Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Жетілмеген жүктіліктің сыры неде?

Дата: 26 сентября 2013 в 14:52 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Мәселе

 Болашақ нәреcтенің жатырда ұрық күйінде өліп қалуын дәрігерлер «жетілмеген жүктілік» деп атайды. Гинекологтар мұндай жағдайдың көбіне жүктіліктің он екінші аптасына дейінгі кезеңде болатынын айтады. Жетілмей қалған жүктілік анықталған соң жатыр өлі ұрықтан тазартылады. Түсік өзі түсіп қалады деп тазартуды кейінге қалдыруға әсте болмайды. Себебі өлі ұрық әйел ағзасына у ретінде жайылып кетуі мүмкін. Бұрындары жетілмей қалған жүктілік 40 жастан кейінгі әйелдерде байқалса, соңғы жылдары мұндай диагноз 25 жастағы әйелдерге де қойыла бастады. Соңғы кездері бұл диагноз жүктіліктің 12 аптасына дейін ғана емес, 22 аптадан асқан шараналарда да кездесіп жүр.

Жақында бір танысым аяғы ауыр екенін айтқан, қуанышында шек жоқ еді. Көп ұзамай ауруханаға түскен оның құрсақтағы өліп қалған болашақ нәрестесін дәрігерлердің алып тастағанын естідік.  

Сол танысым Алтынайдың айтуынша, соңғы кезде «замерший плод» көбейіп кетіпті-мыс. «Мұндай диагнозбен Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасының гинекология бөліміне күніне бірнеше әйел түседі. Ауруханада он әйелдің алтауы мұңдас болдық, басымыз қосыла қалғанда жетілмей қалған жүктілік туралы әңгіме айтатынбыз. Сол әйелдердің барлығы да баласының өмірге келгенін шындап қалап едік деп, кейде көз жастарын сығып алады» — дейді Алтынай.

Бұл әңгіме бізді де бейжай қалдырмады. Бірден есепке жүгіндік. Күніне орта есеппен 3 әйелге жетілмеген жүктілік диагнозы қойылса, сонда жылына мыңнан астам әйелдің құрсағы өлген баладан тазартылады екен. Бұл бір қаладағы бір аурухана бойынша жасалған есеп екенін ескерсек, елімізде қаншама аурухана бар. Сонда жылына жүкті әйелдердің қаншасына «жетілмеген жүктілік» диагнозы қойылады дегенді ойлаудың өзі қорқынышты.

Гинеколог дәрігерлер құрсақтағы ұрықтың жетілмей қалуына, бірінші кезекте, жыныс жолдарымен жұғатын инфекция себеп екенін айтады. Оған әйелдің әлеуметтік жағдайын қосыңыз. Иммундық жүйенің әлсіздігі тағы бар. Сонда жегені алдында, жемегені артында тұрған әйелдердің құрсағындағы ұрық неге жетілмей қалады? Жетілмеген жүктілік диагнозы қойылғандар арасында ауқатты да әйелдер бар ғой. Оның үстіне, мұнан да қиын заманда талай аналарымыз баланы аттың жалында, түйенің қомында жүріп туды емес пе?
— Ұрықтың дамымай қатып қалуы жүктіліктің кез келген мерзімінде орын алуы мүмкін. Әсіресе, жүктіліктің бірінші триместрінде жиі кездесіп жатады. Мұны өздігіңнен білу мүмкін емес. Мұндай диагноз жүктіліктің ерте мерзімінде гинекологиялық тексеруден өткен кезде анықталуы мүмкін. Болмаса, жүктіліктің алғашқы 10-12 аптасында УДЗ аппаратына түскен кезде білуге болады. Бұл жағдайда кейде ұрықтың жүрегі соқпай қалады немесе жатырдың көлемі мерзімге сай болғанымен, ішіндегі ұрық дамымайды, яғни өспей қалады немесе кей жағдайда ұрық дұрыс дамымай, қисық болып өсуі де мүмкін. Мұның бәрі «жетілмеген жүктілік» деп есептеледі. Сондықтан осындай психологиялық қиын жағдайды бастан кешкен келіншек  қандай қиын болса да, жетілмеген жүктіліктің себебін анықтау үшін дәрігермен кеңесе отырып, толық зерттеулерді тапсырып, ем қабылдағаны жөн. Мұндай патологияның негізгі себептерін атап айтсам, әуелі генетикалық өзгерістерге ұшырауы. Одан соң қазір неше түрлі инфекция бар, жыныс жолдарымен жұғады дегенге ер азаматтарымыз ренжитінін жақсы түсінемін, бірақ мұны дұрыс түсіну керек. Инфекция жыныстық қатынас кезінде ғана емес, көпшілік моншаларда, бассейндерде де жыныс және несеп жолдары арқылы жұғады.  Егер жүкті әйел 12 аптаға дейінгі кезеңде тұмауратып қалса да, құрсақтағы ұрықтың дамымай қалуына әсер етеді. Сондай-ақ, анасында эндокриндік аурулардың бары, иммунитетінің тым әлсіздігі де осы диагнозға әкеп соқтыруы мүмкін. Алайда, «жетілмеген жүктілік» диагнозы келіншекке енді бөпе көтере алмайсың деген сөз емес. Тек келесі жүктілікті ана организмі қайта қалпына келген соң,  6-8 айдан кейін жоспарлауы қажет. Бұл кезде әйел тыңғылықты тексеріліп, ері екеуі мұқият ем алған абзал. Қалай десек те, ұрықтың құрсақта өлуі, сол өлі ұрықтың екі-үш апта жатырда жатып қалуы, әйел денсаулығына үлкен қатер төндіреді. Егер ұрық әйелдің ішінде 2-3 апта бойы өлі күйінде жатса, токсинге айналып, әйелдің қанына еніп кетеді, — дейді Ақтөбедегі №4 қалалық емхананың гинекологы Ғалия Көбенова.

Жетілмеген жүктілікті жасанды түсікпен шатастырмау керек. Республикалық Статистика агенттігінде «неразвивающаяся беременность» немесе «замерший плод» деген статформа болмайды екен. Сондықтан гинекологтар 22 аптаға дейін құрсақта өлген баланы жасанды түсіктің, яғни, кәдімгі аборттың есебіне тіркейтіндерін айтып қалды.

Осылайша 22 аптаға дейін құрсақта өлген бала да, жасанды түсікпен алынған бала да, өзі түсіп қалған бала да —  бәрі бір аборттың есебінде кетеді екен. Біздіңше, бұл — әділетсіздік. Жасанды түсікті жасататындар — бала туғысы келмейтін тасжүрек әйелдер. Ана атанғысы келетін, өмірге бала әкелгісі келетін әйелді олардың қатарына қосу дұрыс па? Сонда арман еткен, осынша күткен ұрпағынан жарыққа келмей жатып айрылған, жатырын тазалатып жаны мен тәнін қатар жаралаған әйелдердің мұңын құлаққа қыстырмауымыз керек пе?

 

ИНФЕКЦИЯ ИЕКТЕЙ МЕ, ӘЛДЕ…

 

Осыдан кейін біз де өзімізше зерттеу жүргізуге кірістік. Жүктіліктің жетілмеуіне не себеп болуы мүмкін? Басқаны білмедік, ал қазіргі әйелдердің басым бөлігі — жұмысбастылар. Күні бойы кеңседе отырып, таза ауаға шыға да алмайды. Жұмыстан кейін үй шаруасымен әуре болып, таза ауада серуендеу жайына қалады. Оның үстіне, Ақтөбеде таза ауа бар ма? Қала көшелеріндегі жолдың тығыздығы мен автокөліктің көптігі ауамызды «армансыз» ластап жатқанда, қандай ауамен тыныс алып жатқанымызды түсіну қиын болмаса керек. Оған 24 қыркүйек күні ұялы телефонымызға 112 қызметінен келіп түскен «Ақтөбе қаласында ауа ластануының жоғары деңгейі күтілуде» деген смс-хабарламасын қосыңыз.

Екінші себеп, дәрігер айтқан инфекция. Мамандығымыз дәрігер болмаған біз бұл салдарға түсініктеме бере алмаспыз. Алайда жүкті келіншектер бойда тығылып жатқан инфекцияларды анықтау үшін қан тапсыру анализі қымбат екенін айтады.  Инфекцияның бір түрі үшін 700 теңгеден жоғары ақшаңызды дайындай беріңіз. Тек қана бір түріне ғана тапсырмайтыныңызды ескеріңіз. Сонда отбасын жоспарлау үшін де қалтаңыз қалың болуы қажет екен.

Бірақ бір нәрсе анық — ауылдағы трактор мен комбайн жүргізген ағаларымыздың үйіндегі жеңгелеріміздің көпшілігі «Алтын алқа» иегерлері емес пе? Инфекция сонда тек қаладағыларды ғана иектей ме?

Үшінші себеп, УДЗ аппаратына қатысты. Кейбір келіншектер УДЗ аппаратын кінәлайтыны жасырын емес. Басында бұған мән бермегенімізбен, бірқатар ғалым-мамандардың еңбектеріне үңіліп көргеннен кейін әйелдердің болжамы бізді де қызықтырды. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, келіншектердің болжамында бір сыр бар сияқты. Сонымен, УДЗ-ға ерте түсу қаншалықты қауіпті?
Ресейде жүкті әйелдерді бірінші рет УДЗ-ден өткізуге жүктіліктің 12-14 аптасында, екінші рет 20-24 аптада, ал үшінші рет 32-34 аптада рұқсат етеді. Ұлыбритания мен АҚШ-та жүкті әйелдер УДЗ-ге алғаш рет 11-14 аптада, сосын 18-22 аптада барады. Егер екінші рет УДЗ-ге түскенде барлық көрсеткіштер дұрыс болса, одан кейін УДЗ аппаратына жіберілмейді.

Біздің елде де УДЗ аппаратына жіберудің жөні бар. Бірінші рет аяғы ауыр әйел жүктілік мерзімі 10-12 аптада, екінші рет 20-22 аптада, үшінші рет 32-34 аптада тексерілуі тиіс. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы да бар. Көріп отырғанымыздай, жүктілік мерзімі 10 аптаға дейінгі мерзімде УЗД аппаратына түсуге рұқсат етілмейді. Себебі жүктіліктің алғашқы кезеңінде ұрықтың орталық жүйке жүйесін құрайтын жасушалардың миграциясы қарқынды жүріп жатады. Егер осы кезеңде УДЗ аппаратына түсер болса, онда ультрадыбыстық толқындар жасушалар миграциясының процесін бұзып жібереді. Америкалық ғалымдар жүргізген зерттеулер УДЗ зерттеуінен кейін тышқан құрсағындағы ұрықтың миындағы жасушылардың қозғалыс траекториясына қатты әсер еткенін көрсеткен. Ресейлік мамандар да үш апталық эмбрион тканьдерінің ультрадыбыстық әсерге өте сезімтал болып келетінін айтады. Сөйтіп, жүктіліктің алғашқы апталарында ультрадыбыстық зерттеулер жасаудың қауіпті екенін мойындайды.

Қысқасы, жүктілік мерзімі 5-6 апта кезінде УДЗ-ге жіберуге ешкімнің құқы жоқ. Кейбір әйелдер өздері барып қояды. Ал жүктілік мерзімі 5-6 апта кезінде УДЗ-ге өз қалауымен барған әйелді узист-дәрігерлер неге кері қайтармайды? Ақысын төлесе болды деп, құрсақтағы баланың қауіпсіздігін екінші орынға ысырып қою құқын оларға кім беріпті?

Алайда, дәрігерлер қазіргі таңда жатырдан тыс жүктілік көбейіп кеткендіктен, 10 аптаға дейінгі ұрықтың тірі я өлі екенін, жүрегінің соғып жатқанын анықтау үшін УДЗ-ге жүгінуге тура келетінін айтады.

P.S.Шетелдік басылымдардың жазуы бойынша, жүктілік мерзімі 8 аптаға жеткенше дәрігерлер ұрықтың даму процесіне араласпауы керек екен. Жаңадан отырғызылған көшет өсуі үшін тамырлануы керек, ұрық та солай, жатырға жабысып өсуі керек, міне, осы тамырлану кезінде ешқандай әрекет жасалмағаны жөн. Сондықтан жүктіліктің 10 аптасына дейін дәрігерге барудың қажеті шамалы. Себебі жатырды дәрігер қолмен ұстап көргенде жаңадан орналасып жатқан ұрықты қозғап жіберуі мүмкін.

Қалай айтқанда да «жетілмеген жүктілік» диагнозы демографиямызға сор болып жабыспаса екен дейміз.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

 

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті