Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рақым Тәжібайұлы дүние салды

Дата: 05 апреля 2011 в 14:51 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рақым Тәжібайұлы дүние салды

Рақым Тәжібайұлы: Біз ата-бабамыздан жеткен күйлерімізді бүгінгі жастардың бойына сіңіріп отыруымыз керек, мұндай тәрбие біздің ұлттық нақышымыз бен болмысымызды тұрақтандырып, бекіте түсуіне үлкен көмегін тигізеді.

Қасиетті қара домбыраның асқан шеберлері, қазақ ән өнерінің қайталанбас дарынды тұлғалары Ғарифолла, Жүсіпбектердің алдын көрген белгілі күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рақым Тәжібайұлы дүние салды.

Рақым Тәжібайұлы 1946 жылы 28 мамырда Қытайдың Құлжа қаласында туған. Оның аталары 30-жылдардағы нәубет кезінде шекара асып, көршілес Қытай жеріне барып тұрақтаған. Арада біраз жыл өткен соң, болашақ күйші 1955 жылы атамекенге, әке-шешесінің кіндік қаны тамған, сол уақыттағы Талдықорған облысы Жансүгіров ауданы (қазіргі Алматы облысы Ақсу ауданы), Сағабүйен ауылына көшіп келеді.

Осындағы мектепте сегізінші сыныпқа дейін оқып, одан кейінгі Қызылағаш ауылындағы мектеп-интернатта білім алған. Рахымның домбыра аспабына деген қызығушылығы сол мектепте оқып жүрген кездерде қалыптаса бастаған. Оның осы талабын ерте аңғарған Сазанбай есімді туысы жас талапты өнерге баули бастады. Әйтсе де соғыстан кейінгі уақыттарда ел арасында баян аспабы кең тарап, Рақымның әуестігі соған ауып, ауыл адамдары оны «баяншы бала» атап кеткен.

Мектепті жақсы бағамен тамамдаған жылы ол баспасөз бетінен Алматыда республикалық эстрада-цирк студиясының ашылғаны ту­ралы хабарды оқып, құжаттарын алып, қалаға келеді. Әуелде өз қалауынша баян аспабы класына құжат тапсырмақшы болған ол ақыры домбыраның қыр-сырын игеруге бел буады. Жанашыр жандардың ақылымен алдымен Қазақстанның халық әртісі Рүстембек Омаровтан екі айдай алдын ала дәріс алып, дайындықтан өтіп, нәтижесінде домбыра бөліміне емтихан тапсырған 18 баланың ішінен жалғыз өзі оқуға қабылданады.

Студияны аяқтаған соң ол Абай атындағы педагогикалық институтында (қазіргі ҚазҰПУ) музыка пәнінің мұғалімі мамандығын сырттай оқып шығады. Осы оқу орнында шәкірт бола жүріп жас күйші «Қазақконцерт» бірлестігінде жұмыс атқарған. Одан кейінгі төрт жылды Рақым әскер қатарында өткізіп келеді.

Әскерден оралған соң сол кезде жаңадан құрылған «Гүлдер» ансамбліне қосылады.

Осынау өнер ұжымында жүріп ол жемісті шығармашылық жұмыспен айналысты. Қазақ күйін нақышына келтіре орындап, дәстүрлі әнге ден қойды. Бұдан соң 1972 жылы «Қазақконцерт» бірлестігіне қайтадан оралып, сонда 1995 жылға дейін жұмыс атқарды.

Осы жылдар аралығында Рақым Тәжібаев есімі ел арасында жақсы таныла бастады. Сол жылдары насихаты кемдеу болып тұрған қазақ күй өнеріне жаңаша серпін беру мақсатында ол өзі бас болып, «Қазақконцерт» бірлестігі жанынан «Серпер» деп аталатын күй ансамблін де құрған болатын. Алайда нарық заманының қыспағы мен сол кездердегі рухани әрі қаржылық дағдарыс бұл істің толыққанды жүзеге асырылуына мүмкіндіктер бере қоймады. Кешегі шәкірт бүгінгі ұстазға айналып, жастарға домбырадан дәріс бере бастады. Қашан да босаңсуды білмейтін ол өте еңбекқор болды. Сол қасиеттерінің арқасында да қара домбыраның айрықша қасиетін бағалап, ұлттық өнерді қадірлеген Рақым Тәжібаев күй өнерін өзінше дамытып, жаңа бір белеске көтере білді. Ол тіпті домбыраны да өз қолымен жасайтын.

Шебер күйші биыл өзінің 65 жылдық мерейтойын елімен бірге атап өтпекші еді

Өз қолынан шыққан ол аспаптардың бірі шертпе күйге, бірі төкпе күйге, бірі әнге арналған дегендей, әрқилы болып келеді. «Ажал айтып келмейді» демекші, қапелімде жол апатынан көз жұмған шебер күйші биыл өзінің 65 жылдық мерейтойын елімен бірге атап өтпекші еді... Ойда-жоқта келген қазадан күйшінің отбасы мен жақындарының ғана емес, ұлттық өнерді қадір тұтқан қалың қауымның да қабырғасы қайысып отыр. Марқұмның артында аяулы жары, әке жолын қуған сүйікті қыздары қалды. Рәкеңнің үш қызы да кон­серваторияда оқып, жоғары музыкалық білім алған. Тұңғышы Гүлбаһрам мен кенжесі Айнұр – фортепьяно сыныбында, ортаншы қызы Гүлнара скрипка сыныбында оқыған. Рақым Тәжібаев бүгінде музыка мектептерінде ұстаздық етіп жүрген қыздарымен бірге отбасылық музыка мектебін ашуды армандап кеткен екен.

Марқұмның қарапайым адам ретінде де, шығармашылық жолдағы өнер саңлағы ретінде де орындалмай кеткен қаншама арманы қалды екен?! Соңынан өшпес өнерін қалдырып, қазақ күй өнерінің кешегісі мен бүгіні аралығына дәнекер бола білген Рақым Тәжібаевтың есімін қазақ ұмытпайды деп сенеміз. Тағдырдың жазуына шара жоқ. Марқұмның өз қолымен жасаған қара домбыралары күйдің кілтін таба алмай күңіреніп қалғаны өкінішті...

Қара домбыраның бағасын түсірмейік!

Рақым Тәжібаев, күйші, ҚР еңбек сіңірген әртісі:

– Жер бетіндегі мың сан ұлыстың ішіндегі ат төбеліндей қазақ ұлтын өзгелерден ерекшелеп тұратын өнері – қара домбыра мен қылқобыздың қос ішегінен төгілетін күйі екен. Біз ата-бабамыздан жеткен күйлерімізді бүгінгі жастардың бойына сіңіріп отыруымыз керек, мұндай тәрбие біздің ұлттық нақышымыз бен болмысымызды тұрақтандырып, бекіте түсуіне үлкен көмегін тигізеді.

Қазіргі домбыралардың бағасы, естуім бойынша, 500 доллар. Ал материалына қарай жақсы домбыраның құны 25 мың долларға дейін барса керек. Домбыраның беделін өсіру үшін оның бағасын өсіргеніміз, бір жағы, дұрыс. Құны болмаса, қадірі қалмайды, күтімі кетеді. Жақсы домбыраны тартқан үстіне тартқың келеді. Ондай домбыраны шертсең, шабытың оянып, шеберлігің өседі. 10 000 доллар деген баға қазір бізге түрпідей тиетін шығар. Бірақ салыстырып қарасақ, арзан тұратындай домбыраның скрипкадан қай жері кем?

По сообщению сайта Nur.kz