Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Қойнауы құтты Қобда бұл…

Дата: 17 октября 2017 в 21:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Қойнауы құтты Қобда бұл…

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қоғамдық сананы жаңғыртуға қозғау болып, еліміздің рухани өмірінде үлкен серпіліс тудырды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған жарқын істер мен жаңғырулар бүгінгі күні біздің ауданымызда да көрініс табуда.

Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағытында жоспарланған ірі жобаларымыз жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі —  ауданда өткізілетін «Құт қонған Қобда» атты ауқымды аудан күні.  Бұл мерекеге киелі Қобда жерінен шыққан, осы елде қызмет етіп, еңбегі сіңген 200-ден аса адам республикамыздың түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелдерден келіп, қатысады. Мерекелік шаралар аясында жаңа ғимараттар пайдалануға беріліп, «Ұлы дала дарабоздары» атты ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін этнофестиваль ұйымдастырылады. Келешекте осындай этнофестивальді екі жыл сайын облыстық, республикалық деңгейде дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр.

Қобда — батырлар мекені, құт қонған, берекесі тасыған, ынтымағы жарасқан қасиетті өңір, облыста әлеуметтік-экономикалық жағынан тұрақты дамып келе жатқан аудандардың бірі.

Биыл ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 0,3 пайызға артып, 1,8  млрд теңгенің өнімі өндірілді. Аудан экономикасына 2 млрд 738 млн теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26,9%-ға артық. Сондай-ақ ауданда 9 айдың ішінде 403,1 млн теңге салық түсіріліп, өткен жылмен салыстырғанда өсім 49,3 млн теңгені (113,9%) құрады. Аудан бюджеті 2016 жылы 3,9 млрд теңгенің құраса, 2017 жылғы көрсеткіш —   4,5 млрд теңге. Биыл ірі жобалардың жүзеге асырылуы нәтижесінде аудан бюджеті 6,5 млрд  теңгеге жетті.

Жалпы аудан бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 600 миллион теңгеге артты. Сондай-ақ қосымша трансферттер арқылы 2 миллиард теңге бөлініп, қаржы құрылыс жұмыстарына пайдаланылды.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдауды ауданымыздың шаруа құрылымдары белсенді пайдаланып, қарқынды жұмыс жасауда. Аудандағы 336 шаруа құрылымының 129-ы мал шаруашылығымен айналысады. Оның төртеуі асылтұқымды мал өсіреді.

Биылғы жылы «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары артығымен, ал «Алтын асық»  бағдарламасы 22,2%-ға орындалды. 522 асылтұқымды ірі қара, 509 қой сатып алынды. Асылтұқымды жылқы сатып алуға құжаттар жинақталуда. Шаруашылықтарды ірілендіру, оларды дамытуға қолайлы жағдай жасау мақсатында 18 өндірістік кооператив құрылды,    оның біреуі сүт өндірумен, үшеуі өсімдік шаруашылығымен, 14-і аралас бағытта жұмыс жасайды. Есепті мерзімде 273 тонна ет, 140 тонна сүт, 155 тонна көкөніс өнімдері  өндірілді. Аудан бойынша барлығы 30 582 гектар алқапқа егіс егілді. Оның ішінде     10813 гектары — дәнді дақылдар.

Биыл ауданда 12 065 тонна астық алынды. Егістік саласын әртараптандыру мақсатында 59 гектар жерге бұршақ тұқымдас дақылдар егіліп, оның әр гектарынан 20 центнер өнім алынды. Жиналған дақылдың мөлшері — 120 тонна.

Ауданға Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары қоныс аударып, олар суармалы егіншіліктің жаңа әдістерін енгізіп, бау-бақша егумен айналысуда. Жыл сайын күздік дақылдардың егіс алқабы ұлғайтылып, бүгінгі күні 2270 гектар жерге күздік дақылдар егілді. Атап айтсақ, 2040 гектарға бидай, 230 гектарға қара бидай егіліп, келесі жылға 859,5 тонна тұқым құйылды. Қысқы маусымға 191 мың тонна мал азығы дайындалып, жоспар 105 пайызға орындалды. Мал азығын дайындау мақсатында көлтабанды жерлердің аумағы ұлғайтылып, бұрынғы гидроқұрылғыларды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Жоспарға сәйкес, «Әлия» су қоймасының, «Ақбалшық», «Жарық» гидроқұрылғыларының құрылысы аяқталғаннан кейін көлтабанды суармалы жерлердің аумағы 10 000 гектарға дейін ұлғаяды. 12 шаруа қожалығының 2300 гектар  суармалы алқабын қалпына келтіру үшін инфрақұрылым тартуға жобалық-сметалық  құжаттар дайындалуда. Суармалы жерлерді игеруді көздейтін ірі инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.

Ауданда дәстүрлі емес шаруашылық түрлерін дамыту бағытында бүгінгі күні кәсіп иелері  сүтті бағыттағы ешкі, сондай-ақ қоян, бөдене, қаз,үйрек, бал арасын өсірумен айналысуда. Көлдер кәсіпкерлердің қарамағына беріліп, оларға биыл 46 мың дана балық  жіберілді. Ауыл шаруашылығы саласынан аудан экономикасына 168,8 млн теңге инвестиция тартылды. Жалпы бұл салада өндірілген өнімнің көлемі — 10 млрд 388 млн теңге.

Бүгінгі күні ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді. Бұл салада 1125 құрылым тіркеліп, олар мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсібін дамытып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қызмет жасап жатыр.

«Ерім деген ел болмаса, елім деген ер қайдан болсын» демекші, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Ақтөбе қаласында кәсіпкерлермен кездесулер өткізіп, «Қобда жерлестерін шақырады» атты форум ұйымдастырылды. Нәтижесінде биылғы жылы  ауданда ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, мейрамхана-қонақүй кешені, заманауи кемпинг, жанар-жағармай және газ құю бекеттері, дүкендер, әсемдік салоны, тігін шеберханасы салынып, пайдалануға берілді.

Кәсіпкерлік саласында жүзеге асырылған жобалар арқылы ауданға жалпы құны 800 млн  теңге инвестиция тартылды.

Ауданда әлеуметтік сала бойынша жаңа ғимараттар салынып, халықтың игілігіне берілді.  Мәселен, жалпы құны 760 млн теңгені құрайтын 320 орындық  білім ордасы бой көтерді. Бассейні, спорт, фитнес залдары бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. 42,7 млн теңгеге Жарсай негізгі және Жаңаталап орта мектебі, 52 млн теңгеге Жарық орта мектебі күрделі жөндеуден өткізілді. Талдысай ауылдық клубы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.

Жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, ауданның осы бағыттағы мол мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мақсатында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған күніне орай «Айбын» әскери-патриоттық, мәдени-спорттық шарасы ұйымдастырылды. Бұл шараны алдағы уақытта облыстық, республикалық деңгейде дәстүрлі түрде жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.

Ауданда тұрғындардың 26,7%-ы спортпен шұғылданады. Ұлттық спорт түрлерін дамыту, спортпен шұғылданатын тұрғындардың санын арттыру мақсатында елді мекендерде қазақ және еркін күрес, футбол бөлімшелері ашылып, волейбол, жеңіл атлетика, еркін күрес, шаңғы сияқты спорт түрлерінен облыстық деңгейде жарыстар өткізілді.

Қобда орта мектебі жанынан 17 миллион теңгені құрайтын көпсалалы хоккей корты салынып, мектептерге 5,0 миллион теңгеге хоккей ойыны құралдары мен шаңғылар сатып алынды. «Street WorkOut» жаттығу алаңы жасақталды.

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында  Жарық ауылында «МБТранс» ЖШС басшысы Б.Мұқанов 12 миллион теңгеге спорт алаңын салып берді.

Ауданда биылғы жылы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жалпы құны 475 млн теңгеге 15 ірі жоба іске асырылды. Атап айтсақ, 201 млн теңгеге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Терісаққан, Бестау және Талдысай ауылдарында 3 емдеу мекемесінің   ғимараты және 40 млн теңгеге Қобда  гимназиясы мен дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне жол салынды, 234 млн теңгеге демеушілердің көмегімен көшелер абаттандырылып, тротуарлар, скверлер салынып, ескерткіштер орнатылды.

Биылғы жылы аудандық аурухана және Әлия ауылындағы амбулатория газ желісіне қосылды.

Аудан орталығында  204 млн теңгеге 3 екі қабатты тұрғын үй құрылысы басталды. Есепті мерзімде барлығы 49 үй бой көтерді.

Ауданда үй салу үшін жер алуға кезекте тұрғандар жоқ. Барлық жер телімдеріне қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылды. Ауданның 10 елді мекені орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылып, тұрғындардың 64%-ы таза ауыз сумен қамтылды.

Биылғы жылы Бестау, Терісаққан ауылдары да таза ауызсуға қол жеткізеді, Білтабанов атындағы және Талдысай елді мекендерінде келесі жылы су құбырлары тартылады. Аудан газ желісіне қосылып, халық өркениет игілігін көріп отыр. Бұл аудан дамуының тынысын кеңейтіп, экономикаға ерекше серпін берді. Бүгінгі күні тұрғындардың 50%-ы  көгілдір отынмен қамтылып отыр. Келесі жылы Калиновка, Бегалы, Егіндібұлақ, Білтабанов ауылдарына газ желісін тарту жоспарланып отыр.

Биылғы жылы аудан орталығының көшелері, Талдысай ауылына кіреберістегі жол жөндеуден өтті. Қобда кентінің Әбілқайыр хан және Астана көшелері көгалдандырылып, жарықтандырылды. Молдағұлова, Сейфуллин, Құрманов көшелері күрделі жөндеуден өткізілді. Келер жылы Тайманов, Колесников, Иманов көшелеріне асфальт төселеді. Аталған жұмыстар ауданның тіректі елді мекендерінде де жүргізілді.

Шежірелі тарихы, ұлы батырлары мен тарихи маңызы зор сәулет ескерткіштері бар өңіріміз — туризмді дамытуға бірден-бір қолайлы аудан. Киелі өлкемізді мекен еткен ата-баба рухына тағзым ету, ұлы дала батырларының, тәуелсіздік үшін күрескен ерлердің есімдерін есте қалдыру, ұрпаққа үлгі етіп көрсету мақсатында аудан орталығында мемориалдық кешен салынып, саябақтар мен скверлер жасақталды.

Жалпы биылғы жыл ауданымыз үшін рухани маңызы бар жобалар іске асырылған,  серпілістің, жаңалықтардың жылы болды. Саябақтар қайта жарақтандырылып, «Отан-Ана», «Мәңгілік ел» саябақтары халықтың игілігіне берілді.

Көптен бері қалың жұрттың ойында, халықтың көкейінде жүрген іргелі істер жүзеге асырылып, тұғырлы тұлғалар — Қобыланды мен Алтай батырлардың, Исатай Тайманұлы мен Әлия Молдағұлованың ескерткіштері орналастырылып, скверлер жасақталды.

«Мәңгілік Ел» мемориалдық кешеніндегі Батырлар алаңында, Тәуелсіздік алаңында тарихтың тереңінен келген, ұрпаққа мирас болар бабалар ерлігі тарихи таснамалар ретінде бой көтерді. Кешендегі мен мұндалап атой салған Ұлы Дала батырлары, сегіз Кеңес Одағының Батыры, Қасірет мемориалындағы қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандары, ауған соғысында, бейбіт кезеңдегі қақтығыстарда қаза тапқан жауынгерлер барельеф топтамасынан үнсіз тарих сырын ашқандай.

Әр таснама өз кейіпкерінің «тар жол, тайғақ кешуінен» сабақ алардай әсер қалдырады. Ұлы Отан соғысынан оралмаған 2388 боздақтың, 261 қуғын-сүргін құрбанының есімдері тізім бойынша қашалып жазылды.

Мемориалдық кешен — ауданымыздың еңселі тарихи орны, Қазақстанның әр жылдардағы тарих жолдарынан сыр шертіп, ұрпақтары тәу етер алаңы. Тағзым алаңында жас ұрпақ өкілдері әр замандағы тарихи тұлғаларға, бүгінгі бейбіт күніміз үшін күрескен ата-бабаларына өз ризашылығын білдіреді. Жаңа алаңдар мен тізіммен берілген тағдырлар адамға ой салып, небір өтпелі кезеңнің тарихын көз алдыңа келтіреді. Тарихи таснамаларға қарап, жастарымыз отансүйгіштік сезімге толы рухани азық алары сөзсіз.

Саябақтағы Рәміздер алаңында ел тәуелсіздігінің символындай болған елдігіміздің нышандары орналастырылып, көк байрағымыз бейбіт аспанда желбірейді. Мемориалдық кешен аумағында аудандық мұражайдың жаңа ғимараты бой көтеретін болады. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында көрініс тапқан мақсаттарға сай «Мәңгілік Ел» мемориалдық саябағы батырлар мекенінің даңқты беттерінен сыр ақтарып, еліміздің баянды болашағы жолында құрбан болғандардың рухына тағзым ететін ордалы орынға айналары сөзсіз.

Аудан орталығында ашылған тұрғындардың отбасылық демалыс орнына айналған «Отан-Ана» саябағына жарық шамдар мен түрлі сәулеттік мүсіндер ерекше көрік беріп тұр. Саябаққа ақ қайың, шаған, терек, үйеңкі талдары мен көшеттер егіліп, тас төселді. Саябақтың кіреберісі мен шығатын тұсына алып аркалар орнатылды. Сәнді сахна, орындықтар, балалардың ойын алаңдары, әсем субұрқақ саябаққа ерекше сән беріп тұр. Көрікті саябақ ішіндегі аллеялардың терең мән-мазмұны қобдалықтардың рухани сұраныстарына сай келді. Бүгінгі күнге дейін Қазақстанның астанасы болған қалалардың атаулары жазылған жері кең, қойнауы бай тәуелсіз еліміздің картасын бейнелейтін кіші сәулеттік форма орналастырылған аллея еліміздің жаңа буынына ерекше әсер етері анық. Жас ұрпақтың отансүйгіштік, елжандылық сезімдерін оятып, терең тарихымен, мәдениетімен, өнерімен, әдебиетімен, тұлғаларымен әлемге танылған тәуелсіз Қазақстанға деген мақтанышын нығайтады.

Саябақта барлық аналардың құрметіне «Аналарға тағзым» аллеясы ашылды. Сондай-ақ

қобдалық Айнұр Сүлейманова мен оның сүйіктісі Болат Кәрентаев құрметіне ескерткіш қойылып, «Махаббат аллеясы» орнатылды.

Қобда күндері аясында «Отан-Ана» саябағындағы «Әлия» аллеясында батыр қыздың ескерткіші қойылды. Саябақ бүгінде қобдалықтардың сүйікті демалыс орнына айналды. Әдемі алаңда мерекелік шаралар, әсем кештер мен ойын-сауықтар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Сонымен қатар ауданның мақтанышы болған тарихи-сәулеттік ескерткіштер де күрделі жөндеуден өтті. Атап айтсақ, Қобыланды батыр кесенесінің қабырғалары қызыл гранитпен қапталып, іші жаңғыртылды. Батырдың ұрпағы «Саутс-Ойл» компаниясының президенті С.Сейтжановтың демеушілігімен кесене жанынан туристерге арналған қонақүйдің құрылысы басталды. Абат-Байтақ кесенесінің аумағы абаттандырылып, зиярат жасайтындар үшін кесене мен түнек үйі арасындағы жолға тас төселіп, қорымның аумағы қоршалды.

Аудан аумағында арнайы туристік маршрут бекітіліп, тарихи орындарды, оларға баратын жолдарды жөндеу, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Абат-Байтақ, Исатай Тайманұлы кесенелеріне баратын автомобиль жолдары құрылысының және Бұлақ ауылына кіреберістегі жолды күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалды.

Айта кету керек, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында киелі орындар тізбесіне енгізілген ауданымыздың тарихи орындарына келуші туристік ағын жылдан-жылға ұлғаюда.

Бүгінде аудан орталығының келбетіне әр беріп тұрған аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен, өңірдегі ұстаздардың демеушілігімен жасақталған сквердің де тәрбиелік маңызы зор. Бұл скверге абаттандыру жұмыстарын жүргізуде спорт саласы қызметкерлерінің, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жаттықтырушыларының қосқан үлесі ерекше.

Сонымен қатар аудан орталығының кіреберісіне сәулетті арка орнатылып, батырлар елінің ерлікке толы тарихын бейнелейтін стелла қойылды. Аудан әкімдігінің қасбеті күрделі жөндеуден өткізіліп, бүгінде сәулетті ғимаратқа айналды. Орталық алаңдарға, мекемелердің алдына тас төселіп, көшелерге тротуарлар салынып, кіші сәулет формалары, бағдаршам, аялдамалар орналастырылып, көшелер жарықтандырылды.

Аудандық мекемелер мен ұйымдар, спорт, музыка мектептері, ардагерлер ұйымы типтік ғимараттарға көшіріліп, қызмет жасауға қолайлы жағдайлар жасалды.

Санамызды жаңғыртып, тарихымызды түгендеп, батырларымыздың ерлігін саралап, қастерлеу — болашаққа бағытталған жасампаз тірлік. Кешегі тарихтан нәр алып, бойын ата-баба ерлігіне деген құрмет сезімі билеген, ұлағатты тәрбие алған ұлы бабалардың ұрпағы ғана жарқын болашақты жасай алады.

Әр уақыттың сол заманда өмір сүрген перзенттеріне жүктейтін өзіндік міндеттері бар. Алдыңғы толқын ағаларымыз ауданымызды бүгінгі дәрежеге жеткізу жолында орасан зор еңбек сіңірді. Солардың сара жолын жалғастырып, аудан тарихының жарқын шежіресін жасау бүгінгі ұрпақ, яғни бізге міндеттеліп отыр. Туған өлкеміздің өткені, шежірелі тарихы, ел қорғаған батырлары, тәуелсіз еліміздің еңсесін тіктеуге ерен еңбек еткен тұлғалары туралы мәліметтер жинақталып, «Құт қонған Қобда» атты кітап жарық көрді. Ауданның өрелі өткені мен бақытты бүгінгісін сипаттайтын кітаптың өскелең ұрпақтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастыруда орны ерекше.

«Елдің тойы — қазына» дегендей, туған өлкемізде рухани жаңғыру шараларын жүзеге асырып, ел-жұртпен ізгі жаңалықтарымызды бөлісу үшін «Құт қонған Қобда» аудан мерекесін ұйымдастырып отырмыз. Бұл шара ерте заманнан келе жатқан ескі тарихымызды зерделеп, өскелең ұрпақты туған жердің тағылымымен сусындатып, отансүйгіштік, елжандылық рухта тәрбиелеуді, тарихи сананы қалыптастырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруды көздейді.

Шара барысында ауданның өсіп-өркендеуіне, дамуына ерекше үлес қосқан азаматтар «Ауданның құрметті азаматы», «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталады.

Жоғарыда аталған ауқымды жұмыстар қобдалықтардың ауызбіршілігінің, ынтымағының арқасында жүзеге асырылды. Сондықтан қолға алған істерімізге қолдау көрсеткен аға ұрпақ өкілдеріне, ауданның өсіп-өркендеуіне, елді мекендердің көркеюіне үлес қосып, демеушілік көрсеткен, қол ұшын созып, көмектескен кәсіпкерлерге, барша жерлестерге үлкен алғысымды білдіремін!

Қасиетті Қобда жерінің тұрғындары облыстың, оның ішінде ауданның өркендеуі және дамуы жолында алдағы уақытта да лайықты үлес қосады деп сенеміз.

Мейрамбек Шермағанбет,

Қобда ауданының әкімі.

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті