Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Сөнбейді, ана, шырағың!

Дата: 12 октября 2017 в 21:42

Сөнбейді, ана, шырағың!

 Ана ақысын өтейін де ақтайын,

Кіші жанды мейіріммен баптайын.

 Жүсіп БАЛАСАҒҰН.

Ана дегенде менің көз алдыма жүзінен мейірім нұры төгіліп: «Құлыным, ботақаным, шаңырағым, шырағым, арманым, күнім!» деп мың толғанып, емірене иіскейтін ақ жаулықты аналар елестейді. Ананың ақ сүтін, ананың еңбегін бағалау, оның алдында перзенттік парызды сезіну саналы, түйсігі бар жанға салмақты жүк. Ананың ақ сүті алдында кім болмасын бас иіп, борыштық сезімін мойындау парыз. «Анаңды сыйла, анаңды сыйла, тағы да анаңды сыйла» деп Пайғамбарымыз ана қадірін ерекше бағалаған.

Сондай-ақ ата-ана мен перзенттердің арасы қандай қатынаста болуы туралы қасиетті Құранда да анық жазылған.

Иә, ана деген сөз адам жүрегінің түбінен жарып шығып, ыстық сезімдерге жетелері хақ. Өмірге шыр етіп келген күннен бастап, өзің үшін жаралған жандар — ата-анаң. Өміріңнің сәнін де, әрін де келтіретін, жаманыңды жасырып, жақсылығыңды асыратын да — ата-анаң. Ана, әке деген сөздер өмірдегі ең асыл, ең қасиетті де қастерлі ұғымдар. Әке-шешенің өсіріп тәрбиелеген, білім беріп жетілдірген жемісі — бала-шағасы. Ата-ана қандай жағдай болмасын «балам қатарынан қалмасын, білім алып, азамат болып, еліне қызмет етсін» деп, әрқашан тілеуін тілеп жүретін асыл жандар. Әке мен шешенің бар бақыты — бала-шағасының амандығы, солардың адам болуы ғана. Сондай-ақ өмірде болмай қоймайтын түрлі кедергілер мен қиындықтарға төзуге, күншілдер мен қызғаншақтарға сабырмен қарауға, билігің бар кезіңде қасыңда болып, жоқ кезіңде сенен тыс кететін, бар болса көре алмайтын, жоқ болса бере алмайтын, немесе бірді-бірге шатыстырып жүретін берекесіздерден аулақ жүруге үйрететін де ана. Жабыққан, сүрінген сәттерде әрқашан жаныңнан табылып, қолтығыңнан демеп, жұбатып, үлкен армандарға жетелейтін, нұрға толы жүрегімен үмітіңді келер күнге жалғайтын да ана.

«Әркімнің  пейілі Жаратушыға аян, адамның жүзін сындырма, ондай адамдар да анадан туған» деп кеңдікке тәрбиелейтін, асқан көңіліңе басу айтатын да ана.

Кім кім де анасы туралы толғанып, қалам тербегісі келері анық. Бірақ оны жеткізе айту — қиын іс. Ата-ана туралы ақтарыла жыр жазатындар — ақындар мен жазушылар. Солардың бірі Ақұштап Бақтыгереева қазақтың жігіттерінен дос таба алмай, қыз да болса Фаризаға мұңын шаққан Мұқағалидай, тірілердің бойындағы ізгілік пен адамдықтың нышандарына көңілі толмай, о дүниедегі анасынан жауап алардай болып жыр арнауы ойлы адамды бей-жай қалдырмасы хақ:

Ол жақта қалай, ана, гүлдер көп пе,

Күнәсін кешіре алмай жүрген көп пе,

Тіріде жалпылдаған жылмақайлар

Ол жаққа әлі барып үлгермеп пе?

 

Қабірін көмгенмен біз қалың қазып,

Жүр ме екен топас озып, дарын азып,

Қазақтар бірін-бірі күндей ме екен

Үстінен бір-бірінің арыз жазып?

 

Сен жоқсың ішінде ондай отырыстың,

Не екенін түсінбеуші ең қоқым істің.

Қайтейін, құдайға да керек болдың,

О, менің әріп білмес Оқымыстым! — деп анаға деген мейрімін жүрекке жеткізе жырлаған. Әріп білмесе де, тоқуы көп, ұлттың салт-дәстүрін сақтаумен өскен олардың бойында анаға тән асыл қасиеттер ұйып орныққан.

Менің де анам осындай әріп білмейтіндерден болатын. Әріп білмесе де иманы кәміл, пейілі кең, ниеті түзу, жарқын жүзді осындай анадан туғаным Жаратқанның маған деген сыйы деп түсініп, жаһанға жар салып, ананың құдіретін айғайлап-ақ айтқым келеді.  Анаға деген құрмет, анаға деген махаббат, анаға деген іңкәрлік. Әрбір перзент мейрімін ата-анасына осылай айта алса, онда адамдық пен адамгершілік, кісілік пен кішілік, мейірім мен мейірбандылық мәңгі тұрар еді.

Барлық игі жақсы істердің бастауы, шуақты күндердің көзі, жақсылықтың жаршысы — ана. Анаға деген ыстық сезімді, ыстық ықыласты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көптен жүрегімде ұялаған сезімімді, биыл дүниеге келгеніне жүз жыл толатын аяулы анам Алмажанға деген толғанысымды қағазға түсіруге ниет еттім.  Иә, сәт.

Менің анам Алмажан — қазақтың кешегі күндері бейнет көрген көп аналарының бірі сияқты өмірдің зейнетінен гөрі бейнетін көбірек көрген адам. Елге ырыс болмай, ұрыс болған, кешегі ақ қашқан, қызыл қуған заманда анам 1917 жылы Арал теңізінің Көкбасты деген жерінде, айран ұйытып ішетіндей қоңыр шаруасы бар отбасында дүниеге келген. Шекті елі, руы Жақайым, Торжымбай аталығы. Әкесі Аяпберген Құлтасов 1895 жылы туып, 1973 жылы дүниеден өткен. Шешесі Зейнеп, анам бір жасқа келгесін қайтыс болған. Анамды туған шешесі қайтыс болғасын, үлкен әжесі Мерует тәрбиелеген. Нағашы атам Аяпберген қазақша, арабша, орысша сауатты, Арал, Шалқар төңірегіне есімі елеулі, туралығымен танымал, өткір адам болыпты. Кеңес өкіметінің саясатына діни сауаттылығы ұнамай қуғын-сүргінге ұшырап, он жылдан астам уақыт сотты болған. Осындай аумалы-төкпелі заманды басынан өткізіп жүрсе де, балаларын ата-бабаларымыздың салт-дәстүріне сай тәрбиелеуден жаңылмапты. Сол әкеден көрген діни бағыттағы тәрбиесінен болар анамның күш-қуаты мол, ерік-жігері мықты, қиындыққа төзімді болатын. Оның негізгі мақсаты және тілегі ел басына түскен үлкен зобалаң, аштық пен қуғын-сүргінді, қолдан жасалған нәубетті жылдарды халқымыздың келешекте көрмеуі еді. Ол арманы мен халықтың тілегі орындалды, ел тәуелсіздік алды, өшкені жанды, үзілгені жалғанды, жоғалғаны табылды. Тәубе!

Осындай жоқшылықты, жетімдікті, тауқыметті өмірді басынан өткерген анама қаршадайымнан қолқанат болып, ақыл-кеңесін мұқият тыңдап, бейнетін бөлісіп, айтқан сөзін екі етпей орындауға дағдыланып, қасы мен қабағына қарап өстім. Себебі басынан кешкен оқиғаларына  қарағанда күллі өмірі бейнетпен өткен. Күңірене отырып айтқан әңгімелерін тыңдаған сайын, тірі тарихпен тілдескендей болып, ішкі жан дүнием алай-дүлей болатын.  Анаға деген перзенттік махаббатым есепсіз күшейіп, қолымда құдіретім болса, дүниедегі бар жақсылықты тек қана анама жасағым келіп кететін. Анамның басынан өткізген оқиғалары мені әділдікке, қайсарлыққа, ұстамдылыққа, еңбекқорлыққа, қиыншылықты жеңуге үйретті. Осындай тауқыметті басынан өткере жүріп біздерді дүниеге әкеліп, тәлім-тәрбие беріп, оқытқанына қайран қалып, анаға арнап сөзбен бір белгі соққым келді. Ол белгі — өлі де болса рухы сезер деген ниетпен, осы жазып отырған естелік жазбам.

 ҮРЕЙЛІ  ӨМІР

Анам:

— Әкеңнен тыңдаған шежірелеріңді, менен естіген түрлі оқиғалы әңгімелерді зердеңе түй, санаңда сақта, қажет десең қағазға түсіріп жүр, бірде болмаса, бірде керек болар, — деп жай ғана айтып қоятын.

Перзентіңнің жүрегінің төріне жеткізе ұялатқан өтінішің орындалды, рухың сезсін, жаның жаннатта болғай, анашым!

Анам марқұм ақжарқын, адам жатырқамайтын ақкөңіл кісі еді. Тез ашуланып, тез қайтатын дауылды мінезі де болатын. Қапелімде жауар бұлттай шүйіліп, нөсер жауыннан кейінгі шайдай ашылған аспандай болып, жадырап сала беретін. Шәйі орамалдай  жүзінен жылылық есетін. Бойы кішірек, шашы қап-қара төгіліп белінен төмен түсетін. Маңдайынан жарып, екіге бөліп өріп қоятын. Қайратты, кез келген істің шешімін тапқыш, көкірегінде билігі бар адам еді, жарықтық. Аса шебер болмағанымен қазақы тұрмысқа қажетті киіз үйдің арқан-бауларын есіп, ши-құрларын өзі тоқып, жүн түтіп, жіп иіріп, алаша тоқып, оюлап сырмақ басып, көрпе-төсектерді, тері илеп, мес-торсықтарды да өзі жасап ала беретін. Қазақ әйеліне не істеу керек болса, түгел қолынан келетін. Әйелге ғана емес ер-азаматқа тән істі де қара нардай көтеретін. Тіршіліктегі өсек-аяң мен қулық-сұмдықтан аулақ жүретін, беталды үй аралап әңгіме айтпайтын.

Анам қонақжай, қолы ашық, берекелі дастарқанды болды. Дастарқан — қазақ отбасының береке-бірлігін, кеңпейіл қонақжайлылығын, үй иесінің абыройын, ризық-несібесін білдіретін ата-бабаларымыздан бізге жеткен мұра. Кісіліктің кілтіне бастайтын да — дастарқан. Көңіл кірін жуатын да — дастарқан. Тәрбиенің алаңы да — дастарқан. Алаң көңілге сенім беретін де — дастарқан. Дастарқан әр кез ізгі ниетке жайылмақ! Жайылған дастарқаннан жөн білетін адам аттамайды. Анам марқұм тіпті үй сыртынан өтіп бара жатқан жолаушыны да үйге кіргізіп, малын сойып, дастарқанға барын төгіп, дәм татқызып, әңгіме-дүкен құрып, мәре-сәре болып, олардың аттанар кезінде сойылған малдың етінен үйіндегілерге сыбаға беріп жіберетін. Кейбір әрекеттеріне қайран қалып, «бұның қалай» дегенде:

— Төгіп, төгіп берсең, Алла толтырып, толтырып несібе береді, маған бермесе ертең саған береді, — дейтін, жарықтық. Ауыл әйелдері анамның дарқандығына қайран қалып, мырза шешей атап кеткен.

Анамның дүниеге келіп, қыз болып бойжетуі, болашақ күйеуі әкеммен отбасын құруы Кеңес өкіметінің қасіретті де қайғылы жылдарына сәйкес келеді. 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін, 1950-1960 жылдардағы зорлық-зомбылықпен ұйымдастырылған колхоздың ақысыз-пұлсыз ауыр жұмысы, 1960-1980 жылдардағы совхоздың бейнетті тірлігімен аяқталады.

Иә, анам дүниеге келіп жатқанда дүние жүзін  дүр сілкіндірген, Ресей халқының екіге айрылған қазан төңкерісі болып, ақтар мен қызылдар арасындағы жан алысқан ұрыстар мен соғыстарда большевиктер (қызылдар) партиясы жеңді. Сөйтіп Кеңес өкіметі 1917 жылдың 7 қарашасында орнады. Жаңа өкімет тек орыстарға ғана орнап қойған жоқ, ол империяның өзге көптеген елдерін де қамтыды. Яғни, он бес одақтан тұратын Кеңес өкіметі құрылды.

Большевиктер партиясының жаңа өкіметі құрылғанмен халықтың жағдайы жақсара қоймады. 1920-1922  жылдардағы аштық, 1928-1929 жылдардағы байларды кәмпескелеу, қудалау, 1930-1933 жылдардағы қолдан ұйымдастырылған зұлмат аштық. Бұны тарихта Голощекиннің «Кіші октябрі» дейді. Осы зұлматты жылдарды зерттеген белгілі демограф-ғалым М. Тәтімовтың есептеуінше қазақ халқының жартысына жуығы аштан қырылған екен. Бұл нәубет қазақ тарихының қасіретті беттерінің бірі ретінде сақталып қалған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» да асып түскен зұлмат болды. Бұл қасіретті жылдары адамдар тірі қалу үшін не жемеді, не айла-шарғы жасамады десеңші. Олар есек, тышқан, торғай, құрт-құмырсқа,  тағы да басқа тамақтан өтетін тірі жәндіктің бәрін жеген.

1937-1939 жылдардағы репрессия, 1941-1945 жылдардағы  неміс фашистерімен соғыс, 1945-1960 жылдардағы халық шаруашылығын қалпына келтіру және колхоздың ауыр жұмыстары. Халықтың малының бар-жоғына қарамай сол кезде әрбір түтін (қазіргі тілмен «отбасы») сегіз келі сары май және елу алты келі ет өткізуге міндетті болған. Бұндай ауыртпалықты көрген халық, тек шықпа жаным, шықпа деп әзер өмір сүрген.

Осындай шабуылды да ұрысты, нәубетті де қасіретті, бейнетті де азапты жылдарды әкем мен анам бастан кешкен. Зобалаңы мен зұлматы көп заманда өмірге келіп, қоғам дамуының қасіретті кездерін бастап кешкен адам өмірде үргедек, қорғаншақ, секемшіл болады екен, тіпті не болса содан күдіктеніп, үкімет тарапынан берілетін көмектерден де бас тартқан кездері  болған.

Мен анамнан жастық шағын, әкеммен қалай үйленгенін, көрген бейнеттерін сұрайтынмын. Анам басынан өткізген оқиғаларын көңілсіз күйге түсіп, былай әңгімелейтін:

— Менің балалық шағым шешеден жетім қалып, әкеммен бірге туған Әбіл деген атамның жесірі, яғни Мерует әжемнің қамқорлығында өтті. Әжем аса сабырлы, жылы жүзді, кең пейілді, балажан адам еді. Әжемнің мейірлі жүрегі мен аялы алақанының лебі туған ана жүрегінен, аялы алақанынан кем болды деп айта алмаймын. Меруеттей әженің шуақты  тәрбиесі болмағанда осындай күйге жетер ме едім, жетпес пе едім, кім біліпті. Алайда бала болып ойнайтындай, қыз болып желбірейтіндей күй менің басымда болған жоқ. Менің деймін-ау, менің замандастарымның да басында болған жоқ. Себебі біздер ес біле бастаған кездердегі ел басына төнген қара бұлт аштық, қуғын-сүргін, аумалы-төкпелі заман елдің есін алды. Бұл халықтың  бастан өткізген қиын-қыстау уақыттарының бір белгісіндей болып, қазір қасіретті шежіреге айналды. Осының өзі адамды жастайынан өмірмен бетпе-бет келгенде, өз бетіңше шешім қабылдап, өз отбасыңды қызғыштай қорғап, сақтап қалуға итермелейтін тәрізді. Сенің ниетің анаңның жастық шағын білу болса, өмірімнің ұмытылмастай есте қалған жалғаны жоқ кездерінен әңгімелейін. Мен өмірде адамдардың қысастықтарын көп көрген адаммын. Алайда Алла жаққан шырақты адам үрлеп сөндіре алмайтынына көзім жетті. Мені інім Сәмет туатын жылы, ұмытпасам, 1935 жыл болуы керек, 18 жасымда іргелес отырған Қазыбай мен Жақайым ауылдарының ақсақалдары өзара келісіп, баталасып, Шалқар қаласының шығыс жақ бетіндегі «Қозақ» деп аталатын бұйра құмның бойындағы «Қожаберген» атаның қыстауында отырған ауылға келін қылып түсірді. Бұл кезде әкең 25 жасқа жаңа толған екен. Әкең сұңғақ бойлы, қапсағай денелі, жылы жүзді, ақ құба өңді, салмақты мінезді келген әдемі жігіт болатын. Мен де жер қарап қалған адам емес едім. Қою қара шашым балтырыма түсетін, нұрлы жүзді, қара көзді, бүйрек бет, пісте мұрын, жазық маңдайлы, қыз едім.

Жұбайлық өмірімнің алғашқы  жылдары жақсы өтті деп жалған айта алмаймын. Мен келін болып түскеннен кейін үкіметтің жау жоқ жерден жау іздеген саясаты күшейіп, тек бірді-екілі ауыл-аймақты шарпып қоймай, қоғам өмірінің барлық саласын қамтыды. Зобалаңнан бірде-бір елді мекен, бірде-бір отбасы аман қалмағанын бүкіл ел біледі. Бейнеті көп, зейнеті жоқ күштеп ұйымдастырылған серіктестік, артель, колхоз дегендерді құруға қатыстық. Бұл қу өмір сөйтіп тарихтың  қанмен таңбаланған беттеріне айналды. Сүттің бетіндегі қаймақтай болған елдің бір туар асылдарын халық  жауы деп ұстап, ату жазасына ұйғарған. Тіпті күн көріс жағдайының өте нашар болуына байланысты өз малын өзі сойып жеген немесе бір уыс бидай, не бір құшақ қалдық ағашты оттың тамызығына алған адамдар «халық жауы» ретінде ұсталып, ату жазасына кесіліп, немесе еңбекпен түзету лагерлеріне жіберілді. Олардың артында қалған отбасы мүшелері қудалауға ұшырады. Тыныш отырған отбасы мүшелерін бірін-біріне айдап салып, тіпті әке мен баланы шатыстырып, қолдан қылмыскерлер жасады. Жазықсыз өмірдің қатыгездігінен бейхабар сәбилерді халық жауларының балалары деп «Балалар үйіне» тапсырды. Адам айтса нанғысыз зұлмат заман болды ғой, құлыным.

Бұл дауылдан қос алты ұлдың ауылы да аман қалмады. Алты ұлдың ауылы дейтін себебі, сенің тікілей атаң Қожаберген деген кісі болған, сол атаңның алты ұлы қазір алты ауыл болып отыр. Осы Қожаберген атаң Отарбай деген атаңмен бірге Іспембет деген кісіден туған. Бұл атаңда да алты ұл болған, қазір олар да алты ауыл. Аталық шежірені әкеңнен мағұлымдарсың, ол Тілеу бабаңа дейін таратып айтып береді.

Иә, Қонысжан ( менің азан шақырып қойған атым Қонысбай, үкіметтің қойған аты Қанатбай), қайсы бірін айтайын, сол зұлмат заман есіме түссе бойым мұздап қоя береді. Себебі сол жылдары Қожаберген-Отарбай әулеттерінен де бірнеше аталарың сотталып, айдалып кеткен. Ел әбігерге түсіп, адамдардың үрейі күннен-күнге күшейіп, енді қайсымызды алып кетер екен деп қорқынышпен өмір сүрген уақыт болды. Бұл қоғамда болып жатқан қайғылы оқиғалар елдің көңіліне үрей туғызып, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден тыйды. Елмен бірге осындай күйде жүрген маған ауыр болғаны  бойыма бала бітпей, көп күйзелгенім, түрлі қаңқу сөзге қалғаным естен кетпейді. Осылай қиналып, жас жаным жай таппай қамығып жүрген кезімде шариғат қағидаларын терең білетін әкем Аяпбергеннің ұзатардағы айтқан аманат сөздері мені осы қамығу мен күйзелістен алып шықты. Егер әке ақылына жүгінбегенде не болар еді? Білмедім?..

ӘКЕ  АМАНАТЫ

Ата сөзін қасиетте, құрметте —

Аталы сөз шығарады нұр – көкке!..

Жүсіп БАЛАСАҒҰН.

 

Әкем:

— Айналайын алмадай болып туған Алмажаным, қонақтық мерзімің аяқталып, жазмыштың жазуымен өмірлік қосағың Елеусізбен бас қосып, адам ғұмырының жаңа кезеңін бастағалы тұрсың. Барар жерің баянды, көтерер отауың құтты, жарыңа адалдығың арың, ибалығың иманың болып, тастай батып, судай сіңгейсің. Ой, дүние-ай! Уақыт қандай жүйрік еді, кешегі тұлымшағы желбіреген сен де,міне, бір отаудың шамшырағы болғалы тұрсың. Құдай бағыңды ашсын. Өрісім менің, есіңде болсын, өмір дегеніміз адамдардың бақытты болғысы келетін күресінен тұрады. Сенің де сол бақытқа деген күрес жолың бүгіннен басталды. Алланың рахымымен, үлкендердің ақ батасымен арғы аталары қол бастаған батырлар, шаршы топта сөз жарыстырған билер болып келетін текті елдің баласы Елеусізбен жұптасқалы тұрған жұбайлық өміріңде сақ болғайсың. Себебі, өмір дегеніміз бірыңай қуаныштан немесе бірыңғай реніштен тұрмайды. Табиғат мезгілдері сияқты көктемі мен жазы, күзі мен қысы ауысып келіп отырады. Осы табиғат құбылыстары сияқты ерлі-зайыптылардың өмірлерінде де неше түрлі жағдайлар болуы әбден мүмкін, болады да. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Сондайда «Сабыр түбі — сары алтын» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Сен жөргекте жатып, туған анаң Зейнептің елжіреген аналық мейірімін сезбедің, бірақ ақ сүтіне тойып, бойыңа нәр алдың яғни уызға жарыған баласың. Жаратқанға не дауа, сенің тәй басқаныңды, шүлдірлеген тіліңді естімей, бойжетіп қыз болғаныңды көрмей, бұл жалғаннан қыршын өтті. Шүкір Аллаға, анаң болмаса да туысынан байсалды әрі ақылды әжең Мерует сені туған анаңнан кем бақты деп айта алмаймын. Сондықтан менің әкелік қамқорлығымды, Мерует шешеңнің жүрек жарды мейрімімен аялы алақанының ыстық лебін еш жібермей, тұрмысыңда кездесетін қиындықтарға төзіп, шыдамның шыңына шығып, жоққа жабықпайтын, күйреу мен күйзеліске жол бермейтін, текті ауылдың келіні деген атаққа ар-ұятың сай болсын, қарғашым. Басыңа келген қуанышты да, ренішті де ақылға сал, байыппен шеш. Жастық алауға салынып алып ұшпа. Адамның өз тағдыры — өз қолында. Бәрін де Алла ниетіңе, тазалығыңа береді, ақжүректі Алмашым. Қандай шешім қабылдасаң да ол отбасыңа еш зиянын келтірмейтіндей болсын. Сенің отбасының ұйытқысы ретіндегі ең маңызды міндеттеріңнің бірі — үйдегі болған сырды сыртқа шашпау, сыр сақтау. Ұқсаң бұл үлкен күш.

Ерте заманда Құдайға құлшылық қылған, тақуа бір жігіт өмір сүріпті. Жігіт ер жеткенде әкесі үйлену туралы сөз көтерсе, ол қашқақтай беріпті. Себебі байғұстың еркектік қуаты болмапты. Баласының қарсылығына қарамай әкесі бір қызды айттырып үйлендіреді. Той өткен соң әлгі жігіт қалыңдығына: «Сен мені кешір, сені бақытты ете алмаймын, саған тең жар емеспін», — деп ағынан жарылады. Төркініне кетуіне рұқсат береді. Сонда әлгі жас келін: «Ортамызда неке оқылды, мен сенің некелі әйеліңмін, арамызда ешқандай құпия сыр болмауы тиіс. Сенің сырың — менің сырым, күйеуінің сырын әшкере еткен әйелдің екі дүниесі де қараң болады, ол әртүрлі азаптарға душар болады. Мен ондай әйелдерден емеспін, сенің сырыңды ашып, жұртшылықтың алдында масқара ете алмаймын», — деп үйде қалатынын айтады.

Арада бірнеше жыл өтіп, «бедеу» деген атақ алса да, күйеуінің сырын ашпайды. Барлық қиыншылықтарға төзіп, күйеуімен бірге тұра береді. Бір күні жігіттің әкесі: «Қашанғы бұл бедеу келінмен өмір сүресің? Жетер, рұқсатыңды беріп жібер, басқа әйел алып беремін», — дейді. Жігіт қатты қиналады, өзін жанынан да жақсы көрген, кемшілігіне көз жұмған әйеліне қалайша «кет» деп айтпақ?  Осындай мазасыз күндердің бірінде әйелі: «Отағасым, соңғы күндері мазасызданып, қиналып жүрсіз, менен жасырғаныңыз бар сияқты. Ойласайық, қиналып жүрген мәселе болса бірге шешейік», — деп айтпасына қоймайды. Сонда жігіт әкесінің айтқанын айтыпты.

Өзіне қатысты айтылған ащы сөздерді есіткенде көздері боталап, көңілі толқып, аса сабырлы үнменен күйеуіне: «Жарайды, мен саған ризамын! Өтінішім, мен кеткен күннен кейін қырық күн өткізіп барып үйленіңіз», — дейді де, төркініне жол тартады. Үйіне келген соң ата-анасына: «Мен қырық күн бойы өз бөлмемде отырып, Аллаға ғибадат-құлшылық жасаймын», — дейді. Ол қырық күн бойы Аллаға құлшылық жасап, күйеуінің ақысына дұға етіп, оның құпиясының ашылуынан, масқара болуынан сақтауын тілейді. Бұл арада әкесі жігітті үйлендіреді. Екі от ортасында қалған жігіт қатты күйзеледі. Бір жағынан, бірінші пәк әйелін ойласа, екінші жағынан, құпия кемістігінің баршаға аян болатынын ойлап күйінеді. Содан бұлай қор болғанша деп, у ішіп өлмекші болады. Бөлмеге келген жас әйелі есінен танып құлап жатқан күйеуін көреді. Алланың рахыммен қырық күн бойы күйеуінің тілеуін тілеген бірінші зайыбының дұғасы қабыл болып, жігіттің ішкен уы шипаға айналады.

Құдайдың құдыретімен еркектік қуаты қалпына келеді. Кейін түскен екінші әйелі төркініне төркіндеп бара жатып, жолда суға кетіп қайтыс болады. Марқұмды жерлегеннен кейін, жігітті әкесі шақырып: «Балам, бұл да маңдайыңа жазылған жазмыштың жазуы, қайғырма, біраз уақыттан соң төсек жаңғыртасың», — дейді. Сонда жігіт әкесіне көптен бері жасырып, дертті болғанын, оны бірінші зайыбы құпия сақтағанын және қалай айыққанын баяндап жатқанында, әкесі шыдамай бірінші келінінің үйіне беттейді. Үйіне кіргенде алдынан келіні шығып қарсы алады. Атасы келінінің маңдайынан сүйіп, көзіне ерік беріп, тебірене-теңселіп, Алладан рахым тілеп, ақылды-арлы келінін үйіне ертіп келген екен. Осы сыртқа сыр ашпаған әйелден тақуа жігіт иманды ұрпақ тәрбиелеп, бақытты ғұмыр кешіпті. Бұл ел аузында жүрген әпсана әңгіме, сенің де санаңда сақталып, ақылыңа серік болсын, алмадай болған Алмашым. Әкеңнің ашық айтқан әңгімесін қызығыңды көре алмай мына жалғаннан ерте кеткен анаңның сөзі деп білерсің. Жалпы шариғат қағидаларымен тәрбие көрген адамдардың міндеті — жанжалдасып қалған балаларының арасын татуластырып, отбасының бұзылуына жол бермей, ақыл-кеңес беру болып табылады. Бұған сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)  өмірінен бір мысал айтайын. Пайғамбарымыз  Мұхаммед (с.ғ.с.) күйеу баласы хазреті Әлидің үйіне барғанда, Фатима қызы Әлидің өзімен келісе алмай, ашуланып үйден кетіп қалғанын айтады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның қайда баруы мүмкін екенін біліп, мешітке іздеп барады. Сөйтсе Әли мешітте демалып жатыр екен. Оны тұрғызып, үйіне ертіп келеді де, ештеме сұрамастан, қоштасып үйіне кетеді. Бұдан ұғатынымыз, сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі балаларының араларында не болғанын сұрап, айыптыны айқындаған жоқ. Себебі ол Әли мен Фатима араларындағы мәселе болатын. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) осы ісімен ерлі-зайыптылардың арасында болған келеңсіз жағдайларда кінәліні іздемеу керектігін көрсеткен. Пайғамбар да (с.ғ.с.) күйеуін  сыйлаған деген қағидат та мүмкін содан қалған болар. Ойымнан шығып, көңілімнің төрінен орын алып жатса, мен де күйеу балам Елеусізді сыйлап өтермін, — деп әкем сөзін аяқтап, тілек тілеп, батасын берді.

Иә, әке аманаты, әке тілегі орындалды, берген батасы қабыл болды. Өле-өлгенше сыйласып өттік, қайын жұртымдағы менің беймазалау өмірім туралы ол бейхабар болды, — деп шешем толқып, біраз үнсіз отырды. Кім біліпті, әке тілегін орындаймын деп, сол бір күйзелісті де, сүреңсіз өмірі есіне түсті ме, мен де мазаламадым.

Еттен өткізе, сүйекке жеткізе айтылған әке әңгімесі анашымды шыдамдылыққа, төзімділікке, сабырлылыққа, отбасының құпиясын сақтауға, жас шаңырақты шайқалтпауға жетелепті. Осындай әкеден рухани сабақ алған анашым абысын-ажындарынан естіген есірік сөздерді, шаншу сөздерді, қаңқу сөздерді әкеме тіс жарып айтпапты. Осы шақтарда әкеме де  араздастыру сөздерін айтқан адамдар да аз болмаған. Тіпті кейбір жеңгелері жаны ашығансып: «Бедеу қатынмен қашанғы тұрасың, талақ ет, төркініне қайтар, кіндіктен жалғыз едің, тұқымсыз қаларсың, әлі басың жас, аман болсаң бала туатын қатын аларсың», — деп арандатады. Туысынан сабырлы, ұстамды, қандай іске болса да ақылмен қарайтын әке қызыл сөзге ермейді.  Сол ұстамдылығының арқасы болар, құдай қосқан қосағы Алмажаннан бірнеше перзет көреді. Қоғамның әділетсіз іс-әрекеттерінен болған тауқыметтен қорланып жүріп, зорланып жүріп біздерді дүниеге әкелген. Әруақтарыңнан айналайын әкем мен шешем көздерінің тірісінде ұрпақтарының жапырақ жайып, өсіп-өнетінін, қазақ елінің тәуелсіздік алатынын, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміздің жанатынын, өздерінің де, тіпті ата — бабаларының да аты-жөндері кітапқа түсетіндерін білген жоқ. Шүкір, аты-жөндері хатталды. Рухтары разы болғай!

Өзіне өзі келген анам әңгімесін одан әрі жалғады.

ҚАЙТА КӨТЕРІЛГЕН ҚАРА ШАҢЫРАҚ

 Әкең өлді сенің сәби шағыңда,

Көрмедің сен өнегесін, бағын да!

 Жүсіп БАЛАСАҒҰН.

— Осындай қиын қыстау заманда марқұм Мәтжан атамның жан кешер алдында Балым енеме аманаттаған аманаты әкеңді үбектеп өсіріп, ел қатарына қосып, өзінің көтерген шаңырағына ие қылу еді. Аманаты орындалды, көтерген отауының  шаңырағы қайта қалпына келді. «Орны бар оңалар» деген осы болар. Осылайша үй болып, түтін түтетіп, көппен бірге өмір сүрдік, жұрт не көрсе, біздер де соны көрдік. Күн көрісіміз мал үстінде болды, бейнетті еңбегіміз осы күнге жеткізді, Аллаға шүкір. Өкінбеймін, бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Тәуба! Мал бағып, бала таптық, ұрпақ өсірдік, шүкір, немере, жиен көріп жатырмыз. Алғашқы кұрсағым Сәбила деген қызды 1939 жылы тудым. Колхоздың ауыр жұмысынан жас балаға қарай алмадым ба, әлде жазмыш солай болды ма екен, ол бұл өмірге көп тұрақтамай шетінеп кетті. Екінші құрсағым Болысбай ағаң, оны неміс-орыс соғысы басталатын жылы мамыр айында тудым. Болысбай екіге келгесін үлкен әжең, әкеңнің шешесі Балым енем, бауырма басамын, өзім өсіремін кенже балаға (кенже бала деп отырғаны қайнысы Жанторы) іні болады деп алып кетті. Ол сөйтіп, енем баласы болып кете барды. Біз тағы да әкең екеуміз қалдық. Содан 1945 жылы соғыс аяқталып жатқанда Лиман апаңды тудым. Бұл қызды да енем үшке келгесін әкеңнің туған қарындасы Бөлкеев Ерғали деген кісіге байға шыққан Кабираға берді. Біз салт-дәстүрмен өстік. Үлкеннің жолын қия өтпейтінбіз. Әулеттің билігі ата мен енеде, аға мен жеңгеде болатын, әдеп бойынша оларға қарсы сөз айтуға болмайды. Біздер осы дәстүрді берік ұстаған адамдармыз, тіпті басқа туыстарға берілген балаларды менің балам, мен тудым деп айтуға құқымыз жоқ болатын. Бала да анау менің әкем, анау менің шешем деп айта алмайтын, тәрбие солай болатын. Сөйтіп әкең екеуміз екінші рет салтаң қалдық. Әкеңнің де, менің де ата мен ене шешімдеріне қарсы келуге қауқарымыз жоқ. Адамға Алланың берейін десе мырзалығы көп қой. «Алла асықпайды, жақсылық асықпайды» деген рас екен. 1948 жылдың көктемі, қар еріп, жер бетіне балпақтың шыққан кезі болса керек, ана Әйтекеш атаңның үйіндегі Болатбайды дүниеге әкелдім. Болатбай туғанда атаң Әйтекеш Балбөпе деген екінші әйелімен бөлек тұратын. Соғыстан  кейін Балбөпе әжеңді Балым енем өзі қалап, өзі таңдап,  тойын жасап, атаңа алып берген. Бұл жерде енемнің не ойлағанын мен білмедім. Біздің шаңыраққа келгенше Балбөпе енем тау жағында ауыр жұмыстар істепті, бейнетті бір адамдай-ақ көріпті. Соған қарамастан  қайратты, жігерлі, ізгі жүректі, үлкенге қамқор, кішіге пана  болды.   Әжеңнің игі тәрбиесін сен де көрдің, оның аналық мейрімін мен айтпасам да   жақсы   білесің. Оның жұмсақ мінезі тек тума-туыстарды ғана емес, түгел  ауыл адамдарын риза ететін, мейрімді жан болды. Енді сол атаң мен екінші енеме де ермек керек болды. Міне, олар тағы да жиналып келіп (екі енем, атаң бас болып) «Болатжанды бауырыма басамын. Менің шаңырағыма ертең осы балам ие болып қалады, сендер әлі жассыңдар» деп, бізге бата беріп Болатжанды алып кетті. Бұл кезде менің саған аяғым ауыр болатын. Сөйтіп Болатжан да кемпір-шалдың баласы болып кете барды.

Адам беру оңай ма? Олар кеткеннен кейін, япырай, бұл не болып барады, бір емес, екі емес, үшінші балаға ауыз салып алып кетуі қалай деп аналық қимас көңіл бұзылып, көздің жасын сығып-сығып алып ойға қалдым.

Ертең мына ішімдегі тікенегім аман-есен сыртқа шықса, бұны да алып кетер ме екен деген қорқынышты ой денемді дір еткізді. «Иә, құдай кешіре гөр, әуелі аман-есен босанайын, амандық болса көрерміз»деп өзімді-өзім тәубаға келтірдім.

Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің демекші, қызықтың көкесі сен туғаннан кейін болды. Сені қоян жылы, төл алынып, қозы құйрықтанған кезде, Сүлеймен базының жанындағы жаңғыз ағаш түбінде тудым. Әкең құнан қой сойып қалжа берді, кіндігіңді Рабиға деген мінезді әйел кесті. Құм бойынан Балым енем келіп, сені қырқыңнан шығарды. Қуанышта шек жоқ, әлбетте үйдің тұңғышы сияқты болдың ғой, құлыным.

Сен екі жастан кеткесін, Сталин өлетін жылы тамыз айында Сапураны тудым. Сөйтіп жылдар өтіп жатты. Жаз ортасы болатын, бір күні қаладан хабар келді. Әйтөре бастаған аталарым мен енелерім келейін деп жатыр екен. Хабарды естігесін жүрегім қобалжып, тағы не сұрағалы келе жатыр екен деп, шай-суды қамдап қойдым. Бұрын  айттым ғой, Қожаберген деген атаңнан 6 ұл туған деп. Солардың біріншісі Бәйтөре, екіншісі Әйтөре, үшіншісі Мәтжан, төртіншісі Әйтекеш, бесіншісі Айтжан, алтыншысы Рысқұл, жетіншісі Бекмағамбет, Бекмағанбеттен тұқым жоқ. Екінші атаң Әйтөреде ер бала болмаған, енеміз 7 қыз туған. Енді, міне, ата салты бойынша шаңыраққа ие болатын ер бала керек. Тағы да бұлардың ойына Елеусіз бен Алмажан түскен. Содан олар өзара ақылдасып, екі жастан жаңа шыққан, ес білмейтін сені Әйтөреге бала қылып алып кетті. Баланың шешесі менімен, әкесі әкеңмен ақылдасып жатқан ешкім жоқ. Біз әкең екеуміз үнсіз қала бердік, сен алып келген ойыншықтарын қызық көріп, еріп кете бардың. Мен тағы да олар кеткесін егіліп қала бердім. Әкеңде де үн жоқ, оған да оңай болып тұрмаған сияқты. Бейне бір күшігінен айрылған қасқырлардай болдық. Олар кеткесін мен әйелдікке салынып, «туған балаларымызға ие бола алмайтындай неткен сорлы едік, осы үйдің еркегі сен емессің бе, бір ауыз сөз айтып, Қонысжанды неге алып қалмадың» деп әкеңді біраз жерге апарып тастадым. Енді қайтейін, күйіп барам, кімге тиісем, әкең мен жөргектегі Сапурадан басқа жан жоқ. Кіммен сөйлесерсің, кіммен мұңдасарсың, жаныңды түсінетін адам жоқ. Бірі бір, екісі екі, үші үш, ал төртінші Қонысжанды алуы, Алла кешірер, бізді тіпті адам қатарына санамау ғой. Енді қайтеміз деп, тағы да екі көзге ерік бердім. Көз алдымнан ұзап, сені алып бара жатқан аттылы, түйелі ата-енеге қарап: «Қош бол, құлыным! Сен де менің құшағымнан ұшып барасың, не шара. Тірі болсақ қауышармыз, сәл шыда. Әзірге қош-қайыр, ұлым!» деп өзіммен-өзім күбірлесіп, есім ауып кеткендей болды. Қайтейін. Олар ұзай берді. Көзімнен сорам ағып, оларға қарап телміріп мен қалдым. Ой, дүние-ай, тағдырдың тауқыметі қандай қатаң еді деп ах ұрдым. Не дауа. Өзіме-өзім сабыр, сабыр деймін. Ата-ененің қарғысына қалма, алғысына қал деген ұлағатты тәрбиемен өскен біздерге не шара, қайтейік, көнесің. Үлкендердің бұйрығын бір емес, бірнеше рет сөзге келмей, бойынан шыққан баласын берумен орындаған қайран шешеңнің өмірі осылай өтіп жатты. Күнде қайталанатын күйбең тірлік, малдың бейнетті шаруасы, жөргектегі Сапураның жайы. Оны бесікке бөлеп, басына пышақ, қамшы қойып малға шығып кетем. Бір құдай жар болды ғой. Қазіргі Мәдижанға жасалып жатқан жағдайдың сендер үшін бірі де болған жоқ. Шүкір, өсіп-өніп жатырмыз ғой, — деп қою күрең шайын сораптап ішіп, ауық-ауық толқып, үнсіз қалып отырды. Мен «содан әрі қарай не болды» деймін ғой баяғы. Шешем әңгімесін қайта сабақтап, бір түрлі шаттанып, қуанып кетті.

— Неге қуандың, айтсаңшы?

ҚАЙТА ҚАУЫШҚАН ҚҰШАҚ

— Шаңырағым-ау, мен сені бір емес екі рет тудым ғой. Күз мезгілі болатын, менің бүйтіп мал соңында жүріп, туған балаларымды әркімге таратып жүргенім жөн болмас, тіршілік жасайын деген ойлар тыныштық бермеді. Заман бұрынғыға қарағанда тынышталды, елде ептеп нан көбейе бастады, халықтың күйі көтеріліп келеді. Біз де, шүкір, мал соңында жүргесін үш-төрт қарамыз бар. Әйтеуір, аш емеспіз, ішер шай-су, киер киім, мінерге ат-көлік бар дегендей. Содан әкеңе мынадай ой айттым. «Екі тайөгіздің бірін сой да, етін түйеге теңдеп бер, мен қаладағы  Қонысжанға, Әйтөре атама апарып беремін. Ата күздік алып келгесін, «келінжан, бұйымынды айт» дейді ғой, сол кезде мен атаға Қонысжанымды өзіме қайтып беріңізші деймін. Ол көргенді адам, менің аналық тілегімді далаға тастамас», — дедім. Әкең сені жек көрсін бе, сөзге келмей келісіп, ертеңіне тайөгізді ертелете сойып, мені қалаға шығарып салды. Ол жылы біз Балғасынның «Тұз» деп аталатын базын қыстап отырған болатынбыз. Қала қырдың астында қырық шақырым жерде. Содан кештетіп қалаға келіп, атаға иіліп сәлем беріп, қапшық толы еттерімді  Көркем енеме беріп жатып, әдейі ата естісін деп дауыстап, «Сіздерге арнайы  сойып әкелген күздігім ғой», — дедім. Марқұм Көркем енем атына сай көркем адам болатын, атам да тегін емес. Етті кім жек көрсін, оның ішінде қалалықтың күнде ет жеп, қарны тойып тұрғаны шамалы. Ата жылы шырай танытып, «Бақытты бол, айналайын», — деп жатыр. Үйге кірсем, сен төр алдында ойнап отыр екенсің. Мені көре сала «апа-апа» деп, маған тұра ұмтылып, өксіп-өксіп жылап жібердің. Мені таныдың, ұмытпапсың. Мен сені жерден көтеріп алып, «қой, Қонысжан, жылама, атасының батыры жылай ма екен» деп сені жұбаттым. Менің де ішкі жан дүнием алай-дүлей болып, жүрегім аттай тулап қатты соғып  кетті. Алайда ата салт-дәстүріне адалдық арым, қасиетті шаңырақтың иманды келіні деген атым, мені оқыс қылық көрсетуге жібермеді, сыр бермедім, шыдадым. Содан не керек, семіз тайөгіздің жас еті қазанға салынды, қызыл күрең шай ішіп отырып, әңгіменің кілтін аштық қой. Байқаймын атам мен енем өте жақсы қабылдады, әсіресе, енем бағұс бәйек болып, менің асты-үстіме түсіп жүр. Маған бұл іштей үлкен демеу болды. Ертеңгі қайтардағы ойымды жасқанбай айтуыма мені жігерлендірді. Сен болсаң менің қасымнан айналшықтап шықпайсың, мойныма асыласың, құшақтайсың, бетімнен сүйесің, еркелейсің.

Ертеңіне шай ішіп жайланғаннан кейін, мен «ауылға қайтамын» дедім. Айтқанымдай-ақ атам:

— Келінжан, қандай бұйымың бар?— деп сұрады.

— Бұйымымды айтсам, атажан, кешіріңіз, осы үлкен ата әулетіне ( Үлкен ата әулеті деп отырғаны Қожаберген ата әулеті, бұрынғы келіндер аталары түгілі, күйеулерінің де атын атай алмайтын) келін болып түскеніме жиырма жылдай уақыт болып қалыпты. Осы жылдары алты құрсақ көтеріппін. Өздерің білесіздер, бірінші құрсағым о дүниелік болып кетті. Қалғаны, шүкір, араларыңда жүр. Мен күннен-күнге үлкейіп келем, оның үстіне колхоздың ауыр жұмысы қажытты, денсаулығым да онша емес. Бәрі құдайдың қолында ғой, Алла бала бере ме, бермей ме, өзі біледі. Ойлап қарасам, біздің шаңырақта да ертеңгі күнге ие болатын ер бала жоқ екен. Міне, осыған байланысты Қонысжанымды өзіме қайтып берсеңіз, — дедім. Жүрегім алып-ұшып, басыма қаным тасып, сөзімді әлтек-тәлтек шаққа аяқтадым. Енем төмен қарап жер шұқып, ата  ұзақ уақыт үнсіз отырды да, «Өзім де мазасызданып жүр едім, Елеусізге обал жасадым-ау, ол да қырықтың бел ортасына келіп қалған екен, шаңырағына келген үшінші ер баланы мен алып кеткенім қалай болар екен деп көп ойландым? Иә, Алла, бақыттарыңды ашсын, мен райымнан қайттым, ұлыңды қайтып бергенім. Амал не, Әйтөрин деген бір шаңырақ бола ма деп едім, Алла оған жазбады, жазмыш солай шығар, не дауа! Мал емес, зат емес, адам сұрап бардым. Бетіме келмедіңдер, сыйладыңдар, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп туған торсық шекелі ұлыңды бердің, ризамын. Аллаға не шара. Құдай сендердің ниеттеріңе берсін! Ешқандай ренішім жоқ. Осы жерге сені алып келген, сенің аналық жүрегің, ұлым деп тулаған жүрегіңнен айналайын, келінжан. Қонысжанды алып аулыңа қайта ғой. Қонысжан байқауымша қатардағы көп баланың бірі болмас Инша Алла, жақсылап тәрбиелеңдер. Қайда жүрсеңдер де Алла жар болып, Қызыр ата қолдап, бақытты, байқуатты ел болындар», —деп батасын берді.

Сөйтіп, Аққонысым-ау, мен сені бұл жалғанда бір тайөгіздің етіне «сатып алып», қайта туғандай болдым ғой. Сенің шаңыраққа оралуың менің өмірге деген торығуымды тоқтатты ғой, құлыным. Сен келмесең есім ауып, шашымды жайып, қолымды ербеңдетіп, «Балғасын» сайын кезіп кетер ме едім, кім білген. Жаратқан Иемнің рахымы түсіп, Ата райдан қайтып, оралдың ғой туған босағаға. Шүкір Аллаға! Тәубе! Құдай сені ғұмырлы қылсын! — деп көңілі бұзылып, бүгінгі әңгімесін аяқтағандай ишарат білдірді.

Мен де шешемді  әрі қарай әңгімеге тартпай, қайдағыны ойына салмай, айтқан әңгімесіне, көрген бейнетіне аяушылық білдіріп, қайткенде анамды бақытты етер екенмін деп ойға шомып, қиялым қияға қалықтап кетті. Иә, өмір біреуге көшкен керуен сияқты, бірге еріп кеткің келеді, өмір біреуге жұпар иісті сая бақ сияқты, кең тыныстап бақтан шыққың келмейді, өмір біреуге хайуандардың сойқанындай көрінеді, жайлы жер іздеп кеткің келеді. Алайда, не шара, өмір, өмір, өмір… адаспаған жөн.

Бүгінгі әңгіме осымен тәмам дегендей, шешем орнынан көтеріліп далаға шығып, кешкі тіршіліктің қамына кірісті.

Сөйтіп мен шешемнің қайратымен өз шаңырағымда екі рет дүниеге келгенмін. Екінші дүниеге келгенімде әкем мен шешем қалжа жасамағанмен көршілерді жинап, кішігірім той жасапты. Қуаныштан төбелері көкке  жеткендей мәз болыпты.

Осылай жазы мен қысы, бейнеті мен зейнеті араласқан жылдар жылжып өтіп жатыпты.

Тағы бірде шайға терлеп, бабына келіп отырғанда: «Апа (біздер кішкентай кезімізде шешемізді апа деп атайтынбыз), өткендегі әңгімелерімізді одан әрі жалғастырмаймыз ба»? — дедім.

Шешем: «Жалғастырамыз, қай жерде қалып едік»? — деп өзіме сұрақ берді.

Мен «Сапурадан кейінгі балаларыңды айтпадың ғой», — дедім.

— Балғасынның «Сүлеймен» деген базын қыстап шыққан жылы Перуза қарындасыңды, «Ақжар» қыстауын қыстап отырған жылы Майраны тудым. Майра туатын жылдың жазында Балым енем қайтыс болды. Бұл қыздар туғаннан кейін аталар мен енелерім бұрынғыдай билік жүргізбеді.

Ойлап отырсам, ендігілер бауырынан шыққан баласы түгілі қарыз сұрасаң ақша, қолдана тұруға бұйымдарын да бермейтін шығар. Біз басқа болыппыз. Шүкір Аллаға, арты қайырлы, бауырым түгел. Өмірде кісіге бала берудің керегі жоқ екен, соған көзім жетті, әркім өз баласымен болуы дұрыс. Бұны неге айтып отырғанымды, Қонысжан, өзің білесің, — деп біраз үнсіз отырды.

«Иә, неге айтып отырғаныңды білемін» деп, мен  де үнсіз ойға шомып кеттім. 1968 жылдың қараша айы болса керек, Ақтөбеде техникумда оқып жүрген Болатбайды Кеңес әскері қатарына алатын болды. Содан біздер, бір топ інілері Болатбайды әскерге шығарып салуға Шалқардың теміржол вокзалына жиналдық. Біздерден басқа ірі басты ағалар мен апалар, тума-туыстар көрінбеді. Содан ба екен білмеймін, Болатбай даусын көтеріп, әрқайсымызға былай болу керек, былай  болмау керек деп уағыз айта бастады. Неге екенін білмеймін, өзінен-өзі ызаланып, кіжініп сөйлеп тұр. Осы кезде ақ жаулығы желбіреген перронда тұрған шешеме көзім түсіп кетті. Болатбайға: «Саған апам келіп тұр, барып амандассаңшы», — дедім. Ол жалт қарап: «Сені кім шақырды, бар, кет!» — деп анама айқайлап жіберді (Себебі ол Әйтекеш атасының ерке баласы ғой). Менің жүрегім сыздап, бойым мұздап кетті. Ана жарықтық үнсіз, баяу бұрылып, ішкі дүниесі алау-жалау боп, жаулығының ұшын көзіне апарып, ақырын басып, көзден ғайып болды. Шалқардан біраз қашықтықта тұратын ананы алып келген не құдірет. Кім хабар берді. Белгісіз.

Әскер десе соғыс есіне түсетін, кешегі сұрапыл соғыстың санада өшпестей сіңіп қалған ызғары ма екен? Жо-жоқ, меніңше,  Болатбайды көруге алып келген ананың үлкен ақ жүрегі, басынан бір сыйпасам деген ананың аялы алақаны, ананың балаға деген махаббаты, ананың балаға деген мейірімі, ананың балаға деген қимастығы болса керек. Өле-өлгенше Болатбайдан апа-ау деген перзенттік мейірімді үнді естімей, мен Болатбайды туып едім деп те айтпастан өмірден өтті. Болатбай да шешем деп мойындамады. Не деген сертке беріктілік, дәстүрге адалдық, қайран қаламын. Марқұм анамнан осы арадағы сырды қанша сұрасам да айтпайтын. Болатбай да осы күнге дейін үнсіз.

Менің ойымды:

— Ой, шаңырағым-ау, құлыным-ау, — деген шеше даусы селт еткізді.

— Содан сенің мектепке баратын жасың келді. Майра туатын жылдың күзінде өзіміздің саны жағынан жетінші ауылдағы сегіз жылдық Сарқамыс мектебіне оқуға алындың. Алғашында интернатта жаттың. Интернат жағдайы қолайлы болмағасын «Қараталда» отырған атам мен енем (Әйтекеш пен Балбөпе) Саржағаға көшіп келіп  Болатбайды, Сәбираны, сені оқытты.

1964 жылы ұсақ колхоздар тарап, совхоздар құрылды. Үкімет 7-ші, 8-ші, 24-ші ауылдарды біріктіріп, «Жаңақоныс» совхозын құрып, біздерді осы совхозға қабылдап, малдан босатты. Себебі біз отырған жайлау жаңа құрылған «Ақтоғай» совхозына қарайтын болғандықтан біздер құм ішіндегі «Жаңақоныс» совхозының «Қаратал» базына көшуіміз керек болды. Осындай абыр-сабыр болып жатқанда, әкең ауырып қалада жатты. Оның үстіне марқұм қарындасың Перуза ауырып, жығылған үстіне жұдырық болды. Мен де Сапура мен Майраны алып қалаға келдім. Сөйтіп сен нағашы әжең Мерует екеуің жұртта қалып, мал-мүлікке ие болдыңдар. Бізге қамқор болып, қол ұшын беретін ешкім болмады, басшыларға да, қосшыларға да, тума-туыстарға да керек бола қоймадық. Қайтесің, тірі адам тіршілігін жасайды да. Анау-мынау адамның қолынан келе бермейтін әрекетті сен әжең екеуің жасадыңдар. Қыркүйек айының ортасы болса керек, әжең екеуің, екеуден екеу ешкімнің көмегінсіз сонау жүз шақырымдай қашықтықтағы «Жалғыз құдық» жайлауынан жолдағы «Құмқұдық» базына бір қонып, шойын жолдан аман-есен өтіп, Борсық құмы бойындағы «Қаратал» базына барлық малды шашау шығармай түйемен көшіп келдіңдер. Жұртта қалған мал-мүлкіңді жаңа ғана 13 жасқа толған қарғадай ұлың тәуекелге барып, көшіріп келіп жатса, қалай қуанбассың, қуанасың. Қалай шүкірлік қылмассың. Шүкір Аллаға! Сөйтіп сен кішкентайыңнан шаруақор болдың ғой, алтыным. Құдайым сені ғұмырлы қылып, бақытыңды ашсын, аман бол!

Үш жылдан кейін сен Сарқамыс сегіз жылдық мектебін бітіріп шықтың. Есіңде ме, Қонысжан, оқу керек, оқымаған қор болады дейтінім, оқымаған біз кім болып жүрміз. Қараңғымыз. Әкең екеуміздің өмірдің тәлкегімен ала алмаған білімімізді сен алшы, жарығым. Қалған оқуыңды Шалқардағы Ақмектепке барып жалғастырасың, жататын үйіңді белгілеп қойдым. Нағашы атаңның үйіне жатып оқисың. Сәмет інімнің балалары көп, дегенмен әкем есті адам ғой, келісті. Одан кейінгі жылды да анықтадым, Алла қаласа, Күнила сіңлімнің үйіне жатып мектеп бітіріп шығасың. Не болғанда да, сені мектеп бітірттіріп жоғары оқуға салуым керек. Сенен көп үміттенем, жинақы, қақпа құлақ, шаруақор, өмірге бейімсің, осы қасиеттерің сені бір жерден шығарады, — дейтін марқұм аяулы анашым, мені сонау келешектің алысына сілтеп. Мен де ана сөзінен қуаттанып, жігерленіп, қанаттанып кететінмін.

Осылайша менің балалық шағым Сарқамыс мектебінде және нағашыларымның ортасында, Шалқар қаласында өтті. Қазір ойласам, осындай дәрежеге жеткенім әкем мен шешемнің бойларындағы әкелік-аналық мейрімдерін сарқа бергенінің және ананың ақ сүті мен жүйелі түрде сіңіре берген тәрбиесінің арқасы ғой деймін. Сөйтіп, әкенің ақ сөзі мен ананың ақ тілегімен орта мектепті аяқтап, жол жүргелі жатқанда анам оңашалап қасына шақырды.

 ЖОЛ

Өмір-теңіз, онда жүзем демеңіз,

Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз.

                            Жүсіп  БАЛАСАҒҰН.

— Оқимын деп жол жүруге дайындалып жатырсың ба? — деп сұрады. Мен басымды изедім.

— Талабың қайырлы болып, жолыңа гүл бітсін! — Анам толқи үн қатты. — Ертең жол жүрерде қарбалас болады ғой деп, оңашада аналық ақ тілегімді айтайын деп әдейі шақырып отырмын. Мұқият тыңда, әр сөзімді санаңа құйып ал, — деді. Үнінде жаңағы толқудан гөрі, салмақты, жігерлі леп бар. — Үйден алғаш сыртқа шығып, орыс — қазағы, татар-башқұры, тағы да басқа ұлттары аралас тұратын шарлы қала Ақтөбеге бара жатырсың. Алда тағдырыңның саған қандай сый тартатынын білмеймін, бірақ қайда, қандай жағдайда жүрсең де, өзіңнің қазақ екеніңді, текті батыр бабаның ұрпағы екеніңді, алты отаулы Қожаберген атаның шөбересі екеніңді жадыңнан шығарма! Сен менікі болғаныңмен, елің үшін қызмет етуге талпын. Қимай отырмын, уайыммен дөңбекшіп түнімен ұйықтай алмай, таңға таяу көзім ілініп кеткен екен, көп ойлағандыкі ма, түсіме кірдің, құлыным. Жолың ақ болатын секілді, өзің де аппақ шатырдай болып киініп, көрген кісі қызықпай тұра алмайтын, өзіміздің ақ баталы «Ақайдар» інгенді жетектеп жүрсің. Жүрген жеріңде абыройлы да, бақытты боларсың деп жорыдым. Жаратқан Ием жар болып, қасиетті Тілеу баба рухы жебегей! Бабалар салған жолмен жүріп, елге қараған, жел өтіне тұрардай бір ұл болғайсың. Елің — шығар төрің, жерің жапырақ жаяр өрісің. Елдің киесін, жердің киесін ұмытпа. Біреудің намысын таптама, өз намысыңды басындырма. Адал, әділетті бол, құлыным. Бұл — бірінші тілегім, — деп үнсіз отырды да, сәлден соң:

— Артыңдағы біздерге алаңдама, алдыңа қара. Арманшыл жүрек алысқа, адамды кісіліктің кілтіне бастайды, ізгіліктің иріміне баулиды. Мамандық алып, еліңе қызмет ету парызың. Парызыңа адал болсаң халқыңа пайдаң тиеді, қатарыңнан қадірің артады, абыройың өседі. Осыған ұмтыл. Бұл — екінші тілегім.

Кез келген ата-ана дүниеге әкелген перзентінің ержетіп өскенін, тең құрбысымен бірдей өмірде өз орнын тапқанын армандайды. Сол арман-тілектің ең бір маңыздысы, Алла бұйыртса, сенің отбасын құрып, жалғаннан қыршын өткен марқұм Мәтжан атам көтерген, әкең жалғаған қарашаңыраққа ие болғаныңды көру. Болашақ келінімнің тәрбиесі мен мінезі, оның адамгершілігі, ақыл-парасаты сенен бұрын мені толғандырады. Себебі адам көбіне-көп  өскен ортасына, туған жеріне қарай бейімделетіні хақ. Сондықтан саған біздің ортамызға лайық, әкенің ақ сөзін тыңдап, зердесіне тоқыған, ананың ақ сүтінен нәр алған, қарапайым қазақ қызы тап болғай деп Алладан тілеймін. Бұл — менің үшінші тілегім. Осы тілектерімді орындауға талпын.

Қандай бір сәтсіз істеріме ұрысып, жекіп көрмеген, айналайыннан басқа ақыл да айтпайтын ақкөңіл, мейірбан анамның бұлайша ой айтып, төгіле сөйлеуі маған ерекше әсер еткені сондай, жан дүнием төңкеріліп түскендей болды. Осы сөздер мені ештеңе ойлатпайтын балалықтың базарынан жұлып алып, есейгендердің есігіне кіргізіп жібергендей әсер етті. Анам алдынан әлдебір үлкен жауапкершіліктің салмағын сезініп, ой құшағына оранып, сыртқа шықтым. Сол түні іштей Ана тілегін қалай да орындауға серт байладым.

Жаз кезінде, киіз үйдің сыртына төсек салып, далаға жататынбыз. Төсекте шалқамнан жатып, тұңғиық көк аспанға, жұлдыздарға ұзақ қарап, ойға шомып, алғаш рет анамды қалай қуантқаным көз алдымнан тізбектеліп, өтіп жатты. Әке-шеше денсаулығының нашарлығы мені ерте есейтті. Дүз жұмысына ерте араластым, жұмысқа икемдігім ерте байқалды. 16 жасымда яғни 1967 жылдың жазғы каникул кезінде, «Ақтоғай» совхозының Сарышоқыдағы №2 фермасын басқарып отырған әкемнің туған інісі Жанторы ағаға барып, шөп шабу науқанына қатысқым келетінін айтып жұмыс сұрадым. Әке-шешеме көмек болсын дедім. Түсінді. Талпынысым себеп болды ма, әлде жұмысшы күшінің жетіспеуінен, бір қолын екі ете алмай отырған шарасыздығы ма, қос тіркемелі (тележкалы) «Беларусь» (есімде кабинасына Шолпан деп жазған) тракторын беріп, Тұз базына шабылған шөпті тасисың деді. Ағаның бұлай сенім білдіруі мені аяқ астынан жігерлендіріп жіберді. Трактор жүргізуге құқым болмаса да, жүргізуді қызық көретін бозбалалық көңілім шалқып, әрі ауыл адамдары баласынбасын деп үлкен адамдарша іштей қайраттанып, техниканың кем-кетігін жөндеп, шөп тасуға шықтым. Атақты Мамай ата тамының күн батыс беткейіндегі Қызқырылған жазықтығына дейін созылған шабындықтан шабылған бос шөпті (ол кезде буып-түйетін пресс жоқ болатын) қашықтығы 20 шақырымдай жердегі Тұз базына  қос тіркемеге тиетіп, бастырықпен бастырып, таситынбыз. Мерзімді уақытында ағаның тапсырмасын орындап, алғашқы еңбек табысыма есептелген 75 сомды алғанда қуанышымда шек болмады. Ең бақытты күнім — шешеме алғашқы жалақымды шашудай шашып жинатқан күнім. Ондай рахатты, бақытты күйді содан кейін қайтып сезінген емеспін. «Мен жігіт болдым, әке-шешемді асырайтындай күйге жеттім, енді сендерді асырайтын мен боламын, мен бармын!» — деген бала сезім, бала мақтаныш кеудемді кернеп, анамды көтеріп айналғаным әлі есімде. Сондағы анамның толғана, көзіне жас ала тұрып айтқаны жадымда. Ол «алғашқы табысың киелі жердің, батыр баба рухы жатқан жердің шөбін жинаудан келді, отбасымызға ырыс дарыр» дегені. Нені ырым қылды, нені меңзеді?…

Иә, жер киесі демекші, менің анам Балғасын бойын ерекше кие тұтты. Себебі ескі заман жәдігері Балғасын мазары аңыз-әңгімелердің бірінде әулие адамға арнап тұрғызылған десе, екінші бір әпсана нұсқада қос ғашық Балым мен Қасым осы сай бойында жерленді деуі адамды ойға қалдырады. Одан сәл батысқа қарай жүрсең, батыр баба Мамай атаның зиратының алыстан мен мұндалауы, одан сәл оңтүстікке қарай бір бел ассаң, он екіде бір гүлі ашылмаған қызғалдақ теруге шыққан жас арулардың төтеннен болған қар аралас жауған «құралайдың» боранына ұшырап, тобымен қаза болған «Қызқырылған» жазықтығына табан тіреуің адамды сонау бір ескі заманның аңыз оқиғаларына жетелегендей әсер етеді. Бұл жер киелі болмаса жоғарыдағы аттары аңызға айналған тұлғалар неге жерленген, бай-билер неге жайлаған? «Қызқырылған» атауы қай заманнан келе жатқан әпсана әңгіме? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Алғашқы мектепке баратын жылы ғой деймін, қатты ауырыппын, даусым жоғалып, есім де кіресілі-шығасылы болыпты. Көпке дейін жазылмаппын. Ақсақалдардың кеңесімен әкем мен шешем Балғасын сайының бойына тәу ете барып, судан арлы-берлі үш рет өткізіп, сумен бірнеше рет ұшықтаған. Содан кейін құлан таза айығып кетіппін. Содан анам  Балғасын бойын жер киесі, су киесі деп мойындайтын. Қасиетінен сескенетін,  киесіне тәу ететін. Себебі жан басы да, мал басы да осы Балғасын бойынан көбейді. Ұлының осы киелі жерден тауып келген алғашқы табысын  көрші әйелдерімен бөлісіп, шашу шай жасап, олардың ақ көңілден жамыраса берген баталарына мені куә қылды.

Міне, содан бері елу жылдан астам уақыт өтті. Кеңес Одағы тұсында дүние есігін ашып, ата-бабалар армандаған тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатырмын. Шүкір, Аллаға. Талай жағдайды бастан кештім. Көрген қызықты кездер де, аяқтан қағып, көре алмаушылар да аз болмады. Алайда иілдім, бірақ сынбадым, намысымды басындырмадым, ананың тілегі алға жетелеумен болды. Қиналған сәттерімде анам алдымнан елес беріп, тілек сөздері құлағымда жаңғырады.

Осылайша ана тілегімен қуаттанған мен 1969 жылдың шілде айының 17-жұлдызында апам Лиманмен Ақтөбе қаласына келдім. Лиман апай пәтерге орналасуыма, құжаттарымды Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне тапсыруыма бас көз болды. Содан үйден шықпастан алғашқы болатын емтиханға бас көтерместен дайындалдым. Нәтижесі жаман болмады. Алғашқы сынақты бес деген бағамен бағындырдым. Алғашқысынан өткесін кейінгілері бәлендей қиын болмады. Содан мен тамыз айының 20-сы күні Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының студенті болып қабылдандым. Институтты, жұрттың алдына да шығып кетпей, артқы топта да қалып қоймай, орта қол кеудеде бітіріп шықтым. Институтты аяқтауға жақындағанда әкем мен шешем баяғы мені оқуға аттандырардағы тілеген тілектерінің бірі келін мәселесін, яғни келіншек алуымның әңгімесін кездескен сайын айтудан жалықпайтын. Түсінемін, жастары Пайғамбар жасынан асып кетті, бұлар  да ел қатарлы келін түсіріп, жас келіннің қолынан шай ішіп, біз  де келін түсірдік деп ел көзіне көрінгісі келеді де.

КЕЛІН

 Жақсы болсын тегі, заты: ұрығ

Пәк, ұятты, болсын жанның тұнығы.

Дұрыс үйдің қызын ал, қол тимеген,

Сенен өзге еркек жүзін көрмеген.

                                        Жүсіп БАЛАСАҒҰН.

Анам, ақ көңіл, ағыл-тегіл мырза, сауыққой, турашыл, тәуекелшіл, шапшаң, ашуланса қайтымы тез игі адам еді жарықтық. Арманы келін түсіру болғандықтан бір күні «Қарағым Қонысжан, енді бұлай жүре бергеннің сәні жоқ. Жасың болса жиырманың үстіне шықты, қатын алатын жастан өттің. Сондықтан ауылдағы Тәжетер Қарабаланың бірнеше қызы бар ғой, соның бірін келін етіп түсіріп ала қойсақ қайтеді», — дейтін қайран шешем. Маған ұнай ма, ұнамай ма, шаруасы жоқ, шешеме тек келін болса болғаны. Мен дереу жауап бере қоймағасын:

— Онда өзің білесің де? Не болғанда да, өзіміздің Шалқардың қызын ал, басқа жақтың қызын қайтесің, өзіңнің сөйлесіп жүрген қызың бар ма? — деп сұрақтың астына алып тергейтін. Мен де тек отырмай, «Неге тек қана Шалқардың қызын алуым керек, тәуір қыздар басқа елде де көп емес пе, бұйырған күні солардың біреуін әкелсем келін деп мойындамайсың ба?» — деп әрі қарай әңгімесін  қоздырып жіберетінмін.  Сонда:

— Құлыным-ау, тіпті-де олай емес, мал екеш мал да сырт жерді жерсінбей, туған жеріне тартып кетеді. Сол сияқты сырттан келген келін, кім біліпті, біздің елге бейімделе алмай, сені ертіп, қалаға кетіп қала ма деп қорқам да, —дейтін жарықтық әлі келіп түспеген келініне күдікпен қарап, бір жағынан, мені байқағысы келгендей пішін танытып.

—Ой, жарағым-ай, өмірде не болмайды? Неге уайымдамайын. Оның себебі бар. «Жақсы қатын жаман еркекті би етер, жаман қатын жақсы еркекті жүн етер» деген сөз бар. Бұл сөз текке айтылмаған. Саған келетін болсам, сен белден шыққан ер баланың кенжесісің, жөнің бөлек, көтеретін жүгің ауыр. Саған артар үмітім де, алдыңа қояр талабым да зор. Алдыңдағы ағаларыңа билігім жүрмеді, білесің. Азды-көпті көргенің бар, оқыған жігітсің, тұлғаң  да, ажарың  да бөтен емес, сондықтан келетін келінімді ағайын-жұрт «ай, ана Елеусіздің келініне қарамайсыңдар ма, неге сондай болмайсыңдар» деп үлгі тұтатындай болсын деп, екі күннің бірінде Жаратқан Иемнен тілеймін. Жыртық үйдің құдайы бар демекші, біз де керіліп көрік, едірейіп ел болайық  та. Иә, құдай, Қонысжанның өмірлік жарын саналы да ибалы қыла көр, — деп сөзінің аяғын баяулатып, күбірлеп кететін.

Көбіне мен шешеммен оңаша сыбырласып сөйлесетінмін. Бірде «бізді біреу тыңдап тұрған жоқ қой, неге әңгімеңді әр уақытта сыбырлап айтасың» десем: «Қайдам, бөрі жоқ деме бөрік астында, ауру жоқ деме ас астында, зорлық жоқ деме, залымның қолында, зорлық-зомбылықты көп көрген бізді қайтесің, біреулер естіп қалып, саған кесірім тиіп кетпесін деп жатқаным ғой жарығым» дейтін. «Дүниедегі ең жаман нәрсе біреудің кесірінен нақақтан-нақақ күйіп кету, сондықтан еш уақытта кесіріңді ешкімге тигізбе? Адам болған адамның кесірі болады. Ал біреудің кесірінен аулақ жүр. Сондықтан ертеңгі келіп түсетін келінім кесірлі болмай, келісті болғай, осы әулеттің жанып тұрған шырағы болғай деп күнде құдайдан тілеп жүрмін ғой. Келін түсіріп, сенен немере сүйсем деген арман ғой, Қонысжан. Сол арманға бізді тез жеткіз. Кім біліпті, әкең екеуміз де ауру-сырқаумыз, күннен-күнге жасарып келе жатқан жоқпыз. Құдайға шүкір, сенің үйлену тойыңа жұмсайтындай мал бар. Құда-құдағайларды елдің салт-дәстүрімен қайтара аламыз. Сен келінді институтты бітірген бойда ала кел, екі тойды бір жасап, мәре-сәре болып қалайық», —дейтін.

Сөйтіп жылдар жылжып өтіп жатты, күттірген 1975 жылдың 7 шілдесі де келіп жетті. Дәл сол күні Шалқар қаласында, бір ағайынның шарбағында (қалада жеке үйіміз жоқ болатын) үйші ата Әйтөре басқан алты қанат киіз үйге Зинегүл келін болып түсті. Зинегүл бойшаң, толқынды қою қара шашты, жазық маңдайлы, жайлы мінезді қыз. Осындай қызды келін қылып түсірген әкем мен шешемнің төбелері көкке бір елі ғана жетпей қалды. Шалқыған шатты көңіл, әкемнен гөрі шешемде ес жоқ. Асып-сасып, етегіне сүрініп, не айтып, не қойып жүргенін білмейді. Әйтеуірі, бір шексіз қуаныш.  Бүгін бұлардан бақытты жан жоқ.

Жас келінмен шешем тез тіл табысып кетті. Анам дала көңіл, көкірегінде иненің жасуындай да арамдық жоқ, аппақ, Зинегүл әзір жауап емес, үндемес, сөзге жауапты тауып айтады, жымияды да қояды,  шымшыма әзілді,  жайлы мінезді болды.

Бір күні  екеуі шай ішіп отырып, әңгіменің қызған шағында анам, «Қонысжанға баяғыда оқып жүргенде, Қарабаланың қызын ала қой дедім ғой, ол мені тыңдады ма? Ой-бой, сен одан артық болмасаң кем емессің, мен не айтып кеткенмін» деп ұялғаннан әңгімесін басқа жаққа бұрып жіберіпті. Зинегүл де бұндай сөздің ақысын жібермеген:

—Қап, ұлыңыздың Сізді тыңдамай мендей адамға тап болғаны қиын болған екен, — деп енесін сөзбен шымшып алыпты….

Тағы бірде 1981 жылдың жазы болса керек, үйленгенімізге бес жылдың жүзі болып қалған, Шалқардағы жаңа үйді салып жатқан кезім. Әке мен шеше жаз айларында өзіміздің Көкжидедегі жайлауға шығып кететін. Жұмасына бір рет әкем, не шешем бізге сусын әкеліп, өздеріне де керекті ұсақ-түйектерді қаладан алып кететін. Шешем келесі бір қалаға келе жатқанында, салынып жатқан үйге соғайыншы деп атының басын бұрады ғой. Келсе үйде Зинегүл жүр екен. Үйді аралап, неше бөлме болады, біздің бөлмеміз қайсы,  сендердікі қайсы деп сұрақтың үстіне сұрақ қойып, риза болып, үйдің екі басында екі есік болғанына таңданып (оның біреуі терезеге қалдырылған орын екенін шешем қайдан білсін): «Зинегүл, мына үйде неше есік болады?» депті. Енесінің сенгіштігіне әбден бой үйретіп алған Зинегүл, не дер екен деп «үйдің екі басында екі есік болады» депті. Сонда: «Бері кел, маған құлағыңды тос. Анау төр жақтағы есікті бекіттір. Мына есік бәрімізге жарайды, не керек екі есік, бәріміз бір есіктен-ақ кіріп шықпаймыз ба? Бұлардың тұқымы екі-үш қатыннан алған, күндердің-күнінде бәле болып жүрер» депті қайран менің дала көңіл анашым. Маған бұл жайды Зинегүл айтып, мен ішім талғанша күлдім. Сонда менің анашым балаша бұртиып, «сендерге сенім бар ма, ата дәстүрді жаңғыртамыз десеңдер, біздерде не шара бар сендерге қарсы тұратын?» дейтін.

Бірде қыстың кезі болатын, жұмыстан кеш келе жатсам, шешем шарбақта жүр екен. Мен кірген бойда: «Қонысжан тоқташы, ана сүйменнің даусын естіп тұрмысың?», — деді.  «Иә, естіп тұрмын». «Естісең, тап сол кешегі жоқ болып кеткен біздің сүйменнің даусы сияқты. Барып алып келейін бе?»  «Т-у-у-у, айдай болған анашым-ау, қайдағы жоқты айтып, қазір үйіне барып айтып жатсаң, жұрт естіп, мына Қонысбайдың шешесіне не болған деп күлер, одан да жүр үйге кірейік», — деп әзер көндірдім ғой шешемді.

Иә, бұл кешегі ала жіпті аттамаған заманның ұрпақтары, ұрлық-қарлық деген оларға өте жат қылық. Жарықтық, «ұрлап алғанша,  сұрап алмай ма» деп дала заңымен өмір сүрген анашым өзін-өзі жұбататын.

Бұл кешегі өткен замандағы аналардың көрген бейнеттерімен қатар қызықты әрекеттері де көп болмаса, аз болмайтын. Мен тек есімде қалғандарын ғана қағазға түсіріп отырмын.

Газеттен Асқар Сүлейменовтың анасы Айтоты мен Әбіш Кекілбаевтың анасы Айсәуле туралы оқығаным бар: Екі кейуана — Айтоты Айсәулеге тіктеп қарап: «Сен өзі байға тиіп пе едің?» дегені сияқты менің аналарымның арасында да қызықты әңгімелер жетіп артылады.

Бірде «Айшуақтан» қайтқанға көңіл айта келген енем Зағимен шай ішіп отырып, әңгіменің шарықтаған шағында, Зағи енем: «Құдағай, жаңағы садақадағы қойдың етінің дәмін байқадың ба?» деп сұрады. Шешем: «Иә, байқадым, өте дәмді екен, шамасы ащылы жерді жайлаған мал сияқты», — деді. «Дұрыс айтасың, тап сол мен әкелген қойдың еті», — деп Зағи енем етке ие бола салды. Сонда шешем: «Бәсе, өте дәмді-ау, сенің қойыңның еті болса болар», — деп екеуі бірін-бірі қоштап, мақұлдап, мәз-майрам болды. Иманды болғырлар! Ал, өздерінің сол үйде бас-аяғы бір сағат болғандарымен шаруалары жоқ. Бұл әңгімені тыңдап  отырған мен күлкіге көміліп, екеуіне «мына әңгімелеріңді менен басқа ешкім естімесін ұят болар» десем, екеуі бажырая қарап, жамыраса, «біз нені бүлдіріппіз» дейді. Ал келіп, күл… Жарықтық аналарым осындай болды.

Мені жұмысқа тұрғызған да, ақ жаулығын жайып, ақ батасын берген де анам болатын. Ол адамдармен тіл табысып сөйлескіш еді. Мен институтты бітіргесін бірден әскерге алынып, бір жылдан кейін елге оралғанмын. Жоғары білімді, әскер қатарындағы азаматтық борышымды өтеген, жинақы келген, қылшылдаған жас жігітпін. Алайда, маған Шалқар қаласынан жұмыс табыла қоймады. Маған ешкім қамқор болып, жол да сілтемеді, бәлендей ешкімге қажет те болмадым. Менің осылай бос жүгеніме анам марқұм арланды ма, әлде тума-туысқа көрсеткен қыры ма, қайдам, әйтеуір жұмысымды өзі бір сағатта шешті. Сөйтіп, аудандық оқу бөліміне әдіскер болып жұмысқа тұрдым. Қуанышта шек жоқ, жұмыстан келе сала, «Апа, мені қалай жұмысқа тұрғыздың? Өксікбай Тілеубергенов деген бастық қабылдап, біраз ақыл кеңесін айтты», — дедім. «Иә, жақсы болған екен, құтты болсын! Өксікбай өзі қабылдап отыр деп пе едің? Оның әйелі Сүйініш менің қыз кезімдегі құрбым болатын. Менің бір ауыз сөзімді жерге тастамай, сені жұмысқа тұрғызған сол Сүйініштің пәрмені. Көз көрген қайда да керек. Кезі келгенде бәрін де білетін боласың, тыныш жүр. Жолға шықсаң жолдасыңды тауып шық деген бар. Кім көрінгенге сырыңды аша берме. Өткендегі бір шаруаға бір емес, екі рет қасыңа адам ерітіп бардың, жолың болмады. Үшінші рет өзің бардың, іс бітті. Байқайсың ба, жолды, жолсыз адамдар болады. Сол қасыңа ерткен адамыңның жолы ауыр, ниеті де бұрыстау ма деп қалдым. Сондықтан қандай істе болмасын, қасыңа кімді ертесің, кімге ересің, алды-артыңды бағымдап, әліптің артын бағып, жеті рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс. Қызметіңді жақсы істе, адал бол, Құдай бақытыңды ашсын!» —деген ананың ақ  батасы, шүкір, осы күнге жеткізді.

Анам мақал-мәтелдерді өте көп білетін, өкінішке қарай, бәрін қағазға түсіріп алмаппын, тек есімде қалғандарын ғана хатқа түсіріп отырмын. Ол кісінің айтқан мақал-мәтелдерін осы уақытқа шейін басқа ешкімнен естімедім. Өзінің мырзалығынан ба екен: «Бәйбішенің жақсысы аузыңнан май ағызар, ер адамның жақсысы екі елді жарастырар», «Өзі жарымағанның сарқытын ішпе», «Дүз шаруа мұсылман емес», «Жүргісі келмеген сиырдың сигісі келеді», «Еркек дүздің көркі, қатын үйдің көркі», «Аттылыға еремін деп, жігіттің шабы айрылыпты, қатынға еремін деп, қыздың таңы айрылыпты», «Дамбалдың есебі көйлектен», «Төгіп-төгіп берсең, толып-толып несібе келеді» деп бес адамға бір қойдың етін толық асып беріп қарап отыратын. Сондай-ақ қызды ауылдарға қарата: «Ешкілі қой өреген, қызды ауыл өсекшіл» деп әңгіменің қай жақтан шығатынын нұсқайтын. Немесе «Ешкіге ерген түйедей», «Түйе қартайса тайлағына ереді», «Ит алған аққуда не сын бар» деп кейбір ағаларды қағып қалатын. «Ұл ынтығып өлсін, қыз тұншығып өлсін», «Ер сөйлесе бет ашылады, қыз сөйлесе ет ашылады» деп ар-ұятқа байланысты шектеуді сүйекке жеткізе айтып, жас келіндерге қарата  «Сүйегім шығатын шын отау, жапырақ жаяр өз үйім!», «Ішінен бала шықпай қатын кеңімейді» десе, ауыл кезбелеріне бағыттап «Орны жоқ жаманға есіктің алды төрмен тең», «Байғұстың күні боздаумен өтеді», «Ит боғынан қылшық шықпай қоймас» дейтін. Немерелері мен жиендерінің аналарына қарата «Қыздың баласы, балдан тәтті-ау анасы, ұлдың баласы қандай екен оның анасы» деп айналып-толғанатын.

Енесінің мінезін әбден тоқып, қалыптасып алған Зинегүл, оңаша отырғанда әңгімелескісі келіп, сыбырлап қана «Әже, білесіз бе?» деген. Әжесі де сыбырлап, «Нені» депті? Сонда Зинегүл әжесінің құлағына сыбырлап, «Қонысбайдың студент кезінде жүріп, алмай тастап кеткен әйелінен баласы бар, оны қайтеміз?» депті. Анам жұлып алғандай «Ұл ма?» депті. Зинегүл: «Ия, ұл, аты Нұрлан», — деп соғып жіберген ғой. «Құдай-ай, обал болған екен, өздері қайда тұрады? Қонысжанға білдірмей, шалға айтып, бір жабағы сойып беріп жіберейік. Қарындары аш болмасын. Нәті ер бала ғой, ертең ол да үлкен жігіт болып, Мәдимен табысып, оған аға болар. Сөйтейік, Зинегүлжан, қамданайық», — деп ағынан жарылған ғой менің адамға сенгіш анашым. Бұны естіген мен, ене мен келіннің оңаша әңгімелескендеріне,  керек жерінде бір-біріне әзіл-қалжың айтқандарына, олардың өзара түсіністікте болғандарына іштей риза болатынмын. Зинегүлге: «Байқа, әзілдеймін деп енеңді ренжітіп алып жүрме» десем: «Мәс-саған, әжем екеуміздің сіздер білмейтін бұдан да басқа қызықтарымыз аз емес, бірақ бәрін айтпаймыз, абзалы білмегенің жақсы» — дейтін.

Сөйтіп, менің аяулы анашым Зинегүл келінін осылай қиялында елестетіп, ойында армандап, өмірде көріп, келін қолынан шай ішіп, әңгіме-сыр шертісіп, сырлас-қимас құрбысындай болып, он жылдай бірге тұрып, өмірден озды.

Әкем мен шешем мені өз отбасымыздың шаруасынан гөрі, кісі шаруасын істеуге көп баулитын. «Ешкімге зияның тимесін, тек пайдаңды тигіз. Алғыс алған арымайды, қарғыс алған жарымайды. Сондықтан мұсылман баласы болғасын, тек жақсылық жасау керек, бұл шариғат бойынша үлкен сауап болады» деп отыратын. Сөйтіп мен аталарыма жағамын деп жүгендерін түйіндейтінмін, аналарыма жағамын деп келісін түйетінмін. Шешеме «бүгін ана әженің мәсісін, ана атаның ер-тұрманын, жүгенін түйіндеп бердім» деп мақтанатынмын.

Сонда анам «Жақсылық қылсаң сөйлеме, ысырап болар қылғаның, жамандық жасасаң көрінбе, еске түсер қылғаның» дейтін.  «Сені басқа біреу мақтасын, ал өзіңді-өзің мақтама. Ертең біреу естіп, Елеусіздің Қонысбайы мақтаншақ екен, маған кішкене қол ұшын беріп еді, соған әлдеқандай болып мақтанып жүр десе, қалай болады? Әрине, жақсы болмайды. Сондықтан үндеме, үндемеу үлкен күш, оған сенің шамаң жетсе» деп менің мінезіме байланысты сөзбен шымшып алатын, жақсылыққа баулитын. «Үндемеген үйдей бәледен құтылады,  демекші ұрыс-жанжалдан аулақ жүр. Ешкімнің жүзін сындырма, адамды налытпа» деп айтудан жалықпайтын жарықтық.

ОРЫНДАЛҒАН ТІЛЕК

Жаулығы шығар анаңның

Төбеде жүзген ақша бұлт…

Иә, ертедегі қазақ әйелдері көрмегенді көрді, бейнетті белшесінен кешті, олардың көз алдарынан кешегі зұлматты-зобалаңды, қасіретті де қайғылы жылдардың оқиғалары кетпейді. Соның салдары болса керек, анам марқұм дүниеде үргедектікпен өмір сүрді…

Заманның аумалы-төкпелі кезінде дүние есігін ашып, қиын-қыстау өмір кешіп, «әріп білмей қалған оқымысты» арлы, жарқын шешеден туғаныма тәубе деймін. Сол әріп танымаған ана аялап өсіргеніне дән ризамын, таң-тамаша қаламын. Мен барлық аналарды көре жүріп, өз анамнан ана болудың ерен үлгісін көрдім. Анамның ерекше ерлігі сол, ата-ененің айтқанынан шықпай, құрсағынан шыққан перзенттерін басқа ағайынға бала қылып беруі, сөз жоқ, үлкенге құрметтілікті, ата дәстүрге адалдылықты көрсетеді. Ата-енесінің көзінше әйелдік мінез танытпауы, жүрегін суырғандай, шекелері торсықтай ұлдарын алып бара жатқанда қыңқ етпеуі, ірі адамилықты, шапағатты да қайрымды ана екенін көрсетсе керек. Сондай-ақ, басқаның қасіретін қара басының қайғысындай қабылдайтын, қолында барын бөлісетін, бүгінгі барына шүкіршілік ететін, азға қанағат жасайтын, біреуге жақсылық жасаймын деп, басына бейнет тілеп жүретін кең пейілді ана еді. Осындай дарқан жүректі аналар қазір некен-саяқ.

Жарықтық «әкеңе зайыптық міндетімді толық атқардым ба екен» деп өзінен-өзі сұрап отыратын. «Сұрасаң жауап орнына бетіңе тесіліп қарайды ғой» деп отағасысынан жанын жадыратар сөз дәметсе керек. Баяғының әкелері әйелі түгілі балаларын да айналып-толғанбайтын болған, менің әкем солардың қатарынан  болатын.

Дәл осындай, Ана көрген мен «қазіргі замандағы оқыған, тоқыған, үлде мен  бүлдеге бөленген әйелдер неге нағыз ана бола алмай жүр» — деп ойлаймын. «Не болған біздің ұлтқа», — деп өзіме-өзім сұрақ қоямын. Сұрақ көп. Жарытып жауап таппайсың.

Әруақтарыңнан айналайын Домалақ-ана, Айша бибі, Сұлу, Бопай, Айғаным, Зере аналарымыздың ізі қайда кеткен деп ойға қаласың.

Марқұм Мәтжан атамның өсиеті, Балым әжемнің арманы 1935 жылы әкем мен шешемнің қара шаңыраққа ие болу рәсімімен орындалған. Аллаға шүкір, немерелерінен шөбере, шөберелерінен шөпшектер, жиендерінен жиеншарлар өсуде. Жұлдыздай ағып өткен Мәтжан атадан басталатын ұрпақ сабақтастығы әкенің белінен тараған ұлдарынан бастау алып, жапырақ жайып келеді. Шүкір Аллаға. Тәубе!

Иә, менің өмірім мен санамда өшпес із қалдырған, бұл жалған дүниеден өтіп, о дүниелік болған өзімнің анам Алмажанға «Сөнбегей, ана, шырағың, сен маздатқан ошақты, ұрпақтан-ұрпаққа  жалғағай, мың бір атты бәледен, жүз бір атты жаладан Жаратушы Ием сақтағай, ғайып ерен, қырық шілтен жебегей» деп тілек тілегім келеді. Тәңірім тілегімді қабыл қылғай!

Иә, әжелерім Балым мен Балбөпеге, нағашы әжем Меруетке, қайын енем Зағиға, сүйікті жеңгем Роза Әділбекқызына  рухани  қарыздармын.  Бұлар нағыз аналар еді, тіпті теңдесі жоқ десем артық айтқандық болмас. Дүниеден өтіп кеткен аналарымның жатқан жерлері жайлы болып, имандары тасып, рухтары пейіштің төрінде шалқығай! Қанатбай (Қонысбай) деген ұлының еске алып, осы жазған жазбасын  рухтарымен сезіп, күллі  әулетімізді  жебеп-желеп жүргей! Қазақ еліне Жаратушы Ием тыныштық беріп, ұлтымыздың ғұмыр керуенін мәңгілік қылғай!

Қанатбай ЕЛЕУСІЗҰЛЫ,

Ақтөбе қаласы.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті