы үшін аса құнды болғанымен, Әз-Наурыздың Хақ дінге қайшы емес екенін толыққанды дәлелдей алмайды. Әйтседе, Наурыз мерекесінің Хақ дінге қайшы емес, керісінше діни мереке екенін Мәшһүр Жүсіп бабамыздың «Нұх, Наурыз тарихы» атты еңбегінен анық көруімізге болады. Ғұлама бабамыз Наурыз мерекесінің шежіресін былайша тарқатады:

«Бұл наурыздама той болып, қай заманда басталған жұмыс? Жоғарғы жақта сөйленген Нұх пайғамбар еркегі, ұрғашысы араласып, сексен қаралы жолдаспен кеме жасап мініп, алты ай, он күн  суда жүзіп, су тартылып, кемесі Қазықұрт тауына кез болып, соған тоқтап, құрғақшылық көріп, қара жерді басқан. Біреудің әкесі, біреудің баласы, біреудің бауыры, туысқаны қырылып қалып, «салт атты, сабау қамшылы» болып судан шыққан», — деп Нұх (с.а.у)-ның қауымның топан судан аман-есен құтылғандарына шүкіршілік ретінде қазан көтеріп, той жасағандығын жеткізеді. Одан арықарай: «Сөйтсе, сол күнде ай есебімен санағанда «Мұхарамма» айының оны екен де, жұлдыз есебімен санағанда, күннің хамале бір уәжібіне кірген күні бірінші хамале болып табылған. Нұх пайғамбардың тұңғышы — «Сам» деген баласы. Ғараб, Ғажам — сол самның ұрпағы. Біреуі ай есебін ұстап, жыл басын «Мұхарамма» деп санап, оны «Ғашура күні» — деп, мейрам қылып ұстап қалған. Біреуі — Ғажам жұрты, жұлдыз есебін ұстап «Бірінші хамале — жыл басы» деп мейрам қылып ұстап қалған. Мұның ұстап қалған күні число есебімен марттың тоғызына дәл келіп, қыс пен жаздың аударыс, төңкерісіне тұпа-тура, дәлме-дәл шыққан. Мұны біздің қазақ «Бұхар есебі» дейді. Бұл есептен біздің қазақ жұрты орысқа қарағанша, аумай, жаңылмай ұстап келген», (Мәшһүр Жүсіп . Ит дүние. Нұх, Наурыз тарихы. 242 бет. Алматы 2008) дейді.

Машһүр Жүсіп бабамыздың бұл дерегін Жағда Бабалық ақсақал өзінің «Наурыз — мұқым ғаламның жыл басы мерекесі» атты мақаласында былай деп тірілте түседі:

— 1970 жылдары Мәскеудегi Ленин атындағы кiтапхананың архивiнен ескi бiр жырды кездейсоқ оқығаным бар еді. Араб графикасымен жазылған жыр екен. Ол жылдары арнайы рұқсатың болмаса, көшірмесін жасатпайтын. Көшірмесін алмағаннан кейін авторының аты-жөнiн ұмытып та қалыппын. Осы шығармада жер-жиһанды топан су қаптағанда Нұх пайғамбардың кемесi кеп Қазығұрт тауының басына тоқтағаны, дәл сол күнi күн мен түннiң теңескенi әсерлі баяндалады. Нұх пайғамбар күн мен түннiң теңесуінің құрметіне, сондай-ақ, азғынданған қауымның жойылып, жаңа бір тіршіліктің басталғанын тойлағаны суреттеледі. Жыршы бұл мерекені «Наурыз» деп көрсетеді. Бірақ, жыр иесі Нұх пайғамбар қайтыс болғаннан кейiн Наурызды тойлау үрдісі ұмытылғанын, арада үш ғасыр өткенде ғана Наурыз атты алып тұлғалы адам Нұх пайғамбардың бастамасын жалғастырып, жыл басы — Наурызды тойлауды қайта қолға алып, осылайша Шығыс халықтары Наурызды жыл басы мерекесі ретінде тойлауды үрдіске айналдырғаны жырланған (Жағда Бабалық. Наурыз — мұқым ғаламның жыл басы мерекесі. Қазақстан-Заман газеті. № 11. 2010).

Мәшһүр Жүсіп бабамыз жоғарыдағы «Нұх, Наурыз тарихы» атты еңбегінде Ашура мен Наурыздың шығу тегі бір екенін көрсетіп отыр. Расында да мұсылмандық дереккөздер бойынша Нұх пайғамбардың қауымы топан судан Мұхаррам айының оныншы күні — Ашура күні құтылған. Нұх қауымы Аллаға шүкіршілік ретінде қазан көтеріп, дорба түбіндегі там-тұм қалған бидай, арпа, ноқат, бұршақ, құмық секілді дақылдарды айран-сүтке малып, жеңсік ас әзірлеп, арқа-жарқа болып той жасаған. Бұдан кейін адамзат баласы әрбір жылы топан су қасіретінен құтылған күннің құрметіне Мұхаррам айының оныншы күні Ашура мерекесін дәстүрлі түрде тойлай бастаған (Хусейн Алгул. Мүбәрак күндер мен түндер. Ыстанбул-1996). Яғни, бұл деректерден Наурыз мерекесінде дайындалатын түрлі дән-дақылдар қосылып жасалатын Наурыз көже мен Ашура тәттісінің мазмұны бір екенін аңғарамыз. Ал, Ашура мен Әз-Наурыз мерекесі бөлек-бөлек екі уақытта тойлануының себебін, Машһүр Жүсіп бабамыз Нұх (с.а.у)-ның бір ұлы бір жылы 355 күннен тұратын ай есебімен, келесі бір ұрпағы бір жылы 365 күннен тұратын жұлдыз есебін ұстауына байланысты өзгеріске ұшырағанын жеткізеді (Мәшһүр Жүсіп. Ит дүние. Нұх, Наурыз тарихы. 242 бет. Алматы 2008).

Демек, Нұх (с.а.у)-ның қауымының топан судан құтылған күнін Григориян немесе Омар Хаямның күнтізбесімен жүретін Шығыс халықтары жұлдыз есебімен Наурыз айының 21-не тойласа, ал, ай есебіне негізделген хижра жыл санауын ұстанатын өзге халықтар бұл мерекені Мұхаррам айының оныншы күні тойлайды. Тіпті, базбір түркі халықтары Ашура мен Әз-Наурызды бір мезгілде атап өтеді. Мысалы, Ахмет Аляздың айтуына қарағанда Анатолияның Мараш өңірінің тұрғындары әрбір жылы ақпан айының 21-не Ашура деген атпен Наурыз мерекесін тойлайды екен. Яғни, бұдан шығатын тұжырым, қай жағынан алып қарағанда да Ашура мен Әз-Наурыздың бір мереке екенін аңғарамыз.

Әз-Наурыздың сынығы — Қызыр-Ілияс, Манкун, Көрісу, Селт еткізер...

Бүгінгі Түркияның Тракия аймағының тұрғындары Наурыз мерекесін сәуірдің 23-ші жұлдызында «Қызыр-Ілияс күні» деген атпен тойлайды. Қызыр мен Ілияс кім дегенге келетін болсақ, Құранның Кахф сүресінде Қызыр бабаның Мұса (с.а.у)-мен кездесіп, оған хикмет ілімін (илми-ләдуни) үйреткені баяндалады. Ал, Құранның Саффат сүресінде Ілиястың жөйттерге пайғамбар етіп жіберілгені айтылады (Өмер Насухи Билмен. Ислам ғылымхалі. Акшағ баспасы. Анкара. 486-489 б). Әсілі, қазақ халқының дүниетанымында да «Әз-Наурыз мерекесінде «Бақ қарап, Қыдыр дариды» (Ақеділ Тойшанұлы. Бақ пен Қыдыр. Дала мен Қала газеті. 16.10.2010) деген ұғым бар. Яғни, бұл деректерден де Қызыр-Ілияс мейрамы мен Әз-Наурыздың бір мереке екенін бажайлаймыз.

Түркінің бір бұтағы шуваштар наурызды «Нарас» немесе «Манкун» деп атайды. «Манкун» келгенге дейінгі қыстың соңғы екі аптасында қыстан аман-есен шыққанының құрметіне «Саварни» дейтін мерекесі басталады. Саварниден кейін «Калам» мерекесі сәрсенбіде басталып ұлы күнге, яғни «манкунге» дейін бір апта бойы тойланатын болған. Осы шуваштарға қоңсылас отырған Самара өңірінің қазақтары Наурыз мерекесін «Қамал айт» деп атайды. Наурыз мерекесін бұлай атауының себебі, осы күні қамал (көктемнің алғашқы айының парсыша атауы) айы туады. Жұлдызнамада тоқты жұлдызы пайда болады. Ертедегі қазақтар тоқты жұлдызы (қамал) пайда болғаннан бастап қыстың қаһары қайтты, жыл басы келе жатыр деп жаңа жылды қарсы алуға кіріскен (Бақыт Әбжет. Наурыз мерекесінің тойлану кезеңдері. Қазақстан-Заман газеті. № 11. 2010).

Еліміздің батыс өңірінде күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан «Көрісу» атты ізгі дәстүр бар. «Көрісу» дәстүрі Наурыздың 14-не тойланады. Бұл дәстүр бойынша қыстың көзі қырауда шаруаның жайымен жүріп қалған ағайын көктем шығып малдың аузы көкке тиіп, алды-арты кеңейгеннен кейін амандық-саулық сұрасып, бір-біріне сәлемдесе барады. Омар Хаям астрономиялық зерттеулер арқылы күн мен түннің теңесуін дәл тауып, жаңа жыл мерекесін Наурыздың 22-не ауыстырғанға дейін, Наурыз мерекесі айдың 14-не тойланып келген. Яғни, Мекемтас Мырзахметовтың «Наурыз мерекесі зороастаризм сенімінен бұрын бар болатын» — деген пікірін негізге алсақ, көшпелілердің бұрынғы жаңа жыл мерекесі қәзіргі «Көрісу» дәстүрі болуы әбден мүмкін.

Жас күнімізде біздің оңтүстікте Наурыз мерекесі айдың 21-не тойланатын. Біз көзімізбен көріп, куә болмағанмен, осы күні балиғатқа толып, отау көтеруге әзір болған жігіттер ұнатқан қыздарына айна, тарақ сыйласа, бойжеткен қыздар жақсы көрген жігіттеріне кесте тігіп, тәтті ас әзірлеп беретін «селт еткізер», «ұйқы ашар» деген салттың болғандығын үлкендерден еститінбіз. Неліктен «селт еткізер», «ұйқы ашар» салты Наурыздың 21-де аталып өтеді — дегенге келетін болсақ, осы күні жыл басы болғандықтан, жастар бір жас қосумен болашақ жарына айна, тарақ сыйлаумен өзінің балиғатқа толып, отау құруға әзір екендіктерін тұспалдайтын болған. Мағжан Жұмабаевтың атақты Наурыз мерекес» туралы мақаласында «Қазақтар Наурыз мерекесі күні бір-біріне «жасың құтты болсын!» деуші еді» (М.Жұмабаев. Шығармалар. 2-3 том. Наурыз. 356 бет. Алматы — 1996) — деген дерегі, біздің бұл ойымызды жандандыра түседі. Демек, «селт еткізер» мен «ұйқы ашар дәстүрінің астарынан жыл басы болған Наурыз мерекесінің іздерін көре аламыз. Бұдан Наурыз мерекесінің көшпелі қазақ жұртының төл мерекесі екендігін тануға болады. Ал, жаңа жыл атауын білдіретін «наурыз» сөзі парсы тілінен транцформацияланған. Яғни, мазмұндық тұрғыдан алып қарағанда көшпелі түркі жұрты «наурыз» терминін қабылдағанға дейін де Қызыр-Ілияс, «Көрісу», «Селт еткізер», «Ұйқы ашар» секілді дәстүрлер арқылы жаңа жылды мерекелеген деп топшылауға негіз бар.

Нұх пайғамбардың Әз-Наурызы Исламға таңсық емес

Дәстүрлі исламда құқықтық үкім берудің он бір қайнар-көзінің бірі «шариғаттан бұрынғы шариғаттар» деп аталады. Бұл қайнар-көз бойынша көне діндердің құндылықтары Хақ діннің қағида-ұстындарымен қабысып жатса, онда ол құндылықтарды ұстануға толықтай рұқсат беріледі. (М.Ә.Зехра. Исламдағы саяси, сенімдік, құқықтық мазхаптар тарихы. Ыстанбул — 1996). Ал, Наурыз мерекесінде бір кездері орын алған от жағу үрдісі әлдеқашан салт-дәстүрімізден шығарылып тасталғанын негізге алсақ, Нұх пайғамбар тойлаған Наурыз мерекесінің исламға ешқандай алабөтен емес екеніне көз жеткіземіз. Тіпті, қазақ халқы бұл мерекеге «әзиз» атауын беріп, ұлыстың ұлы күнін «Әз-Наурыз» деп қастерлейді. Сондай-ақ, Әз-Наурыз мерекесін тойлау барысында атқарылатын ағаш отырғызу, көкпар, бәйге, аударыспақ, теңге ілу, балуандар күресі, айтыс, ән-жыр мен терме-толғау айту секілді дәстүрлер де Имам Ағзам мектебіндегі «әдет-ғұрып» (Хайреддин Қараман. Ислам құқығы. Измир-1996) қайнар-көзіне қайшы емес. Атам Қазақ Әз-Наурыз мерекесінде «Ұлыс оң болсын!», «Ақ мол болсын!», «Жаратушымыз жарылқасын!», «Жасың құтты болсын!» деп, ізгі-тілектерін жүректен ақтара айтады. Көктемнің келгенін алғаш жеткізетін құсты «Наурызек» деп атап, оның ұшып келуін жақсы ырымға балайды. Осы ұлық мереке күні дүниеге келген жас сәбилерге азан шақырып «Наурызбай», «Наурызгүл», «Мейрам, «Мейрамгүл» деп ат қояды. Бір-бірін өлімге қимағанмен, өкпеге қиятын халқымыз ұлыстың ұлы күнінің құрметіне көкіректе беріш боп қатқан өкпе-назды ерітіп, бір-бірін құшағына алып, төс қағыстырып, қайта жарасып жатады. Демек, осындай ізгілікке құралған ұлыстың ұлы тойы — Әз-Наурызды қалайша Хақ дінге қайшы деп айта аламыз?!

Түйін

Уағында ұлтты ұлыстың ұлы күнімен қайта қауыштырған Өзбекәлі Жәнібеков «Наурызды елден, елді Наурыздан ажыратуға болмайды», деп Әз-Наурыздың Алаш жұрты үшін қаншалықты маңызды екенін дөп басып айтқан болатын. Әз-Наурыз халықтың көңілін көтеріп, қуанышқа бөлеп, ізгі-тілектер айтысып, жақсылыққа үндейтін Хақ дінге қайшылығы жоқ халқымыздың ежелден тойлап келе жатқан жыл басы мерекесі. Бұл ұлық мерекеге бір сәт өзгенің көзілдірігімен емес, өз көзімізбен қарасақ ғана, даурығуды қойып, салт-дәстүрдің даналығын терең сезіне алмақпыз. Ендеше, осыны ұғып-білуді Тәңір-Тағала фундаментальді түсініктегі бауырларымыздың пешененесіне жазсын деп  тілейміз! Нұх пайғамбардан бері тойланып келе жатқан Әз-Наурыз мерекесі құтты болсын ағайын! Дәйім ұлыс оң болып, ақ мол болсын Алаш жұрты!

«Қазақстан заман» газеті

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы