Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Болат Мүрсәлім. Жел жағында панасы

Дата: 15 марта 2011 в 13:30

Бүгінде қалың қазақ жұрты Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 1917-20 жылдар аралығындағы Алаш автономиясын құру жолындағы күресін біршама жақсы біледі. Алайда, Әлекеңнің 1905-08 жылдардағы Омбыдағы, 1908-16 жылдардағы Самарадағы, 1922-37 жылдардағы Мәскеудегі өмірі мен қызметі туралы деректер үзік-үзік қана. Әсіресе, Әлекеңнің Мәскеудегі кезеңінде жұмбақ көп.

Неге?

1921-22 жылдары Қазақ даласында екі миллионға жуық адам аштыққа ұшырады. Бұған Ә.Бөкейхан бастаған бұрынғы «алашордашылар» шыдамай, «Аштарға көмек» комитетін құрған. М.Шоқайдың жазуынша, «Қазақтар ит етін жеуге мәжбүр болған сол жылдары Сталин партия съездерінде Ресейге шошқа етін жеткізуді міндеттеп», мінберді тоқпақтап жатқан. Алайда, ГПУ тыңшылары алаш зиялыларының қазақтарға жәрдемдесу әрекетін Мәскеуге: «Моңғолия мен Қиыр Шығыстағы жағдайды, Бакичтің бандылары мен Унгернмен байланысу арқылы Бөкейханов Қазақстанда Кеңес өкіметін құлатпақ ниетте» деп түсіндірді. Әлекеңнің інісі Смаханның естелігінше, «22 жылы 10 октябрьде милиция келіп «арестовать» етіп, Қарқаралыға әкетті. Қарқаралы қазақтары амандасып, жыласып қоштасты. Әлиханды сол бетінше Мәскеуге әкетті».

Патшаға қарсы Выборг үндеуіне қол қойғаны үшін Әлиханды Ресей билігі 8-9 жыл әуелі Омбы, кейіннен Самараға жер аударған. Яғни, Ә.Бөкейханға 1916 жылға шейін Қазақ жеріне келуге тыйым салынды. Ал, бұл жолы Мәскеудегі Кеңестік билік Әлекеңді мүлде құса тағдырдың иесіне айналдырды. Сөйтіп, Ресей империясы мен Кеңестік билік Әлиханның маңдайына жиыны жиырма бес жылдық жер аудару мен түрмені жазды.

Жақында алаштанушы С.Аққұлыұлы Сталинның Әлиханды Қазақстанға жібермеу туралы хатын жарияласа, жазушы Т.Жұртбай Әлекең Сталиннің «қасында жүріп» қазаққа пана болу үшін Мәскеуді өзі таңдаған деген пікір білдірді. Біздіңше, Сталиннің Әлиханды Қазақ жеріне жіберуден сескенгені де рас, Әлиханның саяси шешімдерге ықпал ету үшін «Кремльдің түбінде» отыруға мүдделі болғаны да рас.

Тарихи деректер Әлиханның Мәскеудегі Үлкен Кисловский көшесі, 4-үй, 15-пәтерінде Кеңестік Қазақстанның сол кездегі басшыларының түгелге жуығы болғанын айғақтайды. С.Қожанов, Н.Нұрмақов, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, Ж.Сұлтанбеков, Ә.Әлібеков — тізімді соза беруге болады. Содан ба, қазақты қырғынға ұшыратқан Ф.Голощекин: «Қазақтар Қазақстанды қалай басқару керектігі туралы бірінші басшы Голощекиннен емес, Мәскеудегі Бөкейхановтан ақыл сұрайды» деп ашынса, осы сөзге сүйенген болса керек, И.Сталин: «Мәскеуге келген қазақ басшылары қонақүйге түскен соң, әуелі маған емес, Бөкейхановқа сәлем береді» депті. Шындығында, Голощекин мен Сталин сөзінде аздаған әсірелеу бар, дегенмен сол кездегі қазақтың ең өзекті мәселелері: қазақ шекарасы, жер бөлісі, қоныстандыру ісінде мұқым қазақ саяси элитасы Әлиханнан ақыл алғаны анық. Әлихан болса, елін сағына: «Әли жолдас! Сен мені қазақ Наркомземнің атынан Қызылордаға он бесінші октябрьге шақыртып маған қағаз жаз» деп, үздіге хаттар жіберуге мәжбүр болды.

1937 жылы Әлиханды ату туралы үкім шығып, ол сол күні-ақ іске асқан. Ал, Әлиханның аты-жөні «1-категориялы» деген тізімнің ішінде тұр. Бұл тізімге күнделікті Сталин қол қойып отырған. Осы деректерді зерттеу барысында Әлиханның сүйегінің күлі Мәскеудегі Дон зиратына жерленгенін анықтадық. Ол туралы С.Аққұлыұлы өз мақаласында былтыр «Мемориал» қоры арқылы бұл деректі нақтылай жазған еді.

Биыл Ә.Бөкейханның 145 жылдығы. Жүрегі «Алаш» деп соққан қазақ қоғамы бұл жылды ескерусіз қалдырмас. Осы жылы Әлекеңнің Омбы, Самара, Мәскеу жылдары туралы тың дүниелері жарыққа шықса, «Әлихан тағылымын» ұғынудың мазмұнды белгісі осы болар еді. Ал, былтыр Орынбордағы екі үйге тақта орнатқан ҚР Мәдениет министрлігі мен Қазақстанның Ресейдегі елшілігі биыл Мәскеудегі Әлихан 15 жыл тұрған үйге ескерткіш тақта, Дон зиратындағы Ә.Бөкейхан мен Н.Нұрмақовтың сүйегінің күлі жерленген қорымға қалақтай белгі қойса, ол да бір Алашқа деген құрмет. Әйтпесе, 37-жылдан бері Алаш көсемінің басына Әлиханның жалғыз ұлы Үгедейдің баласынан басқа тірі пенде ат ізін салмады. Әлде, Алаштың «Жан сырын» жазған Мағжан:

Болмаса, молама да бармас па екен?

Атымды аузына да алмас па екен?

Қарайып жапан түзде жалғыз тұрған

Молама көз қырын да салмас па екен? — деген өлеңін біздің осы самарқау күйімізді шамалап сезіп жазды ма екен?

«Алаш айнасы» газеті

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы