Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Нұрлан Қабдайұлы. Жүйке жұқарту операциясы

Дата: 01 апреля 2011 в 17:00 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Ғаламды көк өгіз көтеріп тұрады екен дейтін көтерем аңыз өрістен қалғалы бері үлкен-кішінің қауашағына қауырсын шаншыған ұғым — жер домалақ. Және бір ақиқат — жұмыр жердің беті ойқы-шойқы, кедір-бұдыр. Сол кедір-бұдыр, ойқы-шойқыны қоныс қып отырған арғы-бергі қоңсы жұртта, құдайым еншіден тарықтырмаған онның тоғызыншысы қазақ. Осы күнде мінездің де кедір-бұдыр, ойқы-шойқылығынан қазекеме шендесері болмай тұр-ау. Адамдығын кісілік, тәкаппарлығын менмендік, батырлығын озбырлық, кішпейілділігін жағымпаздық ауыстырған бүгінгі қазақтың кейінгі бір мінезі бірінің бірі жүйкесін тоздырып, ызқорлыққа баулуда. Сондағы мінез деп мипаздап отырғанымыз мінез де емес. Бар болғаны сырқат көңілдің шодыр психологиясы ғана. Сырқатының атауы бюрократия. Кейіпі іріңі ішіне қарай кеулеген сыздауық секілді. Жанына маза бермейді. Өз жанын қажап бара жатқан соң, өзгенің де шыбынын шырқыратып, ләззат алатындай. Осынау марлаттықтың атасы қайдан десеңіз.

Қазақтың қасынан дос кетіп, іргесіне жау күшіктеген бір заманда қанды қол чекистер Алаш дейтін алып бәйтеректің кеміріп жапырағын, қайзап тамырын түгескенін білесіз. Жілігінің майы қалың, ес-ақылды қазақты өзінің ашкөз ағайынына жығып беріп, атып, асып қырғын таптырғанын да. Оқ пен оттан аман қалғаны қақ жарылып, жарымының сүйегін итжеккенде мүк басып, жарымы етекті белге түрініп шекара асқан. Елде қалған және біраз көзі ашығының көмейіне өксік кептеліп, ендігі жерде білгенінен айнымасқа шарасыз еді. Тиісінше, бағанағы аузы асқа, ауы атқа жарымай өскен жәреуке туыстың тасы шыңға шырқамаса да, өрге домалап жүре берген... Қазіргі қазақ қоғамының басына шығып ап, жұрттың жүйкесіне сауысқанша саңғып отырған марлаттар солардың бит сорған бұтынан өргендер. Одан қалса, беріде қатарласы қан майданға аттанғанда, денсаулығы атам заманнан Отан қорғауға жарамайтын боп қалып, соның арқасында шал-шауқан, қатын-қалаштың үстінен қамшы үйірген бригадір, аулынайлардың заманның тар кезінде де езуінен аққан ақ майды етігіне жаққан дәлдүріш ұрпағы. Құдды, қуыршақтың көзін ойып, қол-аяғын жұлып ойнайтын қиқар бала. Жеткені жетілмеген қандастың мекемеден мекемеге, есіктен есікке тыздаяқтап, көзіне тер құйылып алқына шапқылағанын көріп, рахаттанатындай. Иа, қарындасты қуыршақ құрлы көреді.

Ал енді қожайынның қорасын тазалауға жалданса да, құдайдың өзін жетелеп жүргендей кеудесі аяққаптай күпие қалатын төмендегі шіркей-марлаттардың жайы тыптен сорақы. Құлдық қоғамнан тәуелсіз құлдық қоғамға өтіп, етегінен үңгіген саусақтың ығымен алдыңғы көрерменді мазақ етіп, артқы қатардағыларды қыран-топан қылған қуыршақ театрының қуыс кеуде персонаждары секілді. Олай деріміз.

Кез келген мекемеге бас сұқсаң күрік болған тауықша дүрдие тұра келіп, жүйкеңді шұқи бастайтын бюрократтар. Ең алдымен есігіндегі күзетшісіне тап келесің. Не қылған адам екеніңді сұрайды. Кім екеніңді, кімге келгеніңді айтасың. Онда не шаруаң бар? Бұл күзетшінің келесі сұрағы. Не мәселемен келгеніңді айтасың. Күзетші аз ойланып, артынша рациямен я болмаса ішкі телефон арқылы бастығына шығады. Сенің қайдан, не қылып жүргеніңді баяндайды. Бастығы көмекшісіне сенбейтін секілді. Оны күзетшінің өзін күзетіп қарсы бұрыштан сығырайған камера да дәлелдейтіндей. Бастығымен хабар алысқан көмекші тұтқаны саған ұстатады. Сөйтіп «тергеу» басынан басталады. Не қылған адам екеніңді сұрайды. Кім екеніңді, кімге келгеніңді айтасың. Не үшін келгеніңді сұрайды. Не жұмыспен жүргеніңді айтасың. Тұтқаны қасыңда тұрған көмекшісіне беруіңді сұрайды. Ұстатасың. Енді екеуара сенің мәселеңді талқылауға көшеді. Көмекші тұтқаны қояды. Болған шығар дейсің. Сөйтсең бұл әлі басы екен. Көмекші пәлен мәселемен пәленшекеңе кіретін есік бұл емесін айтып, басқа жақты нұсқап жібереді. Сен сөзді көбейтпей басында-ақ жөн сілтемегеніне зығырданың қайнап, зәріңді шашып керте барасың. Ол міз бақпай, сазарып қала береді. Еттері өліп кеткен. Қарғысты айналайындай қабылдайды.

Хош. Түйеқұлақтың іні секілді шұрық тесік ғимараттың сыртын айнала сандалып жүріп, керек аузын табасың-ау. Кіресің. Кіруін кіргенмен, ішке өтудің іш кептірерлік әуресі және бар. Қойны-қоншыңа қол жүгірпей-ақ көзбен ақтарып, барыңды шығартады. Қалтаның түбін теріс аударып, шалбардың құлағын қалқайтасың. Содан кейін есіксіз, сұр жақтаудан ары аттайсың. Жақтау шиқ ете түседі. Өткен адамның уақытын босқа жемепсіңдер дегендей қауіптің сейілгенін айтып, белгі бергені. Мүлік-мүкәмалыңды қақшып ап, пәленшекеңнің кабинетін іздеп күңгірт дәлізді шарлап кетесің. Табасың, керек есікті. Ауызғы бөлмеде хатшысы отырады...

Қай мекемеде де хатшылықты еркек адамның атқарып отырғанын көрмейсің. Егде тартқан келіншектің өзі некен саяқ. Қайда барсаң қақшаңдаған қазақ қыз шығады алдыңнан. Және бояну мен киінуді де бірінен бірі көшіргендей. Тушьтың щөткелері сүзілген бе, кірпіктеріне тоң қатып тұрады. Көздің қатпарына қара қарындашты баттастыра сүйкеп, айналасына күңгірт көк көлеңке түсірген. Еріннің де етін көгертіп, жиегін қарамен қоралапты. Төл тырнақтың үстін жасандысымен бастырған. Онысы неғұрлым ұзын болған сайын, соғұрлым быртық саусақты сүйріктей қылып көрседі деседі. Есесіне түлкінің табағынан жем шоқыған тырнаның тұмсығы секілді компьютерде әріп басуға ебедейсіз. Клавиятураның бетін қарындаштың дүмімен шұқып отырғандары. Кеуде жағы алқам-салқам. Тылтиған бұтта тыртиған юбкасымақ. Қарыс етегін бөтен көзден қымсынған кісімсіп төмен қарай тартып-тартып қояды. Еміне ырғалғанда біз өкшесі шақыр-шұқыр етіп миыңды қажайды. Жаз тұрмақ қыстың күні де бозарып-сазарған тап осы сүрепет.

...Қазақылық жөнімен хатшы қыздан хал сұрайсың. Кеңсе «заңы» бойынша ол сенен неге келгеніңді сұрайды. Бүге-шігесіне дейін баяндайсың. Онсыз пәленшекеңнің алдынан дәметпей-ақ қойғын. Үйездеген байталша өзіне еш қатысы жоқ арыз-арманыңды компьютерге шұқшиған күйі бас шұлғып тыңдап отырады. Сол екі ортада телефон шыр етеді. Хатшы қыздың сұқ саусағы дирежердің таяқшасындай шошайып барып кілт тоқтағанда сен де жым боласың. Ар жақтағы өзің секілді көлденеңнен жоқ іздеген біреу болса жақсы. Ондайда өзінің есік күзетіп, шай тасып жүргенін ұмытқан хатшы қыз бастығының орнына жауаптасып, әрине жағдайдың мүмкін емесін айтып, тұтқаны тастай салады. Ал егер қоңырау шалған адамның кісілігі бұдан зор шықса, амал жоқ, сол сәтінде-ақ таз қалыпқа түсіп, қалбалақ қағуға тура келеді.

Сонымен соттың алдындағы сұралушыдай сөлбірейіп тұрып келген шаруаңды ежіктеп таусасың. Ыңырана тұрып, шақ-шұқ басып барып бастығының есігін ырситқан хатшы қыздың басы мен кеудесі ішке сұғынғанда, белден төмен бөксе жағы сені қарауылдап сыртта қалады. Ар жақтан бастықтың бірдеңе деп күңкілдегенін, бұның тағы да «аһа, аһа» деп бас шұлғып тұрғанын естіп, біліп отырасың. Бас пен кеуде бері суырылып, ернін қымқырып есікті еппен жапқан хатшы қыз, қабығын тастаған жылан секілді көз алдыңда құбылып, түстен кейін келіңізді төрдегі орнына қарай озып бара жатып сүлесоқ айта салады.

Түстен кейін...

Бастық жұмысыңды жауапты қызметкерлерінің біріне жүктейді. Жауапты қызметкері мемлекеттік қызмет деп аталатын өгіздің жүгін тартып, бұзаудың жемін жеп отырған біреу. Тайып тұрайын десе үкімет несиеге беретін баспананың кезегіне тіркеліп қойған. Өзінен ұрық шарқына мирасқа қалар қыруар қарыздың мойынға мінер кесімді күнін күтіп отырған бейбақ. Сенің шаруаң тұрмақ өз шаруасы басынан асады. Азалы алты қатын, әрқайсысы өз байын жоқтайды. Сенен құтылудың бір жолы бар. Ауыз аштырмайтын. Тап осы жолғы жүрісіңмен еш қабыспайтын, сонда да шаруаның шешіміндей етіп сендіріп, қайдағы жоқ анықтама қағаздардың етектей тізімін ұстатып, қаңғытып жібереді...

Өз іші мұздап тұрған соң, өзгенің де ішін сыздатып жіберетін осындай жүйені бюрократия дейміз бе, жоқ па? Әлбетте. Біздің елдегі қасқа маңдайынан құс тырнағына дейін гүлдеп тұрған «жүйке жұқарту» операциясының әнтек бір көрінісі бұл.

«Қазақ әдебиеті» газеті

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы