Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Патриот

Дата: 06 июля 2013 в 02:52

Сенбі, 6 шілде, 2013 Замана

Патриот

Сенбі, 6 шілде 2013 2:01

Ақиқатын айтар болсақ, Елбасымыздың 1995 жылы ел басына қиыншылық түскенде Қазақстан Магниткасын сақтап қалу мақсатымен шетелдік инвесторға жүгінгендігін, қандай шешім қабылдаса да жалғыз ірі металлургиялық кәсіпорнымызды жаптырмай, жұмысын жақсартқандығын ғана білуші едік. Ал сонау 1973 жылы осы алыптың ауыр халін КОКП Орталық Комитетінен жасқанбастан алдымен орталық баспасөзде көтеріп, сосын Мәскеуде ашық айтып, металлургия комбинатының ғана емес, Теміртау қаласының өмірін сақтап қалғандығын білмейтінбіз.

Әуезовтің Абайды, Абайдың Әуезовті күллі әлемге танытқандығы тәрізді, Магнитка Нұрекеңді шымыр етіп шыңдаса, азаматтың мәртебесін шырқау биікке көтерсе; Нұрекең құрдымға кетіп бара жатқан Магнитка мен Теміртау қаласын құтқарып, сола бастаған тамырына қан жүгірткен. Зер салып қарап отырсаңыз, Нұрсұлтан Әбішұлы тұңғыш рет өзінің ел басқаруға қабілетті екендігін Қазақстан Магниткасы арқылы дәлелдеген сияқты. Шындығында, солай болып шықты ғой. Комбинат пен Теміртау қаласы болашақ Елбасының біліктілігі мен батылдығы арқасында дамудың озық жолына түсті.

Мәселе мынада: Нұрекеңнің Қазақстан Магниткасын құрдымға кетуден сақтап қалғандығы сияқты, Қазақстанды да тығырықтан алып шығатындығы айқын сезілген еді.

Нұрсұлтан Әбішұлының небәрі 33 жасында «елім деп, жерім деп» батыл да өткір мінезімен патриоттық танытып, маңдайымыздағы жалғыз Магнитканы жүздеген мың тұрғыны бар Теміртау қаласымен бірге банкроттықтан алып қалғандығына биыл 40 жыл толады. Осынау тарихи маңызды оқиғаның мән-жайын куәгерлері арқылы сыр қылып шертетін зерттеу мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

АҚИҚАТТЫ АЙТҚАН ДОЛГИХ

Зерттеу мақаланы әзірлеу барысын­да Мәскеу қалалық соғыс және еңбек, құ­қық қорғау органдары ардагерлері кеңе­сі­нің төрағасы Владимир Иванович Долгихқа жолығудың сәті түсті. Жо­лы­ғысу деп айтуға жеңіл. Өйткені, Қа­зақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшілігіндегі қызметкерлер Владимир Ивановичке жолығудың қиындығын ескертті. Біз олардан бәрібір ардагерге алып баруын өтіндік. Шынында, атақты адамға кіру оңайға соқпады. Әрең дегенде жүздескенімізде: «Мен Қазақстан туралы пікірімді талай рет айтқанмын. Соларды пайдаланыңыз. Уақытым жоқ», деді қатқыл дауысымен. Бұл жайт маңдайымыздан салып қалғаннан кем әсер етпеді. Ресей мем­лекеті қайраткерімен тілдесуі­мізге бір ауыз сөзіміз дәнекер болды. «Вла­ди­мир Иванович, біздің Прези­дентіміз Қа­ра­ғанды металлургия комби­натындағы партия комитетіне жетекшілік еткенде іссапарға барған екенсіз. Осы арасы қы­зықтырады бізді», деп қойып кеп қалдық.

– Ә, Теміртау дейсің бе? – деп аңта­рылып қалды ардагер. – Ұмытып барады екенмін, Нұрсұлтанның сол жылы Кремльге жақпайтын батыл мінез та­нытқандығын ешкімге айтпаған екен­мін-ау. Отыршы, ойланайын.

Расында, бұл кісі біздің кейбіріміз алыста отырып тон пішетіндей «нашар адам» емес екен. 87 жастағы қарияның өз өмірінде тым биіктерге көтерілуінің тарихи сыры бар екендігін ұғындық. Қабылдамаймын дегенде ұшқары пікірді ішке түйгеніміз үшін қатты қысылдық. Долгих атаның сөздің емес, істің кісісі, өз Отанын беріле сүйген патриот екендігін ойлаған да, білген де жоқ едік.

1972-1988 жылдар аралығында КОКП Орталық Комитетінің хатшысы секілді үлкен қызмет атқарған, Социалистік Еңбек Ері Владимир Иванович Долгих Қазақстан Магниткасы жөнінде көзімізді ашты десек, артық кеткендік емес. Сонымен бірге негізгі данагөй қарт қысқа да нұсқа пікірімен Нұрсұлтан Әбішұлының қазақ халқы үшін қандай ауыр жүкті арқалап, азаматтық парызын абыроймен атқарып шыққандығын тамаша дәлелдеп берді.

– Қарағанды металлургия комбинаты Одақ бойынша қара металлургия саласындағы ірі кәсіпорынның бірі болды, – деді бізге әңгіме иесі. – Алайда, өндірісті дамыту, құрал-жабдықтарды жаңарту, инфрақұрылымды жетілдіру жөнінен артта қалды. Өйткені, басшылары жиі ауыса берді. Тұрақтамады. Сырттан келгендердің көбі жергілікті партия және атқару комитеті басшыларымен тіл табыса алмады. Мұның өзі жұмыстың ақсауына себеп болған еді.

1973 жылы осы комбинатта болып, жағдайды көзіммен көріп, тұйықтан шығудың жолдарын іздестіріп, тиісті шараларды қолдану туралы зерттеу жасауыма тура келді. Соның алдында ғана Челябинскіден жаңа директор етіп бір азаматты жіберген едік. Ол да істі ширата алмады. Тексеру қорытындысы жергілікті кадрларды өсіру, даярлау жұмысының қолға алынбай отырғандығын, өндірістің технология бойынша артта қалғандығын, барлық саладағы жағдайдың оңып тұрмағандығын көрсетті.

Сондықтан, кезек күттірмес мәсе­лелерді шешуіміз қажет болды. Сол кезде комбинаттың партком хатшысы болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Шынымды айтсам, қазақтан мұндай батыл адам шығады деп күтпеген едім. Ол, ә дегеннен мәселені төтесінен қойды. Алғашында қалалық партия комитетіндегілерді тыңдап жүрген едім, оның бұлтартпас ұстанымынан кейін кей пікірлерімді өзгертуіме тура келді.

Проблемаға терең талдау жасаудың арқасында КОКП Орталық Комитеті атына тиісті ұсыныстарды келтіріп, хат дайындадым. Бұл құжат алдымен Орталық Комитет секретариатының талқылауынан өтті. Содан кейін комбинаттың қиын халі жөніндегі фактілер тізіліп, оны түзетудің іс-шаралары нақты көрсетілген шұғыл да қажетті шешім қабылданды. 7-8 жыл бойы көзделген мақсатқа жету үшін бақылаудан да, көмек көрсетуді қамтамасыз етуден де шаршамадық. Мұз айдыны мен фитнес тұрғыздық. Басқа да инфрақұрылымдық істерді атқардық. Өндірісті дамытуды жетілдіру үшін көптеген техника жаңартылды, кең көлемдегі агломерациондық машиналар ауыстырылды. Комбинатқа жаңа оттегі желілері жасалып, енгізілді. Жұқа қаңылтыр шығару өндірісін қолға алу үшін жаңа цех салынды. Мысал үшін айта кетуіме болады, сол кезде КСРО одақтас республикаларында жылына небәрі 600 мың тонна қаңылтыр шығарылатын. Ал Теміртауда тұрғызылған цехтың қуаттылығы одан да асып түсті.

Тынымсыз тер төгудің нәтижесінде комбинаттағы ғана емес, қаладағы, тіпті, облыстағы ахуал жақсартылды: кадрлар тұрақтандырылды, еңбек қауіпсіздігін сақтаудың тәртібі тиісті дәрежеге қойылды. Міне, осындай жарқын істерімен Қазақстан Магниткасы Одақтағы озық кәсіпорынға айналып қана қойған жоқ, металлургия саласындағы үлгілі комбинат қатарына да қосылды.

Сөз жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлының сол кездегі еңбегі ересен. Ол Қазақстан Магниткасын аяғынан тік тұрғызды! Несін жасырамыз, егерде бізге батыл партком хатшысы емес, жалтақ, жағымпаз біреу кезіккенде, қазақтың маңдайындағы жалғыз Магнитка әлдеқашан жабылып қалған болар еді.

Әлбетте, Мәскеу жағынан партком хатшысының жұмысты жақсартудағы сүбелі үлесін барынша көрсетуге тырыстық. Бұған қоса Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев көп қолдау білдірді. Ол партия ұйымы жетекшісінің керемет қабілетін аңғарып, алдымен Қарағанды обкомына өнеркәсіп мәселелері бойынша хатшы, сонсоң республика Орталық Комитетіне салалық хатшы етіп тағайындады.

Владимир Иванович, міне, осылай деді. Кетерде Қазақстан Магниткасының тағдыры жөнінде нақты түсінік бергені үшін қарияға үлкен рахмет айттық.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Кремльдің алдына қойған ұсынысында жергілікті кадр даярлау мәселесін де ұмытпаған болатын. Неге десеңіз, 50-жылдардың соңында басқа өлкелерден келген жастар саны көп болып, қазақ ұлтына көңіл аз бөлінді. Оларға тұрмыстық-әлеуметтік жағдай жасалынбады. Керісінше, Болгариядан келгендерге ерекше қамқорлық ұйымдастырылды. Ауылда туып-өсіп, ата-анасының, не туыстарының жылы қабағымен, жылы-жұмсағымен өскен қазақ балаларына Теміртаудағы қиындықтар тозақ сияқты болып көрінуі де мүмкін еді. Әлсіздер келген ізімен кері қайтты. Тек Отанын шексіз сүйіп, болашағына нық сенген жігіттер ғана тауқыметті жеңе білді.

1973 жылдан бастап металлургия комбинаты партия ұйымының хатшысы міндетіне кіріскен Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың Мәскеудің алдына өткір проблемаларды батыл қоюы­ның да реті бар еді. Өйткені, мұндай шын­­дық­ты қазақтан бір кісі айтуға тиіс-ті. Нә­ти­жесінде, Владимир Иванович Долгих айтқандай, ол тек Қазақстан Магниткасын ғана емес, Теміртау қаласын шалажансар күйінен арылтып, қайта түлетті.

Жергілікті ұлт кадрларын даярлау ісі де Нұрекеңнің идеясы болатын. Шын­дықты айтқан қазақ коммунисіне қарсы келе алмаған КОКП басшылары оның орынды ұсыныстарына келіс­кен. Осындай орайлы сәтті партком хатшысы тамаша пайдалана білген Нұ­ре­кең комбинатқа қазақ жастарын көп­теп қабылдатты. Сөйтіп, Магнитка тағ­­­дыры біртіндеп өз ұлтымыздан шық­қан инженерлердің қолына көше бастады. Мәселен, Махмұт Ақбиев ағамыз бір­­неше жыл бойы комбинатқа басшы­лық жасады. Нарбота Данаев та сол кез­де­рі Нұ­рекеңнің өзі тағайындатқан аза­­­ма­ты. Ал Сатыбалды Ибрагимов резерв­те тұр­ған білікті маман болатын. Ол 90-жыл­дардың басында Қарағанды метал­­­лургия комбинатындағы Мемлекет басшысының өкілі болып тағайындалған еді.

ӘРІПТЕСТЕР ПІКІРІ

Қарағанды металлургия комби­­­­на­ты­ның бұрынғы дирек­­торы, Қазақстан және Ресей Федерациясының мемлекет қайраткері, 1993-1994 жылдардағы Ресей Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары, қазірде Ресей Қаржы-өнеркәсіп топтары федерациясының пре­зиденті Олег Николаевич Соско­вец­пен Мәскеу­дегі кабинетінде жолығып, басты сауалымызға нақты жауап беруін өтіндік.

«Қарағанды металлургия комбинатында (40 000 еңбеккерден), 3500 партия мүшесі болды, – деп бастады сөзін жерлесіміз, белгілі бизнесмен. – Бұл дегеніңіз, үлкен бір ауданға тең деген сөз. Бір ерекшелігі, комбинат Қазақстанға емес, тікелей Мәскеуге, Орталық Комитетке бағындырылды. Мәртебесі өте жоғары болғандығын осыдан-ақ байқаған шығарсыздар.

Партком мен комбинат әкімшілігі кей жерлердегі тәрізді бөлек өмір сүрген жоқ. Олар бірігіп өнеркәсіптік зауыттар ашты, кадрлар таңдады. Дала төскейінде әлемдік деңгейдегі технологиялық алып өндіріс орнын тұрғызу бұрын-соңды қазақ тарихында болып көрмеген. Мүмкін, біреулер: «Комбинат парткомы хатшысының міндеті қандай болған еді?» деген сауал қояр. Жауап іздеп көрелік. Біріншіден, партком кәсіпорынның әлеуметтік тұрғыда дамуын, еңбек етуге жағдай туғызу мәселелерін шешті. КСРО-да тұңғыш рет партком хатшысының, яғни Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен әлеуметтік база құрылды. Сөйтіп, металлургтердің тұрмыстық ахуалы жақсартылды.

Жасырып қайтейін, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Мәскеуде бір апта жүріп, өз қолымен Орталық Комитет атынан қаулы жобасын жазды. Онда жергілікті кадр мәсе­лесі баса айтылды. Соған дейін тұрақты өндірістік көрсеткіш болмаған. Шын­дығы сол, Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жеке идеясын КОКП Орталық Комитеті алдында тамаша дәлелдеп, Қазақ­стан Магниткасы мен Теміртау қала­сының өндірістік, экономикалық, әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайын қандай тәсіл­мен жақсарту қажеттігін Кремль бас­шы­­ла­рына мойындатты. Партком хат­шы­сы­ның Мәскеуге барып, халқының тағ­ды­­ры үшін бел шешіп күресуі – нағыз пат­риот­тықтың, азаматтықтың жарқын үлгісі еді.

Тағы бір маңызды дерек келтірейін. Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы күннен күнге өмірге еніп, нормаға айналып жатты. Оған ешкім де осылай істе деген жоқ. Сол жылдары Теміртауда көкөніс өнімдерімен жұртшылықты қамтамасыз ету проблемасы шешімін таппаған-ды. Дүкендерде бұзылған бақша өнімдері сатылатын. Міне, осындай қиын кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы тұрғындарға бау-бақша өнімдерін өздері өсіруі үшін жер телімдерін таратып бергізді. Ол аз десеңіз, жылына 150 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылып, баспана мәселесі іске асып жатты. Сол заманғы спорттық кешендерден өзге 42 балабақша, 26 мектеп тұрғызылды.

Мен ол кезде қаңылтыр қақтау цехы­ның бастығы едім. Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамасын жүзеге асыруға барша металлургтер болып атсалыстық. Құрылысшылар жетіспегендіктен сенбіліктер ұйымдастырдық. Қажетті материалдар сатып алуға қаржы жетпесе, айырбасқа азық-түлік өнімдерін өткіздік. Комбинат қарамағында төрт шаруашылық бар еді. Солар өз өнімдерін өндіріс орындарына әкеп, арзан бағаға сатты. Жеміс-жидек, көкөніс-бақша, ет өнімдерімен металлургтерді ғана емес, қаланы қамтамасыз етті.

Ал жұмысшылар асханада тегін тамақтанды десем, артық айтқандық емес. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, зауытта 36 асхана жұмыс істеді. Магниткада жұмыс істеу адам денсаулығына залалды болғандықтан сүт пен қаймақ күн сайын тегін беріліп отырды.

– Алғашқы жылдары Теміртаудағы қазақ жігіттерінің саны небәрі 3 пайыз еді, – деп жалғастырды келесі тақырыпты Елбасының Днепродзержинскідегі курс­тасы, Теміртаудағы әріптесі, өмірлік досы, Парламент Мәжілісінің экс-депу­таты Сатыбалды Ибрагимов. – Мәселен, домнада 1200 адам жұмыс істесе, соның ішінде небәрі 70-80 ғана қазақ болатын. Цехта 500 адам болса, 25-і қазақ-тын. Осыдан кейін қазақ ретінде өсіп көріңіз? Жоғары көтерілу үшін олардан артық жұмыс істеуің керек, білімің мол, ар-ожданың таза болу қажет. Айтқан сөзді екі етпеу керек.

Училищені бітірген кезде көбіміз 18-де болдық. Біреу жұмысты таза, ұқып­ты істемесе, апат орын алатын. Зияны орасан. Біраз жұмыс істеген соң ғана темірдей мінез қалыптаса бастады. «Металлургияның тәрбиелік мәні зор» дейтініміз осыдан.

Тағы бір нақты мысал. Нұрсұлтан алдымен домна цехының парткомы болып сайланды. Мұнда 1300 адам жұмыс істеді. Ол кезде цех бастығын Мәскеуде бекітетін. Осыған қарамастан парторг цех бастығын жұмысты нашарлатып жібергені үшін қызметінен алдыртып тастатты. Шешімді коммунистердің бәрі қолдағандықтан, жоғарыдағылар ештеңе істей алмады. Бұл комбинат тарихында болмаған оқиға. Осыдан кейін-ақ досымның қызметі өсетіні жайындағы әңгімелер тарады. Ең бастысы, оның қайсарлығынан, металлургтер алдындағы беделінің жоғары екендігінен тайсалған көптеген басшылардың мысы басылып, «суға түскен тауықтай» жүні жығылып қалған еді.

Шындығында, ол тек парторг қана емес еді. Білікті, білімді металлург болатын. Өндірістің «алпыс екі тамырын» жақсы білді. Мәселенің түйінін емшідей тап басатын. Проблемаларды шешуді мақсат етті. Бәрін шешті.

Қабидолла Сәрекенов Мемлекет басшысының жас күннен бергі досы. Енді бұл ағамыздың 40 жыл бұрынғы оқиғаның куәсі ретіндегі пікірін бірге тыңдалық.

– Нұрсұлтан комбинатта партком хатшысы болып сайланғанда, – деді ол бізге, – Мәскеуден шығатын орталық газетке «Причислен к отстающим» деген көлемді сыни мақала шықты. Ав­торы – Полторанин. Кейін КОКП Орта­лық Комитетінің хатшысы Влади­мир Иванович Долгих та мақала жазды. Себебі, 70-жылдардың басында әлеу­меттік мәселелерге байланысты про­блема қаптап кетті. Соның бәрін шешу жолында Нұрсұлтан Әбішұлы табандылықпен күресті. КОКП арқылы КСРО Үкіметінің Магнитка мен Темір­таудағы ахуалды жақсартуға арналған арнайы қаулыны да шығартты. Қаржыны да ұлғайтты. Тұрғын үйлер көптеп салынды. Балабақшалар да тұрғызылды.

Елбасының сол кездегі бір ерлігі есімде. Ол партком хатшысы боп тұрған­да Магниткаға тек қазақ жігіттерін жинап қойған жоқ, қазақ қыздарын да көбейтті. Міне, ұлтжандылықтың жарқын көрінісі! Осыны неге айтпаймыз? Нұрсұлтан басқа хатшылар сияқты: «Мен парызымнан құтылдым», дегендей, проблеманы – қазақтың ұл-қыздарының Магниткада аз екендігін КОКП ОК алдында айтып қана қойған жоқ, ұлттық мәселені жүзеге асыруға тікелей атсалысты.

Сонау қиындыққа толы 70-жылдардан соң оңаша отырған бір сәтімізде: «Сұлтан, мен сені 60-жылдары Кубаның құрылыс отрядын басқарған, кейіннен өз мемлекетін басқарған Фидель Кастроға ұқсатамын» – дедім. Не деп жауап бергенін айтайын ба? «Жо-жоқ, достым, Фидель Кастроның орны өзгелерден бөлек», – деді. Мен бұл сөзіне қуандым. Өйткені, оның ел басқару саясаты ешбір мемлекет басшысына ұқсамас еді.

Нехорошев Владимир Анфианович те Нұрсұлтан Әбішұлының әріптесі. Қоян-қолтық араласып, бірге еңбек еткен қызметтесі. Парламент Мәжілісінің экс-депутатының Елбасының Теміртаудағы жалынды шағы туралы айтары көп.

– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұлғасын суреттеу үшін алдымен өзімнің оны 1962 жылдан бері танитынымды айт­қаным жөн шығар, – деді бізге металлург ардагер. – Институтта бірге оқы­­­­дық, комсомолда бірге жұмыс істедік. Қарағанды металлургия комбинатының партком хатшысы болып сайланғанда, мен оның орынбасары қызметін атқардым.

Иә, ол партком хатшысы болып тұр­ған­да комбинаттың халі ауыр болды. Жұмыс сын көтермейтін. Сондықтан сая­­си же­тек­ші ретінде Орталық Комитеттің наза­­рын Теміртауға аудартты. КОКП Ор­та­лық Комитетінің хатшысы Влади­мир Ива­­нович Долгих жағдайды өз көзі­мен кө­­­руге келді. Көрді. Шындыққа көзі жет­­­­ті. Іскер қазақтың шырыл қағуы те­гін еместігін түсінді. Артынша комиссия жіберді. Олар тыңғылықты тексеріс жүргізді.

Владимир Иванович Долгих Нұр­сұлтан Назарбаевқа Михаил Андреевич Сусловтың алдында жағдайды баяндау қажеттігін ескертеді. Ал Суслов деге­ніңіз, құдай басқа салмасын, КСРО бо­йынша екінші, Саяси бюродағы бірін­ші басшы болатын. Кездесудің қалай өткендігін сол кездегі бастығым – партком хатшысы былайша әңгімелеп берген еді: «Кең кабинетке еніп едім, есіктің жанында резіңке кебіс тұр екен. Ол мені қабырғаны тұтастай алған картаның алдына шақырды да: «Кәне, сіздің Темір­тауыңыз?» – деді. «Міне!» деп көрсеттім де: «Дала төсіндеміз. Басқа жақтан жұмысшылар келеді де, кетеді. Тұрақты жергілікті кадр жоқтың қасы. Әлеуметтік жағдай төмендеп кеткен. Көптеген мәселелер шешілмейді. Қаржы қалтасы шұрқ тесік» – дедім. Ол маған маңызды сауалдар қойды. Жауап бердім. Сонсоң ол ертең келетінімді ескертті. Мен: «12 минутқа дайындалдым» дедім. Суслов: «Жоқ, сіз қағазға қарамаңыз. Маған қа­лай айттыңыз. Солай қайталаңыз», – деді.

Келесі күні секретариат басталды. Суслов өзі жүргізді. Түрі сұсты. Бойы екі метрден асатын министрді тұрғызды. «Біздің сізді тағайындағанымыз қателік болған екен, – деді «сұр кардинал» қатал дауысымен. – Ұлттық кадрларды өсіру керек деп қаншама рет айтамыз? Ал сендер әлеуметтік мәселеге де назар аудармайсыңдар. Шешпейсіңдер!», Министр қара терге түсті.

Ал Елбасының комбинаттағы қызме­тіне келер болсақ, ол жағы да маған жақсы таныс. Мен оның жұмысшылармен де, басшылармен де кездескенінің куәсі болдым. Жасыратыны жоқ, оған дейінгі партком хатшылары бас директордың жанында шапқылап жүргеніне мәз болатын. Бұрынғы үрдіс түбегейлі өзгертілді. Енді бас директордан бастап бастық атау­лы парткомға келгіштеп, ақыл-кеңес сұрайтынды шығарды. Сөйтіп, оның беделі күн санап шарықтай берді.

Бұрын үздіксіз болат құю дегенді армандайтынбыз. Түсімізде ғана көретін едік. Бүгінде шындыққа айналды. Енді, міне, экология мәселесі бойынша қыруар шаруа іске асқалы тұр. Газ тазартатын зауыттың құрылысы басталды. Қазір конвертор цехына жақындағанда еріксіз түтінге қақаласыз. Бұйыртса, екі-үш жылдан кейін Теміртаудағы экология тазартылатын болады. Мұны тапсырған кім? Әлбетте, Президенттің өзі. Спорт сарайы да, институт ғимараттары Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей нұсқауымен жүзеге асып жатқан маңызды шаралар.

Теміртаулықтар мен қарағанды­­­лықтар: «Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың Отанымызды қандай қиындықтан болмасын іскерлігімен, ақылды саясатымен алып шыға алатындығына 1973 жылғы ерлік-ісіне сүйсінгендіктен кәміл сенген едік. Ол біздің үмітімізді ақтады», дейді бірауыздан.

Ел халқының осы тұжырымға қосы­ларына еш күмән жоқ.

Айтбай СӘУЛЕБЕК
Қазақстан Республикасы Президенті
сыйлығының лауреаты.

ТЕМІРТАУ.

 Принтерден шығару

По сообщению сайта Егемен Қазақстан газеті