Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді жолы бар ма?

Дата: 28 марта 2011 в 11:51 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді жолы бар ма?

Үкімет жемқорлыққа қарсы күресудің салалық бағдарламасын қабылдады.

Бағдарлама бойынша, жемқорлықпен ұсталған адам мемлекетке келтірген залалын өтеген болса, онда оған бас бостандығынан айыру жазасы қолданылмайды.

Сіздіңше, бұл жемқорлықпен күресудің тиімді жолы ма? Ол адам бір рет айыбын өтеп, құтылып кеткен соң, екінші рет пара алмайтынына кім кепіл?! Әр нәрсенің екі қыры бар. Сондықтан біз де екіжақты пікірді де назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Сәт ТОҚПАҚБАЕВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: Иә

— Біз Кеңес Одағы заманында коммунис­тік жүйемен жүрдік. Ол кезде ең бірінші адам­дардың емес, мемлекеттің мүддесі бі­рінші орында тұрды. Одан кейін қоғам, сосын ең соңында адамның мүддесі қорғалатын еді. Ал қазір, Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін біз өркениетті, демократиялық мемлекеттер тәрізді ең бірінші адамның мүддесін жоғары қойдық, сосын қоғамның, одан кейін мем­ле­кеттің мүддесін қоямыз. Мұның бірден-бір айғағы – құқық қорғау органдарын реформалауымыз. Ондағы мақсат – кеңестік жүйені жойып, өркениетті елдердің жүйесіне көшу. Бұ­рынғыдай қит етсе, аяқ-қолын бұрап, темір тордың ар жағына тоғыта салмай, оған ке­шіріммен қарайтын жүйеге қадам басып келеміз. Бұрын «түрме адамды түзетеді» деген тү­сінікпен жүрдік.

Бұл түсінік дұрыс емес, түрме адам­ды түзетпейді, керісінше, адам­ның өмірін бұ­зады, жүрегін жара­лайды. Ал бір рет қа­телесіп, от бас­қандарды бас бостанды­ғынан айыру қажет емес. Ол да – адам, за­лалын өтеп, тәубесіне ке­ліп жатса, кешіріммен қарауымыз керек.

«Алтын көрсе, періште де жолдан таяды» дейді емес пе қазақ. «Адас­қанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң». Тәуке ханның кезіндегі «Жеті жарғы» заңы да осындай жүйеде жасалған еді. Адам өлтіргенді соттамайтын, айыбын төлететін. Қан­шама үйір жылқы және түйемен тартылған айыпты өтеу оңайға соқ­пайды, оны бір рулы ел болып кө­те­ретін. Ел бо­лып тентегін түзететіні де, оған көнбесе, байлап ұстайтыны да сон­дықтан.

Ендеше, мұндай тәсіл, яғни зала­лын өтеген адамға бас бостан­дығынан айыру жазасын қолданбау қабыл­данып жатқан салалық бағдарламаны алға бастырады. «Құдайдың алдында, сіздердің алдары­ңызда кешірім сұ­раймын, қателесіппін, екінші мұндай қадамға бармаймын» деп тәубесіне келіп жатса, неге айыбын кешірмеске? Осыдан кейін, керісінше, адам тү­зеледі, тәрбиеленеді.

Жалпы, бұл шараларымыз рефор­ма­ның басы ғана. Дүниежүзіндегі өрке­ниет­ті елдердің алдына әлі-ақ шығамыз. Қа­зір жемқорлыққа қарсы үлкен шаралар жасап жатырмыз, ұсталып жатқан адам­дардың барлы­ғын түрмеге қамай берсек не болады? Олай біз сыбайлас жем­қорлықпен күресіп, жеңе алмаймыз. Оның үстіне, қылмыскер сотталып кете барса, мем­ле­кетке келтірген залал да өтелмейді.

Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымының докторы: Жоқ

– Жемқорлықтың психологиясы, оның жол­дары, дәстүрі біздің елімізде терең да­мы­ған. Шындығын айтқанда, біз өзіміздің көп­те­ген күнделікті мәселемізді пара беріп, жем­қор­лық жолымен шешіп үйреніп қалдық. Бұған алушы да, беруші де үйренді. Бұл тіпті қауіпті жағдайға айналып кетті. Елімізге қауіп­тілігі де – осында. Егер де жемқорға өзінің айыбын мойындап, залалын өтеп, жазадан құ­тылып кететін мүмкіндік берсек, пси­хо­ло­гия­лық жағынан бұл жемқорлықты одан әрі кү­шейтеді. Себебі жемқордың алдында дар аға­шы тұрса да, «ештеңе етпес, құтылып кетер­мін» деген ой тұрады. Оның үстіне «тұ­ты­лып қалсам да, келтірген зиянымның орнын толтырып, аман қаламын ғой» деген ой жем­қорлықты одан сайын қиындатып жібереді.

Сондықтан бұл бағдарламадағы залалын өтегенге бас бостандығынан айы­ру жазасын қолданбау, меніңше, дұрыс емес. Егер екі адам бір-біріне айып тағып, өзара келіссе, онда оларды бас бостан­дығынан айырмауға болады. Ал пара алған адамға «жарайды, сен пара алған екенсің, я үкіметтің ақшасын жеген екенсің, жегеніңді қайтар да, жөніңе жүре бер» десек, көп адам жемқорлыққа бара береді. Адамның психологиясы осылай жара­тылған. Бұл енді тұжырымдама ғой. Сон­дықтан мүмкіндік болса, бұл тұжы­рым­даманы заңға айналдырмағаны дұрыс болар деп ойлаймын. Заңға айналдырған күні мұның зияны бөлек болады. Құнық­қанды олай түзету қиын. Не болғанда да жемқорлыққа барды ма, ол заңның құ­ры­ғынан құтыла алмайтынын сезінуі керек. Соның өзінде кейде жем­қорлыққа барып жатады.

Мәселен, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда «егер де мемлекеттік қызметкер бір айлық есептік көр­сеткішке дейін сыйақы алса, ол жемқорлық емес, ал бір айлық есептік көрсеткіштен артық сыйақы алса, онда ол жемқорлыққа ауысады» деген бап бар. Осы бап та жемқорлыққа жол ашады. Оның бір айлық есептік көрсеткіш мөл­шерінде сыйақы алды ма, жоқ әлде он есептік көрсеткіш деңгейінде алды ма, оны кім есептеп жатыр? Бұл бап та жойылуы керек.

Түйін

Екі пікірді де теріске шығара алмаймыз. «Бұл мәселе әркімнің арына байланысты» деген де бейтарап пікірлер болып жатады. Десек те, жемқорларға қосауыздың екі шүріппесі барын ұғындыруымыз керек тәрізді. Бірі жараласа, екіншісі жаһаннамға жіберуі мүмкін. Бір рет құтылып, екінші рет тұтылатын болса, онда жаза да қатты болуға тиіс. Жазалау механизмін де соған сай ету керек. Сол себепті де «Бір рет залалын өтеп жазаланбай кеткен адам екінші рет ұсталса, қандай жаза қолданылады?» деген сауалды Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қойғанымызда, ол: «Заңда бұл жағы әлі қаралатын болады», – деумен ғана шектелді. Ендеше, агенттік жоғарыдағы пікірлерді де ескерсе дейміз.

По сообщению сайта Nur.kz