Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Алыптар кеңістігіндегі Асқар Сүлейменов

Дата: 16 мая 2012 в 11:54

Алыптар кеңістігіндегі Асқар Сүлейменов

Осыдан дәл 20 жыл бұрын мамырдың 15-і күні түс ауа, сағат 2-лер шамасында дүниеден Асқар Сүлейменов озыпты. «Сонда баласын жоқтап дауыс салған Айтотымның зарлы үні 40 күн бойы әудем жердегі аялдамаға жетіп жатты», — дейді Асекеңнің қызы Қарагөз. Ал, көңілінің білте шамы бітпей маздап тұратын орта Асекеңді әлі жоқтап жүр.

Кеше Алматы қаласындағы «Достық» даңғылының бойында орналасқан «Жалын» мейрамханасында Асқар Сүлейменов пен Асекеңнің анасы — Қымбат-Айтоты әженің рухына арнап жазушының жары Әлия Бөпежанова мен ұлы Әлішер Сүлейменов сауын айтып ас берді. «Жалын» мейрамханасы  сонау Семейден ат арытып жеткен сыншы-әдебиетші, Сүлейменовтың өмірдегі санаулы достарының бірі болған  Төкен Ибрагимов, Астанадан келген Таласбек Әсемқұлов, Созақтан жеткен Асекеңнің туған-туыстары, «Асқар Сүлейменов» атындағы мектептің директоры бастаған қауыммен лық толды. Аруақтардың рухына бағышталып құран оқылып бата жасалған соң Асекеңнің өмірде қатар жүрген сыралғы достары, жақын-жұрағаты: жазушылар, ақындар, кино мен сахна өнерінің бүгінгі саңлақтары, ғалымдар кезек-кезек сөз алып, ет жүректі елжіретер естеліктер айтты. Естеліктер кезегінде Асекеңнің ұшқыр ойлап, ұтып сөйлейтін айтқыштығы, шешендігі көптің аузынан шығып жатты. Сол естеліктерден бірер үзінді келтіре кетейік.

Бірде белгілі  бір жазушы «Абай ескірмейді» деп әуелеп отырып алыпты. Абайдай ой алыбының алапатын асыра түсетін үстеме сөзге өзгелер үндемей келісе берген екен, Асекең: «Өкінішті, — депті күрсіне бас шайқап, — Абай ескірмесе, қазаққа ес кірмейді».

Асекең бірде әкем театрдың ішінде қабырғаға ілінген әлдебір хабарламаны оқып тұрса, Мүлік Сүртібаев келіп иығынан қағып, «былайырақ тұр, бізде оқиық» дегендей ым білдіріпті. Сонда Асекең айналасындағыларға қарап қойып: «Мынау кім?» — деп сұрапты Мүлік ағасын шынымен танымайтын адамдай таң-тамаша болып. Асқардың сұрағына әйгілі әртіс Мүліктің өзі жауап беріп: «Мен — Қазақстанның халық әртісі Мүлік Сүртібаевпын!» — депті. Мүліктің жауабын ести сала Асекең:

— Мүлік? Зат па? Зат болса, сүртіп тастамаймыз ба? — деп жүре беріпті. Асқардың жұлып алғандай жауабына риза болған Мүлік:

— Ой, жынды, ой, жынды, — деп қала берген көрінеді.

Құрсағына Құнанбайдай ұл біткен Зередей ұлы аналардың жалғасы — Қымбат-Айтоты да қызыл тілдің қызығын көріп өткен адам болса керек. Асқар мен Әбіш Кекілбаев бір-бірін ерте танып, тел өсіпті. Екеуі де Алматыға шешелерін сүйреп келген екен. Өзіміз ғана араласып-құраласып  қоймай аналарымыз да сырлас-мұңдас болсын деген ниетпен Асекең мен Әбекең екі кемпірді үстел басына қатар отырғызады. Ас желініп жатыр. Әбіш пен Асқар әрнені әңгіме қылып қояды, екі кейуана үнсіз. Бұл үнсіздікке төзе алмаған Асекең: «Сөйлесіңкіреп отырсаңдаршы», — дейді шешелеріне қарап. Сол кезде сөз тілеп отырған Айтоты Әбіштің анасы  Қымбат құрбысына тіктеп қарап алып: «Сен өзі байға тиіп пе едің?» деп бастапты әңгімесін.

Өткен-кеткенді еске алып бір күліскен жұрт Асқар Сүлейменовтай дегдардың парасаттылығын, ұшы-қиыры жоқ білімді игерген кемелділігін, әдебиет, музыка, сурет өнері туралы қазақ ойы мен танымының көкжиегін кеңейтіп, жылқы түлігін жанындай жақсы көріп өткенін тамсана сөз қылды.

Жанарын аққан жұлдыздардың жарығы жуған жүйріктей алдына қара салмай өткен Асқар Сүлейменов  «кектің көзі» — Махамбет пен Абайдың, Шоқан Уәлихановтың, Ахмет Байтұрсынұлын «ұлт ұстазы» деп таныған алыптар шоғырының кеңістігіне көтеріліп кеткенін бүгінгі қазақ қапысыз ұғып келеді.  «Ендігі беталыс Асқар мұрасын елге жеткізе беру. Академиялық шығармалар жинағын жасау» — деді  Асқар Сүлейменовтің жарық көріп үлгермеген шығармаларымен жұмыс істеп, үлкен еңбек етіп жүрген сыншы-әдебиетші, мәдениеттанушы Әлия Бөпежанова ас соңында.

«Абай-ақпарат»

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы