Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Мұхан Исахан. Қанағаты жоқ ел қуатты қағанат құра алмайды

Дата: 30 марта 2011 в 18:20 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Қазақ задында қанағатшыл халық. Ұшса құстың қанаты талатын иен даланы иемденіп отырса да, бұл дүниені «қамшының сабына» теңеп, өткінші өмірді «жалған» деп атап, беу-дүниенің қысқа жіптей күрмеуге келмейтін шолақ екенін анық сезініп, бұл ақиқатты өзіне ғұмырлық өлшем еткен. Әлбетте, ел болған соң жылқыны түгімінен, түйені жүгіменен жұтатын мешкейлер мен қарынбайлардың да қатар өмір сүретін белгілі. Бірақ, атам қазақ ашкөздерді ешқашан жақсы атамаған. Керісінше сіңірі шыққан кедейдің ынсабы мен қанағатын мақұл көрген. Сондықтан, мен әлемде ең қанағатшыл халық қазақ халқы болған деп айтар едім.

Бүгінгі дәуір иелерінің қаншалықты қанағатшыл екенін ескі критерийлермен анықтауға әсте болмайды. Себебі, ескі қазақ пен жаңа қазақтың дүниетанымы, қоғамдық көзқарасы, ақыл-парасаты, әлеуметтік талабы, ғұмырлық ұстанымы үлкен өзгерістерге ұшырады. Әсіресе, нарықтық экономикаға бет-бұрыс жасағаннан бері халықтың қанағатшылдық қасиетіне жарықшақ түсті. Айталық, Кеңестік дәуірдің жалпыға бірдей әлеуметтік теңдік қағидасы халықтың тұрмыс-тіршілігінің біркелгі болуын ғана қамтамасыз етіп қойған жоқ, қазақтың қанағатшылдық қасиетін нығаята түскен еді. Қызыл империя ыдырап, әлемге есік ашылғаннан кейін халықтың ақша мен байлыққа деген танымында төңкеріс орын алды. Қазақ қоғамында «жаңа қазақтар» деген олигархтар тобы пайда болды. Оларға еліктеген жас буын жаһанданудың буына мас болып, қанағаттың не екенін ұмытты. Ұзаққа бармай-ақ осы Алматының жастарының дүние-байлыққа деген пиғылын мысалға алайықшы. Қазір кез келген қазақтың жігіті: «Көктөбеде көк тіреген зәулім үйім болса, 40-50 мың долларлық автокөлікті мінсем, кезекті демалысымды Абу Даби немесе Хайнань аралында өткізсем» деп армандайды. Қаракөз қарындастарымыз да қалыспай: «Өмірлік жарымның мансабы мен қызметі жоғары болып, мені үлде мен бүлдеге ораса, Көктөбедегі зәулім үйдің ханшайымы болсам» деп балшырын ғұмыр кешуді қиялдайды. Осы паң пиғылдың әсерінен қазақтың сүр бойдақ пен кәрі қыздарының саны күн сайын артып келеді. Осы ашкөз пиғылдан қаншама ұл-қызымыз опық жеп жүр. Яғни, қанағатсыздық қазақ қоғамының індетіне айналып барады.

Әлбетте, көпке топырақ шашуға болмайды. Тоталитарлық жүйенің төңкерілуімен діни сенімге де еркіндік берілді. Ал, діни құндылықтармен қаруланған жастарымыз «қанағат қарын тойғызады» деген қағиданы берік ұстануда. Әсіресе, мұсылмандық дүниетанымда «тағдырға сену» деген ұғым бар. Бұл сенім Тәңірдің пешенеге жазғанына мойынсұна білуге, тағдырдың тартқызғанына көнімпаз болуға баулиды. Яғни, барға қанағат етіп, молшылыққа шүкіршілік ететін буын да өсіп келеді. Қазір осы бағытты ұстанған жастарымыз да жетерлік.

Әсілі, қанағатшылдықтың екі жағы бар.  Байлыққа аса құмбыл болып, мейманаң тасып, даңдайсыған да дұрыс емес. Керісінше, Тәңірдің тартқызғаны осы екен деп көңторғай өмір сүруге де болмайды. Хақ дінімізде діни уаси-ат, яғни, орта жол деген қағида бар. Осы қағида байлық пен кедейліктің, ашкөздік пен қанағаттың аражігін ашып, дін мұсылман қауымын орта жолды ұстануға үндейді. Бұл түсінік бойынша қоғамның белгілі бір тобы шөпке тышар байшыкештер болса, сол секілді белгілі бір тобы сіңірі шыққан кедей болуы мүмкін. Ал халықтың негізгі бөлігі қанағатшылдық қасиетті берік ұстанған орта тапты құрауы тиіс. Егер, жердің асты-үстіндегі бар байлығымыз қанағаты жоқ ашкөздердің жемсауында кетсе, келер ұрпақ немен күнелтеді? Болашақта Қазақстан тәуелсіздігін қалай сақтап қала алады? Сондықтан, біз қазынамыздан шашау шығармайтын, халқының қанағатшыл бөлігі басым қағанатты құруымыз қажет. Сонда әманда мемлекеттілігіміз мекем, адамшылдық мерейіміз үстем болмақ.

Дүние қумаған адамның дені дұрыс емес деген түсініктің етек жаюы қауіпті құбылыс. Бұл азғынданудың белгісі, хакім Абайдың «надан» катеогориясының көрінісі. Ұлы Абайдың пайымынша хайуанда ішсем, жесем, тойсам деген пиғыл ғана болады. Дәл осы сияқты аста-төк дастарханым, хан сарайындай баспанам болса деп байлықты ғана аңсайтын адамдар да бұл өмірден өтеді. Мына сынақ әлемінің хикметі мен даналығын ұғына алмаған сол пенделердің хайуаннан не айырмашылығы бар? Ендеше, дүние қумаған адамды кемсітушілік бұл біздің қоғамның рухани азғынданғанын әйгілейді. Бұл індеттен арылу үшін діни танымымызды арттыруымыз керек. Себебі, Хақ дініміз бұл дүниеден хикмет іздеуге шақырады. Мұқым жұрт данышпан болмаса да, Хакім Абай айтпақшы дүниенің ақиқатын денелеп болса да тани білуі шарт.

Задында, қанағатсыздық дертін тек қарын мәселесіне әкеп тіреп қоюға болмайды. Біреуді жата кеп мақтағанда да, тіпті мүсіркегенде қанағат қағидасына берік болуымыз керек. Мәселен, біздің қазақ мақтаймын деп жағымпаздыққа ұрынып жатады. Осы жағымпаздыққа тоқталмай тұрып, жағымпаздық  пен құрмет көрсетушілікті екі бөліп ажыратып алсақ деймін. Тегінде, лайықты адамға құрмет көрсету өте орынды қылық. Ал, лайық емес адамға құрмет көрсету барып тұрған жалаңдық һәм жағымпаздық. Бірақ, құрмет көрсетудің де шегі болуға тиіс. Мысалы, өр мінезді болу жақсы қасиет саналғанымен, өрлік шегінен шықса, адамды тәкәппарлыққа ұрындырады. Сақтық жақсы қасиет болғанмен, аса сақ бола бастасақ, қорқақ болып көрінуіміз мүмкін. Сол секілді құрмет көрсетудің шегін асырып жіберсек, онда жағымпазға айналамыз. Қазір жағымпаздықтың жер-жиһанды жайлап алғаны соншалықты, жағымпазданбаған жанды кінәлі санайтын жағдайға жеттік. Қайда барсаң да әкім-қара мен бай-манаптың астына көпшік қойып, шашбауын көтеру қасаң үрдіске айналып бара жатыр. Ақпан айында өткен Нұр Отан партиясының кезекті сьезіне қатысқан делегаттардың жағымпаздық пиғылын көріп жиеркенгеніміз соншалық біраз адамға ұшық шықты. Марқұм түркіменбашы Сапармұрат Ниязов қанша жерден диктатор болса да, бір кездері негізсіз жағымпаздыққа ұрынған түркіменнің біраз ақсақалдарын қатаң жазалап еді. Ал, біздің елде жағымпаздарды жазалау басталса, абақтыларымыз адамға лықа толып, тіпті симай, сірә жаңадан түрмелер салуға тура келетін шығар.

«Қазақстан-Заман» газеті

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы