Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Елсерік. Қазақ жорналисткасы: қазіргі ахуал

Дата: 04 апреля 2011 в 08:30 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Кез келген елдің азаматтық рухының деңгейін сол елдің жорналистикасымен бағалау арқылы ешбір қателікке ұрынбауға болады. Жорналистика елдің демократиялық деңгейін ғана емес, сол ел халқының өз мемлекетін қаншалықты билеп отырғанын, қоғамдық пікірдің жасанды емес, қаншалықты барынша табиғи қалыптасатынын, төртінші биліктің бар-жоғын, елдің саясаты қалайша жасақталатынын әйгілейді. Тіпті, БАҚ-ның қауқары әлгі елдегі сөз бостандығының шынайы көрінісі болып табылады. Сайып келгенде сөз бостандығы ұлттың ДАТы.

Қазақстандағы жорналистиканың қазіргі ахуалын сөз еткенде көзге түсетіні — орыс және қазақтілді БАҚ. Алайда, елдегі басты доминант орыстілді жорналистика екенін ешкім жоққа шығара алмайды және оны ресми билік толығымен мойындай отырып, оның ықпалына мойын ұсынғаны сондай, енді әлемдік орыстілді баспасөз мерекесін тутұғыры — Ресей тұрғанда, Қазақстанда ұйымдастыру арқылы соның жетегіне кеткендігін әйгілеп отыр. Шын мәнінде бұл шара түркілердің қасиетті шаңырағы және Қазақстанның ТМД елдерінің ішіндегі экономикалық бас көтерген басты ел ретінде түркітілді жорналистиканы біріктіру мақсатының басы қылтиып тұрған мұрат емес пе? Алайда, Қазақстан билігінің орыстілді жорналистиканың жетегінде кетуіне елдегі орыстілді БАҚ-ның ықпалын алға тартқаннан гөрі, оның қазіргі биліктің әжетіне бірден бір жарап тұрған саяси құрал екендігін атаған абзал. Бұл жерде біржақты түрде билікті кінәлау әділетсіз. Ертеңгі күні биліктің әжетіне жарайтын ағылшын не қытайтілді БАҚ-ы табылып жатса, соларға да осылайша жол ашылмақ. Өйткені, автохтондық БАҚ өкілдері өздеріне тиісті міндетті атқармағандықтан, оны өзгетілді БАҚ-ы қағып алуда.

Ал, қазақтілді жорналистика неге жетімнің күйін кешуде? Мәселе жорналистиканың тек қана төртінші билік екендігінде ғана емес, сонымен бірге қазіргі заманда оның ақпараттық-индустриялық сипатының барлығында болып тұр. Бұл жағынан алғанда орыстілді талай БАҚ өз алдына жеке дара индустриялық қуатқа ие болып, келесі сатыда экономикалық-саяси деңгейге көшіп отырғандығына көз жіберетін мезгіл жетті. «Караван» медиа-холдингісінен бастап, бұл тізімге талай орыстілді медиаиндустрия топтарын атауға әбден болады. Ал, мұндай тізімге қазақтілді бір де бір медиатопты былай қойғанда, жеке дара БАҚ «Время» газетінің деңгейінде емес. Сөйтіп, күн тәртібінде қазақтілді жорналистиканың индустрияға айналуына қандай шідер бар деген сауал тұр.

Аталмыш сұраққа жауап іздегенде, осыдан бір жыл бұрынғы «Қазақстан» телеарнасының басындағы ахуал еріксіз еске түседі. Шын мәнінде, бұл телеарна елдегі бірден бір қазақы рухты және қазақы жорналистика дамуына із сала бастаған ұжым болатын. Кез келген дамыған жорналистикалық топтың саяси партиядан да қатерлі екенін ескерсек, бұл топты ыдыратуға кімнің мүдделі болғанын іздеп табу сонша қиын емес. Нәтижесінде әлгі  телеарнадан күтілгендей деңгейдегі кеңестік рухты, құл сипатты, еңсесі езілген өнериетсіз (творчествосыз) былжыр нәрселер балалауда. Бұрынғы деңгейдегі жорналистика жер болып, оның орнына ықпалсыз насихат құралы болып табылатын кеңестік үгіт көзі ғана құрылды. Сөйтіп, қазақ рухының төменшіктеуіне кезекті қадам жасалды да қойды. Рас, «Қазақстанның» бұрынғы ұжымы көктен салбырап түспегенін білеміз, бірақ, бұл топ қалған қазақы електрондық жорналистикаға аз да болса жетек бола бастаған сыңайы бар-тұғын. Ал, аталмыш телеарнаны ыдырату барысында тілге тиек еткен мемлекеттік тілді басқа електрондық арналар мен толқындарға алшаңдай кіргіземін деген министр Ертісбаевтың қазақ халқына уәдесі ақырында әншейін масаның ызыңы екендігі белгілі болды. Өйткені, ол әлгі айтқан уәденің орнына тұжырымды ешбір бағдарлама ұсына алмады. Оның орнына мақала басында айтқанымыздай, Қазақстан орыстілді әлемдік БАҚ-ның  контингентіне айнала бастады. Айтқымыз келіп отырғаны — әлгі бірден бір басты шідер ресми биліктің қазақ жорналистикасының дамуына мүдделі еместігі және одан соншалықты қауіптенетінінде. Бұл қауіп, елдегі демократияға бірден бір мүдделі қазақтілді жұртшылық болуында.

Ресми биліктің қазақтілді жорналистикаға қырын мүдделілігі қабылданып жатқан БАҚ туралы жаңа заңдардан барлық саяси және экономикалық алғышарттар бола тұрып, қазақтілді жорналистиканың күшімен халықтың ақпарат алу мүмкіндігін зорайтуға бір жол ашылмай-ақ қойды. Керісінше, онсыз да экономикалық жағынан тұралап отырған қазақтілді БАҚ-тар енді алақанжайды қалыптағы мемлекеттік гранттарға телміретін күйден арылатын емес.

Қазақ жорналистикасы неден сорлап отыр? Біздіңше, бұған басты екі себепті де қазақ жорналистерінен іздеу керек: біреуі — кеңестік құлдық рухтан арылмағандық, екіншісі, қазіргі заманғы жорналистикалық ырықты экономиканы меңгере алмағандық.

Бірінші себепті аша түссек, алдымен көзге түсетіні, қазақ жорналистерінің әлі күнге кеңестік тәсілмен маман даярлануында, бұл жағынан орыстілді мамандар өз деңгейлерін шетелдік білік жоғарлату арқылы және ресейлік жорналистиканың ыңғайымен қажетті сатыға көтеріп алды. Мұндай сатыдағы білікті жас қазақ жорналшылар қолында редакциялық билік болмағандықтан, құлдық рухтың батпағын кешуде. Бұл себепке қосылатын тағы бір жайт, қазақ жорналистикасының жаңа заманғы редакциялық ұйымдастыруды меңгермегендігі. Бұл негізінен қазақтілді редакцияларды жорналистер емес, көбіне ақын-жазушылар басқарып отырғанын мойындасақ жетіп жатыр. Осылайша, қазақ жорналистикасы әлі күнге әдебиет пен жорналистиканы шатастыруды аяқтаған  жоқ.

Осыдан келіп, кәсіпқой редакторлардан гөрі мансапқор да жалтақ редакторлар жорналистиканы дамытуға құлықсыз екені өзінен өзі шықпай ма? Қазақ редакторларының мансапқорлығына, кеңес империясына қызмет еткен әдебиеттің өкілдерінің буыны жол салып кеткен болатын. Сол «мектеп» әлі де қарасын үзген жоқ. Сондықтан да қазақ басылымдарын ашып қалғанда айқара бетте көзге түсетіні ақпарат өнімі емес, ақын-жазушылардың туындылары немесе солардың саяз сұхбаты. Тіпті, қазақ топырағында туылған дүниеде теңдесі жоқ поэтикалық жорналистика болып табылатын айтыстың өзі қазір биліктің қолына су құйып кеткелі  қашан! Сол себепті де, қазіргі айтыс парақорлық пен ойындық сипаттан арыла алмай отыр.

Ал, елдегі електрондық БАҚтардағы қазақ редакциялары түгелімен орыстілді бас редакторлардың қас-қабағына қарап отырғаны құпия емес, олар орыстілді редакцияның тілмаштық қызметіне жарайтын деңгейдегі еркі бар. Мұны 2005 жылы Астана телеарнасынан қуылған қазақтардың тағдырымен дәлелдеуге болады.

Қазақ жорналистикасының дамуына шідер болып отырған екінші себепке жорналистикалық экономиканы  атауымызда, әрине, қазіргі менеджментті меңгермегендік  көзге бірден түседі. Қазақ жорналистикасының дамымауына тілдің артта қалғандығы емес, жорналистиканың басты күн көрісі болып табылатын қаражат көзінің бітелгендігінде болып отыр. Қазіргі жорналистика табыс көзін екі тараптан ғана тартатыны белгілі: мемлекеттік тапсырыс ретінде мемлекеттік бюджеттен және жарнамалау түрінде коммерциялық тараптан. Ал, үшіншісі болып табылатын баспасөзге жазылым шын мәнінде болмашы ғана ықпалы бар қаржы көзі. Бұлардың ішіндегі ең бастысы — жарнамалау саласы. Ал, Қазақстанда жарнама тілі орыс тілі екенін ескерсек, азаматтардың конституциялық құқығын былай қойғанда, қазақтардың тұтынушылық құқығының аяққа басылып жатқандығымен ешкімнің ісі жоқ. Шын мәнінде бұл министр Ертісбаевтың ауызынан шығуға тиісті таптырмас дәйек еді. Яғни осы дәйек арқылы әрбір жарнамалаушы (рекламодатель) мен жарнамашыны (рекламщик) мемлекеттік тілде жарнамалауға міндеттеуге толық заңды негізі бар болатын. Алайда, бұл саясаттың неге іске аспайтындығы жоғарыда аталды. Министрді осыған мәжбүр етуге тиісті қазақ жорналистикасы еді.  Бірақ мұны өз мүдделері ретінде алға тартып отырған қазақтілді БАҚ-тар да көрінбеді, өйткені, олар өздеріне не керек екендігін меңгерген менеджменттен ада және қалған-құтқанға шүкір ету қандарына сіңген кеңестік психологиядан арылмаған. Мұны соңғы кезде жорналистер қауымының баскері С.Матаев дүркін-дүркін шын жүректен айтып жүр. Осылайша, елдегі ықпал БАҚ болса, оның дені орыстілді жорналистикада, оған дәлел олар тартып отырған қыруар жарнамалық қаражат пен билік дәлізінен шығып жатқан алуан түрлі орыстілді аса қымбат жылтыр жорналдар мен аудио-визуалдық өнімдер, ақыры өзіміз куә болған, Ресей ұйымдастырмаған, 2006 жылы Қазақстан өткізген әлемдік орыс басылымдар форумы. Соңғысы, елдегі қазақтілді жорналистикаға қыр көрсету ғана емес, Қазақстандағы орыс тілінің толық салтанат құруы ғана емес, қазақ тілінің еңсесін  рухани  және саяси тұрғыдан езу болып отыр.

Сөйтіп, жорналистиканың әлеуметтік маңызын оның ұлттық сана мен қоғамдық пікір тұтушысы (носителі) екендігінен табатынымыз рас болса, онда біздің жорналистиканың дамымауын тілдің мақұрымдығынан емес, керісінше, тілге жол ашылмауын жорналистиканың өз міндетін атқара алмауынан да іздеуіміз керек. Өйткені, ол — төртінші билік, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Егер біз көздің «Соқыртеке» ойнауға, құлақтың өсек тыңдауға, ауыздың аңқиуға ғана жаралмағанын ескерсек, бәлкім, жорналистиканың нағыз арналымын енді аңдайтын болармыз...

«Абай-ақпарат»

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы