Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

70-жылдардың соңында…

Дата: 14 сентября 2017 в 22:42

70-жылдардың соңында…

Облыс еңбеккерлері, сол кездегі деректерге сай, 1977 жылды өте табысты аяқтады. Мал шаруашылығын, соның ішінде қой шаруашылығын өркендетіп, мемлекетке ет тапсыру жоспарын асыра орындағаны үшін Шалқар ауданы — Қазақстан Компартиясы ОК-нің, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің, Қазақстан кәсіподақтары кеңесінің ауыспалы Қызыл туымен марапатталса; құс өсіруші «Алға» совхозының ұжымы СОКП ОК-нің, КСРО Министрлер кеңесі мен кәсіподақтардың Бүкілодақтық орталық кеңесінің ауыспалы Қызыл туын иемденді.

Сондай-ақ, Комсомол ауданының «Ярослав» совхозы — Қазақ КСР Ауылшаруашылығы министрлігі; Дөң тау-кен байыту комбинаты КСРО Қара металлургия министрлігі тарапынан социалистік жарыстың жеңімпазы болып табылды.

Мерейтойлық жыл

1977 жылы Кеңес Одағы тарихында екі айтулы оқиға болды: бірі — КСРО мемлекетінің бастауында тұрған Қазан төңкерісінің 60 жылдық мерейтойы, ал, екіншіден, 7 қазанда елде жаңа Конституция қабылданған еді. Сондықтан да бұл жылғы әр табысты қадам, әр жетістік ерекше маңызды саналды, бүкіл КСРО-дағы секілді, біздің облыс еңбеккерлерінің табыстары да осы оқиғалар құрметіне арналды.

Ақтөбе қаласының өнеркәсіп орындарының ұжымдары бұл жылы өнім өткізу тапсырмасын мерзімінен бұрын орындауға тырысып, ол ниетке 27 желтоқсанда қол жеткізген. Ал жыл соңында жоспарға қосымша 3 миллионнан астам сомның өнеркәсіп өнімдері мен халық тұтыну тауарлары шығарылыпты. Көрсеткіштері өте жоғары кәсіпорындар мен мекемелер қатарында «Казсельхозтехниканың» (кәсіпорындардың сол кездегі аттарын қалдырдық — ред.) жөндеу, сыра қайнату зауыттары, өндірістік трикотаж бірлестігі, техникалық қамту станциясы, «Медтехника» жөндеу кәсіпорны, «Запказэнерго» аудандық басқармасы болды.

Ақтөбе мебель фабрикасы бесжылдықтың екі жылға арналған жоспарын 9 желтоқсанға дейін орындап шығып, жоспарға қосымша 30 мың сомның өнімін даярлаған. Екі жылда ескі жабдықтарды ауыстыруға 444 мың сом қаржы жұмсаған.

Ақтөбе темір-бетон зауытының жұмысшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты А. Алтаева жұмыс жасайтын цех та жоспарды артығымен орындаған. Ал депутат өзінің КСРО-ның жаңа Конституциясы қабылданғанына куә болған сәті жайлы былай деп жазыпты: «7 октябрь күні Съездер сарайына барлық депутаттар аса бір қуанышпен кірді. Олар таңертеңгі сағат 10-да СССР жаңа Конституциясын екі палата депутаттары бірауыздан мақұлдап, дауыс бергендерін естіп, бәрі орындарынан тұрып, ду қол шапалақтады…

Сессия жұмысынан Ақтөбеге оралған соң, мен өзім аралаған Мартук, Комсомол аудандарының еңбекшілеріне әсерімді айттым, олармен қуанышымды бөлістім. Өзімнің туған коллективім, темір-бетон бұйымдары заводында әр цехтың жұмысшыларымен кездестім». («Коммунизм жолы», 7 қазан, 1978 жыл.)

Озат тракторшы

1978 жылы облыста қыз-келіншектерден құралған 22 механизаторлар ұжымы болды. Оларда 198 қыз-келіншек еңбек етті. Олардың арасында жас та болса, озаттар қатарынан көрінгендердің бірі — Айтуған Жаналина еді.

А. Жаналина Новоресей ауданының «Көктөбе» совхозында еңбек етті. Ауылдастары, әсіресе, оның 1978 жылғы мал төлдету науқаны кезіндегі еңбегін мақтан етті. Сол жылы ол тұратын №3 фермада қойлар қоздап жатқан тұста, шөп таусылып қалады. Малды ашықтырмау үшін қажетті жем-шөпті жан-жақтан, тіпті көршілес жатқан аудандардан да тасуға тура келген. Осы іске бірінші болып Айтуған сұраныпты. Сөйтіп, тракторға отырғанына үш-ақ жыл болған нәп-нәзік қыз қой жайылымға шыққанша отарларға тынбастан шөп тасыған…

Қазақстан егіні

70-жылдардың соңында Қазақстан мемлекет қоймасына бірнеше рет миллиард пұттан астық құйды. 1978 жылы мемлекетке 16,5 миллион тонна, яғни 1 миллиард 6 миллион пұт астық тапсырылған. Оның 12, 5 миллион тоннасы — бидай еді, ал осы бидайдың 80 пайызы қатты, бағалы сорттар өнімі болды.

Бұл жылы Ақтөбе жерінде де егін бітік шықты. Ақтөбелік шаруалар барлығы 1 миллион 923 440 гектар алқаптан астық жинады. Белгіленген жоспар түгел орындалып, мемлекетке жоспардан бөлек 196,4 мың тонна астық тапсырылған және мұның 94,4 пайызын бидайдың бағалы сорттары құрады. Облыстағы озат комбайншылардың бірі — Қобда ауданындағы «Орақ пен балға» колхозының комбайншысы Н. Шаповаловтың өзі 1076 гектардан дәнді дақыл жинап, 16034 центнер астық бастырған.

Өнер шеберлерімен кездесулер

1978 жылдың күзінде Қазақстан композиторларының қазіргі кездегі музыкасы фестивалі ұйымдастырылды. Осы фестиваль аясында облыс еңбеккерлері көптеген өнер шеберлерімен, әйгілі өнер ұжымдарымен кездесіп, олардың өнерлерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Мысалы, өнер жолын 1937 жылдан бастаған, екі рет Бүкілодақтық байқаудың лауреаты атанған Қазақ КСР-інің хор капелласы Новоресей ауданындағы «Искра» колхозы мен Ақтөбе ауданы орталығының еңбеккерлері алдында өнер көрсеткен. Оларды аталған аудандардың басшылары Е. Дуля мен И. Мишин қарсы алып, сый-сыяпат жасапты. Осы ұжыммен қатар, Ақтөбеге Латиф Хамиди, Мыңжасар Маңғытаев сынды белгілі композиторлар да келген. Олар Алға қаласында және Ақтөбе музыкалық училищесінде кездесулер өткізіпті.

Өнер шеберлерімен кездесулер жұртшылық көңілінде жақсы әсерлер қалдырды.

 Тоқырау көріністері

Зерттеушілер 70-жылдардың соңын тоқырау жылдары санайды. Расында, сол тұстағы облыстық басылымдарда «кемелденген социализмнің» табыстарымен қатар, халықтың түрлі мәселелерге қатысты өкпе-реніші мен сан қилы олқылықтарды әшкерелеген материалдар да жиі жарияланыпты.

Мысалы, «Коммунизм жолы» газетінің 1979 жылғы 19 қаңтардағы санында «Тон тоңғанда еске түсе ме?» атты мақала жарияланған. Тоғыз жыл бұрын құрылған Жайсаң тері-тон зауытында жыл сайын директор ауысыпты. Яғни, тоғыз жылға — тоғыз директор… Басшы боп келген адам бас-аяғы 5-6 айдан соң кетудің қамына кіріседі. 1978 жылы зауыттың алдына 13 мың шолақ тон шығару жоспары қойылса, іс жүзінде 7804 тон ғана тігілген.

Ал Октябрь қаласындағы жаңадан пайдалануға берілген автобекеттегі жолаушылардың хал-күйіне куә болған «Коммунизм жолы» газетінің тілшісі А. Смағұлов екі жолаушыны былай деп айтыстырыпты:

«Автостанция есігінен жаңа кірген жолаушы:

—Саламат па, қарағым?

Осы ма автовокзалы,

Октябрьдей қаланың

Сәні екен ғой, абзалы?

 

Өзі биік, жарық та,

Көп жерде жоқ мұндайың.

Жол жүретін халыққа

Жасаған ғой ыңғайын.

Бұрыннан отырған жолаушы:

—Келіп жүрсең күнара,

Көресің ғой ыңғайын.

Жақсы болса бұл «қора»,

Жамандауға кім дайын?

 

Сәндісіне шара жоқ,

Жылымайды залы бір.

Тоңған бала-шаға көп,

Бұлар үшін бәрібір.

 

Төрге былай өрлейсің,

Кесте анау жердегің.

Ол бойынша көрмейсің

Автобустың келгенін.

 

Кассідегі қыздарды

Мазалама —

Тілдейді.

Олар өзі ызғарлы,

Ештеңені білмейді».

 Облысты электрлендіру аяқталды

1979 жылы облысты электрлендіру ісінің аяқталғаны жөнінде ресми түрде айтылды. Осы жылдың маусым айында Байғанин ауданының «Оймауыт» совхозы мемлекеттік электр желісіне қосылған. «Оймауыт» — облыстағы ең қашық совхоздардың бірі және сол уақытқа дейін электрлендірілмеген ең соңғы шаруашылық екен. Бұл істі аяқтау үшін ұзындығы 117,5 шақырым Жарқамыс—Жамбыл электр желісі, Жамбыл күшейткіш стансасы, одан «Оймауыт» совхозына дейін 26,2 шақырым электр желісі, тағы екі трансформатор-күшейткіш станса салынып, пайдалануға берілген. Ал электр қуатын жеткізу жұмыстарымен «Южказэлектрсетьстрой» тресінің Ақтөбе механикаландырылған колоннасы және Ақтөбе Батыс электр жүйесі кәсіпорнының ұжымдары айналысқан.

Әзірлеген И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Мәліметтер облыстық мемлекеттік архивтен алынды.

 

 

 

 

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті