Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Конституция үшін күрес

Дата: 30 сентября 2011 в 08:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Конституция үшін күрес
Жұма, 30 Қыркүйек, 2011

Конституция үшін күрес

 

Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев пен журналист Сауытбек Абдрахмановтың  сұхбат кітабынан

– Нұрсұлтан Әбішұлы, сізбен сұхбат кітабының келесі тарауының тақы­ры­бын белгілеуге 30 тамызда, Конституция күнінен кейінгі қабыл­дауда сөй­ле­ген қысқаша сөзіңіз қозғау салып еді. Сіз сонда «Конституцияның қа­зақша Ата Заң деген бейнелі ба­ла­масы бар. Меніңше, бұл өте дұрыс теңеу. Біздің барлық заңдарымыздың атасы – Конституция» дедіңіз. Осы жиырма жыл­дың ішінде жүріп өткен жолымызда Конституцияның қан­дай­лық орны болғанын сол күнгі парадта сөйлеген сө­зіңіздегі: «Азатт­ы­ғымыз­дың айшық­ты айғағы болған Ата Заң – тәуел­сіз­дік­тің теңдессіз тартуы!» деген баға­ңыз да нақтылай түсті. Әңгі­ме­нің ба­сында жалпы Конституцияның мемлекет өміріндегі рөлі жайында айтсаңыз деймін.

– Негізінде, Конституция сөзінің өз мағынасы өте қарапайым. Мысалы, дәрі­герлер адамның дене тұрқының ерекшелігіне байланысты «оның конституциясы сондай» деп те айта береді. Қазақ «сүйегі сондай» деп сөйлейді ғой. Сондықтан, қазақылау етіп қайыратын болсақ, ел Конс­титуциясын қалыптастыру сол елдің сүйегін қалыптастыру сияқты жауапты іс деудің де жөні бар. Осы тұрғыдан қара­ған­да, қай мемлекет үшін де Конституция ұғымы қасиетті саналады. Америкалық­тар­ды алайық. Былай қарасаң, сол ұлт үшін қастер тұтарлықтай ештеңе жоқ сияқты. Онда Конгресс те, ел Президенті де, кез келген лауазымды тұлға да, тіпті заңдар да аяусыз сынға алына береді. Ал Конституцияның алдында америкалық­тар­дың бәрі тақ тұрады. Басқаға күмән келтірсе де, Конституцияға күмән келтірмейді. Әр сөзі тұрмақ, әр әрпін қадір­лейді. Өйткені, Конституция – Негізгі Заң. Ата Заң.

Жаңа сен айтып отырған Тәуелсіздік сарайындағы қабылдау кезінде Конститу­ция­ны қоғамдық келісім-шарт деп атаған едім. Ол не деген сөз? Ол билік те, азаматтар да қоғамдық келісім-шартқа бай­ла­нысты өзіне міндет алады деген сөз. Билік біздің елді демократиялық, зайыр­лы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыру міндетін өз мойнына артады. Ал халық Конституцияны сақтау жөнінде өзіне жауапкершілік жүктейді. Міндеттерді осылай бөліскенде ғана қо­ғам мен мемлекеттің көңілдегідей дамуына берік негіз қаланады. Осылай еткенде ғана ел халқының келешекке сеніммен қарауына мүмкіндік туады.

 

ДӘЙЕКТЕМЕ:

«Конституция (лат. сonstitio – белгілеу, орналастыру) – мемлекеттің Негізгі заңы, материалдық мағы­на­да – ең алдымен елдегі адам мен аза­мат­­тың құқықтары мен бос­тан­дықтарын жариялайтын, оларға кепілдік беретін, сол сияқты елдегі әлеу­мет­тік құ­ры­лыстың негіздерін, басқару мен мемлекеттік құрылымның ны­са­нын, орта­лық және жергілікті билік орган­да­ры­ның негіздерін, олардың құ­зы­реті мен өзара қарым-қатынастарын, мемлекеттік рәміздерді және аста­наны ай­қындайтын өкімдік акт, ак­ті­лердің немесе конституциялық рәсім­дер­дің жи­ын­тығы; нысандық ма­ғы­нада – бар­лық басқа заңдарға қа­тыс­ты жо­ға­ры заңи күшке ие заң немесе заңдар то­бы. Конституция – конституциялық құрылыстың құнды­лықтары, инсти­тут­тары мен нор­ма­лары, әлеуметтік байланыстар мен мемлекеттік билік­тің қатынастарын мемлекеттік-құ­қық­тық реттеу негіздері ресми түрде баянды етілетін ең жоғары құқықтық нысан. Конституция осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды белгісі болып табылады».

«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы,

4-том, 637-бет.

 

– Қазақстан Республикасының Конс­титуциясы туралы әңгімеге көшпес бұ­рын жалпы әлемдегі конституциялар сипаты жайында бірер ауыз айтсаңыз деймін. Конституциясы жоқ елдер де бар ғой, солай емес пе?

– Солайы солай. Біріншіден, ондай елдер некен-саяқ. Екіншіден, ондай елдер­дің бәрі – абсолюттік монархиялар. Мы­са­лы, Сауд Арабиясында, Оманда. Бұл біз жүретін жол емес. Онымен қоса, тікелей Конституция деп аталатын ресми құжаты жоқ елдер де кездеседі. Мысалы, Ұлы­бри­танияда Негізгі Заң айқындауға тиіс мәселелер бірнеше заңнамалық актілермен реттеледі. Сондықтан Ұлыбри­та­ния конституциясыз өмір сүреді делінбейді.

Конституцияны заң жүзіндегі және іс жүзіндегі деп бөлу де баяғыдан бар. Оның біріншісі – құқықтық нормалардың айқындалған жүйесі болса, екіншісі – сол қатынастардың өзі. Негізгі Заңның уақыт­ша және тұрақты деп бөлінетіні де бо­ла­ды. 1995 жылғы Конституциямыздың жо­ба­сын жасауға кірісетін кезде мен өзім үшін бірқатар қызғылықты жайларды аш­тым. Ол кезде Еуропаның, Азияның, Сол­түстік және Латын Америкасының, жал­пы ұзын саны 20 елдің конституцияларын қадала оқып, конспектілеп шыққан бола­тынмын. Ондағы ойым дамудың әрқилы сатыларында тұрған, әлеуметтік-мәдени, ұлттық және басқа да ерекшеліктері бар, құқықтық жүйелері де әр түрлі елдерде Конституция басты мақсатқа – тұрақ­ты­лықты нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, демократияны дамытуға қол жеткізуге қалай көмектеседі дегенді анықтау еді.

– Осы арадан мынадай сұрақ шығады. Сіз бірқатар сұхбаттарыңыз­да Қазақстанның 1993 жылғы Конс­ти­туциясы өтпелі сипатта болды деген ойды айтқансыз. Онда тіпті «Өтпелі кезең ережелері» деген тұтас тарау да бар ғой. Сол кезде ол Конституцияны уақытша деп атаудың жөні жоқ па еді?

– 1990-92 жылдары біз Қазақ ССР-нің ескі Конституциясына жамау салып өзгертумен келдік. Президенттік билік, нарық экономикасына көшу, жаңа саясат, тағы басқа нәрселерді ілгерілету үшін өзгерістер енгізумен болдық. Сондықтан жаңа Конституцияны тез арада қабылдау қажет еді. 1993 жылғы Конституцияның негізі – республикамыздың мемлекеттік егемендігі туралы 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Декларация. Әрине, дек­ла­ра­цияның аты – декларация. Ол – мәлім­деу, хабарлау деген сөз. Мысалы, табыс­ты декларациялау, кедендік декларация деп те жатамыз ғой. Ал Тәуелсіздік ол бас­қа ұғым. Бұл дербес мемлекет деген сөз.

Әрине, егемендік туралы деклара­ция­ның мемлекеттік саясат пен құқықтың, халықаралық қарым-қатынастардың негізгі қағидаттарын жария ететіндігін де ескермеуге болмайды. Қазақстанның мем­лекеттік егемендігі туралы Декларацияда да талай нәрсе айтылды. Онда, мы­салы, біздің ізгілікті, демократиялық және құқықтық мемлекет құруға деген ниетіміз айтылды, халықтың мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табы­ла­тындығы паш етілді. Биліктің заң шы­ғарушы, атқарушы және сот тармақ­тарына бөлінетіндігі көрсетілді. Ел аума­ғы­ның бөлінбейтіндігі, оған қол сұғыл­май­тындығы, жер, оның қойнауы, су көз­дері, әуе кеңістігі, табиғи ресурстар тек республиканың ғана меншігінде бола­тын­дығы жазылды. Сенімен бір әңгімеде 1991 жылғы тамыз бүлігі кезінде Орта­лық бұрынғыдай республикаларға өктем сөйлей алмай қалды, өйткені олардың бәрі де өздерінің егемендіктері туралы дек­ларацияларын қабылдап қойған еді дегенмін. 1993 жылғы Конституция сол құжатқа да арқа сүйеді. Әрине, Консти­ту­цияның негізгі тірегі – Мемлекеттік тәуел­сіздігіміз туралы Конституциялық заң.

Іс жүзінде Қазақстанның тұңғыш Конс­титуциясының жобасын жасау жө­нін­дегі жұмыс егемендік туралы декларация қабылданысымен-ақ қолға алынған бо­латын. 1990 жылғы 15 желтоқсанда Қазақ КСР Конституциялық комиссиясы құрыл­ған. Себебі, біз декларацияның, жаңа айтқанымдай, қанша дегенмен декларация екендігін, яғни заңдық сипа­ты­нан гөрі саяси сипаты басым екендігін салған беттен-ақ ескердік. Декларация­ның ережелері заңдық норма емес еді. 1991 жылдың 16 желтоқсанындағы «Қа­зақ­стан Респуб­ли­касының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң ғана біздің тәуел­сіз­дігімізді шындап, түп­кілікті баянды етті. Біздің басты ұлттық мерекеміз Тәуелсіздік күні болатыны сондықтан.

Рас, 1993 жылғы Конституциямыздың жобасын жасаған кезде де, Парламентке ұсынған кезде де, талқылау кезінде де оның ғасырларға кетпейтінін әркім де іштей біліп отырды. Ол Конституцияның уақытша екенін бәріміз білдік.

Ол кездегі Парламент мүшелері де, Парламент басшылары да коммунистік пиғылдан арыла алмаған-ды, тіпті, депу­тат­тардың көпшілігі жаңа экономика, жаңа саясат дегенді қабылдағылары келмейтін адамдар еді. Мұндай жағдайда заман талабына сай Конституция қабыл­дана алмайтын еді. Екінші жағынан, мүлдем Конституциясыз алға жылжуға да болмайтын. Көп нәрсе менің көңіліме қонбады, бірақ келісуге тура келді. Яғни, компромисс қажет болды.

– Тәуелсіз елдің тұңғыш Конс­ти­ту­циясының жобасын жасауда қандай міндеттер алға қойылды?

– Алға қойылған міндеттер көп. Ең негізгілерін бөліп айтатын болсақ, мы­на­лар. Алдымен мемлекеттілікті нығайту, би­ліктің бүкіл жүйесін күшейту қажет етілді. Одан кейін экономиканы реформалау, дағдарыстан шығудың кезек күттір­мей­тін мәселелерін шешу керек еді. Сырт­қы саясат саласы да қалыптаспаған-ды. Ақыр аяғында демократиялық инсти­тут­тарды дамыту қажет болды. Бұлардың үдесінен шығу оңайға түскен жоқ. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында адам­да­ры­мыздың ақыл-ойында ондаған жылдар бойы қатып-семіп қалған қасаң қалып­тардан құтылу қажет етілді.

Бұрынғы Конституцияның тұжы­рым­дамасы мен құрылымы уақыт талабынан қалып қойғаны сондай, қанша жерден тү­зету, толықтыру, өзгеріс енгізсең де қай­шылықтарды жоя алмайтынсың. Егемендік туралы Декларация қабылданғаннан Тәуелсіздік туралы Конституциялық заң қабылданғанға дейінгі аралықтағы 14 ай­дың ішінде қолданыстағы Конституцияға 7 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені, кейде тіпті бір аптаның ішінде екі рет өзгертуге де тура келгені осы ойым­ның дәлелі. Мұнан әрі бұлай жалғаса бермейтіні анық еді. Сондықтан, 1991 жыл­дың 15 желтоқсанында, яғни тәуелсіздік жа­риялардың дәл алдында Жоғарғы Кеңес қаулысымен Конституциялық комиссия құрылды.

– Сіздің ол комиссия бойынша орын­басарыңыз Жоғарғы Кеңестің сол кездегі төрағасы Серікболсын Әбділ­дин болған еді. Бұрын осы қызметті ат­қарған Ерік Асанбаев вице-президент қызметіне сай­лан­ған еді. Вице-президент лауазымына байланысты өз ойым­ды білдіре кетсем дей­мін. Ғафу етіңіз, сіз кезінде өзіңізге КСРО вице-президентінің лауазымы ұсы­нылғанда «Правда» газетінің сұра­ғы­на: «Сол вице-президенттің не үшін керектігін білмеймін» деп жауап берген едіңіз. «Мен өзімді ондай құрылымда елес­тете алмаймын» деп ашып айт­қан­сыз. Ал Қазақстан жағдайында вице-пре­зидент лауазымы не үшін қажет болды?

– Бұл сұраққа жауап беру үшін мы­нан­дай бір жағдайды еске алғым келіп тұр. Мен Қазақ КСР-нің Президенті бо­лып сайланғаннан кейін тиісті аппаратты жасақтай бастадық. Аппараттың бір құ­ры­лымы баспасөз қызметі еді. Прези­дент­тің баспасөз хатшысы қызметіне сол кезде Мемлекеттік телерадио комитетін басқаратын Ғаділбек Шалахметовті ша­қырдым. Қарамағында мыңға жуық (об­лыстардағы телерадио компанияларын, хабар тарату орталықтарын қосқанда) қыз­меткері бар министрлік лауазымнан оншақты адамдық шағын топқа жетекшілік етуге келуді қоңылтақсыды ма, бұрын бізде болмаған жаңа жұмыстың жай-күйін білмеді ме, әлде тосыннан айтыл­ған ұсынысқа асып-сасып қалғаны ма, Ғаділбек маған: «Нұрсұлтан Әбішұлы, ке­ші­ріңіз, баспасөз хатшысы деген не өзі?» деп сұрақ қойғаны. Сонда мен оған айт­тым: «Тұра тұр, алдымен Президент деген­нің не екенін анықтап алайықшы…» деп.

Бұл жағдайды мен күлкілі мысал ретінде келтіріп отырған жоқпын. Біз тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында, Абай атамыз айтқандай, соқтықпалы, соқ­пақ­сыз жолмен жүруге мәжбүр болдық. Мемлекет құрудың баяғы бір заманда ба­ба­ларымыз салып кетті деген сүрлеу жолы­ның өзі ғасырлар шаңына көміліп, іс жү­зін­де із-түзсіз жоғалып кеткен-ді. Шын­туайтына келгенде, кейінгі ғасырлардағы хандықтарымыздың бойында мемлекетті­лік­тің құжатталып белгіленген шекара, тұрақты әскер, төл ақша, кеден сияқты ең қарапайым белгі-нышандарының өзі толық болмағаны анық қой. Аты бар да, заты жоқ автономиядан басталып, кейіннен ғана сөз жүзінде федерацияның субъек­тісі – одақтас республикаға айнал­ған Қазақ КСР-і мемлекеттілік сипаттардан атымен дерлік ада еді. Сондықтан да егемендіктің елең-алаңында әр түрлі, оның ішінде біз үшін тосын шешімдер де қабылдауымызға тура келді. Олардың арасында кейбіреулерін, мысалы, вице-президент лауазымының енгізілуін сәтсіз шешім деуге де болуы мүмкін. Өйткені, көп ұзамай-ақ бұл лауазымдағы адамның негізінен хаттамалық сипаттағы міндеттермен шектелуге мәжбүр екеніне өзімнің де көзім жетті. Кейіннен Конституцияда бұл қызметті билік құрылымынан алып тастауға тура келді. Бірақ, қателіктің де пайдалы жақтары болады. Тәуелсіздік табалдырығында елдің ең жоғары билік құрылымына вице-президент лауазымы енгізілмегенде, ел Президентін билікті бір қолға жинап алғысы келді, демо­кра­тияның үздік үлгісі саналатын АҚШ-тың өзінде баяғыдан бар қызметті тәрк етті, ол қызмет болғанда мына мәселе былай шешілер еді деген сияқты айыптаулардан көз ашпас па едік, кім біледі?…

– Сіз «Қазақстан жолы» атты кіта­бы­ңызда: «Қазақ КСР-інің сол кездегі қолданыстағы Конституциясы жаңа Конституцияны қабылдауды тек парламенттік жолмен іске асыруды қарас­тырған. Сондықтан да Жоғарғы Кеңес өзінің шешуші билік өкілеттілігінің көбін сақтап қалды, ал бұл кезде президенттік билік енді ғана қалыптасу сатысында болатын» деп жазғансыз. Президент пен парламент арасындағы ол тұстағы саяси оқиғаларды сипат­та­ған авторлардың арасында «текетірес», «қақтығыс» деген сияқты анық­та­маларды қолданатындары аз емес. Сіз өзіңіз жылдар өте келе сол оқиға­ларға қандай баға берер едіңіз?

– «Текетірес», «қақтығыс» сөздері Президент пен Парламент арасы әбден ашылып, бітіспес жағдайға жетіп, ақыр аяғында бүкіл әлемнің көз алдында Ақ үйді атқылаумен, тіпті қан төгумен тынған Ресей жағдайына дәлірек келеді. Ал Тәжікстандағы 1992 жылғы тіресудің аяғы немен біткенін айтудың өзі ауыр. Ондағы халықтың бір-бірін қынадай қырған азамат соғысы барысында жүз мыңға жуық адамның өмірі қиылған еді. Осылардың бәрін ескере келгенде, мен біздегі жағдайды «келіспеушілік» деген сөзбен анықтаған болар едім.

– Сонда ол келіспеушілік неден бас­талды?

– Талай дүние оқып жүрмін, солардың ішінде 1992-1993 жылдардағы жағдай­лар­ды Президент пен Парламенттің, тіпті нақты Назарбаев пен Әбділдиннің тіресуіндей етіп көрсететін мақалалар да табы­ла­ды. Бұлай ету – мәселенің мәнісін оңай­­латып көрсету. Сол жылдардағы біздің келіспеушілігіміз ескі мен жаңа­ның болмай қоймауға тиісті келіспеушілігі еді. Ол келіспеушіліктің түйінін тар­қатуда екі жақтың да, соның ішінде Парламент депутаттарының да, мәмілеге келуге қабілеттілігінің атқарған рөлі үлкен. Мәмілеге келмесек, ортақ іске нұқсан жасайтынымызды конституциялық құры­лыс­тың барлық қатысушылары түсінді. Мұны арнайы айтқым келеді.

Келіспеушілік ә дегеннен Консти­ту­ция­лық комиссияның отырыстарында-ақ басталды. Комиссия құрамына Жоғарғы Кеңес Төралқасының мүшелері, ондағы комитеттердің барлық төрағалары кіретіні белгілі. Өкінішті жері сол, олардың көпшілігі комиссиядағы басты мақсаты болашақ Конституцияға Жоғарғы Кеңес­тің, барлық деңгейдегі кеңестердің билік вертикалын қалайда сақтап қалу деп білгендей әсер қалдырды. Бұл Ресей Жо­ғар­ғы Кеңесінің дәл осындай әрекеттеріне еліктеу болатын. Ол кездегі депутат­тар­дың көпшілігі Жоғарғы Кеңесте тұрақты жұмыс істемейтін, халық қалаулысы міндетін негізгі шаруасымен қатар атқара беретін. Заң шығарушылық іске тіпті бейімі жоқ сол адамдар Жоғарғы Кеңеске келеді де, бюджеттің ала арқанын әрі тарт та бері тартпен айналысады, қайткенде өзінің өңіріне көбірек ақша қарпып қалуға ты­рысады. Бүкіл халыққа, тұтас мемлекетке қызмет ету екінші қатарға ысырылады. Депутаттардың дені жалпы ұлттық мүд­делер деңгейіне көтеріле алмады, ай­мақ­тық мәселелерден шықпай қоятын болды. Олар бөлу функциясын өздеріне алады да, реформа үшін жауапкершілікті Үкі­мет­ке аудара салады. Оларға белгілі бір салада жалақыны өсіру жөнінде шешім қабылдап, жақсыатты бола қалу да түк емес еді. Қаржы қорларымен жеткілікті қамтамасыз етілмеген зейнет заңнамасын қабылдаудың, әр түрлі әлеуметтік тө­лем­дер, ақшалай өтемақылар және жеңіл­дік­тер белгілеу жұртшылықтың «мейірімді Парламент» қабылдаған жақсы заңдарды орындамаған «мейірімсіз Үкіметке» на­ла­сымен ғана бітті. Біздің шаруамыз заң, қаулы қабылдау, ал оны орындау Үкі­мет­тің шаруасы деп қарап отыратын. Үкімет жоқ қаражатты қайдан алады? Онда ша­руалары болмады. Сол кезде Парламент үйінің алдында ауық-ауық наразылық митингілері өтіп жататын. Бірнеше рет аш­тық жариялаушылар да болды. Депутаттар оларға барып, «Бізге не дейсіңдер? Бұл жөнінде біз қабылдаған заңда былай жазылған, оның орындалуын Үкіметтен талап етіңдер» деп артық-ауыс ақыл­да­рын айтатын да кабинеттеріне қайтатын. Сауыншылар мен тракторшыларды зейнетке 45 жаста шығару сияқты заңдар да сол кезде қабылданған еді. Экономика көңілдегідей жұмыс істемей, қазына қор­жыны бос тұрған, зейнетақы, жалақы тө­лей алмай тұрған кезде мұндай заңдар­дың пайдасынан зияны көп болатын. Түбінде мұның өзі мемлекетімізге өте қауіп­ті жағдай еді. Ақыр аяғында әлеу­меттік төлем бойынша бірнеше жылдық қарыз жинақталды. Кейіннен әлгіндей мем­лекет есебінен мырзалықтың жөні келіспейтініне депутаттардың өздерінің де көз­дері жетті, тиісті заңнан жаңағыдай кө­кейге қонымсыз баптар алынып тасталды.

 

ДӘЙЕКТЕМЕ:

«Депутаттардың көпшілігі жаңа жағ­дайдағы парламент қызметінің аты­мен жаңарғанын, өтпелі кезең мен мемлекеттілікті қалыптастыру жағ­дайында оның өте өрелі сипат алғанын аңғарып үлгере алмай жатыр. Ол, әлеу­меттік және ұлттық мүдделерді үй­лес­тіре оты­рып, жалпыхалықтық, мем­лекеттік мүд­деге айналдыру, сөй­тіп, күллі халықтың еркін білдіру. Бір­ақ көптеген депутаттар бұрынғыша өздерін императивті мандат иелеріміз деп санайды. Ол – кешегі жергілікті билік орындары айтуымен, депу­тат­тар­ды аймақтық дамытуға қосым­ша қара­жат алуға пайдаланып қалуға тыры­са­тын кеңестік дәстүрдің салқыны. Де­путаттарды ондай бұғаудан құтқару басқа елдерде әлдеқашан жүзеге асты. Француз ұлттық жиналысының 1789 жылы өз депутаттарын ешқандай императивті мандаттан тәуелсіз, бүкіл ұлттың еркін білдіруші деп жария­ла­ғанын айтсақ та жеткілікті».

Н.Назарбаев.

«Ғасырлар тоғысында», А., 1996, 172-бет.

 

Конституция жобасын жасауда да, оны Парламентте талқылауда да мен бұл жағдайдың қоғам мен мемлекетте қақ жарылуға жол беруге жеткізбеуін алды­мен ойладым. Бұғанасы жаңа бекіп жат­қан мемлекеттің, көпұлтты, көптілді, көп­дін­ді мемлекеттің тыныштығы мен тұрақ­тылығын сақтау бәрінен де маңызды еді. Елдегі ішкі саяси тұрақтылықты сақтап қалсақ, мемлекеттің түйінді мәселелерін әлі де шеше жататынымызды ұдайы есте ұстадым. Оны жете ойламаған жерде қандай жағдай орын алуы мүмкін екенін Ресейдегі 1993 жылғы оқиғалар көрсетіп берді. Қазір адамдардың көбі ұмытып та кеткен болса керек, сол кездегі кейбір митингілерде облыстардың өкілеттілігін күшейту дегенді оларды тап бір федеративті құрылымның субъектілеріндей ету жөнінде де талаптар қойылған еді. Мұ­ның өзі егемендігімізге, тұрақтылыққа, әрбір қазақстандықтың отбасының ты­ныш­тығына тікелей қатер төндіретін жағ­дай екенін түсіну қиын емес. Жалпы, сондай талаптардың қойылғаны бір жағынан жақсы да болды. Неге десең, осы арқылы біз түрлі деңгейдегі әкімдерді сайлауға са­ралап қарау керектігін, ал облыстар әкім­дерін сайлаудан тартыну жөн екенін біржола ұқтық. Жаңағы Ресейдің өзінде гу­бернаторлар сайлауынан пайда тауып жа­рытпағанын қазір жұрттың бәрі де айтады.

– Анталияда болғанымда Ресейдің Алтай өлкесінің бір азаматымен сөйле­сіп қалған едім. Сол жігіт өздерінде губернаторлар сайлауы пайда бермегені былай тұрсын, тіпті зиян әкелгенін ашық айтып жатты. Ол өлкеде са­ти­ралық актер Михаил Евдокимов губернатор болып сайланып еді ғой. Кәдімгі әртіс, Жванецкий, Задорнов сияқты сатириктердей өз жанынан шығаратын да өнері жоқ, тек өзгелердің жазғанын жат­тап алып, сахнадан оқып беретін адам. Теледидар арқылы берілетін юморлық хабарлардан жақсы танитын жұрт сүйікті әртісіне жапырлап дауыс берген де, губернаторлыққа сайланып шыға келген. Аяғы немен біткенін бәріміз білеміз. Сөздің ретінде айтып жатқаным.

Ол жылдарда біраз уақыт Президент пен Үкімет аппараттары бірге бол­ды ғой, сондағы Ішкі саясат бөлімі Парламент ғимаратының Панфилов көшесі жақ бетінде орналасқан еді. Парламентте аса маңызды мәселелер тал­қыланатын күндері, жауын-жауын­ның арасында дегендей, ғимараттың қақ ортасындағы дөңгелек залдың бал­конына барып, әңгіменің бәрін емін-еркін тыңдай беретінбіз. Сонда ұлт туралы, тіл туралы талай-талай тар­тыстарға куә болғанбыз.

– Иә, ұлттық мәселелер бойынша небір пікірсайыс өршіп жатты. Консти­ту­ция­лық комиссияның кейбір мүшелері ұлттық мемлекет құру мәселесін ашықтан ашық көтерді. Президент те, Жоғарғы Ке­ңес төрағасы да міндетті түрде қазақ болуы керек дегенді Конституцияға жа­зып қоюды ұсынды. Мен мәжілістерде қай­та-қайта сөйлеп, мұндай әсірепа­триот­шылыққа тойтарыс беруге мәжбүр бол­дым. Конституция көпұлтты халықты бө­лу­ге емес, біріктіруге тиіс. Осы мәселе бойынша қатты айтыс өрістеді.

 

ДӘЙЕКТЕМЕ:

«А.Перегрин: – Енді қазақ Президент туралы айтайын. Біздің комитетте құқық қорғаушы америкалық делегация жүр. Олардың маған қойған бірінші сауалы: «Ол адамның қанша­лық­ты қазақ екенін қандай рәсім арқылы анықтамақшысыздар?». Мен жауап бере алмадым. Құрметті депутаттарға Президент те мұның қандай рәсімнің көмегімен анықталатынын айта қой­ма­ды. Айталық, балалар үйінен шық­қан, қысық көзді, шықшыты үлкен адам бар дейік, паспортында қазақ деп жа­зылған, сол кісі президент болып сай­ланады, кейіннен қараса – өзбек екен. Мұндайда не басталады? Конс­ти­туциялық сот, парламенттегі айтыс-тартыс, импичмент бастала ма? Мұндай рәсімді доктор Геббельс білген, осындай тұжырым жазуды ұсынып отырғандар білген. Өкінішке орай, біздің зиялы қауымымыз осындай. Бұл үшін әлгіндей докторларды тәрбиелеп, жастарды сондай жазбаның дұрыс­ты­ғына сендіру керек. Мынандай жазбаны ұсынып отырғандардың ойсырап ұтылғанын тілеймін».

«Н.Назарбаев: – Осы залда ұлттық белгі бойынша бөліне бастағанымыз ма­ған ұнамайтынын адал түрде, ашық айтпақшымын. Неліктен қазақтар бүкіл Қазақстан халқының алдындағы сөзін біздің стратегиялық одақта­сы­мыз ұлы орыс халқына, оның тіліне, біз­дің балаларымыз бен немере­лері­міз­дің болашағын байланыстырып отыр­ған халыққа, Ресейдің Қазақстанмен қатынасына құрмет сөздерінен бас­та­масқа? Неліктен біздің ұлты орыс отан­дастарымыз өз сөздерін сын-сы­нақ­тарда, шайқастарда қанын төге жү­ріп, тәуелсіздікке қол жеткізген, көрмегені жоқ қазақ халқының ауыр тағдырын айтудан, бұл халыққа көре­ал­маушылықпен қараудың жөнсіздігін, бұл халықтың бақыты жаңа ғана гүл жара бастағанын айтудан баста­мас­қа? Неліктен бізде бір-бірімізге ұмты­лыс жоқ, неге біз әңгімені осындай сөздерден бастамаймыз?».

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы 9 желтоқсандағы кешкі мәжілісінің дәлжазбалық есебінен. 44, 46-беттер.

  Тілге байланысты да таласты жайлар жеткілікті еді. Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу жөнінде кезінде жан-жақты ойлас­ты­рылмай қабылданып кеткен кесте бо­латын. 1989 жылы ма, 1990 жылы ма бекітілген әлгі кесте бойынша, оңтүстіктегі облыстарды былай қойғанда, солтүс­тік­те­гі аудандардың біразында да іс қағаз­да­рын қазақша жүргізуге ауысу тоқсанын­шы жылдардың орта шенінде-ақ шешіліп қалуға тиісті еді… Соны алға тартып, шаш ал десе бас алатын кейбір төре­шіл­дер қазақ тілін білмейтіндерге қысым көрсетуден де кет әрі еместігін танытты. Кез келген әрекет қарсы әрекет туғызбай қоймайды. Кей жерлерде жаңағыдай пікірлерге жауап ретінде тілдер туралы заң­ның күшін жою талабы да қойыла бас­тады. Ал бұған тіпті де жол беруге бол­майтын. Қолданыстағы заңды қайта қарау дегеніңіз қазақ ұлтын тәуелсіздікке қолын қатар жеткізген ұлттардың жанында қор­лаумен тең болып шығатын еді. Ақыр аяғында біздің тіл саясатымыз қазақ және орыс тілдерінің, басқа да тілдердің дамуы үшін тиісті жағдайды жасауы керек деген ұстанымға жұрттың бәрі де тоқтады. Конституцияға да, тілдер туралы заңда­ғы­дай, мемлекеттік тіл – қазақ тілі, орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып табылады деп жазылды.

Конституция жобасында адамның ең­бекке құқылығы туралы бұрынғы Конс­ти­туциядағы (дұрысында – қолданыстағы Конституция) баптың болмауы қатты айтыс туғызды. Егер адамның еңбек етуге құқын қамтамасыз ете алмасақ, онда неменеге тәуелсіз мемлекет атанып отыр­мыз деген сияқты өте өтімді сөздер де талай айтылды. Ал енді шындықтың бетіне тіке қарайықшы. Біз әр адамның еңбек ету құқын Конституция бойынша қамта­ма­сыз ете аламыз ба? Ол мүмкін емес. Жұмыссыз қалғанның бәрінің консти­ту­циялық құқы бұзылған болып шыға ма сонда? Бүкіл әлемде нарық жағдайында ешкім де ондай кепілдік бере алмайды. Бере алмайды дегенім бер жағы, ол тіпті қажет те емес. Еңбекке кепілдік берілген кешегі кеңестік кезеңде еңбектің қандай қадірі кеткенін бәріміз ұмыта қойған жоқпыз. Сондай-ақ денсаулық сақтау мен білім беру саласында тегін емдеу мен тегін білім мемлекеттік медицина мекемелерінде және орта білім орындарында, яғни мектептерде беріледі деп жазуға тура келді. Олай жазылмаса, жекешенің мүмкіндігін шектеген болып шығар едік. Осы мәселелер жөнінде бірнеше рет сөз алып, түсіндіруге тура келді. Кейбір депутаттармен жеке кездесу қажет болды.

– Дегенмен, бірқатар ұсыныстары­ңызды өткізе алмадыңыз ғой?

– Иә, қоғамның реформашыл бөлігі қол­даған ұсыныстардың біразы өтпей қал­ды. Мысалы, қос палаталы парламент жөніндегі ұсыныс өткен жоқ. Прези­дент­тің Парламентті тарату қағидасын көзде­ген баптың өтпегені өзінен өзі түсінікті. Пар­ламентті тарату қағидасы қабылдан­ба­ғаннан кейін, әрине, Президентке импичмент жариялау қағидасы да қарас­ты­рылмады. Әйтсе де, мен мәселені ширық­тырып жатқым келмеді. Парламентпен тартысқа түсуден тартынуды жөн көрдім. Жағдай ішімізде де, сыртымызда да күрделі еді. Мұндайда басты нәрсе мемлекеттің тұрақтылығын сақтап қалу болуға тиіс. Тұрақтылық сақталса ең өзекті деген мәселелердің өзін уақыты келгенде шешіп алудың мүмкіндігі бар.

– «Ғасырлар тоғысында» атты кіта­быңызда: «Мен қоғамның озғын бөлі­гінің көзқарасын жүзеге асыра алма­дым. Менің ұсыныстарыма Жоғарғы Кеңес басшылығы мен Төралқасының басым көпшілігі үзілді-кесілді қарсы шықты. Қызу айтыстар шықты. Ол саяси кезеңнің сипатынан туындап жат­қан жағдай еді. Еліміз тәуелсіздік пен егемендік жолына енді қадам бас­қан-ды. Одан әрі қарай алға басуы­мыз­дың күрделене түсетінін жақсы түсіндім» деп жазған едіңіз.

– Сол тұстағы шешімім тактикалық тұрғыдан өзін өзі ақтады деп ойлаймын. Қазақстанда шын мәніндегі өрелі элита қалыптасуына көп уақыт керек екеніне көз жете түсті. Уақыт бәрін де орын ор­ны­на қояды. Бұл жолы да солай болды. 1993 жылғы Конституцияда Қазақ­стан­ның республика екендігі ғана жария­лан­ды. Қандай республика екендігі анық­та­лып айтылмады. Президенттік республика ма? Парламенттік республика ма? Конституцияның құрылымында Жоғарғы Кеңес туралы айтылатын тараудың Президент туралы айтылатын тараудың ал­дында тұрғаны арқылы оны қабылдаған депутаттар жоғары өкілетті орган мемлекеттік бағыныстылықта белгілі бір дәре­жеде үстемдік етеді дегенді ашықтан ашық білдірді. Бүкіл Қазақстан халқының атынан өкілдік ету құқы тек қана Жо­ғарғы Кеңес пен Президентке берілетіні жазылған ереже де соны аңғартатын. Жоғарғы Кеңестің бұл жерде де Президенттен бұрын жазылғанына назар ауда­рып отырсың ғой. Соған қарағанда елі­міз­дің сол кездегі саяси сипатын парламенттік-президенттік республика ретінде анықтауға болар еді. Мұның өзі мем­ле­кетіміздің даму мүддесіне сай келмейтін.

– Неге?

– Парламенттік республикалар билікті жүзеге асырудағы басты рөл саяси пар­тия­ларға тиетін нысан екендігі мәлім. Елде күшті әлеуметтік негізі бар саяси бірлестіктер қалыптасып үлгермеген жағ­дайда парламенттік республика жөнінде сөз қозғаудың реті де келмейді. Мұндай модель демократиясы жаңа қалыптасып жатқан Қазақстан тұрмақ, демократиясы да­мыған елдердің көбіне де онша үйлесе бер­мейді. Парламенттік республикаларда саяси дағдарыстар президенттік, президенттік-парламенттік республикаларда­ғы­дан жиірек кездесетінін дәлелдеу қиын емес.

Мен ел Президенті ретінде биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақ­та­рының бірлескен жұмысын жолға қоюға бар күшімді салдым. Кейде апталар бойы күнімен Парламентте отырып, депутат­тар­дың дау-дамайын тыңдайтынмын, сау­ал­дарына жауап қайтаратынмын. Түнге қарай кабинетіме келетінмін де, шешім қабылдауды талап етіп тұрған кезек күттірмес мәселелермен айналысуға кірісетінмін… Мәселе, әрине, менің уақытым кеткенінде емес. Мәселе реформалардың уақыты кетіп бара жатқанында. Сөйтіп, бұрынғы үйреншікті дағдылы идеология­лық тәсілдемелер мен қатып-семіп қалған қағидаларды қорғаштауын қоймаған парламентшілердің іс-әрекеті қоғамның реформашыл күштерімен қайшы келе бас­тады. Соның салдарынан экономи­ка­ның күні өткен құрылымы сары майдай сақталып, жаңа қоғамдық қатынастарды қалыптастыру жөніндегі бастаманың бәрі де тежеліп тұрды. Парламентшілердің ор­та­сында кәдімгі кеңестік менталитет әбден орнығып алған еді. Ол менталитет билік тармақтарын әрқайсысы өзі жауап беретін саладағы міндеттерді аяғына дейін жеткізетіндей етіп бөлуге мүмкіндік қалдырмады. Сол кездегі Парламент бас­шылары да дәл сондай болды. Өкілетті органдардың демократиялық құқықтық мемлекеттің табиғатына сай келетін жаңа жүйесін жасау уақыт талабы екендігі айқын біліне бастады.

Ақыр аяғында мұны депутаттардың өздері де түсінді.

– Нұрсұлтан Әбішұлы, әңгіменің ең бір шетін тұсына енді ауысқан сияқ­ты­мыз. 1993 жылдың аяқ шенінде бүкіл елде барлық деңгейдегі кеңестердің өзін-өзі тарату үдерісі басталды. Бы­лайша қарағанда, бұл үдеріс жаңа­лық­қа, реформаларға кедергі келтіріп отыр­ғанын түсінген Жоғарғы Кеңесте қолға алынуы керек сияқты еді. Бірақ оны 1993 жылғы қарашада Алма­ты­дағы Алатау аудандық кеңесі бастады. Мұны қалай түсіндіруге болады?

– Мұны жалпы кеңестер жүйесінің бұрынғы режім мен ескі идеологияның баламасына айналып кеткенімен түсін­діруге болады. Депутаттардың кінәсінен қа­лыптасқан жағдай емес ол. Кеңестер мемлекеттік құрылымды жетілдіру, әлеу­мет­тік-экономикалық және саяси рефор­ма­ларды одан әрі дамыту жолында құ­қық­тық кедергіге айнала бастаған еді. Кеңестердің толық билігі үлгісі уақыт шындығына сәйкеспейтін жағдайға келген еді. Мұның өзі депутаттық корпустың өз жұмысына ықыласын төмендетті.

Қайта құрудың бастапқы кезеңінде кеңестерге қандай үміт артылғанын өзің жақсы білесің. Кеңес одағы әбден идео­логияланған қоғам болғаннан кейін ол жүйе өмір сүрген соңғы жылдарда әкім­шіл-әміршіл жүйені сынап сөйлемейтін адам қалмады. Әсіресе, КСРО Халық де­путаттарының съездерінде депутаттар өңе­шін созып, қызыл кеңірдек болып жа­та­тын. Алғашқы съезде-ақ баяғы Ленин айтатын «Барлық билік Кеңестерге берілсін!» деген ұран қайтадан жаң­ғыр­ған еді. Әуелде ол ұстанымды біз де қолдағанбыз. Сөйтсек, кеңестер билікті алуға тіпті де дайын болмай шықты. Жоқ, билікті алуға дайын ғой, сол билікті пайдалануға дай­ын болмай шықты. Жетпіс жыл бойы партия комитеттерінің айт­қанына көніп, ай­дауымен жүріп үйрен­ген­діктен кеңестер саяси мәселелерде де, шаруашылық істерінде де дербес қи­мылдауға дәрменсіз­дігін көрсетті. Мұның өзі жаңағы Алатау аудандық кеңесінің бар­лық деңгейдегі депутаттарға жария­ла­ған үндеуінде ашық айтылған еді. Пар­ла­ментіміздің жаңа ре­формаларға кедергі болып отырғанын мен ашық айтып жүр­дім. Кейбір депу­тат­тар­дың өздері де біз тарауымыз керек дей­тін. Мұны бүкіл ақ­парат құралдары да айтып жатты. Ақыры бұл іске қозғау салынды. Әуелде Алма­ты­ның аудандық мәслихаттары тарапынан қолдау тапқан бұл бастама кейіннен бүкіл республика бойынша жалғасып жүре берді. Барлық мәслихаттардың сессия­ларын­да депутаттар сайлаушылардың еркін жү­зеге асыру­ға қабілетсіз болып отыр­ған­дарын өздері айтты. Ақыр аяғында бұл толқын Жо­ғарғы Кеңеске де жетті.

– «Жоғарғы Кеңестің өзін-өзі тара­туы тәуелсіз Қазақстанның тарихын­да­ғы аса бір драмалы оқиға болды. Та­рихшылар осы бір ел үшін тағдырлық ма­ңызы бар шешімді қабылдауға де­пу­тат­тарды итермелеген себептерді әлі де та­лай тал­қы­лай­тыны аян» – сіздің «Қазақстан жо­лы» атты кітабыңызда осылай жаз­ыл­ған. Ол кітап 2006 жылы жарық көрген еді. Тәуелсіздік кезеңінің тарих­шы­лары бұл үдерістің себептерін әлі пай­ымдап жатқан болар… Сіз мұн­дай ше­шім неліктен қабылданды деп санайсыз?

– Ана жолы бір әңгімеде Чехов кейіпкерінің: «Ондай болуы мүмкін емес, өйткені ондай болуы еш уақытта мүмкін емес» деген сөзін келтіргенмін. Сол сөзді мына арада керісінше етіп, ондай бол­мауы мүмкін емес еді деп айтудың да реті бар. Жоғарғы Кеңестің тарамауы мүмкін емес еді. Бар мәселе оның не ерте, не кеш та­рауында ғана болып тұрған еді. Жо­ғарғы Кеңесті өзін-өзі таратуға жеткізген жағдайлардың ең бастысы – жалпы ке­ңес­тік жүйенің күйрей қирауы. Біздің ба­қытымыз – биліктің екі тармағының, яғни атқарушы және заң шығарушы тармақ­тар­дың келіспеушілігін бейбіт жолмен шешуге қол жеткізгеніміз. 1993 жылғы Мәскеудегі жағдайды тағы еске алуға тура келеді. Әлемнің қай елінен де бізге Ресейдегі оқиғалар көбірек әсер ететінін айтудың өзі артық. Кантемир диви­зия­сы­ның танкілері Ресей Федерациясы Жоғар­ғы Кеңесінің ғимаратын бүкіл әлем­нің көз алдында атқылап жатқан са­ғаттарда мен Қазақ­станда ахуалды тек күшті президенттік билік қана тұрақты күйде ұстап тұратынына, осындай жағ­дайда ғана біз экономиканы белсенді ырықтандыруды жүзеге асыра алатыны­мызға түпкілікті көз жеткіздім.

– Сол күндерде Борис Ельцин сізге хабарласып, Ресейдегідей жағдай қай­та­ланбауы үшін, реформаларды кедергісіз жүргізу үшін кеңессіздендіруді тезірек жүзеге асыру жөнінде кеңес берген деген де сөз бар ғой?

– Ол кезде Ельциннің ешкімге кеңес беретін жағдайы жоқ еді. Негізінде, дәл ондай қанды текетірес болмаса да ендігі жерде кеңестердің күні өткеніне көз жеткізу қиын емес еді. Сол кезде барлық дең­гейдегі кеңестерде мынандай парадокс жағдай қалыптасқан-ды. Парламенттегі көптеген адамдар әрі басқа жақта жұмыс істейтін, әрі депутаттық міндет ат­қара­тын. Былайша айтқанда, бір жағынан би­ліктің заң шығарушы тармағының, бір жағынан атқарушы тармағының өкілі… Мысалы, үлкен шаруашылықты басқа­ра­тын адам Жоғарғы Кеңес депутаты ретінде сессияларға келіп кетіп жүреді. Сонда өзі заң қабылдайды, кейін сол заңды өзі орындайды. Әрине, ол орындауға ың­ғайлы заң қабылдауға бейім тұрады.

– Біраз кітаптарда, мақалаларда Қа­­зақстанда кеңестердің өзін-өзі тара­туы туралы айтылғанда осы сөз «өзін-өзі тарату» деп, яғни тырнақшаға алы­нып жазылады. Мұндай күрделі үде­рістің бүкіл елде бас-аяғы бір айдың ішінде басталып, біте қалуы өзінен өзі бола қалатын нәрсе емес екені белгілі. Сол күндерде «Комсомольская правда» «Назарбаев настаивает на разгоне Советов» , «в отличие от своего северного коллеги делает это не лобовыми атаками… депутаты отказываются от власти «сами» деп жазған екен.

– Бар мәселе – түпкі нәтижеде. Оған әркім әрқилы жолмен қол жеткізуі мүм­кін. Әрине, Президент, бүкіл атқарушы билік кеңестердің өзін-өзі тарату үде­рі­сіне теріс қараған болса, бұл істі алғашқы апталарда-ақ тоқтата алар еді. Бар мәселе төменнен көтерілген сол бастаманың шынында да уақыттың талабымен үндес шыққанында ғой. Ондай бастамаға неге қарсы тұруымыз керек? Жергілікті кеңес­тер депутаттары топ-тобымен менің аты­ма хат жазып, неге Жоғарғы Кеңес өзі тарамайды деген сауал қойып жатты. Ондай сауалдарды мен депутаттардың өзде­рі­нің қарауына жіберетінмін. Жоғарғы Ке­ңестің бір топ депутаттары менің аты­ма ұжымдық өтініш жазып, депутаттық өкілеттіктерден босатуды сұрағанда да мен Конституция маған мұндай құқық бер­мейді, сондықтан бұл мәселені Жо­ғар­ғы Кеңестің таяудағы сессиясында күн тәртібіне қоюларыңызға болады, оны қа­райтын да, шешетін де тек өздеріңіз деп қана жауап қайтардым. Осы арқылы сөз ұққан адамға көзқарасымды аңғартуға тырыстым. «О, жақсы бопты, менің өзім­нің де күтіп жүргенім осы еді» демеймін ғой енді. Оның үстіне Конституцияда Пар­ламентті тарату тетігі қарастырылма­ған. Ел мүддесі үшін осынау маңызды ке­зеңде жауапкершілік танытқан депутат­тар­ға разылығымды ол кезде іштей білдірсем, кейін сырттай да білдіріп жүрдім. Ақыры 360 депутаттың 200-і қызметтен кету жө­нінде өтініш түсірді. Бұл Жоғарғы Кеңестің басым дауыспен өзін-өзі тарату жөнінде шешім қабылдауына алып келді. 1993 жыл­дың 8 желтоқсанында болды ол оқиға.

– Сол кездегі бір белгілі депутаттың сұхбатында сізге Парламенттің өзін-өзі таратуы жөнінде айтқаны келтіріледі. «Президент: «Өздерің біліңдер» деді де қойды», делінген онда.

– Бұған не айтайын? «Өздерің тараң­дар» деп айтты демегеніне шүкір.

– Әйтсе де, Жоғарғы Кеңес тара­пы­нан да мемлекеттік мүддені алға қою­шылық басым болды дей аламыз ғой?

– Дей аламыз. Олай дейтінім – өзін-өзі таратардың алдында Жоғарғы Кеңес елдің тұңғыш Конституциясын қабылдап, тарихи міндетін атқарып үлгерді. Жоба талай күн бойы бүкіл елге теледидардан тікелей көрсету арқылы талқыланды. 1992 жылғы маусымда бірінші оқылымда қабылданған жоба барлық республика­лық, облыстық газеттерде жарияланып, тал­қылау желтоқсан айына дейін созыл­ды. Сөйтіп, Конституция 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданды. Бұл шын мәніндегі тарихи оқиға еді.

– Сонымен бірге, тұңғыш Консти­туциямыздың өзіндік кемшіліктері де көп ұзамай көріне бастады деп санала­ды. Нақты айтқанда, қандай кемшіліктерді атауға болар еді?

– 1993 жылғы Конституцияның басты кемшілігі ретінде оны қабылдаудың тәсі­лін айтқан жөн. Қанша дегенмен, бұл кезде уақыт өзгеріп, демократия талаптары едәуір күшейіп қалған-ды. Ол Конститу­ция­ны халық емес, Жоғарғы Кеңес қа­былдады. Сондықтан жаңа мемлекетті құ­рудың қағидаттарын халықтың өзі айқын­дамағандай, халыққа Конституцияны Жо­ғарғы Кеңес сыйлай салғандай әсер бол­ғаны рас. Тіпті ол Конституцияның мә­тінінен мін табылмаған күннің өзінде солай саналатыны табиғи жай. Ал кемшілік жеткілікті еді. Ең бастысы, Негізгі Заң­ның нақтылы әлеуметтік-экономикалық және саяси үдерістерден қол үзіп қалған­дығы айқын көріне бастады. Онда әрқилы мемлекеттік институттардың болуы мүм­кін келіспеушіліктерді еңсерудің тетіктері жоқ еді. Мұның өзі биліктің атқа­ру­шы және заң шығарушы тармақтарының арасындағы қарама-қайшылықты объек­тив­ті түрде өршіте түсетін жағдай. Қа­зақ­станның бүкіл халқы атынан билік жүр­гізуге республика Жоғарғы Кеңесі мен Президентінің ғана құқы бар екенін жазу арқылы Парламент елдің сипатын парламенттік-президенттік республика түрінде белгілеген болатын. Бұл арада мәселе «Кім бастық?» дегенде емес. Мәселе Жо­ғарғы Кеңестің Президентке және Үкі­метке реформаларды, әсіресе эконо­ми­калық сипаттағы реформаларды жүргізу ісінде кедергі келтіретін орынсыз кең биліктілігі жөнінде. Мұны кейінге қал­дыр­май шешу керектігіне көп ұзамай-ақ кө­зім жетті. Ол кездегі ай сайын құбылып тұрған экономикалық күрделі жағдай кей заңдарды шұғыл қабылдауды қажет ететін. Ондай заңдардың жобалары Парламентке барысымен ұзын-сонар, қысыр пікірталастың арқауына айналып, айлар бойы жатып қалатын. Сессиялардың ара­сындағы үзілісті де ұзақ күтіп қалуға тура келетін. Мен ақыры бұл мәселені рефе­рен­думға шығару жөніндегі ұсынысымды да айттым. Сөйтіп жүргенде жергілікті кеңес­тердің өзін-өзі таратуы басталып кетті…

– Біраз саясаткерлер сол Жоғарғы Кеңестің тарауын сіздің Парламент спикері Серікболсын Әбділдинмен тіл табыспауыңызбен түсіндіргісі келеді.

– С.Әбділдин басында реформаларды қолдап, әр уақытта менің жанымда бол­ды, сондықтан мен оны, Асанбаевтың қар­сылығына қарамастан, Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасарлығына ұсын­дым. Сол кезде ол мені Жоғарғы Кеңес төрағалығы лауазымына қызықпаймын, бармаймын деп сендірген.

– Дегенмен, қолына билік тиген соң ойы мен ісі басқаша болып шыққан жоқ па?

– Ол қиын кезең еді. Ешқайсымыз бәрін білдік деп айта алмаймыз. Сондық­тан ешкімді де айыптаудан аулақпын. Мұндай жағдайдың аз болмағанын өзің де білесің ғой.

Жоғарғы Кеңес төрағасымен тіл та­быспағанымыз рас. Мен тіпті оның кан­дидатурасын осы қызметке ұсынуды қол­дамағаным да рас. Бірақ, ел тағдыры үшін аса маңызды шешімдердің адамдық жеке қатынастарға байланысты ғана қа­былдана салмайтынын түсіну керек. Мә­селенің басты мәнісі ел дамуының сол беле­сінде Қазақстанның мүддесі үшін бәрінен бұрын күшті президенттік билік қажет екендігінде еді.

– 1994 жылдың наурыз айында сай­ланған Жоғарғы Кеңестің жаңа құ­рамы­на әуелде үлкен үміт артқаныңыз белгілі. Сонымен бірге, жаңа Пар­ла­менттің өзі қызмет істеген уақыт ішін­де небәрі 7 заң қабылдағанына байла­ныс­ты көңіл толмаушылық білдір­ге­ніңіз де белгілі. Әсіресе, 1994 жылғы бюд­жеттің жобасы үш ай бойы тал­қы­ланғаны бәріміздің есімізде қалып қой­ып­ты. Дегенмен, бұл Жоғарғы Кеңес­тің де тараумен тынғаны рас. Мұның жай-жапсары жөнінде не айта аласыз?

– Бұл жайында мен айтудай-ақ айт­қанмын, жазудай-ақ жазғанмын. «Ғасыр­лар тоғысында», «Қазақстан жолы» деген кі­таптарымда, газеттердегі бірқатар сұх­бат­та­рымда бар, теледидардан да айт­қанмын. Тіпті қажет десең қысқаша баяндап қана өтейін.

Бұл оқиға біздің жаңа Конституция жобасын жасау, Парламентте талқылау жөніндегі ойларымызды бұзып кетуімен де, еліміз үшін парламентаризмнің, демо­кра­тияның елеулі сынағына айналуымен де ерекше. Мен әуелде болашақ жаңа Конституцияның ең қадау-қадау деген тұстарын қағазға түсіріп байқадым. Кейін сол кездегі Әділет министрі Нағашыбай Шайкеновті шақырып, оған құжаттың жалпы сұлбасын тапсырдым. Онымен екі сағаттан астам уақытқа созылған әңгі­ме­міз аса құпия жағдайда өткені айтпаса да түсінікті. Жаңа сайланған Жоғарғы Кеңес ол кезде конституциялық реформа жа­сау­ға дайын болатын. Әбіш Кекілбаев төр­аға­лыққа сайланған Парламенттің эконо­ми­калық мәселелерді талқылау барысын­дағы көкейге қонымды қадамдары да, бірқатар беделді депутаттық фракциялармен байланыстар да солай екеніне сендіретін. Алайда, күтпеген жағдай алды­мыз­дан шықты. Оны барша жұрт біледі. Журналист Татьяна Квятковская баспасөзде бұрын өзі депутаттыққа түскен сайлау округінде заң бұзылды деп санайтын­ды­ғы жөнінде мақала жазды. Әуелде депу­таттыққа өтпей қалған адамның дауы ғой деген тұрғыда оған онша мән де беріл­меді-ау деймін. Шағым ұзақ қаралды. Кейіннен Конституциялық сот шығарған шешім барша жұртты айран-асыр қал­дыр­ды. Сөйтсе, депутаттыққа кандидат дауыс­қа түскен округте ғана емес (Т.Квятковская шағымын тек өзінің округіне қатыстырып, сонда сайлау туралы кодекс бұзылды деп санайтындығы жөнінде ғана жазған болатын), бүкіл ел бойынша «Бір сайлаушы – бір дауыс» деген конститу­ция­лық қағида бұзылған екен. Мұның өзі де бізге үлкен сабақ болды.

Конституциялық соттың шешімі бой­ынша өткен сайлаудың қорытынды­ларына да, Жоғарғы Кеңес депутаттары қызметінің заңға сәйкестігіне де күмән келтірілді. Сайлаудың заңдылығына туған күмән сонда сайланған Парламенттің легитимдігіне күмән келтіру, тиісінше ол қабылдаған, қабылдайтын заңдардың легитимдігіне күмән келтіру болып шы­ғатыны өзінен-өзі түсінікті.

Қайтпек керек? Әрі ойланып, бері ой­ланып, мен журналистерді жинап, мәлімдеме жасадым.

 

ДӘЙЕКТЕМЕ:

«Соттың қабылдаған шешімі бәрі­міз үшін де күтпеген оқиға болды. Мем­лекетіміздің тарихында бұрын-соңды мұндай болған емес. Мен мемлекеттік биліктің орнықтылығын жақтап келдім және әлі де жақтай беремін.

Өйткені біздің жүргізіп жатқан ре­формаларымыздың тағдыры осыған байланысты, бұл ретте еліміздің бұдан бір жыл бұрын сайланған парла­мен­ті­нің де атқарар қызметі аз емес. Мен Жоғарғы Кеңеске үлкен үміт артамын. Әрине, таластар, шамадан тыс қыз­ба­лық ұшырап қалатыны да рас. Дегенмен біз алғашқы кезден бастап жемісті тіл табысуға қол жеткізіп келгенбіз.

Жуырда биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтары арасында келісімді ықпалдастықты қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойысқа­ны­мыз – соның айғағы. Енді, міне, Конс­ти­туциялық соттың шешімі төбеден түс­кендей оқиға болып отыр. Тек пара­сат­тылық, ұстамдылық, заңға мүл­тік­сіз бағыну ғана біз үшін бірден-бір дұрыс шешім тауып, парламент дағдарысына жол бермеуге мүмкіндік туғызады.

Сөйте тұрса да, Конституциялық соттың шешімі, кімнің мүддесін қоз­ғаса да, оған құрметпен қарауымыз керек. Тек сондай жағдайда ғана Қазақ­стан шынында да құқықтық мемлекетке, заңның салтанат құруына қарай бағыт алып бара жатыр деп айта аламыз».

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Конституциялық соттың шешіміне қатысты мәлімдемесінен, 1995 жылғы 8 наурыз.

 

Қиын жағдай қалыптасты. Әңгіменің ашығын айтқанда, елімізге парламенттік дағдарыстың қаупі анық төнді. Мен енді ресми түрде Конституциялық соттың қаулысына қарсылық енгіздім. Бір күннен кейін ол қаулыға Жоғарғы Кеңес төрағасы Әбіш Кекілбаев та қарсылық енгізді. Міне, осы тұста біздің еліміздің демо­кра­тиялық дамудың едәуір деңгейіне көте­ріл­гені анық көрінді. Конституциялық сот біз енгізген қарсылықтарды тойтарып шықты. Қара­пайымдатып айтсақ, қай­тарып тастады.

 

ДӘЙЕКТЕМЕ:

«Президент пен Қазақстан Рес­пуб­ликасы Жоғарғы Кеңес төрағасының қарсылықтары қабылданбасын және Конституциялық соттың 1995 жылғы 6 наурыздағы қаулысы күшінде қал­ды­рыл­сын. Ұйғарым шағым беруге жатпайды».

Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының анықтамасынан. 1995 жылғы 10 наурыз.

 

Енді жағдай шындап қиындады. Мен Конституциялық сотқа олар шығарған қаулының құқықтық салдары турасында сұраныс жасадым. Сұраныста бұл қаулы Жоғарғы Кеңес сайлауын Конституцияға сәйкес емес деп тани ма, депутаттар өкі­леттілігін Конституцияға сәйкес емес деп тани ма, егер олар Конституцияға сәйкес келмесе, онда заңнамалық сипаты бар ше­шімдерді кім қабылдайды деген сияқ­ты мәселелер қозғалды. Конституциялық сот берген қосымша анықтама бойынша ел Парламенті Конституцияға сәйкес емес деп танылды.

Бұрын-соңды болып көрмеген жағдай қалыптасты. Конституцияға сәйкес емес деп танылған Жоғарғы Кеңес тара­тыла­тын болды. Бұл оңай шешім емес еді. Депутаттыққа сайланғаныңа жыл жаңа толғанда Орталық сайлау комиссиясы жіберген қателік үшін зорға қолың жеткен мандаттан айрыла салу қалай оңай болсын? Біраз депутаттар кабинеттерін босатпай, Парламент ғимаратында қонып жүрді, пикеттер ұйымдастырды. Бірақ, олардың қарсылығын халық қолдаған жоқ. Шулап-шулап, шаршаған соң қойды. Біз таратылған Парламент депутат­тары­ның барлығының да лайықты жұмысқа орналастырылуын қадағаладық. Жазық­сыз­дан жазықты болғандары белгілі ғой.

Заңсыз деп танылған Жоғарғы Кеңес құрған Үкіметтің өкілеттілігі де Консти­ту­цияға сәйкес емес болып шықты. Үкі­мет орнынан түсті. Орталық сайлау ко­миссиясы да орнынан түсті. Алайда, билік вакуумы орын алған жоқ. Парламенттік дағдарыс көп ұзамай-ақ еңсерілді. Одан бір жарым жылдай бұрын Президент пен жергілікті әкімшілік басшы­ларына қосымша өкілеттіктер беру ту­ралы заң қабылданған болатын.

– Ол заңның жобасы сіз мұның алдындағы Парламентпен келіспей жүр­ген кезде жасалған шығар?

– Шынын айтқанда, солай. Ол кезде қандай жағдайдың да орын алуы мүмкін еді. Бірақ, бәрібір, ол заң қиын кезде бізге көмекке келді. Қайтадан күшіне кірген сол заң жаңа Конституция қабылданғанға дейін күшінде болды. Енді Президентке заң күші бар Жарлықтар шығару құқы берілді.

– Біздің елімізде экономикалық реформалардың барынша қарқын алуы­на жағдай жасайтын заңдардың бәрі де сол кезде қабылданды ғой. Ме­нің ойымша, қандай Парламент жұмыс істеп тұрғанда да сондай уақыттың ішінде 140-қа жуық заң шығарылмас еді, тіпті сіздің Жарлығыңызбен қа­был­данған заңдардың біразы депутаттар талқысынан өтпеуі де мүмкін еді. Айналып келгенде, парламенттік бұл дағдарыстан да Қазақстан ұтысқа шық­ты. Олжас Сүлейменовтің «Для раз­гона Парламента в России потребовались танки, а в Казахстане хватило одной Таньки» деп әзілдейтініндей бар…

– Олжас әзіл айта біледі ғой…

– Онда тағы бір әзілді еске салуға рұқсат етіңіз. Марқұм Қалтай Мұха­мед­жанов ағамыз сол жылдары сізге айтыпты, «Діннің беделін көтеру керек болып отыр. Ол үшін бас мүфтиді ауыс­тырған жөн. Осыны ойласты­ры­ң­ыз­шы?» деп. Сіз: «Біз зайырлы мемлекетпіз ғой, діннің ісіне аралас­пай­мыз, ондай нәрсе қолымыздан келмейді ғой» деп жауап беріпсіз. Сонда Қалтай ағамыз: «Нұреке, бір мүфтиді ауыс­тыру екі парламентті таратудан қиын болып па?» дейтін көрінеді…

– Қалекең де әзіл айта білетін… Әзілге әзіл ретінде қарау керек. Ал байсалды түрде айтсақ, ол кезде қалыптасқан жағ­дай­дың драматизмі ерекше еді. Бір Пар­ламенттің өзін-өзі таратуы, екінші Пар­ламенттің Конституциялық соттың шешімімен заңсыз деп танылуы жас мемле­кет­тің парламентаризмі үшін оңайға түскен жоқ. Елдегі саяси ахуал үшін алдымен жауапты адам ретінде мен де талай тұста қатты толқыдым. Мені бәрінен бұрын ел өмірінің артық саясиланып кету мүм­кіндігі алаңдатты. Біз бұл кезде «Ал­ды­мен – экономика, саясат – содан кейін» деген қағидатты ұстанып, реформаларды нақты қолға ала бастаған едік. Қоғамдық өмірдің артық саясилануы халқымызды жасампаздық жұмыстан алаңдататыны анық болатын. Сондықтан да менің Президент ретінде парламенттік дағдарыс қаупіне алаңдау сезімімді түсіну қиын емес. Уақыт өте келе, көп нәрсе ұмы­ты­лып, көмескілене бастаған кезде ғана сол жылдардағы қалыптасқан жағдай жай­ын­да салқын сабырмен сөйлей аламыз. Өз уақытында мұндай коллизиялар жас тәу­ел­сіздігімізге, елдегі тұрақтылыққа едәуір салмақ салған еді. Әсіресе, реформалар қозғалысқа қосыла қоймаған, эконо­ми­ка­лық ахуал өте қиын кезде саясаттағы ор­нықтылықтың қай кездегіден де қажет­ті­рек екенін бәріміз білетінбіз. Осы тұр­ғыдан қарағанда мен елдіктің қиын бір белесі кезінде барынша байыптылық та­ныт­қан халқымызға, мемлекет тағдыры үшін жауапкершілікті сергек сезінген сол кездегі халық қалаулыларына разы­лы­ғым­ды білдіруді парыз санаймын. Осы­ның арқасында елімізде ешқандай парламенттік дағдарыс орын алған жоқ. Оның есесіне бұл оқиға жас мемлекеттің демократия сынағынан өткен үлкен мектебіне айналды.

 

ДӘЙЕКТЕМЕ:

«Бұл – демократияның салтанат құруы. Өкіметтің барлық тармақтары өз қызметін атқарғандықтан ешқан­дай дағдарыс болған жоқ. Конс­ти­ту­ция­лық сот сайлаудың заңсыз өткендігі туралы қорытындыға келу үшін жеткілікті мөлшерде сақтық пен пайым­дылық танытты…

Біз сіздің Конституциялық соты­ңыз­дың шешімін құрметтейміз. Қа­зақ­с­танда демократияның едәуір орнық­қандығын бүгін бүкіл дүние жүзі тү­сініп отыр. Сіздер бұның бәрінен өте байыпты және байсалды өттіңіздер, сондықтан да дағдарысқа ұшыра­ма­ды­ңыздар… Бұл ТМД мемлекеттері ғана емес, тіпті АҚШ-ты қоса, өзін де­мо­кратиялық елміз деп санайтын басқа мемлекеттер үшін де жақсы үлгі болып табылады. Қазақстан демократияның шәкірті емес, ұстазы ретінде көріне алды. Бұл үшін барлық қазақ­стан­дық­тар мақтануы керек. Қазақстанды АҚШ-тың да мақтаныш тұтатын жөні бар… Соңғы оқиғалар… Консти­туцияға құрмет көрсете алған Сіздің басшылығыңыздың да саяси беделін көтеріп тастады».

У.Кортни,

АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы елшісі.

 

 Парламент дағдарысынан кейін Президентке қайтадан Парламент сайлан­ған­ша кең өкілдік берілгені, әсіресе 1995 жыл­ғы 29 сәуірде өткізілген респуб­ли­ка­лық референдум қорытындысы бойынша Президент өкілеттілігінің мерзімі 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзартылғаны жаңа Конституция жобасын дайындауға да мол мүмкіндік жасады. Біз бастан кешкен екі жағдай елдің Негізгі Заңының мемлекет үшін, әсіресе оның саяси тұ­рақ­тылығы үшін қандайлық маңызды екенін бадырайта көрсетіп берді. Болашақ Конс­титуцияның әрбір нормасы неше түрлі нұс­қада жасалып, егжей-тегжейлі талқы­ланды. Ел болашағын айқындайтын аса маңызды құжат дайындап жатқанымызды бәріміз де сергек сезіндік. Барлық фак­тор­ларды, барлық пікірлерді ескеру, со­лар­дың арасынан жаңылыстырмайтын жал­ғыз нұсқаны таңдау қажет етілді. Пікірталас салған беттен, жобаның алғашқы баптарынан-ақ басталып кетті. Әрбір бап бойынша түпкілікті шешім әлгі пікір­лердің барлығын талқылап болған соң ғана қабылданатын.

– 1995 жылғы Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан қандай қағи­датты ерекшеліктері бар дер едіңіз?

– Ең алдымен түбегейлі қағидаттар ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұ­рақ­тылық, бүкіл халықтың игілігін көз­дейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса ма­ңыз­ды мәселелерін демократиялық әдіс­терімен, соның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу қарастырылды. Бұ­рын­ғы Конституцияда мұндай қағидаттар атымен белгіленбеген еді, соның өзі-ақ мемлекет саясатын болжап-білуі қиын нәрсеге айналдыратын. Әу баста таңдаған жолдан болашақта ауытқып кетпеуімізге көмектесетін бағыт-бағдарлар ретінде бел­гіленген түбегейлі қағидаттар Негізгі Заңның рухын танытып тұрды.

Жаңа Конституция Қазақстанды президенттік республика деп жариялады. Бас­қарудың нақ осы нысаны Қазақстан жағ­дайында оңтайлы болып табыла­ты­нын және қоғамның саяси, экономикалық жүйелерін ойдағыдай реформалауға ба­рын­ша қолайлы жағдай жасайтынын уа­қыт көрсетіп берді. Біраздан кейін, елдегі қоғамдық институттар тиісінше күшейген кезде мен өз өкілеттіктерімнің біразын Парламентке бергенімді сөйтіп іс жүзінде Қазақстанды президенттік-парламенттік республикаға айналдыруға қадам жаса­ғанымды халық біледі.

Жаңа Конституция Парламентті қос палаталы етіп бекітті. Ол жөніндегі ұсы­ны­сымды 1993 жылғы Конституцияда өт­кізе алмағанымды жаңа айттым. Тағы бір маңызды мәселе – Парламенттің міндеті заң шығарушылық қызметке жұмылу екен­дігі нақты белгіленгені. Сонымен бір­ге, мемлекеттік бюджетті бекіту, Үкі­меттің іс-қимыл бағдарламасын мақұлдау немесе қабылдамай тастау, Премьер-Министрді тағайындауға келісім беру, Үкі­мет­ке сенімсіздік көрсету, оның мүше­лерінің есептерін тыңдау деген сияқты құзыреттердің барлығы да Парламентке бекітілді.

Жобаны бүкіл халықтың талқылауы үшін баспасөзде жарияладық. Бұл іске қандайлық мән бергенімді мына бір мы­салдан да көруге болады. Жоба жария­ланатын күні жұмыс тобының мүшелері Бауыржан Мұхамеджанов пен Константин Колпаковқа баспаханаға өздерің ба­рып, терілген мәтінді тікелей өздерің тексересіңдер, өздерің қол қоясыңдар деп тапсырдым. Олар маған түнгі сағат екі жарымда үйге телефон соғып, бәрі де қалпында екенін айтты. Сонда барып қол қоюға рұқсат алды.

Конституция жобасын бүкіл халық болып қалай талқылағанымызды айтып жатпай-ақ қояйын. Референдумда халық­тың жаңа Конституцияға қандайлық қолдау көрсеткені де белгілі. Референдум нәтижелері шыққан сәтте менің бойымды ерекше қуаныш сезімі биледі. Мен бүкіл халықтың жеңісі үшін қуандым. Ойға алған мақсатқа жеткеніміз, біздің ісімізді қазақстандықтардың соншама қолдағаны қатты қуантты.

Қазіргі таңда Қазақстандағы өркенді өзгерістердің бәрі Ата Заңның аясында жүзеге асып келеді. Еліміздің өркендеуі мен өрлеуінің негізі – Конституция. Мемлекетіміздегі экономикалық қуаттылық пен саяси тұрақтылықтың негізі де – Конституция. Конституцияның орнықтылығы – елдің орнықтылығының кепілі. Сон­дық­тан оның әрбір әрпіне құрметпен қа­рауымыз керек. Қит етсе Конституцияға өзгеріс енгізуді ұсынып шыға келетіндер Ата Заңның қадір-қасиетін жете ескермейтіндер демеске амалың жоқ.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылда­рын­да біздің кемел келешегіміздің кепіліне айналатын баянды Конституция үшін күрес жеңісті болғанына бәріміз де куә­міз. Жиырма жылдық мерейлі мере­ке­міз­дің қарсаңында, Конституция күнінде өт­кізілген парадта: «Халық – биліктің қай­нар көзі, Конституция – көптің киелі сөзі» дегенім де сондықтан.

По сообщению сайта Егемен Қазақстан газеті