Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Кәкен Қамзин. Ұлттық журналистика мектебі: кешегісі, бүгінгісі, келешегі

Дата: 11 апреля 2011 в 09:20 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Қазіргі журналистика — саналы жанның   әлеуетін ашуға, қоғамдық қатынастарды жетілдіруге, қоршаған ортаны философиялық тұрғыдан тануға болысатын, шығармашылық  әдіс-амалды дамытуға көмек қолын созатын жанашырлық сипаты басым бірден-бір пән. Сол себептен салыстырымдылық қағидаты, генетика заңдары, табиғи сұрыптау әдісі, гравитация райлары, болжамдық математика амалдары, түрлі-түрлі алгоритмдер   қисындық һәм қолданбалы масс-медиаға да жат емес. Бұны біз көбінесе талдамалы жанрлар блогы, журналистика социологиясы, тарихи дәстүр жалғастығы деп, ақпарат саласы мамандары мен  жалпы пейілдес көпшілікке ұғымды тілмен әліптеп жүрміз. Қазіргіше айтсақ, ғылыми қызмет пен білім беру үдерісін қатар ұстап отырмыз. Оның бер жағында журналистиканың қалыптасқан классикалық білім беру жүйесі еліміздегі ақпарат құралдарының кадрлық қажетін өтеуге, орын басу принципін ұстануға әзірше бірсыдырғы жарап келеді. Расына көшсек, журналистика факультетінің басты міндеті де сол емес пе? Бүгінгі күні барлық басылымдар тізгінін ұстап отырған жігіттер мен қыздар біздің шәкірттер десек, еш қателеспейміз. Кешегі моноидеологиялық риторика басым заманда да ұлттық баспасөзіміз, журналистика ұясынан түлеп ұшқан қазақтың талантты қаламгерлері қасаң пайымның шеңберінен шығып кетіп отырды. Ұлттың буынын бекітті, зиялы қауымның пікірін шыңдады. Белгілі бір шекара ауқымында айта білу, жаза білу шеберлігін қалыптастырды. Сондықтан журналист топтың адамы емес, көптің адамы бола білді. Халық алдында үлкен бедел жинады, бұқаралық ақпарат құралдары шын мәнінде қайраткерлік дәрежеге көтерілді. Соның бәріне ол қасиетіңнен айналайын қазақ тілін кібіртіксіз сөйлетудің арқасында, ұлт мүддесін төбеге ту қылып көтеру жолымен жетті. Қазақ журналистикасы халықпен бірге зардап шекті, елмен бірге ұлы мұраттарға ұмтылды, жаза басты, жаңылды, бойын түзеді, қайта қанаттанды. Ол қиын-қыстау кезеңнің өзінде де   ұлт, тіл, діл сынды киелі ұғымдарды ешқашан құбылмалы науқанның санспектрлі өтеміне айналдырған емес.

Әр кезеңнің айтар өз сөзі, көздер өз мақсаты, тіпті өз сән-салтанаты бар. Әрине, кешегі моноидеология заманында қазақ журналистикасы да дүрмекке ілесе шауып, билеуші режимнің қызметшісі күнін кешті. Бірақ қызмет ету құлшылық ету,  бұдырсыз бас ұру, табансыз табыну дегенді білдірмейді. Ол белгілі бір дәрежеде зиялы қауым мен саяси топ-менеджерлер арасындағы «қоғамдық келісім» болатын. Кеңестік кезеңнің өзінде күн тәртібіне өткір  мәдени, әлеуметтік, экономикалық, экологиялық  проблемалар қоя білетін озық үлгідегі журналистика мен  өжет қаламгерлер күн кешкені әмбеге аян. Ал қазіргі демократиялық сипаттағы қоғам орнату дәуірінде баламалы журналистиканың, жарыспалы пікірдің ақпараттық кеңістікте өмір сүруі сол дәстүрдің жалғасы іспеттес және әбден заңды үдерістік құбылыс.

Журналистика әуел бастан — әрі теория, әрі практика, әрі педагогика, әрі басқару тетігі,  әрі психология. Оның  ұлағат мектебі сонау ерте замандардан жетіліп, шынығып шықты. Біз қазақ журналистикасының тарихын «Түркістан уалаятының газетінен» таратып жүрміз. Ол қате ұғым. Көсемсөз жанрларының мәтіндері көркем әдебиеттен, қағаз нұсқалы парақшалардан әлдеқайда бұрын дүниеге келген. Журналистиканың кәсіби өнегесі күнделікті диалогтан, бабалар даналығынан, ұлттық нақыл сөздерден,  шешендік публицистикадан бастау алып жатыр. Аудиториялық шындық пен өмірлік шындықтың қайнар көзі де солар. Теория мен практиканың алшақтығы да, міне, осы жерден басталады. Дей тұрғанмен жалпы журналистиканы университеттік оқытудың бүгінгі кеңістігінде теория мен практика, тәрбие үрдістерінің жатырқамай, жарасымды табысып жатқаны сантүрліліктің осындай өзара табиғи жарасымы. Талай жүз жылдық тарихы сайрап жатқан осындай ғылым мен білім жүйесі тізеге салып омыруға бейіл бере бермейді, оны әп-сәттік технократтық тар қалыпқа да сыйғыза алмайсыз. Техникалық ғылымның бет-бейнесіне ежелден жалпылық таңбасы басылса,  журналистика, филология, тарих, шығыстану сияқты гуманитарлық пәндерде ұлттық ажар, текті қазақы қолтаңба мен мұндалап тұрады. Мұндай айқын категориямен кім де болсын санасуы керек. Ресми статистика қазақ тілін қазір республика халқының 70 пайызы біледі дегенді айтады. Бұл үлес салмақты осы биікке көтеруге де қазақ публицистері мен журналистері аз еңбек сіңірген жоқ. Енді сол жанды цифр қоғамдық тыныс-тіршілікте, тілдің өмір сүру кеңістігінде, ғылыми айналыста, білім мен ғылым менеджментінде нақты көрініс тапқаны жөн.

Тегі, ой алмасуы, идеялар тоғысы екі жақты сипатта болғаны абзал. Бұл — өзіміздің  Қазақ ұлттық университетіне аты берілген данышпан әл-Фарабидің ғибраты. Тек Батыстан тасымалдау ұлттық мүдде салтына ғана хош емес, сонымен қабат ғылыми дәстүр шырайына да дақ түсіреді. Біз, мәселен, Бразилия футболын қол соға қабылдай алсақ та, олардың карнавалын көшемізде дүркірете алмаймыз, Қытай  экономикалық реформасына бүйрегіміз бұрса да, оның идеологиялық астарын көшіре алмаймыз, Испания әдебиеті мен драмасына іш тартсақ та, олардың корридасын Қазақстанға сүйреп әкеле алмаймыз, Франция мәдениеті мен әдебиетін қаншама құрметтесек те, олардың қазіргі мағрұп саясатына ішіміз жылымайды. Кезінде Ұлы моғолдар дәргейінде өсіп-өнген Индия мәдениеті мен архитектурасы қаншама жанымызға жақын болса да, олардың мүйізді ірі қара мен мешінді пір тұту дағдысын еншілей алмаймыз. Ақиқат жолымен   сатылап дамудың географиялық, климаттық, экономикалық, психологиялық ерекшелігі ұлттық менталитет өзгешелігі түрлі-түрлі жолдармен осылайша атырауланады,  ал ортақ  құндылық деген, міне, осы даралықтардың сәулеттене, бедерлене көрінуі, сөйтіп, басқа халықтардың да игілігіне  айналуы.  Ешбір мемлекет, ешбір қоғамдық формация таза-тақыр жерде дүниеге келмейді, оның тарихи тамыры, көзінің қарашығындай сақтайтын тілі мен ділі, мәдени және ғылыми жөн-жосығы бар. Олар жоқ болса, мемлекет те жоқ.

Бұл күндері Батыстың қоғамдық қатынастарды ілгерілету  жөніндегі мультимәдениет контентінің, рухани ассимляция миссиясының тауы шағылды. Өз мүмкіндіктерін асыра бағалағандарын,  тым сыпыра сілтегендерін ағылшын, неміс, француз қайраткерлері де мойындап отыр. Тоқ етер шындыққа тоқтайық — мәдени интервенцияның жалпылық, әмбебаптық қасиеті тым мардымсыз болып шықты. Осы жиырма  жыл әлетінде біздің журналистика факультетіне білім мен ғылымның сәулесін шашамыз деп келген жат жұрттықтардың талайын көрдік, талайын тыңдадық. Көңіліміз толмады. Қарабайыр пікір мен қарапайым толғамдар төбешігінен әрі аса алмады. Әлде олар бізді әлі күнге дейін мешеуліктен, ергежейлік бітімнен арылмаған шақалақ деп санап, ортақол мамандарын ғана жібере ме? Қайран жылап кеткен асыл уақыт пен желге ұшқан көл-көсір қаражат! Не десек те, журналистика теориясы мен тәжірибесі жағынан біз Батыстан еш ұтылып тұрғамыз жоқ. Паула Зан, Чарльз Буковски, Дэвид Гейтс, Лари Кинг, Фил Донахью секілді жер-көкке сыйғызбай мадақталып  жүрген америка журналистерінің үлгілері бізге пәлендей таңсық емес. Олардың техникалық жарақтануы, таралу кеңістігі, жалтақсыз  тыныстауы ғана артық. Ал шеберлік мектебі ретінде оларды біз қабылдай да, мақұлдай да алмаймыз. Мәлімет төңірегінен ұзамай ширақ жазу әр қазақ қаламгерінің қолынан келеді, ал көркем де сұлу кестелеу әр америкалықтың қолынан келмейді. Атлант мұхиты арғы жағындағы журналистиканың білгірі Томас Вулфтың айтуынша, олар роман стиліндегі көркем публицистика мәнерін өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ғана меңгерді. Ал біздің баспасөзге, телевизия мен радиоға, интернетжурналистикаға қадам басқан жаңа толқын, факультетімізден тиянақты өнеге алған жас қаламгерлер ағымдағы информацияның өзін көркем дүниеге, эстетикалық жағынан  аса өтімді бұйымға айналдырып жіберуге бек шебер. Яғни о баста ұлтымызға табиғаттың өзінен дарыған ұстамдылық, орнықтылық, көркемдік сияқты даралықтар еш жасыған жоқ, тек технологиялар ғана өзгереді.

Көсемсөз бет-пішініне, әдебиет пен өнер эстетикасына, әлбетте, автаркиялық пайым, томаға-тұйықтық жараспайды. Алыс-берістің өзі — еңсе көрсетер бәсеке алаңы. Сондықтан сырттан келтірудің өзі журналистика өндірісіне қадым заманынан белгілі сұрыптау, іріктеу әдісіне негізделгені құп. Қазіргі күні неолибералдар аузынан түспей жүрген мониторинг тәсілі дегеніміздің өзі осы. Еш күмән жоқ, журналистика пәні басқа ғылым салаларымен  тығыз байланыста оқытылуы, зерттелуі қажет — ол уақыт талабы, идея жарысы. Атап айтқанда, биология, химия, болжамдық математика, физика, экономика пәндерімен. Мұндай кластерлік оқыту, зерттеу бағдарламасы әзір ешбір елде жоқ, білім беру мен ғылымдағы осы тақылеттес инновациялық ұмтылысты біз бастап берсек, дәнеңеден ұтыла қоймаспыз. Халықаралық байланыс мәселесін де көпвекторлық сипатқа көшірген абзал. Маңдайды  дәйім күнбатысқа бұра бергенше, әмісе бір жаққа жығыла бергенше, Жапония, Малайзия, Оңтүстік Корея, Қытай, Иран, Түркия, Индия сияқты елдердің шарттарынан нәсіп алғанымыз қай жағынан болсын әлдеқайда тиімді, әлдеқайда ұтымды.

Елді, ұлттық сананы қарыштата қадам бастыруды көздеген білім мен ғылым прогресін біз әрдайым инабатты мақұлдауға дайынбыз. Жақында қол қойылған «Ғылым туралы» заң сондай ізгі мақсаттарды нысанаға алады деп ойлаймыз. Нағыз ғылым — тәуекел, эксперимент. Бас шұлғу, мүлгу, манаурау, қайталау емес. Олай болса, орнықты ғылыми эксперименттен, жосықты тәуекелден неге бойымызды алып қашамыз? Қазіргі журналистика заңдылықтары мен тенденцияларын зерттеу ісінде де   «мода» стилін өзіміз неге ұсына алмаймыз? Ондай қарым-қабілет біздің ғылыми қауымдастықта жетіп артылады. Біздіңше, бүгінгі күнгі басты мақсаттардың бірі — қазақ журналистикасының теориясы мен тәжірибесі саласындағы жетістіктерді басқа жұртқа жүйелі таныстыру. Әрине,  бөтен елде алақандай ғана мақала жариялата алған жақсы-ақ. Қазір қолыңда мол қаражатың болса, қай шет елде де жылт ете қалуға мүмкіндігің бар. Бірақ тек Еуропа мен Америкада бой көрсеткен ғылыми еңбек жоғары бағаланбауы керек, Түркияда, Қытайда, Малайзияда, Жапонияда, Ресейде, Монғолияда, Иранда, Кореяда, Вьетнамда, басқа да шығыс елдер басылымдарында шыққан сапалы зерттеулерге де «имплант-факторы жоғары»  деген санат берген жөн.  Оған қоса теориялық һәм қолданбалы журналистикаға арналған қазақ тілінде жарық көрген таңдаулы монографияларды, ғылыми мақалаларды ағылшын тіліне аударып, шет елде жарыққа шығаруға әр оқу орны, зерттеу орталығы, министрлік мүдделі болғаны жөн. Соған арнайы қаржы бөлінгені абзал.

Қазір жоғары оқу орындарының бәрінде оқытушылар еңбегін бағалудың рейтингтік жүйесі орныққан. Сол бағалау өлшемдеріне, неге екенін білмеймін, қазақ тілін білу сауалы кірмейді. Ал алдағы он жылдықта қазақ тілін толық меңгеретін мемлекет соған арналған шараларды әр мекемеде дәл осы мезетте бастап кеткені көкейге қонымды емес пе? Бұл, біріншіден, жоғары оқу орындарында дәріс беріп жүрген оқытушылардың қаншасы Конституцияда бекітілген мемлекеттік тілді қандай мөлшерде білетінін анықтай түседі. Ең бастысы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың биылғы жолдауында айқындап берген мақсаттарға жету үшін жұмысты қай тұстан бастау керек екені белгіленіп қойылады. Одан әрі университет оқытушыларына қазақ тілінен сынақ тапсырту, жұмысқа қабылдағанда қазақ тілінен сынақ алу қалыпты, үйреншікті шараға айналуы керек. Мұндай ұлағат пен ұлттық ерекшелікті  университтердегі педагогтік жұмысты зерттеу қызметімен тұтастандыру, білім беру мен зерттеу саласында моральдық және ителлектуалдық еркіндікке қол жеткізу сияқты талап қойған Болон хартиясысының рухы да жоққа шығармайды.

Жасыратыны жоқ, журналистика факультетінің орыс топтарына қазақ тілінің, қазақ және орыс топтарына ағылшын тілінің оқытылуы көңіл көншітпейді. Оның үстіне жұғысты пәндер журналистикамен тікелей байланыста сарапталып, түсіндірілуін қалар едік. Мәселен, социология, философия, тарих, эстетика, этика, ӨҚН (өмір сүру қауіпсіздігінің негідері) дәрістері мен зертханалық сабақтары. Бүгінгі оқытылатын дәрістер тізіміне көз салсаңыз, оқу бағдарламасының ішіне «Іс қағаздарын жүргізудің» кіріп кетуі сіз бен бізді қалай таң қалдырмайды? Меніңше, журналистика факультетінің барлық студенттеріне ортақ міндетті пәндер мыналар: «Журналистикатану» («Журналистика негіздері)», «Қазіргі публицистика жанрлары мен пішіндері», «Ұлттық журналистика тарихы», «Қазақ халқының ежелгі көсемсөз өнері, әдебиеті мен мәдениеті», «Шетел журналистикасы», «Қазақ мемлекетінің тарихы», «Экономика негіздері», «Құқық негіздері», қазақ тілі, шет тілі.  Қалған пәндерді таңдау (элективті) сабақтары сеткасынан көрсек те жеткілікті. Оның үстіне «Ұлттық журналистика тарихы», «Қазақ халқының ежелгі көсемсөз өнері, әдебиеті мен мәдениеті» барлық бөлімдерге тек қана қазақ тілінде, ал «Шет ел журналистикасы» қазақ және орыс бөлімдерінде міндетті түрде ағылшынша өткізудің болашақтық мәні зор. Бұл мәселе бойынша езу жырта дауыс көтерудің де қажеті шамалы. Менің осы тұрғыда бір түсінбейтінім, ана тіліңді біл, дәстүріңді ардақта дегенге осы жұрт неге соншалықты ертоқымын бауырына ала тулайды, неге соншалықты шала бүлінеді. Әсілі, басында бір шайнам миы бар жан өз қателігін айтқан кісіден көл-көсір рахметін аямайды, ал тасыр мінез ғұмыр бойы қылышын қайрап, кектесіп өтеді. Шындығына келейікші,  республика жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық және техникалық факультеттердегі тұрмыстық деңгейдегі ағылшыншасын әдеби тілге балап жүргендер өздерін осындайда неге көрсетпейді? Қайсысының  Оксфорд, Кембридж, Гарвард университеттерінде құшақ-құшақ ғылыми мақалалары жарияланды? Ағылшындармен ағылшын өркениеті мен мәдениетін зерттеуде, француздармен француз әдебиеті мен өнерін игеруде бәсекелесе алмайсың. Олар да түркі тақырыбын, қазақ менталитетін зерттеуде өзімізбен иық теңестіре алмайды. Өйткені  орта органикасын тереңдей білмейді, қазақ әдеби тілін дәл біздердей сөйлете алмайды. Оларды қойып қойыңыз, мына өзіміздің ғылыми дәрежесі таудай орыс тілді кейбір  қазақ ғалымдары орыс публицистері мен жазушыларының шығармаларын шала-шарпы таниды, сол бұлақтардан қана сусындамағандары сонадайдан аңғарылып тұрады. Ал  қазақ, түркі әлемі шарапатынан ол шіркіндер мүлде мақрұм. Таза жіліктей алмаған соң, тісі батпаған соң қайтсін, қазақ көсемсөз кеңістігінде жантақ та гүлдемеген деп есептейді. Баяғы еурокіндіктік пайымның нақ өзі. Өздері жете байыбына бара алмайтын мәселені қате, жаңсақ  деп ұғады. Олар тіпті қазақ авторларының бірде-бір кітабын қолына ұстап көрмеген. Соған қарамастан ұлттық журналистика бағыт-бағдары туралы әр газетте жөн айтады,  ажар ашу сипатындағы аударма сұхбаттарын бастырады.

Журналистиканың барлық қызметі демократиялық қоғам санасына, сөз бостандығы, пікір еркіндігіне негізделген. Сол фундаменталды базаларға сүйене отырып, ол кез келген фактіні, оқиғаны жан-жақты қарастырады. Бір жақты баға беруден бойын аулақ салады, тәрбиелі, жоғары мәдениетті  журналистиканың жағымсыз эпитетті ұнатпайтыны да сондықтан. Ол сондай қылықты өз әріптестерінен де, өз оппоненттерінен күтетіні әбден заңды. Шындығын айтсақ, сана мен парасат шен-шекпенмен, жоғары лауазыммен бірге келмейді. Жалпы,  жеке жоғарғы оқу орнын басқару о баста немістерден ауысқан технократтық тәсілдерге ғана, стилі мен логикасы бір сәттік эффектіге ғана емес,  кемел ақыл-ойға, келешектік мәні бар жоспарларға, сенімді ғылыми болжамдарға арқа сүйеуі қажет. Реформамызға сырт жақ не дейді, анаған ұнамай қаламыз ба, мынаның көңілінен шықпай қаламыз ба деген әйеншек, қорғалау принципі бізге жат болуға тиіс. Басты өлшем — ұлттық мүдде, мемлекеттік қауіпсіздік. Бүгінгі мемлекет машинасының тізгінін ұстап, ел саясатын жүргізіп отырған ұлттық университет басшыларының төл міндеті — төңіректеген азғана топтың сыбыр-күбіріне емес, белгілі бір саланы бес саусақтай білетін, зиялы жұрт ортасында, шығармашылық қауымдастық  арасында салмағы бар тұлғалардың пікіріне құлақ  асу.

Журналистика — бұқаралық сипаты басым құбылыс, ешбір қоғамдық ғылым көсемсөздей, баспасөз мәтіндеріндей халық арасына кең тарай алмайды. Оның демократиялығы, ұлттық қасиеті осында. Ол халық санасымен, ұлттық және ғаламдық таныммен тығыз табысқан. Оның үстіне ол жүрекпен сүйетін кәсіп, халыққа ең жақын, тілектес мамандық. Мен басқа білім өндірісін кемсітейін деп отырғамын жоқ, бірақ физика, математика, химия, тарих, филология, халықаралық қатынастар факультеттері кез келген оқу орынында бар. Ал бай дәстүрі мен өзіндік мектебі қалыптасқан журналистика факультеті республикамызда жалғыз. Дәл осы есептен журналистика факультетіне ұлттық құндылық деп қараған жөн. Ал ұлттық сана игіліктерін  әспеттейтін, қоғамдық пікірді реттеп отыратын, мемлекеттік саясатты көпшілікке жеткізетін — тек қана журналист-мамандар. Сондықтан оның реформасы бір ғана министрліктің, бір ғана әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің уысындағы шаруа емес деп білемін.  Мерзімді ақпарат сияқты өткірдің жүзін пәрменмен, бұйрықпен әп-сәтте қайрай алмайсың. Ол үшін үлкен ұлттық бас қосу — қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар өкілдері, ғалымдар, Журналистер одағы, Жазушылар одағы, БАҚ өкілдері қатысқан келелі кеңес керек. Олардың назарына масс-медиа мамандарын даярлаудың, оқытудың, журналистика ғылымын өркендетудің нақты бағдарламасын ұсынған жөн. Бұл, біріншіден. Екіншіден, сондай өресі биік жиынның арқасында біз қазіргі баспасөз  рыногы сұранысын да тап баса аламыз.

Менің қазіргі журналистиканы дамытуға орай өз пікірім бар. Бізге керегі — толыққанды бес жылдық университеттік классикалық білім беру плюс бір жылдық магистратура. Білім беру мен ғылыми бағыт-бағдары бұрыннан қаланған алты кафедра зерттеу бағыты ретінде сақталуы тиіс. Несін жасырайық, жаңа қарым-қатынасқа, рынокттық жүйеге көшу біздің ұстаздар мен студенттер корпусына  оңай тиген жоқ. Осы күнге дейін әртүрлі желеумен журналистика факультетінде оқытылатын пәндер кредитін мейілінше қысқарту саясаты жүргізілгені ешкімге жасырын емес, әсіресе практика, курс жұмыстарына арналған сағаттар аяусыз қиқымдалды. Соның салдарынан  кафедра оқытушыларының саны да күрт кеміп кетті. Тауяда Л.Н. Гумилев атындағы ұлттық университеті ұстаз-профессорлары  құрамымен болған зиялы кездесуде ҚР Білім және ғылым министрі Б.Т. Жұмағұлов журналистика мамандығына бөлінетін гранттар санын екі есеге көбейтуге уәде берген еді. Тек осы сөздің мәйегі қоюлана түссе екен деп тілейік. Сонымен қатар қандай да болмасын типтік оқу бағдарламасын жасарада журналистика білімі мен ғылымын техникалық пәндер өзегіне салуға болмайтыны мейілінше еске алынса дейміз. Әрине, өзіміздің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-зерттеу қанатының мықтап бекігенін біз барынша құптаймыз. Тек әр зәру бағытты алып кетер екі-үш формальды емес мықты көшбасшыға сенім көрсетілсе жеткілікті (ондай ғалымдар бізде жоқ емес, бар), қалған 100-і солардың төңірегінде топтасады, ғылым мен білімді жедел ілгері бастырады. Сол ұсынақ арқылы  соны ғылыми мектеп те, жаңа ғылыми бағыт та қалыптасады.

Журналистика пәні үшін, әрине, ұрандатудың да, имиджеологияның да тиімді жақтары жетерлік, алайда берері мол нақты іс-қимыл одан да тиімді. Олай болса, журналистикатану саласындағы  ғылым, зерттеу кластерлері, біздіңше, мынадай алты бағыт төңірегінде топтасуы қажет:

1. Ұлттық журналистика тарихының  пассионарлық кезеңдері.

2. Теориялық және коррекциялық журналистика  ғаламдық өзгерістер үдерісінде.

3. Баспагерлік шығармашылық траекториялары және  дизайн өнері.

4. Қоғаммен байланыс технологиялары және  ақпараттық  психология.

5. Контактология, әлеуметтік тораптар және интернетжурналистика.

6. Шет ел журналистикасының қоғамдық  және табиғи стилистикасы.

Аталмыш  бағыттар басқа ғылым салаларымен тығыз іліктесіп жатқанын аңғару онша қиын емес. Бұл алты жобалық аталымды «Ғылым туралы» заңның 5 тарауы 19 бабына сәйкес Ұлттық ғылыми кеңеске ұсынуға әбден болады деп ойлаймын. Демек, зерттеу университеттері жанынан құрылатын бөлімдер іс-шарасы, инвестициялар легі осы жаңашыл бағыттарға жұмсалғаны қажет. Бұнымен бірге  барлық ғылыми орталықтардың өзіне лайық ережелері, қаржыландыру саясаты болғаны абзал. Бұл арада алалау жүрмеуі керек.

Бір анығы, гуманитарлық ғылым жемісін ешбір коэффициентпен, конвертацияланатын валютамен өлшеу әзірше мүмкін емес. Ол азық-түлік өндірмейді, машина жасап шығармайды, жер асты байлықтарын іске жаратпайды. Сауда-саттықпен  айналыспайды. Ол сана байлығын өсіреді, дарындыларды баулып шығарады. Ал талант  табиғатта өте сирек кездеседі, ендеше, журналистика факультетіне де  тек тарлан баптап шығар деген  міндет жүктей алмайсың, ол бұйым қалыптайтын завод конвейері емес. Талант — Хақтың сыйы, дарынның иығына бұл дүниенің бар мұң-зары, бар ауыртпалығы артылатыны да сол себептен. Дара мен дарынның ұйымдасқан жабы көптен жапа шегіп жататыны да сондықтан. Жалпы, адамның шығармашылық табиғатын геолог, Академик Қ.И. Сәтбаев, металлург, академик Е.А. Бөкетов жақсы түсінген. Бірі халық ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын жарқырата көрсетуге ден қойса, екіншісі тікелей әдеби шығармашылықпен айналысты — А.С. Пушкинді, В.В. Маяковскийді қазақша жатық сөйлетті. Осының бәрі еріккеннің ермегі, жүрдім-бардым шаруалар емес-ті. Олар ғылыми сананың қасаңдануынан қашты, халықтық бастаулардың тұншығып, жаншылып қалмауын көздеді. Осы ретте алыс шет елді мысалға алмай-ақ қояйық. Мына тұрған Ресейдегі М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің ректоры, математик, академик В.А. Садовничий «Игорь жорығы туралы жыр»  хақында арнаулы еңбек жазды, әдебиеттің, әсіресе лингвистиканың математикаға аса жақын екенін атап көрсетті. Аса көрнекті ғалым-физик, М,В. Келдыш пен С.П. Королевтің серігі Б.В. Раушенбах «Ежелгі орыс живописінің кеңістікте орналасуы» атты кітап бастырып шығарды. Аты баптаулы, зердесі сәулелі зиялы жұрт осындай өнеге көрсетуден еш жалыққан емес. Біз де еш риясыз лириктер мен физиктердің тізе қоса, одақтаса жұмыс атқарғанын жөн деп білеміз.

Бұл күндері Батыстың көлгірсіген, көсемсіген  желігі бұқаралық ақпарат арналары арқылы біздің мәдениетіміз бен өнеріміздің берекесін қашырып бітті, өз форматтары арқылы   жүріп-тұру ережелерімізге шейін күрделі түзету енгізе бастады. Бұл әрекет талай мың жылдар қалыптасқан сана кодын бұзары, ұлтымыздың болашықтық жобаларын шалыс бастырары хақ. Осындай індеттің залалына  осыдан көп жыл бұрын көзі жеткен  тілі орыс,  ділі қазақ ірі ғалым, белгілі публицист  М.К. Барманқұлов түркі әлемінің бастапқы артықшылығы туралы үш кітап жазып қалдырды. Меніңше, енді бүгінгі Шығыс зияты адамзат баласын оң жолға оралту, бейәдеп, бейпіл лағулардан қол үздіру жолында ұлы миссия атқаруға ден қояры хақ. Таяу жылдары Шығыс мектебі Батыс корпоративін адамият тезінен өткізеріне мен кәміл сенемін. Оған, әрине, қазақ журналистикасының да қосар үлесі ұшан-теңіз. Өйткені Қазақстанның экономикалық, саяси-әлеуметтік салмағы арта түскен сайын халықтың келешегін бағалау үшін, елдің болашағын ғылыми саралу үшін сырт көз міндетті түрде қазақ баспасөзінің мәтіндерін де түрлі-түрлі електен өткізеді. Арнаулы ғылыми-зерттеу институттарын құрады. Демек, қазақ тіліне деген ынтазалық пен құмарлық шет елде де анағұрлым арта түседі. Сол перспективалық биіктен қарасақ, бүгінгі күні ғаламдық жарыста жеңіске жету  ол қарсыласты жермен жексен ету емес, ол оппонентіңнен оқ бойы оза шабу, идеялық-инновациялық тұрғыдан одан әлдеқайда кемел тұру, өз артықшылығыңа оның көзін жеткізу. Бүгінгі ұлттық ғылым мен білімнің басты мақсаты, міне, осы.

Кәкен Қамзин,

филология ғылымдарының докторы, жазушы

«Абай-ақпарат»

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы