Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Болат Қалымбетов: «Қазақ киносына қидың иiсiн иiскеп өскен таланттар қажет»

Дата: 04 апреля 2011 в 13:40 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

— Бөке, ұзақ уақыт зыр жүгiрiп, бiр үмiттi сөндiрiп, бiр үмiттi жандырған «Сардар» фильмiнен кейін қазақ киносына жаңа дүние қоспадыңыз, неге?
— «Сардар» фильмi XVII-XVIII ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығы кезеңiндегi оқиғаларды қамтиды. Онда саясаттың сарыны жоқ. Ежелгi бас-басына би болғысы келген кезеңдегi тақ таласы мен бақ таласы. Демек, сүйiспеншiлiк, ал оның көлеңкесiнде озбырлық пен жауыздық қатар жүретiнiн бiлесiң. Ағалы-iнiлi екi сарбаз қолбасшылыққа таласады. Жау қолына тұтқынға түскен әкелерiн азат етуге барған ағайынды екi жiгiт сұлу ханшайымды көрiп, өзара өштесiп кетедi.
Романтика көркем жанр ретінде махаббат сезімімен байланысты шығарманы көз алдыңа әкелер. Бірақ, ол менің түсінігімде белгілі бір мағынада адамның психологиялық ерекшелігін көрсетеді.
Мәдениеттанушы ғалымдар әрбір әлеуметтік топтың өзіндік мәдениеті бар екенін айтады. Ортақ сипаттаманы жалпы әлемдік тенденциялар тұрғысынан ғана беруге болады. Бүгінгі жастар — электронды виртуалды әлемнің жастары. Сондықтан оларды бір қызықтырса тек махаббат сипаттары басым құндылықтар қызықтырады деп ойлаймын. Жалпы, фильмнiң өн бойында алдымызға патриотизмдi, Отанды, Жер-Ананы сүю мақсатын қойдық және оған жеттiк деп ойлаймыз.
Болашақ ұрпақ алдында қарыз емес адам жоқ. Соның бiр парызын осы туындымызда орындаған болдық.
— Оқиғаның аспан асты елi — Қытайға қаншалықты қатысы бар. Қазақ көрермендерi әлi тұщынып көре алмаған «Сардар» фильмiн қытайлықтар өлiп-тiрiлiп көредi екен дейдi. Бұған не дер едiңiз?
— Оқиға желiсi тарихи аңызға құрылған. Оның iшкi иiрiмдерi iшкi Қытайда өтедi. Рас, «Сардар» фильмi ұлттық «Қазақфильм» кинокомпаниясының туындысы. Бұл бiздiң Үкiметiмiз тарапынан жасалған мемлекеттiк тапсырыспен түсiрiлген фильм.
Барлық түсiрiлiм Шарын шатқалында, Бурабайда, Қапшағайда және Өжет ауылында түсiрiлдi. Оған қатысып, басты рөлдерде ойнаған әртiстер де өз елiмiздiң азаматтары.
Фильмнiң Қытайда кеңiнен көрсетiлуiнде де өзiндiк себептерi бар. Елiмiзде кино саудасы әлi түбегейлi шешiмiн тапқан жоқ. Жалға беру iсi дамымаған. Кино көрсететiн «Отан Синема» жүйесiмен «Қазақфильм» келiсiм-шартқа отыруы керек. Ал бұл қыруар қаржыны талап етедi. Сондықтан «Сардарды» Қытай экрандарына шығаруға мүдделi болдық.
Егер оларға шығарылса фильмге жұмсалған шығынды қайтаруға жол ашылатынына сенiм бiлдiрдiк.

Жалпы, киноларымыздың осындай жолдармен әлемдiк аренаға шыққанына қуануымыз керек. Кезiнде орыс, өзбек, грузин кинолары да өз бастауларын осы бағыттан алған болатын. Демек, кино әлемiне ортақ ұғымды бiздiң киногерлерде өз түп негiзiмен қабыстыруы керек. Бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз.
— Өзiнiң ақыл-парасатымен, күн тұтылар көркiмен ағайынды екi жiгiттi жауластырып жүрген Моңғол патшасының ханшайымы Сарымтананың рөлiн әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттiң студентi ойнапты. Басты рөлге кәсiби әртiстердiң бiрiн емес, өзге саланың адамын шақыруыңызға не себеп болды?
— Рас, бiзде кәсiби әртiстер құдайға шүкiр, бар. Алайда, бойы болса, ойы жоқ, келбетi келсе, сөзi жоқ. Сондықтан фильмнiң барлық талаптарына сай келетiн Ұлттық университеттiң студентi Сана Шандыбаеваны шақырғаным бар. Бұл Сананың алғашқы фильмi. «Тәуекел түбi — желқайық» деген. Сана жас та болса, кәсiби әртiстер iспеттi өзiне берiлген рөлдi әдемi алып шықты.
Қазiр көңiлдiң де, тұрмыстың да, барлық нәрсенiң өлшеуiшi ақшаға айналды. Ақшасыз тұяқ қимылдата алмайтын жағдайға тап келдiк. Мен Сананы таппай тұрғанда Қытайдың белгiлi әртiсi Ян Мейдi ханшайымның рөлiнде ойнатпақ болғанмын. Алайда, ол тым қымбатқа түсетiн болды. Оған кететiн шығын 50 мың доллардан асып кететiн болған соң амалсыз бас тарттым. Сөйтiп, егер өз қалауыңмен лайықты адамды таба алсаң, оның әртiс болуы шарт еместiгiн дәлелдеп шықтым.
— Бiр кездерi мектептiң бесiншi сыныбында оқып жүргенiңiзде Сiздi кинорежиссер Абдолла Қарсақбаев мұрныңыздан қан сорғалап тұрса да қайтпас қайсарлығыңызды байқап, Бердiбек Соқпақбаев ағамыздың «Балалық шаққа саяхат» атты шығармасының желiсi бойынша түсiрiлген фильмiне шақырыпты деседi.
— Өткендi еске түсiрдiң-ау. Ол рас, асыл ағам қолымнан жетектеп жүрiп, кино алаңына алып келiп едi. Ең алғаш «Мотор!» деген екпiндi сөздi де Абдолла ағамнан естiдiм. «Сынықтан өзгенiң бәрi жұғады» дейдi ғой, сол сияқты мен де «Сардарға» ерекше жауапкершiлiкпен қарап, әртiстердi өзiм таңдадым. Сөйтiп, Сананы 800 үмiткердiң арасынан таңдап алдым. Алдыма қойған мақсатым да сол, егер өз фильмiне лайықты адам табылып жатса, оның атан мiнген сары тiстi әртiс болуы шарт емес.
— Жақсылардың жанында жүрдiңiз. Солардан жұғысты болған бiр құндылықтың сырын ашпас па екенсiз?
— Менiң кино өнерiне келуiм — өзiме берiлген «шақар, бiр беткей» деген болымсыз мiнездеменiң ықпалынан болса керек. Алматыдағы апамның қолында тәрбиеленiп №12-шi мектепте оқыдым. Менiң бойым қатарластарымнан аласа болғандықтан, ойын кезiнде үнемi белгiсiздеу мiндеттердi атқаруыма тура келетiн. Ойын баласы емеспiн бе, бiрде менiң де алғы шепке шығып, жүгiрiп, алысып ойнағым келедi. Ойыннан шатақ шығып, шарт та шұрт болып қалдық. Абдолла ағамыз болашақ түсiргелi жатқан фильмiне кейiпкер iздеп, мектепке келген бетi екен. Менiң болымсызға оңайлықпен жол бермейтiнiмдi байқаған ағай өз таңдауын маған түсiрiптi. Оның үстiне мектеп директоры Р.Нұртазина апайымыздың жоғарыда маған берiлген мiнездемесiнiң де ықпалы болған сияқты. Сөйтiп, менiң кинодағы тұсауымды кескен Абдолла Қарсақбаев ағам болды. Ол кiсi өте тынымсыз адам едi. Өз дегенi болмаған сәтiнде: «сенiң ендi қажетiң жоқ, кет, қалай келсең, солай құры» деп елсiз аймақта жалғыз өзiңдi көлiктен түсiрiп те кететiн кездерi болған. Адамның жас кезiнде көрген-бiлгенi санасында өшпестей болып қалады ғой. Алғашқы түскен «Балалық шаққа саяхат» фильмiнде кейiпкердiң жылайтын сәтiн шығара алмай әбден қиналдым. Көзiме пияз да жақтым, сонда да бiр тамшы жас шықсашы, жоқ шықпай қойды. Кейiпкерiмнiң жаттап алған сөзiн де ұмытып қалдым... Әй, бәрiн қойшы, жалпы Абдолла ағама қарыздармын.
Шәкен Айманов ағамызды қанша көрсем де ол кiсiнi «Алдар көсе» деп бiлетiнмiн. Ол кiсi менi өз бауырына тартып: «Мына қара бала «Қазақфильмнiң» бар ақшасын жалғыз өзi тауысатын болды» деп әзiлдейтiн. Қазiргi ит жемейтiн сағызды да алғаш рет Шәкен ағамның қолынан алғанмын. Жалпы, мен киноларға бала кезiмнен көп түстiм. «Қызылтас маңындағы застава», «Бiздiң Ғани», «Жаңбыр» фильмдерi менiң балалық шағыма қойылған ескерткiш iспеттi.
— Қарап отырсақ, сiз киноға кездейсоқ келiпсiз. Мектеп бiтiрген соң аңсарыңыз басқа салаға аумады ма?
— Мектеп бiтiрген соң, ауыл шаруашылығы институтына құжат тапсырдым. Апайым мен үшiн барлық мәселенi шешiп қойыпты. Ойға келмеген кәсiпке қалай барасың, емтихан тапсырарда ләм деп жақ ашпағасын, қолыма құжаттарымды берiп қоя бердi. Айдаумен үлкен кiсiлер басымнан сипаған «Қазақфильмнен» бiр-ақ шықтым. Осында арнаулы бiлiмiм жоқ болса да, жұмысқа қабылдандым. Араға бiр жыл салып, консерваторияның театр факультетiне оқуға түстiм. Кейiн Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының режиссерлiк факультетiне оқуға қабылданып, кәсiпқой режиссер мамандығын алдым.
Семей полигоны туралы түсiрген «Айналайын» фильмi менiң режиссер болып қалыптасуыма негiз қалады. Одан соң «Ызғарлы күз» фильмiн түсiрдiм. Бұл кино шетел экрандарында көрсетiлiп, оңды бағасын алды. Мемлекеттiк «Дарын» Жастар сыйлығы да, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi атағы да менiң режиссерлiк еңбегiме берiлген баға деп бiлемiн. Сондықтан тосыннан, кездейсоқ болған iске таңдана қоймаймын.
— Өзiңiздi соңғы кездерi фильмдерден көрмей кеттiк. Көрермендерден қол үзiп қалмайсыз ба?
— Өмiр бойы бiр фильмге түсiп-ақ, есiмi тарихтың төрiнен орын алған адамдар бар. Ауырын аға арқалайды, iнi байқамайды болмасын. Жоғарыда айтқанымдай, мен мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, көптеген киноларға түсiп қойғанмын. Осы күнге дейiн саусақты екi бүгуге тұрарлық рөлдерде ойнаппын. Әлi де тұғырдан түскенiм жоқ. Режиссер ретiнде көрiнсем, ол ерiккеннен емес, қайта мәңгiлiк өлмес өнерге ықыласымның артқаны деп түсiнгенiң жөн. Мен бала шағымнан атақты киногерлер мектебiнiң академиясынан тәлiм алдым. Халық шарапатына ие болған Ш.Айманов, К.Кенжетаев, Н.Ықтымбаев iспеттi ағаларымнан бата алдым.
Қазақ киносы төңiрегiнде әңгiме қозғала қалса, кешегi және бүгiнгi буын өкiлдерiнiң ең алдымен ауызға алатыны — алпысыншы-жетпiсiншi жылдардағы шедевр кинолар. Ал оның iшiнде бiздiң де атымыз аталады. Демек, бiз көрермендермен әлi ұзақ жүздесетiн боламыз.
— Киноға адам бармайды деп жатады. Теледидар, компьютер кино экрандарын тұншықтырып жатқан жоқ па?
— Қаншама жерден заман өзгерсе де, саясат өзгерсе де, кино өнерi өзгермейдi. Ол — мәңгiлiк, өшпес өнер. Киноға көрермен бармайды деп жар салып жүрген адамның өзi сол киноға бармайтын адам, әйтпесе, белгiлi бiр топтың мүддесiн қорғайтын зиянкес адам. Рас, бұдан сәл iлгерiректе киноға барушылар саны шектелiп қалды, азғана үзiлiске ұшырасты. Қазiр кинотеатрларға барушылардың саны едәуiр ұлғайды. Мұның өзi кинотеатрларымыздың барлығы сатылып кеттi деген уақытта болып отыр. Кино үшiн бiздiң жанымыз, жүрегiмiз ауырады.
Бiз идеологияның шылбырын бос, жүгенін сыпырып бос жiберемiз деп жас ұрпақтың обалына қалдық. Мектеп жасындағы, одан да кiшкене балалар неше түрлi тұрпайы фильмдердi үйде отырып көрiп-ақ, соның ықпалынан бұзыла бастады. Атыс-шабыс, айуандықпен кiсi өлтiру, зорлау, қорлау, бұзақылық, есiрткiге улану, басқа да сорақы фильмдер балаларымыздың психикасын бұзуда. Жастарымыз осындай лас дүниелердiң құрбандығына айналуда. Ұлт болашағын әрiден ойлаған ел — ұрпағының қамын жейдi. Сондықтан да ұлттық киноға мемлекеттiк тұрғыда басымдық берген жөн.
— Қазақ киносы уақыт ағымына, замана талабына сай келетiн сүбелi дүниелер ұсына алмай отыр. Дүние жүзiнде «Қазақфильм» туындылары өтпейдi дейдi. Бұған қандай дауыңыз бар?
— Мұндай пиғылда отандық өнерге жаны ашымайтын, оның құндылықтарына ақыл-ойы жетпейтiн тоғышарлар айтса керек.
Дүниежүзi кинофестивальдары қазақ фильмiнсiз өткен емес. Бiздiң фильмдерiмiз мiндеттi түрде жүлдемен оралып жүр. Рас, қиындықтар да жоқ емес. Сол жүлде алған фильмдердiң өмiршеңдiгi тұйықталған. Неге? Себебi, бiзде оның бойын жазатын аудиториясы шектелген.
Кино әлемiнде қазақ кинорежиссерлерiнiң өзiндiк ұстанатын стилi, ұлттық бет-бейнесi қалыптасқан. Бiздiң үмiтiмiз «Көшпендiлерде». «Көшпендiлердiң» әлі талай әлемдiк кино саудасына жол ашатындығы күмәнсiз. Содан кейiн-ақ басқа киноларымыз да сол жолмен әлемдiк арнаға шыға бастайды. Ол Елбасымыз Н.Назарбаевтың назарында болған кино. Кино туралы әртүрлi пiкiр алуандығы бар. Ол — заңды құбылыс. Кейбiр кино сыншылар оны жалпы кино әлемiне енген вестерндiк ағыммен байланыстырады. Бұл сюжеттiк ұқсастық, оны тура мағыналық тұрғыда байланыстыруға болмайды. Одан қорқатын ештеңе жоқ. Себебi, қанша жерден ұқсастық iздесең де, әр халықтың менталитетi әртүрлi. Демек, режиссерлердi америкалық ағымның шылауында кеттi, қарапайым тұтынушының сұранысын қанағаттандыра алмады деп күстәнаушылық бекер. Мұндағы басты кемшiлiк — вестерндiк айла-тәсiлдi басшылыққа алған режиссердiң өз шығармасында ұлттық болмыспен ұштастыра алмағанында болса керек. Бiздiң көптеген жүлде алған фильмдерiмiздi қарапайым халықтың ой-жүйесiнде пiсiре алмайтындығы да осыдан.
Барды жоқ ету, мүлт кеткен әттеген-айды дабырайтып, жер-жебiрiне жету бойымызда бар қасиет қой. Осыдан арыла алмай-ақ қойдық. Әйтпесе, қазақ киносы әлемдiк кино сыншылардан әлдеқашан бағасын алып қойған. Қазақ киносының соңғы толқыны жасаған фильмдер дүниежүзiлiк кинофестивальдарда жүлдесiз қалған емес.
Жаңа толқын режиссерлерiнiң әлемдiк кинотанушылар арасында тез танылып, жоғары бағалануы, олардың әлемдiк шеберлiк үлгiлерiн шынайы игеруге ұмтылғандықтарынан iздеу керек. Осыдан бiрнеше жыл бұрын Алматыда өткен кинофестиваль кезiнде белгiлi француз кино зерттеушiсi Марсель Мартин: «бүгiнгi қазақ киносы алғы шепте келедi» деген едi. Бұл қазақ киносына берiлген шынайы баға болатын.
— Бөке, елiмiзде жиi өткiзiлiп тұратын сол кинофестивальдан неге қазақтың исi аңқып тұрмайды? Әрбiр өткiзiлген iс-шарадан соң, «бұл фестиваль бiздiкi емес, өзге жұрттыкi болды, өзiмiздi көрсетпедiк, бiз ұмыт қалдық» деген ренiш те естiлiп қалып жүр ғой...
— Бұл ендi түсiнбестiк. Бiз өзгелермен бәсекеге түспей, өнерiн үйренбей өспеймiз, кенжелеп қаламыз. Елбасының биылғы халыққа Жолдауында айтылған «Бәсекеге мейлiнше қабiлеттi 50 елдiң қатарына» қалай енемiз. Мiне, мәселе осы тұрғыда болуы тиiс.
Алматыда өткiзiлген кинофестивальдар киногерлерге ғана емес, елiмiзге, халқымызға қажет. Фестивальдағы басты мәселе әлемнiң әр түкпiрiнен келген қонақтарға — таңдаулы, лайықты фильмдерiмiздi көрсету ғой. Бұл мақсатта бiздiң ойымыз оңынан туып отыр. Фестивальдарда үнемi жүлдесiз қалған емеспiз. Ендi әлемге танылған, мүмкiндiгi мол қазақ киносының қалай даңқын арттырамыз деп бас қатыруымыз керек болар.
Бiр кездерi даңқы шарықтап кеткен қырғыз киносының қазiргi мүшкiл жағдайын, Украина киностудияларының бас көтере алмастай ауыр жағдайын көргенде шүкiршiлiк деуiмiз керек. Бас қоса отырып, барымызды сараптап, жоғымыздың орнын толтырсақ деймiн.
Қазiргi адамның көңiл күйiнiң арасы жер мен көктей. Жылдам шешiм қабылдауға бейiмделiп келе жатқан қазiргi адам өз жан-дүниесiнiң өзiне де жұмбақ екендiгiн ендi түсiнiп жатқандай.
Сондықтан болашақтың киносының жаһандық моделiн аңдып отыру арқылы ғана бiз онымен бәсекеге түсе аламыз. Қазiр күллi қоғамның шығармашылық ынтымақта бiрге болуы қажеттiлiкке айналып, көркемөнердiң қоғамның басқару механизмiнiң бiр тегершiгi ретiнде қызмет ететiн кезеңi келдi.
Көркемөнердiң тарихи миссиясын арттыру мақсатында Қазақстан өнерiн дәрiптеу жөнiнде тұрақты жұмыс iстейтiн орган құрылса дұрыс болар едi.
— Мемлекет көмегiнсiз өз бетiмен күн көрудiң жолын iздеу iсiн кино саласында жүзеге асыруға бола ма?
— Бұл мақсатта кинопрокат жүйесiн қайта жандандыру, бейнесалондарды бiр тәртiпке келтiру шараларын қолға алу қажет. Теледидар каналдары бiз түсiрген кинофильмдердi сатып алатын дәрежеге жетуi тиiс. Екiншiден, өзiмiз түсiрген фильмдерiмiздi көрсетуге ұмтылмаймыз. Жарнама жасау деген түсiмiзге де кiрмейдi.
Бiзде кино түсiретiн әлеуетi күштi шығармашылық мамандар бар. Алайда, нарыққа байланысты абдырап, тығырықтан жол таба алмай дағдарып қалғанымыз рас. Қаржы табудың жолын бiлмедiк. Ақыл-ойымызды жұмсап, жылдар бойы өлi мен тiрiнiң арасында жүрiп жасаған кинодан ақша табайық, Үкiметтiң берген қаржысын өзiне қайтарайық дегенiмiз жоқ. Оған бас қатырғымыз келмейдi. Бұл шаруамен кинопрокат айналысатын.
Қазiр көнiлдiң де, тұрмыстың да, барлық нәрсенiн өлшеуiшi — ақша. Ақшасыз бiрдене жасау келмеске кеттi. Бүгiн жағдай өзгердi. Дүниежүзiнде ешбiр мемлекет киноға қаржы шығындамайды. Киношылар қажеттi қаржыны өздерi табады. Кинодан табатын пайдасы да шашетектен. Қазiр Америкада ең бай адамдар — кино саласында қызмет ететiндер. Дүниенiң байлығын да жұтып жатқан солар. Жылына 700-ден астам кино шығарып, дүниежүзiнiң барлық елдерiне сатып қомақты қаржы табады олар.
— Қазақ киносының шыққан биiгiн асқақтату үшiн не iстеу керек?
— Бiрiншiден, ұлттық киномыздың кеңiстiгiн ұлғайтатын «Кино туралы» заң керек болды. Бар мәселе осында. Ресейде он жыл болады, «Кино заңы» бар. Сондықтан да олардың өрiсi кең.
Екiншiден, жалға беру iсiн жолға қою керек. Оның қазақ киносы үшiн тәрбиелiк те, насихаттық та маңызы зор.
Биыл «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберiнде «Алтын қор» сериясымен ұлттық құндылыққа жатқызылған кинотуындылары көрсетiлдi. Бұл үкiметтiк бағдарлама шенберiнде өткiзген ең үлкен мәдени iс-шарасы болады. Мұндай ұлтқа зор пайда әкелетiн шараларды көптеп өткiзу қажет.
— Әлгiнде Америкада ең бай адамдар киношылар деп қалдыңыз. «Қазақфильмнiң» қабырғасында жүргендердiң байлығы шайлығына жете ме?
— Ондай байлық қайда-а-а?! Бiз рухани баймыз. «Қазақфильмге» келiп, бой көрсеткенiмiз үшiн бiзге кесiмдi айлық төленбейдi. Театр әртiстерiне жалақы берiледi, бiзде ондай жоқ. Бiз нақты жұмысымыз үшiн ақы аламыз.
— Кинорежиссер үшiн түсiру алаңы дегенiмiз не?
— Бiздiң әртiстерiмiз театр сахнасындағы тар шеңберде ойнауға машықтанған. Сахнаны түсiру алаңымен салыстыруға болмайды. Ол сенiң әр қимылыңа еркiндiк бергенiмен, әрбiр iсiңдi бақылап тұрады. Сондықтан онда кең диапозонды және шалт қимыл қажет етiледi. Режиссерлiк жұмысымда мен кино актерiнiң әрбiр қимыл ерекшелiгiне, киiм-кешегiне мән беремiн.
— Ұлттық киноға арнап режиссер дайындау мәселесi қалай шешiлген?
— Қазiр өз басым Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында курс ашып, шәкiрт дайындауды қолға алып отырмын. Халық арасында болашағынан үмiт күтетiн жастар табылатынына сенемiн. Маған шөптiң сыбдырын сезетiн, қидың иiсiн иiскеп өскен талапкерлер қажет.
— Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан,
Азат ҮСЕН

«Үш қиян» газеті

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы