Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Тахауи тағылымы

Дата: 19 сентября 2013 в 16:32

Тахауи тағылымы

Театрлар тойының тақырыбы — «тахауи тағылымы»

 Алдағы дүйсенбіде Қазақстанның халық жазушысы, қазақ әдебиетінің классигі, драматург һәм аудармашы, атақты жерлесіміз Тахауи Ахтановтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Тахауи тағылымы»» атты ХХІ республикалық драма театрлар фестивалі басталады. Фестиваль қарсаңында оның ұйымдастырылу барысы туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нәзира Табылдиновамен  жолыққан едік.

— Ахтановтың мерейтойына орайластырылған фестивальге жазушының ұрпақтары, туған-туыстары келе ме?

— Әрине, Тахауи Ахтановтың қызы Әсия, ұлы Дулат, туған інісі Сапаның үйіндегі келіні Халима, нағашы қарындасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Айзада Нәубетияровалар келеді. Сондай-ақ  бала күнінен өмірде де, әрі әдебиетте де  жұбы жазылмаған досы Қуандық Шаңғытбаевтың қызы Гауһар, жазушы, үзеңгілес інісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қажығали Мұхамбетқалиев, Әуезов атындағы драма театр сахнасында Ахтановтың «Антында» Бәтиманың рөлін сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бақыт Жанғалиевалар шақырылды. 

Қонақтардың ішінде «Тахауи Ахтановтың көркемдік әлемі: прозасы мен драматургиясы» атты кітаптың авторы Сәмен Құлбарақ, «Арыстан жалды заңғар жазушы» деген атпен Ахтанов туралы естеліктер жинағын құрастырған ақын Сейфолла Оспан,  Тахауи туралы осы екі кітаптың демеушісі Рахман Алшанов бар.

— Фестиваль аясында өткізілетін жоспарлы шаралар туралы көпшілікті құлағдар етсеңіз.

— 23 қыркүйек күні «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық бөлімшесінің ғимаратында сағат он бірде «Т.Ахтанов — қазақ әдебиетінің классигі» атты ғылыми конференция өтеді. Оны Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  директоры, ақын Мейірхан Ақдәулетұлы жүргізеді. Онда Тараз гуманитарлық-техникалық университетінің профессоры Сәмен Құлбарақ  «Т.Ахтанов — қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы» атты баяндама жасайды. Жазушы жерлесіміз Қажығали Мұхамбетқалиев «Жазушы Ахтановтың азаматтық келбеті», ақын Сейфолла Оспан «Тахаңның ұлағатты қасиеттері» тақырыбында әңгіме қозғайды. Қазақстанның халық артисі, театр режиссері Есмұқан Обаев естелік айтады. Облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Ертай Ашықбаев, жазушының қызы Әсия Ахтановалар сөз сөйлейді.

Сол күні түстен кейінгі сағат үште жазушы атындағы көшеде Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтарға арналған ескерткіштің іргетасы қойылады. Сағат үш жарымда Т.Ахтанов атындағы драма театрдың алдында республикалық  фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі болады. Одан кейін театрда баспасөз мәслихаты өткізіледі. Көпшілік назарына алдымен Ахтанов твочествосы жайлы «Қазақстан-Ақтөбе»  телекомпаниясы дайындаған деректі фильм ұсынылады.

Оның соңы Т.Ахтанов атындағы драма театрдың қазақ труппасы сахналаған «Ант» драмасын тамашалауға ұласады.

— Ахтановқа арналған фестивальге қандай театрлар қатысады?

— Ақтөбеде алғаш рет ұйымдастырылып отырған республикалық драма театрлар фестиваліне 9 жетекші театр қатысады. Алматыдағы Әуезов атындағы академиялық драма театр Серік Асылбекұлының «Империядағы кеш», астаналық үш театрдың бірі  Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние», екіншісі Максим Горький атындағы орыс драма театры Оралхан Бөкейдің «Последнее причастие», үшіншісі Астана қалалық Жастар театры Бердібек Соқпақбаевтың «Көзіме бір көрінсең бала ғашық» сияқты спектакльдермен ақтөбелік көрермендердің бір аптасын  театр мерекесіне айналдырады. Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстық театрлары, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры да спектакльдер қояды. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың орыс труппасы Ольга Марктің «Время — это птица» спектаклін көрсетеді.

Ақтөбеліктер қазақ театр режиссурасының көрнекті өкілдері Нұрқанат Жақыпбай, Мұрат Ахманов, Юрий Ханинга-Бекназарлармен қатар Дина Жұмабаева, Алма Кәкішева сияқты режиссерлердің қолтаңбаларымен таныса алады.

— Фестиваль қонақтарын, қатысушыларын қандай сый-сыяпат күтеді?

— Фестивальге қатысқан әр театрға аудан әкімдерінің, облыстық мәдениет басқармасының, қалалық мәдениет бөлімінің арнайы сыйлықтары бар. Қонақтар да құр қол қайтпайды.

— Ахтановтың мерейтойы оның туған жері Шалқарда, өскен елі Қарабұтақта жалғасын таба ма?

— Тахауи Ахтановтың балалары, туысқандары Ақтөбедегі шараларға екі күн қатысып, одан әрі Қарабұтаққа, Ахтановтың кіндік қаны тамған Шетырғызға, Шалқарға қарай жолға шығады. Ол аудандарда ондай үлкен шаралар жоспарланған жоқ. Негізгі шара — театр фестивалі. Астанадан келген кинооператорлар жазушының балаларымен бірге барып, оның туып-өскен  жерінен фильмге қажетті кадрларды түсіріп алады.

— Театр фестиваліне байланысты ақтөбелік көрермендерге не айтасыз?

— Ақтөбені театр өнерінің астанасы етіп қалыптастыру мақсатында алғаш рет драма театрлар фестивалін өткізудің сәті түсті. Біздің бастамамызға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсетіп отыр.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, ақтөбелік көрермендер күнде қолға түсе бермейтін керемет театрлардың өнерін тамашалауға асығады деп ойлаймын.

Тағы бір жаңалықты айта кетейін. Ақтөбедегі театр фестивалінің соңы тағы да фестивальге ұласады. Қазанның 3-6-сы аралығында қуыршақ театрларының «Ассалаумағалейкүм!» ІІІ халықаралық  фестивалі өтеді. Оған Болгария, Ресей, Қырғызстан, тағы да басқа елдердің қуыршақ театрлары қатыспақ. Қуыршақ театрларының фестивалінің салтанатты ашылуында облыстық көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейінен  басталған қызылды-жасылды қуыршақтар шеруі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағына дейін созылмақ.

Сонымен осы күз өнер мерекесіне толы болайын деп тұр.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

 

Бәтима ханымды сомдау — үлкен жауапкершілік

 

Қазақ өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының киелі сахнасында қызмет істегеніме биыл 44 жыл болыпты. Біздің буын 1970-жылдардың басында театрға келгенде еліміздің рухани мәдениетінің тұғырын көтерген ұлы тұлғалардың төрт көзі түгел еді. Ғабит Мүсірепов, Тахауи Ахтанов, Әбділдә Тәжібаев, Зейнолла Қабдолов, Әлжәппар Әбішев, Сабит Мұқанов, Шахмет Құсаинов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкей, Сәкен Жүнісов т.б. жазушы-драматургтер таңғажайып туындыларымен қазақ сахнасының мерейін үстем еткен жылдар еді ол…

Актердің бағын ашатын роль болса, ұлттық драматургиямызда ер жүрек батыр да, ақылгөй, абзал аналар да, сұлу арулар да жетерлік. Солардың ішінде Тахауи ағаның «Сәулесі» мен «Бәтима ханымы» әрқашан шоқтығы биік тұратын шығармалардың кейіпкерлері. Сәуле ролін мен институтта оқып жүргенде Кеңес Одағының халық әртісі Хадиша Бөкеева апаның орындауында көрдім. «Қашан шығар екен» — деп асыға күтіп отырғанымда үстіне сұр плащ киген Сәуле — Хадиша шыға келгенде көзімнен жасым ыршып кеткені әлі есімде. Аты аңызға айналған актриса қақ алдымда тұр. Қатты қобалжығанымды әлі күнге ұмыта алар емеспін. Ол кезде мен, әрине, Тахауи ағаның құдіретті қаламынан шыққан «Бәтима ханым» бейнесін сомдаймын деп ойламаған едім.

Ғабит Мүсіреповтің «Баян сұлуы» мен «Ақтоқтысынан», Әбдіжәміл ағаның «Қан мен теріндегі» Ақбаласынан кейін, маған режиссер Әзірбайжан Мәмбетов сахналаған Т. Ахтановтың «Ант» спектакліндегі Бәтима ханым ролі бұйырды.

Шығармадағы Бәтима — өмірдегі Бопай ханымның прототипі. Ол — ішкі жан-дүниесі қарама-қайшылыққа  құрылған тарихи тұлға. Тарихи деректер жан-жақтан үрей туғызып анталаған жаулардан қазақ жерін сақтап қалуды көздеген Әбілқайырға адал жар, ел ісіне араласып, ақыл қосқан парасат иесі болғанын көрсетеді. Оның Төле, Қазыбек, Әйтеке билермен, Есеттей баһадүр-батырлармен заманы бір болған. Ресей патшайымына жазылған хат-құжаттарда Бопай ханым есімінің ең беделді ел азаматтарымен қатар аталуы оның көрнекті саяси қайраткер болғанын білдіреді. Сондықтан Бопай-Бәтима ханымды сомдау — актрисаға артылған үлкен жауапкершілік. Тахауи ағаның «Ант» тарихи трагедиясының пәрменділігі, ақ өлеңмен жазылған көркемдігі, кейіпкерлерінің күрделі бейнесі Софокл, Европид, Эсхил, Шекспир трагедиялармен иық тіресіп қатар тұра алады.

Бәтима монологы — қойылымның арқауы. Спектакль Бәтима монологымен басталып, оқиға әрі қарай шиеленісіп, өрбиді де шырқау шегіне жеткенде Бәтима ханым монологымен бітеді. Пьеса солай жазылған, режиссер де солай қойған. Ол Т. Ахтанов пьесасының кесіп-пішері, артық-кемі жоқ біртұтас классикалық дүние екенін сезінген ұлы режиссердің ұлы тұлғаға деген құрметі болар. Ал қазіргінің «жаңашыл» режиссерсымақтарының ішінде «Әй, «Шекспир» мынауың жарамайды», — деп пьесаның  ит-сілікпесін шығарып, жұлынған тауықтай  жұлмалап, сахнаға лақтыра салатындары көбейіп кетті ғой.

Тахауи ағаның қаламынан шыққан туындылар еліміздің барлық театрларында үзілмей қойылып келеді. Қазіргі кезде ағаның мерейтойына арналған өзінің атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында «Ант» спектаклі екінші сахналық өмірін бастамақ. Басты рольде актриса Майгүл Мұзбаева ойнайды деп естідім.   Биіктен көрінсін, айналайын…

Ағаның 90 жылдық мерейтойы қарсаныңда театр ұжымына шығармашылық табыс, денсаулық тілеп, әрқашан мерейлері үстем болсын деп тілек білдіремін.

 

        Бақыт Жанғалиева,

      ҚР-ның еңбек сіңірген артисі,

        «Құрмет» орденінің иегері.

 

 

Тахауидің девизі — атамның сөзі

 

Тахауидің анасы Дәйілхан апа — менің әкем Наубетиярдың ең кіші қарындасы.

Әкесі Ахтан Тахауи 13-ке әлі тола қоймаған кезде өмірден өтті. Дүниеден озар шағында әкесі Ахтан менің әкем Наубетиярға Тахауиге қамқор болып жүруін өтініпті. Біздер қашаннан да бір-бірімізге көмектесіп, бірге күліп, бірге қайғырдық.

Тахауи мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өлең шығаратын, біз оны ақын болады деп ойлайтын едік. Алайда ол проза жағын таңдады. Кейін ол романдар, повестер жазды, көп уақытын сын мен драматургияға арнады. Атап айтсақ, көркем шығармаларының ішінде «Боран», «Шырағың сөнбесін» романдарының орны бөлек. Біздің Жылгелді атамыз балаларға «Шырағың сөнбесін» деп жөн сілтеп отыратын, сол сөз Тахауидің барлық өмірінің девизі және романына атау болды.

Тахауидің мінезі тік болатын, бірақ, қажет кезде көмектесуге де дайын тұратын.

Ол талантты адамдарды бағалап әрі оларды мейлінше қолдайтын. Олар ақындар Қасым Аманжолов, Қуандық Шаңғытбаев, Хамит Ерғалиев, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, сол кездегі жас жазушы Дулат Исабеков және басқалары.

Бет-жүздеріне қарамай, әріптестерінің көптеген шығармаларын өткір тілімен түйреп, жиі сынға алатын. Кейбірі айтылған сынға түсіністікпен қарап, қабылдаса, енді бірі сол үшін оны жек көретін. Сондықтан да Тахауидің достары қанша көп болса, оны көре алмайтын адамдар да сондай көп болды.

Тахауидің батылдығы мен ерекше шыншылдығы бала кезден-ақ байқалды, оның бір мысалы, мектептің қабырға газетіне жазған мына өлеңі:

«Интернатта тәртiп жоқ,

Мәдениетке баспады.

Барлық жерде айқай-шу,

Содан әсте аспады.

 

Бес тәрелке, бес қасық

Асхананың аспабы.

Екі елі боп қатып тұр

Қырылмаған қаспағы».

 

Тахауи 17 жасында соғысқа аттанды. Вокзалда анам екеуміз оны үйдің тамағымен тамақтандырып, шығарып салғанымыз әлі есімде. Ал анам Тахауидің соғыстан аман келуін тілеп тұрды.

Ол соғыста алдыңғы шепте жүрді, ал оның жекпе жек ұрыстағы ерлігі туралы майдан газетінде жазылды. Батырлығы үшін орден, медальдармен наградталды, аға лейтенант шенін алды.

Тахауи жан-жақты, дарынды адам еді. Тарихты, саясатты жақсы білді. Батыл әрі тік мінезді ол компартияның тұсында да сол кездегі билікті қорықпай сынап, өз ойын ашық айтты. Мемлекеттегі сыбайлас жемқорлық туралы көп айтып, сол кездегі құрылымның болашағы жоқтығын, бір күні құлайтынын айтатын. Ақын Мұқағали Мақатаев Тахауиді қайталап айтқандай:

«Өзгередi дүние, өзгередi,

Əуелден-ақ адамның көздегенi.

Кереметтi өзгертiп кереметтер,

Керемет шақ ақыры кез келедi».

Тахауидің сол уақыттағы еліміздегі саясат және экономика туралы сын пікірлері билікте отырған адамдарға жетіп, соның бәрі Тахауидің өміріне әсер етті. Ол тағы да жазатын еді, көптеген жоспарлары бар еді, бірақ, ауру асқынып, «тұсаулады»…

Тахауидың таза жанын түсінетін ақын Валерий Антонов ол дүниеден озғаннан кейін мынадай өлең жазды:

«Помню в годы опасные в баре

Мы дразнили мозги коньяком,

И на радость тихушникам в паре

Власть по кочкам несли кувырком.

Вспоминаются нынче обрывки

Этих гневных, счастливых бесед.

Как мудрец и солдат на побывке

Мог пролить он на многое свет.

Но теперь не прольет его… Поздно

Отсиял, отсветил и угас.

Недопризнан, не понят, не познан

Встал, ушел —  мы ему не указ»

Айзада НАУБЕТИЯРОВА,

медицина ғылымдарының докторы, профессор.

 

 

Әкем екеуміз

 

Әкемді есіме алсам артта қалған балалық шаққа еніп кетемін. Біздің отбасы орталықтан қашықта, яғни, көп қабатты үйлердің құрылысы аяқталған тұста орналасты. Одан кейін Алматының бір қабатты үйлері басталатын.

Сол 1960 жылдардың басы панелді шағын аудандар салуды әлі үйрене қоймаған кез еді, біздің отбасы екі подъезі бар кірпішті төрт қабатты «хрущевтің» үйінде тұрды. Ведомство үйлерінің арасында «солдаттардың», «өзбектердің» үйлерімен қатар тұрған біздің үйді бәрі «жазушылар үйі» дейтін.

Ұзақ жылдар бойы жеке үйлерде көшіп-қонып жүрген әкем бір күні барлық жағдайы бар пәтерге ие болды. Төрт бөлмелі пәтер, ас үйі, дәретханасы, сосын суға арналған титан тұратын ваннасы болатын. Қазіргі балалар көп қабатты үйдің мұндай кезін білмейді. Ал титандағы суды отынмен, макулатурамен ысытатынбыз. Жануға болатын қалдықтың бәрін салған кезде бір адам шомылатындай суды шақ жылытатынбыз.

Қоныстойдан соң көп ұзамай бұл шаңырақта отбасындағы төртінші бала боп мен өмірге келдім. Өзіңнің тегіңді, отбасыңды мақтан тұтатыныңды айтып жеткізу қиын.

Әкем — шаңырақтың егесі, қайырымды әрі мықты, ал анам Гүлшара — нәзік әрі қамқор, үлкен ағам Нұрлан беделді, ақылды, апам Резеда — оқу озаты, ал Әсия әкемнің жақсы көретін қызы болды.

Пәтердегі «ерекше аймақ» — әкемнің кабинеті. Ол жерде жазу үстелі, кітаптар толы шкаф және кушетка орналасқан. Шкафта маған берілмейтін жазу машинкасы тұратын, соны алып қатты ойнағым келетін. Бұл кабинетте әкем жұмыс істеп жатқанда шыбынның ызыңы да естілмейтін. Барлық қарбалас есіктің артында қалатын.

Ал егер анам әпкеме ұрысса, Әсия «ерекше аймаққа» қарай жүгіретін, мен де қызығушылықпен соңынан еретінмін. Ал анам мұндай кезде кабинет табалдырығынан әрі аттамайтын. Мен болсам, есіктен сығалап қарап тұратынмын. Әпкем бір аяғын бір аяғына қойып орындықта тұнжырап отыратын. Сол кезде әкем оған қарап «Айналайын, не болды, кел» деп, құшағына алып, «Ал енді бар, ойна» дейтін. Біздер осылайша анамнан қашқан кезде, пәтердегі ерекше аймаққа тығылып, «тыйым салынған» амалдарды пайдаланатынбыз.

Әкем жазып отырған кезде жазу үстелінің қасында тұрсам, бұрылып, басымды сипайтын, ал бұл кезде шығармашылық атты жұмбақ сиқырдың куәсі боласың, сол сезімді айтып жеткізе алмаспын. Ол сезім ерекше әлемнің күшін иеленген және жаңбырдан қорғаған қолшатыр секілді, барлық тіршіліктің қым-қуыт тірлігінен қорғайды.

Қанша жыл өтті, бірақ, әлі сол сезім бұрынғыдай менімен бірге қалды.

Дулат АХТАНОВ.

 

Тахаңның шарапаты

Тахауи Ахтанов туралы «Арыстан жалды заңғар жазушы» деп аталатын естеліктер жинағын белгілі ақын Сейфолла Оспан бастан-аяқ мұқият тексеріп, әр үтірі мен нүктесін өз қолынан өткерді. Сонымен бір ұзақ жылдар бойы қасында жүрген қаламдас інісі ретінде есінде қалған кей сәттердің басын құрап, «Тахаңның ұлағаттық қасиеттері» деп аталатын ұзақ естелік жазып, осы кітапқа енгізді.

Оқырман назарына сол естеліктің бір үзіндісін ұсынып отырмыз.

 

                                                          

Осы сапардың алдында бір-екі жыл бұрын біз, бір топ жазушылар, Алматы облысының Кеген ауданында болғанбыз. Ол жолы бізді бастап барған Сағат Әшімбаев ініміз болатын. Қай жерде де ақын-жазушыға деген құрмет өте жоғарғы дәрежеде ғой. Ол сапарда менің айрықша есімде қалғаны, біздің Бердібек ағамызға өз қатарластары жайлы сұрақтар көп қойылды. Ел Тахауи туралы және оның шығармашылығы жайлы көп сұрады. Сонда Берді ағаң сөзді көпке ұзатпай «ол Тахауидың айтатын ештеңесі жоқ, жазушы ғой енді» деп доғара салатын. Ол жауапқа тереңірек мәлімет алғысы келетіндердің көңілі көншімей жататын. Бірақ Берді ағаңа бәрібір, оның үстіне мінезі де қызық қой, содан кейін өзінен-өзі оңашаланып кете баратын.

Осындай сапар кейін арада үш-төрт жыл өткенде тағы қайталанды. Бірақ, бұл жолғы топты Тахауидың өзі бастап барып, Сыр ағаң екеуі екі бөлініп аралаған. Бұл жолы Тахаң мені Сыр ағаңнан алып, өз тобына қосқан еді. Осы жолы мен Тахаңның Бердібек ағамызды қалай сыйлайтындығына да көзім әбден жеткен және Тахаңның бір ғажап жері, өзі отырған ортада қатарластары Әбдіжәміл, Сафуан, Бердібек, Зейнолла, Қалтай ағаларымызды әрқашанда бірге отырғандай сезіндіретін. Бұл жолғы қарапайым кездесулерде Тахаңнан Бердібек және оның шығармашылығы жайлы көп сұралған. Тахаң бәріне де тамаша жауап берді. Қысқасы, өзінің Бердібекті қалай сыйлайтындығын айқындап айтып берді.

Бір кезде залдан біреу Тахаңды әдейі сынайын деді ме, әлде Бердібек ағасын елдің алдында күлкіге айналдырғысы келді ме, кім білсін, Берді ағаңның оғаштау бір-екі мінезін айтып, елді бір күлдірді де: «Өткенде сіз туралы сұрағанымызда ол кісі оңды сөз айта алмаған. Ал сіз болсаңыз қатарлас жазушылар жайлы қаншама ғажап нәрсе айттыңыз. Мұны қалай түсінуге болады?» – деді. Бір кезде Тахаң орнынан тұрып: «Айналайын, ол Бердібегіңіз мен туралы және менің шығармашылығым туралы не айтады, оны өзі білсін. Онда менің шаруам жоқ. Ал енді, ол Бердібектің басындағы жаңағы өзің айтқандай оғаш мінезіне келер болақ, ол, біріншіден, жазушы. Ал жазушы адамда ондай тосын мінездер болмаса, ол қандай жазушы? Онда ол осында отырған көптің біріндей-ақ болар еді ғой. Оның мінезі сіздерге тосын күлкілі көрінгенмен, өзіне және өзінің айналасына жарасымды болуы мүмкін. Содан болар Бердібектің «Менің атым – Қожа» сияқты және басқа да мінез-құлқы ұлтымыздың тұнба жаратылысын көрсететін классикалық шығарма жазып жүргені. Менің күндікке айтқан жауабымнан сезген шығарсыздар. Ол — сөз жоқ әлемдік дәрежедегі ұлттық мінезді көрсеткен үлкен жазушы. Ондай кісінің сіздердің топырақтарыңызда дүниеге келгенін керісінше мақтан тұтуларыңыз керек және ол барша қазақ ұлтына ортақ мақтаныш. Оның сіз айтқан оғаш мінезі күлкілі емес, сондай жазушыны күлкі етіп отырған мына өзіңіз күлкілісіз. Айналайын, бұл сөз көрер көзге өзімізді-өзіміз мазақ ету ғой. Мысалы, мына сіздерді, қазақ деген елді сол кісінің шығармасы болмаса кім біледі? Сондықтан бұдан кейін сырттан  келгендерге мұндай кекетінді сұрақ қойып, өздеріңді-өздерің әжуа етпеңдер. Ал мен туралы, қайталап айтам, ол не дейді, онда менің шаруам жоқ. Сондықтан ондай сөзге мені желеу етпеңдер. Ұят болады», — деп сөзін аяқтады.

Ал араға бір-екі жыл салғаннан кейінгі сапар жоғарыдай болған. Елге сыйлы екі жазушы ағаның мінезі екі бөлек. Біреуі айтар сөзін ауызекі жеткізе алмаса, ал екіншісі көл-көсір тілімен қызғаныштың қызыл итіне жем болмай, өз қатарын аспандатып, ақтап шығып жатқаны анау.

Содан ауылға қайттық. Алматымызға келгеннен кейін, (Берді-ағаңмен мен де жақсы едім), бір оңаша тұста, алдыңғы сапардағы өзінің Тахауи жайында айтқаны мен бұл сапардағы өзі туралы Тахаңның айтқанын әдемілеп жеткізіп бердім де, өзім де қарап отырмай:

— Мұны қалай түсінуге болады? – дедім. Ол кісі әуелде:

— Ол Ақтақаш қой, Ақтақаш қой, — деп басын біраз шайқап алды да:

— Біздің жанымызды осындай іші-сырты кең жандар ғана аман сақтап

жүр ғой. Оның несін айтасың, — деп өз-өзінен аздап толқып алды да, тура алдында Тахауидың өзі тұрғандай:

— Оның өзі ұлы классик қой. Сосын ол жалғыз болсын ба, айналасында өзіндей адамдар жүрмесе, сәні келмейді емес пе? Менің ол жайлы сыр шертуге тілім жетпейді-ау деймін. Оның үстіне, шындығын айту керек, ондай кеңістік біздің арамызда жоқтың қасы, — деді де, — Мен саған бір қызық әңгіме айтып берейін. Ол кезде осы Тахауи «Қазақфильмде» бас редактор, мен болсам осы Жазушылар одағында проза жағындағы кеңесші болып қызмет атқарамын. Ол қашан болсын, бастықтығы мен жазуын қоса алып жүрген жан. Бір күні бізге соқты. Мен күнделікті жұмысымды түртіп отырғанмын. Ол мені шамалы сөзге тартқысы келіп еді, менің қолым босай қоймады. Сосын сәл тұрды да:

— Әй, Бердібек, осы сенің жалақың қанша? – деді. Мен өзімнің қанша алып жүргенімді айттым. Сол мезет Тахауи қолын бір сілтеп, әй-шәй жоқ:

— Сен менің қарауыма кел. Осы жерден алатыныңды екі-үш есе етіп берем, бола ма? – деді. Екі ойлы болып, кібіртіктеп қалғанымды бірден байқап, қыр соңыма түсті. Содан не керек, қатарынан үш күн келіп, көндіріп алды да кетті. Сонымен мен киностудиядан бір-ақ шықтым. Жалақым шынында да екі-үш есе көп болды. Бұл жөнінде Ақтақаш сөзінде тұрды. Орнымды ауыстырғаныммен отырған орнымнан қозғалмайтын әдетім бойынша, енді сценарийлерге шұқшидым. Бірде маған Тахаң:

— Әй, Бердібек, ендігі бастығың мен емеспін бе?

— Иә.

— Онда сен, мына менің айтқанымды екі етпеуің керек.

— Иә.

— Олай болса, андағыңды жинап қой (ол үстел үстіндегі қағаздарды айтып отыр). Жүр, таза ауаға шығып сыра-пыра ішіп қайтайық, — деп қояр да қоймай, машинасына отырғызып алып кетті. Жақсылап демалдық. Ертеңіне де сондай болды. Екі-үш күннен кейін де сондай болды. Қысқасы, отырып жұмыс істемеуге айналдым. Сосын Тахауиға:

— Мені әурелемей-ақ,  өзің бара берші, — деп қиылдым.

Ақ көңіл Тахаң сәл ойланып тұрды да:

— Онда сен былай ет. Мұнда қапылған жұмыстың жоқ екенін көрдің ғой. Сен бұлай отыра бермей, үйіңе барып, өз шығармаларыңды жаза бер. Тек анда-санда осы жаққа бір соғып кетуді ұмытпа! Сосын жалақыңды алуды да ұмытпағайсың, — деп, бөлмеден қуып шыққандай етіп үйге жіберді. Соның арқасында жоспарлап жүрген көп жұмысымды реттеп алғанмын.

Қысқасы, маған «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ, бір ғажап еркіндікке шықтым дейсің. Тағы бір күні жұмыс орнымда отыр едім. Бастығым Ақтақаш та отырған, кенет біреу хабарласып Тахаңмен сөйлесіп еді. Ол: «өзің келсеңші мына  Бердібек те отыр. Не нәрсені де шешуге болады ғой», — деп трубкасын қойды да:

— Бердібек, сен осы, ана балаларға арналған шығармаларыңды киноға бейімдесең қалай болар екен? – деді. — Мен жаңа анау Абдолла деген режиссерді шақырып едім. Кино жағынан ол үлкен талант. Ол саған нағыз таптырмайтын адам, — дегенше екі мұрты едірейіп Абдолла да жетіп келді.

Тахаң әй-шәй жоқ Абдоллаға: «Мына кісінің үлкен жазушы екенін білесің ғой?» — деді де оған бір қарап, маған бір қарап:

— Осы сендер тізе қосып жұмыс істесеңдер қайтеді? – деп жауап күткендей бізге тағы алма-кезек қарады. Алдымен Абдолла жауап берді:

— Бұл кісінің «Менің атым – Қожасын» өзім де көптен бері көздеп жүр едім. Енді бұл кісінің өзі келіссе?.. —  деп маған қарады.

Мен:

— Бұрын-соңды сценарий жазып көргенім жоқ, — дедім.

Ақтақаш:

— Жазып көрмесең, жазасың! Ана алдыңдағы сценарийлердің қайсысының жақсы, қайсысының жаман екенін көріп отырған жоқсың ба? Оның үстіне мына Абдолладай ысылған адаммен бірігіп жасайтын болсаңдар, бұл қадамдарың сәтсіз болмас. Әумин, — деді. — Жүріңдер, мына істеріңнің оңға басуы үшін таза ауада сыра-пыра ішіп қайтайық, — дегені. Сонымен Ақтақаштың бастауымен біраз шайқап ішіп, кешке қарай үйді-үйімізге тарқап тындық.

Одан кейінгі істі Ақтақаш заңдастырып берді де, Әбекең екеуіміз кірісіп кеттік. Шындығы керек, менікі тек, көбінесе Әбекеңді тыңдау болды. Былай ет десе былай етем, олай ет десе олай етем. Бәрібір Абдоллаға төрт аяғы тең дүние беруге жарамадым. Соған шыдамады ма білмеймін, бір күні сценарийді қолымнан алып алды да, әй-шәй жоқ Әбекеңнің өзі кірісіп кетті. Бірақ, мені авторлықтан алып тастаған жоқ. Ол да бір ерекше азамат екен. Көп ұзамай бас-аяғы жұп-жұмыр «Менің атым – Қожа» атты фильм менің атымды барша әлемге жайды. Әрине, оған себепші болған деп алдымен өзімнің Ақтақашымды айтар едім. Құдай менің бағыма Абдолланы тап келтіргенін қарасаңызшы. Одан кейін де  Абдолланың мәрттігімен «Балалық шаққа саяхат», «Жүйрік болсаң озып көр» тағы-тағыларына ұласып жүре берді.

Сөйтіп, менің Жазушылар одағында  өтетін бар өміріме өзгеріс енгізіп, өзімнің Ақтақашым ақ жолға алып шыққан. Ол кісіге айтар алғысымда шек жоқ. Мына өзіңнен естіп отырмын, енді ауылдағы керауыздарға да өз жауабын берген екен ғой. Сондықтан да мен үнемі Ақтақаштай бастықтың қол астында істегеннен артық жұмақ жоқ деп елге айтып жүрем. Оған деген алғысым шексіз.

Ал Абдолланың кино мамандығына ешкімнің өресі жете қоймас деп ойлаймын. Алдыңғы кезде оның талабына мен де шыдас бере қоймай, сол маңдағы білгішсымақтардың сөзіне ере жаздағаным да бар. Бірақ ол өзін-өзі «Менің атым – Қожа» фильмімен дәлелдеп шыққанда, ол кісінің үлкен қасиетін сонда ғана ұқтым…

Бердібек аға осылай деп маған біраз шер тарқатқандай болды. Сол әңгімеден кейін үнемі өз ортасына риза болмай жүретін Бердібек ағамыздың  да көңілі бір толғанын сезген едім…

Жазушы мен режиссердің ортасына дәнекер болған Тахаң жайлы осы бір хикаяны айтуды жөн көрдім.

Сейфолла Оспан,

ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.

 

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті