Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Нағашыбай Қабылбек. Поэзия кім көрінген шомылатын көлшік емес

Дата: 18 марта 2011 в 15:40 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Қазақ поэзиясы жайлы әр түрлі сыни пікірлер айтылып қалады. Оның құптап қолдайтыны да, сөз етуге тұрмайтыны да бар. «Сын шын болсын, шын сын болсын» деп Мұхтар атамыз айтпақшы, айтылған сындардың ішінен ерекше ескеруге тұрарлықтары поэзияның сыршылдығы, сұлулығы, кербездігі, әуезділігі жайлы жазылған сүбелі  пікірлер. Өйткені, жүректі жарып шыққан өлең күннен тараған шуақ сияқты төгіліп, жаныңды нұрға малып тұрса құба-құп. Жырдың қадір қасиетін шынымен түйсінген жанға, «Ақын боп ғұмыр кешудің қиындығын» (Төлеген Айбергенов) сезінбейінше, ақ қағазға мөлдіретіп келісті жыр моншағын шашуға жүрегің дауалай қояр ма екен.  Алланың берген ерекше қабілетін «болмашы нәрселерге айдап салып» (Мұқағали) шабыт арғымақтың тұяғын тоздырып, сүріншек ету ақынның әлсіздігінен хабар берсе керек-ті.

«Дүрбелең мынау дүниенің» дүбіріне үн қосу ақынға тән десекте, өзінің «жан ләзатын» ғана қанағаттандырып, өзгеге көңіл бөлмеу шабыт иесіне абырой әпермесі тағы белгілі. Ойлы оқырманның санасына сыналап кіріп «ап-бәрекелді» дегізбеген жырдың қуаты кемшін, тұзы татымсыз, соры қалың. Талғампаз оқырманды «шөп те өлең, шөңге де өлең» деп алдарқататын кезең келмеске кеткенін бүгінгі орта жастан асқан сарабдал ақындардың ескергені жөн-ау дейсің амалсыздан. Әйтпесе қазақ поэзиясында жасы алпыстан асса да «жас» ақындардың санатында жүрген ағаларымыз бар. Ескі досы шабытының қарымын байқағысы келіп бабы келіспеген жыр шумақтарын таң асырмай-ақ аламанға қосып қара өлеңді қара өкпе қылғаны аздай, саясаттың желіне желең шығып желдіртеп алады кейбірі. Расымен-ақ сөздің бәсі төмендеп, жырдың мәні қаша бастады ма, жүгенсіз кеткендерге «әй» деп жатқан жанды көрмейсің. Шу асау өлеңге тай кезінде бұғалық тастап, езуінен қанын тамшылатып тақымына әбден үйретіп алғандықтан болар, қамшылап емес қақпақылдап жүргізуге көшті бәзбірі.  Онымен қоймай қысы-жазы арқасынан ерін алмай «жаратып», қой торыға айналған көнбіс жырды оты қашқан үй маңына арқандап ұстап ығыр еткен ағаларға не айтарсың... Мысалды жүздеп келтіруге болар еді, бәле қуғандай болмайық деп шектен шыққан мына ақынға тоқтау айтпақпыз.

Көрген түйгені, тіршіліктен сезіп білгені, оқыған тоқығаны, өлең секілді бекзат, кірпияз дүниеге сары майдан қыл суырғандай ыждаһатпен қарап талғап жазатын біреу болса ол Нағашыбай Мұқатов болуы керек еді. Санамалап отырсаң алмаған асуы, шықпаған биігі жоқ ағамыздың. Табақтай-табақтай он шақты кітаптың авторы. Жас болса жолын кеспей келешекте кемелдене түсер деп, құла тайын қамшылап сәт-сапар тілер едік. Сөз еткелі отырған ағамызға олай айту қисынға келмейді. «Бәрін де көрдіңіздер, бәрін де бердіңіздер, бәріне сендіңіздер, алпысқа келсек екен енді біздер» деп Мұқағали жырлаған жаста. Анау-мынау емес Қостанайдың адуынды ақыны. Торғайда ол кісінің «атағынан» ат үркеді. Сөйте тұра артынан ерген  іні-қарындастарына үлгі көрсететін «жыр құмардың» өзі пендешілікке салынып өлеңді «ермек» етіп отырғанын қарасай.

Өлең құрастырудың техникасын жетік меңгеріп алғанын көрсетіп, балталасаң бұзылмайтын шумақтарымен сөз патшасының әсем сарайынан жиі бой көрсете беруі жырға жаны ашитын адамды бей-жай қалдырмасы анық. Бір қайнауы ішінде кетіп қаны сорғалаған дүмбілез дүниенің жарыққа шығуына жол беретін басылымдар көп. Оларға сөзіміз өтпей түңіліп болдық. Алайда атағы дардай маңдай алды  газетіміздің редакторы мен журналистеріне не айтсақ болады? Бұл не сонда, көңіл жықпастық па? Жоқ, әлде поэзияның бүгінгі жеткен биігінің көрсеткіші ме? Әлде басқа «дені дұрыс» өлең жоқ па басатын?

Оқырманға түсінікті болу үшін тарқатып айтайықшы. Жуырда «Қазақ әдебиеті» газетінің 11-17 наурыз, жұма, 2011 жылғы №10 (3226) санында поэзия бетінің қақ жарымын алған Нағашыбай Мұқатовтың «Қазағыма қазылған қабір — күншілдік» атты топтамасы жарыққа шықты. Тақырыбына қарасаң күншілдікті қабірге теңеу сәтті шыққандай көрінеді. Бір қарағанда солай. Тереңірек үңілсеңіз «Қазағыма қазылған қабір — күншілдік» дегенде ақынның нені меңзеп тұрғаны түсініксіз. Сөйлемнің астарына мың сан үңіліп тақырып таңдауда да ақынның қатты қателескенін байқадық. Біріншіден «Қабір — күншілдік» қазақтың ғана жолына қазылған деуге негіз жоқ. Екіншіден «Күншілдік» жер бетіндегі барша ұлттың жамандарының бойына ұялаған вирус. Оны жоятын антивирус әзірге таптырмай тұр. Мұны сөз орайында айтып жатырмыз. Әйтпесе таптауырын болған жалаң сөзге жаны құмар ақынның бұдан да сорақы шумақтарына «сүріне» жүріп көңілге түйгендерімізді алдарыңызға «мүшелеп» тартсақ та аздық етпес еді. Топтамаға алты «отты» өлең басылған. Алғашқысы «Сөз қайда».

«Алдыңнан алауламас от-намыс кіл,(!)
Тұнжырап төмен қарап көп таныс жүр.(??)
Санаңа самғап барып(!) (қызық теңеу)сүңгитұғын,
Сөз қайда зулағанда (Үстіңгі жолда самғаса, астыңғы жолда зулайды) оқтан ұшқыр.

(Ұшқыр да самғау мен зулаудың «бауыры». Қарап тұрсаңыз бір шумақта мағанасы бірдей үш сөйлем иық теңестіріп бірге жүр). Әр шумақтан соң «Сөз қайдамен» аяқталатынына қарағанда, ақын алдымен айтар сөзін (ойын емес) қағазға рет-ретімен түсіріп алып содан кейін кірпіш қалағандай өретін болуы керек. Әбден қалыптасып алған ғой сондайға.

Одан әрмен ақын былайша толғанады. «Жақсыны жалмауыздар (!) жалмап жатты, (бұрын соңды біз естімеген теңеу)
Жақсылап аялайық арман-бақты. (қайдағы арманды айтып тұр)
Сілекейді ағызған тек ауыздан (сілекей басқа қай жерден ағады)
Сөз қайда шекер менен балдан тәтті».

Соңғы жолға бастапқы жолдардың қабыспай тұрғаны өз алдына, шекер мен балдың синонимдері бір болғандықтан соңғы «шешуші» сөйлемдердің арасына «лай» салынбаған.

Күн түгіл, қара түнде қалғытпаған (апырай не деп кетті деп шошына бастағанымызда),
Кісіні жаратқан-ау нар ғып далам (деп жолға салғандай болды)
Сақталған сандығында сан бабаның
Сөз қайда сары алтыннан артық маған. Соңғы екі жол үшін алдыңғы екі жолды «еңіретіп» әкеліп қатарға қосқаны көзге ұрып тұр.

Енді «Өмір деген» өлеңге назар аударыңыздар. Мұқағали ақын «өмір деген бұйым емес қолдағы, Өмір деген ұлы бекет жолдағы» деп жырлаған «өмірге» ақын ағамыз басқа «қырынан» келеді.

«Жанар оты жүгірмейтін жоқ алап», (Бұр ешкім жазбаған тың теңеудің түрі)
Жатады ғой жол бойында жота қап.(жол жиегінде не жатпайды ағасы-ау)
Өмір деген тас жол емес төселген, (бұл енді заманауи теңеу)
Өзіңді шаршатар кедір, бұдыр, шоқалақ».

Поэзияға тән қандай жылылықты байқадыңыз. Жол секілді өлеңде соғып тастаған болар, сәл шыдаңыз? Машинаның ішінде келе жатқанда туғандықтан «шынайы» шықсын деп қолына қаламсабын алып жаза салған шығар деп көз жұма қарайын десең, нағыз «қызығы» артында екен.

«Айнала құбылса адам неге қалғыды, (!)
Алақанға зәру, сірә, әр гүлі.(!)»
Өмір деген өзен емес тап-таза
Өріп жүреді бақа, шаянның барлығы. (Ал керек болса).
Көл жиегінде көкте, жайқал құрағы,(?!)
Көкіректерден көтеріле бергей ұраны(!?)
Өмір деген тамылжыған сұлу таң емес(?!)
Бар ғой оның бұлты, түні, тұманы.(?)

Сыр шертуге бәрі, бәрі хақылы, (Әп-бәрекелді!!)
Сірә, болғам жоқ бұл дүние жат ұлы.(Не деп кетті ақын)
Өмір деген жасыл түсті шөп емес, (!) (апырай солай ма еді)
Бәтеңке астында балшық, құмы, тақыры.(!?). (қап бүлдірді-ау)

Міне жиырмасыншы ғасырда топқа түсіп, арқалы ақындардан бата алып, шашасына шаң жұқтырмай, жиырмасыншы ғасырдың есігін теуіп кірген «құлагердің» екпіні.

Үшінші өлеңінің «есімі» жаман емес. «Адамды адам түсінбесе». Адам тағдыр туралы жазбаған ақын бар ма, тәйірі. Әлем әдебиетінің классиктері де адам өмірінің қыры мен сырын ашамыз деп ғазиз ғұмырларын арнады. Бірақ олар жырлады екен деп бұл тақырып таусылып, сарқылып қалды деуге бола ма? Әр ақын өзінше жырлады. Біреу еліріп жырлады, біреу егіліп жырлады. Әлі күнге жырланып келді. Қазақтың адуынды ақындарыныңда бұл сүрлеуде іздері жатыр. Әрине тапталып жатқан тайғақ жолдан өз соқпағыңды табу үшін бойды «буатын» шабыт қана емес, еңбекқорлықпен, ізденістің, талғампаздықтың, алланың берген бір түйір бағы таланттың ақынға қол ұшын созатын кезіде осы тұс.

Ал Нағашыбай Мұқатов ағамыз адам жайлы қалай тебіренеді десеңізші.
«Жақсыларды қай жойқын күш жанша алар,(!?)
Жарастығына жалт бұрылып тамсанар (?!)
Ұлтына қарап қақ бөлінетіндер қауіпті (!) (Не айтқысы келіп тұр екен ақынның)
Ұятсыз, арсыз, көргенсіз де дәл солар» (!)

Айыпқа бұйырмаңыздар ақынның не айтқысы келгендігін түсіне алмағандықтан, «өрем» жетпегендіктен бұл шумаққа талдау жасамай желдіртіп өте шықпақпын. Келесі шумақ былай басталады.

«Шынымды айтсам оң қолыма нан ұстап, (нан ұстап айтқасын сенеміз ғой, бірақ қандай шындықты айтпақ ақын?)

Шын баптаған балапаның әрі ұшпақ. (Балапанның әрірек ұшатынына ант-су ішіп керегі не ?)

Аяқ-табағы араласқан ағайын (!) (Жоғарыдағы шындық пен балапан қайда қалды, ағайыны несі)
Аяқ астынан амандаспайды алыстап. (!) (Түк түсінсек бұйырмасын.)

Осымен қоя қойса жақсы болатын еді, шабыттанған ақын бой бере ме, ойын кілт бұрып «ғаламат» теңеу айтады. Адам баласы жаралғалы ешкімнің қолына түспеген сурет, көркем кесте.
«Ақылдың бойы жусаннан да аласа-ақ, (сіздерді білмеймін бұл теңеуді өзім алғаш рет естіп таң қалып сілекейім ақын айтқандай аузымнан шұбырып отыр)
Ақ жүрекке жүргендей ме жара сап» (Мұнысы енді жарамады, әп-әдемі ән еді пұшық шіркін қор етті-аудың кебі келді.)
Келісу емес, керісуі көп өмірде,(!)
Жүгереді адам пышақ, мылтық ала сап.(!?) (Ақынның бұл жердегі «кемшілігі» пышақ, мылтық алып жүгеретіндердің атын айтпай жасырып қалғандығы. Әйтпесе қазақша тіл үйреніп жүргендерге жаттатқызып-ақ қоятын шумақтар.)

Жоғарыда топтамасына «Қазағыма қазылған қабір — күншілдік» деп неге ат қойды десек, «күншілдік» деген өлеңіндегі «сәтті» жолдардың құрметіне таңдалып алынған болып шықты. Бірге оқиық.
«Көрсетті көргенсіз жағып май шамдарды,(!)
Тарландар тағы сөзден тайсалмады. (!)
Күншілдік көктен құлатып көсемдерді (Қалықтап ұшып жүргенде демегеніне шүкір)
Күншілдік жерлеген ғой жайсаңдарды». (Келесі шумағы құла түзге лағып кетеді)
Кімге керек қарап тұрып қаралау,(?!)
Кімге керек жүректі жиі жаралау?!(?!)
Күншілдіктің әлем-тапырық иісі (!?)
Күнде кірер әжетханадан жаман-ау!

Дәл бұлай «жеріне жеткізіп» айту екінің бірінің қолынан келмес. Дегенмен ұлы Абайдың «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол — ақынның білімсіз бишарасы» деген ғибратты сөзі көкейімнен кетпей тұрып алды осы жолдарды оқығанда.

Бәлкім адамның ойы қасаңданып бара жатқанда, қоғам ақшаны дәріптеп, ұлт руханияты құлдырап, майда-шүйде асыл жырға арқау болған заманда, адам баласы ойлаудан «қажи» бастағанда астарлап, көркем теңеу іздеп ой әлемін кезіп «шаршағанша», лақ еткізіп «төгіп» айту керек те шығар. Күлбілтелемей Нағашыбай Мұқатов ағамыз секілді көзге шұқып айтсақ, біреу болмаса біреу оқып «күншілдік туралы ақын жақсы айтыпты» деп бұл сөзге ән жазар. Ол ән жалпы жұртқа жайылып хит болар. Себебі бұл кісі орысы көп ортада танымал жан. Тілінің «аздап» шорқақтығы, теңеуіндегі «ұрдажық» ойлары өлеңінде жиі кездесетін үстірт шумақтары, ресми тілмен қарым-қатынаста жиі болғандықтан шұбарланып кетіп,  жайылып, еркін жазуына кедергі келтіріп жатуы да мүмкін екендігін «ескерген» дұрыс. Әйтпесе атына қанық азаматтар «ой, ол үлкен ақын» деп бастарын шайқап сөйлегенде сеніп-ақ қаласың. Ал жоғарыдағы жырларды шабыты жоқ кезде жазған шығар деуге тағы келмейді. Шабыты жоқ кезде өлеңмен «ойнайтындар» кеңестің тілімен айтқанда «халтуршиктер». Олардың заманы өткелі қашан. Өздерімен бірге өлеңі де жоғалды бейбақтардың. Аттары да аталмайды. Рәсуа болған қағазға жаның ашиды, әттең. Түсінгенге осының өзі сабақ емес пе?

Қате түсініп қалып жүрмеңіздер ағамыздың «ақындығын» тартып алғалы отырған жоқпыз. Дәмін «татып» қалған киелі өнерден шеттетуге шамамыз да жетпес. Біздікі тек қана «судың да сұрауы болатыны» секілді, жырдың да киесі барын есіне салу. Жазғыш деген жаман аттан абай болсын деген ізгі тілек. Аузына келген сөзді төпелеп жаза беруден пайда жоғын, «Көңілдегі көрікті ойдыңда ауызға түскенде адыра қала беретінін» (Мұқағали), ақынға (егер сол деңгейде болса) ескерту. Келешекте ақ қағазға ителгідей шүйліккенде «екі шоқып бір қарап», оқырман деген сыншы жұрттан «именіп» отыруын талап ету. Тағы бір өтінішіміз — сөзімізден қорытынды шығарып жатса поэзия айдынына кез келген уақытта шомыла беруді доғарса. Тіпті, мүлде ат басын бұрмай кетсе тамаша болар еді. Әйтпесе поэзияның шалқарына жуынып жүрген жастарға тамшылаған шумақтары «жұғысты» болып асыл мен жасықты ажыратудан қалатын түріміз бар.

www.masa.kz интернет газеті

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы

Читайте также