Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Бүгінгі күні елімізде су қо­ры жеткілікті ме?

Дата: 31 марта 2011 в 13:50 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Бүгінгі күні елімізде су қо­ры жеткілікті ме?

Су – тіршілік көзі. Сусыз күніміз жоқ. Сондықтан тез ара­да трансшекаралық сулардың мәселесін ше­шіп алу күн тәртібінде болуы тиіс.

Жақыпбай ДОСТАЙҰЛЫ, география ғылымының докторы, профессор:

Таза ауызсуды қала көшелерінің шаңын басуға пайдаланғанымыз қалай?!

– Еліміз пайдаланатын судың 50 пайыз­дайын басқа елдерден келетін өзендерден алады. Оның ішінде Қытайдан – 19 пайыз, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан – 17 пайыз және Ресейден 7 пайыздай су алады.

Бұл су ресурстары шаруа қожалықтары мен егіс даласын суаруға пайдаланылады. Яғни атап көрсетіп отырғанымыздай, негізгі су көздері шетелден келеді.

Кейбір жылдары елімізде су жетіспеушілігі айтарлықтай бі­лінді.

Себебі еліміз әлемдегі ірі теңіздер мен мұхиттардан айтарлықтай алыс жатыр. Осы орайда елімізге үлкен көлемдегі су­лар­дан келетін ылғал мөлшері мәз емес. Сондықтан біздің кейбір өңірлерімізге түсетін жауын-шашын, ылғал мөлшері тым аз.

Жыл өткен сайын экономиканың қа­рыш­тап дамуына орай, су қажеттілігі де арт­қан үстіне артып барады. Күріш егетін об­лыс­тарымызға су өте көп қажет. Өндіріс саласында да түсті металл өндіру үшін суды өте көп қажет етеді. Және оған па­й­да­ла­на­тын су өте таза болуы керек.

Мәселен, Бал­қаш мыс комбинатында мыс өндіру үшін пай­даланатын судағы тұздың мөлшері тө­мен­гі мөлшерден асып кетпеуі тиіс. Егер асып кетсе, гидролизбен алынатын мыстың сапасы төмендейді. Ал мыстың сапасы тө­мен­десе, оның бағасы төмендейді. Ондай жағдайда тіпті мысты сыртқа сата ал­мауы­мыз да мүмкін.

Сондықтан жекелеген тұр­ғын­дардың пайдалануынан бастап, өндіріс, ауыл шаруашылығы саласының бәрінде су керек-ақ. Рас, кейбір өңірімізде су жет­кі­лікті болғанымен, кей жерлерде үнемі су тапшылығы туындап отырады.

Сол өңір­лер­дегі су тапшылығын жою мақсатында гео­графия институты Ертіс суын 3000 ша­қы­рым жерді айналдырып, Астана ар­қы­лы насоссыз өз ағысымен Көкшетау, Сол­түстік Қазақстан, Торғай өңірлерін толы­ғымен сумен қамтамасыз ете отырып, Қызылорда өңіріне әкелу жоспарын қа­рас­тырып жатырмыз.

Бұл, бір жағынан, ке­ле­шек­те Астана қаласының дамуына да өзінің үлкен көмегін тигізер еді. Біз өз жыр­ты­ғы­мыз­ды өзіміз жамап, су тапшылығын бол­дыр­мау жағын қарастыруымыз керек.

Өйткені біз су алып отырған елдердің эко­но­микасы өскен сайын олардан келетін су мөлшері де жыл өткен сайын азая береді.

Тіпті күн­дердің күнінде түрлі сылтаумен олар су көздерін жауып тастаса да, біз еш­кім­ге шағым айта алмаймыз. Сондықтан ер­терек өз жоғымызды өзіміз түгендеп үл­гер­геніміз жөн.

– Басқа елдерден келетін суға зә­ру­лік сол елдерге кіріптарлықты арттыра тү­седі дейсіз ғой...

Су – тіршілік көзі, сусыз күніміз жоқ

– Иә-иә, дұрыс айтасыз. Су – тіршілік көзі. Сусыз күніміз жоқ. Сондықтан тез ара­да трансшекаралық сулардың мәселесін ше­шіп алу күн тәртібінде болуы тиіс. Және өз еліміздің аумағындағы суды тиімді пай­да­лану жағын ойластыру керек.

– Ал біз өзіміз суды қаншалықты үнемдеп пайдалана алып отырмыз?

Қолда бар суды ретсіз шашып-төгіп пай­даланып отырғанымыз рас.

Мәселен, өткен жылы көктемде талай қалаларымыз еріген қар суының астында қалды. Қаншама шығын келді. Шығынды қалыпқа келтіреміз деп жүріп, сол еріген қар суын тиімді пай­да­лану жағын да ойластырған жоқпыз. Бостан-босқа ағып кетті.

Ол су бізге залалын ти­гізді, ал біз сол суды пайдаға асыру жайын ойластырған да жоқпыз. Егер судың қадірін білгенімізде, оның ысырап болуына жол бермес едік.

Талай рет көшеге су ша­ша­тын көліктердің таза суды құйып алып жат­қанын көрдім

Ең болмаса техникалық су ретінде көлік жуатын орындар мен кө­ше­лердің шаңын басуға пайдалануға бола­тын еді ғой. Мен талай рет көшеге су ша­ша­тын көліктердің таза суды құйып алып жат­қанын көрдім. Оны тіпті суретке түсіріп алып, кітабыма да енгіздім, тиісті орындарға да жолдадым. Бірақ нәтиже жоқ. Кей ауыл­дар қара суға жете алмай, қардың суын ері­тіп ішіп отырғанда, қаладағы таза ауыз­су­ды кө­шенің шаңын басуға пайдалан­ға­ны­мыз қалай?!

Тағы бір мысал: елімізде күрішті өсіруге пай­даланылатын судың әрбір гектар үшін15 мың текше метр көле­мін­де қажет­ті­лігі ғылыми түрде есептеліп қойылған. Алай­да Бақанас өңірінде күріш­ке гектарына 45 мың текше метр су пай­да­ланылады екен. Мөлшерінен үш есе көп. Суды тиімді пай­далана алмай отыр­ға­ны­мыз­ды осыдан-ақ байқауға болады.

Қы­тай­да адам басына шаққанда жерді суару мөлшері 0,6 гектар көлімінде, ал бізде адам басына 6 гектар жерден келеді екен. Яғни егістік жеріміздің көлемі жан басына шаққанда қытай­лар­ді­кі­нен он есе көп. Бізде еңбек күші жетпейтін болған­дықтан, суды беталды ағызып суарады. Керек де­се­ңіз, бұл егістікке де зиян. Себебі ағып тұр­ған судың тем­пе­ра­ту­расы қалыпты бол­майды. Ал, негізі, кү­ріш­ке құйылатын су­дың температурасы қа­лып­ты болуы тиіс. Оның үстіне, суды егістікке мөл­шерімен жіберсең – су болады, ал мөл­ше­рінен асса – уға айналады.

Артығымен жі­бер­ген су­дың кесірінен біздің күрішіміздің ара­сында қамыс, арамшөп көп өседі.

Судың мол жіберілуі салдарынан күрішке бе­рі­летін құ­нар­дың мөлшері азайып, да­қыл өсіп тұрған жерде батпақтану процесі жүреді. Соның әсерінен күріштің өнімділігі де азаяды. Вьетнам, Қытай, Оңтүстік Шы­ғыс Азия ел­де­­рінің көбісі суды үнемдеу мақ­сатында қол­мен егеді. Сондықтан олар жылына кү­рішті үш рет егіп, үш қайтара өнім алады. Біз­дің күріштен өнім алғанда рекордтық көр­сеткішіміз 300 центнердің айналасы болса, қытайлар 1000 центнерге дейін өнім алады. Яғни аз жерге егін егіп, аз су жұмсаса да, алатын өнімі біздікінен үш есе көп. Олар 1 грамм суды артық жұм­са­мауды үйренген. Сондықтан алдағы уа­қыт­та еліміз суды үнемдеудің тиімді ша­ра­ларын қарастыруы керек.

– Елімізде әлі күнге дейін қардың суын ерітіп, арық суын тұндырып ішіп отырған ауылдар баршылық. «Таза ауызсу» бағдарламасы бұл мәселені қаншалықты шеше алды?

Аталмыш бағдарламада 2015 жылға дейін халқымызды таза ауызсумен қам­та­масыз етуді 70-80 пайызға жеткізу туралы айтылған.

Әзірге еліміздің таза ауызсумен қамтамасыз етілуі 30-40 пайыздан ас­пай­ды. Менің қолымда қазір осы бағ­дар­ла­ма­ның жетістігі мен кемшілігі туралы жасалған са­раптама бар. Сараптамаға қарап отыр­сам, кейбір өңірлерде жасалынып жатқан жұмыстар бақылаудың жоқтығынан аяқсыз қалған. Бөлінген қаржы талан-таражға түскен. Атап айтар болсам, Ертіс-Қарағанды каналы жобасының қайда кеткені белгісіз.

Кентау-Түркістан жерасты суы жүргізілуі тиіс еді.

Бұл жоба да жоқ болып кетті. Жоба­мен бірге бөлінген ақша да жоғалды. Атал­мыш жобалар жасалғанымен, бақылау, қа­да­ғалаудың болмауынан бәрі тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті. Тіпті шал­ғай ауылдарды айтпағанда, ірі мега­по­лис саналатын Алматы қаласының ірге­сін­дегі ауылдардың өзі қазір таза ауызсу іше алмай отыр. Ауызсудың таза болуы – халық денсаулығының кепілі. Таза ауызсуды тұ­тын­бау салдарынан халқымыздың ден­сау­лы­ғы да құрып жатыр.

Сырдария өңіріндегі халық­тың ішіп отырған суы өте нашар, ішуге мүлдем жарамсыз

Мәселен, Сырдария бойын­дағы халықтың тұтынатын суының құ­рамы қатты өзгерген. Жақында бір ас­пи­ран­тым сол судың құрамының 1935 жыл­дан бері қалай өзгергені туралы кан­ди­дат­тық жұмысын қорғады. Сонда көз жет­­кізгеніміздей, Сырдария өңіріндегі халық­тың ішіп отырған суы өте нашар. Ішуге мүлдем жарамсыз. Тағы бір айта кетер жайт – қалаларымыздағы су жүретін құбырлардың барлығы темірден жасалған. Олар уақыт өте тоттанып, оның бойымен аққан су сарғайып, сапасыздануда. Көпқа­бат­ты үйлердің бәрінің асты толған маса. Өйткені әлгі құбырлар тесік, су ағады. Со­дан келіп үйлердің асты суға толып, қысы-жазы сасып жатады. Үнемі Жезқазған қа­ла­сына іссапармен барамыз. Барған сайын ауырып қайтамын. Себебі суын қайнатып ішкен­нің өзінде ауыртады. Мұндай үйдің ішінде шүмектен ағып тұрған судың сап-сары болуы қазір көптеген қаламызға тән.

– Еліміздегі көлдердің жыл сайын ауқымы тарылып, тіпті кеуіп бара жат­қа­ны жиі айтылады. Өзен-көлдердегі ба­лықтардың қырылып жатқаны жай­лы да жиі естиміз. Осы орайда еліміздегі су­лардың экологиялық жағдайы қан­ша­лықты?



– Жалпы, елімізде ірілі-ұсақты 48 мың көл бар деп айтылады. Негізі, бұл – 30 жыл­­дай бұрын жасалған зерттеу. Қазіргі таңда осы көлдерге мониторинг жасау туралы ұсыныс жасап жатырмыз. Өйткені осы уа­қыт ара­лы­ғында өзен-көлдеріміз қатты өз­ге­ріске ұшырады. Өткен жылы арнайы іс­сапарға шығып, көлдерден сынамалар әкеліп, зерт­теу жасадық. Сонда бай­қа­­ға­ны­­мыздай, көп­­теген көлдің тұздылығы ар­тып бара жа­тыр. Оларда балық мүлдем тір­шілік етпейді. Тұзданудың соңы олардың кебуіне алып келеді. Мәселен, кейбір де­рек­терге сүйен­сек, Арал атырабында кезінде 3000-нан ас­­там көл болған, бүгінде солардан бар бол­ғаны 300-дей ғана қал­ған көрінеді. Бұрын өзен аңғарлары екі-үш ай бойы көтерілетін. Қазір бар бол­ға­ны екі ап­тадай ғана тасиды. Ал тартылған су­лар­дың ор­ны­на ши, жусан, жантақ секілді шөлге бейім шөптер өсуде. Осылайша өзен-көлдердің эко­логиялық жағдайы табиғатқа да қатты әсер етуде. Осыған орай, балықтардың қы­рылуы, су жән­дік­те­рі­нің жоғалуы секілді жағ­дайлар да жиі кез­десуде.

– Жыл сайын көктем шыға Алматы қа­ласының іргесіндегі ауылдарды су ба­суы қалыпты жағдайға айналды. Тау­дан аққан суды бұрып әкететін арна­лардың жоқтығынан ауылда­ры­мыз суға толуда. Ауылды айтпағанда, Ал­маты қаласының өзінде суағарлар жет­кіліксіз көрінеді. Мәселені шешудің тиімді жолы бар ма?

– Иә, бұл әсіресе соңғы жылдары өзекті мәсе­леге айналып отыр. Қала ішінде бұ­рын­нан бар арықтар бітеліп, оған уақ­ты­лы тазалау жұмыстары жүргізілмегеннен кейін жауын-шашын суына таудан аққан су қо­сы­лып, арықтардан асып, көшеге жайылуы соңғы кездері қалыпты құбылысқа айнал­ды. Беталды аққан сулар тас жолдарды бүл­діріп, көшедегі көліктердің жүруіне де кедергі келтіруде. Ал ауылдармен аққан су тұрғындардың жер үйлерінің іргетастарын үгітіп, үйлеріне кіріп, материалдық шығын келтіруде. Бұл жағдайды тезірек қалыпқа келтірмесек болмайды. Кезінде жергілікті биліктің жерді қалай болса солай бөлуінің арқасында кейбіреулер арықтардың үстіне үй салып алды. Бүгінгі күні арықтардың үс­ті­не үй салып алған халық үйі суға кеткенде мемлекеттен көмек сұрап шырқырауда. Бұған кімді кінәлайсыз?! Арықтар бір жыл­да­ры құрғағанымен, енді бір жылдары бәрі­бір өз арнасын іздейді. Сондықтан олар­дың жолын бөгемеу керек еді. Көктем шықса, төменгі жақтағы жер үйлердің бар­лы­ғының жертөлесі мен әжетханасы суға толып кететін болды. Мұның бәрін рет­тес­ті­ретін кез келді. Әйтпесе жыл өткен сайын беталды аққан сулардың тигізетін зияны тіпті асып кетуі мүмкін.

– Бұрын арнайы су шаруашылығы ми­нистрлігі бар болатын. Қазір жоқ. Жал­пы, бізге су шаруашылығы ми­нист­рлігі керек пе?

– Бүгінгі күні су мәселесіне қатысты қор­даланған мәселелердің көп болуы су мәсе­лесімен айналысатын жеке бір құзырлы мекеменің қажеттілігін көрсетіп отыр. Қытайда су шаруашылығы министрі президенттен кейінгі ықпалды үшінші адам саналады. Ал бізде су шаруашылығымен айналысатын мекеме – Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты жай ғана комитет. Сондықтан суға қатысты халықаралық келіссөздер кезінде оны ешкім мойын­да­май­ды да. Оның үстіне, олардың қол ас­тын­да отырып, су мәселелерін шешу мүл­дем мүмкін емес. Сондықтан міндетті түрде не арнайы министрлік, не агенттік құрылуы керек.

Негізі, бізге қарасты судың 90 пайы­зын Ауыл шаруашылығы министрлігі пай­даланады. Суды пайдалану үшін олар Су комитетіне сұрау салуы тиіс. Ал Су комитеті жұмсалатын судың мөлшерін есептеп, рұқ­сат беру-бермеу туралы шешім шы­ға­руы тиіс.

Алайда қол астындағы өздеріне ба­ғы­ныш­ты комитет министрліктің қандай ұсы­ны­сы болсын рұқсат бере беретіні анық. Яғни олар өзара бір қоңыраумен-ақ су мә­се­лесін шешіп жүре береді деген сөз. Бұл заңға қайшы. Ең болмаса Су шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік комитет болса екен. Кезінде су шаруашылығы жай комитет те болды. Ол да жоқтан жақсы еді. Ал қазір апарып Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су шаруашылығы комитеті қылып қоя салды.

Қазіргі комитеттің бастығы Өзбек­стан, Қырғызстан, Қытай елдерімен келіссөздер жүргізген кезде онымен ешкім сөйлеспейді. Өйткені оның келіссөздерге қол қоятын құқы да жоқ. Ал Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің сумен айналысуға уақыты жоқ. Бүгінде ауылдарға ауызсу тарту секілді жақсы жобалардың аяқсыз қа­лып, бөлінген қаржының талан-таражға түсуінің бірден бір себебі су мәселесімен ай­налысатын құзырлы мекеменің жоқ­ты­ғы­нан деп ойлаймын.

Суқоймалардың қа­рау­сыз қалып, су мәселелерінің қордалануы да сумен айналысатын арнайы мекеменің жоқ­тығынан. Миллиардтаған теңгелік жо­балар­дың жоғалып кетуінің де сыры осында. Қазір жоғарыға Су шаруашылығы министрлігін қайта құру жөнінде ұсыныс айтып жатырмыз.

– Пайдаланып отырған суымыздың 50 пайызы шетелдерден келеді дедіңіз. Алдағы уақытта бұл су дауын тудырмай ма?

– Әрине! Тіпті шығып та жатыр ғой. Өт­кен жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойын­ша кетпен ұстаған шаруалардың өзбектермен бірнеше рет қақтығысып қалғанының куәсі болдық. Мұндай суға қа­тысты келіспеушіліктер жиі тіркеліп қалады. Алдағы уақытта тіпті өрши түсуі мүмкін. Сон­дықтан суға қатысты мәселелерімізді ер­терек шешіп алуға тырысқанымыз жөн еді. Стокгольмдегі өткен су форумында дү­ние­жүзі бойынша соңғы он жыл көлемінде 700-ден астам суға қатысты қаруланған қақ­тығыс болғаны айтылды. Бұл – өте өзек­ті мәселе. Әр мемлекет мұнайсыз, ал­тын­сыз өмір кешуі мүмкін, бірақ сусыз өмір сүре алмайды. Бұл анық. Осы орайда суға қатысты қақтығыс болуын да жоққа шы­ға­руға болмайды.

– Былтырғы жылғы Қызылағаш оқи­ғасы еліміздегі көптеген су­қой­ма­ның қараусыз қалғанын көрсетіп берді. Осыдан кейін қателіктен қорытынды шығара білдік пе?

– Мен алғашында Қызылағаштағы су­қой­маны ешқандай жобасыз жергілікті би­лік­тің қалауымен, қолдан тұрғызылған дү­ние деп ойлағам. Сөйтсем, жекеменшіктің қо­лына өтіп кеткен мемлекеттік суқойма екен. Шындығы керек, қатты таңғалдым. Олар алдыңғы жылы суды сатудан 123 мил­лион теңгеге жуық пайда тауыпты.

Аш­көз­дікке салынып, келер жылы одан да көп ақша таппақшы болып шектен тыс көп су жи­науының соңы қайғылы жағдайға әкеліп тіреді. Аталмыш оқиға жекеменшіктің қо­лын­дағы суқойманың пайда табу мақса­тын­да ашкөздікке ұрындыратынын көрсетіп берді. Сондықтан жекеменшіктің қолында еш­қандай суқойма болмауы керек. Және жергілікті жердегі басқару орындары әр­қа­шан суқоймадағы судың деңгейі туралы жо­­ғарыға есеп беріп отыратындай жүйе қа­жет. Сонда ғана біздің ұйқымыз тыныш бо­лады.

Егер ол көлдерді бақы­лау­дан шығарар болсақ, Алматының жоғарғы бөлігін су шайып кетуі әбден мүмкін

Алматының төбесінде орналасқан Тұйық көл, №6 көлдердің шуы былтыр Ал­маты халқын дүрліктіріп тастады. Ма­ман ретінде аталмыш көлдерден ке­­ле­тін қауіп қаншалықты дей ала­сыз?

– Қатер барлық уақытта бар. Сондықтан сақ­тық шарасын үзбей, үнемі бақылып отыр­ған дұрыс. 1921 жылы кіші Алматы өзе­нінің бойымен сел жүрген кезде таудан үл­кендігі үйдей қойтастар қалаға ағып кел­ген болатын. Егер ол көлдерді бақы­лау­дан шығарар болсақ, Алматының жоғарғы бөлігін су шайып кетуі әбден мүмкін.

– Бір газетке берген сұхбатыңызда «2030 жылы судың бағасы мұнай құ­нымен тең болады» деген қорқынышты бол­жам келтіріпсіз. Бұл қауіп неден туын­дап отыр? Алдын алуға мүмкіндік бар ма?

– Егер ертерек су мәселесін шешуге ұм­тыл­сақ, суды тиімді пайдалану жүйесіне көш­сек, аталмыш мәселенің алдын алуға үлкен мүмкіндік бар.

Тек осыны түсініп, біз­дің мемлекетіміз дер кезінде тиісті ша­ра­лар­ды қабылдай білсе екен. Мәселен, көп­те­ген елде суды адам басына қолдану мөл­шері өте аз. Ал бұрынғы Кеңес Одағы құра­мындағы елдерді сарапқа салып бай­қасақ, су қоры ең аз мемлекет біз екенбіз. Тіпті Түрікменстаннан да төменбіз. Біздің қо­рымыздағы бар суымызды жерге жайып жіберетін болсақ, бар болғаны 42 мм бо­лады екен. Сондықтан үнемділікке үйрену ке­рек. Рас, халқымыз үнемдеуді үйреніп те ке­леді. Кезінде Алматыда әр адам басына тәулігіне 670 литр су қолданатын болса, қазір 100-120 литр айналасында екен. Бұ­рын үйлерге су өлшегіштер орнатылмаған кез­де тұрғындар балконнан тротуарға су ша­шып, көпқабатты үйдің алдындағы гүл­дер­ді суарып жүре беретін. Қазір жағдай өзгерді. Дегенмен әлі де болса адамдарға су үнемдеуді үйретудің жүйесін қарастыру керек. Еріген қар суларына шейін бағыттап, құйып алу арқылы техникалық су ретінде пай­далануға тырысуымыз қажет. Қазіргі таңда экономикасы мен халқының саны өскен сайын Қытай еріксіз судан қысып жа­тыр. Қырғызстанда да дәл осындай жағдай. Сондықтан біз тез арада суды үнемді пай­да­лануға көшкеніміз жөн.

Судың да сұрауы бар дегенмен, судың қадірін білмей отырмыз.

Үйіміздегі шү­мектен аққан судың есебі жоқ, сөйтіп ағып тұра беретіндей көреміз. Негізі, хал­қымыз ұлттық менталитетімізге сай, кеңдікке, дарқандыққа, молдыққа үйренген. 2002 жылы Германияның бір университетіне лекция оқуға бардым. Сонда орналасқан қонақүйде суды ағызып қойып, сақал алып жатсам, қасым­дағы басқа елдерден келген профессорлардың көзі бақырайып кетті. Олар бір стаканға су құйып алып, тісін де сол суға жуып, сақалын да сол бір стакан сумен алады екен. Не деген үнемділік! Су есептегіш орнатылған күннің өзінде біздің халқымыз әлі күнге тектен-текке суды ағызып қоятын әдетін қоя алмай отыр. Басқа елдерде пайдалануына қарай техникалық су мен ауызсу екіге бөлінген. Ал біз барлық мақсатқа таза ауызсуды пайдаланып жатырмыз. Бұл бетімізбен кете берсек, судың зардабын қатты тартатын кез келеді.

По сообщению сайта Nur.kz