Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Асылдың сынығы

Дата: 21 ноября 2013 в 15:42

Жас та болса барша қазақтың мақтанышына айналған 12 жасар шахматшы, төрт дүркін әлем чемпионы Жансая Әбдімәлік — Ұзақбай Құлымбетовтің жиеншары.

Қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы, ардагер журналист, жерлесіміз Сұлтанғали Қаратайұлының бізге жолдаған мақаласында Жансаяның нағашы әжесі, Ұзақбай Құлымбетов әулетінің өкілі — Кәбира Қарабалина туралы сыр шертіледі.

 Арқалы құдағи

 

…кешкілік үйге екі әйел кіріп келді. Таныс емес, бірақ жүздері жылы. Төрге шығардық. Бірі сөзге жүйріктеу, ал екіншісі — нағыз үндеместің өзі.

— Құда түсуге келдік, — деді сөзшеңдеуі.

— Е, құда түссеңіздер, еркек кіндіктілер әйелдермен аралас келмеуші ме еді атам қазақ дәстүрінде?

— Біз, немене, тақияңызға тар келіп тұрмыз ба?

Мұнысы: «Дүміміз күшті» деп тұрғандай әсер қалдырды. «Келмей жатып басынғаны несі?» Бір ашу бойымды жалап өтті. «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген аталы сөз бар емес пе?» — деймін тағы да. «Сап-сап» деп, өзімді сабама түсірдім.

Сөйткенше болмай, сөзшең әйел:

— Сендердің Бақыт деген қыздарыңды алғалы жүрген Асқар маған іні болады. Өз әке-шешесі Талдықорған облысының Ақсу ауданында тұрады. Анасы Кәбира маған апа болып келеді. Сол кісі не айтса, біз екі етпей орындаймыз. Апайым телефон арқылы бұйрық берген соң, үйіңе бірден келіп тұрмыз. Оның үстіне Асқар бауырым: «Егер тездетіп құда түсіп, Бақыт деген қызды алып бермесеңдер, буынып өлем» деген соң, асығыс шықтық, — деп, кәдесіз келген жай-күйін баяндады. Дастарқан басында танысу рәсімі басталды.

Үндемес құдағайдың есімі Ақтөре екен. Ол тек қара көбейту үшін келгенге ұқсайды. Барлық әңгімені айтып отырған —«бәлшебектеуі» Орынша. Өзі ақ құба, көзі ойнап, жүзі жайнап тұрған оймақтай ғана келіншек. Сол сәтте-ақ үлкеніне — «Үндемес құдағи», кішісіне «Оймақ құдағи» деп, іштей ат қойып алдым.

Сол күннен басталған ат қою әдеті менде әлі күнге дейін жалғасып келеді. Тәтті құдағи, Кино құдағи, Арық-тырық құдағи, Жабық құдағи,… Майпаң құда, Жайпаң құда, Тықыр құда, Жылауық құда деймін мен оларды. Оймақ құдағидың батыл сөйлейтін жөні бар боп шықты. Бақыттың аға-жезде қолында тәрбиеленіп жатқанын, әкесіз, жартылай жетім екенін, мені мен әйелімнің әлі ақсүйектер санатына іліге қоймаған, қатардағы жай қызметкер екенімізді алдын ала біліп келген ғой… Ал ол болса, күйеуінің Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде хатшы екенін айтып, бұған:

— Қазақстанның Наркомы болған Ұзақбай Құлымбетов деген кісіні естуің бар ма? Біз сол кісінің ұрпағымыз, — дегенді де қосты.

Бақытыма құда түсу осылай қатқыл басталды. «Бірақ балдызым мына әйелдерге тимейді ғой. Сондықтан не айтса да — өз еркі. Бақытым өзі ұнатқан жігітпен тату-тәтті тұрса болғаны…». Бұл менің іштей түйгенім.

Қазақта «Теңі келсе, тегін бер» деген сөз бар. Орта мектепті бітіріп, техникумда  оқып жүрген балдызымның өрісімді кеңейткелі тұрғанын ұнатсам да, оны әлі өте жас қой деп, жат жұрттың босағасын аттауын онша құп көрмей, қатты қапаландым. Әкесі марқұм Рекең (Рамазан): «Алматыға алып кет. Оқыт, тәрбие бер. Әрі зейнетке шыққан біздерге көмегің болсын», — деген-ді бір қыдырып барғанымызда. Бақытты мезгілсіз киноға да жібермей, бір жаққа шықса, күтіп алып, көзден таса етпей, апасы екеуміз шама-шарқымызша мәпелеп өсірдік. Енді, міне, тұрмысқа шықпақ.

Менің төл құдағиым — Кәбира Ұзақбайдың тетелес інісі Қарабаланың қызы екен. Онымен алғаш танысқан кездегі әсерімді әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Кәбира — етшең, жұмыр, төртбақ, құдыққа түскен атан өгізді мүйізінен тартып шығаратындай, жігітпен бел ұстасып күрессе, алып тұрып, басынан аттап өтетіндей батыр тұлғалы әйел екен. Сөйлеуі де ерекше. Үнінде ешкімге ұқсамайтын өзіндік өктем толқын бар. Сөзге шешен. Қауып айтпай, тауып айтады. Айтқаны әрлі де нәрлі. Әншілер қауымында «Голос поставлен» деген орысша тіркес бар. Құдағи нақ соның өзі.

Мен әуелде оның дауыс екпінінен секем алдым. «Жай сөйлегенде мынадай, ал ұрысып, айқайлай қалса, балалары мен келіндерінің төбесінен құдық қазатын шығар, сірә», — деген қауіп болды.  Мұнымды сыртқа шығара алмадым. Тұңғыш

құдағиым ғой. Оған да ат қойдым. Әуелі тілімнің ұшына «Аруақты құдағи», «Айбынды құдағи» деген сөз ілікті. Кейін «Арқалы құдағи» деген жарыса қолданылып, ақыры, ет үйреніп, бір-біріміздің «Сіз-бізіміз» жарасқан тұста осыны тек өзіне ғана емес, кейде тіпті жиын-тойда ауызға алып, құдағи түгілі, өзгелердің де құлағын жаттықтырып алдым.

Бақыт ұзатылды. Тойда сөйлеген сөзімде де, одан бұрын да ақыл-кеңесімізді айтып, «Апа-жезде қолында өскен қыз ғой дегізбей, сабырлы да салмақты бол. Ата-енеңді тыңда, сыйла, айтқанын екі етпе», — дестік апасы екеуіміз.

Әңгіменің ашығы сол, «Бақытымды Арқалы құдағи сыйғызбай, бір-екі айдан кейін қуып жіберетін шығар?» — деп те ойладым.

Бірақ күйеу балаға сенемін. Сабырлы да салмақты. Анасындай емес, сөзге жоқ. Бақытты өзі таңдады. «Алып бермесеңдер, буынып өлем» деуінде махаббат сезімі жатыр емес пе? Олай болса, үй ішінде кесе-аяқ шылдырлаған сәтте келіншегін айбынды анасының қаһарынан қорғап қалатын шығар деймін өзіме-өзім.

Сонымен, қойшы, арада бір ай өтті. Тыныш. Жарты жыл, бір жыл өтті. Тыныш. Пәлендей құда-жегжаттық алыс-беріс болмаса да, қатынас үзілмеді. Бақытым барған жеріне «судай сіңіп, тастай батты». «Енең қалай, ұрыспай ма?» деп, апасы да, мен де сұраймын. Олар жайында, үй іші туралы Бақыт тіс жармайды.

Кейін Кәбира құдағимен тонның ішкі бауындай боп, сыйластығымыз жарасып жүре бердік. Арқалы құдағи менің ақтөбелік екенімді ескеріп, кейде іні десе, қолымнан қыз алғанын ұмытпай, кейде құда дейді. Құдандалы болғанымызға, міне, 40 жыл өтті. Бақыт пен Асқар ұл да өсірді, қыз да өсірді, ата-әже болды. Ал Арқалы құдағиым 90 жасқа толды.

 

Сара қойған есім

 

«Бұл күнге жеткізген Жаратқан иеме тәубе!» Арқалы құдағи кез келген дастарқан басында сөзін осылай бастайды. Бұл лебізде көп мән бар. Кәбира құдағидың өмір жолына зер салсаң, қазіргі төрт құбыласы түгел күнге қандай қатерлі де ауыр жолмен жеткенін естіп, қабырғаң қайыса күрсінесің.

— Мен туғанда, Ұзақбай атам Сара Есева мен Ораз Исаевты ертіп, біздің үйге қонақ болып келіпті. Сонда «Сіздердің жолдарыңыз құтты болып, інімнің шаңырағына тағы бір нәресте қосылды. Енді оған Сіздер ат қойыңыздар!» деп, Ұзақбай атам Сара апай мен Ораз ағайға қолқа салса керек. Араб тілін жақсы білетін Сара апай «Қабира» депті бірден. «Қ» дыбысы тым қатқыл естіледі, соны жұмсартып, «Кәбира» десек дұрыс болар деп түзетіпті Ораз ағай. Бұл сөз араб тілінде «Ұлы» деген мағынаны білдіретін көрінеді. Бірақ мен ұлы бола алмадым. Тоқсан жасымның 40 жылы қуғын-сүргінмен өтті ғой, — деді құдағиым әңгімесінің соңын күрсіне аяқтап.

Мен сонда: «Ұлы болмасаңыз да бақыттысыз ғой», — дедім. Сыздаған жүрегіне сеп болсын деп, сөзбен су себелегенім…

Иә, Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетовтің отбасы отызыншы жылдардағы нәубетте қатты күйзеліске ұшырады. Үлкен отаудың керегесі сынып, уығы сықырлап, шаңырағы опырылды. Қызыл империя ел басқарған Ұзақбайды «халық жауы» деп ұстаған соң, оның төңірегін де жылан жалағандай тып-типыл етпек болды. Қанды көз қара самұрық тіпті балаларды да жұтып жібере жаздады.

Кәбираның өз әкесі — Баймахан. Балаң шағында ол өзімен аттас бір байға жалданады. Бай: «Атың кім?» дегенде, «Баймахан» деп жауап берсе керек. Сонда бай: «Сен Баймахан емессің! Мына мен — Баймаханмын. Ал сен бүгіннен бастап Қарабаласың!» — деген екен. Содан былай Қарабала атанып кетіпті. Олар үш ағайынды еді: үлкені Ұзақбай, ортаншысы — Қарабала, кішісі — Жолмұрат.

Қарабаладан Ақтөре, Кәбира, Сағира, Зібира туады.

Әкелері 1929 жылы дүние салады. Арада бір жыл өтпей жатып, Сағира мен Зібира да көз жұмады. Анасы Нұрымды ел ағалары ата-баба салты деп, қайнысы Жолмұратқа қосады. Одан өмірге Орынша мен Болат келеді.

Ұзақбай  Құлымбетов Қызылжар  қаласында техникумда мұғалім болып  жүргенде, тұңғыш баласы Ақырап о дүниелік болады да, содан әкесіз қалған Ақтөрені қыз етіп, Кәбираны оқытамын деп, өзімен бірге алып кетеді. Кейін Ұзақбайдың үйі алғашқы астана — Орынборға көшеді. Мұнда Кәбиралар екі-үш айдай ғана тұрады. Себебі, астана әуелі — Ақмешітке (қазіргі Қызылордаға), одан соң Алматыға ауысады.

 

1937…

 

«1937 жылдың тамыз айында Евпаторияда демалып жатқанбыз. Қолдарында мылтығы бар бірнеше адам түн ішінде келіп, Ұзақбай атамды ұстап алып кетті. Бәріміз улап-шулап, жыладық та қалдық…».

Толғаныс үстінде отырған Арқалы құдағиым бір күрсініп алды да, сәл үнсіздіктен кейін көзіне іркілген жасты қолының сыртымен сүртті. Жасы тоқсанға келген қарт адамның көзіне жас алуын бұл алғаш рет көруім еді:

— Содан былайғы жерде не көрмедік?

Сол күннен бастап, Ұзақбайдың жұбайы Әйіш, ұлы Бостан мен Марат, інілерінен тараған Ақтөре, Кәбира, Орынша, Болат — бәрі «халық жауы» болып шыға келді. Әйіш, Бостан, Марат, Ақтөре, Кәбиралар Ұзақбайдың оққағары — «дядя Володяның» көмегі арқасында жаяу-жалпылап,  Қырымнан  Мәскеуге жетіпті. Одан ішіне шөп төселген жүк вагонына отырып, арып-ашып Алматыға жетсін… Мұндағы Фонтанная (қазіргі Мұқан Төлебаев) көшесіндегі үйін (№132) үкімет тартып алады. Далада қалған бұлар Арық (қазіргі Абай даңғылы) көшесінің тау жағындағы бос жатқан алаңға орналасқан, жерден жартылай қазылып, жоғары жағы үш-төрт қатар балшық кірпіштен өрілген жертөле үйге түн ішінде көшіріледі. Арада 15-20 күн өткенде бейтаныс біреулер келіп (тағы да түнде!), Бостан, Марат, Кәбираны балалар үйіне апарып тастайды. Сонда «халық жауының» балалары іріктеліп, 100 баланың 30 шақтысын шөп төселген жүк вагонына отырғызып, түн ішінде алып кетеді. Олардың арасында Кәбира, Бостан, Марат та бар. Осы үшеудің естияры Кәбира еді. Бостан 7-де. Ең кішкентайы Марат болса,  небәрі  үш-ақ жаста.  Бұлар Шымкентке келіп, одан Сайрамдағы №12 балалар үйіне  орналастырылады. Сонда Бостан 1-сыныпты, Кәбира 7-ні бітіреді.

— «Қайда барсам да Қорқыттың көрі» дегендей, мұнда да екінің бірі біздің   атымызды, фамилиямызды айтпай, «халық жауының баласы», «халық жауының қызы» деп атайтын болды. Бірақ иманы түзу, адамгершілігін сақтаған ағай, апайлардың арасында: «Бұлардың не кінәсі бар? Сәби ғой. Жетім ғой. Көзге шұқи бермейік» — деп, мүсіркеп жүргендер де бар. Әсіресе, Сәлима деген апайды ұмытпаймын. Ол бізді қорғап, үнемі қамқоршы болып жүрді, — дейді Кәбира.

Сайрамда тек орталау мектеп қана бар. Кәбира 8-сыныпты Әулиеатада (қазіргі Таразда) оқуы керек. Соған жібереміз деп жатқанда, ол інілерін қимай, 8 жасар Бостан мен 4 жасар Маратты бауырына қысып, кезек-кезек сүйе береді. Сайрамда қалып қоятын олардың күні не болатынын, өзінің оларды сағынатынын, жалғызсырайтынын ойлап, көзіне жас алады. Соны көрген екі боздақ әуелі қорсылдап, содан соң қатты дауыстап жылап, балалар үйін азан-қазан етеді. Олар өздерінің қасына келген ағай-апайларының аяғына жығылып, «Бізді бөлмеңдерші! Біз бірге боламыз!» деп жалынады. Соны естіген тәрбиеші Сәлима басшылардың алдына қайта-қайта барып, ақыры рұқсат алып, бұларды   Әулиеатадағы №12 балалар үйіне өзі аттандырып салады. Кәбира мұнда Маратты кейде өзімен бірге мектепке алып барып, кейде жалынып-жалбарынып, тәрбиешілерге тастап кетіп жүреді.

Бұл кезде Ұзақбайдың ауылы Ақтөбе облысындағы Ырғыз ауданы да дүрбелеңде еді. Құлымбетовке рулас, жақын-жуықтардың, тіпті тұз-дәмі жарасып, дастарқандас болғандардың мойнына қоңырау тағылды. «Ұзақбайдың балалары қаңғып кетіпті. Қайда жүргенін ешкім де білмейді», «Жо-жоқ, оларды да ұстап әкетіпті…» деген қауесет күллі Ырғызға тарайды. Сол бір қиямет-қайым шақта Жолмұрат елден сытылып шығып, ағасының балаларын іздеп, Алматыға бет түзейді. Алматыға жеткен соң, көрінгеннен сұрастырып-іздестіреді. Шымкентке, Сайрамға барып, Кәбира, Бостан, Маратты ақыры Әулиеатадан табады. «Халық жауының балаларына қырағылықпен қараңдар! Қия бастырмаңдар!» деп, жоғарыдан берілген үкімге қарамастан, қазақылықтың қаймағы шайқалмаған киелі жердің азаматтары үш жетімді мүсіркеп, сырт көзден жасырып, Жолмұратқа табыстайды.

Әулиеатадағы балалар үйінің тәрбиешілері Жолмұратқа: «Ұзақбайдың кіндігінен тараған Бостан мен Маратты бой тасалата тұрмасаңыз — қауіп. Алматыға қарай аттап бастыруға болмайды. Ырғызда да лаң басылмаған шығар. Көз көріп, құлақ естімейтін жерге алып кетсеңіз, дұрыс болар еді. Ал Кәбираның фамилиясы басқа ғой, тиісе қоймас», — деп кеңес береді.

— Содан тәтем (Кәбира Жолмұратты осылай дейтін — авт.) бізді Қарақалпақстанға алып кетті. Мұнда өзі Мойнақ деген жерде Стаханов атындағы мектепке мұғалім болып орналасты. Кейін мені Алматыға алып келді, — деп, Арқалы құдағи қайғыдан қан жұтып, запыран құсқан балалық шақтағы тауқыметтің бір үзік сырын жеткізді.

 

Ене мен келін

 

Бұл кезде Кәбираның апасы Ақтөре тұрмысқа шығып, Алматыда тұрып жатты. Күйеуі Тарықбай Омаров жас актер, Шәкен Аймановпен, Серке Қожамқұловпен, Камал Қармысовпен бірге театрда қызмет атқарды. Солардың ағалық көмегі арқасында Кәбира №12 мектепте оқуын жалғастырып, оны бітірген соң, Қазақ университетінің химия факультетіне түседі. Мұнда «халық жауы құйыршықтарының химия факультетінде оқуына болмайды. Әкесі сияқты халыққа у шашып, қастандық жасауы мүмкін» деп, белсенділер шу шығарады.

— Сонда Жолмұрат тәтемді, Тарықбай жездемді танитын Ахметбек Бірімжанов деген кісі қамқоршы болды маған. Жұрт «Халық жауының қызына стипендия беруге болмайды» деп стипендиядан қол үздірсе де болар-болмас тиын-тебені бар лабораториялық қызметке орналастырды, — дейді.

Кәбира университетті бітірісімен Талдықорғанның Ақсу ауданына аттанды. Бұл кезде жездесі Тарықбай Омаров сондағы колхоз-совхоз театрында еді. Мектепке орналасты. Химиядан сабақ берді.

— Алғашында мұнда да «Халық жауының қызы екен» деген сөз кеу-кеулеп тарай бастап еді, бірақ ақсулықтардың өздері де Ілияс Жансүгіров сияқты тұлпарынан, сұңқарынан айрылып, жапа шегіп отырғандықтан, бірте-бірте маған мүсіркей қарайтын болды. Мен өз өмірімде тұңғыш рет осы жерде құрметтелдім. Ақсулықтар сыйлап төріне шығарды. «Жер жәннатты —Жетісу» десе дегендей, мен үшін жер жәннатты, құтты қоныс — Ақсу болды. Ақсуда тұрмысқа шықтым, ұл өсірдім, қыз өсірдім, өрісім кеңіді. Күллі саналы өмірім Ақсуда өтті. Сол жердің ауасын жұтып, топырағын басып, суын ішіп өскен балаларым да жақсы азамат болып қалыптасты. Бәрі жоғары білім алды. Мені өз қызындай мәпелеген Ақсу тұрғындарына мың да бір рахмет айтам! — деп тебіренді Арқалы құдағи.

Ақсуға ол 1940 жылдың күзінде барыпты. Кәбира мұнда әуелі мектепте қатардағы мұғалім болды. Кейін 8 жыл бойы оқу ісін басқарды. 7 жыл бойы директорлық қызмет атқарды.

Осында жүріп Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталып, Халыққа білім беру ісінің үздігі атанды. «Көп жылғы ерен еңбегі үшін», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін», «Жеңістің 40 жылдығы», «Жеңістің 50 жылдығы» медальдарын омырауға тақты. Аудандық кеңес пен облыстық кеңеске бірнеше рет депутат болып сайланды.

«Ұл  өсірдім, қыз  өсірдім» дегеннен шығады. Ленинград шайқасында пулеметшілер командирі болған батысқазақстандық Жағыпар Сейкетов Ақсу аудандық әскери комиссариатын басқаруға келеді. Соғыстан жеңіспен оралған капитан жігіттің омырауы жалт-жұлт етеді. Өзі оқтаудай тіп-тік, сырықтай ұзын. Қарауындағыларға әскери команда бергенде дауысының қатқылдау шығатыны болмаса, жүзі жылы. Сұлу да сымбатты, сүйкімді жігіт ауылдағы көп қыздың жүрегіне шоқ салса да, солардың арасынан тек Кәбираны ғана ұнатады.Тағдыр оларды осылай қауыштырады. Күнделікті барлық іс-әрекетін әскери тәртіп-ережеге бағындырып, қалыптастырған Жағыпар өзі қорғаған Ленинградқа барып, сондағы сауда институтын бітіреді.

Жәкеңнің өзге қазақ шалдарына ұқсамайтын, тек өзіне ғана тән ерекшелігі бар-ды. Зейнетке шыққан ол қысы-жазы Медеу айдынына барып коньки тебуші еді. Және коньки болғанда қандай. Тұрқы қысқа, ұшы тұқыл емес, ұзындығы құлаштай, кәдімгі жарыс конькиі. Бірде Жағыпар әдетінше Медеуде коньки теуіп жүргенде, мұз айдынға еліміздің Президенті де келіпті. Стадионның қызметкерлері айдынды адамдардан босатып, мұзды тазартып, қырнап, айнадай жалтыратып, әуре-сарсаңға түсіп жатқанда, Жәкең айдынның ортасына қарай қиястап, сыртқа шықпай қойыпты. Стадионның радиосы арқылы хабарлап шығуын өтінсе де, естімеген дейді. Содан директор, өзге де қызметкерлер мұз жиегіне тұрып алып, Елбасының келгенін айтып, Жәкеңнің тез шығуын өтінеді. Президенттің уақыты минут-секундіне дейін өлшеулі, есептеулі ғой. Елбасы мұз айдынына шыққанда әлгіндей көріністі көреді. Сонда Елбасымыз:

— Сіздер ақсақалды мазаламаңыздар! Қазақтың әрбір шалы осындай жаста өзін күтініп, коньки тепсе, біз шет елден жылма-жыл тонналап дәрі-дәрмек сатып алмас едік, көк қағазды көп етіп шашпас едік. Ақсақалға тиіспеңіздер! — депті. Өзі сырғанап барып, Жәкеңе сәлем беріп, біраз әңгіме-дүкен құрыпты. Дәл осы көрініс сол күні теледидардың «Хабар» арнасынан берілді. 85 жасқа дейін коньки тепкен соғыс ардагері Жағыпар Сейкетов 86-сында жарық дүниемен оқыс қоштасты. Дауысын көтеріп біреуге жекіп көрмеген, көзі күлімдеп тұратын, сөзінен уытты әзіл-қалжың үзілмейтін Жәкең артында естелік кітаптар қалдырды. Арқалы құдағимен екеуі екі қыз, төрт ұл өсірді. Үлкені Анар ана жолын қуып, химия мамандығын алды. Маралы — экономист. Асқар, Алмас, Алтайы — дәрігер, кенжесі Әділ — ғылым докторы.

Әдетте,  қазақта әке-шеше кенже ұлын қолында қалдырып, өзгелеріне енші беріп, үй етіп шығарады. Кіші баласының «жолы үлкен» дейтініміз де, оның үйін «үлкен үй» дейтініміз де содан. Ал Арқалы құдағи өзге ұл-қыздары мен күйеу балаларын, келіндерін аналық мейіріммен қаншалық жақсы көрсе де, үлкен ұлы Асқары мен келіні Бақытты олардан бөлек санайды.

— Бақыт келінім біздің үйге құт-береке, бақыт әкелді. Оған Алла Тағала менің бейнетімді бермесін, жасымды берсін! — деді Арқалы құдағи көп адам жиналған дастарқан басында әдеттегідей жыр-терме түрінде төгілтіп, айтарын, ақ батасының соңғы сөздерін әдейі келініне қарай бұрып.

Бұл сөздер мені де толғантады. Балдызымның келін боп түскен ортасында ағайын-тумаға жағып, салауатты ана болып қалыптасуына өмірден көргені көп, түйгені көп осы енесінің — Арқалы құдағидың көп ықпалы болды деп білемін. Арқалы құдағи қазір Құлымбетовтер әулетінің өзіндік бір ақылгөй, ғұлама академигі іспеттес. Атам қазақ біреудің жақсылығын не жамандығын сезсе, соның себеп-салдарын жеті атасынан бері қарай санай отырып іздестіреді. Мен де сүйегі берік, сөзі мір, дауысы айбынды, Арқалы құдағиымның бойындағы адами абзал қасиеттерді әріден іздеймін. Иә, ол — асылдың сынығы.

Әнеу бір жылы осы әулет, әке, ата алдындағы перзенттік борышын өтеді. Ұзақбайдың 100 жылдығына орай Ақтөбенің Ырғыз ауданына барып, аруаққа бағыштап құран оқытты, ат шаптырып, ас берді. Бұрын «Комминтерн» деп аталған елді мекен енді Ұзақбай Құлымбетовтің есімімен аталатын болды.

… Жағыпар мен Кәбирадан 6 ұл-қыз, 12 немере, 14 шөбере тарады. Ал күллі Құлымбетов әулеті ұрпақтары 100-ге жуықтады. Солардың бірі — Кәбира Қарабалинаның үлкен қызы Анардан тараған, шахматтан төрт дүркін әлем чемпионы, 12 жасар Жансая Әбдімәлік. «Асылдың сынығы» деген осы!

 

Сұлтанғали ҚАРАТАЙҰЛЫ.

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті