Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Ақтөбе облысы: 85 жылдық жол

Дата: 28 сентября 2017 в 15:32

Ақтөбе облысы: 85 жылдық жол

Тарих тереңіне көз салсақ…

Ақтөбе облысы Қазақстан Республикасының солтүстік-батысында орналасқан, Батыс Қазақстан өңіріндегі ірі әкімшілік аймақтарының бірі, шығысында Өлкейек аңғарынан батыстағы Қиылға дейін шамамен 800 шақырым, ал солтүстіктен оңтүстікке дейін 700 шақырымға созылған, жалпы жер көлемі 300 мың шаршы шақырым жерді алып жатыр.

Бүгінде Ақтөбе облысы батысында Атырау және Батыс Қазақстан облыстарымен, солтүстігінде Ресей Федерациясының Орынбор облысымен, солтүстік-шығысында Қостанай облысымен, шығысы мен оңтүстік-шығысында Қарағанды және Қызылорда облыстарымен, оңтүстігінде Қарақалпақстан автономиясымен шектесіп жатыр.

Облыс территориясында өткен кезеңдердегі үдерістердің сан алуандығын көрсететін ескерткіштер кездеседі. Мысалға, олар Мұғалжар тауларының ерте палеолит ескерткіштерінде, қола дәуірінің Тәңірберген, Жаман Қарғалы және Шығыс Қурайлы қорымдарында айқын көрініс тапқан.

Ерте темір дәуірі ескерткіштері Елек өзенінің бассейні аумағында орналасқан. Ескерткіштердің ең әйгілісі — Сынтас, Бесоба, Нагорненский, Сәпибұлақ, Төрт оба, Ешкіқырған және басқа қорымдары.

Ақтөбе бекінісінің негізі қалануы және оның уездік қаласына айналуы тарих дамуының кезекті бір сатысы іспетті еді. 1869 жылдың мамыр айының басында Елек және Қобда өзендерінің аралығына №4 Орынбор казак батальонының екі ротасынан, жүздеген Орынбор казактарынан, губерниялық батальонның 169 адамдық тобынан және 14 артиллеристен құралған отряд Елек уезі қазақтарының көтерілісін басуға және Орта Азияға жылжуына тосқауыл қою үшін пайдаланатын плацдарм болатын бекіністің негізін қалау үшін жіберілді.

1869 жылдың 14 мамырында полковник Ю.Борхтың басшылығымен отряд Қарғалы мен Елек өзендерінің қиылысына келді. Бес күннен кейін артиллериялық қарудың атуымен және Торғай облысының әскери губернаторы Л.Баллюзектің қатысуымен Ақтөбе бекінісінің негізі қаланды.

Бекініс құрылысының жоспары алғаш рет 1874 жылы жасалды. Шағын бірінші аудандар құрылды: Құрмыш, Татарская слабодка, Отарвановка. Алғашқы көшелер Гарнизонная, Крепостная, Оренбурская, Елекская, Гиоргиевская деп аталды. 1891 жылы Ақтөбе гарнизондық бекінісі Торғай облысының Ақтөбе қаласына айналды.

1937 жылы облыс орталығында 42 мың адам тұрды. Қалада 460 киловатт қуат өндіретін электрстансасы жұмыс істеген. Әр тұрғынға шаққанда 11 ватт электр қуаты өндірілген және аз жылда осы көрсеткішті 125 ватқа жеткізу көзделіпті.

Қаланың тұрғын үй қорына келсек, әр тұрғынға шаққандағы тұрғын алаңының ауданы 3,4 шаршы метр болған. Бұл көрсеткішті де көтеру көзделген. Меже 5,1 шаршы метр болыпты. Аз жылда 3 қатарлы (16 пәтерлік) — он, 4 қатарлы бес үй тұрғызу жоспарланған.

Қала көшелерінің жалпы ұзындығы 72 шақырымға жетті. Ал көшелердегі жолдардың ұзындығы 6,7 шақырым ғана болды…

1938 жылы қалада алғаш рет Мәдениет үйінің құрылысы қолға алынды. Ол үшін 1 миллион рубль қаржы бөлінді. Кинотеатр да, драмтеатр да, кітапхана да, оқу залы да — бәрі бір ғимаратқа топтастырылды. Ал Карл Либкнехт атындағы көшеде екі қатарлы балабақшаның құрылысы жүріп, мектептер мен емханалар салынды. Сол кез үшін олардың әрқайсысы үлкен жаңалық болды.

Алты облыстың бірі…

1932 жылғы қаңтар айында Орталық атқару комитетінің арнайы хаттамасына сәйкес Қазақстанда облыстарды құру туралы шешімі шықты. Осы шешімге байланысты елімізде алты облыс құрылды. Олар — Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы және   Оңтүстік  Қазақстан  облыстары.

Бастапқыда Ақтөбе облысының құрамында 17 аудан жасақталды. Олар — Адамов, Ақбұлақ, Ақтөбе, Арал, Батпаққара, Жетіқара, Ырғыз, Қарабалық, Ключевой, Қостанай, Меңдіқара, Семиозерный, Табын, Темір,  Обаған, Қобда, Шалқар аудандары деп аталды. Бұл деректер сол кезде  Қазақ аймақтық атқару  комитетінің  қаулысында атап көрсетілді.

1932 жылы облыс аумағындағы Ақбұлақ ауданы Ақбұлақ және Мәртөк болып екіге бөлініп, Ақбұлақ  ауданы көршілес Орынбор  облысына  берілді.

1936  жылы бұған дейін Ақтөбе облысына қарасты болып келген 11 ауданның негізінде Қостанай облысы құрылады.

Ал 1937 жылдары Ақтөбе өңірінде 14 аудан болды. Құрылымдық өзгерістерге байланысты 1938 жылы Арал ауданы іргелес Қызылорда облысына қосылды. Сол жылы облыста Родников ауданы  құрылып, ол 1957 жылы таратылды, оның аумақтық жері Степной мен Мәртөк аудандарының қарамағына берілді.

1940  жылы Ақтөбе облысының бірнеше аудандары ірілендіріліп, Ойыл  ауданының бір бөлек жері Атырау облысының құрамына өтті, қазіргі Қызылқоға  ауданының территориясына Ойыл ауданының бір бөлігі кірді. Ойыл ауданы кеңейтіліп, Алтықарасу ауданы атауына ие болды.

1958  жылы облыста 12 ірі аудан болды. Сол кезде қазіргі Мұғалжар ауданының  территориясын Жұрын ауданы, Қарғалы ауданының кейбір территориясын Степной ауданы құрады.

1962 жылы Батыс Қазақстан өлкесі болып үш өнеркәсіп облысы бірігеді. Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары орталығы ретінде Ақтөбе қаласы белгіленеді. Алайда, бұл әкімшілік құрылымның ғұмыры ұзаққа бармайды. Екі жылдан кейін барлығы қайтадан бұрынғы қалпына келді.
1964 жылдың 1 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығы бойынша Батыс Қазақстан өлкесі таратылды. 31 желтоқсанда Қазақстанда әкімшілік территориялық өзгерістер еніп, басқару жүйесі жойылды. Нәтижесінде үш облыстың бұрынғы территориялық аумағы және аудандар атауы қалпына келтірілді.

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары Ақтөбе, Исатай, Қарабұтақ, Октябрь аудандары  таратылып, басқа аудандардың құрамына  кірді.

Бүгінгі күні облыс құрамында 12 аудан бар.

Өзекті сала — өндіріс

Кеңестер Одағы құрылуы қарсаңында Ақтөбе облысы аумағында әлемдегі ең ірі фосфор   кені табылды. Оның қоры 1,4 миллиард тоннаға  жуық деп белгіленді. 1930 жылы облыс орталығына жақын Алға  станциясында ірі  химия комбинаты құрылысы басталып, ол  1934 жылы күкірт қышқылының алғашқы өнімін  шығарды. Алғашқы сәттен қарқын алған комбинаттың қуаты 1936 жылы революцияға дейінгі Ресейде фосфор зауыттар қуатымен тең дәрежеде тұрды.

1934 жылы облыста 22 түрлі өндіріс мекемесі жұмыс жасап, өндірістің жалпы өнім құны  14 миллион рубльге жетті. Өндірісте барлығы 1300 адам еңбек етті. Олардың ішінде механикалық зауыт, 640 квт қалалық электр станциясы, кірпіш  зауыты, ет комбинаты және басқа ірі өндіріс орындары болды.

Облыс өндірісінің дамуында маңызды  роль атқарған артельдер де  бар. Атап  айтсақ, олар —  «Химик», «Казпух»  трикотаж  өндірісінің  бірлестігі, «Образец» тігін   фабрикасы, «Красная звезда», «Кожевник» аяқкиім тігу және жөндеу өндіріс  ұйымдары. Сонымен қатар Шалқар, Темір, Ембі, Жұрын, Мәртөк  елді мекендерінде де  осындай бағыттағы артельдер жұмыс жасады.

Ақтөбе облысында 1934-1935 жылдары Кемпірсай ауданында бағалы әрі бай никель кен  орны табылды. Ал 1936 жылы Новоресей ауданының Дөң ауылы маңайында ірі хром   рудалары кені бары белгіленді.

Облыста Бершүгір шахталарында жергілікті көмір өндірісі, ал Жақсымай және  Шұбарқұдықта мұнай өндірісі іске қосылды. Сонымен  қатар ақтөбеліктер Каспий-Орск мұнай құбыры құрылысына белсенді араласты.

Ұлы Отан соғысы жылдарында облыс өндірісі қарқынды даму үстінде болды. 1943 жылдың қаңтар айында Ақтөбе ферроқорытпа зауыты іске қосылды. Бұл зауыт еліміздің қара металлургия саласындағы алғашқы ірі өндіріс орны болатын.  1941 жылы Ақтөбе қаласына «Ақтөбрентген» және «Сельмаш»   зауыттары  көшірілді.

1957 жылы зауыттардың  өнім көлемі 50,5 миллион рубльге жетті. Хром тұздары  негізгі  өнімінің көлемі жылына 130 мың тоннаға  жетті.

1959 жылы Кеңқияқта  ірі  мұнай   кені  ашылып, облыстың мұнай бассейнінің дамуына жол ашылды.  Жаңажол кешені бүгінде елімізге мұнай өңдеу және игеру ісінде белгілі.

«Геотехника», «Эталон»  зауыты, автожөндеу, авиажөндеу, құрылыс  комбинаттары,  «Ақтөбехимпласт» өндіріс  ұйымы, «Юность» тігін  фабрикасы, нан өнімдері және ет комбинаттары облыстағы маңызды өндіріс орындары болып саналды.

1960 жылы өндіріс артельдері таратылып,  оның орнына тігін, жиһаз, аяқкиім  фабрикалары  құрылды.

1970 жылы   кондитер фабрикасы  іске  қосылды.

1982 жылдың  шілде  айында жүнді бастапқы  өңдеуден өткізу фабрикасы іске  қосылып, өз өнімін бере бастады.

Темір-бетон зауыты, үй комбинаты, Мұғалжар  және  Бершүгір  қиыршық тас  зауыты,  кірпіш  зауыттары облыстың құрылыс   индустриясын  дамытуға  өз  үлестерін  қосты.

1982 жылдың 11  тамызынан бастап қала жолдарына троллейбустар шықты.

Ақтөбеде  алғаш  рет  ұшақ 1930  жылы қонса, 1933 жылы әуежай ашылды. Онда 22 адам қызмет  жасап, әуежайға 9 ұшақ қонып,  ұшып тұрды.  Бүгінде  аталған әуежай халықаралық  деңгейге  дейін  көтерілді.

Облыс аумағындағы кен орындарының игеріле бастауына байланысты жаңа жолдар салу мәселесі күн тәртібіне қойылып, Қандыағаш-Гурьев және Қандыағаш-Дөң-Орск бағыттарында теміржолдар құрылысы қарқынды жүрді. Әр колхоз жұмыс күшін, көліктер беріп, осы іске үлес қосуға міндетті болды. Бұған тіпті көрші облыстар да көмектескен. Осы жолдар арқылы қазақ жерінің қазба байлығы ғана емес, ет, сүт өнімдерінің де тасымалданатыны, яғни бұл жолдар құрылысының өте маңызды екені жөнінде жиындарда үзбей айтылды. 1940 жылдың 30 маусымында Ақтөбеде өткен үлкен жиынды облыстық партия комитетінің хатшысы Иночкин: «Қандыағаш-Дөң-Орск теміржолы Отанымызға арнаған нағыз большевиктік сый болар еді»  — деп түйіндеген.

Одан бөлек, облыс аумағындағы тасжолдарға да көңіл бөлінді. 1940 жылы жолдар құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 3 568 000 рубль қаржы бөлінген. Осы қаражатқа 162 шақырым жол төсеу; жалпы ұзындығы 488 метр болатын көпір салу және 121 шақырым жолды жөндеу көзделген.

Ауыл шаруашылығы арнасы

Облыстың ауыл шаруашылығы саласының тарихы ұжымдастыру кезеңінен бастау алады.  1930  жылы аймақта 393 колхоз болды.  Ауылға және қалаға көмек  ретінде 8000  жұмысшы  жұмылдырылды. Олардың  ішінде  тракторшылар,  басқа да жұмысшылар, колхоз басшылары, ауыл шаруашылығы саласында жөндеу  жұмыстарымен  айналысатын 21  бригада, 11 мәдени бригада болды.

1931-1932   жылдары облыста —  Мәртөк, Жайсаң,  Новоресей,  Қобда  және  Тамдыда  5  машина-трактор станциялары  құрылды.

1932  жылы   ірі қара  саны 133,3  мың  бас,  қой және  ешкі  саны — 137,1 мың,  жылқы 53,1 мың.

1930  жылдардағы  ашаршылық  кезеңінде халық саны күрт  азайды. Шалқар ауданының  өзінде халық саны 30-35 пайызға азайып кетті.

Отызыншы жылдардың соңы мен қырықыншы жылдардың басында облыстағы барлық егіс алқаптарының 40-50 пайызына тары егілді. Облыс шаруашылықтарының басым бөлігінде басты дақыл — тары болды. КСРО Халық комиссарлары кеңесі бүкіл Одақ бойынша тары алқаптарының көлемін арттыруды және тарыдан мол өнім алу жолдарын барынша насихаттауды тапсырды.

1940 жылы облыста 193 мың гектар алқаптан тары жиналған. Қобда ауданының Роза Люксембург атындағы ауыл шаруашылығы артелінде аудандық жер бөлімінің бас агрономы Ивченконың басшылығымен 4,5 гектар телімге егілген тарыдан гектарынан 600 пұт өнім алынған.

Ал Ойыл ауданы Құрманов атындағы колхоздың звено жетекшісі Шығанақ Берсиев 1940-1943 жылдар аралығында тары өнімінен әлемдік рекордты 4 рет жаңартқаны белгілі: ол 1940 жылы гектарынан — 125 центнер; 1941 жылы — 165 центнер; 1942 жылы — 175 центнер; 1943 жылы 201 центнер өнім жинады.

1939 жылы облыста 677  колхоз, 23 МТС, оларда 23339 трактор және 616 комбайн болды.

Ұлы  Отан  соғысы  жылдары  жұмысшы күшінің жетіспеушілігіне қарамастан облыста 660 мың  гектарға дейін егіншілік алқабы игеріліп, ірі қара және қой  саны 365,7  мыңға  жетті.

1948-1949 жылдары облыстың 72 ауылшаруашылық еңбеккерлеріне Социалистік  Еңбек  Ері атағы  берілді.

1954  жылы еліміздің  басқа  аймақтары секілді  облыста тың және  тыңайған  жерлерді  игеру  басталды. «Северный», «Псковский», «Комсомольский», «Ярославский», «Урожайный»  және  басқа  астық  шаруашылығымен  айналысатын совхоздар  құрылды. Тың  игеру оң нәтиже  беріп,  егін  шаруашылығында 1 миллион 300 мың гектар тың жер  игерілді. Егін  өнімін сату 3 есеге  өсті.

1966 жылы  егін түсімі  1 миллион 193 мың тонна болып, мемлекетке 322,3 мың тонна  астық құйды. Сол жылы  Ақтөбе облысы  астық, ет, сүт және т.б. ауылшаруашылық  өнімдерінің  өсуіне байланысты Ленин орденімен  марапатталды.

1967 жылдың күзінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен облыста тоқсаныншы совхоз құрылған. Жаңа шаруашылық Темір ауданында бой көтерді. Оған «Қазақстан» атауы берілді.

«Қазақстан» совхозының жер көлемі 139 400 гектар болды. Ол «Победа» және «Кеңқияқ» совхоздарының бұрынғы бөлімшелері негізінде ұйымдастырылды. Ал орталығы Темір қаласында орналасты. Жаңа шаруашылықта жүнді және етті еділбай тұқымдас қой өсіруге маңыз берілген. Ал құрылған тұста совхозда 22 мың қой, 1170 ірі қара, 1900 жылқы болды. Жаңа совхоз мемлекетке жыл сайын 700-800 мың сомның өнімдерін жеткізіп тұрады деп жоспарланды.

1992 жылы   облыста  107 совхоз, 44 колхоз, 3 ауылшаруашылық  тәжірибе станциясы, 1 құс фабрикасы болды.  Сонымен қатар 200-ге жуық ферма шаруашылығы ауылшаруашылық саласының дамуына үлестерін қосты.

Одан кейінгі кезеңдерде ауыл шаруашылығы құлдырау сәттерін бастан кешірді. Құрылымдық өзгерістер мал санының азаюына, оның өнімдерінің өңделмей қалуына әкеліп соқтырды. Соған қарамастан уақыт өте келе бұл бағытта мемлекеттік қолдау нәтижесінде оң өзгерістерге қол жеткізілді. Мұны соңғы кезеңдер көрсеткіштерінен де анық байқауға болады.

Мәселен, 2016 жылы ауыл шаруашылығы саласында жалпы сомасы 3,2 миллиард теңгенің 25 жобасы жүзеге асырылды. Аз ғана уақыт ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны 100-ден асты. Облыста дәстүрлі емес салалар кеңінен дамытылды. Өткен жылы ғана бұл бағытта 27 құрылым жұмыс істеді.

Әлеуметтік ахуал: оң өзгерістер

Облыстың құрылуымен байланысты Ақтөбе қаласының әлеуметтік жағдайында оң өзгерістер пайда бола бастады. 1936 жылдан  бастап қаланың   тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылығы  мекемесі қаланы  көркейтуге кірісті. 10,5 шақырымға  созылған  алғашқы су  құбыры  тартылып, 25  су бұраны орнатылды.  Көшені көгалдандыру, жарықтандыру  жүйеге қойылып,  жаяу жүргіншілерге  арналған  жолдар   салынды. Облыс  құрылған  алғашқы  онжылдықта  қалада  2 аз қуатты  электростанция  жұмыс жасап,  көшелер бойынша 250  электр шамдары орналастырылды. Тұрғын  үй қорында 7 мың жеке және коммуналдық үй болды. 1933 жылы  облыс  бойынша 680 бастауыш  және 30 орташа, 3 орта  мектеп  болды.  Оған  қоса 73 мектеп-интернаты  ашылды.

Кадр  даярлаумен 1922 жылы  ашылған  Ақтөбе педагогика училищесі  айналысты. Ал 1935 жылы  ұстаздар институты ашылды. Бұл  облыс тарихында  алғашқы   жоғарғы  оқу  орнының бірі ретінде қалды.

1940 жылы Ақтөбе өңірі Нұрпейіс Байғаниннің 80 жасқа толуын салтанатты түрде атап өтті. Республика басшыларынан, КСРО Жазушылар одағы басшысынан, белгілі ақын-жазушылар, мәдениет қайраткерлерінен, т.б. ақынға құттықтау хаттар келген. Облыстық «Актюбинская правда» газеті солардың арасынан Жамбыл Жабаевтың құттықтау жеделхатын басыпты. «Жырды халық тудырады, сондықтан жыр халыққа қызмет етуі керек. Нұрпейіс, сенің домбыраң бақытты, Кеңес елі туралы, жасампаз кеңес халқы туралы, барлық ақындардың әкесі әрі ұстазы Сталин туралы тынбай жырласын»,— делінген жеделхатта. Сондай-ақ, Нұрпейіс Байғаниннің көптеген өлеңдері В.Копытин, Д.Снегин, В.Чугуновтардың аудармасымен орыс тілінде берілді.

1945 жылы  Темір қаласында  зооветеринарлық   техникумы ашылды. 1957 жылы  Ақтөбе  мемлекеттік  медициналық   институты жұмыс жасай бастады.  Аталған  институт  батыс  аймақты   дәрігер мамандармен  қамтамасыз  етті.  Сонымен  қатар  облыстағы  бірегей  оқу  орнының бірі Т.Бигелдинов  атындағы   Жоғарғы ұшқыштар училищесі оқушылар қабылдай бастады.

1967 жылы Қазан төңкерісінің 50 жылдық мерекесі аталып өтуіне байланысты барлық жерде құрылыс өрістей түсті. Мысалы, облыста мерейтой құрметіне екі жыл ішінде жалпы аумағы 340 мың шаршы метр болатын тұрғын үй, 68 клуб, 4 аурухана және 80 балабақша, сондай-ақ, мектептер, өндіріс ошақтары, тұрмыстық қамту комбинаттары мен шеберханалар салып, пайдалануға беру жоспарланған.

Осы тұста қуаты жылына 70 мың текше метрлік темір-бетон бұйымдары зауытының кешені; Сазды су қоймасы; Ақтөбе химия зауытының микротыңайтқыштар бөлімшесі; Ащылысай және Союзный элеваторлары, Ырғыз, Ойыл, Қарабұтақ және Ақтөбе қаласындағы тұрмыстық қамту комбинаттары сынды маңызды құрылыстар қолға алынды.

Бір ғана Ақтөбе қаласының өзінде 850 орындық кинотеатр, екі клуб, жүзу бассейні, сондай-ақ, сауда мен қоғамдық тамақтандыру саласында 30 нысанның құрылысы және 6,5 мың пәтерге газ кіргізу жоспарланды. Заман ағымына сай әлеуметтік-мәдениет орындарына «Октябрь», «Дружба» деген атаулар берілді.

Сол тұста Ақтөбеде азамат соғысы жылдарында және Ұлы Отан соғысында қару алып, ел қорғаған жерлестеріміздің рухына тағзым ретінде Даңқ обелискісін орнату туралы қаулы қабылданды. Бұл ескерткіш 1970 жылы ашылды. Авторы — Т.Жанысбеков, сәулетшісі — Н.Соболев.

Тәуелсіздік жылдарындағы жаңалықтар

2005 жылы ұзындығы 402 шақырым болатын Хромтау-Алтынсарин теміржол магистралі пайдалануға берілді. Бұл еліміздің орталығымен жолаушылар қатынасын жақсартып қана қойған жоқ, сонымен бірге жол бойындағы елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қозғалыс та әкелді. 2007 жылы 81 шақырымдық Жаңажол-Жем теміржолы іске қосылды.

Ал 2014 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев жалпы ұзындығы 988 шақырымды құрайтын, оның ішінде 471 шақырымдық Шалқар-Бейнеу учаскесі де кіретін Жезқазған-Бейнеу магистралін пайдалануға сәт сапар тіледі.

Ақтөбе аумағымен өтетін Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік жолы — халықаралық транзиттік автожолын жаңа ғасырдың жетістігі десе де болады. Халықаралық автомагистральдың 621 шақырымы — Ақтөбе облысының еншісінде. Бұл жолдың пайдалануға берілуімен өңір экономикасын дамытуға ерекше серпін берілді.

Астанадан Арқалық-Торғай арқылы Шалқар, Қандыағашты қамтитын, сондай-ақ Ақтөбе-Атырау-Астрахан тасжолы да таяу уақытта ел игілігіне қызмет етпек.

* * *

…Кешегісіз бүгін жоқ. Өткеніміздің біз келтірген деректері облыстың әр жылдардағы тарихынан сыр шертеді. Ал бүгінгі күннің жаңалықтары көзі қарақты оқырманның көз алдында.

Архив материалдары бойынша әзірлеген Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті