Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Шырайы шуақ шашқан Шығыс

Дата: 26 июня 2013 в 02:42

Сәрсенбі, 26 маусым, 2013 Басты мақалалар

Шырайы шуақ шашқан Шығыс

Сәрсенбі, 26 маусым 2013 2:33

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары  түрлі салаларда оң өзгерістер бар екенін көрсетіп берді

Бұдан бұрын хабарланғанындай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұрнағы күні кешкісін жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келген болатын. Кеше Елбасы сапары аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысып, сондай-ақ облыстағы бірқатар әлеуметтік және индустриялық-инновациялық нысандарды аралады.

Өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған Шығыс Қазақстан облысы тәуелсіз еліміздің негізгі «тірек нүктесі» екені жайлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұдан бұрын келген сапарында атап өткен болатын. Шынында да, шырайлы Шығыста индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 195 миллиард теңге болатын 29 инвестициялық жоба жүзеге асып, 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Шығыстың бесінші түлігі – марал өсіруде де кейінгі жылдары ізденістер байқалуда. Омарта шаруашылығы да дамып келеді.

Аймақта «жасыл экономикаға» көшудің тамаша мүмкіндіктері бар. Қазір 20 желэлектргенераторлары орнатылып, 1 мыңнан астам күн панельдері іске қосылған. Ертіс өзенінде Бұлақ ГЭС-інің құрылысы басталмақ.Биыл облыс орталығында «Kazakһstan Solar Silicon» ЖШС фотоэлектрикалық пластиналар мен ұяшықтар дайындау зауыты пайдалануға берілмек. Қазақстан – әлемде АҚШ, Қытай мен Жапония және Канададан кейінгі фотоэлектрикалық элементтерді әзірлеу өндірісінің толық циклын іске қосып отырған бесінші мемлекет. Міне, осы керемет жобаны Елбасы өз көзімен көрді.  Бұл туралы сәл кейінірек…

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан На­зар­баев кеше ертеңгісін алдымен облыс­тық Ана мен бала орталығына келген болатын. Бұл жерде Елбасын Ана мен бала орталығының бас дәрігері, облыс­тық мәслихаттың депутаты Рая Рахимова қарсы алып, аталған орталықтың аналарға, жаңа туған сәбилерге көрсететін арнайы медициналық көмегі туралы әңгімелеп берді. Ана мен бала өлімін азайту, сауықтыру іс-шараларын жүзеге асыру, жасөспірім қыздарды ана болуға сауатты дайындау бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің экономикасы жайлы ақпарат беріп, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясындағы істерді баяндады. Биыл денсаулық сақтау саласына 54,3 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бүгінге дейін оның 40 пайызы игерілді. Семей қаласындағы облыстық онкология диспансерінің радиология бөлімшесінің құрылысы, Семейдегі 300 орындық аурухана, басқа да бес нысан адам денсаулығының жақсаруына септігін тигізетін болады. Босанатын әйелдердің көз жұмған оқиғасы тіркелген жоқ, ал бала өлімі екі есе азайды, деді облыс әкімі.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға зор мән беріп отырғанын, соның арқасында ана мен бала өлімі бірден азайғаны, өмір сүру ұзақтығы артқаны байқалғанын атап өтті. Қазақстан Президенті қазіргі уақытта қабылданған шаралар дені сау ұлтты қалыптастыруға ықпал ететініне тоқталды.

Елбасы Ана мен бала орталығының дәрігерлерімен емен-жарқын әңгімелесті.

– Мемлекет адамдардың денсаулығын жақсартуға, денсаулық сақтау саласын дамытуға күнделікті қамқорлық жасап келеді, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Соның нәтижесінде елімізде ана мен бала өлімі кеми түсуде. Тіпті экологиясы аса күрделі Шығыста да орташа өмір сүру жасы ұлғайды. Қазір елімізде жүрек сырқаттарын емдеуде Батыстың озық технологиясы қолданылуда, жүрекке операция жасаудың аса күрделі түрін отандық дәрігерлер кеңінен қолданып жүр.

– Биыл бізге 66 жоғары білімді дәрігер келді. Оның 12-сіне пәтер бөлінді. Дәрігерлердің жалақысы 150-170 мың теңгені құрайды. Медициналық орталықта 575 төсектік аурухана бар, 700 адам еңбек етеді, – деді орталықтың бас дәрігері Рая Рахимова.

– Ана мен баланың денсаулығы Сізді көп толғантатынын білеміз. Медицина саласын жақсартуға көп қамқорлық жасап келесіз. Сол үшін алғыс айтамыз, – деді балалар пульманологы Светлана Федорова.

Елбасы дәрігерлермен бірге ескерткіш суретке түсті.

 

«Мейірім» ата-анасыз қалған жетім бала­ларға кешенді қолдау көрсету жос­па­рының аясында облыс ұжымдары 900-ден астам баланы өз қарауына алған. Олардың аттарына «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» есепшоттар ашылып, жыл сайын ақша түсіп тұрады. Рая Рахимова бастаған Ана мен бала орталығының дәрігерлері де бірнеше жетім баланы қамқорлығына алыпты. Оларды баспанамен қамтамасыз ету үшін қаржы жинауда екен. Бәрекелді!

Шығыс Қазақстанның тағы бір ерекше жаңалығы – «Қазақстан жолы» оқыту-білім беру орталығы. Елбасы келесі кезекте Өскемендегі жаңадан ашылған Оқу­­шылардың шығармашылық сарайына келген кезде, жүздеген мектеп оқушылары құрметті қонақты кер­ней­летіп қарсы алды.

Бұл орталықта бір мезгілде 1 мың­ға тарта бала түрлі үйірмелерге қаты­сып, 2500 оқушы қосымша білім ала алады. Олар робот жасаумен, кесте, киім үлгілерін тігумен, басқа да пайдалы істер­мен шұғылданады. Мұнда сондай-ақ көркемөнер, балет, ритмопластика, во­кал, ән, сән театры, фотостудия, вокалды-аспапты ансамбль, декоративті-қол­данбалы өнер, дизайн, басқа да үйірмелер жұмыс істейді.

Қазақстан Президенті балалардың функ­­ционалды сауаттылығы мен шығар­машылық қабілетін дамытумен қатар, қо­­сымша білім беруге бағытталған Шы­ғар­­машылық сарайдың жұмысымен танысты.

Оқушылардың шығармашылық сарайын аралау кезінде Мемлекет басшысына балалардың математикалық модельдеу, экономика, экология, физика және өзге де салалардағы ғылыми жобалары да таныстырылды.

Нұрсұлтан Назарбаев оқушыларға зор денсаулық және оқуда табыс тіледі, сондай-ақ Шығармашылық сарайға жайлы жабдықталған автобус сыйлады.

…Әуелде бастаған әңгімемізге қай­та оралсақ, Елбасын қызықтырған жоба­лар­­дың бірі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-тың «жасыл экономика» бағдар­ла­масы аясында жүзеге асырылып жатқан «Kazakstan Solar Silicon» фото­электрикалық пластиналар мен ұяшықтар дайындау зауыты болды.

2012 жылы басталған оның құ­ры­лысына «Қазатомөнеркәсіп» қыруар қаржы – 23 миллиард 817 миллион теңге бөл­ген. Ол небәрі 8 жылда өзін өзі ақтап шық­пақ. Бүгінде аса күрделі құрылғыны мон­таж­­дау жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл кәсіпорын Қазақстан үшін жаңа өнім – фотоэлектрикалық пластиналар шыға­рады.

Нұр­сұлтан Назарбаев Қазақстан үшін жаңа өнім – Франциядан алын­ған тікелей трансфертті технология негі­зіндегі фотоэлектрлі пластина шыға­ра­тын кәсіпорын жұмысымен таныс­ты. Қазақстан Президенті кәсіпорын жұ­мыс­шыларымен әңгімелесіп, олар еңбек ететін зауыттың бірегей өндіріс орны екенін атап өтті. Аталған жоғары технологиялы өндіріс елімізде энергетиканың баламалы түрлерін дамытуға, сондай-ақ технологияның бәсекеге қабілетті жаңа түрлерін алуға мүмкіндік береді.

«KazakhstanSolarSilicon» ЖШС-нің өндірістік көлемі жылына фотоэлектрлі пластиналарда белгіленген 65МВт қуат­тылықты құрайды. Негізгі шикізат ре­тінде металлургиялық жағынан таза Қа­зақстан кремнийі пайдаланылады.

«Қазатомөнеркәсіп» басшысы В.Школь­ник кәсіпорында 434 адамның ең­бек ететінін, алдағы қарашада зауытты іс­ке қосатындарын айтты.

ЭКСПО-2017 халықаралық көрме­сін елімізде өткізу Қазақстанның атақ-абыройын асқақтататыны сөзсіз. Энер­ге­тиканың баламалы түрлерін дамытып, жаңа, бәсекеге қабілетті технология түрлеріне қол жеткізу еліміз үшін үл­кен табыс болмақ. Аманшылық болса, қарашада өзім келіп, зауытты ашамын.Сіздерге шығармашылық табыс, аман­дық-саулық тілеймін, – деді Елбасы зауыт жұмысшыларына.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы зау­ыт­тың кең цехында бұқаралық ақпарат құ­рал­дары өкілдеріне қысқаша сұхбат берді.

– Кенді Алтайдың экономикасы күн сайын өсіп келе жатыр. Күні ке­ше Павлодар облысына жұмыс сапарым кезінде аса маңызды мемлекеттік бағ­дар­ламалар, атап айтқанда, «Жұмыс­пен қамту-2020», индустриялық-инно­вациялық даму, денсаулық сақтау салаларындағы бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқанымен таныстым. Ауыл индустриясы дамыған Шығыста да көп істер атқарылғанына көз жеткіздім.

Жалпы алғанда, өңірлер тұрақты дамуда деп айтуға болады, орташа алғанда, өнеркәсіптің 6,8 пайызға өскені байқалады. Бұл орайда негізгі үлес ауыр өнеркәсіп және машина жасау саласына тиесілі. Әлеуметтік сала жақсы дамуда, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму салаларындағы көрсеткіштер де жақсы. Осының бәрі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жалпы оң қорытындысына елеулі үлес қосады, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында кеше «Семей инжиниринг» АҚ-та болды.

Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі брон­ды танк қару-жарағы мен техникаларын дайындау, өндіру және жөндеу, сондай-ақ оларды күш құрылымдардың пайдалануы үшін жаңғырту болып табылады.

Зауытты аралау кезінде Мемлекет бас­шысына полигонда броньды танк техникасының тәжірибелік үлгілері және оның әлеуетті мүмкіндіктері көрсетілді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баев сондай-ақ Семейдегі 1-Жылу электр орталығында болып, қала жұрт­шы­лығымен кездесті.

Қазақстан Президенті 1-Жылу электр орталығын одан әрі қайта құрылымдау жөніндегі жұмыс және оның өндірістік қуатын арттыру жоспарлары туралы хабардар етілді.

1934 жылы пайдалануға берілген жылу электр стансасында 2011-2012 жылдары қайта құрылымдаудан өткен 2 бу қазандық агрегаты орналастырылған. Қазіргі уақытта жаңа бу қазандығын орнату үшін ғимаратты одан әрі жаңғырту жүргізілуде.

Қала жұртшылығы өкілдерімен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Семейдің мемлекет назарынан ешқа­шан тыс қалмайтынын, сондай-ақ қала­­лықтардың өмірін жүйелі түрде жақ­­сарту жөнінде қажетті шаралар қабыл­данатынын атап өтті.

– Мен қалаларыңызға келгенде маған сіздер жылуға қатысты қиындықтар барын айттыңыздар. Ол кезде Семейде 140 қазандық станса жұмыс істейтін, олардың түтінінен бүкіл қала зардап шекті. Қазіргі уақытта, 37 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінгені арқасында, оның 24 миллиард теңгесі Жылу электр орталығын қайта құрылымдауға бағытталды, қалада көптеген проблема кешенді түрде шешілуде. Сонымен қатар, жылу электр стансасын жаңғырту сол жағалаудағы жылумен қамту мәселесін толық шешті және тұрғындар жылуға қатысты ешқандай проблеманы сезінген жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қосымша қара­жат­тың медицина мен білім беру меке­мелері құрылысына және қала жолдарын жөндеуге де бағытталғанына тоқталды.

– Қазір жаңа аурухана салынуда, зияткерлік мектеп салынатын болады. Мемлекет тарапынан қаланы дамытуға барынша көңіл бөлініп келеді. Ең негізгі көрсеткіш – бұл тұрғындар саны. Бұл көрсеткіш азайған жоқ, жоспарлы түрде артуда және қазірдің өзінде 300 мыңнан астам адамға жетіп отыр. Бұл өмірдің жақсара түскенін, адамдардың қайта оралып, осында тұрғылары келетінін білдіреді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті «Семей инжиниринг» броньды техникалар жөндеу зауытын жаңғырту мыңдаған жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бергенін және жаңа отандық өндірісті ұйымдастыру жөніндегі жұмыстың жалғаса беретінін де айтты.

Қаланың жұртшылығы өкілдері Мемлекет басшысына Семейді дамыту мәселесіне көңіл бөліп отырғаны үшін алғыстарын жеткізіп, мемлекет қабыл­даған шаралар қала тұрғындарының игілігі мен олардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталатынын атап өтті.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы.

–––––––––––––––––

Суреттерді түсіргендер

С.Бондаренко,

Б.Отарбаев.

 Принтерден шығару

По сообщению сайта Егемен Қазақстан газеті