Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Мұхтар Тайжан: «Билiктегiлер Қазақстаннан қашады. Ал халық Қытайдың қарызымен қалады»

Дата: 19 марта 2011 в 15:20 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Болатхан Тайжан атындағы қордың жетекшiсi, экономика ғылымдарының кандидаты Мұхтар Тайжан Қытайдан алынған 17 миллиард доллар несиеге қатты алаңдайды. Бұл қарыздың бiр бөлiгi «Қазақмыс» пен ENRC компанияларының үлесiне тигенi белгiлi. «Сонда Қазақстан даму банкi еуразиялық топты қарық қылу үшiн қарыз алды ма? — дейдi ол.  — Түптеп келгенде, стратегиялық ресурс­тарды оңды-солды сатып, өз басымызға қауiптi өзiмiз табамыз». Мұхтар Тайжанмен арадағы әңгiмемiз Қытайдан төнер қауiп-қатер жайлы ғана емес, ұлттық мәселелер төңiрегiнде де өрбiдi.

«ЖАСТҰЛПАРЛЫҚТАР» НЕ БIТIРIП ЖҮР?»

— Халық сiздiң әкеңiздi бiлiктi дипломат пен қоғам қайраткерi ретiнде ғана емес, ең алдымен ұлт мүддесiн алдыңғы орынға қойған азамат деп таниды. Болатхан аға­ның саяси қызметiне көз жүгiртiп, керi шегiнiс жасасақ, оның «Отан» партиясының сапында, кейiн оппозициялық «Әдiлеттi Қазақстан үшiн» қозғалысының қосынында, ақыр аяғы ұлт патриоттарының қатарына қосылғанын байқаймыз. Бұл Болатхан ағаның билiкке де, оппозицияға да, ұлт патриоттарына да сыймағаны ма? Әлде әлгi күштер­дiң әкеңiздiң мұрат-мақсатын түсiнбе­генi ме?

— 8 наурыз күнi әкем жайлы түсiрiлген деректi фильмнiң тұ­саукесерi өттi. Сол жиында Әмiр­жан Қосанов оның себебiн жақсы түсiндiрiп, ашып бердi. «Болатхан «Отанға» сыймай кеттi, бiздiң партияға да сыймады, «Ұлт тағдырына» да сыймады», — де­дi ол. Өйткенi әкем әр партияға өз көзқарасымен, өз пiкiрiмен кiрдi. Ұлт­тың тұрмыс-тiршiлiгiн қалай жақсартсам деген ой болды онда. «Отанға» да ұлт мүд­десi үшiн барды. Сол партияның бағдарламасына ұлт үшiн қажеттi бастамаларды енгiзу үшiн. «Отан» партиясынан шығарда Ермегияевке жазған арызында: «Пар­тияға ұлт қамы үшiн келдiм, бiрақ менiң пiкiрiм бағдарламаға енбедi. Сол себептi «Отаннан» шығамын», — деген болатын. «Әдiлеттi Қазақстан үшiн» қозғалысына да сыймады. Сөйтiп, ақыр аяғында бiр өзi қалды. Айта кететiнi, бала кезiнен қалыптасқан ұлттық пiкiрдi әкем өмiр бойы өзгерткен жоқ. Әкемдi қоғамдық өмiрде ғана емес, жеке өмiрде де үлгi-өнеге етем. Уақыт өткен сайын ол әрбiр пiкiрдi дұрыс айтып, дұрыс әрекет еткенiне көз жеткiзе түстiм.

— Иә, Болатхан аға бала кезiнен ұлтшыл болып өскенi жайында көп әңгiме естiдiк. Мектеп оқушысы кезiнде сыныптасы оны орысшалап «Боря» дегенi үшiн әлгiнiң басына сия құйып жiберiптi.

— Бала кезiндегi пiкiрi сту­денттiк шақта да жалғасын тапты. Студент болғанда «Жас тұлпар» қозғалысын құрды. Тiптi зейнетке шыққанда да осы көзқарасты ұстанды. Ал ендi «Жас тұлпардың» бүгiнгi өмiрi қандай? Қозғалыстың басы-қасында жүргендер қайда қазiр? Кеден одағы құрыл­ғанда, Қытайға жер беру мәселесi көте­рiлгенде не бiтiрдi олар? Халық «жас­тұлпарлықтар» көзқарасын, iс-әрекетiн қажет етiп отыр. Ал олар болса, осы қалада үндемей өмiр сү­ру­де. Онда олар нағыз «жастұлпарлықтар» ма, әлде олардiкi әшейiн ойын болды ма? Осыны түсiн­беймiн.

— Сол кiсiлердiң өзiне тiкелей шығып, сұрап көрдiңiз бе?

— Иә, оны беттерiне айтқам. Менiң пiкiрiмдi «жастұлпарлықтар» жақсы бiледi.

— Сонда не деп жауап бердi?

— Не деушi едi, «әкеңе қалай тартқансың» деп бастарын шайқады. «Ал жарайды, осында әкем отырса, оған не дер едi­ңiздер? Егер әкемнiң көзi тiрi болып, осында отырса, сiздерге басқаша жауап қайырар едi» дедiм. Бұл ретте әкем «Жас тұлпардың» басы-қасында болып, сол қозғалыс рухын өшiр­мей, биiктеткенiн, жаңа серпiн бергенiн айтқан жөн.

«ҰЛТ ПАТРИОТТАРЫНА БАТЫР КӨСЕМ КЕРЕК»

— Болатхан аға небiр кезеңдердi бастан өткердi. Ұлт патриоттарына қосылған тұста да бiраз түсiнбеу­шiлiктер туғанға ұқсайды. Болатхан Тайжан «Ұлт тағдыры» қозғалысын құрамыз деп жүргенде Дос Көшiм бастаған азаматтар олардың алдын орап, дәл осындай қозғалыс құрып үлгерiптi. Артынан Тайжан бастаған топ «Ұлт тағдыры — ел тағдыры» деген қозғалыс құрды. Сонда ұлт патриоттарының арасында неге ауызбiршiлiк болмаған? Олардың қазiр де күш болып қалыптаса алмауы осыдан шығар?

— Иә, ол солай. Әкем бұл жө­нiнде былай деген едi: «Ұйымдастырушылық мәселелерге келгенде көптеген интригалар барын байқадым. Ондай интригаларға қатысуға ниетiм жоқ». Бiр жағынан әкемнiң осындай ұйымдардан шығуына да осы нәрселер түрткi болған. Нақты қандай интригалар бар, ол жағын ашып айтпады. Өкiнiштi, әрине.

— Сол өкiнiштi күйдi әлi күнге дейiн кешiп отырмыз...

— Әр ұйымда интригалар бар. Адамдар арасында бәсеке бар өйткенi. Ұйым болсын, банк болсын, компания болсын, барлық жерде бар ол. Сол интригаларды қазiр өзiм де көрiп жүрмiн.

— Десек те бүкiл интрига, бөлiну, көреалмаушылық тәрiздi нәрселердi шетке ысырып қойып, бiрiгу қажет болатын кездер туады емес пе?

— Ол бәрiбiр бар, тiптi табиғи нәрсе. Мәселен, Мұхтар Шаханов, Жасарал Қуанышәлин және Қасен Қожа-Ахмет бiр үстелге отырмайды. Осыдан бiр жарым жыл бұрын бiлмейтiн едiм.

— Алайда олар ұлт патриоттары ма, ұлт үшiн жұмыс iстеп, қажет жағдайда барлық бас араздықтарын шетке ысыруы тиiс емес пе? Қарапайым ғана мысал. Президент сайлауы көп нәрсенiң бетiн ашып бердi. Ұлт патриоттары да басқа күштер тәрiздi бiрiгiп ортақ үмiткерiн шығара алмады... Сонда олар күреске дайын емес пе?

— Менiңше, бұл — бәсекелестiк. Бiрақ мұның анық-қанығын жете түсiне бермей­мiз. Себебi мен де, сiз де басқа буын өкiл­дерi­мiз.

— Бәлкiм, өзара бәсекелескенше, билiкпен бәсекеге түсу керек шығар?

— Бәсеке қашанда да бар. Ол — заңдылық. Бiр жағынан бәсеке болғаны дұрыс. Бәсекеге түскендердiң әрқайсысы ұлт үшiн көп iс тындырады.

— Жеке-дара азаматтардың ұлт үшiн қандай жұмыс iстеп отырғаны түсiнiксiз...

— Оны мен де түсiнбеймiн, бiлмеймiн. Сiз менен де жассыз. Сондықтан оны мен түсiнбегенде, сiздiң де түсiнуiңiз екiталай.

— Олай болса, неге ұлт патриоттарына қосылдыңыз?

— Ұлттық күштерге «Ұлт бiрлiгi» док­тринасы мәселесi көтерiлгенде қосылдым. Менiңше, «қазақстандық ұлт» қабылданып кетсе, бұл қазақ ұлтына қауiп төндiретiн едi. Сонда қазақ ұлты қайда қалар едi? М.Шаханов осы доктринаға қарсы шыққанда, қалай қосылмаймын?

Әрине, ұлт патриоттарына бiрлiк керек. Қазаққа жаны ашитын адамдар бiрiккенде ғана күш болмақ. Сондықтан бiр көсем болса, болсын.

— Содан кейiн олар көсемдiкке таласады ғой?

— Иә, таласады. Оны көп көрiп жүрмiн. Бiрақ бәрiбiр өз жұмысымды жалғастырамын. Егер мен қолымды бiр сiлтеп кетiп қалсам, бұл жұмысты кiм iстейдi? Сондықтан өз жұмысымды жалғастырамын. Аға буын араздассын, ашулассын, даулассын, айтыссын, тартыссын, оған мән бермеймiн. Себе­бi жұмыс iстеуге құлықты адам аз.

— Жұмыс iстеуге құлқы жоқ дегеннен шығады. Кез келген күш­тердiң нақты iстерден гөрi қызыл сөзге ерiп кететiнiн байқап жүрмiз. Сайлауға бiрде түсемiз, ендi келiп түспеймiз десе, бiрi бойкот жариялаймыз, тағы бiрi сайлауға қатыспаймыз деп жатыр. Сiздiң осыған қатысты пiкiрiңiз, ұстанымыңыз қандай?

— Өз басым сайлауға бармаймын. Анық, нақты пiкiр жоқтығын өзiм де көрiп жүрмiн. Неге? Бұл ұйымдастырудың нашарлығынан. Нақты ұйымдастырудың жоқтығынан мұның бәрi.

— Ал бойкот жариялаған дұрыс па?

— Менiңше, дұрыс. Себебi балама жоқ. Елеусiзов те, Қасымов та президенттi қолдайтынын айтты. Үшiншiсi коммунист. Сонда кiмге дауыс беремiз?

Мәселен, Серiк Сапарғали шықты. Бiрақ оны жiбермедi. 92 мың қолды 6-7 күнде жинап үлгеру мүмкiн емес өйткенi. Нақты балама болмаса, сайлауға барудың қажетi не?

— 2005 жылдан берi қарай балама шығару мүмкiн болмады ма сонда?

— Егер осы сайлау заң бойынша белгiленген мерзiмде, келесi жылы өтсе, онда, менiңше, бiр балама шығаруға мүмкiндiк болар едi. Ал мынау күтпеген сайлау болған соң, оған ешкiм дайындалып үлгермедi. Сайлау ойыншық емес. Оған уақыт, қаржы, ұйымдастыру жұмыстары қажет. Егер сайлау 2012 жылы өткенде ұлт патриоттарының iшiнен жақсы үмiткер шығаруға болатын едi.

— Бiрақ Қазақстанда заңмен белгiленген мерзiмдегi сайлау бiр-ақ рет өткен. Сонда саяси күштер бұл жолы да мерзiмiнен бұрын сайлау өтетiнiн алдын ала болжай алмады ма? Қайсыбiреулер былтырдан берi сайлауға дайынбыз деп жар салды емес пе?

— Сiздiкi дұрыс та шығар. Алдын ала болжауға болар едi. Өз басым биылғы жылы парламент сайлауы өтедi деп ойладым. Ол үшiн жоғарыда айтып өткенiмдей, мықты ұйымдастыру қажет. Ал бұл өз кезегiнде қаржы, адамдарды, ниеттi талап етедi. Ұлтшылдарда, өкiнiшке қарай, мықты ұйымдастыру жоқ.

Қазақ — бұрын батыр болған қазақ. Ал ендi қазiргi қазақтарға қараңызшы, сол батырлық қайда жоғалып кеттi? Сөзге келгенде, бәрiн түсiнедi. Ал нақты iске келгенде, батылы жетпейдi. Қорқақ.

— Неге?

— ХХ ғасырда элитамызды, зиялыларымызды, сауатты адамдарды қырды. Бұл — бiр. Екiншiден, халқымыздың жартысы қырылды. Өзге ұлт өкiлдерiн қоныс аударт­ты. Орыстандыру саясатын жүргiздi. Содан бiз әбден зардап шегiп, азғындадық. Алайда бiз тез қалыптасатын халықпыз. Мәселен, сiздiң буын, 20 жасар жастар бiзге қарағанда анағұрлым батыл. Ал бiздiң буын ақсақалдарға қарағанда тiптi батыл. Аға буын айтатын «ақ патша», «пайғамбар», «күн көзi» сияқты сөздердi бiз тiптi айтпаймыз. Түбiнде қазақ қайтадан қуатты халыққа айналады деп ойлаймын.

— Қашан айналады?

— Менiң ойымша, бұл көп уа­қытқа созылмайды. Оны өз басым көремiн деген пiкiрдемiн. 25 жыл бұрын қазақ қандай едi? 1986 жы­лы жастар алаңға шығып, өз талабын қоюы қаһармандық iс. Содан берi қазақтың рухы да, сана-сезiмi де өстi. Десек те қазақ тiлiне жетiк, қазақ тiлiнде сайрап тұрса да, өз ұлтының мүддесiн сатып жүргендер баршылық. Ондай адамдар аз емес. Шын мәнiнде, халық қамын кiм ойлап жүр, ал кiм ұлт мүддесiн сатып, алтын­ға кенелiп жүр, оны анықтау қиын.

Алайда қанша елдi аралап, шетелде қанша жыл тұрсам да, дәл қазақ халқы тәрiздi қуатты елдi көрген жоқпын. Қазақ бәрiн тез орнына қойып, қалыптасады деп ойлаймын.

— Болатхан Тайжан қайсыбiр мақаласында «билiк әлi күнге дейiн орыстандыру саясатын жүргiзiп отыр» деген пiкiр айтыпты. Одан қашан арыламыз?

— Бiлмеймiн. Қазiр теледидарды қосыңызшы, бағдарламалар орысша. Мәселен, дүние жүзiндегi Discovery, MTV, National geograp­hic, Euro news сияқты арналар қай елге тараса, сол елдiң тiлiнде сөй­лейдi. Ал бiзде тек қана орыс тiлiнде тарайды. 4500 газет-журнал орысша шықса, оның 450-i ғана қазақ тiлiнде. «Екi жұлдыз», «Едим дома» сияқты ресейлiк арналардың көшiрме бағдарламалары бiзге қажет пе? Мәскеу — дарынды адамдарлың астанасы. Әлгi бағдарламалардың сапалы болуы содан. Ал бiзге ондай сапалы, қымбат бағдарлама жасау қиын. «Екi жұлдызды» әдейi шығарды-ау деймiн. «Мiне, қараңыздаршы, бiз еш уақытта Мәскеудiң деңгейiне жете алмаймыз» деген пиғылмен. Осыны көрсету үшiн. Бұл ұлтқа комплекс қалыптастырады. Әр елде франшиза бағдарламалар бар. Бiзге де сондай бағдарлама жасауға болады. «Миллион кiмге бұйырады?» дегендей. Франшизамен жасалған бағдарлама сапасы барлық елде бiрдей.

Екiншi жағынан билiк өкiлдерi қазақ тiлiн формальдi тiлге айналдырды. Сонда қазақ тiлiнде бедел қала ма? Қазақ тiлiн өз бетiмше сөздiк арқылы оқып жүрмiн. Бiрақ қалада қазақтiлдi орта жоқ. Мәселен, мына ас мәзiрiн қараңызшы. Қазақша бiр ауыз сөз бар ма? Жоқ. Неге? Себебi билiк қазақ тiлiн формальдi түрде бiлуге болады, ал бiрақ жұмыс тiлiне айналдыруға болмайды дегендей белгi берiп жатыр. Қазақ тiлi ХХI ғасырдың тiлi емес дегендей пiкiр айтылады. Оның бәрi жалған. Израильде 2 мың адам ғана сөйлейтiн иврит тi­лiн қайта қайтарды. Түрiктер де, өзбектер де, қырғыздар да, түрiк­мендер де өз тiлiнде сөйлеп, соны қолданады. Қазақ тiлiн де сондай деңгейге көтеруге болады. Тек ниет жоқ.

— Қазақтың трагедиясы да осы шығар. Билiкте ниет жоқ, құлық жоқ дегендей сылтау айтып, бәрiн билiкке жабу.

— Қазақтың трагедиясы — халықтың сана-сезiмi әбден жойылды. Тек кейiнгi жас буын ғана күштi. Санасы мүлде басқа.

Кеңес одағы тұсында орыстандыруға қатты ұшыраған халық — қазақ. Себебi жерiмiз кең, ресурсқа бай. Басқа одақтас мемлекеттердiң ондай байлығы болмаған. Екiншi жағынан Қазақстан Орта Азияға қақпа iспеттi. Ұжымдастыру, алфавиттi 2-3 рет ауыстырып, әбден орыстандыру саясатын жүргiзгенi содан. Тарихқа көз жүгiртсек, қазақтар саны жөнiнен Орталық Азиядағы өзге халықтарға қарағанда, 7-8, тiптi 10 есе көп болған. БҰҰ мәлiметiне сүйенсек, егер Қазақстанда ұжымдастыру болмағанда, қазiр бiз 40-50 миллионның үстiнде болар едiк. Мұндай жағдайда Түр­кия, Польша, Испания сияқты дамыған елдер қатарына қосылуға мүмкiндiк болар едi. Қазақтар саны аздығынан азаматтық сана-сезiмi де төмен. Бiрақ, жоғарыда айтып өткенiмдей, халқымыз тез қалпына келедi.

«ҚЫТАЙҒА БАЙЛЫҚТЫ ҮЛЕСТIРIП, БАСЫМЫЗҒА ҚАУIПТI ӨЗIМIЗ ТАБАМЫЗ»

— Соңғы кездерi Қытайға жер берiледi екен деген әңгiме қайта көтерiлдi. Рахат Әлиевтiң сөзiне қарағанда, Қазақстан президентiнiң Қытаймен арадағы келiсiмi бар. Расында да, осындай келiсiм болуы мүмкiн бе?

— Бұл мәселе былтыр да көтерiлген. Оның анық-қанығын бiлмеймiн. Билiк мұның өте қауiптi тақырып екенiн жақсы бiледi. Бұл мәселе маған да қорқыныш ұялатады. Себебi қазақ үшiн жер өте қасиеттi ұғым екенi белгiлi. Қазақ жерiн ешқашан бермейдi. Өз басым билiк жердi бере салады дегенге сенбеймiн. Жер берiлсе не болатынын былтыр көрсеттiк емес пе. Р.Әлиевтiң сөзiнiң рас-жалған екенiн бiлмеймiз. Ол дәлелдейтiн құжаттарын жария еткен жоқ. Ал ресми ақпарат басқа.

Десек те Қытайдан төнетiн қауiп-қатер бар. Қытайдан былтырғы жылы алған 10 миллиард доллар несиемiз бар. Қазiр кем дегенде 7 миллиард доллар қарыз алдық. Мемлекеттiң және мемлекет кепiлдiк берген қарыз — 4,5 миллиард доллар. Қытайдан алынған несие Қазақстан даму банкi ар­қылы алынатындықтан, ол квазимемле­кеттiк қарызға жатады. Сонда екi жылдың iшiнде 17 миллиард долларды не үшiн алдық? Мәселен, 2009 жылы 10 миллиард доллар несиенiң 2,7 миллиарды «Қазақ­мыс­қа» кеттi. Бұл — ашық ақпарат. Биылғы жылы алынған 7 миллиард доллардың 2 миллиарды еуразиялық топтың еншiсiнде. Сонда Қазақстан даму банкi не үшiн қа­рыз­ға белшеден батты? «Қазақмыс», ENRC-тер несиенi өзi алсын. Оның үстiне ENRC Бразилияның темiр рудасы кен орнына 3 миллиард доллар инвестиция        құ­йып­ты. Онда не үшiн мойнымызға 2 мил­лиард долларды жүктеп алдық? Қажет десеңiз, Машкевич Израильге қайтып орал­ған азамат. Еуразиялық топқа кiретiн Ибрагимов пен Шодиев те басқа елдiң азаматтары.

Қытай Алматы мен Астана арасына темiржол салатын болды. Немiстер, голландықтар, француздарға ақша берсек, олар бiзге сол жолды қатырып салып бередi ғой? Сол жол қажет пе өзi? Онсыз да темiржол бар емес пе. Мәселен, Шанхай мен Гонконгтың арасында жүйрiк темiржол бар. Бiрақ Гонконг пен Шанхайдың әрқайсысында 15 миллион халық тұрады.

Қытай мен Қазақстан жел электр қуатын дамытатын бiрiккен кәсiпорын құрмақ. Оған жер гранты берiледi. Бұл қауiптi. Бұған дейiн Қытаймен бiрiгiп кәсiпорын жүргiзудiң нәтижесi жаман аяқталған. Азия газ құбыры бiрiккен кәсiпорны бар. ҚазТАГ ақпаратына сенсек, CNPC мен «ҚазМұнайГаздың» ондағы үлесi 50 де 50. Қытайдың банкi осы өндiрiске несие бердi. Бұл бiрiккен кәсiпорын Шымкент, Жамбыл және Алматы облыстарына газ құбырының екi бұтағын жүргiздi. ҚазТАГ журна­лисi Расул Рысмамбетовтiң жазуынша, бұл кәсiпорын 2014 жылға дейiн несиенi қайтару керек. Ал оны қайтару қиынға соқпақ. Себебi ол газ транзитi үшiн ғана ақша алып отыр. Ал егер қайтарып бермесе, онда газ құбырының бұтақтары Қытай үлесiне кетпек. Ондай жағдайда Қытай үш облыста қо­жайын болады деген сөз. Бұл ақпарат тамыз айында шықты. Осы жарты жылдың iшiнде бұл ақпаратты ешкiм терiске шығармады. Сондықтан бұл — алаңдататын мәселе. 2009 жылы алынған 10 миллиард теңгенiң көп бөлiгi «Маңғыстаумұнайгазды» сату үшiн жұмсалды. Нәтижесiнде Қытай мұнай компаниясының 50 пайыз акциясын сатып алды. «Ақтөбемұнайгаз», ШНОС, Құмкөл­де де Қытай үлесi аз емес. Қытай тек стратегиялық ресурстарға ақша құйып отыр. Алтынвалюта резервi долларға ең бай ел — Қытай. Мұны қытайлықтар стратегиялық ресурстарды сатып алуға жұмсауда. Осыған қатты алаңдаймын.

— Бұл ретте әкеңiзбен пiкiрiңiз қарама-қайшы сияқты. Себебi Болатхан Тайжан бiр сұхбатында «Қытай экспансиясынан төнер қауiп жоқ» дептi. Бұған не дейсiз?

— Қытайлықтар агрессивтiк, шови­нистiк саясат жүргiзбейдi. Байлықты күшпен тартып алмайды. Өзге ел не берсе, соны ақшаға сатып алады. Ал ендi осы байлықты өз қолымызбен өзiмiз үйлестiрiп отырмыз емес пе? Сөйтiп, өз басымызға қауiптi өзiмiз табамыз. Әкем осыны меңзеген болатын. Сондықтан Қытай қауiп төндiрмейдi, өзiмiзге өзiмiз қауiп төндiрiп отырмыз. Қытай ресурстарды күшпен тартып алуға дайын емес, себебi iшкi мәселесi күйiп тұр. Қазiр Қытай дүние жүзiндегi екiншi экономика. Ол елмен экономикалық қатынаспауға негiз жоқ. Ресей Грузияға қатысты қандай саясат ұстанып отыр? Темiржол, сауда-саттық жағынан жолын бөгеуде. Шарап, минералды суды кiргiзбей тастады. Ал Қытай тарапынан ондай саясат жоқ. Сатасың ба, сат, аламыз дейдi.

«БИЛIК ЕҢ АЛДЫМЕН ӨЗ ХАЛҚЫНСҮЮI ҚАЖЕТ»

— Бiр мәлiметке қарағанда, Қазақстандағы мұнайдың 30 пайызы қытайлықтардың қолында екен.

— «Эксперт» журналы оны 22 пайыз деп көрсетiптi.

— Мұнай саласындағы өзге шетелдiк компаниялар да аз емес.

— 24 пайыз АҚШ-тың қолында.

— Сонда өзiмiзге не қалды?

— «ҚазМұнайГаз» мұнайдың 28 пайызын өндiредi. 17 пайызы еуропалықтарда, 19 пайызы ресейлiктерде. Жалпы, жыл са­йын өндiретiн мұнай 80 миллион тоннаға жетедi. Осының 24-25 миллионы Теңгiз­шевройл еншiсiнде. Ал ТШО АҚШ-тiкi. Сонда осы ТШО қандай салықтар төлейдi? Өнiм бөлiнiсi туралы келiсiм бар. Ол құпия ақпарат. ТШО бастығы «бiз мүлдем экспорттық баж салығын төлемеуiмiз керек» дедi. Былтыр мұнайға салынатын экспорттық кедендiк баж салығы 20 долллар болса, биыл ол 40-қа көтерiлдi. Сондай-ақ ТШО Қазақстанға былтыр 9,6 миллиард доллар табыс бердiк дедi. Бiрақ компания жұмысшыларға төлейтiн айлығы, тауар, қызмет, салық төлейдi. Демек, кешiрiңiздер, қазақстандық азаматтар сiзге жұмыс iстедi, олай болса әлгi ақшаны жұмысшыларға айлық ретiнде төледiңiз, тауар, қызметке жұмсадыңыз, салық төледiңiз. Ал ол 9,6 миллиард долларды көп деп мақтанып тұр. Шетелдiк компаниялар жұмыс iстесiн, бiрақ салықты қазақстандық өндiрушiлер тәрiздi төлесiн. Сондықтан өнiм бөлiнiсi туралы келiсiмдi қайта қарау керек.

Былтыр Салық комитетi Қарашығанаққа қосымша 1,2 миллиард салық төлеттi. Бұл дұрыс. Бiрақ осы жұмысты ары қарай жалғастыру керек. Ата-бабаларымыз жердi бiз үшiн сақтады, жер ұрпақтың игiлiгiне жарасын деп ойлады. Ал қазiр қазақтар ең кедей облыстарда тұрып жатыр. Атырау, Ақтау, Қызылорда дегендей. Осы облыстарда мұнай көп. Мұнайлы өлкеде тұрса да қазақтар өлместiң күйiн кешiп жүр. Арба сүйреп жүрген де, жанармай бекетiнде май құятын, қысқасы, бүкiл қара жұмысты iстейтiн өзге емес, қазақ. Араб елiнде ондайды көрмейсiң.

— Десек те Тунис, Египет елдерiнде жергiлiктi ұлт тұрмысының қиындауы сияқ­ты факторлар төңкерiстi тудырды. Бiзде осы оқиғалар қайталануы мүмкiн бе?

— Әрине. Египетте Мүбәрак 30 жыл билiк құрды. Әр тиранияның соңы бар.

Ұлт патриоттарының арасында батыр адам болуы тиiс. Өз қамын жемейтiн, халық үшiн жанын қиюға дайын адам. Өкiнiшке қарай, дәл қазiр ондай адамды байқап отырған жоқпын. Ондай адамның бiрiн өлтiрсе, ендi бiрiн түрмеге жауып, iштен тұншықтырды.

— Билiк қазақ ұлтының тұрмысын жақсарту үшiн қандай шараларды қолға алуы тиiс?

— Ең алдымен инфрақұрылымды жақсарту керек. Себебi инфрақұрылымның 80-90 пайызы ескiрген. Оңтүстiкте электр қуаты жетiспейдi. Ауылдағы су нашар. 40 пайыз халықтың айлығы 56 мың теңгеге жетпейдi. Тұрмысты жақсарту үшiн билiк ең алдымен өз халқын сүюi қажет. Өкiнiшке қарай, билiктегiлер тек өз отбасының қамын жейдi. Шетелден пәтер сатып алып, балаларын сонда оқуға жiбередi. Сөйтiп, бақытты адаммын деп ойлайды. Бiрақ бүкiл халық бақытты болмаса, оның бақытты болуға құқығы жоқ екенiн түсiнбейдi. Менiңше, осы адамдардың бәрi ерте ме, кеш пе, Қазақстаннан қашады. Әйтпесе, шетелден жылжымайтын мүлiктi неге сатып алды? Ертеңгi күнi сонда тұрамын деген мақсатпен. Ал бiз бәрiмiз бұл жерде, осы проблемалармен, Қытайдың алдындағы қарыздармен қаламыз. Бiр жағынан осы кез тез туса деймiн. Өйткенi ол кез неғұрлым тез туса, соғұрлым әлгi мәселе­лердi тезiрек шешер едiк.

— Әңгiмеңiзге рақмет!

Әңгiмелескен

Елнұр Бақытқызы

«Жас Алаш» газеті

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы