Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Әке

Дата: 28 октября 2011 в 09:22

Жұма, 28 Қазан, 2011

Әке

(Эссе)

Әкем Ғабдыжаппар маған:

– Балам, жақсы адаммен дос бол, –деп өсиет айтатын. Ол кез кеңестік заман. Менің түсінігімде жақсы адам министр, облыстық, аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшылары, немесе сол сияқты қасына бөгде жанды жолатпайтын өңшең ығай мен сығайлар.

– Әке, – деймін, – ондай жақсы адамдар мені жандарына жолата ма?

Әкем менің ішімдегіні де түсінгендей:

– Олай болса, жақсы адамдарға қызмет ет, –дейді айтқан пікірінен қайтпай.

Менің көз алдыма тағы да әлгілер келіп:

– Әке, оларға қызмет жасау да мүмкін емес, – деймін кежегем кейін тартып. Әкемнің мінезі жібектей, сабырлы адам еді, сөзін жалғастырып:

– Балам, онда жақсы адам туралы қаралап сөз сөйлеме, – дейтін амалы таусылып.

Ол кісі дүниеден өткен соң, айтқан ізгі өсиет­терін сағынышпен еске алсам, әкем екеуміз бір-бірімізді жете түсінуіміз үшін, алдымен жақсы адам кім дегенді айқындап алмаған екенбіз.

Жақсы адам мен айтқандар ма, әрине, жоқ. Жақ­сы адам статусы мүлдем бөлек. Хакім Шәкә­рім «Айқап» журналына 1913 жылы «Білімділерден бес сауалдың жауабын сұраймын» деп хат жазып еді. Сол бес сауалдың бірінде: «Ең жақсы адам не қылған кісі?» деген еді. Ол туралы мен еңбегімде толығырақ жазғанмын («Данышпан Шәкәрім». Алматы «Атамұра», 2008).

Жақсы адам туралы Есім атам да жиі айтып отыратын. Ол кісі дастарқан басында тек дастар­қан сөзін айтыңдар дейтін. Атамның пікірінше, дастарқан сөзі – жақсы сөз. Мен де жақсы сөз сөйлеушілер жақсы адамдар деген түсініктемін. Ағыл-тегіл мол дастарқан басында отырып, несібе, ырысты аттап, ұсақ-түйек әңгімелерге өріс беретініміз қалай? Есім атам заманның ауыр кезінде өмір сүрді, дастарқан үстінде бауырсақ пен сары майдан өзге ешнәрсе жоқ. Сонда жарықтық:

– Дастарқан басында жақсы әңгімелер ай­тыңдар, құт қашпасын, – деп мейірленіп отыру­шы еді. Бұл, әрине, жаны жомарт, жақсы адамның сөзі.

Жыраулардан қалған аталы сөз: «Жақсы адамнан қол үзбе, шөлдегенде сусының». Иә, адамға деген құрмет шөл даладағы сусын десек, жақсы адам өзгелерді өзіндей бағалай білген жан емес пе?

Әкем Ғабдыжаппар қандай адамды болмасын жан-тәнімен құрмет тұтушы еді. Менің сөзімнің растығына әкемді көрген, білген әрбір адам куәлік бере алады деген сенімдемін. Адамды алалау әкемде мүлдем жоқ мінез. Ол шуақ мінезді жан болатын.

Әкем дүниеге 1911 жылы келді. Тарих куә, сол кезеңнен бастап адамзат не көрмеді. Жойқын екі әлемдік соғыс болды. 1914 жылғы соғысқа қара жұмысшы болып әкесі Есім барып қайтса, өзі 1939 жылғы ақ финдермен, одан әрі «Ұлы Отан соғысы» деп аталған қан майданда болып, бір көзінен айрылып мүгедек боп оралды. Елде де жағдай мәз емес. Әйтеуір өлместің күні. Келе колхозда бригадир болды, күннің атысы, таңның батысы көз ілмей еңбек етті. Сөйтіп жүріп, бір қолынан еңбек майданында айырылды. Бір көзінен, бір қолынен жарымжан болып жүріп, бесеумізді (Насифолла, мен, Агиони, Сәуле, Ғабиболла) өсіріп ел қатарына қосты. Кейінгі 26 жыл бойы Лебяжі селосында имам болып, елді рухани сауықтыру ісінде өлшеусіз қызмет атқарды.

Сөйтіп, нағыз тоталитарлық, атеистік қоғамда әкем Ғабдыжаппар Лебяжі селосының имамы болып қызметке араласты. Айтпағым, қазақ халқы қаншама социализмге бұрылғанымен, ислам дінінен айырылған жоқ. Ислам қазақ хал­қының әдет-ғұрпымен, дәстүрімен біте қайнасып, өзіне өріс тапты. Сол атеистік заманның өзінде дүниеден қайтқандардың иманы айтылмай, діни дәстүрмен жерленбегені кемде-кем болатын. Халық ислам дінінен алшақ­тағанмен, ешқашан оны жоғалтқан жоқ. Осы үзілгелі тұрған тұста жіпті жіпке байлап жалғас­тырған әкем сияқты ауыл қариялары аз болған жоқ. Солар астың дәмін келтіретін тұз сияқты елдің ынтымақ-бірлігін сақтап отырды десем артық айтпағаным болар.

Әкем жетпістен асқан шағында дертті болып, Семей қаласындағы ауруханада ем алды. Ол кезде Семей педагогика институтында қызметтемін, тұрмысым тәуір, көлік бар дегендей. Емханаға күніне не күнара қатынап тұрамыз. Әкемнің сыры келіні Римма екеумізге белгілі. Ол кісі емхананың қара шайы мен нанынан басқа тағамын аузына алмайды. Және әдетін қоймай бес уақыт намазын қаза жібермейді. Мен оның бұл ісіне наразы болып:

– Әке, енді емханада намазды қоя тұрмайсыз ба? – десем, жаутаңдап келіні Риммаға қарайды. Ол да дәрігер:

– Ата, балаңызды тыңдамаңыз, ол коммунист болған соң айтып тұр, – деп әкем жағына шығып кетеді.

Енді бірде келсем, әкем емханада шалдарды жинап алып, қойдың басын мұжып отыр. Бұл не дегендей таңданыс білдірсем, сол емханаға әкемді көріп кеңес беруге келген хирург досым Мұза­фардың ісі екен. Ол емделіп жатқандарға:

– Ақсақал, діндар адам. Сауап аласыңдар, күтіңдер, ол бұл жердің тамағын жемейді, – деген соң, дәрігерлер кезектесіп, біреу қойдың басын, жамбасын, біреу қазысын таси бастапты.

Мен наразылық білдіріп, мұны қойыңдар десем, қас қылғандай сол кезде Мұзафардың келе қалмасы бар ма. Ол бірден өзінің тік мінезіне салып:

– Ақсақал, балаңызды тыңдамаңыз. Бұлар философтар, дінге қарсы, – деп әңгімені онан сайын күшейтті.

Әкем айналайын деп, Мұзафарды құшақтап жатыр. Мұзафар менің досым, медицина ғылым­дарының кандидаты, белгілі хирург. Әкесі Жаңа-Семей мешітінің имамы болған. Қазір өзі де дін жолында, тамаша азамат.

Әкем туралы естелік мол, соның ішінде ерекше есімде қалғаны сексенге жақындағанда бір сөзді жиі қайталайтын болды. Басында оған оншама мән бермей жүр едім, кейінірек ойлансам, әсіресе өзі дүниеден өткен соң, ол сөз санаға сабақ болатын ұлағатты мағына екенін түсіне бастадым. Әкем айтатын:

«Өмірімде әкемді бірде-бір рет ренжітіп көрмедім», – деп.

Мұны ол зор мақтанышпен айтатын. Жоға­рыда айттым, әкемнің әкесінің аты Есім (Ешмұхаммед). Ол 1963 жылы 91 жасында дүние­ден озды. Әкелі-балалы екеуінің көрмеген қиын­дығы жоқ, соның бірін ол кісі хикая етіп, маған баяндап беріп еді.

Таң сәріден бәрі жинала бастады. Әкемнің белсенділерден қашып, «ішке» ауғалы жатқанын түсіндім. Үй ішінен төсек-орын, киім кешек, ыдыс-аяқ алынды. Жолға әкем, атам, інісі – бәрі шықпақшы. Демек, бұл жерде тірі жан қалмайды. Мен таңмын. Маған көшу туралы ешкім ләм деген жоқ. Менің көшуге тіптен еш дайындығым жоқ. Өзгелердің қолында түйілген киім-кешектер. Буынып-түйініп болған жұрт жапа-тармағай тізе бүкті. Атам құран оқыды, сапарға сәттілік тіледі. Ал, жүреміз деген әкемнің сөзі саңқ ете түскенде, баяғыдан булығып отырған әйелдер жағы шуыл­дап, жылап қоя берді. Үлкендер тоқтау айтқанмен, көбі өксіктерін баса алмай еңіреді. Қайтсін, жиған-терген, қора-қопсы бәрі қалып барады. Туған жерден су шыққандай бас ауған жаққа қаңғырып барамыз. «Ішке» барамыз дейді, оның не жер екенін кім білген. Онда бізді кім құшақ жайып қарсы алмақ?

Шешем марқұм өте ұстамды кісі еді, есеңгіреп тұрған маған жақындап келіп құшырлана сүйді де, қолыма бір түйіншек ұстатты.

– Балам, берік бол, сақтан пәле-жаладан. Қайтейін, – деп көзін сүртіп арбаға бет алды.

Менің аяқ астымдағы ұлпа жер дөңгеленіп сала берді. Қалайша сонда, елге пана болмаған мына жұртта мен жалғыз қалмақпын ба? Қайтіп қиып тастамақшы. Жоқ, не көрсем де әке-шешем, іні-қарындастарыммен көрейін. Мен олардан қалмай­мын деп іштей бекіндім. Қасыма атам келді.

– Балам, ақылды бол. Ел ішіндегі жанның өзегі талмайды. Біз басымызға іс түсіп, ауып барамыз. Сен осында бол. Баласың, елеусіз жүре бересің. Бізге қиын… Түсін, балам, – деп теңселе басып барып арбаға отырды.

Жиылып-терілгенде екі отбасы екі ат арбаға жайғасты.

Мен әкемнен көзімді алмаймын, ол мені көрмегенсіп, ананы-мынаны айтып, көшке басшы­лық жасап жүр. Байқаймын, тіптен қоштасатын түрі жоқ. Есіме осы көштің алдындағы әкемнің істері түсе бастады. Екі-үш күн әкем мені қасынан тастамай алып жүрді. Серіктес болып құрылған көрші ауылға бардық. Онда шопан Қоспанмен әкем ұзақ әңгімелесті. Ақыры мені шақырып алып:

– Қосеке, баламның түрі мынау, әлі бұғанасы қатпаған, не амал бар, тағдыр жазуына көну керек. Мұны саған тапсырдым. Қасыңда жүріп қой бақсын, көмекшің болады.

Қосекең қиналып тұрып: «Япырай-ай, ә! Қиын-ақ жағдай екен. Қазір біреуге-біреудің сенімі кеткен заман ғой», – деді.

– Басқа амал жоқ Қосеке, не болса да көндім, –деп отырған орнынан тұрған. Менің бұл әңгімеден ұққаным, мал тапсын деген оймен Қоспанға көмекші ретінде қой бағуға бермекші. Оған пәлен­дей наразы емеспін. Жақын жер, барып-келіп тұрамын. Қоспан мінезі жайдары жақсы адам. Бізге аталас туыстығы да бар дейтін атам, сөз Қоспан туралы болса. Қазір серіктестікке енгендердің тұрмысы жаман емес. Қой сүтін сауып ішсең де қайда жатыр. Әйтеуір өзегіңді жалғап, ашықпауға болады. Қоспанның үйінен әкем екеуміз жаяу қайттық, жол бойы әкем мені мейірлене құшып-құшып қояды. Байқаймын, көңілі босап келеді. Ішімнен әкемнің бұл қылығына таңмын. Мені, сірә, бала дейді-ау, әйтпесе қой баққанның не азабы бар, тәйірі деймін.

Мұндай сұмдық боларын сезбеген едім. Енді бәрі түсінікті болды. Мен Қоспанға көмекші болып, қой бағып қала берем. Ал, бүкіл туыс, әке-шешем, бауыр-қарындасым бәрі «ішке» кетіп, мені жұртқа тастап, кеткелі жатыр. Өне бойым мұздап қоя берді. Қолымда шешем ұстатқан түйіншек, мен тұрған жерімде тұрмын, ат-арбалар қозғалып кетті. Жағдайымның не болып бара жатқанына көзім нақтылы жетісімен еңіреп жылап, арба соңынан жүгірдім. Ызадан булығып, әлденені айтып келемін. Жан дәрменіммен соңғы арбаға жетіп жармастым. Кіші інім қолын созып, көмек беріп, мені арбаға отырғызып алды. Бәрін байқап отырған әкем арбадан қарғып түсіп, әй-шайға қарамастан мені отырған жерімнен жұлып алып, екі жағымнан кезек-кезек тартып-тартып жіберді.

Дүние астаң-кестең болды, біреулері ара түсті білем, қарындасым жылады-ау деймін. Әкем:

– Тәйт, шуылдамай өңшең… – деп ақырған даусы­нан жым болды. Таяқ жегенге қарамай арбаға ұмты­лып едім, әкем кеудемнен қатты нұқып итеріп жіберді. Құлап түстім. Орнымнан тұрғаным жоқ. Ұзақ-ұзақ жыладым. Әбден өксігімді басып, есімді жинағанда көз ұшында арбалар көрінбеді. Енді оларды қуғанмен ешнәрсе өнбейді. Қасымда жат­қан шешем берген түйіншекті алып, кеше барып қайтқан Қоспан қойшының үйіне тарттым.

Сол кеткеннен әкемдер екі жылдан кейін оралды. Тек атам қайтпады, сол жақта қайтыс болып­ты. Қалғандары дін аман. Бауыр-қарында­сым тіптен орысшалап қояды. Көп жылдар өтіп, көңіл жайланғанда әкемнен сұраймын:

– Әке, сіздер «ішке» ауғанда мені неге тентіретіп жұртқа тастап кеттіңіз, – деп.

Әкем ауыр күрсініп:

– Балам-ау, біз отызыншы жылдан аман қаламыз деп ойлаған жоқпыз. Кулак деп мені жұмысқа алмады. Ашыға бастадық. Содан ел қатарлы «ішке» көшуді жөн көрдім. Бірақ, онда кім бізді күтіп тұр. Діні, тілі бөлек ел. Ойлана келе, сені елге тастауды жөн көрдім. Егер біз ашығып, шет елде опат болсақ, артымызда тұяқ қалсын деген ой еді. Бауырың жас. Сен болсаң ес жиып қалдың.

Әрине, мұндай сөзді ол жаста маған қалай айтып түсіндірсе де мен ұғам ба? Әкемнің екі жағымды дуылдата тартқан шапалағы мен кеудемнен нұқып итеріп тастағанын кейін барып түсіндім. Байқап отырсам, қаталдықтың өзі ақылдан туған секілді. Өмірде осындай мәні мол қаталдықтар мол болса ғой деп ойлаймын, кейде балаларым мен немерелерімнің қылықтарына қарап.

Алла тағаланың рақымына бөленіп әкелі-балалы боп олар ұзақ өмір сүрді, жандары жәннатта болсын!

Әкем 85 жаста дүниеден озды. Соңғы жылдары ара-тұра айтып қоюшы еді:

– Әй, қайдан, әкемнің жасына жету қиын болар! – деп.

Ол кісінің көрмегені жоқ, өмір тауқы­метін бір кісідей тартты, бірақ арманына жетіп кетті. Бір күні Михаил Горбачевті тыңдап отырып:

– Балам, менің айтқаным келді емес пе, дініміз өзімізге қайтатын болды ғой. Мы­нау поптарға еркіндік беріп жатыр, енді бізде де солай болмақ, – деді.

Рас. Дін мәселесі әкем айтқандай болды. Енді әкемді имам Ғабдыжаппар деп атау әбден орынды.

Иә, сонымен ол кісі өмірінде әкесін бірде-бір ренжітпегені туралы әңгімеге келсек, бұл айтуға жеңіл болғанымен, қиын іс. Әкесін бір рет те ренжітпеген баланы тауып көріңіз. Бүгінде баласына ренжімеген әке тауып көріңіз. Әкені ренжітпеу деген не? Бұл сауалды мен өзіме қоямын да жауап іздеймін. Мен әкемді ренжіттім бе, бетіне қарсы келдім бе? Шындық сол, реніштер болды. Сондай жағдайда арамызға шыр-шыр етіп Римма келіні түсіп, ол үнемі атасы жағында болатын.

Реніштер болды, бірақ ешқашан әкемді налыт­қан жоқпын. Бұл менің мақтанышым. Әкемді налытып, жүрегін ешқашан жаралаған емеспін. Ренішіміз негізінен дінді түсінуде болды, оның өзінде Алматының ауа райы сияқты тез өзгеріп, бұлт тез тарап, күн шуақтанып, мәре-сәре боп келінінің шайын іше бастайтынбыз. Әкесін налытқан бала­ның болашағы ауырлау бола ма деймін. Әрине, бәрін біліп, анықтаушы бір – Алла. Әйтсе де, әкесін налытқаннан әулие шықпайтыны анық. Осы туралы бір әңгіме айтайын.

Иранның Құм қаласына жол түсіп екі рет болдым. Құм шаһарына арнайы келген қонақтарды апаратын жер әл-Машарри әулие салғызған «Қол­жазба қоры». Біздің түсінікте бұл кітапхана кешені. Мұнда қолжазбалар көп, соның бәрін жинаған әл-Машарри әулие. Ол кісі тапқан-таянғанына тек қолжазбалар жинай берген көрінеді. Кейде тамақ та ішпей, біреулер үшін құдайға құлшылық жасап, намаз оқып, ораза ұстап, өтеуіне қолжазбалар сатып алып отырған. Қазіргі «Қолжазба қоры» ерекше мекеме, оған кіріп-шығудың өзі бір мәселе. Есіктері банктердің есігіндей қат-қабат. Мұнда қолжаз­ба­лар­ды «сауықтыру», яғни тазалап-өңдеп, алғашқы түп-нұсқа қалпына келтіріп, кітап қорына қосу ісі өрке­ниеттік, ғылыми-технологиялық негізде жүргізіледі. Бұл мекеменің тікелей иесі әл-Машарри әулиенің ұрпағы. Әулиенің дүниеден өтердегі өсиеті:

– Мені «Қолжазба қорының» кірер табалды­рығына жерлеңдер, білім іздегендерге табалдырық болып жатайын, арманым сол, – депті.

Өсиеті орындалған әл-Машарри әулие кітапха­наға кіреберісте сол жақта жерленген, келгендер оған дұға жасап жатады. Сол әл-Машарри әулиенің өзінің әкесіне деген құрметі туралы естелік сақталған.

Әулиенің бала кезі. Әкесі қара жұмыста. Иранда күн ыстық. Түскі асқа келген отағасы шаршап ұйықтап кетеді. Анасы баласына ас даяр болды, әкеңді оят дейді. Сонда әл-Машарри ұйықтап жатқан әкесін қалай оятудың жолын таппай, ақыры әкесінің табанына бетін тосып, бетімен табанын үйкелей бастайды. Әкесі оянғанда анасының дәмі даяр болғанын айтады. Осы құрмет әл-Машарриді Иран еліне өте әйгілі әулие қатарына қосты дейді естелік айтушылар.

Әкені құрметтеу – әулиелік жол дейтінім осы.

Әкем Ғабдыжаппардан сұраймын:

– Қалайша әкеңізді бірде-бір ренжіткен жоқсыз, – деп.

Әкем ойланып отырып, бір рет ренжітетін жағдай болды деді. Мен әңгіме тыңдауға ниет білдірдім. Маған ғана айтылған сөз болғанымен, қан­шама мезгіл өтті ғой, жария ете бергеннен әдеп­сіздік болмас деген ниетпен әкемнің өмірбаянының аяулы бір беттерін жайып салмақпын.

– Соғыстан бір көзді беріп, қалған денім сау, елге аман-есен оралдым, – деді ол кісі. – Колхоз жұмы­сына араластым. Ол кезде жесірлер, бойжеткендер көп. Әлі соғыс аяқталмаған. Елге оралған­дардың көбі мүгедектер. Ойым, енді отбасын құру. Көңілім кеткен біреу бар. Бір күні астан кейін әкем:

– Балам, соғыстан аман келдің, енді отбасын құру керек, – деді.

Әкем өзім айтайын деп жүрген ойыма дәп түсті, қуанып кеттім.

– Иә, иә, – дей бердім.

Әкем тамағына бір нәрсе қадалғандай екі-үш рет жөтеліп:

–          Балам, үйленсең, үй болатын адам осында отыр, – демесі бар ма? Басым айналып қоя берді. Менің ойым басқа, әкемнің ойы өзге. Үйде отыр дегені жеңгем. Ағам Сәтжан «халық жауы» болып сотталып, түрмеде қайтыс болған. Одан екі қыз қалған Қайрима (Қайкен) және Мүслима. Үшеуі үйде. Менің халімді сезген әкем:

– Балам, мен саған айтқанымды орында дей алмаймын. Соғыстан аман келгеніңе шүкіршілік. Мына екі қыз баланың қамы ғой, маған бұл сөзді айт­қызып отырған, әйтпесе… – деп сөзінің аяғын жұтты.

– Балам, ойлан, ерік өзіңде, – деп әкем орнынан тұрды.

Екі-үш күн ой үстіндемін. Көңілім қалаған адамым менен сөз күтуде. Ерік өзіңде деді әкем. Сонда ол қайдағы ерік. Кешегі соғыста көптің бірі боп көз жұмсам ше! Елге аман оралып, әкемнің айтқанын орындамасам кім болғаным. Ойым он сақта. Ақыры, әкемді ренжітпеу керек деген шешімге келдім. Оған оңай емес, үлкен ұлы Сәтжан талантты ақын еді, «халық жауы» атанып түрмеде өлді. Кіші баласы Адиятолла соғыстан хабарсыз кетті. Мен, інілерім: Жәлел, Қану бәріміз мүгедек боп оралдық. Ағамнан қалған екі қыз бала жетім. Мен өз басымды ойлағанда кім болмақпын, жоқ, әкемнің айтқанын орындаймын. Шешімімді әкеме айтқанда, ол:

– Балам, осындай шешімге келетініңе сеніп ем. Енді айтарым, өкінбе, өмірің өкінішті болмайды. Мына Бижамал келіннен елге сөз айтар балалар туады. Ақыры қайыр болсын, – деп бата беріп еді – деді әкем сөзін аяқтап. – Міне, әкем айтқан балалар сендерсіңдер, – деп, өзінше бір марқайып қалатын еді, жарықтық.

Бірде осы әңгіменің шет жағасын әкемнің немере қарындасы, жасы сексеннен асқан апам Ағыражға айтқанда:

– Ол кісі (әкемнің көңіліндегі адамын айтып отыр) өле-өлгенше ағатайымды аузынан тастамай кетті, – демесі бар ма.

Ол әкемнің де жан сыры, оны өзімен бірге алып кетті. Бірақ әкесіне деген құрмет әкемнің әулиелік жолына түсуі деп ойлаймын. Әрине, бәрін біліп, жөн сілтеуші бір Алла!

Ойымнан әкемнің өсиеті кетпейді. Ол:

– Балам, ешқашан қазақтың мына мақалын өзіңе қарата айтқызба, – дейтін.

Мен:

– Ол қандай мақал, – дегенде, әкем:

– «Жаман айтса біледі, иығынан тартса біледі» деген мақал, – дейтін әкем маған тіке қарап.

Мен бүгінде осы мақалды немерем Бекзатқа айтып жүрмін. Осы мақалды өзіңе қарата айтқызба, бұл азаматтық жол, – деумен келемін. Пенде не айтпайды, пенде неге көнбейді! Бәрі бір Алланың қолында!

Әкем қан майданда болды, бірақ соғыс туралы жарытып әңгіме айтпайтын. Менің есімде қалғандары:

– Соғыста жүргенде украиндар мен белорус жігіттері айтатын: «Сендер бақыттысыңдар, отба­сыларың аман, соғыстан алыста. Ал біздің ел соғыс өртінде», – деп. Сонда ішімнен бұған да шүкір деп тәубе ететінмін, – дейтін де қоятын. Тағы бірде айтқаны есімде:

– Соғыстың алғашқы жылы үш адамға бір винтовка, қолымызда ешнәрсе жоқ, құр айғайлап жүгіреміз. Мылтығы бар жараланса не өлсе ғана винтовкаға қол жетеді. Ал, немістердің сол кезде үш аяқты мотоциклдермен жүргеніне таң қала­тынмын, – деуші еді.

Екінші оқиға өзінің қалай жараланғаны туралы.

– Біз бақылаушылар тобында болдық, майдан шебінен алға кеттік. Кенеттен неміс танкілері қаптап алдымыздан шыға келгенде қашудың мәнісі болмай қалды. Командир жасырыныңдар деп бұйрық берді. Шөптері биік жер еді, бір-бірлеп жасырынып үлгердік. Топта 5-6 өзбек бар еді, олар бір-бірінен бөлінбей көзге түсіп қалып, танкінің астында көз алдымызда жаншылып қалды. Енді байқадым, бір танк тура мен жатқан жерге өңмең­деп келіп қапты, белуарынан шығып автоматын кезеніп тұрған неміс офицерін танк үстінен көзім шалып қалды. Амал жоқ, үнсіз жату керек, танк үстімнен өте берді, басымды бұруға шамам келді, соның өзінде ауыр жарақат алдым, екі көзім де көрмей қалды. Танктер өткен соң, тірі қалғандар, жаралылар бір-бірімізді жетектеп медсанчастқа жеттік-ау, әйтеуір, – дейтін. – Сонда құдай сақта­ды, сендердің көрер жарықтарың бар екен ғой, – деп әңгімесін аяқтайтын.

Әкеммен соңғы кездесуімді айтпасқа болмас. 1993 жылдың басында жолым түсіп, қарияның амандығын білуге Лебяжіге келдім. Шешем қай­тыс болған, әкем жалғыз інім Агионидің қолында тұрады. Бұрын Лебяжі деп аталатын селоның атын «Аққу» деп өзгертіп қойыпты. Сонша келісті ат емес, «лебяжі» деген орыстың «лебединный пух» дегенінен шыққан сөз, оның қазақшасы қамқа, яғни село атауы «Қамқалы» болуы керек еді. Үйге түсіп, әкеммен амандық-саулық сұрас­қаннан кейін бұрынғы әдетіме басып, бірге өскен достарды аралап кеттім. Мектепте бірге оқыған Ырым­байдың үйінде қонақ болып шай ішіп, әңгіме құрып отыр ем, келінім Нағима телефон шалып:

– Сізді атам шақырып жатыр, – деді.

Үлкен кісі болғанда мұндай шұғыл хабарлардан, әрине, секем аласың. Әлі ет тағамынан дәм татпаған дастарқанды аттау маған ерсілеу көрініп, өзім әкеме телефон шалдым.

– Әке, жайшылық па, мен әлі үлкен асты ішпеп ем, қонақта Ырымбайдікіндемін, – десем, әкем:

–          Балам, сен әлі талай қонақта боласың, осын­дай абыройлы жүрсең, алдыңнан талай дастарқан да жайылар, – демесі бар ма. Бұл менің әкемнің мінезіне тән емес қылық, шошиын дедім.

Ырымбайға асқа қарай алмайтынымды айтып, үйге тарттым. Келсем, әкем түк болмағандай жайдары:

– Ырымбай досың ғой, ренжімес, – деді.

Мен арнайы асқа қарамай келгенімді айтсам, әке оған қуанышын білдірді. Байқаймын, бұры­нырақта олай істесем, оны жаратпайтын, шақыр­ғандардың ықылас-ниеті дастарқанында деп отыратын. Бүгін өзгеше. Сөйтсем, інім Агиони мені ертең таңертең жолға шығады депті. Шыны да солай еді.

– Балам, ертемен жол жүресің, қазір алыс­тасың (Алматыны айтып отыр), енді қайтіп келгенше кім бар, кім жоқ, кәрі қойдың жасындай жасым қалды, – деді шынын айтып.

– Әке, ертең жолға шықпаймын, сізбен тағы бір күн болам, қонаққа да бармаймын, – дедім.

Ол кісі балаша қуанды. Келінге шай қойғыз­ды. Бұл сол түні ішкен бір шай емес, таңғы төртке дейін бірнеше шайды еселеп іштік. Әңгіме кілті әбден ашылды. Әкем сусап қалған екен. Екеуден екеу, әңгімеміз таусылар емес. Ойымда қалғаны сағат түнгі үштің кезінде ұйықтамақ болып уағдаласып жатып қалып ек. Көзім ілінер-ілінбесте үстімнен маған біреу қарап тұр, көзімді ашсам әкем:

– Балам, ұйықтап кеттің бе?

Мен жалма-жан:

– Жоқ, әке, ұйықтай алмай жатырмын, – дедім.

Ол да:

– Менің де ұйқым келмейді, тұр, шай ішіп отырып әңгімелесейік, – деді.

Келіннің қалай шыдағанын білмеймін, шай даяр тұр. Тағы ұзақ әңгіме басталды, мәселе дін төңірегінде өрбіді. Бұрынғыдай әке мен бала арасында пікір жарысы не таласы жоқ, сөзіміздің түп-төркіні бір жерден шығып, бір арнаға құйы­лып жатыр. Әкем бір кезде:

– Балам, ренжімессің, мен саған бір сұрақ берсем, – дегені. Мен таңданыс білдіріп:

– О не дегеніңіз, әке, – деймін, ол:

– Жоқ, балам, ренжімесең ғана айтамын. Ренжісең сұрамаймын, – дейді. Ренжісең сұра­май­мын дегені мен үшін тіпті ауыр:

– Әке, мен неге сіздің сауалыңызға ренжуім керек, – деп ақталудамын.

– Онда сауалым мынау, – деді әкем, – дін, діндер туралы білімің терең екен, солай бола тұра неге намаз оқымайсың, – деді.

Иә, нақтылап жауапты талап ететін сауал. Әкем түнгі сағат үш жарымда, сірә, өзін көп қинаған сауалына, менен жауап күтіп отыр.

– Әке, – дедім. – Сіз жақсы білесіз, пайғам­бар­дың бір хадисінде айтылған екен. Мұсылман кім дегенде, адамдарға жақсылық жасаушы адам мұсылман деп. Мен, иншалла, өзімді мұсылман­мын деп санаймын, себебі осы жасқа келгенше ешбір адамға арнайы зұлымдық, зорлық, қастан­дық жасаған жоқпын, иншалла, алда да солай болмақ, – деп бір тоқталдым да, – мен шамам келгенше халыққа, елге білімді, ғылымды насихаттап жүрмін, мұны Алла жолы деп түсінемін, – дедім.

Тағы да дәлелдер айтқым келіп еді, сөзімді бөліп:

– Балам, осы жеткілікті, дән ризамын, білуші Алла, бірақ нағыз мұсылмандық жолында екен­сің, – деп қолын жайып батасын берді.

Кейбір дін басында не дін таратып жүргендер­дің адамдарды сен мұсылмансың, сен ондайсың, сен мұндайсың, сен діннен шыққансың, тіптен дінді бұзушысың деп жіліктеп, өз пікір-түсінігіне салып сұрыптап жатқандардың ісіне қарап, әкемнің:

– Нағыз мұсылманның мінезі жібектей болады, – дегені есіме түседі.

Шынында да, әкем Ғабдыжаппардың мінезі жібектей еді, жаны жәннатта шығар жарықтық­тың, алайда бәрін анықтаушы бір Алла!

Түнде үш-төрт сағат ұйықтаған соң, күнімен ешқайда бармай екеуміз сұхбат жасадық, арасын­да әңгімеге інім Агиони араласып қояды, ол көбіне үй шаруасымен айналысып жүр. Келініміз Нағима шай қоюдан көз ашпады, біз әкелі-балалы шайды ұрттап қойып қою әңгімелерге кірістік.

Сөздің қысқасы, бұл күні де кеш жаттық. Таңертең әкемнің ыстық демінен ояндым, ол менің басымда тұр, сірә, құшақтады ма, мейірлене сүйді ме, білмеймін, менің аңғарғаным, бала күнімнен өзім өте ұнататын әкемнің бұрқыраған иісі. Орнымнан тұрып әкемді құшақтадым, әкем­нің жалғыз көзінен жас парлап тұр екен.

Қоштасып жолға шықтым. Әкем есік алдында қолын бұлғап қала берді, мен мінген жеңіл көлік көзден таса болғанша ізімнен қарап тұрды.

Бұл менің әкеммен соңғы кездесуім. Екі айдан кейін пайғамбардың үмбеті Ғабдыжаппар атты қария дүниеден озды.

Халық мақалы: «Шеткі үй көшіп кетсе, ортаңғы үй шет болады», деген. Енді мен шеткі үйге айналдым. Әкем атқаратын игілікті істер менің жауапкершілігіме өтті.

***

Әкем Ғабдыжаппар туралы есімде ерекше сақталған жайларды жоғарыда баяндап болып, әдеттегідей Ғарифолла Есім деп қол қоймақпын. Төлқұжат туу туралы куәлікке негізделіп толты­рылады емес пе? Сірә, туу туралы куәлікте мәлімет солай берілсе керек. Бұл істің мәнісін әкемнен сұрағанда:

– Балам, сен менің әкемнің атын шығар, мен ұмытылмаспын, өзге де балалар бар ғой, – дегені әлі санамда сайрап тұр.

Мұны әке өсиеті деп қабыл алдым да, Ғарифолла Есім деп ғұмыр кешудемін.

Ғарифолла ЕСІМ, академик.

Астана.

По сообщению сайта Егемен Қазақстан газеті