Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Төреғали Тәшенов. Сәулесі бар Наурызда сан ғұрыптың

Дата: 19 марта 2011 в 14:50 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

1988 жылы 60 жылдан кейін тұңғыш тойланған Наурыз мерекесіндегі халық көзіндегі қуаныш, жүрегіндегі лүпіл қандай еді, шіркін! Сол қуаныш, сол лүпіл жылдан-жылға азая бергендей, азая бергендей. Олай деп отырғанымыз, соңғы жылдары Наурыз нағыз отбасылық та, халықтық та мереке емес, жасанды, фольклорлық-этнографиялық еске алу сынды мерекеге айналып барады. Жылда бір сағындырып келетін Әз Наурызды әр шаңырақтан бастап, толыққанды жалпықазақстандық мерекеге қалай айналдырамыз? Осы орайда көршілеріміздің Наурызды тойлауда бізден қандай өзгешеліктері бар, не үйренуге болады екен, көз жүгіртіп көрелік.

Соңғы кезде Наурыз мерекесінде ішіп-жеуден (онда да киіз үйге кіретін әкім­қа­ралар ғой) аса алмай қалсақ, көршілес Шы­­ғыс халықтарында бұл мереке — аса үл­кен халықтық серуен, ипподромда бәйге өте­тін, боз кілемде балуандар белдесетін, ит пен әтеш төбелестіріп, қошқар мен бұқа сү­зістіретін, керілген арқан үстінде би­лейтін ең қызық думан.

Өзбекстанда Наурызды тойлаудың ең басты атрибуты — көршілердің бірігіп, бір қазанда сүмөлөк қайнатуы. Наурыздың 20-нан 21-не қараған түні әйелдер түні бойы ән салып, би билеп, әзіл-қалжың айтыса оты­рып, абыр-сабырмен сүмөлөк қай­натады. Ол үшін 1 метрге дейін ошақ қа­зып, үстіне қазан орнатады. Сөйтіп, ошаққа тек қана жеміс беретін ағашты отын ғып жағады. Бұл дәруменге бай неше түрлі дәмнен жасалатын тәтті ас туралы аңыз көп. Соның бірінде Мұхаммед пай­ғам­барымыздың қызы бибі Фатима қос ұлы Хасан мен Хұсанды аштықта немен тамақтандырарын білмей, қарны шұр­қыраған балаларын алдарқату үшін жерден көк шөп жұлып, оны таспен бірге қазанға сап, үстіне су құйып қайнатқан деседі. Сөйтсе, шөп дегені жас бидайдың сабағы екен, керемет дәмді сорпа боп шығып, қос ұлын әбден тойдырған екен дейді. Бұл енді Ислам діні келген соң шыққан аңыз болса керек, әйтпесе сүмөлөктің тарихы сонау Зороастризмге барып тіреледі.

Сол көнеден қалған дәстүр бойынша, сүмөлөк қайнатқанда, өріктің дәнегіндей жиырма шақты тас теріп әкеп, әбден жуып, қазанға бірге салады. Кейін сол тас кімнің табағына түссе, ол бақытты адам. Әлгі тасқа қарап тілек тілесе, сол тілегі сөзсіз орындалады деседі. Тастың орнына кейде грек жаңғағы салынады.

Өзбектерде бала көтермей жүрген келіншекті емдеу дәл осы сүмөлөк пісіру­мен сәйкес келеді. Бала көтермей жүрген әйел түні бойы сүмөлөк пісіп жатқан қазан-ошақтың басында отыруы керек те, сүмөлөк піскен соң, қазанды қалай оттан алады, солай келіншек күйеуінің шапанын киіп, тұп-тура қоздағы шоқтың үстіне отырады. Қанша уақыт отырады, ол келіншектің шыдамы мен тілек-ниетіне байланысты. Кәрі көздердің айтуынша, осын­дай процедурадан соң аяғы ауыр­ламайтын әйел болмайды екен. Көптеген бала көтере алмай жүрген келіншектер дәл осы қасиетті тағам — сүмөлөк пісіретін күн­ді жыл сайын асыға күтеді.

Халықтық сенім бойынша, өзбектер Наурыз күні үйге бірінші боп бас сұққан адамға көп нәрсе байланысты деп қарайды. Жаңа жылдың алғашқы қонағы атына заты сай, пейілі түзу, оң ниетті, ең бастысы, қой егіз табатын құтты қонақ болса деп ті­лейді.

Ал Душанбеде мерекенің ең басты атрибуты — адамның аюмен алысуы. Қор­баңбай аюмен құлшынысы бар кез келген адам күресе алады. Сондай-ақ Тәжік­станның таулы аудандарында бұл күні орындалатын ерекше дәстүр бар. Мейрам алдында жас жігіттер бойжеткен қызы бар үйдің қой қорасын қожайынға білдірмей қи-тезектен айнадай қып тазалап қоюға тырысады. Бұл іс оңымен орындалса, онда қожайын жігіттерді ерекше сыйлап, қонақ қып күтуге тиісті, ал жігіттер ұсталып қал­ған жағдайда, қожайынды қонақ қып күтуі тиіс.

Қытайдың батыс аудандарында нау­рызды тек түркітілдес халықтар ғана емес, қытайлықтар да тойлайды. Қытайлықтар, мәселен, көшеге алашұбар киім киіп, қол­дарына саздан жасалған буйволдың мүсінін ұстап шығады. Мерекенің басты белгісі бамбуктен жасалған буйволды қара, ақ, қызыл, жасыл және сары сынды бес түске боялған қағазбен күптеп қояды. Бұл түстер 5 элементтің — от, су, металл, ағаш пен жер­дің символын білдіреді. Храмның жанында саз балшықтан жасалған буйволды қи­ратып, бамбуктен жасалған буйволды өртейді.

Әзербайжандар бұл күні ерте тұрып, міндетті түрде тәтті дәмнен ауыз тиеді, мә­селен, бал, ол болмаса қант, шекер. Одан кейін «жаман рухтарды» қуу үшін үйді адыраспанмен тазалайды. Осыдан соң бұлақ не өзен басына барып, жуынып-шайынады, бір-біріне су шашысады. Су — тазалықтың символы. Артынан бір-біріне тәттімен сыйлайды. Әр отбасы дастарқанға «с» әрпінен басталатын, мәселен, сүт, сір­кесу сияқты жеті түрлі дәм қояды. Сондай-ақ үстелге айна, балауыз, боялған жұ­мыртқа қояды. Бұлардың терең символдық мәні бар: балауыз — адамды жаман рухтан қорғайтын жарық немесе от, айна — ай­қындықтың немесе жаңа жылдың бас­талғанын білдіреді. Ол үшін айнаның үстіне қойып қойған боялған жұмыртқа тербеліп, теңселу керек. Бұл мифтік аңыз бойынша, жерді бір мүйізімен тіреп тұрған көк өгіздің бір жыл бойы шаршап-шал­дығып, жер шарын келесі мүйізіне «ауыс­тырғанын», яғни жаңа жылдың басталғанын білдіреді. Осыдан кейін жұрт бір-бірін құттықтап, жақсы тілек-бата айтысып, той тойлауға кіріседі.

Әзербайжандарда үйде қанша адам болса, сонша шырақ жағып, барлығының оттан қарғитын да дәстүрі бар. «Жамандық отпен кетсін, оттан күш-қуат дарысын» де­ген ырымдары бұл. Отты су құйып сөндіруге болмайды, күлін көміп тастайды. Оңтүстік Әзербайжанда құмыраға таза су құйып, отбасы мүшелерінің әрқайсысы оған қалаған нәрсесін салып, құмыраны құбыла жаққа қаратып қояды. Келесі күні пар­сының ұлы ақыны Хафиздің жыр кітабын парақтай отырып, құмырадан заттарды бір-бірлеп шығарады да, оны Хафиздың ғазалдарының көмегімен жори бастайды. Яғни құмырадан затты шығарғанда, Хафиз­дың ғазалдарының мазмұны жақсы­лықты жырласа, онда әлгі затты салған адамның арманы орындалатын болғаны.

Әрине, мұның бәрі кейбіреулеріміз үшін ислам дініне қайшы келетін тозған дәстүр болып көрінуі де мүмкін. Десек те, ырым-жырымнан гөрі, мұндай шаралардың мерекелік сипаты басым. Қай халықтың да көнеден келе жатқан дәстүр-салтына, та­ным-нанымына құрметпен қарап үйренген дұрыс. Қазақтың да көшпенді өмірден қал­ған небір тамаша дәстүрлерін жан­дандыра білсек, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Мұның бәрі қасиетті Наурызды кіршіксіз тазалықпен, шынайы ақ ниетпен қарсы алудың әрекетінен туған амалдар екені анық.

«Айқын» газеті

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы