Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Қазақ даласындағы тұңғыш қыздар мектебі

Дата: 01 августа 2017 в 19:52 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Қазақ даласындағы тұңғыш қыздар мектебі

Қазіргі Ақтөбе аймағы ғана емес, жалпы қазақ  даласында қыз балаларға арналған тұңғыш білім ордасы Ырғызда ашылғаны мәлім. Барша  алаш жұртына жыл құсындай жағымды жаңалық болып жеткен осы мектеп қашан, қалай ашылды, оның бастауында кім тұрды және алғашқы түлектер кімдер еді?

1886 жылы Ырғыз қалалық қоғамы Торғай облыстық оқу ісінің басқарушыларының алдына Ырғызда қыздар мектебін ашу туралы мәселе қойып, бұл мектеп үшін қала қаражатынан 500 сом және алғашқы қажеттілікке 200 сом бөлуді сұрап хат жазды. Сол жылдың 18 желтоқсанында және 1887 жылы 5 ақпанда Торғай облыстық әскери губернаторы, генерал-майор Проценко Ресей Халық ағарту министрлігіне Ырғызда қыздар училищесін ашудың қажеттілігі, оның жергілікті ұлтты өз саясаттарына тәрбиелеу құралы болып табылатындығы туралы және ол үшін қосымша қаражат бөлу жөнінде хаттар жолдады. Қорытындысында, Ресей Халық ағарту министрі 1887 жылғы 11 наурызда Ырғызда қыздар училищесін ашу туралы № 4565 бұйрығын шығарды.

Торғай облысының (облыс ол кезде Орынбор губерниясына қарады және құрамында Торғай, Ырғыз, Николаев, Елек уездері болды) білім саласының басшысы ретінде Ы.Алтынсарин бұл бұйрықтың орындалуына ынтамен кірісті. Орынбор губерниясының мектептер инспекторы В.В.Катаринскийге 1887 жылғы 28 мамыр күні жолдаған хатында «… ұмытып бара жатыр екенмін ғой, Ырғызда қыздар мектебін ашу үшін августің аяғында сонда боламын» деп жазды. Ал 1887 жылы 10 шілдеде жазған хатында «… қымбатты Василий Владимирович, Ырғыздағы қыздар мектебіне бір оқытушы әйел тағайындап жіберуіңізді сұрар едім. Өйткені осы уақытқа дейін Воронцовадан ешбір хабар жоқ. Ол, сірә, Ырғызға келгісі келмейді-ау деймін. Бұл мектепті ашу үшін мен  әрі кетсе августың орта шенінен қалмай Ырғызға барамын» – деп жазды. Ырғызға келген сапарында мектеп үйіне сол заманның зиялысы, тұрмысқа еуропалық мәдениетті енгізуімен ел есінде сақталған, 40 жылдай ел басқару қызметінде болған атақты Самырат Алматовтың үйін жалдайды, оқуға қабылданатын қыздардың тізімдерін алады, оқу-құрал жабдықтарымен қамту жұмыстарымен айналысады.

Жалпы, 1887 жыл Ыбырайдың ағартушылық қызметіндегі жаңа бір өрлеу кезеңі болды. Алтынсариннің өмір жолын зерттеуші Ә.Дербісалиннің жазуы бойынша, «ол қыркүйек-қазан айларындағы жаңа мектептерді бірінен соң бірін ашу, ұйымдастыру жұмыстарының алуан түрлі дамылсыз, ешбір демалыссыз қиындықтарына қарамастан өзін ерекше көңілді, сергек сезінеді. Көңіліндегі қара бұлттан аз уақыт болса да айығып, жаңаша шабытпен, күш-жігермен еңбек етеді. Осындай сәттерде өзі жайында жеңіл  юморға шебер Ыбырай «Қорқып қалған қарға бұтадан да қорқады» дегендей, жасқаншақ басым темірді қызған кезінде соға бердім» деп, губернатордың аузынан шығып қалған ұлықсатты айнып кетпей тұрғанда, табан аузында орындауға бар күшін салғанын әзіл-шыны аралас айтады».

Сол 1887 жылы 15 қыркүйекте қазақ даласына білім нұрын төккен үлкен оқиғаның бірі — қыз балаларға арналған тұңғыш оқу орны — 40 балалық Ырғыз қыздар училищесінің ашылу салтанаты болды. Бұл мектептің алғашқы мұғалімі болып Е.Сахарова  жұмыс істеді. Оған сол жылы бекіністе тұрақты тұратын өзге ұлт өкілдерінің 18 қыз балалары қабылданды. Училищенің  меңгерушілігіне Гайжевская тағайындалды. Алғашқы жылы мектепке қазақ қыздарының алынбауын ол кезде уезд орталығында (бекіністе) жергілікті ұлт өкілдерінің аз тұрғандығымен және ұлттық ой-пікірдің бұл оқу орнының (қыздарға арналған) ашылуын қабылдай қоймауымен түсіндіруге болатын сияқты.

Алтынсарин екі кластық орыс-қазақ училищесінің оқу процесін жасағанда, сол кездегі орталау дәрежедегі орыс мектептерінің оқу бағдарламасын басшылыққа алған. Қыздар мектебінің оқу жүйесін де сол ізбен құрған, яғни мектепте әліппе, география, бөлшекке дейінгі арифметика, сызу, қысқаша орыс тарихы, жаратылыс тану сабақтары оқытылған. Негізгі басымдық қыз балаларға қолөнер түрлерін үйретуге берілген. Облыстағы оқу жұмысы туралы жазған есебінде «Алғашқыда қыздар тек қана үйлерінен қатынап оқып, қарапайым халықтың тұрмысына лайықты әйелдер жұмысын, мысалы, іш киімдер, басқа киімдер пішу, тігу, шарф, шәлі тоқу, жамау, тепшу, қазақтарда үнемі көп болатын жүн, жылқының қылы сияқты материалдардан шекпен тоқу, киіз басу, тағы басқа соған ұқсас өнерлерді үйренеді» деп жазды. Мектептің бұл бағыттағы жұмысы дұрыс жолға қойылып, жақсы нәтижелер береді. 1890 жылы Қазан қаласында болған ғылыми-өнеркәсіп көрмесінде Ырғыз қыздар мектебінің қол шеберлік жұмыстары жоғары бағаланып, мақтау грамотасымен марапатталады. Ырғызда болған Н.Осокин деген зерттеуші-саяхатшы қыздар мектебінің бұйымдарына ұлттық киімдер үлгісінің үздігі ретінде баға берген. Бұл заттар да патша өкіметінің күміс дипломына ие болған.

Ыбырайдың «темірді қызған кезінде соғу» талабы жаңа, 1888 жылдың басында да қарқынын бәсеңдетпей, жалғаса түседі. Осы екпінмен ол 6 қаңтарда оқу округының почитетеліне кіріп, Ырғыздағы қыздар училищесінің жанынан қазақ қыздары бөлімін ашу туралы мәселе қояды. Ыбырай  мұндағы негізгі міндет — қазақ қыздарын сәнді-салтанатты өмірге баулу, үйрету емес, орысша, қазақша азды-көпті білім беріп, оқуға, жазуға үйрету, еңбекке, қолөнеріне (іс тігу, тоқыма өнері, т.б.), үй шаруашылығына баулу, қысқасы, болашақ отбасының бақытын өз  қолымен жасай алатын адамды тәрбиелеп шығару деп мәлімдейді.

Ұлт болашағы білімде екенін,  оқу-білімге талпыныстан қазақ балалары, оның ішінде қыздары да құр қалмауы тиістігін мақсат тұтқан және осы жолға өз ғұмырын арнаған Ыбырай сол жылы 28 қазанда Торғай облысының әскери губернаторына кіріп, Ырғыз қыз балалар училищесінің жанынан қазақ қыздары үшін 12 орындық интернат ашудың қажеттілігін түсіндіріп, өтініш жасады. Архив құжаттарынан Ыбырайдың  Ырғызға жақын маңдағы көшпелі ауылдардың қыз балаларын мектепке тартуды көздегенін аңғаруға болады. Қазандағы мұғалімдер семинариясының директоры, пікірлес досы Ильминскийге сол тұста: «Қымбатты Николай Иванович, мен жанданып, қимылдай бастадым: биыл Ырғыздағы әйелдер училищесінің жанынан қазақ қыздарына арнап әйелдер пансионын ашқалы отырмын» — деп жазды. Облыстың ұсынысымен губерниядан келісім алынып,  1888 жылы 28 қазанда 12 орындық қазақ қыздары интернаты ашылды.  Осыған  байланысты сол жылы Орынбор губерниясының әскери губернаторы лауазымына тағайындалған Я.О.Барабаш Ы.Алтынсаринге хатында «Сіздің бастап отырған ісіңіздің басталуы қандай жақсы болса, мұнан былай да сондай жақсы болып алға басуына, қырғыз (қазақ-Р.Ө.) халқын, әсіресе оның әйелдерін өз басының пайдасын білуге, білімге және еңбекке ықыластандаруға ұмтылдыратындай болуына тілектеспін» деп жазды. Бұл жерде губернатор мырзаның ой-пиғылы қазақ қыздарына білім беруді жақтау арқылы империялық Ресейдің түпкі мақсаты қазақ халқын рухани отарлау, оларды айла-шарғымен біртіндеп орыстандыру, келер ұрпақты өз тілінен, ділінен, дінінен айыру үшін алдымен болашақ ана, ұлт тәрбиесінің діңгегі қыздарды орысша оқыту саясатын қолдап отырғанын жоққа шығаруға болмас. Алайда, Ырғызда қыздар мектебінің ашылуы бұл өлкеге білім нәрін шашудағы  жаңа құбылыс, игілікті ықпал болғаны да анық еді.

Ыбырай қазақ қыздарының мектепке неғұрлым көбірек тартылғанын армандады, бірақ облыс білім саласының басшысы болғанымен оның қолындағы мүмкіндік те шектеулі болатын. Архив деректеріне қарағанда, білім саласының барлық мәселелері тек губерния арқылы шешіліп отырғанын аңғаруға болады. Орынбор губерниясының мектептер инспекторы В.В.Катаринскийге  1888 жылы 5 қарашадағы хатында «Ырғыздағы қыздар интернатында қазақ қыздары үшін орын санын 20-ға дейін көбейту туралы губернаторға ұсыныс енгізген едім. Қолыңыз босай қойған кезде  осы мәселелер жөнінде бір сұрау салып көрмес пе екенсіз, қайырымды Василий Владимирович?» деп өтініш білдіруі осы пікіріміздің дәлеліндей.  Сол хатында «Оқуға қазақ қыздарын жинау, оларды орналастыру үшін,  онан кейін қазақ қыздары интернатындағы оқу жұмысының өзін жолға салып жіберу үшін Ырғызда екі жетідей отырып қалдым. Онда, өзіңіз де ендігі естіген боларсыз, істің беталысы өте жақсы, алғашқы күннен бастап қол ісі үйретіле бастады, оны қазақ қыздары өте ұнатады, ал олардың ата-аналары да істерін көріп  мәз болып жатыр. К. сияқты адамдардың мұндайды көріне жаратпайтынына қарамастан, біздің бұл ісіміз де жаман болмас деп ойлаймын» деп сырын ақтаруы Ыбырайдың қыздар мектебінің ашылуына ғана емес, оның толыққанды жұмыс істеп кетуіне көп күш-жігер жұмсағанын айғақтайды.

1888 жылдың күзінде мектепке Ыбырайдың ұсынысы бойынша, Ә.Сейдалин мен мектеп меңгерушісі Гайжевскаяның қолдауымен 10 қазақ қызы алынады (пансионатта жатып оқиды). Олардың қатарында Ғайша Шахмұратова, Айша Алдабергенова, Ғафира Махатова, Балжан Әбілезова, Қазина Жәукеева, Салиха Құрмашева, Қатима Ерғозина сияқты ауыл қыздары болатын.  Бұлар мектепте орыс қыздарымен аралас оқыды. Ыбырайдың Торғай облысындағы халық ағарту жұмысының жайы туралы қызметінің соңғы жылында (1889 жылы) жазған есебінде Ырғыз уезіндегі оқушылар саны: ер балалар — 92,  оның 40-ы орыс, 52-сі қазақ, қыздар 35, оның 15-і орыс, 20-сы қазақ қызы екенін көрсеткен.

Қазақ қыздарын алғаш Царегородцева, кейін қазақ тілін білетін Васильева оқытады. Ырғыз мектебінде  қазақ қыздарының жақсы оқып, білім, тәрбие алуы, тоқу, тігу өнерлерін үйренуі басқа уездер үшін сабақ болады, олар да осындай мектеп ашу мәселесін көтере бастайды.  Қыздар  мектептері 1891 жылы Торғайда, 1893 жылы Қостанайда, 1895 жылы Қарабұтақта ашылды. Ал 1896 жылы облысымыздың орталығы Ақтөбеде жанында интернаты бар қыздар училищесі жұмыс жасай бастады. Бес орыс-қазақ қыздар мектептерінде 1896 жылы оқушылар саны 211-жетті, оның 141-і орыс, 70-і қазақ еді.

Ырғызда қыздар мектебін ашуға ерекше еңбек сіңірген Ыбыраймен Орынбор шекара училищесінде бірге оқыған досы Әлмұханбет болды. Ұлы ағартушының өз қолымен жазған хаттарынан оның Ә.Сейдалинмен ниеттес, пікірлес болғанын анық аңғаруға болады. 1888 жылы В.Катаринскийге «…Ал, мен, әсіресе, Сейдалиннің және құрметті қамқоршы болып тағайындалып отырған уезд начальнигінің көмегімен бұл жұмыстың Ырғызда жақсы жүретініне көзім жетіп отыр…» деп жазса, 1889 жылы 6 наурызда Н.И.Ильминскийге де: «…Ырғызда мировой судья және тергеуші болып Әлмуханбет Сейдалин істейді. Ол — қазақтарды оқыту ісіне өте ынталы адам. Биыл ол қазақ қыздары үшін Ырғызда қазақ сахарасындағы ең тұңғыш 20 кісілік қыздар мектебін ашуыма көмектесті», — деп пікір білдіреді. Әлмұхамбеттің   әкесі Күнтөре — Сейдалы сұлтанның баласы болса, оның әкесі — атақты Нұралы хан. Әлмұхамбет 1867-1869 жылдары Орынбор губерниясы қазақтарының Батыс бөлігінің басқарушысы, одан кейін Киев губерниясында бітімші сот, Ырғыз, Торғай уездерінде мемлекеттік қызметтер атқарған, патша үкіметінің Статский шенін, 4-ші дәрежелі әулие Владимир орденін иеленген, Шоқанның жан досы болған, сол дәуірдегі қазақ оқығандарының ішіндегі көрнекті өкілдерінің бірі еді. Ыбырайға Ырғызда мектеп ашуға көмектескен ол басқаларға үлгі-өнеге көрсетіп өз қызы Гүлжауһарды сол мектепке оқуға берген. Гүлжауһар кейін Ресейдің 1-ші және 2-ші Думасына депутат болған Ахмет Бірімжановқа тұрмысқа шағады. Бұлардан туған Батырбек Ахметұлы Бірімжанов айтулы ғалым, Қазақ КСР Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, химия ғылымдарының докторы, профессор болды. Мұхит Мералыұлының зар мен мұңнан өрілген атақты «Зәуреш» әніндегі Зәуреш осы Әлмұхамбеттің бірінші жары еді. (Әлмұхамбет пен Зәурештің қабірлері — Ырғызға жақын жердегі «Зират» аталып кеткен үлкен, ескі қорымда).

Ырғыздағы қыздар училищесінің тұңғыш оқушыларының бірі Қымбат Айтжанова деген әжеміз еді. Тұңғыштар шоғырының аймағымыздағы  жалғыз куәгері болған ол ұзақ жыл ғұмыр сүріп, өткен ғасырдың  70-ші жылдарының басында дүние салды.

Қазақ сахарасында қыздар үшін  ашылған тұңғыш оқу орны — Ырғыз қыздар училищесі туралы архив деректері осындай. Биыл бұл мектептің ашылғанына 130 жыл толады.

                                                                                                    Рахымжан ӨТЕМІС,

 Ырғыз аудандық мемлекеттік архивінің меңгерушісі,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті