Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

Дата: 07 января 2013 в 14:54 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

IV

Нәзипаны дастарқанға қайта отырғызған Күлән, балаларының бізге дайындап кеткен еті мен үзім арағын екеуміздің алдымызға әкеліп қоя сала киінді. Құлыпты қолына алып, жиенін ерте жөнелді. Бізді оңаша қамап кетпек екендігін екеуміз де сезіп жалтақтастық...

— Құлпың не, әпкетай? — деп сұрады Нәзипа.

— Сыртынан біреу келмеу үшін.

— Мен де бірге барайыншы! — Нәзипа қызарақтай өтінді.

— Биғанды жалғыз қалдырмайық, Назыкеш! — деп Күлән есікті жапты. Құлып сақ ете түсті сырттан.

— Үйбай! — тұқыра күлді Нәзипа. — Сырттан біреу келіп қараса, бітпес жалаға қаламыз-ау енді! — Орнынан тез тұрып барып, терезенің пердесін қымтап келіп шай құйды. Нарттай қызарды жүзі.

— Жалаға қала қоймаспыз! — деп күрсіндім де екі ыдысқа да вино құйдым. Екеуміз де төмен қарап, үнсіз қағысып іштік. Көз астымен ғана бір-екі рет қарап алған Нәзипа менің момақансына қалған бейғам шырайымнан ешқандай жеңілтектік желік шығармайтындығымды байқаған сияқты. Өзіне де бейғамдық салмақ тапқандай жайланып орныға отырды. Күләннің мұншалық жанқияр қамқорлығына таңданысын жасыра алмай, сөзді сол жөнінен ашты:

— Әйел заттың барлығы Күләш апайдай болсашы! — деп күбірледі төмен қарап.

— Не жайынан айтасыз?

— Әйелдердің көбі... күндегіш келеді ғой. Бұл кісі ондай мінезден мүлде жат екен!

— Ол жайын қай жөнінен білдіңіз?

Нәзипа күліп жіберіп, тағы да тұқыра сөйледі:

— Сізбен бұрыннан... көңілдес екенін білемін ғой. Сізді аман келер ме екен деп күрсініп, алаңдап жүретін. Тіпті жылап жібергенін де талай көргенмін. Байқауымша бар арманы сіз болатынсыз. Сол арманы үшін ғана қартаймай келе жатқандай еді. Енді сол арман құсы қолына келіп қонғанда мына қамауы...

— Ондай жақындығымызға мен сенбеймін! — деп күліп жібердім. Нәзипа ойлы сұлу көзін кең ашып, таңырқай қарады маған:

— Ондай жақындықтарыңыз жоқ па еді?

— Сырт байланысымыз әрқандай жақындардан да жақын. Ішкі жақтан мүлде жат. Дәл осындай орайлы кезеңде басқа сұлуларға итере салып, өзі қашқалақтап қаңсиды да жүреді!

Нәзипа қатты күліп жіберді де, оңаша қамалып отырғанымызды есіне кілт түсіріп, аузын қолымен баса қойды.

— Қалайша? Бұл сөзіңізге мен де сенбейтін сияқтымын!

— Ол, өз тағдырына егесіп, жаратылыстық нәпсісін жеңіп алған құрыштай берік кемпір. Мен жастайымнан-ақ осы беріктігі мен осы мінезінің құлақкесті құлымын!...

— «Кемпір» демеңізші, өзі жастан да сымбатты, таптырмайтын жоғары білімнің әйелі ғой!.. Тек, аса надандар ғана кемсітер!

— Дұрыс, дәл өзімше бағаладың, Назыкеш! Ол, бірақ, өзін жылтырар әйелдің бәрінен төмен санайды. Жастайынан қорланып қалған жетім болатын. Өзі менің арман құсым екендігіне сенбей кемси береді!

Нәзипаның мөлдірей қадалған көзінен қос тамшы ыршып кетті де, сырт айланып сүртті.

— Солай ма еді? Бәсе, мұнысы да өзін төмен санағаны деңізші. Әрең келген жоғары бақытына өзінен жасырақ қосақ тауып бермек болғаны ғой.

— «Жоғары бақыты» деме, Назыкеш, мен қаңғып жүрген төтенше кесірлі сормын!.. Мұның маған өзінен жоғары санап қосқан екі Нұриясын екі дәуірде сорлаттым. Алғашқысын, гомендаң маған өштесіп, атып өлтірген. Кейінгісін, тағы да маған өштесіп, мына «гүңшандаң» өлтірмек еді. Сондықтан Қазақстанға үлкен үйіммен бірге өтіп кете тұруына рұқсат еткенмін. Жақында ғана біреуге тиіп кетті деп естідім. Жолынан тиген балалы әйелді қастерлейтін қанша арақкеш бар дейсің. Сөйтіп, жас баласымен тірі жетім-жесір етіп, оны да сорлатыппын! Мына жағдайда ендігі мына қадірлі құштарымның өзін де сорлатармын деп қорқамын! — Осыны сөйлегенімде көзімнен сорғалатып отырғанымды Нәзипаның жылап жібергенінен сездім.

— Сіз үшін құрбан болған әрқандай қыздың да арманы жоқ шығар! — деп сүртті көз жасын. -Мақпалды өзіңіз шай қайнатып бере жүріп оқытып, жоғары білім әпергеніңізді, оның басқа ерге тиіп кеткенін естігенде Күләш жылап отырып айтып, жылатып еді бізді! -Нәзипа соза күрсініп алып, вино құйды. — «Тағы да сорлатармын» деп, енді көне қимасыңыз Күләштан қауіптенбеңіз! Бұл әпкеміз — барлық қиыншлығыңызға дайындалған зор махаббат иесі! Қане, бір-біріңізге баянды, бақытты болыңыздар! — Нәзипа бастап, тосты осылай көтердік те, бір-бірімізге енді тура қарасып күлісіп алып күрсіністік.

Ашық шырайлы осы күлкімізбен соңындағы осы күрсінісіміз, ішкі дүниемізді бір-бірімізге айқын көрсеткендей болды. Шын махаббат жолы түзу де, барар ұясы тар. Қос ғашықтың кең төсекте бір-біріне тығылыса түсетіні де бәлкім содан шығар. Құштары бар бір көкірекке екінші құштар симайды. Сиғызуға зорланса, адамгершіліктен азғаны — негізгі қасиетінен айырылғаны. Саналы Нәзипа осыны толық түсінетіндігін көрсетті. Енді жалғыз қарындас, иә, ерке балдызымша сүйіспеншілікпен еркелей қарады маған. Өкпесіз-кінәрәтсыз де қылымсусыз, тентекси қарап күлді. Қатар күлдік. Күләннің сөзімен аз күн өрекпи қалған жас көңілі өз арнасын таба қойғанына сүйіндім. Қарасқан сайын Күләннің екеумізді қоспақ болып, қосақтап құлыптап кеткен «жеңгелігіне» күлеміз. Оншалық істес сырлас бола қоймаған өткір сұлу жесірге бар сырымды шерткендегі мақсатым, қайтсек те емін-еркін қосақталып отырып менсінбей кеткендей болмай, өз разылығын алып үміт үздіру еді. Бұл мақсатыма жеткендей болып, тағы бір шындығымды айттым:

— Кеше кеште Күлән екеуміз бір-бірімізге өкпелеп қайттық: ол, мені сенің үйіңе қонбай, сөйлеспей кеткенімді жазғырды. «Өзің мені рас жақтырмаймысың?» деп томсарып едім. Қатал үнмен «жақтырмаймын» деп ашық тойтарды. Өзінен күдерімді үздіріп, қайтсе де саған қосу ниетін оның алдында да біліп жүргенмін: «менің сені жұбатарлық-уатарлық қасиетім жоқ. Мақпал жөніндегі қасіретіңді тек Нәзипа ғана ұмыттыра алады» деген болатын. «Жақтырмаймын» дегенін дық көріп, бөліне жүріп едім, өзі келіп қолтықтап тағы да соны айтты: «рас айтамын, мен ежелден жарың емес, ең адал досыңмын, досың ғана болып өтемін» дейді!

— Сіз екеуіңіздей тепе-тең жаралған саналы достықты басқа ешкімнен көрмеппін де, естімеппін де! — деп күрсінді Нәзипа. — Ерекше адам екенсіздер! Тым болмағанда жас қыз-жас жігіт кездеріңізде бір көрісіп қалғандықтарыңыздан қимас достарға айналып қалған ба екен деп мөлшерлейтінмін. Дүниеде екеуіңіздей ұзақ сырлас болған, қалыс таза жүректерімен отыз жыл сынасып табысқан жұбайлар да некенсаяқ шығар. Екеуіңіздің бас қосуларыңызға шын жүрегіммен тілеулеспін!

— Ол екеуміз сырлас қана емес, ең ұятты-масқаралы жақтарымызда да мұңдас болғанбыз: өзін мен жоқта (Шәуешекке қашып кеткен шағымда) Үрімжі гомендаңның бір жендеті зорлап, бір жыл әйелденіпті. Одан болған баланы «иттің күшігі» деп түсіріп тастағанын маған айтып жылағанында, мен де бірге жылағанмын. — Бұл бос ауыздығыма Нәзипа күліп жіберді. — Күләннің менен өзін аса төмен санайтындығының бір себебі содан! Ал, Назыкеш, сыртынан екеуміздің бұлай бағалап, тон пішкенімізді өзіне айтпай-ақ қой!

— Айтпау ғана емес, енді өзінен есемді қайтарамын! — деп күлді Нәзипа.

— Қалай? Не есе?

— Өзінің бірден-бір қимасына мені қиыстырып қоспақ болғанына қарай мен өш алмаймын ба! Ол қайтып келгенде екеуміз бітісе қалған болайықшы!

— Мақұл, мақұл! — қарқылдап күлдім мен. — Кеше іңірдегі «жақтырмаймын» дегеніне қарай мен де сөйтіп сынап көрейін, қайтер екен? Әй, бірақ, ол мені мүлде жаратпай кетер онда!

Нәзипа сықылықтап күліп бұл қаупіме күрсініп жіберді:

— Еркектің бәрі де әйелді сіздей қадірлейтін болсашы! — Бұл арманды сөзін шорт тоқтатып, ыстық шай құйды да, ет турап, өз қолымен асатты маған. Бір саусағын қоса тістеп жібермей қойып едім, қипылжықтай күліп әрең шығарып алды да төсек астынан ақ арақ тауып әкеліп құйды.

— Сөге көрме, жездетай, саусағым ашып барады. Күштісінен мен де бір ішейін!

— Іше ғой, балдыз, әйтеуір қынжылмасаң болғаны! — екеуміз қосарлана күліп қағыстық. Нәзипа ішіп алып ойлана қалды.

— Күләш апайдың мені қаншалық жоғары бағалайтындығын осы ісінен-ақ толық түсіндім! — деп күрсінді. — Өмір бойы құрметтеп-ақ өтермін!

— Назыкеш, сенің ол айтса айтқандай, некенсаяқ бақытты ердің маңдайына ғана бітетін дәулет құсындай жар екендігіңе шүбәм жоқ!

— Өзара мұндай сөзді енді мүлде жауып тасталық, жездетай! — Мөлдір көзін ойнақтатып, еркелей қарады Нәзипа. — Бәрін түсіндім. Бұл бүкпесіз адал достық ықыласыңызға рахмет!

— Кел олай болса, алытн басыңды алдыма алып біраз отырайыншы!

Нәзипа қызара күліп жақындап тіземе басын қойды. Толқынды қара шашын маңдайынан тартып сылап-сылап жіберіп, екі қасының  арасынан сүйдім. Ерінім айырылар емес. Нәзипа екі қолымен бет-аузын баса сықылықтады.

— Нысапты бол, жездетай! Әпкеме айтам!

— Айтсаң, ол екі қолыңды ұстап тұрып, аузыңнан сүйгізер!

— Шынымен өзінікі екеніңді білсе қызғанбағанын көрермін, бәлем, тұра тұр!

Сырттан тықыр естілді. Күлән мен келдім дегендей тамағын қырынып белгі берді. Нәзипа басын тез көтеріп, менен алыстай барып отыра қалды да, үн шығара күліп жіберді. Жаңағы оған көрсетпек болған ойнымыз есіне түсе қалған екен. Қайтадан сырылып келіп, алдыма қайта жата қалды да «әпкем келіп қалады, қой енді!» деп естірте сөйледі. — «Қоя тұршы енді, ұят болады!» аузын баса, тұншыға күлді..

— Кіруіме рұқсат па? — деген Күләннің дауысын қасақана естімегенсіп күле берді Нәзипа.

— Рұқсат, рұқсат! — дедім мен. Нәзипа тік отыра қалды да киімін апыл-құпыл түзегенсіп, менің көйлек, бешпет түймелерімді салғансып, абыржығанси қалды. Күлән кіріп келгенде иығыма арқасын сүйей қойды да, ұйпалақтанған шашын жиғансып, сылана берді. Сұм келіншектің мына әртістігіне күліп жіберіп, мен де бой жиғанси қалдым. Күлкінің қыстауынан екеуміз де қызарып, ала бұртып алған сияқтымыз. Жымия қараған Күлән жүзінің де қызғыш тартқаны білінді. Мен қылмыс өткізгенсіп тұқыра күлдім.

— Өңдерің жайына келіп қалыпты! — деп Күлән да күліп жіберіп, көзін төмен түсірді.

— Өзіңіз ғой жалаң қаққан екі жесірді оңаша қамап кеткен! — Нәзипа да жымия тұқырды да, күліп жіберіп, менен алыстаңқырап барып отырды.

— Отыра бер, отыра бер! — деп қалды Күлән. — Қосылауларыңа тілеулес болмасам бірге қамаймын ба, қосақтарыңмен қоса ағарыңдар! Биғашты Мақпалын жоқтап қажытпау, өзіңнің ғана қолыңнан келетіндігіне сеніп, қосылу тілеулеріңде боғланыма көп болды!

Күләннің жүзіндегі қызғыш қан әп сәтте тарап, ағы-ақ, қызылы-қызыл, қуаныш реңіне келе қалғанына қарап қалдым мен. «Мені расымен-ақ сүймей ме, қалай өзі!» деген күдікпен қарадым. Нәзипа түрегеліп барып, Күләнді құшақтай алды.

— Маған арнаған жоғары бағаңызға, сеніміңізге мың рахмет, әпкетай! — Күләннің бетінен сүйіп-сүйіп алды. Күлән да құшақтап сүйді. Екеуінің де көз жастары ағылды.

— Биғашқа опалы, өмірлік адал жансерік бола алсаң, сенен жақыным болмас! Қолыңнан келісінше барлық ықыласыңмен күт! Ер адамды сақтайтын дәрі, тек сүйгеннің сүйіспеншілік махаббаты ғана! — Күлән Нәзипаны орнына отырғызып, үш ыдысқа коньяк құйды. — Кел енді, екеуіңді алдымен өзімнің құттықтауыма рұқсат етіңдер!

Күлән бұрынғы әдетінен өзгеше тездікпен ішіп жіберіп, арақты өткірсінген сылтаумен соза күрсінді. Оған жымия қарап қойған Нәзипа менің тіземе түртіп қалып, төмен қарап сөйледі:

— Сізге борыштымын, әпке, айтқаныңызды өмір бойы мүлтіксіз орындап өтермін! — деген жауаппен ішкенде, бірге ішіп ап, мен де сөйледім:

— Менің үйленуім үшін бұрынғы істеген жеңгеліктеріңнен осы ретте әлдеқайда жоғары еңбек сіңіргеніңізді осы қазір-ақ көріп болдым! — Әшкерелеп қойдың дегендей бейнемен Нәзипа ұялғансып, тіземнен қағып қалды да, екі қолымен бетін баса қойды. Қу балдыздың әпкесінің ішіне өрт қойғандай келістіргеніне күле жалғастырдым сөзімді. -Дәл осы жолғы жақсылығыңа орайы келгенде бар мәзіріммен қарымжы қайтарамын! -дедім.

Күлән, қылымсыған екеумізге кезек қарап қызарды да, төмен қарап, сөзді бүгінгі өз ісіне бұрды:

— Ал, қазірше бітіріп келген жұмысымды айтайын, — деп бастап баяндады ісін. Жау жағымыздың істеуі мүмкін болған зиянкестігінен қорғанатын далда, қарсы шара іздеп, ықпалы бар үш адамға жолығып қайтыпты. Бірақ өзі көңілсіздеу, солғындау баяндады. Күләннің бұл көңілсіздігіне баға қараған Нәзипа маған көзін қыса жымиды.

— Түс уақытында соларға өзім де барып, қорғауларын өтініп қайтайыншы! — Маған әдейі бұрыла қарап қойып, қойқаңдай жөнелді сол сөзбен.

— Қайттің екен, әйтеуір шексіз разы етіпсің! — деп Күлән ол кеткен соң маған қарап күлді. — Мастандырғыш сиқырың бар екенін Нұрияшпен алғаш таныса сала ауыртып тастағаныңнан біліп едім! — Күрсініп жіберіп, төмен қарап алды. — Ал, Назыкешім, қалай екен?

— Несін айтасың, құйындай жорға екен өзі! — дегенімде сақылдап күлді Күлән. Еселеп-еселеп күліп алып сұрау қойды. — Маған енді разы болдың ба?

— Разы болғанда да қалай! Айттым ғой бұл жақсылығыңды бар мәзіріммен қайтарамын!

— Бар мәзіріммен? Енді қайдағы «бар-мәзірің»? -тағы күлді Күлән.

— Мені қимағаның ба? Өзің кеше іңірде «жақтырмаймын» деген соң...

— Болды енді, қыртпа! — Күрсіне тойтарды ақылы жесірім. — Сен бақытты болсаң... өткен қасіреттеріңді ұмытсаң болғаны маған! — Өксіп қалып көзін сүрте берді. Мен де төгіп жібердім көз жасымды:

— Менің бақытты болуымнан саған не пайда!

— Әлденендей күшпен жанымыз қосылып кеткен доспыз ғой, сенің көңілділігіңді көрсем, мен де көңілденеді екенмін! — Орнынан түрегеліп, басыма жастық қоя жалғастырды сөзін. — Назыкешті бұрынғы жарларыңша қадірле! Ол сені жоғары бағалайды. Сен енді оны теңдессіз бағалауға борыштысың! Көңіліне ақау түсірме! Ал, енді біраз ұйықтап ал!

— Өзің де жатшы қасыма!

— Үйбай, не болған саған? Айтпа дегемін ғой мұндай сөзді! Маған енді ондай сөз шығарсаң шапалақ жейсің!

Түскі демалысқа қыз бен күйеу қайтып келген дыбырын естіп, ұйықтауға кірістім.

Түстен кейін күн еңкейіп қалған шақта оятты Күлән. Қолыма қазақша, ұйғырша аралас тілмен жазылған қысқа ғана хат ұстатты. Өзіме бейтаныс Қабылтай атты біреудің үйіне қонаққа шақырған хаты екен. «Назарбек жолдас» деп атап шақырыпты.

— Түстен бұрын мен барып, қорғау көмегін сұраған кісімнің бірі. Шешесі қазақ, әкесі ұйғыр, әйелі де ұйғыр, — деді Күлән. — Жаңа осында өзі келіп, ұйықтап жатқаныңды көрді де, осы қағазды жазып кетті. Жүзіңе біраз қарап тұрып күлімсірегенін байқадым.

-Танып қойғаннан сау ма?

— Мүмкін, шырамытар да. Бірақ, бұл кісі, «стиль түзету» науқанында да, мәдениет топалаңынан да өзіне кір жұқтырмай, аман келе жатқан, үкіметке белгілі сенімі бар, партия мүшесі. Сонда да ешкімге зиян келтірмей келе жатқан, «иттігі жоқ кісі»! -Бұл атауына Күләннің өзі күліп жіберді. -Бағана Назыкеш осылай атап таныстырған соң барғанмын. Менің сұраған көмегіме «қолымнан келісінше» деп қана жауап берген болатын. Мен сені Назарбек атап таныстырғанмын. Жүзіңе қарап неліктен күлімсірегенін білмеймін.

— Бұрын Үрімжіде қызметте болған кісі ме еді?

— Естуімше, осы Құлжадан шықпаған, жәй сауатты ғана кісі. Алғашқы кездегі белсенділігімен партияға кіріп, жер-су мекемесінің бір бөліміне бастық болып тағайындалған екен. Өз саласындағы қызметкерлермен жұмысшы-шаруалар арасында ықпалы бар кісі. Қала жанжалқорлары құтыра қалғанда шығара қоятын жасырын қосыны барын Нәзипа айтты бағана. Сенің Шайзадаңды да қанат астына алып, қала маңы коммунасына орналастырған осы Қабылтай екенін еститінмін.

— Оған мені іштей сол қулар таныстырып қойған сияқты ғой, баралық!

— Жә, кеште Нәзипа күтіп қалмасын, ертіп кетейік пе?

— Қонақ иесінің өзі шақырмаса, бізге қосақталып бармағаны жөн. Бүгін-ертең көріспеуге келіскенбіз...

Кішкене жиенді де шешесіне қалдырып, Күлән екеуміз ғана бардық. Қабылтай ұзын бойлы ақсұр, қою қара сақал-мұртты, орта жасты кісі екен. Өз есігінің алдынан «Назеке» атап қарсы алды мені. Қасында біз танитын ақын мұғалім бар. Басқа ұйғыр-қазақ аралас бейтаныс үш-төрт дәу жігіт қонақ үйінен түрегеліп қарсы алды. Бұл төртеуін үй иесі қызметтестерім деп қана таныстырды. Шай үстінде «Назеке» атаса отырып, бар ахуалымды сұрады дастарқандастарым. Баркөлдік Назарбектің ахуалынан игергенім бойынша дәл соның өзі болып сөйлей бердім. Үй иесі мен ақын мұғалім ғана көз қиықтарымен қарап қойып күлімсірейді. Басқаларын Назарбек бұғалтыр екендігіме сендіргенімді байқадым.

Дайындаған қонақасы мен арақ-шарабы, «иттігі жоқ кісінің» мені недәуір үлкен құрметпен шақырғандығын көрсетті. Арақты ауру Назарбекше талғап, аздап қана іштім. Бейтаныс төртеуінің екеуі сыртқа әредік-әредік екі-үш рет шығып келіп отырғанынан қорғаушылар екені байқалды. Бүгін ымырт түскеннен бері көше тыныш емес сияқты. Бұл екеуінің екі тобы осы маңдағы екі көшеде болса керек. Солардың бейғамдық істемеуін, тарап кетпеуін тапсырып, көріп қайтып тұратын көрінеді.

— Сізді Ауқан танушы ма еді? — деп сұрады үй иесі бір шақта.

— Танымайтын шығар, — дедім мен. — Мен өзім көрмеген кісім.

— Осы қалаға келгеніңізден бері көрді ме?

— Жоқ, көріскеніміз жоқ. Әйтеуір осы қалада Ауқан дейтін иір сары жалақор барын естимін. Шегіне жеткен қанды қол жендет сияқты ғой! -Бұл сөзіме дастарқандастар түгел күлді де, Күлән қосымша қосты:

— Аға, оның терезеден сығалап жүретін көзі көп. Сізді біздің үйден де, басқа қонаққа барған үйлеріңізден де сол ұры көздерімен көріп жүрсе керек. Сізді Биғабіл дейтін кісіге ұқсатады екен?

— Биғабілге? Әлдеқашан жоғалған Биғабілдің ол ұқсататындай қандай ен-таңбасы бар екен, жаласы да баяғы, өзін оңаша шығарып алып, менімен бір сөйлестіріңіздерші!

— Ол да болып қалар, нағашы! — деп үй иесі күліп жіберді. — Кереметі әшкереленіп болып қалды ғой, оның «жыны» қазір азайып қалды. Енді бұрынғыдай қорқынышты емес!

Көшеге шығып келіп тұратын екі дәу, біз қайтар шақта келмей қалды. Күлән екеумізді үй иесі мен ақын мұғалім ертіп шықты. Тұрақты дастарқандас болған екі дәу бізден бұрынырақ шығып еді, қақпа алдында тұр екен. Қастарына тағы да төрт жігіт пайда болыпты.

— Екі жақ мына көше бұрылысында қақтығысып жатыр! — деді дастарқандас болған екеудің бірі. Қабылтай бізді тоқтата сұрады одан:

— Жарланғандары бар сияқты ма?

— Шоқпарға шоқпар тиіп, біраз шақылдап барып тынды. Тыңдаңыздаршы!

— Әлем соғыс[1] тоқтап қалсын! — Ар жағынан ұйғырша сөйлеп зекіді бір жендет. Қаламмен сөйлеселік![2]

— Әлем соғысын бастаған өздерің, біз қорғанушымыз! — деді бер жағы.

— Сендер өздеріңді емес, жауды қорғаушысыңдар, анау шеттен кірген бейтаныстарды біздің тергеуімізге берсеңдер, сендерде жұмысымыз жоқ! — деді арғы жақ. Күлән екеуміз бір-бірімізге қарасып қойдық.

— Біздің арамызда ешқандай жау жоқ. Төңкерістік қонағымызды жез тырнақтарыңа бере алмаймыз! «Бізге кім соқтықса біз де соқтығамыз. Соқтықпаған ешкімге біз де соқтықпаймыз — Бергі жақтың дауысы өктей түсті. — Сендерге біз барып тиістік пе, сендер келіп соқтығып тұрмайсыңдар ма! Қайтыңдар дереу, егер енді қоймасаңдар, бәріңді қолға аламыз да өз істейтіндеріңді біз де істейміз!

— «Заупән юли!»[3] — деп ұрандады ар жағынан бір ханзу дауысы. Бәрі осы сөзді қайталап шу көтерді. Бергі жақ қарқылдап күлісті жендеттердің бұл ұранына:

— Көтерілістеріңнің ешқашан да заңды болып көрмегендігін әлі білмедіңдер ме! Араларыңдағы өткен заманның түсін көріп, ұйқысырап тұрғандарың қайсыларың, соны ғана шығарып беріңдер бері, өз заңын көзіне көрсетіп қана қайтаралық!

— Бұл, ең жоғары нұсқау, аш көздеріңді, Маужушиға, үкіметке қарсысыңдар ма!

— Қазір заупан юли деп қан төгуге нұсқап тұрған үкімет бар ма, сендер ашыңдар көздеріңді!

— Соғыңдар иттің балаларын! — деген біреуінің бұйрығы шығысымен бергі жақ шу көтеріп, шақылдатып жіберді де, қуа жөнелді.

— Мыналарың баяғы сорақы қалпында ғой! — деп дауыстап жібердім мен.

—  «Бұл қызым ол қызымнан да сорақы» шығып тұр. «Ел жатса да енекем жатпайды» дейтін жұмбақ бар емес пе еді! — деп қарқылдап күлді қонақ иесі. — Жә, екі мейман қайтқыларыңыз келсе, мына көшемен шығарып саламыз, қауіптенсеңіздер бүгін түн осында қонып қалсаңыздар да болады!

Ақын мұғалім бізді қайтарып әкету жағында болды:

— Бұл кісілер мектеп қарауындағы үйлерде ғой. Бүгін қозғаушы әтіретіміз жасақталды. Қайтса да болады! — деді. Сөйтіп Қабылтайдың өзімен он шақты адам болып бұрылыс көшеден үлкен көшеге шықтық. Көшенің екі жағындағы тал-теректер арасы сыбдыр қақты. Аяқ дыбыстары да естілді. Біздің қорғаушыларымыз сыбырласып, үшеуі алдымызға түсті. Көше ортасымен жүре бердік. Екі жақ шеттен терек далдалап үш-төрт адам жүгіре жөнеліп еді, жау жағының барлаушысы екен. Айырық көшенің аузынан шеп құрып тосқан көп адам көрінді. Үш көше түйілісінің арғы шетіндегі бағана басынан ғана бір шырақ жылтырап тұр. Басқа шырақтар таспен ұрылып шағылып бітіпті. Екі жақ шеттегі тал-теректер көшені қорқынышты түнекпен тұмшалап алғандай.

— Артқа қайта тұралық! — деді қонақ иесі. Клт бұрылып жүре бергенімізде артымыздан да шеп жайыла қалған екен. Қоршауға түскенімізді біліп тұрып қалдық.

— Құралдарыңды тастаңдар! — деп зекіді алдымыздан.

— Тырп етпеңдер! — деген бұйрық артымыздан сақылдады. Қабылтай алдыға шығып, үлкен шепке ұйғыр тілінде сұрау қойды:

— Ей, бұларың не сендердің? Заупан тоқтатылсын деген бұйрық әлдеқашан түспеп пе еді, үкімет бұйрығын тыңдайсыңдар ма, жоқ па?

— Біз сендерді үкімет бұйрығы бойынша қоршадық! — деп ұйғырша жауап қатты бірі. -Араларыңда шужұңжуишылардан келген жасос бар, соларды ғана шығарып беріп қайта беріңдер!

— Менің атым Қабылтай Мамұт, білесіңдер! Шужұңжуишылар маған келіп паналай алмайтындығын да білсеңдер керек! Бекер жала жаппай босатыңдар жолды!

— Конфет қағазына оралған бомбының ішіңе кіріп алғанын да білмейсің сен қапақ бас!

— Ей бассыз, тіліңді тартып, даули бойынша жауап бер, сен кімсің өзің? Батыр болсаң атыңды айтшы!

— Қарсы жақтан ханзуша сөйлегендер Қабылтайды сөйлетпей дүрілдесе жөнелді:

— Араларыңда Шар патшадан келген бомбы бар, тексереміз!

— Түнде тексермей адам өткізбеуге міндеттелгенбіз!

— Сендерге тексермей көшеден адам жүргізбе деп міндет тапсырған кім? — деп Қабылтай алдыға бір адым аттап түсіп сұрады. Бұған жауап ала алмаған соң талабын қойды. — Ондай міндеттерің болса, біреуің келіп, бұйрық, яки куәлік қағаздарыңды көрсетіңдер!

— Сырттан келген шпиондар мен кері төңкерісшілерді тексеріп, қолға алуға билет керексіз! — деді жау жақ.

— Билеттерің болмаса жол босатыңдар! Біздің арамызда сырттан кірген ешқандай жау жоқ!

— Бар, біз білеміз! Сырттан кірген жау болмаса неге тексертпейсіңдер!

— Үкімет жағынан шыққан тексеруші болсаңдар кінешке-билеттеріңді көрсет деп тұрмын мен! Ондай куәліктерің болмаса көше лүкшектеріне тексертіп басындыра алмаймыз!

— Бізді ыңғай оңшыл-ұлтшыл, кері төңкерісші, сатқындардың тексеруіне берген кім? Ха-ха-ха-һа...а.., — қарқылдаса жөнелді жол тосқындар:

— Қазір бассыздықты, үкіметсіздікті, қозғалаң көтеруді тоқтатыңдар деп бұйрық түсірген үкімет, заңсыз тексерушілердің өздерін тексеруге де рұқсат етіп отыр, ұқтыңдар ма?

— Біз шеттен кірген жауды қолға алуға, халықтың талабын орындауға қашан да хақылымыз! — деген ұйғырша тілді біреуіне мен де ұйғырша айқайлап жауап қайтардым:

— Ей жолдастар, шеттен кірген жау болса, қолға алуға біз де міндеттіміз. Бірақ, түсінісіп алмасақ зор қателік туылғалы тұр. Мәселен, біз қазір аз көрінгенімізбен оңайлықша қолдарыңа алынбаймыз! Шеттен кірген жау бар деген сылтаумен кейбір қанішер топтың қарақшылық істегеніне, түнде шығып адам ұрлағанына, жасырын өлтіре салатын болғанына он жыл толды. Сондықтан кім екендіктеріңді білмей берілмейміз! Билеттерің болмаса тексертпейміз. Тым болмағанда өздеріңді ұйымдастырып, бүгінгі көтеріліске шығарған басшыларыңның кім екендігін айтыңдар, телефонда сөйлеселік!.. Мұны да айтқыларың келмей ме? Шеттен келген жау бар, бүгін түнде көше тосып, халықтың жүріс-тұрысын тоқтатыңдар деген басшыларыңның аты кім деп сұрап тұрмыз, атын-әдресін айтып беріңдер! Олай болмаса, көшеде қанды соғыс тудыратын мұндай тосқауылға, тінтуге енді жол жоқ! Халықтың қазіргі талабы осы! Бижіннен баста осы талап іске асып болды. Соған бағынбайтын ерекше жаралған бастықтарың кім, қане айтыңдар! Айтпайсыңдар ма? «Атымызды айтпай, көше бүлігін өздерің жүргізе беріңдер!» деп бұйырған ғой, солай емес пе? Кімнің қолы екендіктерің енді белгілі болды! Мұндай, өзі жасырынып жатып, соғысқа халықты итермелейтін бұл қанқұмар кезеп қандықол, халықтың да, партияның да өкілі емес, одан аулақ болыңдар! Оған еріп, ертең-ақ қарақшы аталып, жауапқа тартлып қалмай ғана тарап кетіңдер! Он жылдан бері төгілген қанға себепкер болып келген соғысқұмарлар тексерілмей, қатал жазаланбай қалмайды! Тағы да айтып қоялық, біздің ішімізде шеттен кірген ешқандай жау жоқ! Егер бастықтарың жау десе, отқа сендерді итермей, апанынан өзі шығып сөйлессін! Ол үшін сендер шоқпар жей бермеңдер, халықтың жауы кім екен тексерісіп көрелік! Жау деп естіген сол қонақтарың күндіз де табылады. Ашық көрініп жүрген кісі! Ол, жасырынбайды, қашпайды, тек бастықтарың іннен-інге тығыла бермей шығып көрсін өзі!

Алдымыздан тосып қоршап тұрғандар өзара қарсыласып, дабырласа кетті:

— Кім бөлінсе, шебімізді паршаласа, жауға тізе бүккендік ретінде жазаға тартылады! — деп зекіді бір бастығы.

— Ісіміздің жолсыз екендігі тағы да белгілі болып қалды, таралық! — деп күңгірлеген біреуін зор дауысты өктем біреуі іздеді:

— Кім бұл іріткі салып тұрған, шықсын бері!

— «Біздің жау, шпион деп жариялап іздеп тұрған адамымыз, әр күні зияпатқа шақырылып жүрген үлкен абыройлы адам!», «жау болса, партияның инабатты мүшесі Қабылтай да қорықпай шақыра ма!» — десті шет жақтан бірнешеуі. Ұтылап әр жерден сөйледі. — «Бұл кісіні үйіне шақырып зияпат беріп жатқандар көп. Солардың бәрі жау ма?», «қазіргі уақытта бәрін қолға алуға бола ма?»

— Басшылық бәрін ұста десе бәрін ұстаймыз! — деп жаңағы зор дауыстысы гүр ете түсті. — Пролетарият партиясы өзінің майданын жасырған емес, Жаңкайшының сегіз миллион армиясын жойған гұңшандаң бұл бір ұшым немелерден қорқа ма!

— Жаңкайшының сол сегіз миллион армиясын жойған жауынгерлердің ішінде дәл қазір қолға алмақ болып тұрған адамдарың да бар болатын! — деп өктемірек дауыспен мен де айқайлап жібердім. — Мәдениет төңкерісінде сендердің басшыларың өлтірген адамдардың көбі, сол қаһармандарымыз болды. Мәселен, Люшяуши, Хелоң, Пыңдыхуйлар кім еді, білесіңдер ғой! Қазір орталық комитет сол үздік қаһармандарын жоқтап, аза тұтып жатыр, естіп қойыңдар! Жаңкайшының сегіз миллион жендетін жойып берген сол нағыз коммунизмші қаһармандарды зиянкестік қып өлтіруші бұзақыларды коммунист деп танисыңдар ма! Қазіргі өздерің атын атай алмай тұрған бастықтарың, ұшына шыққан сол бұзақылардың бірі! Ол коммунизмшілдіктен-марксизмшілдіктен, төңкерісшілдіктен мың садаға кетсін! Осы бастықтарың оқымаған қатынын балаларымен тастап, оқыған сұлу қатын іздегеніне отыз жол болды! (Қарсы жақтың өз ішінен қатты күлкі шығарды бұл сөзім.) Әлі іздеп, өзі «кері төңкерісші» атаған жесірлердің етегін иіскеп жалбарынып жүр! Осы маңдағы сол жесірлердің есігіне құлып болуға сендерді міндеттеп, бөліп-бөліп күзетке қойып отыр. Соншалық көп жесірдің өзіне бірі де тимей, менсінбей қойған екен. Соның қапалығымен істеп жатқан ісі осы. Бұл көшелерге келген қонақтың бәрін күндейді. Осындай рәсуа феодал қарақшыға жендет болып, түнде адам ұстап беруден намыстанбайсыңдар ма?

Бұл сөзімді өз шептерінен де күле құптап, «рас!», «рас!» дескен үндер естілді.

«Кім?», «кім?», «кім?» Елең қаға зекіген басшылары іздей жөнелді бұл құптаушыларды.

Мен тіпті қатты дауыстап сөйледім:

— Лай судан балық аулап өскен бір жар орайшыл бұзақыларға енді алдана бермеңдер, жолдастар! Әсіресе су тұнып қалған қазіргі кезеңде алдануларың өздеріңе қатер болады!

— Бәрін ұстаңдар! — деп қатты ақыра бұйырды қолбасшысы. — Бірі құтылып кетпесін!

Қолбасшысының өз маңындағы бір тобы бізге қарай ұмтылып бергенде артындағы негізгі қол өзара күңгірлесіп-гуілдесіп тұрып қалды. Әпербақандарын өздері ұстап шектеген нысайлары бар. Біздің бес-алты ғана дәуіміз жеңдерінен құралдарын шығарып шабуылшылардың алдынан тосуға шығып еді.

— Алдымен құрал жұмсамаңдар! — деп олардың алдына Қабылтай ыршып шықты да, шабуылшыларға қатты дауыстап ескертті. — Қане, бастап көріңдер соғыстарыңды, сілтеп көріңдерші алдымен!

Шабуылшы топ жан-жағына жалтақтап, тоқырай қалғанда оң жақ тұстарындағы терек арасынан бір дауыс шықты:

— Қабылтай жолдас, алдыңғы сұрақтарыңызды қайтадан сұраңыздаршы, жауап берсін!

Дауыс шыққан шеттен лезде жиырма шақты азамат шығып қатар тұра қалды. Шабуылшы топ жалт беріп, көшенің сол жағына ығысқанда, ол шеттегі терек сыртынан көп адамның күлкісі естілді. Шабуылшылар ортада тұрып қалды. Қолбасшы арт жақтарына ақырып қозғай алмады.

— Қазір қан төгіледі, кісі өледі! — деп дауыстай сөйледі Қабылтай. — Өздеріңе осы міндетті тапсырған басшыларыңның атын айтып беріп соғыспасаңдар, өлгендерің іздеусіз-сұраусыз қалады. Сендерді осы заупанға бұйырған кім, айтыңдар!

Шабуылшылар жауап бермей арт жақтарына қайта шегініп барып тағы да тоқтай қалды. Қозғалмай қалған қосыны сырт жақтарына қайырылып, құрал тастап жатыр екен. Бізді құтқаруға келген үлкен топ олардың сырттарына келіп қоршап, құрал тапсыруға бұйырыпты. Шоқпар, қанжарларын тастаған Ауқаншыларды тінтуден өткізіп, артқа қайтарып, таратып жатыпты. Келісімге келіп, татуласып алғандай, ешқай жағынан қатты үн шықпайды.

— Құрал тастамаңдар! — жендет қолбасшы бара сала ақырды. — Еріңдер менің соңымнан! — дей сала қайта жалт беріп, жиырма-отызын ілестіре зытты. Ортада тұрып қалған жаңағы шабуылшылармен елу шақты болып құралып, біздің сол жағымыздан қылыш жалаңдатып өте шықты. Көшенің сол жақ шетіне жаңа келіп шеп жайған халық жасағын доңыз айбатпен ығыстыра өтті. Еріп қашқандарының көбі қылышты екен.

— Құрал тастағандарың жауапқа тартыласыңдар, берілмеңдер! Еріңдер соңымыздан! — деп жендет қолбасшысы арт жақ шебіне жете тағы да ақырды. Біздің сыртымыздан қоршаған жау қолы да өз сырттарынан келіп қоршаған халық жасағына құрал тапсырып жатыр екен. Олардан мына бұйрықты тыңдаған ешкім болмаған сияқты. Жендет басшысы жеп жіберердей ақырды. — Құрал тастамаңдар деймін, қылыш жемей түсіңдер алдыма! — деп бұйырысымен оның өз қылышына қарсы қылыш шақылдаса кетті. Жендет қолбасшының аса зор дауысы аздан соң алыстап барып естілді. — Құрал тастағандарың ертең-ақ көресіңдер менен! — Осы сөзбен өзінің қылышы аз тобын ғана бастап қашып жоғалғаны белгілі болды.

Бұл, осы қаланың атақты соғыс құмар лүкшегі екендігін Қабылтай таныстырды маған. Ауқанның ең сенімді күшінің бірі осы лүкшек екен.

— Адамымыз көбейгенімен құралымыз аз! — деп күрсінді Қабылтай. — Әйтеуір қара көбейтіп қана құтылып жүрміз!

— Біздің мектеп оқушыларында құрал тіпті жоқтың қасы! — деді ақын мұғалім. — Пышақпен, темір шоқпармен құралданса, мектеп бастығымыз тінтіп жиып алады!

— Ауқанның қазіргі бар ұйытқы күші, осындай үш жалданба лүкшек қана. Осыларын көшеге күрілдетіп шығарып, ертең-ақ қол жиып ала қояды. Ал, кулиден келген қара санақ лүкшектерін оған штаб бастығы болып алған көмекшісі жиып береді. Сондықтан Ауқанның күшін шектей алмай жатырмыз!

— Бүгін бізге заводтан шыққан темір шоқпардың өзінен ғана жетпіс нешесі, қанжардан жиырма нешесі қолға түсті! — деді біреуі келіп Қабылтайға. Алдымыздан тосқан  жау жасағын сырттан қоршап құралсыздандырған үлкен топтың бастығы екен. Оны жеке шығарып алып сөйлескен Қабылтай қайтып келіп, қасымдағы ақын мұғалімге сөйлесті:

— Бүгін Назекең біздің үйде болсын! — деді маған естірте. — Ауқанның сүйеніші болған сақшы жақ тексермек болыпты. Мен бұл кісімен оңаша сөйлесіп, құтқарар жол іздеп көрейін!

Сөйтіп, Күләнді үйіне жеткізіп салуға ақын мұғалім бірнеше қорғаушымен міндеттеліп тұрғанында еркекше киінген Нәзипа мен Гүлсім бар бірнеше әйел күле келіп амандасты бізбен. Қабылтай жауынгерлерінің бір бөлімі осылар екен. Олар Күләнді ертіп әкетті де, мен Қабылтайға еріп, соның үйіне қайттым.

 

Әділетті тергеушім, «пролетарияттың зор мәдениет төңкерісі» деп аталған бүлкітеріңіздің қып жалаңаш қалған мына құйрығына өзіңіз, менің көзімше бір қараңызшы! Ненің құйрығына ұқсайды? Есектің қасасы емес пе!.. Өздеріңіз ең қатерлі район санайтын осы үш аймақ автономиялы облысының орталығына пролетарият мәдениетін орнатуды бұйырып, Ауқандарыңызға бақандай-бақандай үш зәңгінің қасасын ұстатыпсыздар ғой. Бәсе, он жыл өтсе де тыным таппай арқырап, мазамызды неғып ала береді деп жүрсек, «үздік құралдарыңыз» бар екен-ау! Пролетарияттың зор мәдениетін осы құралдарыңызбен егіп дамытып, коммунизм дегендеріңізді осының санасымен орнатпақпыз десеңіздерші!

Бесіктен белі шыға сала ата-ана тәрбиесінен, мектептен безіп аңырап көшеге шығып кеткен сотқарларды тәрбиелеп, адам қатарына қосу талабындағы ағартушылардан зор кері төңкерісші жоғын маған да енді түсіндірдіңіздер! Есек мінезді қарақшылар мұншалық неден құтырды деп жүрсек, қоздырушы-шабыттандырушы құдірет өздеріңіз болған екенсіздер ғой. Енді ондайларды мектепке тартып тәрбиелеп «аздырудан» қатерлі қылмыс бар ма?

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»

[1] Құралды соғыс.

[2] Сөйлесу. Құрал істетпей айтысу.

[3] Көтеріліс заңды (іздеп барып соғудың ұраны).

По сообщению сайта abai.kz ақпараттық порталы