Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Айдос Тоқтарбаев: «Шетелге кетейін деп жүрмін»

Дата: 20 марта 2011 в 13:40

Қазақ өнерден кенде емес. Бірақ цирк өнерінің соңына түскен қандастарымыздың қатары да тым сирек. Бұл бір жағынан түсінікті де. Себебі, цирк өнері жалықпай жаттығуды қажет етеді және оған мемлекет тарапынан қамқорлық қажет. Алайда бүгінде цирк саласына қызығушылық танытып отырған жанашыр әкімгер жоқ. Осының әсерінен ел ішінде «буынсыз адам» аталып кеткен Айдос Тоқтарбаев алдағы уақытта шетелге кетуі мүмкін.

— Айдос, сенің ерекше қабілетте­рің туа біткен қасиет пе, әлде тынымсыз жаттығулардың нәтижесі ме?

— Мен Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданының Қарабұлақ ауылының тумасымын. Кішкентай күнімнен «буынсыз бала» деген атым болды. Нағашыларым сал-сері, саятшы, құсбегі болған. Шешем — халық емін жақсы білген кісі. Шиеттейімнен тұзды суға көп түсі­ріпті. Содан ба, нәресте күнімнен денем жас шыбықтай майыса береді екен. Қылыш жұтып, денеме біз тықсам да ауырсынбаймын. Машина сүйреймін. 2004-2006 жылдары қазақстандық Рекордтар кітабына екі мәрте яғни «Буынсыз адам» және «Сауыт адам» деген атпен рекорд жасап ендім. Денеме темір тесіп кірсе де, ауырсынбайтын қасиетім бар. Бізде денесін тігуден рекорд жаса­ған адам жоқ, көбі — жәшікке кіріп майысатындар. Сондай-ақ терімнің кез келген жерін тігіп тастай аламын, қылыш жұта аламын. Осындай өнерімнің арқасында көптеген байқаудың жеңімпазы болдым.

— Қазақ цирк өнерінің даму тарихы бар. Дегенмен бүгінде еліміздегі осы өнер саласының насихаты қалай?

— Цирк өнері кенжелеп қалды. Әйтпесе Қазақстанның цирк өнері көпті мойындатып еді бір кезде. Балтабек (марқұм) пен Раиса Жұмағұловтардың өнері кезінде керемет дәрежеде көрінген еді. Одан кейін цирк өнерін дамытып жатқан адамды көрмей жүрмін. Жас дарындар Дәулет пен Мәдина Досбатыровтардың өнері қазір жоғары деңгейде көрінуде. Оның себебі цирк өнерінің қиындығында жатыр. Мәселен, бір әнді жаздырып алып, мың күн айтатын әнші­лермен салыстырғанда, цирк өнері — машақаты да мол сала. Әр нөмірді ән сияқ­ты сатып ала алмайсың. Бір трюктің өзін жасау үшін қаншама еңбек керек, ал сол мақсат жолында зақым­данып жатқандар қаншама?! Телеарналарда әйтеуір әртүрлі байқаулар болып жатады, ән айтылып жатады, фестивальдар өтіп жатады, ал цирк жайлы бір бағдарлама көрдіңіз бе? Олардың орнына спорттың бір түрі саналатын осы өнер неге насихатталмайды? Ал шетелде бәрі басқаша. Кезінде Корея, Испания сияқты бірнеше мемлекеттен ұсыныс түскен. Анау деп, мынау деп жүріп, қолдағы мүмкіндікті өзім жіберіп алдым. «Бақты Алла бір рет береді, екінші рет беруі екіталай» дейді ғой. Ал мен сол бақты қолымнан ұшырып алған адаммын. Ол кезде Қазақстанда жүріп-ақ көте­рілем деп ойладым. Қателесіппін. Енді қазір шетелден біреу келіп, келісім-шартқа отыр десе, құп алудан ұялмай­мын.

— Неге? Кімге өкпелісің? «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген бар емес пе?

— Бары бар ғой, бірақ мен шаршадым. Цирк өнерінің біздің елімізде көтеріл­мейтініне көзім жетті. Адам болғаннан кейін өмір сүру керек. Оның үстіне, өнерімді шыңдағым келеді. Ал бізде оған мүмкіндік жоқ. Кезінде біздегі цирктерде аң тәрбиелейтіндер аштық жариялайтын болып шулаған. Неге? Өйткені жағдай жоқ. Қазір де жетісіп отырғандары шамалы. 20-25 мың теңге жалақы деген масқара емес пе? Тіпті Қазақстанға еңбегі сіңген әртістер де сол көлемнің ар-жақ бер жағында ғана айлық алады.

— Өнеріңді бағалаған, қолдау көрсеткен жандар кезікпеді ме?

— Ондай адамды осы уақытқа дейін көрген жоқпын. Ал қолында билігі бар немесе кәсіпкерлікпен айналысатын қалта­лы азаматтар, ең құрса, басымнан сипамады. Исағали деген бір азаматқа әлем­дік аренаға шығаратын деректі фильм түсірмек ойымды айтқанмын. Басында ұнатқандай көрінген. Қаржылай көмекте­суге де сөз берген. Айнып қала ма, жоқ сөзінде тұрып демеушілік жасай ма, оны алдағы уақыт көрсетеді.

— Өткен жылы тағы бір рекорд жасамақ ойың бар екенін айтқан едің. Сонда бұл жоспарың да жүзеге аспай қалуы мүмкін бе?

— Менің айтып отырғаным, міне, сол жоба туралы. Алакөлде Аралтөбе деген жер бар. Екеуінің арасы — 20 шақырым. Әуеден тікұшақтан арқан түсіреді. Аралда тұрған мен денемді темірмен тігіп, сол арқанға ілем де, Алакөлге дейін салбырап ұшып барамын. Міне, соған ақша керек. Жүзеге аса ма, аспай ма, бұл әзірге белгісіз. Бұдан бөлек машина да сүйрей­мін, әлем жұртын таңғалдыратын трюк­терім жетерлік. Білуімше, біздегі өнермен салыстырғанда, Америка елі ақшаны қажетінше шашып, жарнаманы жақсы жасайды. Шынтуайтында, бізге қара­ғанда, ойындары түкке де тұрмайды. Біз неге әлемдік деңгейге шыға алмаймыз? Өйткені біздің өнеріміз бар, бірақ ақшамыз жоқ. Солай тоқтап тұрмыз. Қазақстанның атын әлемге танытсам деу­мен қаншама жыл тыраштанып келе­мін. «Өнеріме қолдау көрсет­сеңіз...» — деп, талай есіктің табалды­рығын тоздырдым. «Бұл өнеріңнен бізге пайда түсе ме?» — деген жауапты естуден әбден шаршадым. Мұсылмандар үшін мешіт салу, жол салу, көпір салу үлкен сауапты іс саналады. Шіркін, біздің қалталылар өнерді қолдауға да осындай ниет танытса ғой. Бірақ менің енді байлардан үмітім жоқ. Сенетінім — халық қана. Бұйырған күні шетелге кетемін.

Әңгімелескен —

Ардақ Иманбекқызы

«D»

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы