Facebook |  ВКонтакте | Город Алматы 
Выберите город
А
  • Актау
  • Актобе
  • Алматы
  • Аральск
  • Аркалык
  • Астана
  • Атбасар
  • Атырау
Б
  • Байконыр
Ж
  • Жезказган
  • Житикара
З
  • Зыряновск
К
  • Капчагай
  • Караганда
  • Кокшетау
  • Костанай
  • Кызылорда
Л
  • Лисаковск
П
  • Павлодар
  • Петропавловск
Р
  • Риддер
С
  • Семей
Т
  • Талдыкорган
  • Тараз
  • Темиртау
  • Туркестан
У
  • Урал
  • Уральск
  • Усть-Каменогорск
Ф
  • Форт Шевченко
Ч
  • Чимбулак
Ш
  • Шымкент
Щ
  • Щучинск
Э
  • Экибастуз

Күйдің пірі — Қазанғап

Дата: 20 ноября 2017 в 00:52 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

17-18 қараша күндері Ақтөбе қаласындағы Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда Қазанғап атындағы «Ақжелең» халықаралық күйшілер байқауы өтті.

 БАС ЖҮЛДЕ — ЕРБОЛАТТА!

Байқауға Ресей Федерациясының Хакасия Республикасынан, Өзбекстаннан, сондай-ақ Астана, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай, Семей, Ақтау, Орал, Ақтөбе қалаларынан 25-ке жуық үміткер қатысты.

Үш кезеңде қатысушылар Қазанғаптың «Көкіл», «Торы жорғаның бөгелек қағуы», «Құс қайтару», «Домалатпай», «Шырылдатпа», т.б. күйлерін, сондай-ақ қосымша өздері қалаған күйшісінің бірнеше шығармасын орындады.

Байқауда қазылар алқасына ҚР Мәдениет қайраткері, қазанғаптанушы, күйші, «Көкіл» мектебінің директоры Әбдулхамит Райымбергенов бастаған ҚР еңбек сіңірген артисі, күйші, композитор Тұрар Әліпбаев, «Қазақстан» ұлттық арнасының продюсері, өнертану ғылымының кандидаты Сағатбек Қалиев, Хакасия Ұлттық оркестрінің жетекшісі, Н.Катанов атындағы Өнер институтының оқытушысы Людмила Кирбижекова, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы домбыра кафедрасының меңгерушісі Сәлімгерей Садықов, қазанғаптанушы Нұрболат Жанаманов, күйші Жайлау Асылхановтар мүшелік етіп, үш кезең бойынша жеңімпаздарды анықтады.

Сонымен қатар байқаудың алғашқы күні белгілі дәстүрлі күйшілер мен қазанғаптанушылардың қатысуымен «Күйдің пірі — Қазанғап» атты концерт өткізілді. Онда қарт күйші Жұмабай Жансүгіров бастаған Әбілахим Шаншаров, Саламат Нұрмағанбетов, Дүйсенбай Ешмұқановтар, сондай-ақ жергілікті күй өнерінің майталмандары ортада өнер көрсетіп, көпшілікке әсерлі кеш сыйлады.

Байқаудың марапаттау рәсімінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, қазылар алқасының мүшелеріне облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің атынан арнайы Алғыс хаттар табыс етті.

Салтанатты шарада қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Алматы қаласынан келген Ерболат Хайроллаев жеңіп алды. І орынды ақтөбелік күйші Талап Хамзин мен Семей қаласынан келген Дарын Құдайбергенов, ІІ орынды Хакасия Республикасынан келген Юрий Шалгынов, қостанайлық Мәдина Даненова, Қарақалпақстанның Нөкіс қаласынан келген Динара Нұратдинова иеленді. Ал жүлделі ІІІ орын қос алматылық Ерсұлтан Балғабаев пен Нұрлыбек Нажекеновке, сондай-ақ ақтөбелік Жалғас Болатұлына бұйырды.

Бұдан бөлек қазылар алқасының мүшелері Қазанғап күйлерін нақышына келтіріп орындаған төрт қатысушыға Бақыт Басығараев, Жұмабай Жансүгіров, Жәлекеш Айпақов, Сәдуақас Балмағанбетов атындағы арнайы жүлделерді табыстады.

Марапаттау рәсімінде қазылар алқасының төрағасы Әбдулхамит Райымбергенов жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтап, көрерменге ыстық ықыласын жеткізді.

— Байқау деген — бұл бір сәт. Мұнда біреудің бағы жанады, біреудің аты озады. Ең бастысы — мұнда күйшілердің бір-бірімен танысуы, араласуы. Сондықтан келген барлық қатысушылар, күйшілер үлкен жүлдеге лайық. Мен барлығыңызды құттықтаймын. Сіздердің ең үлкен жеңістеріңіз — Жұмабай сияқты ақсақалдың батасын алу. Себебі ол кісінің ақ тілегі кез келген дипломнан артық деп ойлаймын.

Осы жерде айта кетейін, бүгінде жасы 90-ға жетіп қалған күйшінің репертуарында Қазағаптың 40-тан астам күйі бар. Мен соңғы рет Жұмабай атаның үйіне барғанда ол кісі таңертеңгі 9-дан түскі 13.00-ге дейін тапжылмай отырып, қозғалмастан қатарынан 85 күй тартып берген еді. Сондықтан бұл кісінің батасын алу — ең үлкен жеңіс әрі жетістік. Бүгінде орындаушылар көп, алайда шын күйшілер аз. Сондықтан сіздердің араларыңызда кімнің күйші болатынын уақыт көрсетеді. Ал бүгінгі жеңістеріңіз — бұл алғашқы қадамдарыңыз, — деді ол.

Бұдан кейін сахнада Жұмабай ақсақал қатысушыларға ақ тілегін жолдап, жеңімпаздарға батасын берді. Естелік әңгімелер айтып, Қазанғап күйлерінің өміршеңдігіне тоқталып, өзінің күй өнеріне қосқан үлесі жайлы сөз қозғады.

Шара жеңімпаздардың гала-концертімен аяқталды.

ҚАЗАНҒАП ТУРАЛЫ ҮШ ТОМДЫҚ КІТАП ШЫҒАДЫ

Қазанғап дәстүрлі күй мектебін жалғастырушы күйші Әбдулхамит Райымбергеновтің айтуынша, ұлы күйшінің шығармалары ерекше көркемдігімен, ой тереңдігімен, мазмұн байлығымен ерекшеленеді. Ал Қазанғап шығармаларына арналып, халықаралық деңгейде күйшілер байқауын өткізу — үлкен жетістік.

— Әр ел өзінің ірі тұлғаларымен мақтанады. Біздің бағымызға Қазанғаптай ұлы күйші Ақтөбенің топырағында дүниеге келген. Қазір оның қаншама күйлері жарыққа шығып, шетелдерден, республиканың түкпір-түкпірінен қаншама жас орындаушылар келіп, өнер көрсетіп жатыр. Біз өз өнерімізді ұлықтап, мәдениетімізді насихаттауымыз керек. Мұндай шаралардың болашақ ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі мол.

Мен бұған дейін Қазанғап күйлерін Франция, Италия, Испания, Жапония елдері радиосының алтын қорына жаздыртқанмын. 2000 жылдары әйгілі «Mezzo» телеарнасы елімізге келіп, Қазанғап күйлерін орындаушыларды түсіріп, Қазанғаптың бейітіне барып,  деректі фильм түсірген болатын. Қазір осы телеарна айына бір-екі рет ағылшын тілінде Қазанғап туралы фильмді Еуропа елдеріне көрсетіп тұрады. Бұл да біздің үлкен жетістігіміз, — дейді Ә.Райымбергенов.

Қазанғаптанушы әңгімесі арасында Қазанғап туралы үш томдық кітап жазып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ол алдағы уақытта Қазанғаптың күйлерін жаңа нұсқада шығарып, халыққа ұсынбақ.

— Бүгінде ұлы күйші туралы, оның шығармаларын үш томдық кітап етіп дайындап жатырмын. Бұл еңбектің бірінші томында Қазанғаптың өмір жолы баяндалса, екінші томы орыс тілінде жарық көрмек. Ал үшінші томында оның күйлерінің ноталары болады. Сондай-ақ алдағы уақытта осы дүниелер жарыққа шыққан соң, республикалық деңгейде үлкен іс-шара өткізіп, ұлы тұлғаны ұлықтауымыз керек, — дейді ол.

Ал байқауға арнайы келген Хакасия Ұлттық оркестрінің жетекшісі, Н.Катанов атындағы Өнер институтының оқытушысы Людмила Кирбижекова Қазанғаптың күйлерінің мән-мағынасы зор екендігін айтады.

— Бұл байқауға мені Әбдулхамит Райымбергенов арнайы шақырған болатын. Осы шара барысында белгілі күйшілермен, өнер адамдарымен танысып, жұмыс жасадым. Маған өте қатты ұнады. Біз Қазанғаптың шығармалары туралы көп мәлімет алдық. Күйшінің шығармалары адамның жан дүниесін қозғайды, ерекше әсер етеді. Сол себепті Қазанғап шығармаларының мәні зор деп ойлаймын.

Жалпы қазақ халқы мен хакас халқының мәдениетінде, ұлттық өнерінде ұқсастықтар аз емес. Біздің республикамызда аспаптық жанр жақсы дамымаған, есесіне вокалдық жанр өте жақсы дамыған. Біздің фольклорда «Алыптых нымах» батырлар жыры ерекше аталады. Сондай-ақ хакас халқында чатхан, хомыс, темір хомыс сияқты аспаптар бар. Мұның ішінде хомыс қазақтың домбырасына ұқсас болса, темір хомыс дегеніміз — шаңқобыз, — дейді Л.Кирбижекова.

Айта кету керек, біздің домбыра сияқты хакас халқында екі ішекті шертіп ойналатын хомыс деген аспап бар. Оның сопақша келген ағаш шанағы қойдың немесе бұғының терісімен қапталады. Ішегі — жылқының қылы, перне тағылмайды. Хомыстың құрылысындағы бір ерекшелік, дауыс шығарылатын саңылаулар шанақ қапталған теріні тіліп жасалынбайды, шанақтың түбінен тесіп жасалынады. Аңшылықтан олжалы оралу үшін хакастар әрқашан хомысшыны аң аулауға өздерімен бірге ертіп шығатын болған.

Ал олардың «чатхан» деп аталатын аспабы қазақ халқының жетіген аспабына өте ұқсас.

— Байқауда Қазанғаптың «Домалатпай», «Құс қайтару» сияқты күйлерін орындап шықтым. 2-орынға ие болдым. Қуаныштымын. Мұндай байқауға алғаш рет қатысып отырмын. Сондықтан мұндай байқауда сынға түсу — мен үшін үлкен абырой, — дейді байқауға Хакасия Республикасынан келіп қатысқан Юрий Шалгынов.

Динара НҰРАТДИНОВА, Нөкіс қаласы (Қарақалпақстан):

Ерболат ХАЙРОЛЛАЕВ, Алматы қаласы:

«Көкіл», «Торы жорғаның бөгелек қағуы», екінші кезеңде «Шырылдатпа», «Орынбай Ақжелең» күйлерін орындадым. Жуырда Астанада өткен халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысып, шертпе, төкпе күйлерді орындау бойынша 1-орынды жеңіп алдым. Ұйымдастырушыларға, барлық ақтөбеліктерге ризашылығымды білдіремін.

                                         Данагүл ҚАЗИХАН.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті