Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Мінезді адам

Дата: 16 декабря 2012 в 09:02

Жексенбі, 16 желтоқсан, 2012

Мінезді адам

Мінезсіз адам жоқ, жұрттың бәрінде де мінез бар. Біреу жуас, біреу кірпияз, біреу байсалды дегендей… Бірақ оларды ешкімде мінезді адам демейді. Тіпті әркімге бір тиісіп, жұрттың мазасын алып жүретін адамды да мінезді демейді, ары кетсе, тентек дер. Мінезді деген басқа түсінік. Ол айтқанынан қайтпайтын (әрине, дұрыстығына сенімді болса), айтқысы келгенді іште бүгіп қалмай, кімге де болса айтып салатын, бір істің ақиқаттығына көзі жетсе, сол үшін қасқайып тұрып күресетін, қандай да бір тиімділік үшін арынан аттамайтын адамдарды «мінезді екен», «мінезді адам» дейді. Жұртқа танымал адамдардан мысал келтірейік пе? Ондай адамға Нұрмахан Оразбек жатады.

Журналист, қайраткер азамат. Оны қалам­гер қауым жақсы біледі. Ортасында беделді. Сол мінезділігінен сескенгеннен емес, ақ жүректілігі үшін, досқа дегенде қоң етін кесіп беретін мәрттігі үшін сыйлайды. Талайлар алдын кеспей, жол ұсынады. Ал оның көпке танымалдылығы ең алдымен сол мінезді­лі­гі­не қатысты. Әйтпесе, ақ жүрек, адал адамдар, құдайға шүкір, баршылық. Бірақ Нұрмахан секілді адамдар сирек. Жұрт алдымен оның сол мінезділігін сөз етеді, ол сонысымен ерекшеленеді.
Қиялға жүгініп, осы Нұрекеңнің бойынан сол мінезділігін алып тастап, көз алдымызға елестетейікші: қарапайым ғана көптің бірін­дей қара торы жігіт күлімсіреп қарап тұрар еді. Кітап жазған екен, кім жазбай жатыр, одан көп жазатындар да көп. Түрлі-түрлі газет-журналдарда жұмыс істепті, тіпті онда басшы да болыпты, ондайлар да аз емес қой. Бірақ есте қалғандары сирек. Егер сол мінезі болмаса, Нұрекең де көптің бірі болып, еленбей қала береді-ау дейсің.
Оған бұл мінез қайдан жұққан деген ой келеді. Біршама уақыт араласымыз бар, сол мінезін әркез көріп те жүрміз. Өмірінен де азын-аулақ хабардармыз. Өзінің ақжүрек­ті­гіне басып, сол өмірі жайлы сырын ақтарып та тастайды, өмірбаянын жазғанда да еш­нәр­сесін жасырмайды. Жетім өсіп, жасында қи­ындықты көбірек көріпті. Қиындықтың біреу­ді жүнжітіп, біреуді ширататыны бар. Нұрма­хан баланы ширатқан сыңайлы. Жасында апайының кітапханашы болғанын пайдаланып, кітапты көп оқыпты. Содан біраз нәр­сені түйген. Ширығуға сол түйген қосылып, адал өмір сүру керек, әділдік үшін күресу керек деген байламға келеді де, ол мінез болып қалыптасса керек.
Сол мінезділігінің арқасында ол қашанда белсенді болып жүрді. Мектепті бітіре салысымен, өз кезіндегі үлкен ұран – тың игеруге аттанған. Одан соң ұлы құрылыс – Соколов — Сарыбай комбинатына барған. Сонда да біраз нәрсені көңіліне түйген. Түйгенде, сонда басқа ұлт өкілдерінің өз халқына кемсіте қара­ғанына қатты ашынған. Қаны қарайған сәттері де болғанға ұқсайды. Сонда оның қандай әрекеттерге барғаны белгісіз. Ал Нұ­рекең басқа жұрт куә болмаған нәрсені айтпайды. Жұрт куә болған нәрселер кейінірек, ол университетке түскеннен кейін басталды.
Жасымыз Нұрекеңнен аз-кем кіші болған­мен, университетке мектепті бітіре салып түскендіктен, одан екі курс жоғары оқыдық. Сонда оның бір студент басқа ұлт өкілін ұлттық намысына тигені үшін жұрт көзінше сабағанын, комсомол жиналысында ұлт мәсе­лесін көтеріп, сөйлегенін естігенбіз. Біздікі жай естіген әңгіме, ал Нұрмаханның курстасы, үлкен жазушымыз Мұхтар Мағауиннің «Шытырман» роман-эссесінде жазғаны – көзбен көргендер, сонда өзінің курстасының қолымен де, сөзбен де төбелескендері әсерлі айтылған.
Төбелес деген онша жағымды нәрсе емес. Әсіресе, зиялы қауым құптай қоймайды. Бірақ сол төбелес те көзқарас. Әділдікке сөзбен, уәжбен жетуге болмайтын кезде, жұрт оған амалсыз барады. Ауылында, өз ортасында ол ешқашан да біреуге қол көтермеген адам. Өз дегеніне уәжбен, сөзбен жеткен. Ал уәжге тоқтамағандарға амалсыз мінез көрсеткен.
Жақында халқымыздың аяулы перзентте­рінің бірі, қазақ баспасөзінің үлкен қайраткері Қасым Шәріповтің 100 жылдығына орай кітап шығатын болды да, сол азаматты бі­летіндер іздестірілді. Білетіндердің бірі Нұр­махан Оразбек екен. Естелігін жазып берді. Сол естелігінде Нұрекең университет қабыр­ғасындағы хикаяларының соңғысына бірша­ма егжей-тегжейлі тоқтаған. Бұл – диплом жұмысын қалай қорғағаны жайында.
Жалпы Нұрмаханның бір қасиеті – жұ­мыс­тың ауырын өзі тауып жүреді. Журна­лис­тердің әулие ұстазы Қайыржан Бекхожинге диплом жұмысының тақырыбын «Қазақстан және «Правда» деп бекіттіріп алады. Оның өзінде ұстазы шағын кезеңді алуға көндіреді. Әйтпесе ол докторлық диссертацияға да ауырлық ететін тақырыпты алмақ болған ғой. Тіпті сол 1919-1925 жылдарды алғанның өзінде ұшан-теңіз материал жинап, соның өзін диплом жұмысына әзер сыйдырады. Сыйдырғанда, Кеңес өкіметінің қазақ даласына әкелген жақсылығынан гөрі, одан билік басына келген Орталық өкілдерінің озбырлығы көптеу болғаны аңғарылар еді. Қазақстанда пролетариат жоқ, пролетариат – орыстар, пролетариат диктатурасы кезінде сондықтан билікті кім ұстауы керектігін олар ісімен дәлелдегендей. Қызылордада ревком болған Гержот дегеннің қысымынан бір миллионға жуық қазақтың ауа көшіп, көпшілігі қырылғаны айтылады.
Дипломдық жұмыс емес, кандидаттық диссертацияның жүгін арқалағандай бұл еңбек басқалардан бұрын оның біраз ұстаз­дарының қарсылығын тудырады. Талқылау бірнеше сағатқа созылады. Өзіне қамқор болуға тиіс ұстаздары мұндай ұлтшылдық пиғылдағы жұмысты қорғатпау керек деп даурығады. Нұрмахан-студент райынан қайт­пай, өзінің ой-пікірін дәлелдеп қасарысады. Кім біледі, мемлекеттік комиссияның төр­аға­сы таяздау, жалтақ біреу болып, универси­теттегі атақтары дардай ғалымдардың ығына жығылса, өз пікірі бар, дайындығы мол студент дипломсыз қалар ма еді. Бірақ оның бағына қарай, төраға белгілі қоғам қайрат­кері, ҚазТАГ директоры Қасым Шәріпов болып шықты. Талқылаудан кейін, біраз уақыт үзілістен соң (сірә, олар тағы да талқыласа керек), комиссия төрағасы дипломға «төрт» деген баға қойылғанын, оның өзінде студент­тің өз ұстаздарымен көбірек айтысып кеткені орынсыз екені ескерілгенін хабарлайды.
Сол аса принципшіл қайраткер адаммен Нұрмахан арада он жылдай уақыт салып, қайта кезікті. Қасым Шәріпов ҚазТАГ директоры кезінде сол мекемеге ол жауапты редактор болып барды.
Университтеті бітірген соң да сол мінезді­лігімен Нұрмахан талай адамның пайымына сыймайтын қадамдар жасады. Өмірді көре­мін, журналистік жұмысты басынан бастаймын деп, Алматыдағы қызметін тастап, сонау Торғай, Түркістан асып, аудандық газеттерде жұмыс істеді. Сонда да өзіне тән саяси белсен­ділігінен таймай, көзге түсіп жүрді. Сонда жүріп те республикалық басылым басшыларының назарына ілінген. «Лениншіл жас» газетіне солай келген.
Қайда жүрсе де, ол көптің бірі болғанды қаламады. Осы бір әрекетім біреуге жақпас демей, ойындағысын айтып салатын. Ізден­гіш, көп оқитын адамның ойында көбіне жақ­сы идеялар жүреді. Рас, ол біреуге жағады, біреуге жақпайды. Нұрекеңнің онда жұмысы болмайды. Мен пікірімді айттым, құптасаң­дар жөн, құптамасандар өздерің біліңдер дейді. Дегенде, оның сондай мінезі біреулерге ұнай­тын да. Қазақстан ЛКСМ Орталық Коми­тетіне солай барған. Нұрмаханның осындай мінезі сол комсомол басшысы Өзбекәлі Жәні­бековке жаққан. Тек сол жаққаны сәл кейіні­рек белді басылымдарға шақырылғанда, оны жібер­мей, жолына біршама кедергі болғаны да бар.
Жаңашыл, талапшыл адамға кейде өзінің бауыр басқан ортасы да айтарлықтай ауырт­палық тудырады. Ол «Социалистік Қазақ­станда» (қазіргі «Егемен Қазақстанда») өткен ғасырдың 70 жылдарының басында біраз жыл жұмыс істеді. Жақсы көрінді. Біраз тың тақырыптар ұсынып, оны жазуға өзі қатысып, көзге де түсті. Әсіресе, сыртқы саясатты, шетел өмірін жазуда тек Мәскеудің бергенін жариялайтын заманда, бұл тақырыпта біраз материалдар жариялап, газеттің өз бетін көрсет­ті, өзін де танытты десек болар еді. Өзінің міне­зіне басып, партияның заманы жүріп тұрған кезде, осы біз неге әр материал сайын партия­ның съезд, пленум шешім­дерінің маңызын айта береміз, біреуін де айтсақ жетпей ме деген ұсыныс та білдірген. Бұл ұсы­ныс әсіресе коммунист ағаларына ұнамаған, олардың мұны «саяси сауатсыз» деп жазғыр­ғанын да естіген. Олармен дауласуды артық көрген ол сонда ешқандай ың-шыңсыз өзін көптен шақырып жүрген Тарих институтына ауысып кеткен.
Жалпы Нұрекең бір жұмысқа өзі өтініш жасап бармайды. Әдетте оны шақырады. Тіпті бір жұмысты атқаруды өтінеді. Тарих институтына солай барған. ҚазТАГ-қа да ша­қырды. Алғашында бас редакторлыққа, одан соң директордың орынбасары етті. Жұрт оны сол ҚазТАГ-тың жұмысына арнап жарал­ғандай көретін. Сол заманда барлық газет ҚазТАГ-пен байланыста. Ресми материал­дар­дың бәрін содан алады, соның бетіне қарай­ды. Газет басшыларына ең танымал адамның бірі Нұрмахан Оразбеков болды. Ол қолға алған нәрсе бітіп жатады.
Бұл жұмыстан да оны басқа жаққа ша­қырған. Тіпті Сарыағашта демалып жатқан жерінен Қарағанды облыстық «Орталық Қа­зақстан» газетіне редакторлыққа Алматыдағы үйіне де жібермей, Ташкент арқылы бірден Қарағандыға ұшқаны бар. Нұрекеңнің мінезі осы газетте айрықша көрінді. Бұрындары ол өзі басқаларға тәуелді жағдайда жүрді. Бір идея айтса, оның жүзеге асуы басқаларға байланысты еді. Кейде қалып қоюы да мүмкін. Ал мұнда ол – бастық, шешуші тұлға. Ойындағысын жүзеге асыра алады. Сол газет те басқалардың қарауында емес пе, редактор да біреуге бағынышты емес пе деуге болар, солайына-солай, бірақ Оразбеков оны басты нәрсе санамады, азарлығы – орнымнан алып тастар, әзірге өз ойымдағыны жүзеге асырамын дегенді ұстанды.
Алғашқы күннен-ақ бұл газет өзгеріп сала берген. «Қиындау» тақырыптың материалдары жиі жарияланатын болды. Жұрт, әрине, сондай материалға құмар. Сол тұста облыс­тық газеттер редакциялары басқа облыстан шығатын газеттерді де алып отыратын. Сөй­тіп, «Орталық Қазақстандағы» өзгерісті бүкіл республика журналистері біле бастады. Бұл газетте Желтоқсан оқиғасына қатысты материал жарияланғанда, оған МҚК атынан ескерту де жасалды. Редактор оны тыңдады да қой­ды. Қуғын-сүргінге ұшыраған жазушы Жа­йық Бектұровтың естелік материалдары бірі­нен соң бірі шықты. Ғалым Евней Бөкетов туралы естеліктердің де жолы болмай жүр екен, оларға да жол ашылды. Ақын Серік Ақ­сұң­қар­­ұлының мінезді өлеңдері де оқырманға жетті.
Осының бәрі жаңа редактор Нұрмахан Оразбековке қатысты болып жатқанын оқыр­ман қауым бірден аңғарған. Бірақ сол оқыр­ман бір күні осы газетте «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранның «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деп өзгергеніне таң қалды, сенбеді. Таңданғанда, кеңестік құрылыстың жарғысындай болған ұранды да өзгертуге болады екен-ау, оған редактордың қалайша дәті барды екен деген.
Бұл өзгертуді түсіндіріп жату артық. Ол редактордың ерлігі екені даусыз. Оразбеков Қазақстанда бірінші болып осылай жасады. Сол мақалада айтылғандай, азарлығы – бас кетер; кеткенде, қызметтен алар деген шығар. Бұл Нұрекеңе жарасатын мінез.
Осы газетте жұмыс істеп жүргендегі Нұрмахан Оразбековтің тағы бір ерлігі шын мәнінде бас кетердей әрекет еді. Бұл жайында біраз айтылған. Қаламгер қауым ғана емес, жұрттың көбі біледі. Президент Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков те ол жайында жазып, оны үлкен ерлік іске балағаны бар. Жалпы Нұрмахан туралы әңгіме болғанда, мұны аттап кете алмайсың. Ол қиянат болар еді. Мұндай ерлік қайталанбайды.
1991 жылдың 19 тамызында ГКЧП дейтін, яғни Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекет­тік комитет елдің демократияға деген қада­мын, халықтардың тәуелсіздікке ұмтылысын біржола тоқтатуға әрекет жасағанда жұрттың бәрі абдырап, оған қандай баға беруді білмей қалды. Біреулер олардың көкейін аңғарса да, айтуға қорықты. Талай адам әліптің артын бақты. Қорықпаған бір адам болды, ол Нұрмахан Оразбеков еді. Бәлкім, саясаткерлер ішіндегі ондайлар болған шығар, бірақ журналист қауым ішінде, редакторлар арасында Нұрекең жалғыз болғаны анық.
Сонда оның ерлігі не еді? ГКЧП мәлім­деме жасап, елдегі билікті өздері алатынын хабарлағанда, «Орталық Қазақстан» газеті бадырайтып: «Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Кеңес Одағында мемлекеттік төңкеріс жасалды», деп жазды. Мақаланың тақырыбы: «Иә, бұл мемлекеттік төңкеріс». Сол ГКЧП жеңіске жетсе, өзін не күтіп тұрғанын Нұрекең жақсы білді. Ондай жағдайда не болатынын қуғын-сүргінді бастан кешірген Жайық Бектұров ағасы да ескерткен, ең болмаса шамалы жұмсарт деп жалынған. Сонда Нұрмахан: «Жақа, сөзді шығын қылмаңыз, ендігі кезек біздікі шығар, бәлкім. Тағдыр солай болса, бұқпантайлағанмен құтыла алмас­пыз» деп безерген. Мінез бе? Мінез ғой. Көп адамда кездеспейтін мінез. Көп адамның қолынан келмейтін әрекет.
Бұдан кейін де Нұрекең біраз шаруаның басында жүрді. Ағылшын тілінде шыққан рес­­­пуб­­ликалық «Қазақстан» газетінің, «Ақи­қат» журналының редакторы болды. Респуб­лика­лық «Қазақстан» баспасын басқар­ды. Қайда жүрсе де сол мінезі, айнымайды. Бір­­беткей­лі­гін артық көріп айтқандарға: «Осылай кетке­ні­міз кеткен шығар», дейтіні де бар. Бірде бас­­пагерлердің жиналысы болып, оған министр де қатысып, сонда әріптестері сөзіңіз өте­ді деп оны сөйлетіпті. Дауысын көтеріп сөй­лейтін әдетіне басса керек. Сонда бір кезде шәкірті болған министр: «Нұреке, осыны дауыс көтер­­мей-ақ, жай айтуға болмай ма?» десе керек. Нұ­рекең: «Сендер жай айтса, естисіңдер ме?!» деп жұртты күлдіріп қана қоймай, үлкен жиналысты түсіністік арнаға түсіріпті. Бұл да мінез.
Оның мінезі туралы көп әңгіме айтуға болады. Таусыла қоймайды. Сондықтан оны доғарған жөн шығар. Ал анықтамалық ретінде айтатын бір жай: оның оннан астам публицистикалық, деректі кітаптары бар, аударманың қас шеберінің қолынан шыққан кітаптары да бір талай, еңбегі де еленген: «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері.
Осы азамат жетпіс беске толып отыр. Алла тағала мінезіңнен айырмасын деп тілек айт­сақ, жөн шығар. Бұл мінез Нұрекеңе жарасады.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.

 Принтерден шығару

Тақырыпты Форумда талқылаңыз

По сообщению сайта Егемен Қазақстан газеті