Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Қараойлықтардың бастамасы — көп игіліктердің үлгісі

Дата: 17 октября 2017 в 21:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Қараойлықтардың бастамасы — көп игіліктердің үлгісі

Ауылды ажарландырып, көшелерді көріктендіру үшін жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржыға қарап отыру жарамайды. Тек бір жағадан бас шығарып ақылдасып, бір жеңнен қол шығарып білек сыбана кірісіп, ұйымдаса білсе ғана орындалмайтын жұмыс жоқ. Таяуда қараойлықтар осыны нық дәлелдеді.

Қалауын тапса, қай шаруаның да дөңгеленіп жүре беретінін өз ісінің нәтижесін көргендер біледі. Кеше ғана әкімдіктің атына мініп, сол ауылдың тізгінін ұстаған Сәкен Займолдин қызметін бірден ауылдың іші-сыртын тазалаудан бастады. Бұған дейін тазалығы жөнінде сын көтермей, жоғары жақтың да, келген қонақтың да сынына жиі ілігетін ауыл қазір өзгерді.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының айрықша маңызды жобаларының бірі — «Туған жер». Күні кеше ғана Ақтөбе қаласында республикада тұңғыш рет «Туған жер» республикалық форумы ұйымдастырылғаны белгілі. Облыс әкімінің оңды бастамасын орынды пайдаланып, Қараой ауылдық округі осы игілікті шараны алғашқылардың бірі болып жалғастырып, «Ауылым — алтын бесігім!» атты Ауыл күнін бір кісідей атсалысып, жоғары деңгейде өткізді.

Бұл игілікті шараға еліміздің өзге аймақтарында тұрып жатқан 300-ден астам қараойлықтың арнайы келуі біздің ұлттық бірегейлігімізді, туған жерге деген шынайы патриоттық сезімдерімізді айшықтай түседі.

Кезінде халқының еңбегімен облыста екі шаруашылықтың бірі болып Еңбек Қызыл Ту орденінің бірін иеленген «Жетікөл» кеңшарынан шыққан тұлғалар жетерлік. Солардың ізбасарлары, жанашыр жерлестері мен демеуші жастары ауыл әкімінің ұсынысын бірден қолдап, іліп әкетті. Бұрын көркею сатысында кенжелеп жүретін шалғайдағы ауыл аз уақыттың ішінде өзгелерден бір қадам ілгері түскендей болды.

Бүгінде өрісі мол, шөбі шүйгін Жетікөлдің кіреберісіндегі ауылдың аты жазылған әдемі стелла еріксіз көз тартады. Бұл да түлектердің туған ауылға деген қомақты алғашқы тартуы. Одан кейін кіреберіс көшенің иініне тағы да ауылдың аты жазылған белгі жасалыныпты.

Орталық көшені жағалай тізілген баннерлер әрлеп тұр. Мектептің алдындағы тізілген қазіргі заман талабына сай шамдар осы акцияның жемісі. Көшелердегі түнде жарықтандыратын шамдар да Ауыл күнінің аясында шешімін тапты. Ауылдың іші де, сырты да тап-тұйнақтай екені бірден аңғарылады.

Туған жерге келген қонақтар мен барша жерлестер алдыменен ауылдың Мәдениет үйі ауласына ағаш отырғызды. Бұл да өте дұрыс ұйымдастырылған шара еді. «Әкеден мал қалғанша, тал қалсын!» деген ғой.

Одан кейін ауылдық клубта әр жылғы түлектердің сыйлықтары көптің назарына қойылды. Олардың ішінде үстел теннисі, бильярд үстелі, домбыралар, музыкалық аппаратура, пневматикалық мылтық, спорттық құрылғылар мен көптеген қажетті құралдар жетерлік. Енді бұл мүліктердің игілігін ауыл жастары көріп, бос уақыттарын тиімді өткізетіндеріне сеніміміз мол.

Әлеуметтік нысандарды аралаған қонақтар Қараой мектеп-балабақшасының дайындаған шағын мерекелік шашуларын тамашалады. Қашанда ауылдың іс-шараларына белсене араласатын мектеп директоры Самал Қалдығұлова бастаған ұстаздар ұжымы Ауыл күніне ерекше дайындалғанын көрсетті. Одан кейін мерекенің негізгі шарасы саябақта болды. Киіз үй тігіліп, келгендер арнайы дайындалған дастарқаннан дәм татты.

Ауданымызды қаймағы бұзылмаған қазақы өңір десек, Жетікөл — ата дәстүрді мықтап ұстанған мекен. Қараойдың 1969 жылғы туған түлектері тәрбиелік мәні бар «Жас отау» аллеясын жасақтаған. Жас отбасылар көбейіп, ауылда балалы шаңырақтың саны арта берсін деген ниетпен ашылған отаудың алғашқы жұбы жас мамандар Айбек Майқанов  пен Махаббат Кенжебайқызына ауыл ақсақалы батасын беріп, лентасын қиды.

Ауыл күніне арнайы келген аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева осынау бастамаға үн қосқан қараойлықтарға жылы лебізін білдіріп, ұйымдастырушыларға алғысын айтты. Шетте жүрсе де, ауылдың дамуына үлес қосып жүргендерге аудан басшысы естелік сыйлығы мен Алғыс хатын тапсырды.

Одан кейін Қараой ауылдық округінің әкімі Сәкен Ғазизұлы ауылға ат терлетіп келіп, акцияға үлес қосқан азаматтар мен 1959-1988 жылдары туған әр жылғы түлектерді Алғыс хатымен марапаттап, естелік сыйлықтарын тарту етті.

Сырқаттанып жатса да, Ауылға деген сүйіспеншілігі орнынан тұрғызып, жасының үлкендігіне қарамай ауыл күніне қатынасқан ардагер ұстаз Мақсат Асанғалиев бұл шарада оқуда озат шәкірттерге 50 мың теңге көлемінде 3 оқушыға грант тағайындап, ауылдас інілерін бірге жұмылуға шақырды. Осы бастаманы 1973 жылы туған азаматтар бірауыздан қолдап, тағы 3 оқушыға грант тағайындауға көмек көрсететіндіктерін жеткізді.

Ал Ауыл күнінде сөз алған облыстық «Энергосистема» ЖШС-ның бас инженері Марат Аманғалиев та ауылдың шаруасына атсалысуға әрқашан дайын екенін жеткізді. Саябақта ауылдың тарихы туралы мәліметтер мен деректер бұрышы қойылған. Онда елге қызмет еткен жандар мен тұлғалар, ауылдың өткені туралы мағлұматтар берілген. Осы орайда туған жердің түлегі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінің аға оқытушысы Жандарбек Иманшиев болашақта жарық көретін «Жетікөлім — атамекенім» атты энциклопедиялық кітабының жобасымен таныстырып, ой-пікірімен бөлісті.

Сондай-ақ шарада ауыл әкімі С.Займолдин мен «Қобыланды» ЖШС-ның директоры М.Мәлібаев меморандумға қол қойып, ауылдық округке құны 8 млн теңге тұратын заман талабына сай жасанды жамылғылы спорт алаңын салып беру мәселесі келісілді. Шарада ауылға қомақты үлес қосқан барша түлектерге Елеусін Көпбаевтың арнайы жазылған «Ауыл жайлы», «Алғыс өлең» арнаулары көпшіліктің көңілінен шықты.

Ауыл күніне арналған мерекелік концертпен қатар арқан тартыс, қошқар көтеру ойындары мен волейболдан аудан біріншілігі өтіп жатты. Ақ тілектер тойханадағы түскі ас үстінде де жалғасты. Онда аудан әкімінен бастап, қонақтар, ауыл үлкендері, әр жылғы туылған түлектер ыстық аспен бірге өздерінің жүрекжарды ықыластарын да білдірді.

Ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Ғ.Займолдаұлы ауылдық округтің әлеуметтік нысандарын жаңғырту мен кәсіпкерлік саланы дамыту бойынша ұсыныстар айтты.  Ауылдың тамырына кәдімгідей қан жүгірткен акцияның алғашқы бастамасы осылай өтті. Көп риза, көңіл тоқ. Азаматы бар ауыл ешқашан азбайды. Ауыл әкімі Сәкен Ғазизұлы ауылдастарына дән риза. Себебі, оның айтуынша, ауылда патриот жандар көп.

Жалпы «Ауылым — алтын бесігім!» атты форум аясында 1959-1988 жылдары туған түлектер 7 миллион теңге көлемінде ауылдың көркеюіне қомақты үлестерін қосты.

Бұл шара әлі жалғасын тауып, 1986 жылы туған азаматтар тарапынан ауылға кіреберіске бәйге алаңын жасақтауды және 1976 жылы туған азаматтар заман талабына сай хоккей кортын жасақтауды қолға алмақ.

 

Самат НАРЕГЕЕВ,

Ойыл ауданы.

 

 

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті