Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Сәбит Әбдіқалықов, әртіс: «Алдымен өзімізді түзейік...»

Дата: 07 апреля 2011 в 17:20 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

— Сәке, «Қазақфильм» киностудиясы мен Нью-Йорк киноакаде­мия­сының арасында жасалған келісім-шартпен Лос-Анджелес қаласында оқу курсынан өткеніңізден хабардармыз. Өнерсүйер қауым «Голливудтағы біздің жігіт» деп жолыңызды тосты. Бүгін киноның сол  алпауыт ордасынан алған тәжірибеңізді іске асыра алдыңыз ба?

— Әрине, «Голливудта оқыды» деген атыма затым сай болсын деп, Сәбиттің қолтаңбасы дейтіндей, ешкімге ұқсамайтын дүние жасап шығардым. Яғни режиссерлік дебют ретінде алғашқы қадам сыйлаған тұсаукесерім — «Любовь в кредит» атты фильмімді — еңбегімнің жүзеге асқаны дер едім. Өйткені «Голливудта оқып келді» деген ат оңай жүк емес қой. Бірақ сол жаққа барар кезде, қазақтың баяғы көреалмаушылығы ма, білмеймін: «Біраз жасқа келіп қалғанда, Сәбит Голливудқа барып, не тындырады, жастарды жіберу керек еді», — деген сөздер көп болды. Ал сондай кездерде: «Өзімді дәлелдеймін, ешкімге ұқсамайтын фильм түсіремін», — деген принцип миымнан ешқашан кеткен емес. Негізінде, комедия — өте қиын жанр. Ал оны сөзсіз түсіру — одан да қиын нәрсе. Аллаға шүкір, еткен еңбегім жемісін берді. Біраз кино сыншылары жақсы пікірлерін білдіріп жатыр. Енді бұл туындымды «Шәкен жұлдыздары» фестиваліне бәйгеге қостым...

— Кино әлеміне тәй-тәй басқан туындыңызға фестивальдан орын бұйырар ма екен?...

— Ол жерде қаншалықты баға беретінін білмеймін. Негізі, өз басым, шетелдерде болатын фестивальдарға қатысқанды жөн көремін. Өйткені Қазақстанда өтетін конкурстардың қаншалықты әділ өтетініне сенбеймін. Дегенмен, әйтеуір жібердім, «үмітсіз — шайтан» деген. Бәлкім, бұйыртқаны болып, шапқан жеріне дейін барар.

— Оған біз де тілектеспіз. Әйтсе де фильміңіздің ата­уы орыс тілінде жа­рыққа шықты. Неліктен? Қазақ тілін қомсындыңыз ба?

— Фильм атауына алданып, кинотеатрға қаңғалақтап барған орыс көрермендеріне қазақ баласының киноны қалай түсіре алатынын көрсеттім. Оларды осындай жолмен де өзімізге тартуымыз керек. Өйткені менің кином барлық ұлтқа да түсінікті. Ал тағы да кино түсірсем, ол таза қазақша болатынына сөз беремін! Осы орайда айтпағым — біздегі қазақша-орысша түсірілген кинолардың бәрін алып тастау керек. Екі тілді араластырып, өздерінше қазіргі заманды көрсеткен болады, сериалдар түсіреді. Мәселен, «Айналайын» деген сериалды бір орыс та, қазақша білмейтін қазақ та көрмейді. Оны көретін — қарапайым ауыл қазақтары, ал оларға орысшаның не керегі бар? «Мұзарт» ансамблі үш күн қатарынан тек қазақша ән айтып концерт берді. Кім үшін? Өз қазағымыз үшін! «Шаншар», «Алдараспан» сынды өнер ордалары үш күн концерт қойды. Ол да тек қазақ көрермендері үшін. Біздің ел қазақ мемлекеті болған соң, өз ұлтымыз көретін дүние жасау керек.

Мен қолына билік тисе болды, орысша сөйлеп шыға келетін адамдарға ренжимін, рухы оянбағаны үшін! Әр қазақ өзін-өзі тәрбиелеп: «Әй, біз қазақпыз ғой, неге мен, неге менің балам, немерем орысша сөйлеуге тиіс?» — деп оянуы керек. Сондай-ақ бізде кішкене байи қалса, өз тілін ұмытып қалатындар бар. Тіпті мейрамханада даяшы боп жүрген ауылдың қыздары: «Здравствуйте, что хотите?» — деп тілдерін бұрап тұрады. Сондайда: «Айналайындар-ау, қазақпыз ғой, қазақша сұрамайсыңдар ма?» — десем: «Бізге бастық орысша сөйлеңдер деп талап қойды», — дейді. Үлкендердің «70 жыл орыстың бодандығында болдық» деп ақталғанына түсіністікпен қарадық. Ал биыл Тәуелсіздігімізге жиырма жыл болды, жиырмаға келген жастар қазақша білмейді. «Болар бала...», «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген бар. Сондықтан, меніңше, қазақша білмейтін жастарды мемлекеттік қызметке алмау керек! Орыстарға тиіспей-ақ қояйық, қазақша жұмыс жасасақ, олар бет бұрмай қайтсін?! Алдымен, қазақтар, өзімізді түзейік!

— Сонда сізді ендігі жерде кинорежиссерлікке біржолата бет бұрды деп түсінеміз бе?

— Мен өнер адамымын. Ал ең бірінші мамандығым — актерлік. Яғни өмір бойы актер болып қалатыныма, бұл мамандығымды ешқашан тастамаймыныма кәміл сенемін. Өйткені осындай дәрежеге жеткенім, елге танылып, абырой жинағаным — актерлігімнің арқасы.

— Сіз осылай киноның әуресімен жүргенде, «Тақия мен мафия» театры алғашқы екпінінен айырылып қалған сияқты.

— Әзіл деген жақсы дүние ғой. Ал ондай жақсы нәрсені тастап, сатирадан болдым, толдым, жетілдім деп кеткен жоқпын. Әзілге бергенімнен, бермегенім көп. Дегенмен халық алдына шықпағанымызға үш-төрт жылдың жүзі болып қалғаны рас. 1 мамырда «Тақия мен мафия» теа­трының келесі концертін бермекшіміз. Жақында ғана Атырау жаққа гастрольдік сапармен барып қайттық. Сағынысып қалыппыз, халық өте жақсы қабылдады. Соған қарағанда, біраз үзіліс жасағанымыз дұрыс болған ба деп ойлаймын. Өйткені үсті-үстіне шыға бергенде, бәлкім, көрерменді жалықтырып алуымыз бек мүмкін еді. Әрине, біраз суып та қалғанымды байқадым. Алдағы уақытта гастрольдік сапарлармен еліміздің біраз қалаларын аралап, бастапқы қалпыма келемін ғой деп ойлаймын...

— Қазір бізде бір-бірінен аумайтын әзіл-сықақ театрлары көп. Бос күлкі, арзан әзіл басым. Бұрынғы «Тамашаның» кішкентай әзілінің астарында батпандай зіл жататын. Қазіргі әзіл-сықақ жеп-жеңіл. Келісесіз бе?

— Біз неге бірден жақсы көтеріліп, әуелден танымал болдық. Ол халықтың көкейіндегісін қозғай алғандығымызда! Өйткені қай әзілімізде де саяси астар жатты. Үш-төрт жылдан бері эфирден кесіп тастап, көрермен алдына шықпай кетуіміздің себебі де — осы. Сол кездерде қолды сілтеп: «Қояйықшы осымызды», — дескенбіз, көңіліміз суып қалды.

— Алдағы концерттеріңізде «суыған көңілмен» жұртты сергіте аласыздар ма?

— Жанатбек екеуміздің әзілдерімізге халық қарқылдап күлмесе де, шаттанып шапалақ ұратыны белгілі. Ал мен үшін көрерменнің күлгенінен гөрі, шапалақ ұрғаны маңызды. Бірақ бұл жолы ешкімге тиіспейміз. Қатты айтатын еш нәрсеміз жоқ, «аузы күйген үріп ішеді».

— Кейбіреулер әзілдің арзандап кетуін жариясыз цензурадан көреді. Ал жекелеген сыншы-мамандар мұны сықақшылардың тапшылығымен түсіндіреді. Сіз бұған не айтасыз?

— Әртістік, юмористік өнер қазір кім көрінгеннің қолтығында жүр. Ал қазақ әзілдерінің арзандап кету себебін біздегі телеарналардың талғамсыздығынан дер едім. Өйткені олар көрерменге не болса, соны көрсетеді. Мұндай үрдіс тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде де етек алды. Ал Ресейде болған жағдай міндетті түрде бізде де қайталанады. Кезінде Петросян секілді керемет сықақшылар бар еді. Ресейдің қазіргі сықақшылары анайылыққа бет бұрды. Осының әсерінен бізде де арзан дүниелерге қызығу бел алды. Сондай-ақ қазақ жүрегіне қазір жылауық ән жақын боп кетті. Мәселен, мен теледидардан бір клиптің басын көрсем, аяғы немен бітетінін біліп отырамын. Себебі, клиптерді сюжеті бір-бірінен аумайтын жаттандылық меңдеген. Сахна — тек хас таланттардың орны. Ал қазір өнердің қай саласында да жеңіл дүниелер қаптап кетті. Марқұм Құдайберген Сұлтанбаев ағамыз қандай керемет актер еді. Кемпірді ойнаған кезде, оның тұла бойынан бүткіл кемпірдің болмысын көретінбіз. Сондай-ақ «Бауыржан-шоу», «Мафия мен тақия», «Шаншар» театрларында, Нұржан Төлендиевтің өнерінде шынайылық бар.

Ал біздің КВН-дағыларға қарап, сахна — ерінбегеннің бәрі шыға беретін орын екен демеске амалың кем. Осындайларға мүмкіндік берген телеарналарға ренжисің. Әрине, КВН-да да Дастан, Нұрдаулет,Тұрсынбек сынды өнерлі бес-алты жігіт бар. Ал кейін шығып жүрген балашағалардың ойынын көруге шыдамым жетпейді.

— Ендеше, киноға қайта оралайық: сіздің «Қазығұрт» студияңыз жуық арада көрерменге не ұсына алады?

— Қазір тек комедия түсіруді қолға алып жатырмыз. «Ханталапай», «Любовь в кредит» фильмдерінен кейін, Алла бұйыртса, «Қазақ байыса...» деген комедиялық сериалдар түсірмекпіз. Жобасын «Қазақфильмге» өткізіп те қойдық. Сонымен қатар «Дипломмен — ауылға» деген атпен киносценарий жазылып жатыр. Бұл — комедияға құрылған жиырма екі сериядан тұратын телехикая болып түсірілмек.

— Отбасындағы қуанышыңыздан хабардармыз. Алтынай ханым төртінші қызыңызды өмірге әкеліпті. Бауы берік болсын!..

— Рақмет! Өзім көп балалы әке болуды армандаймын. Ортамыз Көркем атты қызымызбен кеңейіп жатыр. Алтынайдың да, сәбидің де жағдайы жақсы.

— Кейінгі кездері «ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері», «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Қазығұрт ауданының құрметті азаматшасы» деген атақтары бар танымал әнші Алтынай Жорабаева «хиджабын жамылып, дінге кетті» дегенді жиі еститін болдық...

— Жаңа айтым ғой, қазір газет-журналдар да, телеарналар да болмайтын нәрсені көрсетіп, ойына келгенді айтатын болды. Неге олар көшеде жалаңаштанып, темекі шегіп жүрген қыздарды көрмей, түзу жолда тып-тыныш жүрген, жақсы жолға түскен адамдарды сөз етеді. Ал Алтынай Жорабаева — өнер жолында біреулерге үлгі боп жүрген, өз отбасы, төрт баласы бар, иманы күшті, адал адам. Егер Алтынай құлшылық жасап жүрсе, ол — өзінің жеке басының ісі.

Мен сізге айтайын: Алтынай сахнаға хиджабын бірден киіп шықпайды. Олай істесе, халық одан бет бұрып кетуі әбден мүмкін. Сол үшін жайлап қана, яғни бір ортада ашықтау жүрсе, кейбір жерде орамалын салады.

Сөйтіп, жұртты біртіндеп қана ізгі қасиет пен жақсылыққа өз әлінше тәрбиелеуге үлес қосады. Ал түбінде қоғам ортасына хиджабын жамылып шығатыны — ақиқат. Мейлі, 5 жыл, тіпті 10 жыл, түбінде ол оны алып келеді.

Әңгімелескен -

Ардақ Иманбекқызы,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 12 (95) 06 наурыз 2011 жыл

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы