Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Жорж С.Клейсон. Байлық кілті

Дата: 25 июля 2011 в 14:16 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Жорж  С.Клейсон. Байлық кілті

ҚАБЫСҚАН  ӘМИЯНДЫ ҚАМПАЙТУ ЖОЛЫ немесе ЕЖЕЛГІ  БАБЫЛДАҒЫ  ЕҢ  БАЙ АДАМ

Аңыз-шыны аралас

БҰЛ  КІТАПТЫ  ӘРБІР  МИЛЛИОНЕР  ОҚЫП  ШЫҚҚАН

— Айтпақшы, мен бүгін ескі досымыз Арқатты көрдім. Алтын арбасында келеді екен. Басқалардай ол теріс қараған жоқ. Керісінше, менімен күлімсірей қолын бұлғап сәлемдескенін жұрттың бәрі де байқады. Өзі сондай кішіпейіл.

— Жұрт оны Бабылдағы ең бай адам деп жүр ғой, — Бансыр толғана сөйледі.

— Оның байығаны сондай, тіпті, қазынасы ортайғанда оған патшаның да жүгінуіне тура келеді.

— Қарай гөр, байлықтың қауқарын. Оны қараңғы жерде кезіктіре қалсам, дереу әмиянын сыйпап қаламын ба деп қорқам.

— Оның — жай сандырақ, — деді Қобби. — Байлық белге қыстырған шиланда болмайды. Қандай қампыйған әмиян да қабысады, егер оны толтырып тұратын алтын жылға болмаса. Арқат қаншама жомарттық көрсетсе де,  оның әмиянын қабыстырмайтын табыс көзі бар.

— Иә, табыс дегенің — дүние ғой, — деп онымен келісті Бансыр.

— Дуал түбінде отырғанымда болмаса шетел кезіп кеткенімде, менің әмияныма ақша құятын табыс көзі болса ғой.Мұның жолын Арқат білуі керек. Бәлкім, ол менің топас басыма ұқтырар?

— Менімше, ол бұл ілімді өзінің ұлы Номасарға оқытқан болар. — Ол Ниневияға барып, сондағы мейманханада тұрып-ақ, әкесінің ақылымен сол қаланың байларының біріне айналыпты.

— Қобби, сен маған жақсы ой тастадың — Бансыр жанарында ұшқын жылт етті. — Ескі достан ақыл-кеңесті тегін алуға да болады ғой. Ал, Арқат — біздің ортақ досымыз. Енді біздің әмиянымыздың сұңқардың былтырғы ұясындай қаңырағаны басты қатырмауы керек. Байлықтың ортасында отырып, ақшасыз жүруден әбден жалықтым. Байығым келеді. Қанеки, Арқатқа барып, табыс табу жолын сұрайық.

—         Мен бірдеңені ұққан секілдімін, Бансыр. Біздің баю тәсілін неге  білмей келгенімізді енді түсіндім. Біз оны мүлдем іздемеппіз.Сен Бабылдағы ең жақсы арба жасаумен жүріпсің. Сенің бар қабылетің соған жұмсалыпты. Сондықтан сенің байлыққа қолың жетпеді.Ал, мен лираны ең озат тартушы болсам да, кедейліктен арылмадым.

— Кеттік, дәл кәзір Арқатқа, — деді Бансыр. — Ауыртпалықта жүрген достарымыздың бәрін де шақырайық. Олар да үйренсін.

— Сен ылғи да менің таныстарымның ішіндегі ең ақылдысысың, Бансыр. Сондықтан да, сенің достарың көп. Айтқаның болсын. Кәзір бәрін жинап барайық, ендеше.

Ең бай кісінің ең ежелгі құпиясы: баю жолы

Ежелгі Бабылда Арқат деген асқан бай кісі болыпты. Оның байлығы туралы сыбыс барлық жерде аңызға бергісіз әңгімеге айналыпты. Оның үстіне ол жомарттығымен атын әйгілепті.Ол садақа беруде де алдына жан салмапты, жанұясына да, өзіне де шығынданудан аянбаған.Соған қарамастан, оның  табысы жыл сайын еселеніп отырыпты.

Бір күні оған бала кезгі достары жиналып келіп, былай дейді:

— Арқат, сен бізден гөрі жолың болған жігітсің. Сен Бабылдағы асқан байға айналдың, ал біздің үрерге итіміз, сығарға битіміз жоқ, кедейміз.Сенің қалаған сәнді киімді киюге де, таңдаған ләззәтпен рахаттануға да ықтиярың мол.  Ал, біздер жанұямызбен бойымызға табылғанын іліп, асқа бұйырғанын ішіп жүрген жайымыз бар.

Бірақ бір кезде бәріміз де бірдей едік қой.Бәріміз де бір ұстаздан тәлім алдық. Ойнағанымыз да — бір ойын. Сенің оқуда да, ойында да бізден озық болған кезің болмады. Соған қарамастан, сен соңғы жылдары қаладағы аса құрметті тұрғын болуға бізден гөрі бұрын қол жеткіздің.

Сенің бізден артық еңбектенген жерің жоқ, жұмысың да біздікінен гөрі қиын емес.Ендеше, қанша тілесек те, тырбынсақ та, бізді емес, баянсыз бақтың барлық ырыс пен ләззәтқа бөленетіндей сені ғана таңдағаны қалай?

Алайда, Арқат оларға мына сөздермен қарсы шығыпты:

— Егер де сендер бәріміздің өспірім шағымыздан кейінгі ғұмырларыңда тек қана бейшара тірлікке сәйкес табыс тапсаңдар, онда — сендер байлық пен бақты қондыратын заңды білмегендерің болмаса оны ұстанбағандарың.

Бақ дегеніміз — аса қатал да, ешкімге де ғұмыр бойы тұрақтамайтын ырыс.Керісінше, ол еңбек сіңірмей алтынмен апталған кез келген адамды күйретеді.Ол қалталылардың талайын керексіз  шығынға жолықтырып, көп ұзамай, олардың таусылмайтын сұранысы пен қажетін өтеусіз қалдырады.  Ал, кейбіреулері жұққан байлығын соншама тықпалап, шығынға барынша сараң болып, жұмсалғанның орнын толтырумен күндерін өткізеді.Мұның үстіне олар өмірлерін тонаушылардан қорқумен өткізіп, қонған бақ пен ырыстың рахатын көруден қалады.

Еңбек етпей тапқан алтынды ғұмырының соңына дейін еселеп, бақыт пен рахатқа бөгіп өтетіндер де бар.Бірақ ондайлар мейлінше аз, олар туралы естігенім болмаса, кездестірмедім.   Кездейсоқ бай мұраға ие болғандарды еске алыңдар да, менің айтқаным қаншалықты дұрыс екенін ойланып көріңдер.

Арқаттың достары мұрадан байыған атақтыларды еске алды да, оның айтқандары бұлжымайтын шындық екеніне көздері жетті.Енді олар Арқаттың өзінен осыншама байлықты қалай жыйғанын айтып беруді сұрады.Арқат болса, сөзін әрі жалғады:

— Жас кезімде бақыт пен ырысқа жолықтыратын біршама нәрсе көрдім.Бірақ оларға ие болуға тек қана байлық жәрдемдесетінін ұқтым. Байлық — енапат күш. Оның көмегімен көптеген нәрсені болдыру ықтимал. Үйіңді ең әдемі жиһазбен сәндеуге болады. Теңізде жүзіп, талай жерді аралау да соның арқасында мүмкін. Ондайда қияндағы елдің таңсығынан да рахат табасың.Зергерлерден таңдап жүріп ең керемет әшекей де сатып аласың.Зәулім тәухана (храм) да тұрғызасың. Жаның қалаған, іңкәр сезімің талай нәрсені істеуге әбден болады.

Осының бәрін ұққан соң, мен өмір игілігінен өз несібемді алуды шештім.Өзгелердің рахатын қызықтаудан бас тарттым. Алба-жұлба киімді жаратпасам да, өзіме лайық киінуді мақұл көрдім. Кедейдің тағдырына көндіккім келмеді.Мына өмір  тойына қонақ болғым келді.

Өздерің білетіндей, мен кедей сатушының ұлы едім, жанұямыз үлкен болды да, мұрадан үміттену орынсыз еді. Өздерің айтқандай, дарынды қабылетіммен ерекшелене алмағасын, ойлағаныма ие болу үшін маған уақыт пен білім керек деп шештім.

Уақытты алсақ, ол менде де басқалардағыдай ағыл-тегіл еді.Баю үшін уақыт сендерде де барынша жеткілікті болғаны рас қой.Бірақ та, сендердің бір ғана мадақ тұтатындарың жанұя ғана екенін өздерің де айттыңдар.

Білімге келсек, оның екі түрі болатынын біздің дана ұстазымыз айтты емес пе: біреуін біз мектепте аламыз, ал келесісі біздің өмірлік тәжірибемізден туындайды.

Сондықтан да мен байлықты қалай жыюды білгім келді және оны өзіме міндет қылдым.Төбемізде күн сәулесі барда өмірдің рахатын көрудің несі ерсі? Көлеңкелі дүниеге аттануға тура келерде уайым мен қайғының өзі келеді ғой.

Мен жазбалар бөлімінде жазғыш болып жұмысқа тұрдым. Сөйтіп, күн сайын сазпарақтың٭ бетін шимайлаумен сағаттар бойы бел жазбадым.Солай еңбектенумен апта артынан апта, ай соңынан ай өтсе де, табысым тақұл-тұқыл болып діңкем құрыды. Ас та, киім де, садақа да, басқасы да тапқанымды жұтты да тұрды. Бірақ баюды ешқашан да естен шығармадым.

Бір күні қала әмірінің үйіне молайтушы٭ Алғамыс келді де маған Оныншы заңды сазпараққа жазып беруді тапсырды да, былай деді:

— Маған бұл заң екі күннен кейін керек, егер жұмыс мерзімде орындалса, мен саған екі жез бақыр٭ берем.

Мен болсам, барымды салдым, бірақ заң шұбатылған шұлғаудай ұзақ еді.Сөйтіп, Алғамыс екінші рет келгенде заң дайын болмады.Ол бұрқан-тарқан болып, маған сонша ренжіді, егер де оның құлы болғанымда, мені сабап тастар еді.  Бірақ менің қала басын арқа тұтатыным болғандықтан, одан тайсалмастан былай дедім:

— Алғамыс, сен аса бай адамсың. Баю жолын маған да айтып берші, мен түні бойы бел жазбастан, заңды сазпараққа түсіріп берейін.

Ол күлімсіреді де, былай деді:

— Сен нағыз алаяқ екенсің,бірақ мен бұл ұсынысқа келісем.

Түні бойы мен бүкірейген күйі жұқалтақ кірпішшелерге заң жазумен болдым, білтешамның иісінен басым қақырайтындай ауырды,көзім бұлдырап, көрместей хал кештім. Дегенмен, тапсырысшы таң ата келгенде, сазға түсірілген заң әзір болды.

Сазпарақ — ежелгі Бабыл жазбалары түсірілген жұқа кірпіш

٭ Молайтушы — ежелгі Бабылдағы қарызға ақша беретін не ақшаны салымға алып еселеуші

٭Бақыр — монета, темір ақша

(жалғасы бар)

Аударған Серік Әбдірешұлы

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы