Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Уран өндірісі: Өзгеріс пен өлшем

Дата: 03 декабря 2011 в 08:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Сенбі, 3 Желтоқсан, 2011

Уран өндірісі: Өзгеріс пен өлшем


Экологиялық  ахуал басты  назарда

Уран өндірісі Қазақстан экономикасының басым бағыт­тары­ның бірі. Бүгінде еліміз уран өндіру бойынша әлемнің көшбасшы мемлекеттерінің біріне айналды. Қызылорда облысы Шиелі ауданында орналасқан «РУ-6» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстанның уран өндірісіне ерекше екпін қосып отырған мекеменің бірі. Бүгінгі таңда біздің мекеме «Солтүстік Қарамұрын», «Оңтүстік Қарамұрын» және «Иіркөл» кен орындарында табиғи уранды ұңғылар арқылы жерасты сілтілендіру әдісімен өндіріп отыр.

Кеніштердің ерекшелігі неде? Алдымен дүние жүзінде ең терең қабаттан өнім өндіруімен ерекшеленетінін айту керек. Табиғи уран өндіру геотехнологиялық жүйемен 450-680 метр тереңдіктен қатарлы және ұялы орналасқан ұңғылар жүйесі арқылы көтеріледі. Түсінікті тілмен айтсақ, шахталардағыдай немесе карьердегідей тау жынысын қопарып, оны жер бетіне шығарып, үлкен тас диірмендерге салып уатып немесе аса зор ыдыстарға салып қышқыл заттармен ерітпейді. Экологиялық ахуалға зиян тигізбес үшін барлық жұмыс жер астында, тау жыныстарының орналасқан жерінде жүреді. Сондықтан ауаны ластайтын шаң-тозаң, қышқыл заттардың буы жер бетіне шықпайды. Әлемдегі экологияны басты назарда ұстайтын мемлекеттердің барлығы қазір осы тәсілді пайдаланады. Мысалы, АҚШ, Канада, Австралия сияқты елдерде бұл тәсіл кеңінен тараған. Мұндай жетістікке Қазақстан да жетіп отыр.

Аталған тәсілге арналған құбырлар қышқыл заттарға төзімді полиэтилен, поливинилхлорид, тотықпайтын болат материалдардан жасалады. Сонымен қатар оларда уран ерітінділері де қалыбын бұзбайды. Ал өндірілген заттар герме­тика­лық цистерналарға құйылып, діттеген жерге шашпай-төкпей жеткізіледі. Бұл тұрғыда да экологиялық ахуал басты назарда болады.

Бүгінде уран өндірісіндегі күкірт қышқылы да қоршаған ортаны бұзады деген әңгіме айтылып қалады. Біздің тәжірибемізде ондай жоқ. Мысалы, күкірт қышқылы бізге темір жол арқылы арнайы құтылармен жеткізіледі. Оны герме­тикалық цистерналарға құйып аламыз. Сонан соң елді мекендерден тысқары жатқан жолдармен тасымалдап, көздеген жерге жеткіземіз.

Ал сілтілендіру реагенті негізінен тек жер астында жүреді. Өйткені жер астындағы өнім сумен дайындалады. Ерітіндіні сору мен құю циклында да тепе-теңдік сақталады. Мәселен, металы бар қабатты жоғары және төменгі бөліктегі саз-балшықпен шектеп, гидроизоляция талабын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар оның үстінде қалыңдығы 300-350 метр болатын саз-балшықтан құралған қабат бар. Бентонит деп аталатын бұл зат су тиген кезде ісініп, ұңғыларды қысып қала­ды да үстіндегі су қабаттарын төмендегі сумен аралас­тырмайды. Кеніштің іші мен сыртындағы бұрғылау ұңғы­лары­ның сулары әр тоқсан сайын сорылып алынады. Сонан соң зертханаларға жіберіліп, тексеріліп тұрады. Соның хи­миялық қорытындысы бойынша осы күнге дейін судың қыш­қылдануы мен уранның көбеюі байқалған жоқ.

Ұлттық атом өнеркәсібі компаниясы уран өндіруші мекемелерінде жұмысшылар еңбегін, қоршаған ортаны қорғау керектігін басшылыққа алады. Сонымен бірге радиациялық қауіпсіздік пен өнеркәсіп қауіпсіздігі де басты назардағы мәселе. Жыл сайын табиғатты қорғау ісіне қомақты қаржы бөлініп отырады. Сондай-ақ қолданыстағы ұңғымалар геофи­зика­лық зерттеулерден өтіп, техникалық ақауы барлары дер кезінде жөнделеді.

Жалпы, уран өндірісі бүгінде жаңа сатыға көтерілген. Соның арқасында қоршаған ортаның ластануы болмайды, кеніш­тердің айналасындағы елді мекен тұрғындарының ден­саулығына зиян келмейді деп айтуға болады.

Тайыр НАЗАРОВ, «РУ-6» ЖШС директоры.

 

Дерек пен дәйек

«РУ-6» серіктестігі 2010 жылы:

Адамдар еңбегін қорғау, өнеркәсіп қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау және радиациялық қауіпсіздікке жалпы сомасы 335 446 350 теңге қаржы бөлді.

Соның ішінде:

— еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігіне 298 486 600 теңге;

— қоршаған ортаны қорғау және радиациялық қауіпсіздікке 61 626 750 теңге;

— қоршаған орта эмиссиясына 15 333 000 теңге аударылған.

Ал 2011 жылдың 9 ай көрсеткіші бойынша:

Адамдар еңбегін қорғау, өнеркәсіп қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау және радиациялық қауіпсіздікке жалпы сомасы 189 238 800 теңге қаржы бөлді.

Соның ішінде:

— еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігіне 145 928 800 теңге;

— қоршаған ортаны қорғау және радиациялық қауіпсіздікке 32 277 000 теңге;

— қоршаған орта эмиссиясына 11 033 000 теңге;

— Шиелі кентінде 50 орындық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернат салуға 194 502 670 теңге аударған.

Биылғы жылдың 10 айында жұмысшылар мен күнкөрісі төмен отбасыларға 1363600 теңге материалдық көмек берілген. Сонымен қатар қайырымдылық қорына 2010000 теңге көлемінде қаржы бөлген.

 

Қауіпсіздік  шарасы қатаң  сақталады

Еліміздегі уран өндірісіне орасан зор үлес қосып жүрген «РУ-6» серіктестігінде қызмет етіп келе жатқаныма көп болды. Осы аралықта біздің мекеме табиғи ортаны қорғау мен жұмысшылардың еңбегін бағалауда алдыңғы қатарда екендігіне көзіміз жетті.

Біздің кен орындарына жақын орналасқан бірнеше елді мекендер бар. Олар: Бидайкөл, Ақмая, Ш.Қодаманов, Нартай ауылдары мен Шиелі кенті. Жұртшылық аталған аймақтарда радиациялық қауіптің басым екендігін айтып жатады. Дегенмен нақты зерттеулер олай емес екенін жеткізеді. Мысалы, оларда радиациялық бақылау ұдайы жүр­гі­зіліп отырады. Әр тоқсан сайын Шиелі аудандық санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау орталығының қызметкерлері мен экология мамандарының қатысуымен мониторинг жүргізіліп тұрады. Ал оның нақты нәтижелері аудандық «Өскен өңір» газетінде жарияланады. Былай айтқанда, халықтан жасырып, жаппайды. Бұл тұрғыда барын­ша жариялылық бар. Соңғы бес жылдың көрсеткіштеріне сүйенсек, ау­дан көлеміндегі радиациялық ахуал табиғи нормада екенін көреміз. Яғни, сағатына 10-17 микроРентген. Бұл 1999 жылы қабылданған «Ра­диа­циялық қауіпсіздік нормаларына» сай дегенді білдіреді. Сондай-ақ осы «Радиациялық қауіпсіздік нормаларына» сәйкес ион­дық сәуле­лен­діру көздерімен жұмыс істейтіндердің мөлшері жылына 20 миллиЗиверттен аспауы қажет. Ал «РУ-6» мекемесіндегі табиғи уранмен жұмыс істейтін адамдар қызмет барысында мөлшерден тыс жоғары сәуле­лен­дірумен жұмыс істеген емес. 2011 жылы әрбір қызметкер тексеруден өтті. Дозиметрлік бақылау нәтижесі жұ­мыс­шы­лардың сәулелену мөлшері 1,03 миллиЗиверттен аспаға­нын көр­сеткен. Бұл дегеніміз табиғи сәулеленумен пара-пар де­ген сөз. Осы ара­да айта кетерлігі, жеке тұлғаларды жыл бойына дозиметрлік ба­қы­лаудан өткізіп тұрады. Ал әр тоқсан сайын оның көрсеткіштері ар­найы журналда жарияланып отырады. Сонымен қатар жеке кар­точ­каларына тіркеліп, хатталады. Біздің қызметкерлер жыл сайын кешенді медициналық бақылаудан өтеді. Сонымен қатар жұмыс­шы­лар­дың денесін, тері қабаттарын және киімдерінің лас­тануын бақылап оты­ратын арнайы пункттер тәулік бойына жұмыс істейді. Қыз­меткерлердің жұмыс киімдерін арнайы бір орталық жуады. Ал жұмысшылардың жуынатын бөлмелеріндегі су мен еденді ылғалдап жуудан қалған су қалдықтары далаға төгілмейді. Олар ерітінділерге қосылып, кен өндірісіне жіберіледі. Бұл да қауіпсіздіктің басым бағыттарының бірі.

Мұның бәрі бекер сөз емес. Өзіміз күнделікті жұмыс барысында қолданатын қауіпсіздік шаралары. Ал бұл шаралар бұзылса, қатаң жаза қолданылады. Өйткені әрбір селсоқ істің артында адам мен табиғат тағдыры тұр. Сондықтан «РУ-6» серіктестігінің әр қыз­меткері өз істерін қалтқысыз орындайды.

Нұрлан БӘКІРОВ, «Қарамұрын» цехының шебері.

 

«РУ-6»: Әлеуметтік  көмекке әрқашан әзір

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы да, оған қарасты «РУ-6» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де тек уран өндіруді ғана көзде­мейді. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағ­дайын көтеруге қатысты да көптеген іс-шараларға демеушілік жасайды. Қолдарынан келсе, аянып қалмайды. «Жақсының жақ­сы­лығын айт, нұры тасысын» демекші, мен осы тұрғыда айтсам деймін.

Жер пайдалану келісім-шартына бай­ла­ныс­ты біздің компания Шиелі кентінің Көк­шоқы шағын ауданының әлеуметтік ахуа­лын қарж­ы­ландырып отыруды өз міндетіне алған. 2005 жылы халықтың әлеуметтік жағ­дайын көтеру мақсатында «Қазатомө­нер­кә­сіп-Демеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. Көптеген әлеуметтік шаралар осы мекеменің «Демеу-Шиелі» филиа­лы арқылы жүзеге аса­ды. Жұмысшылар мен тұрғындардың лайық­ты демалуына жағдай жасалған. Ол үшін ойын-сауық және спорт кешендері пайдалануға берілген. Өз кезегінде біздің мекеме осы ке­шендердің шығындарын өтеп отырады. Осы арада айта кету керек, 2010 жылы әлеуметтік мәсе­лелерге біздің серіктестік 460 221 205 теңге бөлді.

Былтыр Шиелі кентінен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 50 орындық интернат салынды. Оның да қаржысын «РУ-6» серіктестігі өтеді. Ол үшін 194 502 670 теңге жұмсал­ды. Ал биылғы жылдың 10 айының өзінде жұ­мысшылар мен күнкөрісі төмен отбасыларға 1363600 теңге материалдық көмек берілген. Сонымен қатар қайырым­дылық қорына 2010000 теңге көлемінде қаржы аударылған. Бұ­дан бөлек біздің мекеме аудан бойынша өтетін барлық мерекелік іс-шараларға үзбей атсалысып келеді.

Бүгінгі күні Шиелі кентінің «Көкшоқы» ша­ғын ауданында «Болашақ-Шиелі» оқу орта­лы­ғы жұмыс істеп жатыр. Аталған орталықта өн­діріске қажетті мамандар дайындалады. Сон­дай-ақ қайта мамандандыру ісімен де айналысады. Бұл өз кезегінде қажетті жұмыс күшін өтеуге таптырмас құрал екенін уақыт­тың өзі дәлелдеді. Ал жұмысқа тұру әңгіме­ле­су арқылы және конкурстық негізде жүр­гізі­леді. «Болашақ-Шиелі» оқу орталығын аяқта­ған мамандар бұл сыннан сүрінбей өтеді. Өйткені олар өздері оқыған мамандықтың қыр-сырына қанығып шығады.

Мекеменің өз қызметкерлеріне жасап отыр­­ған қамқорлығы аз емес. Соның бірі әрі бас­тысы мынау: «РУ-6» серіктестігінде жұ­мыс істейтін адамдардың балаларына ар­наулы орта және жоғары оқу орындарының оқу гранттары беріледі. Оқу кезіндегі өн­дірістік тәжірибені де біздің мекемеде өтеді. Сонымен қатар өндірістік тәжірибеден өту барысында оларға жалақы төленетінін айта кеткен ләзім. Арнаулы оқу орнын бітіріп, мекемеге жұмысқа тұрған жастар жеткілікті. Бұлардың білімін жалғастыруға да ыңғайлы жағдай жасалған. Оқу бітіріп келген ма­ма­н­дарға «Жас маман» мәртебесі беріліп, үш жыл бойына тәлімгер бекітіледі. Сонымен бірге кадрлар резервіне қо­йы­лады. Жас мамандарға қамқорлық тек мұ­нымен шектелмейді. Оларға үстемеақы төлен­еді және бас­қа да әлеуметтік көмектер көр­сетіліп тұра­ды. Жас мамандардың жұмыс ба­рысындағы қабілетіне қарай оларды бас­шылық әртүрлі лауазымды қызметтерге таға­йын­дап оты­ра­ды. Қысқасы, мекеме әлеуметтің әлеуетін арттыратын іс-шаралардан тыс қалған емес. Және жас мамандарға да қолдауды ба­рынша жасап келеді.

Абай ҚОСТАЕВ, «Қарамұрын» цехының геотехнологиялық ұңғымасының операторы.

Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған  Сүлеймен МӘМЕТ.

По сообщению сайта Егемен Қазақстан газеті